Көз қарас Мәдениет Руханият Сұхбаттар Тұлғалар
ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»
Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды. «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық сұхбаттарды сұрыптап алып, оқырман жадында қайта жаңғыртуды дәстүрге айналдырып отыр. Сонымен бұл жолы 2006 жылы (21 сәуірде) «Жас қазақ» газетінде жарық көрген белгілі шығыстанушы ғалым, журналист (ол кезде небәрі отыз жастағы) ҒАЛЫМ БОҚАШТЫҢ осыдан тура жиырма жыл алдында жарияланған мақаласын қайыра қағазға қотарып, біраз жерін ықшамдап назарларыңызға ұсынуды жөн санап отырмыз.
Абылай заманы өткесін-ақ реанимациядан шықпаған қазақтың тарихи жадысы әр ғасырдың басында бір, аяғында бір тілге келіп, отарсыздандыру атты препаратты талап етіп сандырақтайды… XX ғасырдың басында бір аласұрып жатып Сұлтанмахмұттың аузымен «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп салды. Көріпкелдікпен сеніп айтты ма екен, жоқ әлде солай болғанын жан-тәнімен қалап қана айтқан қайран сөз бе? Бірақ күмәндануға және келмейді. Өйткені, Мағжанның жүрегіне жазылған формула, яғни, «Күннен туған Ғұн екенім» рас болса, күн сөнгенше өшіп қалмауды ғана ойлап бықсып жатуға хақым жоқ! Менің жануым керек, жарқырауым керек, жарығымды жер-жаһан көруі тиіс! XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басы осы бір ұлттық идея қайта түлеген, тарихи жадыға жан кірген кезеңге айналуы тиіс еді. Амал не, тарихты өткен шақтың қалау райына салып тәпсірлеуден түк шықпайды. Шығыс Еуропа мен Балтық елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия аймағының жеке батырлары отарлықтың қамытынан бас босатып, терісі түлеген жылан құсап тастап шығып жатқанда біз ғана әрі-сәрі күй кештік, «Ассалаумағалейкүм!» деп есіктен өзі кірген Азаттыққа самарқау ғана «Здрасьте…» дедік. Ары қарайғы он бес жылдың ішінде қызығы мен шыжығы аралас қандай күй кешіп жатқанымыз жалпыға аян… Бір күннің ішінде далиған даламызды алға салып, «әлемдегі тоғызыншы мемлекет» болып шыға келдік. Тәңір берген ырзығымыз газ бен мұнайды алға салып «елуінші болмақ» және ойда бар.
Он бес жылдың ішінде сол даланы мекен еткен ел-жұрттың урбандалып кеткен ештеңесі жоқ. Халықтың тең жартысы (түгелге жуығы қазақ) ауылда тұрады. Бірақ ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі сол ауыл халқының саны сияқты қырық тоғыз пайыз болмай-ақ қойсын, ең құрыса он пайызға жетпейді. Биыл жеті-сегіз пайыз күйінше қалды. Оның есесіне он бес жылдың ішінде өзінің тілі келмегесін «Ассалаумағалейкүмге» – «Здрасьтені», ол аз болса әлемдік масштабта «Да благославит тебя Господь» пен «Шаломды» араластырып «еуразиялық акцентпен» (диалект деуге аузым бармайды) сөйлегісі келетін жаңа бір саяси элита қалыптасты. Осы бір жасанды акцентті саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік саланы түгел қамтуға тиіс ұлттық идея ретінде көретін көпірік ауыздар көбейді. Билік басындағы аузы дуалылардың мұндай масқара кейіпке ұшырауы тегін түбінен тартып білмеу, төңірегін жарытып танымау шығар, сірә. Қазіргі дүниежүзінде саяси-қоғамдық, әлеуметік-экономикалық өмірі барынша тұрақты екі жүйе үзеңгі қағыстырып келе жатыр. Біріншісі – жоспарлы экономика мен нарық зандарын, социализм мен дәстүрлі қоғам институтын ұштастырған тоталитарлық аппараттың басқару жүйесі. Екіншісі – тек нарық экономикасының шарттары мен жаһандану процесіне жүгінген, жеке адамның бостандығы мен тандау еркіне ешкімнің қол сұқпауын қадағалайтын азаматтық қоғам институттары салтанат құрған жүйе. Әуелгі жүйе бір ғана Қытайдан тұрады. Екінші жүйедегілер: АҚШ-ты михраб қылған Канада, Австралия, Жана Зеландия, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг сияқты «құбыласы дұрыс елдер мен қарт құрлық Еуропада одақтасып отырған жұрт.
Әлемнің қалған дамушы мемлекеттеріндегі ішкі-сыртқы саясат пен экономика бір ғана Үлкен Кісінің денсаулығына, бір ғана отбасының тәбетіне, бір ғана саяси топтын амбициясына, бір ғана әскери режимнің мүддесіне тәуелді күйі қалт-құлт етіп тұр.
Бұл елдерге мұраты адал бизнес-әріптес, стратегиясы ұзақ инвестор екібастан жоламайды. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы барлық қарым-қатынас мұндай елдерде жасанды, жалған түрде дамиды. Алдындағы шағын ғана шаруасын қорып, мемлекеттен дәнеңе дәметпеуді үйренген қара жаяу халықтан басқасы, яғни, саясаткері мен зиялысы тура мағынасында сөйлеп, тура мағынасында түсінуден қалады. Өзін-өзі алдау жанрының фарсқа айналған небір үлгілерін мұндай елдердегі БАҚ-тан, мемлекеттік органдардың құжаттарынан көптеп кездестіресіз. Сөйте тұра, дамушы елге тән ахуалымыз мүшкіл екен деп бірден Батыс тәріздес ашық-шашық азаматтық қоғам құруға ұмтылсақ, онсыз да құрдымға кеткелі тұрған ұлттық құндылықтарымыз алты кемпірдің аузында аңыз боп қалмақшы, жарты ғасырдың ішінде-ақ жарытымсыз фольклор үлгісіне айналмақ. Іс бұлайша насырға шапса, тамшы қаны тамырында тулаған қазақ жазғы демалыста баласын Мұңғұлияның Баян Өлгийіне этнографиялық экспедицияға жіберіп, салт-дәстүрін сырттан қызықтауға мәжбүр болады.
Ал Қытай сияқты экономикасы – будан, саяси жүйесі – тоталитарлық ел құру үшін мемлекеттің өзі этникалық жағынан біртектес болуы шарт. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі қоғамдық институттары да мызғымайтын емендей күйге жетуі тиіс. Экономикасын теориялық тұрғыда болсын нарыққа бұрып үлгерген біздің елдің Қытайдың жолын ұстануы о бастан қиял-ғажайып еді. Бұл тұрғыдан келгенде «Қазақстан – жаңа Қытай болуға ұмтылған ел» деген тәрізді АҚШ-та Квинт, Ресейде Илларионов айтып жүрген көпшік сөз кекесінге көбірек ұқсайды. Енді осы екі алып жүйе әлемге ең көп тараған Батыс және Хансу менталитетін қалыптастырып отыр. Батыс менталитеті – өзгенің малына келген де барымташыл, өз малына келгенде барынша сақ, бір қарағанға бауырмал, бірақ құшағына бір алғасын қапсыра қатып қалатын қолының қары қатты, жаһанданған бүгіннің ағылшын тілді менталитеті.
Хансу болса – барлауы күшті, барлануы қиын, қанын ішіне тартқан, үнсіз сес көрсете білетін, заманын күтіп жатқан болашақтың қытай тілді менталитеті. Бұдан басқа мінезі жұмсақ бола тұра жырындыға айналған, күштінің жолын кеспеуді, сөйте тұра әлімжеттікке көнбеуді жетік меңгерген ағылшын мен ұлттық тілінде қатар сөйлейтін Оңтүстік-Шығыс Азиялық «мысық мінезді» менталитет және бар. Бұған ағылшын-француз тілді жасқаншақ африкалық менталитет пен испан-португал тілді дүмбілездеу латын америкалық менталитетті, Құлағу Бағдатты шапқан заманнан бері «Бізді не қара басты?» деген сауалға жауап іздеуден шаршап, тығырыққа тірелген Таяу Шығыстың араб тілді жайбасар менталитетін, Таяу Шығыс пен Батыс менталитетінің буданы – жаңа түрік (yeni turk) менталитетін, өзіне ұқсамайтынның бәрін не жау, не сайқымазақ көретін, өзіне түсініксіз тілде сөйлегеннің бәрін топас деп танитын дарақы һәм дөрекі орыстілді кеңестік менталитетті және қосыңыз. Өкініп, бармақ шайнататын жайт – дәл осы кеңестік менталитеттен арылмаған қалпы ел естімеген «еуразиялық мінез» тапқанымыз. Әсілі, үнемі идеал көріп, ұмтылуға тиіс қазақы табиғи мінезімізді хакім Абайдан артық таныған кім бар дейсіз? Апырау, бұларды айналып өтіп, өз жолымызды табатынымыз қайда? Он бес жылдың ішінде сайқымазақ «қайраткерлері» дарақтың басына дарақы ұран жазылған ақ жайма іліп, одан қалса бірін-бірі сотқа беруден аса алмаған «ұлттық идея» жолындағы күресіміз қайда қалады? Амал не, атеизм апиынына уланғандар ауруынан айықпай тұрып «ұлттық идеяны» жаңғырту туралы қайтіп жар салса да, жаңалық аша алмай жатыр.
Өйткені, жетпіс жыл бойы жүрегімізді қарайтып, жұлынымызға сіңген өзіміздің және дүниежүзінің тарихына деген біржақты, кердең көзқарас көзімізді теориялық шел болып басып тұр. Адамзаттың саяси-экономикалық сахнадағы қарым-қатынасын екі таптың күресі, социалистік лагерь мен капиталистік әлемнің бәсекесі деп қана түсінген кеңестік буын өкілдері әлі күнге дейін сол райынан қайтар емес.
Ықылым заманнан бері әрбір империяға идеологиялық ұстын болған, әрбір империялық ұлтқа тарихи миссиясын ұқтырған, рухтандырып отырған Құдірет бар еді. Біздің сорымыз сорпадай қайнаған кезең сол Құдіретті жоқ деуден басталған. Жаһандануға бейім екі ірі өркениеттің – Ислам мен Христиандықтың (ХХ ғасырдың ортасынан бері Иудейлік-Христиандық Одақтың) жетінші ғасырдан бері жалғасып келе жатқан итжығыс күресі де сол Құдіретке деген талас. Бұл бәсеке жағрафиялық аймақпен шектеліп қалған қытай және үнді өркениетінен де ықпалды, ғұмыры келте коммунистік кезеңнен де өміршең, дүниежүзілік салыстырмалылық теориясынан да маңызды. Әр ғасырда атауы да өзгеріп отырады. Бірін-бірі «Ібілістің еліне», я «Зұлымдық белдеуіне» теңеуге құмар. Екеуі де «әлемді зұлымдықтан тазартатын миссиясына» сенеді. Дүниежүзілік тарихтың сценарийі осы екі өркениеттің арасындағы теологиялық, әскери және ғылыми-техникалық тайталасқа тәуелді екеніне шүбә болмаса керек-ті. Жо-жоқ, күмәнданатындар көп болып шықты. Әсіресе, post-кеңестік кеңістіктің ішінде жалғыз өзі рго-кеңестік анклав жасауға ұмтылып отырған біздің елдегі «идеологтар».
XV ғасырдың ортасында ту тіккені нақты дерекке түсіп, дербес ел атанған Қазақ мемлекетінің бес жарым ғасырлық тарихына күле қарап жүргендер дүниежүзі тарихына келгенде «Ғылыми коммунизмнің» сандырағына шаң жуытпайды. «Өркениет арасындағы не қақтығыс ол?! Шешілмейтін мәселе жоқ! Немене ол соншама? Жинаңдар бәрін осында, кең дастарханда басын қосып, бір шәугім шай, бір табақ ет беріп дегендей, стақан қағыстырып татуластырып жібереміз! Шығарып саларда қалтасына сәлем-сауқатын және салсаң кім жібімейді. Өзіміз сияқты адам емес пе? Маркс айтқан «Сананы тұрмыс билейді» деп. Керек десең Еуропа мен Азияның арасын көпір болып жалғап жіберетін Еуразиялық елміз біз! Екі құрлыққа ортақ Еуразилық өркениеттің негізін қалап жатырмыз. Өркениетаралық қақтығыс жоқ ешқандай! Хантингтоның да, Льюисің де сандалмасын. Бәрі сол бай мен кедейдің, монополист пен жұмысшының, жер иеленуші мен шаруаның, қанаушы тап пен қаналушы таптың күресінен кеп шығады. Капиталистік әлем мен Социалистік лагерьдің арасындағы шайқаста туады барлығы!».
Бүгінгі саяси лексикаға салсақ, «бәріміздін есебімізден ішіп-жеп отырған» дамыған елдер (G-7) мен солардың жабығынан сығалап тұрған дамушы елдердің, одан қалса «Жеті Жуанның» жуындысына таласып жатқан Үшінші Әлемнің, осы үштіктің ара-қатынасына байланысты бәрі. Сөз саптауымыз сол күйі. Кеше «кедейлік жойылса, коммунизм орнайды» дейтінбіз, бүгін «кедейлік жойылса – террор тоқтайды» дейміз. Байқасаңыз, «буржуазия» «олигархия» болып, ал «пролетариат «әлеуметтік деңгейі төмен топ» болып шыға келді, «капитализмнің» орнын «Батыс үлгісіндегі демократия» басса, «социализмді» «Біздің үлгідегі демократия» ығыстырып шығарды. «Біздің үлгідегі демократияның» тамыры қайда екенін білімдінің іші сезeр. Бұл саладағы лексикамыздың Ресейдің саяси тіліне ең жақын диалект ретінде дамып келе жатканын кім білмейді?
«Халық – Құдайдың бір аты дейді қазақ. Расында да солай. Арабшадан аударғанда «Жаратушы» деген сипатын ашады. Сол халықтың төбелін бір алда, торысын екі алда, бірақ һәммасын үнемі алдай алмайсың ғой? «Өз демократиясын өзі жасап алған» елдің өзіне тән жоғарыдан жобаланған ұлттық, я мемлекеттік идеясы да «жаңа түрікшілдік» пен «араб социализмі» сияқты жасанды, һәм әсерсіз, «орыс стандарты» сияқты даңғой ұғым болып қала береді. «Коммунизм елесін» көзден таса қылғысы келмейтін «біздің үлгідегі демократия» ешқашан шынайы ұлтшылдық пен ағартушылыққа, әділет пен тазалыққа бастап бара алмайды. Барғысы да келмейді. Міне, осылайша ескі терминдер өзгерген. Өңделген. Бірақ жөнделмеген. «Коммунизмде дүкен ашық тұрады. Сатушы болмайды. Қалаған затынды тегін алып жүре бересің» деген сөзге өз атамның да, нағашы атамның да селт еткенін көргенім жоқ. Селкілдеп күлгенін көрдім. Ал бүгін жиі еститін «Есебі түгел елу ел бар. Есігіне жақын тұрмыз. Ебін тауып ішіне кірсек, ел қатарлы ішіп-жейміз» деген сөз әлгі күлкіні көз алдыма келтіреді. Неге? Ешбір заманда «Қарының тоқ болады. Көйлегің көк болады. Қатының қойныңда болады. Атың астыңда болады» деген «ұлтық идея» қазақтың қанын қыздырған емес. «Жерім тұл болады, дін ұстауым мұң болады, тілім жым болады, қатын-балам күң болады» деген қауіп қана қамшылап тұрды намысымызды. Сондықтан да туған жерімді, дәстүрлі дінімді, ана тілімді, мәдениетімді мансұқ етіп, кіріптар қылып, «дамыған елу мемлекеттің қатарын да» елуінші, жә тіпті қырық тоғызыншы болып разы кейіпте тұрғанша кие ұрсын, әруақ атсын мені!» демей ме Қазақ Шалға мінезі тартып туғандар?
Ұлттық идеяны ішіп-жеуге байлау «бұқараны тиімді түрде басқарудың» біз бойлай алмайтын терең стратегиялық әдісі шығар, бәлкім? Бірақ халқыңды тарих сахнасындағы ешкімге ұсамайтын тағдырына үңілтуден, сендіруден артық кандай ұлттық идея болуы мүмкін?!!
Тарихи тұрғыдан келсек, күні кеше ғана Ұлық Ұлыс ыдырап, Речь Посполита әлсіреп жатқан тұста Новгородты саяси сахнадан тайдырып, Украина мен Смоленскіні өзіне қаратып Ресей атанған көршіміздің боданына айналмас бұрын ежелгі Қазақ Ордасы кім еді? Ең әуелі мұсылман әлемінің бір бөлшегі еді. Сосын барып саны бойынша османлыдан кейін екінші тұрған түркі тектілерді Орталық Азиядағы төресі еді. Донай мен Алтайдың арасын билеген Жошы Ұлысының мұрагері еді. Отырардың кітапханасын Бағдаттың Бәйтуль Хикмасына (әлемдегі алғашқы Ғылым Академиясы) жалғаған, Түркістаннан төрткүл дүниеге руханият сәулесін шашқан Жерұйық-тын.
Қожа Ахмет Йасауидың дәргейінен бата алып шыққан шәкірт біткен Биік Осман Дәулетінде де, Ұлы Монғол Империясында да, Мәмлүктің Мысырында да әміршінің рухын қайраған сарай тәрбиешісі болды. Мазары Анкараның түбінде қалған Мейрам Қажы, сонау Бангладештегі бенгалдың бетін құбылаға бұрып барып Силхетте жай тапқан Шах Джалал – Түркістаннан шыққан көп шәкірттің бізге мәлімі ғана. «Үйде туып, түзде өлген», Әзірет Сұлтанның іргесінде жатуды жөн көрген хандарым қандай еді? Сөзге тоқтаған батырым, сөз таба алған биім қандай еді? Сананы отарсыздандыру «шер толқытып шығарған ой түбіндегі сөз», яғни, аса ауқымды мәдени саясат арқылы тарихи жадыны тірілтуден басталуы керек болатын. Бұл тарихи миссияны орындау үшін мемлекетіміз ең әуелі мәдениет және ақпарат кеңістігін бүтіндеуі тиіс еді. Әсіресе, ұлттық идеяны ыммен ұқтыратын ірі БАҚ-қа, кино жобаларға, мультипликациялық анимациялық фильмдерге зәру болатынбыз. Ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік салалары әрбірден соң осы екі кеңістікті сыртқы ықпалы мен ішкі бүліктен қорғаушы ретінде көрінуі керек-тін.
Амал не, сыртқы саясаттағы көпвекторлық ішкі саясатқа жұққан сәттен бастап мемлекеттік биліктің ұясына Анархия жұмыртқа салатынын парықтамадық.
«Қазақстандық патриотизмнің басты белгісі көпұлттылық идеясы» деп шуладық. Сол «көп ұлттың» патриоттығы қандай дәрежеде деген терең әлеуметтік зерттеу жасалған жоқ. Түрі қазақтан бөлек көрінсе, саны екіден асса болды ұлттық-мәдени орталық ашып беру, «Қазақстан халықтары» атты альбом-кітаптарға қазақ халқының өзі (!) кірмей қалып жатуы еліміздегі мемлекет қалыптастырушы өзек ұлттың рөлі әбден әлсірегенін көрсетеді. Беделді бір басылымның бас редакторы Президент Әкімшілігіндегі базбір қызметкердің: «Біз – көпұлтты мемлекетпіз. Біздің елде 130 ұлт тұрады» деп өзеурегенін көріп: «Жоқ, қателесіп тұрсыз. Біздің елде 131 ұлт тұрады» деп салады. Әлгі шенеунік қайран қалып: «Мен білмейтін ол қандай 131-ші ұлт?» дейді. Сонда жаңағы редактор: «Ә, естімеген екенсіз ғой. Кеше Жамбыл облысында екі қап марихуана арқалаған бір пуштун қырғыз-қазақ шекарасынан өтіп, Ресейге бара жатқанда біздің территорияда ұсталыпты. 131-ші ұлттың өкілі сол болады» деген. Бұл әңгімені ұлтаралық араздық тудыру үшін айтты деу қисынсыз. Меніңше, мемлекет қалыптастырушы негізгі ұлттың беделін аяқ асты қылып, тілі мен мәдениетін өз жерінде өгей ету, өзгенің алдында үнемі қыспаққа алу күндердің бір күнінде жаңағы «қазақстандық ұлттың» басына жай түсіретін «жарым ес жақсылық» («медвежья услуга») болып шығады. Мұндай солақай саясат ұлтаралық араздық тудырушы басты фактордың нағыз өзі.
Ұлттық идеясы айқындалған біртекті қоғам құруға ұмтылған жағдайда Қазақстан өзінің алпыс пайызына тең ең ірі этникалық тобына, ең негізгі саяси сегментіне, яғни, қазақ ұлтына иек артуы тиіс еді. Мәселе тек иек артуға емес, қазақ ұлтын отар- сыздандырып, жаппай ағарту шараларын ұйымдастыруға, берісі бес, арысы он жыл ішінде шеттегі қазақтарды барынша көп көшіріп әкелуге саяды. Әсіре «қазақстаншылдар» ойлап тапқан «сырттан келген қазақтың дені тыңшы» деген лағынет атқыр қаскөй теорияны Парламентте жайбарақат талқылап отыра беретін сұйық қанымызды осы жолмен ғана тазарта аламыз. Сөйте тұра, ұлттық идея жағынан біртекті елге айналудың басты шарты елді жаппай қазақтандыру, демек, қазақ еместерді қысым көрсету арқылы азайту деп түсіну қате. Қазақ еместер қазақы ортаға, қазақ мәдениетіне шынайы елітетіндей саяси-әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық интеграцияның әділ тетіктерін іске қосу ләзім. Әуелі «қазақ этноцентризмі» мен «қазақ лингвоцентризмі» ұғымдары нақты саяси ұғымға айналуы керек. Бұған жетудің бір-ақ жолы бар — «қазақ билігінің» өзі тазаруы керек, «қазақ билігінің» имиджі имантаразы кейіпке кіруі қажет. Заң шығарушы мен заңның орындалуын қадағалаушы билік тармағы «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» принципіне, ал атқарушы билік тармағы «Ханның малы қазынаның малы» принципіне қайтадан мойынұсынбайынша тегіңнің тегін емес екеніне кімді иландырасың. Батыс Еуропаны иммигранттардың астында қалдырған құдырет – осы екі қағиданы қолданып, һәм қадағалап отырғаны емес пе?
Ал дәл қазір іштен де, сырттан да көз қадаған сыншы жұрт «қазақ билігі» деп нені түсінеді: Ұлттық идея жағынан алғанда бүгінгі «қазақтың саяси элитасы» – кеңестік кызылкөз террор үрейін ұшырып, жігерін құм қылған, намысын шұлғау етіп орап, кеудесін ұлтарақ қып таптаған, отарлық сана сүйегіне шейін сіңген, кеше кедейлігін, бүгін байшыкештігін мақтан тұтатын өктем жүйенің өтірік мәдениеті, әсіресе, жай сөйлемге жиырма боқтық қосып сөйлейтін дөрекі тілі жеті ұрпағына жетерлік болып әрбір молекуласына жабысып қалған, өткен тарихы кем дегенде мың сериялы телехикая болса, соның тоғыз жүз тоқсан тоғызы тарихи жадынан жойылып, ең соңғы, «қазақты адам қылған сәбет» атты сценарийі кәлимадан артық ойынан шықпайтын, тілінен түспейтін топ. Саяси-экономикалық стратегиясы жағынан келгенде бүгінгі «қазақтың саяси элитасы» дегеніміз жекеменшік бизнес-секторды мемлекеттік қызметтің шаруашылық бөлімі деп түсінетін, мемлекеттік қызметте отырып кез келген ірі бизнес жобаның үлесіне кіру – мемлекеттік кепіл деп түсіндіретін экс-партноменклатура! Ең қатерлі дерттің симптомы осы номенклатураның тілінде тұр. Тіл – ұлттың негізгі айқындауыш факторы, индентификаторы, мінезі. Билік қай ұлттың тілінде сөйлесе, сол ұлттың мінезін бойына сіңіреді. Мінезі әбден айныған күн қағынан жеріген қалпы «аға ұлттың» құрамдас бөлігіне айналуды аңсайды. Біз тұрмақ Шығыстағы алып көршіміздің халқы саяси лидері ауысқан кезең «Подмосковные вечераны» айтпайтын, Мәскеуде оқымаған, Ресей дегенде сағынышы сазып тұрмайтын саясаткер келді билікке» деп жатты. Оның қаупі мен біздің селқостығымыз салыстыруға келе ме? Ендеше неге бейқамбыз? Діни философияның алыбы Толстойдың өзін «орыс төңкерісінің айнасына» айналдырып жіберген қызыл террордың идеологиясы орыс мәдениетін тәуір талқандады. Оны жасанды «кеңестік мәдениетке» айналдырып, жеккөрінішті қылды. Бір қынжылатын жайт, қазіргі Кремльдің сол қателікті түзеп, «Күміс ғасырдың» ғажап үнін қайта сыңғырлатуға күш салып жатқаны шамалы. Әлбетте, «Жеті Жуанға сегізінші Арық» болып қосылғысы келетін («Мы остаемся членом большой Восьмерки для того, чтобы она не превратилась в сборище жирных котов» деген Путиннң өз сөзі) Ресей өзін ең құрыса «қияли Еуразиялық құрлықтың» бірден-бір ықпалды мемлекеті ретінде сезінгісі келеді. Сол себепті Орталық Азиядағы мәдениет кеңістігінде ықпалын бір мысқал болсын жоғалтқысы жоқ. Мәскеу үшін Украинаны қайдам, бірақ «Қазақстандағы мәдени және ақпараттық экспансиям әлсіреп кетті-ау» деп қайғыруға еш себеп жоқ. Мұндай сұрақ тумауы үшін Ресейдікінен гөрі біздің мемлекеттік қызмет орындары көбірек еңбек сіңіріп жатыр. Мәдени-ақпараттық кеңістіктегі шекарамызды айқындап алмай тұрып жаһандану процесіне құшақ жайған түр таныту, әлдеқашан жаһанданып кеткен ірі БАҚ-тың басын қосып, жоғарыда айтылған жабайы тәсілмен «татуластырып жіберуге тырысу», комплиментті сұрап алу (кейбірде сатып алу) бізге абырой әпермейді, керісінше қатер төндіреді. Бұл жағынан келгенде кез-келген интеграциялық процесс әуелі тар шеңберде пісіп-жетілсе ғана өміршең болады. Президентіміздің аузынан ара-тұра шығып қалатын Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру идеясы біз үшін Еуразиялық Одақтан да, «әлемдік діндердің арбитрі болу» мәртебесінен де маңызды. Орталық Азияда ең әуелі мәдени интеграцияны күшейту жаһандану ғасырында жанымызды сақтап қалуға сеп болар еді. Неге?
Жыл сайын азайып келе жатқан ұлттық тілдердің тағдырына шынайы алаңдайтын қайраткер сөйлеушісінің саны жүз миллионнан әрең асатын отыз шақты түркі тілдерін оңтайланған, ортақ бір емле, бір қағида, бір әліпбиге көшіру жайын көбірек ойлар еді. Ал қазақ тілінің өзі ресми құжат түрінде, мемлекеттік белгі ретінде емлесі бекіп, толық орфографиялық сөздігі шықпай тұрып жан-жақты ғылым, һәм ақпарат тіліне айнала алмайды. Мемлекеттік тілді «дамытуға» бөлініп жатқан жұқалтаң қаржының өзінен аты зор. Әр облыста битін сығып, қанын жалап отырған Тіл Басқармалары Астана алақанын ысқылап іске кiрiспейінше бейқам отыра беруге бейіл. Олардың құзырында ештеңе жоқ. Сол себепті қазақ тілінің «сүйкімді бейнесін», ғылыми терминологиясын қалыптастыру, Қазақстанның мәдени-ақпараттық кеңістігіндегі рөлін күшейту, дәстүрлі қоғам институттарын қолдан келгенше насихаттау стратегиялық маңызы зор міндет ретінде мемлекеттік саясатқа айналмайынша бәрі бос сөз күйінше қалады. Демократиялық жүйеге, азаматтық қоғамға біржола бет бұрған ел ретінде кез-келген стратегиямызға, мәдени-ақпараттық саясатымызға ешкімді күшпен иландыра алмаймыз. Қолдана алатын жалғыз қаруымыз – БАҚ. Оның ішіндегі ең қуаттысы теледидар. Бұл жерде де біз намысты қолдан беріп отырмыз. Телеарналардың түгелі дерлік орыстілді. Және айналдырған екі-үш саяси топтың өзара бөліп алған қолшоқпарлары. Тәуелсіз деген тіркесі бар телеарналар, керісінше, құрылтайшысына ең тәуелді БАҚ ретінде танылып болды. Бұлардың телеөнімдері қай елдің саясатын, қай ұлттың құндылығын насихаттайтынын айтып жатудың өзі артық.
Осы кемшілікті шама-шарқымша толтырамын деген игі ниет 2001 жылы «Қазақстан республикаликалық телерадиокорпорациясына Есетжан Қосыбаев пен Ғалым Доскен бастап келген шығармашылық топтың аяқ алысынан бірден байқалды. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Қазақ Радиосының» техникалық құрал-жабдықтары бір ауыз сөзбен айтқанда «феодализмнен капитализмге бір-ақ секірді. Бірақ «қазақстандық идеяның» жанкүйерлері азаттық кезеңінде тұңғыш рет эфирге шыға бастаған ұлттық тележобалардын авторларын жүнше түткісі келді. Әртүрлі арандату әрекеттеріне барды, лаң салды. Келе-келе бұларға биліктің төңірегіндегі тағы бірнеше интригант топ қосылды. Одан қалса «Абайдың сөздерін уағызға кіргізе алмаймыз. Ол кісінің діни білімі жоқ» деген сияқты «афоризмдерді» қарша боратып, бар білетін атеистік терминологиясын шариғатпен қабыстыра алмай масқара болып отырған «№1 мұсылманымыз», саясат пен дін мәселесіне келгенде әліпті таяқ деп түсінбейтін сауатсыз аноним жазғыштар қосылды. Абай айтатын «дұшпандығы – кейіс емес, күндестік» мұндай пақырлардың Құдай алдынан жарылқасын! Мұхтар Мағауин ағамызша айтар болсақ: «Иманды болсын»! Бұл тақырыпқа қатысты көп айтылды, көп жазылды. Желдің қайдан, қалай, қайтіп соғатынын көзі қарақты жұрттың іші жақсы сезеді. Қандай жала жабылса да, «Құдайдан қайтсын!» дейміз. «Жүйесіз сөз иесін табады». Хош, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Қазақ Радиосы» шағаласына дейін орысша шаңқылдайтын телегей-теңіз қазақстандық ақпарат айдынындағы жалғыз қазақы арал еді. Жақында бұл аралға да «қазақстандық идеяның» туы тігілді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясын шын мәнінде түлеткен, студияда кеш батырып, түсіру алаңында таң атырып, талмай ізденумен болған, шығармашылық таланты төңірегін тәнті еткен Ғалым сынды азамат ағам туралы, жылқышы, һәм ертекші Доскен шалдың бар жақсы қасиетін бойына сіңіріп өскен Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер қазақ туралы айтпай қалуды намыссыздық деп білемін. Ғалым Доскеннің басқару кезеңіндегі «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясындағы барша игі өзгерісті екі жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатымда түгел тарқатып шыққанмын. Доскен сияқты мемлекетшіл азаматқа қатысты қазақ мәдениетінің ту сыртында отырып өкім шығарғыш, ұлттық мәдени кеңістікке қатысы шамалы пендеге осындай маңызды саланың тізгін-шылбырын ұстатудың не сыры бар? Көптің көкейінде жүрген күмәнді сауал осы. Президентімізден әділ төрелік тілеген көп сұрақтың бірі.
2001 жылдың желтоқсаны. Азаттықтың он жылдығы қарсаңында Президенттен сұхбат алуға дайындалып отырмыз. Ғалым Доскен қай кездегі әдетімен ойға келмейтін тың ұсыныстар айтады. Жарық түсірудің қатпары көп тәсілдері мен оператордың жұмысына қатысты режиссерлік шешімдері өз алдына. «Теледидарда Президенттің сөзге құлақ қоюшы, датқа назар салушы бейнесі жоғалып бара жатыр, көпшілік телеарналар мемлекет басшысын сирек жымиятын, тек ұрсып сөйлейтін, зекіп айтатын, өз сөзінен басқа ештеңені естімейтін адам ретінде көрсетуге бейім» дейді. Сондықтан да мен сұхбат алып отырып сұрақты ұзақтау қоятын болдым. Тіпті әділ билеуші туралы кішігірім хикая айтып үлгірдім. Сол бір қырық үш минутқа созылған телекөрсетілімдегі жеті сауалдың әлқиссасы да Доскеннің ойында туған еді.
«Президент мырза, қазақ тарихына көз салып отырсаңыз, Керей мен Жәнібектің заманынан бастап, әрбір ханның өзіне тән кезеңі, ел басқару қолтаңбасы қалыптасыпты. Қасым ханның «Қасқа жолы болсын», Есім ханның «Ескі жолы» болсын, әз-Тәукенің туы биік тұсы болсын, Абылайдың аласапыран уақыты болсын, Кенесарының зар заманы болсын, Қонаевтың қиын өткелі болсын. Өзіңізді бір сәт болашақтың тарихшысы ретінде сезініп, «Назарбаев кезеңін» қалай сипаттар едіңіз?»
Он жылдық мерекенің қарсаңында отырған Президенттің бұл сұраққа жауап бергісі келмеген. Сауалды айналып өткен. Он бес жылдық мерейтойдың алдында сол сұрақты тура мағынасында қайта қоюға мәжбүрміз:
«Алла Жар, Президент мырза! Дәрежеңді артық еткен Тәңірге мадақ! Тағыңа байланған бағымызды төбемізге тұттық! Дат, тақсыр! Сұрайтын сөзім бар. Бізге мынаны ұқтырғын: қырық жыл қырғында рухымның өзегіне талшық болып, бүгінге аман алып шыққан ұлттық намысымды, құны – бес жарым ғасыр бойы төгілген қан мен терге тең аманатты қол-аяғым босаған заман қолдан беріп отырғаным қалай?!!! Ертең Тәңірі алдында, бүгін қазақ алдында қандай жауап айтпақсың?!!! «Бір шылбырды бердік Саған, берген соң қайтып бұзылмақ жоқ». Ендеше, Сен де бұзылма!!! Қазаққа керегі – БІР ТӘҢІРІ, БІР ҚАҒАН, БІР ЖҮРЕК! Ол жүректің тілі – қазақ, құбыласы – Қағба, тегі– Көк Бөрі, жұлдызы – Күн! Осыдан айнымасаң, Алаш сенікі!»
«Жас қазақ» газеті, 2006 жыл


Пікір қалдыру