ТЕҢГЕ ІЛУДЕН І АШЫҚ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ЖӘНЕ АСАУ ҮЙРЕТУДЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРЛЕРІ ӨТЕДІ
Тамыз айының 30 күні Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Қазақстан халқы ассамблеясының жылы аясында ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай Теңге ілуден І Ашық Азия чемпионаты және Асау үйретуден республикалық турнир ұйымдастырады.
Ауқымды шараға Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Әзірбайжан республикаларының спортшылары қатысады.
«Нұр Отан» партиясы тек қана «Теңге ілу» және мына асау үйрету, Алтын тұлпардан басқа да айтысқа да өзінің үлесін қосып, қолдауын көрсетіп келеді. «Бүркітшілер», «Аударыспақтан» жарыстар өтті, «Қазақстан Барысында» өзінің қолдауын көрсетіп келе жатыр. Сондықтан, қолдаулар партиясының тарапынан қашанда өз жалғасын таба бермек», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли.
Теңге ілу – халқымыздың көнеден келе жатқан ұлттық спорт түрі. Теңге ілудің маңызына тоқталар болсақ, ата-бабаларымыз ел қорғайтын сарбаздардың әскери-жауынгерлік даярлығын жетілдіру үшін бейбіт күндері, яғни, ойын-тойларда теңге ілу сайысын өткізген. Бұл спорттың аты айтып тұрғандай, сарбаздарды ынталандыру мақсатында жерге қойылған бағалы алтын-күміс теңгені, шабандоз ат үстінде желіп келіп, іліп алған. Өйткені, бейбіт заманда әскери машығын жоғалтпас үшін сарбаздар арасында осындай сайыс түрлері ұйымдастырылған. Ат үстінен еңкейіп теңге ілуді меңгерген жауынгер соғыс кезінде, жерде жатқан жебелерді немесе қолынан сусып түскен қару-жарағын лезде іліп алып, шайқасты жалғастыратын болған.
Сондай-ақ, жоғарыдағы Теңге ілу сайысымен қатар жүген-құрық тимеген, шу асауды ер-тоқым салмай, жүген-құрықсыз жайдақ мініп, бастықтыру жарысы өтпек.
Асау үйрету – жігітті шынықтырып, жігер беретін, қайсарлыққа тәрбиелейтін спорттың күрделі түрі. Бұл өнердің көнеден келе жатқан маңызына назар аударсақ: асау үйрету – уақыт және жер таңдамайтын, ортақ қағидасы жоқ, кең далада жүргізілген. Асау үйретуші – тақымы берік, ат үсті қимыл-қозғалысын толық меңгерген, әрі тулаған асау жылқының мөңку барысындағы ебедейсіз қозғалысына өзін тез бейімдай алатын қырағы, жүректі болуы керек. Үйретілген асауды халқымыз мініс көлігі, сондай-ақ, әртүрлі тұрмыстық қажеттілікті өтеуге пайдаланатындықтан, бұл істің көшпенділер үшін әлеуметтік-шаруашылық маңызы да зор.
Осы орайда, тұңғыш рет өткізгелі отқан аталмыш сайыс түрі қазіргі таңда спорттық сипат алып, бекітілген ереже бойынша жүргізілуде.
nurotan.kz
Пікір қалдыру