Мұртаза Бұлұтай: «Зайырлы қоғам – мемлекет дамуының кепілі»
– Біздің мемлекетіміз әртүрлі этникалық топтардың тоғысқан ортасы. Және де көп дінді зайырлы мемлекет. Осыдан кейін туындайтын бір сұрақ, зайырлы мемлекет пен дін байланысы қаншалықты болу керек? Жалпы, өркениетке діннің ықпалы қандай болды?
– Бұл айтарлықтай күрделі мәселе. Жалпы, мемлекет пен қоғамның байланыстарын реттеудегі әлеуметтік саланы құрайтын діни мәдениеттің орнын нақтылы және тиімді айқындай білу, қазіргі кездегі жер бетіндегі көптеген елдердің өзекті мәселесіне айналып отыр. 1789 жылғы Француз революциясы, оның алдында 1774 жылы Америка Құрама Штаттарының ел ретінде жариялануы Батыс елдерінің зайырлылыққа бет бұрудағы ұстанымын нақтылап берді. Оның алдында олар бір мың жылдай уақыт шіркеудің билеуінде болған еді. Христиандықта, әсіресе, католицизм тармағында негізгі діни авторитет шіркеу және Ватикандағы Папа. Осы діни институт – біржағы діни, бір жағы саяси басқару рөлін атқарды. Яғни, шіркеу ол кезде халықтың мінажат ететін, құлшылық жасайтын орны ғана емес, ол Еуропа мемлекеттерінің құқықтық жүйесін, мемлекетті басқару жүйесін, саясатын түгел айқындайтын орталық авторитет болған. Оны бекерге айтып отырған жоқпын, себебі, Батыс елдерінің тәжірибесін, осы саяси институттар мен ұғымдардың қалай пайда болғанын нақты сараптап түсінбесек, сіздің жоғарыдағы сұрағыңызға нақты ұсыныстар айта алмаймыз. Еуропа халықтары бір мың жылдан астам уақыт шіркеудің қысымының, билеп-төстеуінің астында болған, Еуропадағы ірілі-ұсақты мемлекеттер, патшалар, феодалдар т.б. түгелдей шіркеудің тағайындауымен, шіркеудің бұйрықтарымен жұмыс істейтін. Және де шіркеу билігі 8 ғасырға жуық миллиондаған жазықсыз адамдарды, оның ішінде көбісі әйелдер, инквизиция соттарының үкімімен айтса сенгісіз азаптау тәсілдерімен өлтірген, оның ізі санадан әлі өшкен жоқ. Шіркеу билігі, әсіресе, әйелдерге шексіз төзімсіздік пен қатыгездік танытты, жүзмыңдаған әйелдерге жәдігөйлік қылды, көріпкелдік, бақсылық жасады деп айып тағып, қырды. Шіркеу ғылым мен білімнің де жауы болды, Бруно, Галилео сияқты көптеген ойшылдарды қудалап, еркін ойлайтын адамның бәрін еретик ретінде ысырып, кәпір не діннен шыққан деп жариялап алып, зиялы адамдардың да көбісінің түбіне жетті. Медицина, химия, математика, астрономия, физика қатарлы көптеген ғылымдардың оқытылуына тыйым салынған. Оның бәрін де шайтанның ісі, адамзатты азғыратын нәрсе деп қаралаған. Шіркеудің тыйым салған кітаптарының ұзын саны он мыңдаған кітапқа жеткен, әлі күнге дейін Ватикан осы тыйымдарын ресми түрде алып тастаған жоқ. Ал, Еуропа осы күнгі дамыған, зайырлы деңгейге қалай жетті? Еуропада 14-15 ғасырларда қайта жаңғыру дәуірі басталды. Шіркеудің азғыруымен бірнеше ғасырға ұласқан Шармық (Крест) жорықтарын білесіздер ғой, «Иерусалимді азат етеміз, Иса пайғамбардың патшалығын орнатамыз, жер бетінде христиандықты үстем дін етеміз», – деп жорықтан-жорық ұйымдастырып, Еуропа елдерінің адамдарын аттандырған. Еуропалықтар осы шармық жорықтары кезінде мұсылман елдеріндегі дамыған мәдениетті, өркениетті көріп, таң қалды. Ол кезде, мисалы Андалусияда (қазіргі Испания), араб патшалығы еді; Құртуба қаласы (қазір Кордоба), Ғырната қаласы (қазір Гранада), сонсоң мәшһүр Әлхамрасарайы – Альгамбра. Мұсылман елдерінің қалаларында керемет жақсы зәулім үй құрылыстары, көшелер, кәріздер, ауруханалар, зертханалар, кітапханалар, фонтандар мен бассейндер болған. Ибн Хальдун сияқты, Ибн Рушд сияқты, Ибн Хазм сияқты ұлы ғалымдар осы елдерде жасады, шығыс ойшылдарының дүниежүзінде теңдесі жоқ қолжазбалары кітапханаларды толтырды. Орталық Азияда да керемет өркендеген орта қалыптасқан еді. Әл-Фараби бабамыз, Ибн Сина, Әл-Бируни сияқты үлкен ғалымдар, ойшылдар тар шеңберде емес, шын мәнінде адамзатқа үлес қосқан гуманист және прогрессивті ойлайтын жаңалықшыл ғалымдар болатын. Мұсылман елдерінде философия керемет дамыған еді, астрономия, медицина, химия, математика ғылымдары бойынша күрделі зерттеу жұмыстары жасалды. Мұсылман елдерінде, әсіресе, IX-XIIІ ғасырлар аралығындағы төрт ғасырда ой еркіндігі сол кездегі әлемнің басқа елдерінен көш ілгері еді. Қазіргі мұсылман қоғамдарындағы кертартпа да радикалды көзқарастар, тар шеңберден шыға алмайтын бағыттар ол кезде еміс-еміс болды десек те олар қоғамға иелік ете алған жоқ. Сенім бостандығы, адам құқықтарына деген құрмет, мультикультурализм мен плюрализм қазіргідей жалаң ұран емес, өмірдегі күнделікті шындық-тұғын. Мисалы, әл-Фарабилердің ұстаздары мұсылман емес, көбісі христиан, еврей немесе басқа діндегі оқымыстылар болатын, сол өңірлердегі бұрыннан келе жатқан көне Египет, көне Мессопатамия ғылымдарын жалғастырушы ғалымдар, Аристотельдердің, Пифагорлардың ежелгі антик дәуірдегі ғалымдар мен ойшылдардың еңбектерін тасымалдап, кейінгі нәсілдерге жалғастырған ғалымдар еді. Ол кезде бұл мұсылман, мынау кәпір, мынау харам деген қазіргі діни-идеологиялық ағымдар жиі пайдаланатын сөздер дәл қазіргі мақсатта пайдаланылмаған. Ол кезде адамдар емін-еркін араласып, өзінің ойын еркін айта алатын, жаза алатын. Мұсылмандардың артта қалуы сонау ХІІІ-ғасырдан басталды десек, ұрдажық ағымдар мен көрсоқыр сенімнің де мұсылман қоғамдарын басып тастауы да сол ғасырдан үстемдік ете бастады деуге келеді. IX-XIIІ ғасырлардағы мұсылман хакімдер, ойшылдар барлық мәселелерді, керек десеңіз теология мен ақида мәселелерінде еркін пікірталасқа салған, трактаттар жазған, кітаптар жазған, бір-бірлеріне жауап хаттар жазып айтысқан. Осы пікір бостандығының, еркіндіктің, зайырлылықтың болуының арқасында мұсылман өркениеті, қоғамы дамыды, өсті. Ал, Еуропалықтар ғасырлар бойы мұсылман елдеріне жорыққа аттанып, осының бәрін көрді. Әрбір жаман нәрсенің ішінде бір жақсы жағы болады, жақсы нәрсенің ішінде жаман жағы да болуы мүмкін. Сол сияқты, осы шармық жорықтарының бір пайдасы – Батыс қоғамы бірінші рет Шығыс қоғамымен терең байланысқа түсті. Оның ар жағындағы анау Үндістан мен Қытайдан келіп, мұсылмандар арқылы жетілдірілген жаңалықтарды тұңғыш рет көріп, олар қатты таңырқаған. Мысалы, Египеттегі қазіргі Каирдың орнында болған Фустат қаласына келіп, түнде қаланың бүкіл көшелеріндегі жарық шамдарды көріп, еуропалықтар қатты тамсанған екен. «Бұл қандай заман, қандай қоғам, қалайша осы мұсылмандар қатты ілгерілеп кеткен?» деп ойлана бастаған еуропалықтар. Оларда түнде қараңғы, моншаның не екенін де білмеген ғой! Тазалық жағынан көп нәрседен хабардар болмаған. Сондай ортадан шыққан халықтар мұсылман елдеріне барып, ауруханаларды, шипаханаларды, керуен сарайларды, демалатын қазіргі қонақүйлер сияқты демалыс кешендерін көрген. Олар үшін бұл қол жетпес жаңалық болған. Қағазды көрген алғаш рет, бұрын қағазды да көрмеген. Одан кейін ауруларды емдеудің Еуропада бұрын-соңды білінбеген тәсілдерін көрген. Ибн Синаның медицинаға енгізген жаңалықтары, мұсылман дәрігерлердің көптеген ауруларды емдегені, тіпті, ішкі ағзаларға, тіске, бастың қаңқа сүйегіне ота жасауы… Осыны көріп Еуропа қатты күйзеліске ұшырады да, бір жағынан олар сілкініс жасап, мұсылман елдерінен білім мен технологияны өз елдеріне тасымалдай бастады: кейбір еуропалықтар мұсылман елдеріне барып оқыды, біразы тұтқында болды, сауда жасады, өмір сүрді дегендей. Солар Еуропаға барып, Шығыста керемет өркениет бар деп жар салған. Нәтижесінде «Шығыстану» ғылымы батыстағы барлық университеттердегі ең негізгі мамандықтың, ең негізгі зерттеу саласының біріне айналды ғой. Мысалы, Еуропа, Америка, мына Ресейдегі академияларға, ең көне ЖОО-дарына барыңызшы, «Шығыстану» факультеті яки «Шығыстану» мамандығы міндетті түрде болады. Олар Аристотельдің еңбектерін, ойшылдардың ежелгі грек тілінде жазылған еңбектерін, арабтардың аудармаларынан, арабшадан қайтадан еуропа тілдеріне аударып, барып түсінген. Ол кездегі шығыс дегеніміз мұсылман қоғамы, мұсылман мәдениеті. Сол шығыстан алған ғылыми жаңалықтарды пайдаланып, дамытып, оқып, әсіресе, Италия сияқты, Сицилия, Испания, Франция қатарлы елдерде ренессанс ағымы басталды. Философтар көтерілді, ойшылдар шыға бастады, математиктер шыға бастады. Леонардо до Винчи сияқты, Магеллан сияқты, Бруно, Галилео, Кеплер сияқты ғалымдар сол кездегі Еуропа халықтарына қатты әсер етті. Бұл барыс, бұл процесс, әрине, шіркеумен қоғам арасындағы қақтығысқа әкеп соқтырды. Себебі, шіркеу догматтарымен негізгі канондық ережелері тыйым салған нәрселер кең тарала бастады. Еуропа елдерінде бой көтерген ғалымдар мен ойшылдар шіркеуді қатты сынға ала бастады, дінге реформа жасау керек деген талаптар жиі көтерілетін болды. Осы қақтығыс XV ғасырдан бастап Америка мен Француз революциясына дейін 3 ғасыр қатты сілкіністер болды, тіпті, қантөгіс пен көп қырғындар да болды. Шіркеу билігін оңайшылықпен бере қойған жоқ халыққа, протестант ағымдарының пайда болуының септігі тигені рас. Олар: «Біз, мына, Рим папасының және католик шіркеуінің авторитетін мойындамаймыз, Библияны кез келген адам оқи алады, Библияны кез келген тілге аударуға болады, әр адам өзінің құлшылығын тікелей өзі жасайды», – деп айтты, Еуропадағы көптеген халықтар осы протестанттық ұстаным әлдеқайда өздеріне тартымды, католицизмнен гөрі бұлар кішкене реформашыл, жаңалықшыл, адамның абыройына құрметпен қарайды деген ойға келіп, Ватиканның құзырынан бөлініп, ыдырай бастады. Сөйтіп, шіркеудің авторитеті мен Папаның қылықтары сұраққа алына бастады. Еуропада бірнеше ғасырда керемет интеллигенция пайда болды. Сол интеллигенция мен ағартушылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі аталмыш Француз революциясы, жалпы адам құқықтары декларациясы, демократиялық басқару жүйесі мен зайырлылық институтының қайтадан қалпына келуі десек болады. Еуропаның ұстанымындағы «Зайырлылық» дегеніміз бір ауыз сөзбен айтқанда католик шіркеуінің, діни таптың мемлекетті басқару ісіне араластырылмауы. Шіркеу мемлекеттен бөлек, мемлекеттің жұмысына шіркеу араласпайды, мемлекет те шіркеудің ішкі жұмысына араласпайды. Сөйтіп, Еуропа халықтары мың жылдан астам уақыт қоғамды қанап келген шіркеуді биліктен аластатып, билікті бұқара халықтың қолына әкеп берген. «Демократия» дегеніміз сол халықтың билеуі. Демократиялық жүйеде мәселені халық шешеді. Ал, азаматтық қоғам дегеніміз – негізгі заң (конституция) айналасында бас қосқан азаматтардан құралған қоғам. Ондай қоғамда азаматтардың қай ұлттың өкілі, қай діннің өкілі болғаны олардың азаматтық құқықтарын айқындауда шешуші рөл атқармайды. Себебі, негізгі заң – «Конституция» алдында барлық азаматтар тең. Азаматтар Конституцияны өз еріктерімен қабылдаған соң ғана ол күшіне енеді. Конституцияда: «Қоғамдағы қатынастар осындай болады, мемлекетті басқару жүйесі осындай болады, заң атқару жүйесі осындай болады, мемлекеттік іс атқару жүйесі осындай болады, сайлау осындай болады және негізгі мемлекеттің мәселелері осындай болады», – деп аталатын тараулар болады. Бірақ, ешбір Конституцияда, зайырлы және демократиялық елдердің Конституциясында мына ұлттың өкілдеріне мынадай артықшылық беріледі, ал, ана ұлттың өкілдеріне мынадай шектеу қойылады дегенді көрмейсіз. «Пәлен діннің адамдарының мәртебесі жоғары, ана діннің адамдарының мәртебесі төмен немесе сот үкімдерін қабылдаған кезде ұлтына, дініне қарап үкім қабылдайды», – деген нәрсе таппайсыз. Адамзат мыңдаған жылдар бойғы тар жол тайғақ кешулерден өтіп қазіргі демократиялық зайырлы жүйеге қол жеткізді. Ал, теократиялық түзімде қай дін немесе секта басым болса, сол үстем болады да қалғандарын қыспаққа салады. Зайырлылық осы жағынан алғанда да қоғамдағы әралуандықтың сақталуына кепілдік бере алады….
– Тамыры тереңде жатқан тарихқа үңілетін болсақ, ешқандай халық діннен мемлекетті бөліп қарамаған. Зайырлы мемлекет пен дін қатынастарының күрделілігі мен маңыздылығын түсіндірсеңіз?
– Біздің артқа кейін кетуге хақымыз жоқ. Артқа шегінген әр адымымыз үшін, озып кеткен халықтарға жетуге жүз қадам алға жүгіруімізге тура келеді. Себебі, адамзат қоғамының даму қарқыны қазір, тіпті, өлшеусіз. Сондықтан, артқа қадам жасауға, бұрынғы қателіктерді қайталауға еш хақымыз жоқ. Еуропа халықтары бір мың жыл бірімен бірі соғысып еді: француздар мен немістер, француздар мен испандықтар, ағылшындар мен испандықтар, италияндықтар мен француздар соғысты, олар, тіпті, өз іштерінде де соғыса берген ғой. Соғыстарының өзі қызық аталады: «Отыз жылдық соғысы», «елу жылдық соғысы», «жүз жылдық соғысы» деп… ХХ ғасырдағы екі бірдей дүниежүзілік соғысты осы Еуропа бастаған жоқ па?! Мың жыл бірімен бірі соғысып келген Еуропа соңында соғысқаннан түк те пайда жоқ екенін түсінді. Жоғарыда айтып өттік қой, қазіргі жетістіктер оңайшылықпен келген жоқ деп. Сол сияқты мың жылдық шіркеу билігінен соң зайырлы демократиялық түзім пайда болса, мың жылдық соғыстардан кейін Еуропа Одағы пайда болды. Қазіргі жаһандану дәуірінде Еуропа 30-40 ел болып бөлек-бөлек болатын болса ұтпайды, мына түрімізбен әлемдегі бәсекелестікке төтеп бере алмаймыз, сондықтан, бас қосайық, күш біріктірейік деп ұйғарысты олар…
АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі 18 триллион $, Қазақстандікі қателеспесем 200 миллиард $. Германияның жалпы ішкі өнімі 3,5 триллион $-дан асады. Франциянікі 2,5 триллион $. Жә, Еуропа елдері біріккенде жалпы ішкі өнімдері 20 триллион $ болады, көрдіңіз бе экономикалық күштің ұлғаюын. Еуропа елдері тұтастанатын болса, олар Америкадан күшті болады, әйтпесе, әрқайсысы кішігірім бір ел болып қала береді. Біріккенде олардың сатып алу және сату күші жоғары болады, өндірісін базарлау күші жоғары болады, сонсоң, әрине, әскери күші жоғары болады. Әлбетте, осыншама көп мемлекетті, тілді, конфессияны біріктіру оңай емес. Франция, Германия сияқты елдердің халқы протестант пен католик болып бөлінеді. Соғыстың жараларын жазу, экономиканы қалпына келтіріп, интеграциялық процестерді тиімді жүзеге асыруға жарты ғасыр уақыт кеткен. Көріп отырсыз ба, Еуропадағы өркениетті орта, зайырлы қоғам өздігінен қалыптасқан жоқ, оның себептерін жоғарыда қысқаша айттық. Ешкімнің дініне, ұлтына бола құқықтары тапталмайды. Мысалы, мұсылман елдерінен бас сауғалап, Еуропаға иммигрант болып немесе «гастарбайтер», яғни, жалдамалы күш ретінде барып қоныстанған адамдардың ішінен шыққан қаншама жоғары лауазымды адамдар бар: Англия парламентіндегі мұсылман депутаттар, «сэр» атағын алған мұсылмандар бар. Германияда, мысалы, «Бундестаг» федералды парламентте депутат болған түріктер бар, тіпті, ең үлкен партиялардың бірінің тең төрағасы да бар. Айта берсек, Францияда, Голландия, Дания т.б. елдерінде министр, қала әкімі лауазымына дейін көтерілген келімсектер бар. Еркін ойлау бостандығы, адам құқықтарының жан-жақты сақталуы, әр адамның өзінің ұлтына, дініне, шыққан тегіне, ортасына қарамастан құқықтарының мүлтіксіз сақталуының арқасында тұрақтылық, сенімділік пайда болған, әрине, ондай ортада экономика да тез дамиды, гүлденеді ғой. Франция, Англия, Германия сияқты мемлекеттерде қазіргі таңда иммигранттар, келімсектер көп, халықтың 10%-дан астамы солар. Конституция арқылы негізгі құқықтарды орнатумен қатар, мүмкіндігінше, жалпыға ортақ адами құндылықтар негізінде әрекетті жалғаған да дұрыс. Әрине, пікір алуандығы бола береді, бір отбасының ішінде де әкесі мен баласының ойы басқаша болуы мүмкін. Міне, зайырлылық пен демократияның абзал қасиеті сол басқаша ойлайтын, өзгеше көзқарастағы немесе сенімдегі немесе саяси бағыттағы адамдарға қауіпсіздік құқығын береді, олардың құқықтарын аяқасты еткізбейді, сыйлатқызады. Ең басты мақсат – ізгілік, не нәрсе де қоғамға жақсылық әкелуі тиіс, адамдардың бір проблемасын шешіп, өмірдегі жүгін жеңілдетіп, уайым-қайғысын азайтуы ләзім. Дін де солай! Егер, діни сенім, дін институты, дін әлемі, дін өмірі, діни ұстанымдар қоғамымызға жақсылық әкеліп, қоғамға тұрақтылық әкеліп, қоғамға бейбітшілік пен тыныштық әкеліп, сол діни сенім мен ұстанымдарды насихаттау арқылы қоғамдағы проблемалар азайып, азаматтар қабағын шытпай, бақытты болып, қуанышты болып, шат-шадыман өмір сүретін болса онда ол дұрыс дін деген сөз. Яғни қандай бір діннің, сенімнің дұрыс па дұрыс емес пе, қоғамға пайдасы бар ма, жоқ па, қоғамға зияны бар ма дегенді анықтау үшін ешбір теологиялық кітаптың бетін ашудың, ешбір дау-дамайға ұрынудың қажеті де жоқ. Сол дін немесе сенім жүйесі егер татулық тудырса, халық арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, адамдар бірін-бірі сыйлап, бірін-біріне кешіріммен қарап, жақсы жұмыс істеп, еңбекке баулыса, жемқорлық, ұрлық-қарлық, қылмыс дегендер болмай, жұрт сенімділікте жүрсе, дүние-мүлкіне ешбір қиянат болмай, бала-шағам соғысқа аттанып кете ме екен алаңдамай, қызымды ертең көшеде біреу ұрлап алып кете ме екен деп уайымдамай жүрсе ол дін қоғамға пайдалы деген сөз. Әр жүйе сияқты зайырлы-демократиялық жүйенің де әлсіз тұстары бар. Өйткені, осы кеңшілікті және демократиялық институттар мен мүмкіндіктерді пайдаланып, билікті тартып алуға ұмтылатын күштердің пайда болуы да мүмкін…
– Өзіңіз де білесіз, Париж коммунасының 1871 жылғы декретінің бірінші тармағында дінді, шіркеуді мемлекеттен бөліп тастаған. Осы ретте, Сіздің ойыңызша, діннің мемлекеттің саясатына араласуы дұрыс па?
– Дінді қоғамнан алып тастай алмаймыз. Діннің қоғам мүшелері арасындағы байланыстырушы рөлін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, осы күш, құдды атом қуаты сияқты дұрыс бағытта пайдаланылса пайдалы, теріс мақсатта пайдаланылса зиянды болары хақ. Мысалы, елімізде салауатты өмір сүру салтын дәріптеп жатырмыз, неге? Салауатты өмір арқылы дұрыс тамақ ішіп, жақсы қоректеніп және спортпен айналысып, пайдалы нәрселерді жасау арқылы денсаулығымызды жақсартамыз. Демократиялық-зайырлы қоғамның ең бір артық тұсы да, оның мықты да әлсіз тұсы оның мол бостандығы мен еркіндігінде. Зайырлы қоғамда қандайбір діннің немесе діни институттың мемлекет билігін қолына алуына рұқсат етілмейді. Ал, зайырлы мемлекет – қоғамның жауы емес, ол діннің жауы емес, дінді құрту керек деген мақсаты жоқ оның. Совет Одағы кезінде әсірешіл ұрда-жық атеизм болды ғой, дін атаулының барлығын құрдымға жібергісі келген, зайырлылық ондай емес. Зайырлылық айтады: «мен дінді жоққа шығармаймын, дін бар, дінге құрметпен қараймын, бірақ шексіз құқық деген тағы жоқ, менің құқығым, сенің құқығың бұзыла басталған жерден тоқтайды немесе менің еркіндігім сенің еркіндігіңе нұқсан келтіргенге дейін, қашан мен сенің еркіндігіңе нұқсан келтіре бастаймын онда менің еркіндігім жойылады». Егер, осы ұстаным болмаса онда мықтылар мен күштілер әлсіздер мен әлжуаздарды басып тастайды. Ертең біреулер «біз нағыз патриотпыз, біз нағыз ұлтшылмыз, біз нағыз діншілміз» деп шығады да, билікті қолына алғаннан кейін, ал, тыйымдар мен жазаларды жаудыра бастайды. «Қыз балаларды оқытуға болмайды, оларды ысырап, ол күнә, қыз деген үйде отыру керек, ыдыс жуып, тоқымасын тоқып, күйеуінің қызметін жасауы керек,оның өмірге келген мақсаты сол!», – деген сөздер мына діншіл (!) партия билікке келгелі Түркияда жиі естілетін болды ғой. Ердоған мырза дәл осындай бет-бейнесін осыдан 15-20 жыл ашық көрсеткен жоқ еді, ол қала әкімі, сонсоң премьер, соңында президент тағына дейін шығып, биліктің барлық тармақтарын өзіне қаратып алған соң басқаша сөйлейтін болды. Ердоған 48-49%-ға дейін дауыс алды, сол-ақ екен ол демократия мен зайырлылықты аса керектенбейтінін көрсете бастады, тілінің астында жатқан дүниелерді шығара бастады. Сөйтіп, Түркияны Ататүрік орнатқан ұлттық һәм зайырлы демократиялық мемлекеттің іргесінен алшақтатып, бірталай заңдарды, қолында көпшілік мандат болған соң, тіпті, Конституцияны өзгертті, мемлекетті басқару жүйесін де соңғы 13 жылда айтарлықтай өзгеріске ұшыратты. Осының бәрін ол демократиялық және зайырлы түзімнің мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасады. Зайырлылық, көріп отырғандарыңыздай, демократиялық мемлекеттің ең маңызды сипаттарының бірі әрі кепілі. Сондықтан, демократиялық мемлекет авторитарлық немесе теократиялық елге айналмасын десек, азаматтардың санасына осы зайырлылық қағидасын сіңіре беруіміз керек, меритократияны дәріптеп, биліктің тармақтарының бөлінуі қағидасын бұлтартпай орындау шарт. Билік тармақтары бір-бірінің ісіне қол сұқпайтыны сияқты адамдардың жеке өмірлеріне де қол сұғуға болмайды. Азаматтардың жеке өмірі – олардың жеке алаңы, сол жеке алаңға, адамның өзінің өмір сүру әлеміне қол сұғуға болмайды. Өкініштісі, диктаторлық пен авторитарлық жүйелер демократиялық зайырлы қоғамның кемшін тұстарын, әлсіз тұстарын шебер пайдаланып, билікке келіп отыр. Оның бір көрінісін, нақтылап айтқанда «діннің атын жамылып» билікке қол жеткізудің танымал әдістерін айта кетелік:
Діни-саяси идеологиядағылар 3 «АТ»-ты қатар жүргізеді. Бірінші «АТ» – жамағАТ. Жамағат дегеніміз, діни-саяси идеологияның адам ресурстарын, адам күшін жинау, ол үшін қандай бір діни бағытты бетперде етіп, онмыңдаған, жүзмыңдаған адамдарды соған иландырып, басын байлап алады. Екінші «АТ», ол – қаражАТ. Адамдарды белгілі бір діни-саяси идеалдарға жұмылдырып, өзіне қаратып алған соң жамағат мүшелері мен жанкүйерлері арқылы қаражат жинайды. Жамағат неше түрлі қаржы көздеріне, құрылымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына иелік етуі мүмкін, өндірістік мекемелерге, сауда желілеріне т.б. иелік етуі мүмкін. Ең соңғы «АТ» – саясАТ. Адам күшін жинап алған, қаржы күшін орнатып алған соң жамағат енді саясатқа ұмтылады, мақсаты билікке ықпал ету және бірте-бірте билікті бақылауға алу. Міне, осы үш «АТ» – жамағат,қаражат, саясат, діни-саяси идеологиялық ағымдарды мәреге жеткізетін ұш тұлпар десек те болғандай. Қай ағымды, қай жамағатты алсаңыз да, бәрінің ұйымдасу және таралу әдісі осыған ұқсас келеді. Жә, олар неліктен дінді пайдаланды деген сұраққа келсек: діннің магнит сияқты күші бар, ол адамдарды өзіне тартады және бағындырудың теңдесі жоқ күшін бере алады. Зайырлы демократиялық қоғамда дінге толық еркіндік берілген, бірақ, осы діни сенім бостандығының кең аясын бұрмалап, өздерінің әккі мақсаттарына жету үшін қанайтын діннің атын жамылған күштер бар. Мысалға, бір ағымның қарамағында 100 мың қолдаушысы бар дейікші: оның ішінде дәрігері бар, заңгері бар, инженері бар, мұғалімі бар, базардағы саудагері бар, тізгіншісі бар, неше түрлісі бар. Ол бір саяси күш, электорат. Ал, кейбір ағымдардың ықпалында миллиондаған адамдар бар, осыдан ойлаңыз, олардың мемлекетке және қоғамға ықпал ету күштерінің қаншалықты екенін. Олардың әр жерде «адамдары» бар, оған қоса олардың қомақты қаржысы бар. Мысалы, АҚШ-тағы үлкен шіркеулер мен халықаралық миссионер ұйымдары миллиардтаған долларға иелік етеді. Ал, демократия болған соң кезекті сайлау келеді. Адам саны молайып, өз күшіне өзі әбден сеніп алған діни ағымдар бір партияның құрамына кіруі немесе өздерінің жеке партияларын да ашуы әбден мүмкін. Сайлау кезінде саяси партиялар мен діни ағымдардың басшылары арасында кәдімгі саяси саудаласу басталады. Саяси партияларға не керек сайлауда жеңіске жету үшін, әрине дауыс керек! Партиялар елдегі ірілі-ұсақты жамағаттарды мониторингке алып қойған, бірімен бірі шым-шытырық араласып кеткен ғой, мыналардың адамдары аналардың ішінде, ал, аналардың адамдары мыналардың ішінде жүр… Партия басшысы немесе уәкілі жамағат басшысына (тақсыр, шейх, пір, ұстаз т.б. неше түрлі аталуы мүмкін): «Сіздің қолыңызда үлкен жамағатыңыз бар, 500 мың адамыңыз бар, сіздің бір ауыз сөзіңіз олар үшін заң. Осы сайлауда біздің партияға қолдау беріңіз!», – дегенде, жамағат басшысы да: «Жарайды, сенің партияңа болысайын, ал, сен маған не бересің? Біздің жамағатқа он депутаттың орнын бересің. Ертең үкіметке кіретін болсаң, партияларың жеңіп, үкімет қолдарыңа өтетін болса, 3 министрлікте біздің адамдар отыруы керек, біздің жамағатымыздың мынадай мынадай талаптарына көмек бересіңдер», деп, білім саласындағы, басқа да салалардағы өздеріне ыңғайлы нәрселерді сұрап, екі жақ келісіп алады. Саясат күшіне ие болған жамағат мемлекетті басқару саласындағы құрылымдарға өз адамдарын енгізеді, оған биліктегі партия болысады. Бұл жерде бір ірі партия бірнеше жамағатпен осындай етене жақын болуы да әбден мүмкін. Түркияның, Мысырдың, Пәкістанның, АҚШ-тың саяси партияларының, сайлауларының тарихтарын зерделеп көрсеңіздер, саясат пен діннің қаншалықты қоян-қолтық араласып кеткенін анық көре аласыздар. Сонымен қатар, қазіргі жиһандану дәуірінде ірі діни-идеологиялық ағымдардың бір елдің көлемінен асып тасып, көптеген елдерге таралып кеткенін де байқай аламыз. Осындай халықаралық жамағаттар бірнеше елдің саясатына ықпал ете алады, олардың өздері ірі әлемдік күштердің ықпалында болуы да мүмкін, міне, мәселенің ар жағы қайда жатыр! Ал, осы жымысқы да зиянды әріптестіктің алдын алу өте күрделі мәселе. Діни-саяси ағымдар халықаралық күштердің де қолдауымен демократиялық ортаны пайдаланып, бір елдің билігіне қол жеткізуі мүмкін. Осының ең нақты мысалдарын Түркия, Мысыр, Сауди Аравия сияқты көптеген елдерден көруге болады. Жер бетіндегі алып мемлекеттер қол қусырып отырмасы анық, олар өздерінің империалистік идеалдарына, әлемдің гегемонияларына нұқсан келуін қаламайды, олар да өздерінің айтқанына көніп, айдағанымен жүретін саяси тұлғаларды қалыптастырады немесе сондай бейімділігі бар, саяси тұлғалардың билікке келуіне қолдарынан келгенше ықпал етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары, экономикалық тетіктер, саяси тетіктер, ҮЕҰ т.б. арқылы ықпал жүргізіледі. Оларды көбінесе қаржы иелері, олигархтар қолдайды. Ішкі актерлар сыртқы қолдаусыз саяси арманына жете алмасын білетіні сияқты, сыртқы күштер де ішкі актерсіз өзінің жоспарын іске асыра алмасын біледі. Бүгінде АҚШ сияқты мемлекеттер халықаралық құқықтың ең негізгі қағидаларын белінен басып, өзінің қоқан-лоққысын ашық жүргізіп жатыр ғой. Мысалға, АҚШ өзіне ұнамайтын немесе айбат шеккен мемлекет басшыларын тағынан тайдырамын деп ашықтан ашық айтып, әсіресе, Таяу Шығыстағы елдердегі биліктерді бірінен соң бірін ауыстырып, елі мен халқын талан-таражға салып келеді, соңғы 30 жылға қарасақ жеткілікті. Қаншама миллион адам босқын болды, қаншама миллион адам жазықсыз қырылды. Мына Сирияға қараңыздар, президент Асадты құлатамын деп ішкі алауыздықты қайрап, қарсылас күштерді қолдап, қырылыс отын тамызып жіберді. Ливияда Каддафи қырықшақты жыл билікте тұрған. Ол Америкамен тәжікелесіп, аяғында елі қантөгіс алаңына айналып, ішкі жанжал басталып, өзі де атылып кетті ғой. Тунисия, Египет, Йемен… Украинадағы жағдай да ұқсас, оның да халықтың дауысымен сайланған президенті бар еді. Ол президент Американың, Батыстың мүддесіне қайшы болғаннан кейін, оны құлатып, ол Ресейге қашып, аяғында Украинаның өзі жіктеліп, қантөгіс тоқтамай жатыр. Осының бәрі де трагедия емес пе?! Ал, әңгімеміздің ауанын қайыра дін мен мемлекет қатынастарына бұратын болсақ, жоғарыда аталған француз революциясы мен Американың мемлекет болып жариялануындағы доктриналарда қарапайым тілмен айтқанда діннің (шіркеудің) неліктен мемлекеттен ажыратылып, бөлек қойылғанын дұрысырақ түсінеміз. Осы доктрина бойынша дін (шіркеу) өзінің шеңберінен шықпауы ләзім, саясатқа араласып, мемлекет билігіне қол сұқпауы тиіс. Ал, қазіргі ше?! Арада 230 жылдай уақыт өткенде… Қазір саясат діннің ықпалында да, дін де саясаттың ықпалында болып кетті, бұл екеуі ет пен тырнақтай, тонның ішкі бауындай. Америкадағы президент сайлауында дін саяси мақсатта пайдаланылатын ресурстың бірі, мүмкін ең бастысы. Олар қолдарына Библия алып шығады, діни риториканы шебер пайдаланады. Америкадағы радикалды христиан ағымдары көбінесе Республикалық партияға қолдау береді, бұл жасырын емес. Қаражат та жинайды, дауыс та жинайды. Түркия, Пәкістан сияқты мұсылман елдерінде діннің атын жамылу арқылы, халықтың таза діндарлық сезімдерін қанау арқылы билікке келген партиялар бар. Қарапайым жұрт «Мынау «Алла» деп тұрған адам ғой, Құдайдың жолында жүрген адам ғой, бала-шағамызбен соған дауыс берейік», – дейді. Осының бәрі зайырлылықтың қалайша аяқасты етіліп жатқанын және осы саяси жымысқылықтың қоғам мен мемлекетке әкеп жатқан зияндарын көрсетсе керек…
– Еліміздің діни ахуалына тоқталып өтсеңіз?
– Қазақстандағы демографиялық және діни-саяси ахуалға келер болсақ. 1991 жылы тәуелсіздігімізді жариялаған кезде, Қазақстанда қазақтар ғана болған жоқ, мұсылмандар ғана болған жоқ. 1993 жылғы алғашқы Конституция қабылданғанда және 1995 жылы қабылданған қазіргі Конституцияны қарасаңыз демографиялық көрсеткіштер мүлдем басқаша еді. 1991 жылы Қазақстанда қазақтар қателеспесем шамамен 43% болды. Ал, қазір қазақтар 69%-ға көбейді. Жер бетінде бір ғана ұлттан, бір ғана діннен құралған мемлекет кемде-кем, тіпті жоқтың қасы. Израильді алатын болсаңыз, Израиль еврей мемлекеті деген аты болғанымен, халқының 30%-ға жуығы арабтар, мұсылмандар және еврейлермен некеленген басқа ұлт өкілдері, оның ішінде өзіміздің қазақтар да бар. Дүниежүзінің қай елінде еврейлер тұрса солардың ұрпақтары көшіп келген, сонсоң олар өздерімен бірге әлеуметтік мәселелерді, діни мәселелерді алып келген. Сыртынан қарасаң ол біртұтас, әншейін тек еврей елі сияқты көрінеді, бірақ, терең үңілсеңіз онда да контраст бар екенін көресіз. Сауди Аравия патшалығын алатын болсақ, ол 100% мұсылман елі дегенмен, ол да ішінде бөлінеді. Сунниттер жағы басым болғанымен кейбір аймақтарда шииттер шоғырланған. Олардың да ішкі мәселелері жетіп жатыр, келімсек жұмысшылар көп. Суннит жағындағылар да дәстүрлі ханбалит мәзһәбындағылар мен радикалды салафит бағытын ұстанатындар болып бөлінуде. Түркияны да көптеген этностардан құралған, оның бәрі түріктекті емес. Сондықтан, Қазақстан Түркияның немесе Еуропаның жолын немесе басқа бір елдің жолын айна қатесіз қайталаймыз десек, қателесеміз. Себебі, Еуропаның мәселелері өзіне тән, ол бізде жоқ. Туркияның өзінің ортасы, өзінің айналасы, өзінің гео-саяси және гео-экономикалық конъюктурасы бізден бөлек. Дін мәселесіне келгенде Қазақстан өзінің өзіндік жолын ұстануы керек еді. Біз 1991 жылы желтоқсан айында тәуелсіздікті жарияладық та 1992 жылдың ақпан айында, яғни бар жоғы екі айдың ішінде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңды қабылдап жібердік, тәуелсіз елдің ең алғашқы заңының бірі ретінде! Алуан түрлі діни ағымдардың Қазақстанға келуіне, үгіт-насихат жасауына осы бір кемтар заңымыз қолайлы орта туғызды. 1990-жылдардың басында, әсіресе 1991-1994 жылдары Қазақстаннан шетелге барып келгенімде ұшақтардың іші толған миссионерлер мен еріктілер екенін көріп, таң қалушы едім. Ұшақтардың іші толған Америкалық, Еуропалық миссионерлер, «Бейбітшілік корпусы», «Мейірімділік корпусы», ықпал агенттері. Қай жерге барсаң осылар, құдды иесі жоқ бір елге келіп, иелік етіп, ақыл айтып отырғандай. Алматының көшелерінде қаптаған миссионерлер еді, театр залдары, университеттердің залдары, стадиондар оларға берілетін, тіпті, бірнеше ТВ-арнасынан кәдімгі миссионерлік хабарлар таратылатын, шетелдегі миссионер телеарналарынан ретрансляция жасалатын. Осыны көрген мұсылман елдері де қалыса ма?! Түркиядан, Арабиядан, Египеттен, Ираннан, Пәкістаннан ағымдар келді. Оларға «сен кімсің?» деген жоқ, бәрі шетінен халықты үгіттеп, шетінен алып кетті. Бір жағынан заңымыз осал болса, екінші жақтан олармен тайталасқа түсетін өзіміздің ғалымдарымыз, сауатты дінтанушыларымыз болған жоқ. Бүгін соның зардабын көріп тұрмыз ғой. Есесіне, елде экономикалық дағдарыс, Кеңес одағы құлап, экономика быт-шыт. Жас мемлекет халықты қалай тойғызамыз, су-газ-электр қуаты, жанар-жағармай, нан, ет, сүт т.б. негізгі тұтыну тауарларын қалай қамсыз етеміз деп жүрген еді. Ол кезде Кеңес одағынан қалған заңдар бірнеше жыл қолданыста болды ғой. Әлқисса, біздің жас мемлекетіміз тәуелсіздіктің алғашқы10 жылын реформа үстіне реформа, жаңа заңдарды қабылдау, егеменді мемлекеттің негізін қалау, шекараларын бекіту, ақшасын шығару, әскерін жасақтау сияқты ауқымды шараларды қолдануға жұмсады. Сол кездегі басымдық, шекараларды, халықты, ауру-сырқаудан, ішкі бүліктерден, апаттардан сақтап қалу болды. Осы «шұрайлы» ортаны миссионерлер мен келімсек діни ағымдар өте тиімді пайдаланды. Ауру да солай ғой! Мысалы, вирустар мен микробтар иммунитеттің әлсіздігін пайдаланып денеге кіреді емес пе?! Адам денесіндегі қорғаныс жүйесінің бір жерінен саңылау тапса болды, сол жерден кіреді. Содан кейін денені құртады! Мына зиянды діни ағымдар да тура сондай вирустарға ұқсайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекетіміздің иммунитеті әлі күшті болған жоқ еді, вирустарға қарсы екпеміз де болмай қалды. Ауруды жеңу үшін алдымен вирусты, микробты жою керек. Вирусты жоймасаң, ауру жойылмайды. Дененің иммунитет күшін жоғарлату керек те, қай вирус екенін анықтап, жақсылап талдай отырып, вирусқа қарсы антивирус пайдалану керек. Бір кездері көшеде, базарда басып жүре алмаушы едік қой, пәтерлердің есігін қағып, кітап таратып, алмасаң да сені сұраққа алатын: «Мазаламаңдар, менің өз дінім бар, Құдайым бар», – десең де кетпейтін. Сол кезде вирусқа қарсы антивирустарымыз болмай қалды. Қайта сырттан келген ағымдарға жасыл бағдаршам жағылып, есіктер ашылып, ең бір гуманист, ең бір толерантты, ең бір либералды елге айналдық. Миссионерлердің дүниежүзінде штаб-пәтерлері бар, қолдарында миллиард қаржы бар, адам күші бар. Мен ертең не істеймін, қалай күн көремін, қайда тұрамын деп ойламайды, олар. Оларды техникамен қамтамасыз етеді, ақшамен қамтамасыз етеді, тұратын жаймен қамтамасыз етеді, барған елінде қолдаумен қамтамасыз етеді. Дін таратушылар, жақсы киінген, астында көлігі бар. Қайда жұмыс істейді? Наубайханада жұмыс істей ме? Жоқ! Инженер ме? Жоқ! Қалай күн көреді? Ешкім оны сұрастырмайды. Таңертеңнен кешке дейін істейтіні тек қана сөйлеу, жиналыстан жиналыс, радиоға барады, телевиденияға барады, халықты жинайды, соларға ақыл айтады, көсемсиді, публикациялары дайын тұрады. Арнайы үгіт-насихат қағаздары таратылады, видеоматериалдар, интернет сайттары арқылы адамдардың миларын айналдырады, санасын улайды, өзінің дініне кіргізеді. Кіргізгеннен кейін жақсылап пайдаланады. Ол адам бір жерде жұмыс істейді. Сөйтіп тапқан табысының 5%, 10%, 15%, 20%-ын жоқ демей, сол ағымға әкеліп беріп отырады. Сосын, ол адам тағы да өзі сияқты адам тауып, сол ағымға қосады. Оның барлығын діни ағымдар сауап жинайсың деп түсіндіреді,біреулер «жиҺад» деп түсіндіреді, Құдай жолында жасаған еңбегің деп түсіндіреді. Адамдарды не арқылы жинауға болады? Адамдарды қазір спорт арқылы жинауға болады. Мысалы, бір спорт саласына, футбол десеңіз 100 мың адамды жинай аласыз стадионға. Музыка, концертке шақырасыз мысалы, 50 мың, 100 мың адам жиналады дейік. Спорт пен музыканың жанкүйерлерін алғанда бірнеше миллионға жеткізуге болатын шығар. Бірақ бәрінен де күшті, бәрінен де ықпалдысы осы дін. Дінмен миллион, 100 миллион, миллиардтаған адамды бақылауға ала аласыз. Ал, Қазақстанның сырттан келген мұсылман және мұсылман емес діни ағымдарға, миссионерлерге қарсы қоятын өзіндік бренді болған жоқ, балама ұсынысы болған жоқ. Яғни, Қазақстан халқының, Қазақстан мемлекетінің, Қазақстан азаматының, дінге деген көзқарасы қалай болу керек, мемлекетке көзқарасы қандай болуы керек дегенде мардымды нәрсе айтылмады. Қазақстанның унитарлық тұтастығы принцибіне сай жаңаша бір дүниені, ұлттық идеологияны ұсынуға болмас па еді? Бұл жерде бір уникалды тұжырым, доктрина, бір саяси тұғырнама жасалуы керек еді. Оның негізгі мақсаттары: біріншіден– Қазақстанның мемлекет ретінде тұтастығын сақтау; екіншіден– Қазақстан қоғамындағы ішкі татулықты, азаматтар арасындағы татулықты қамтамасыз ету, нығайту; үшіншіден, Қазақстан азаматтарының қандай бір радикалды, экстремистік, саяси-діни идеологиялардың жетегінде кетуіне тосқауыл қою. Қазақстанның зайырлы мемлекет ретінде қалыптасуын және зайырлылық принципін мұқият қорғанысқа алатын, саяси-құқықтық механизмдерді тиімді жүзеге асыру мақсаттары болуы шарт. Ал, біз болсақ керісінше, қай дін келем десе келіңдер, есігіміз ашық деп ұрандаттық.Сөйтіп, олар жаппай Қазақстанға келді, оқу орындарын ашты, әдебиеттерін алып келді. Есесіне, біздің азаматтар, жастарымыз, ұлдарымыз, қыздарымыз Түркияға, Египетке, Араб елдеріне барып оқыды. Пәкістан мен Малайзияға барды. Барып та жатыр, қазір. Америкада оқып жатыр пәленбай мыңдаған жастар. Еуропада оқып жатыр. Осылар сол елге барғанда кімдермен араласып жатыр, кімдердің ықпалында жүр? Олар сол елден елімізге қайтқанда жоғарыда аталған қағидаларға берік азаматтар болып келе ме, жоқ, әйтеуір, әрқайсысы бір-бір ағымның, бір-бір діннің, бір-бір идеологияның кәдімгі белсенді уағызшысы болып келе ме? Айтып отырмын ғой, біздің иммунитетіміз болмауы салдарынан біз сыртқы элементтерді, зиянды элементтерді былайша айтқанда, сауда тілімен айтатын болсақ, арзан да сапасыз тауарларды өзіміздің ішкі базарымызға еркін кіргізіп алдық. Енді, қазір ажырата алмай отырмыз қайсысы дұрыс, қайсысы теріс. Жастарымыз саналары таза, оларды «шикізатқа» ұқсататын болсақ, шикізаттарымызды қалай болса солай жібердік, ал, оларды шетелдегі миссионерлер өз қалаулары бойынша «өңдеп» өзімізге қайта жіберді. Зайырлылық прициптерінен ауытқуымыз салдарынан және зайырлылық пен демократия дегенді шексіздік, бақылаусыздық және шексіз бостандық ретінде қабылдауымыз салдарынан, мемлекетіміздің унитарлық сипатын қорғауда қажетті шараларды дер кезінде қолданбауымыз салдарынан қазір өте күрделі жағдайға душар болып отырмыз.Дін жағын алатын болсақ, қай дінге сенеміз деген сұрақ жиі естілетін болып кетті. Бір мұсылмандықтың өзі қазір пәленбай ағымға бөлініп кеткен, екі діндар, екі молда бас қосса дау басталады. Ағымдар бір-біріне өлердей өш. Әр діни ағым өзін таза жолдамын, тура жолдамын, хақ жолындамын, қалғандарының бәрі теріс жолда деп айтады. Бірімен-бірінің аман сәлемі жоқ. Ол жетпегендей радикалды-экстремист ағымдардың соңынан кеткен жүздеген жастар, әйел, бала-шағасымен басқа елдерде соғысып жатыр. Осыдан 15-20 жыл бұрын дабыл қаққанбыз, бірақ, өкініштісі осы мәселеге лайықты дәрежеде мән берілмеді. Қазірдің өзінде нақты шаралар қолданылып жатыр деп айтуға ерте сияқты. Қолданылып жатқан шаралар болса жеткіліксіз…
– Аға, енді қорытынды сұрақ. Әлемде орын алып жатқан діни ахуалдардың мемлекетіміздің әлеуметтік-психологиялық өміріне ықпалы қандай? Дін туралы, дәлірек айтсақ, Ислам діні туралы түсінігіміз жеткілікті деңгейде деп айта аламыз ба? Діни шиеленістерден шығудың жолы қандай?
– Бізге ең алдымен зайырлылықты дұрыс түсіну керек, дұрыс түсіндіру керек. Сонсоң, бізге не керек? Бізге, Қазақстанға, тыныштық керек, әрбір адамға, қай ұлттың өкілі болсын, қай этностың адамы болса да, таңертең жұмысына барып, жұмысын істеп, өзінің адал еңбегімен, кешке үйіне келгенде бала шағасының қасында тыныш шай-тамағын ішіп, тәуба деп жастыққа басын тигізіп, бір еркін ұйықтап, елім аман болсын, мемлекетіміз жақсы болсын деп, осы елді біз қалай дамытамыз, қалай көркейтеміз, қалай оны ауқатты да қуатты елге айналдырамыз деген оймен ғана шаршап, сол оймен ғана әрекет етіп, мемлекеттің дамуына әр адам өзінің адами капиталын енгізу арқылы әрекет жасауы керек. Міне, мемлекет азаматтарды осыған ұйымдастыру керек, осыған баулу керек. Бізде мұсылманшылықтың ең бір қатігез формалары, ең бір керітартпа түрлері қайта кең насихатталып жатыр. Қазақстанда жаңағы әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Бируни сияқты ғалым бабаларымыздың, прогрессивті ойлайтын ойшылдарымыздың мұсылмандығын насихаттап жатқан жоқпыз. Оның орнына ХІІ-ХІІІ ғасырлардан бері қарай пайда болған діни-саяси ағымдардың насихатталуы күштірек болып жатыр. ХХІ ғасырдың адамын5-6 ғасыр артқа кетуге шақыратын ағымдар көбірек көрініп жүр. Ондай тәжірибе басқа елдерде де болған, соны неге ескермейміз?! Айталық,біз Түркияның жолын, бағытын таңдадық дейік. Онда біздің осыдан 20-30 жылдан кейін қандай мемлекетке, қандай елге айналатынымызды көру үшін,сәуегей болудың керегі жоқ, қазіргі Түркияның жағдайына қарау жеткілікті. Олардың да жағдайы мәз емес, сепаратизм деген шарықтап тұр, діни ағымдар билікке жармасып алған, неше түрлі тариқат, неше түрлі жамағат, сыртқы күштердің ықпалы жоғары… Күн сайын Түркия күл паршаға айналады, неше түрлі федеративтік округтерге бөлінеді, күрдтер былай шығады, аналар былай шығады деген әңгімелер айтылуда. Діни тұрғыдан алсақ, зайырлылар мен шариғат жолындағылар арасындағы қақтығыс, әскер мен басқасы, діни ағымдардың өз ішіндегі қақтығыс т.б. Қазір Ердоған мен Гюленшілер қақтығысып жатыр, әрқайсысының прокуратурада, әскерде, полицияда, білім беру саласында т.б. топтары бар, қолдарында газеттер мен ТВ-арналары, бір-бірін қаралап, жамандаумен, жоюмен әлек. Түркияның қазіргі жағдайы біздерге ғибрат болуы керек, өйткені, онда соңғы 2-3 жыл көлемінде екі діни ағым бірімен бірі шайқасып, мемлекеттің күлін көкке ұшырып жатыр. Президент Ердоған атеистермен күресіп, шайқасып отырған жоқ, керісінше өзі сияқты діншіл, бес уақыт намазын қаза етпейтін Фетхулла Гюленнің өзімен, оның ағымымен шайқасып жатыр. Демек, біз егер Түркияның жолымен жүретін болсақ, осыдан 20-30 жылдан кейінгі Қазақстан қазіргі Түркия сияқты болмақ. Ал, Египеттің жолын таңдасақ, онда Қазақстанның болашақта қандай ел боларын көргіміз келсе, бүгінгі Египетке қарайық, ендеше. Халқының 80 пайызға жуығы сауатсыз, аш-жалаңаш, ешбір экономикалық күші жоқ. 90 миллион халқы бар Египеттің жалпы ішкі өнімі 17 миллион халқы бар Голландиядан 4 есе кіші. Ал, Сауди Арабияның жолын таңдайтын болсақ, ондағы баскесер де ұрдажық ағымдарды не істейміз?! Қазіргі Сауди қоғамында еркектер қалай өмір сүреді, әйелдер қалай өмір сүреді, қоғам қалай қалыптасқан, саясаты қалай жүріп жатыр, сауаттылық деңгейі қаншалықты, осыларға бір сәт зер салсақ та жеткілікті. Ал, мына Пәкістан мен Ауғанстан мұсылмандарының бағытын аламыз десек, онда қандай елге айналатынымызды көру үшін бүгінгі Пәкістанға, Ауғанстанға қарау жеткілікті. Осылардың ешқайсысының жолын қуып Қазақстан өркениетті, сауатты, мықты, дамыған, зайырлы-демократиялық, әлеуметтік қоғамға айналмайды. Бұл мүмкін емес. Әрине, бұлар бізге туысқан халықтар, бауырлас халықтар, бір діннің, бір мәдениеттің шебінде тұрмыз, олармен мүмкіндігінше жақын қатынаста болайық, тату болайық, сауда-саттығымыз жүрсін, бауырластық қатынастарымыз дами берсін, менің оған ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ, Қазақстан өзінің жолымен жүруі керек деп ойлаймын. Жоғарыда аталған принциптер негізінде ішкі тұтастанғаны, біріккені абзал. Ол жерде біз діннің жағымды рөлін, конструктивті рөлін пайдалануымыз жөн. Бірақ, ешқашан да діннің белгілі бір саяси топтардың немесе сыртқы күштердің құралына айналуына жол берілмеуі керек. Әйтпесе, өте қиын жағдай болады, Сирия, Ирақ, Ауғанстан, Пәкістан, Түркия, Ливия, Йемен, Египет, Иран сценарийлері қайталануы мүмкін. Бұл елдерде осындай қантөгісті көреміз деп ойламаған шығар. Ауғанстанға қараңызшы, 36 жыл бойы соғыс өртін өшіре алмай кемінде 5 ғасыр артқа кетті. Сирия қандай ел еді?! Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана елбасы барып, Дамаскіде әл-Фараби бабамыздың бейітін ашып, сұлтан Бейбарыс бабалардың кесенелерін ашып еді ғой. Қандай керемет, халқы деген ешкімнің ісінде шаруасы жоқ отырған ел еді. Қазір быт-шыт, қалалар жермен-жексен, халқы босқын. Осы елдер қашан тұрақтылыққа қол жеткізеді, белгісіз. Олар саяси тұрақтылыққа қол жеткізгеннен кейін, қираған қалаларды, инфраструктураларды, жолдарды, көпірлерді, ауруханаларды қайтадан салуға тағы да кемінде 50 жыл кетеді ғой! Бұл осы елдер әлемдік қауымдар көшінен бір ғасыр артта қалды деген сөз. Сондықтан, біз осының бәрін сарапқа салуымыз шарт. Қай жерден бізге қауіп төнуі мүмкін, қай жерден бізге нұқсан тиюі мүмкін, ішкі тұрақтылығымызға зиян келтіретін факторлар қайсылары, олармен қалай күресеміз т.б. мәселелер бойынша ұлттық стратегиямыз болуы керек. Соның бәрін сарапқа салып, мемлекет дер кезінде тойтарыс беріп тұруы керек. Бұған Қазақстандағы барлық азаматтар мүдделі, бәрінің құқықтары тең, арманы ортақ. Әрбір азамат осы елдің дамуына, гүлденуіне, оның ішкі қауіпсіздігі мен сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өзінің үлесін қосатын болса игі. Азаматтарды осы санамен тәрбиелеуіміз керек, бүкіл мемлекеттік жүйе осыған негізделуі керек. Мемлекеттің иммунитеті мықты болуы керек. Мына сырттан кірген келімсек ағымдарға қарсы қолданатын бір балама ұсынысы болу керек. Ол әлі бізде жоқ. Мынау қазақтың дәстүріне жат ағымдар қалайша бірінші орынға шығып кетті? Неге? Өйткені, өзіміздің діни ұстанымымызды заманауи тұрғыдан, қоғам мүддесі тұрғысынан айқындап, анықтап бере алмадық. Әсіресе, азаматтардың зайырлылық санасын қалыптастырып, зайырлылықты дұрыс түсіндіріп, әрбір азаматтың зайырлылықты пайдалануына және қорғауына қажетті жағдай жасалуы керек. Сол кезде сыйластық болады. Қазір барлық ағымдар бірімен-бірі жанжалда, ондай қоғамда тыныштық пен береке болмайды ғой. Егер, мемлекет сәл әлсіреп, кішкене шаңырағы шайқалса, Құдай бетін аулақ қылсын, бұл ағымдар қантөгіске барудан да тайынбайтын шығар. Ал, бізге бұл керек пе? Онда мың жыл артқа кетеміз, тіпті, тәуелсіздігімізді де сақтай алмай қалуымыз ықтимал. Көптеген жастар кім-көрінгеннің соңынан кетіп, атам қазақ естімеген ағымдардың құрбаны болып, одан ешбір жақсылық тауып отырған жоқ. Діни ағымдарға мойынсұнған адамдардың отбасылардың шырқы кетіп, неше түрлі керағарлықтар пайда болып жатыр. Қоғамның ішінде кернеу пайда болып, психологиялық күйзеліске ұшырап жатқан күн сайын көбеюде. Осы зиянды діни ағымдардың ешқайсысы да қоғамға бір жеңілдік, бір бақыт пен қуаныш, сондай бір толеранттылық әкеп отырғаны жоқ. Сондықтан, мұның бәрі де қазіргі қоғамдағы ішкі қатынастарды одан әрі қиындатып, ең бастысы санаға бұғау салып, адамдарды құлақкесті құлға айналдырумен шұғылдануда. Біз қоғамды жіктеп бөлуге негізделген «жарылқаушы», «құтқарушы» псевдо-идеологиялардан еш жақсылық көрмейміз. Бізге Қазақстан қоғамын бауырына басатын, бүкіл Қазақстан халқын өзінің перзентіндей көретін, өгейсітпей, құшағына алатын әке мемлекеттің, ана мемлекеттің дана саясаты керек. Себебі, бәріміздің мүддеміз бір, бір шаңырақтың астындамыз, бір тудың астындамыз. Осындай қиын-қыстау заманда қоғамның бір бөлігін ғана жарылқап, қалған бөлігі не болса, о болсын дей алмаймыз. Қазақстанның әр азаматы біз үшін қымбат. Сол азаматтар бірінші кезекте өзінің елін ойлайтын адам болса, Отанының болашағын ойлайтын болса ғана мықты елге айналамыз…
Сұхбатты жүргізген
Маржан Сәбет
kazgazeta.kz
Пікір қалдыру