|  |  | 

Спорт Сұхбаттар

ЭКСКЛЮЗИВ: «Мен қазақпын, сонымен сөз бітті!» – әлем кубогының жеңімпазы, конькиші Дарсил Эссамомбо (ФОТО)

Дарсил Эссамомбо есімді жас спортшыны білетіндер болса, бірден конькимен жүгіру жарысын еске түсіреді. Әлем кубогында жастар арасында тамаша ойын көрсеткен ол сарапшылар арасында болашағынан зор үміт күттіретін Қазақстанның жас спортшысы атанған. Бірақ, осы «африкалық қара бала кім?» деген сұрақ жанкүйерлердің біразын мазалайтыны анық. Оның Қазақстанға қандай қатысы бар? БАҚ-қа берген бір сұхбатында ол: «мен қазақпын, осымен сөз бітті!» депті. Орталық Африкадағы Конго Республикасында туған жас баланың қазаққа қандай қатысы бар? Бұл жайын тереңірек өзімен сұхбаттасқаннан кейін білдік.

Біз Дарсилмен пойызда таныстық. Астанадан Алматыға қайтып бара жатқан бір топ спортшылар біздің вагонға келіп кірді. Ішінде африкалық қара нәсілді жігіт те бар. Жүйіткіген пойыз Қарағанды облысынан да асып өткен тұста вагон ішін тазалаушы қыз келіп, қазақша: «Ана қорап керек пе?» деп отырғандардан сұрады. Орыс балалары сұрақты түсінбеген кейіп танытты. Қарсымда отырған жаңағы қара бала қазақша «Иә, керек!» деп жауап берді. Менің назарым бірден ауды. Бұл кім? Ойланып жатпастан: «қазақша қайдан білесің?» деп сұрадым. Ол жауап берді, осылай екеуіміз әңгімелесіп кеттік. Ол «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігіне сұхбат беруге келісті. Осылай тосын кездесудегі спортшымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

- Дарсил, спортқа қалай келдің?

- Мен спортпен шұғылдануды ерте бастадым, мектепке дейін теннис кортына келіп, осы спорт қасиеттерін дамыта бастадым, ал 6 сыныпта, күзде, конькимен жүгіруді бастадым, сол жылы қыста өз жас тобымда Қазақстан чемпионы атандым. Спорт мен үшін сабақтан тыс бос уақытымды арнайтын өте қызықты іс-шаралардың бірі болды. Сонымен қатар, музыкамен айналыстым, фортепьянода ойнадым, сурет салдым, математикаға қызықтым және де бізді қоршаған әлем туралы көп оқыдым.

Конькимен жүгіру спортымен айналысу мен үшін қызықты болғанның себебі, бұл спорт түрі адамның реактивті жылдамдық қабілетін дамытады, күшті, жігерлі, шыдамды болуға тәрбиелейді. Бұл қысқы спорт түрі командалық рухты жасайды және сізге тек жарқыраған мұз жолында зымырағанда келетін ерекше сезім береді.

- Әлем кубогының жүлдегері атандың, болашағынан үміт күттіретін спортшылар тізіміне ендің, атақ-дәрежеге мастанып қалмадың ба? Өйткенің, өз ортаңда есімің 20-ға жетер жетпес жасыңда шыға бастады.

- Иә, мен әлемдік деңгейде қос алтын ұтып алдым, бірақ бұл жоғары жетістік менің басымды айналдырмады, тек қана жаңа жеңістерге қол жеткізуге жетеледі.

- Бір сұхбатыңда: «Мен қазақпын, сонымен сөз бітті!» депсің, осы туралы кеңірек айтып берсең?

- Өткен сұхбаттарымның бірінде маған, егер сені басқа елдің атынан өнер көрсетуге шақырып жатса, қалай қарайсың, деген сұрақ қойған кезде айтылған сөз болатын. Мен әлемдегі ең терең Конго өзенінің жағаларында дүниеге келгем, сол жақта тұратын халықтың күшті гені бойыма сіңген, бірақ, мен өзім өскен Қазақстанның туын әлемдік деңгейге көтеретін спортшылардың бірі болдым. Мұнда, Алатаудың бөктерінде. Сондықтан да, Қазақстан – менің отаным, осымен сөз бітті.

- Қазақ тілін қайдан білесің?

- Мен қазақ тілін білемін, себебі, менің ойымша, әрбір адам өзінің анасының тілін білу керек. Менің анам – қазақ, ол маған француз, орыс, ағылшын тілдерін үйретті, бірақ та қазақ тіліне ерекше көңіл бөлді.

- Бос уақытыңда немен айналысқанды жақсы көресің?

- Менің бос уақытым аз деседе болады, себебі уақытымның көбісін оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда өткіземін. Үйге келгенде барлық уақытымды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі сабағыма арнаймын, тек одан қалған уақытта отбасыммен демалуға, достарыммен кездесуге, олармен тауға шығуға, сурет салуға кезек келеді.

- Қазақстандағы конькимен жүгіру спорты туралы, сол салада жүрген спортшы ретінде не айта аласың? Қандай жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз бар?

- Біздің елімізде жалпы спорттың дамуы үшін және жеке конькимен жүгіру спорты үшін де көп нәрсе жасалып жатыр. Мысалы, мен әлемнің барлық мұз айдындарында сырғанадым, көрдім, сондықтан, ең әдемі және заманауи мұз айдыны – Астанада салынған «Алау» мұз айдыны деп айта аламын. Дегенмен, менің ең сүйікті мұз айдыным – ол, әрине, мен оқу-жаттығу жиындар арасында жаттығатын тамаша «Медеу» мұз айдыны. Қазір, мысалы, Алматыда Универсиаданы өткізуге арналған мәнерлеп сырғанаушылар мен хоккейшілер үшін жаңа мұз аренасы салынуда.

Сонымен қатар, менің ойымша, біздің елімізде жоғары жетістіктегі  спортшыларды дайындауды, жоғары жетістіктер спортының институционалдық құрылымын және оның дамуының құқықтық аспектілерін өзгерту арқылы, жүйелі түрде жетілдіру қажет. Мәселе мұнда, біздің тәжірибеде жоғары жетістіктер спорт пен жаппай спорт жеке институттары бөлініп қарастырылмайды, олар кәсіби спортқа қарағанда, әуесқой спорт жүйесіне жатса да, бірақ қоғамда әртүрлі мақсаттар мен бағыттарға ие. Бізде әлі де жоспарлы экономика шартында тиімді болған жоғары жетістіктегі спортшыларды дайындайтын институционалдық жүйе жұмыс істейді: спорт мектептері – қала құрамасы – ел құрамасы, бір бапкерлік дайындау әдісімен дайындалатын жалғыз команда сияқты. Бірақ әлемдік аренада қазіргі жағдайда жоғары жетістіктегі спортшылар алдында тұрған міндеттер, басқа, нарық талаптарына сәйкес, жоғары дәрежедегі спортшыларды дайындауы бәсекелестік, саралау және даралау қағидаларына негізделген жүйесін талап етеді: спорт мектептері – әр қаланың спорт клубтары – елдің спорт клубтары. Мысалы, Нидерланды елінде конькимен жүгіру спорты өте жоғары дәрежеде дамыған, оларда жоғары жетістіктегі спортшылар тіпті бір каланың ішінде әртүрлі спорттық көрсеткіштері бойынша өзара бәсекелесетін спорт клубтарында жаттығады. Оларда ұлттық құрамасы жоқ, оның себебі осындай бәсекелестік нәтижесінде жоғары дәрежедегі конькимен жүгірушілер көп, және бір жаттықтырушы әрбір спортшыға әртүрлі тәсілмен толығымен көңіл бөле алмайды.

Бұл елде ұлттық құрамамен теңестірілетін сегіз демеушілік құрамалар бар. Ол үшін спорт клубтары өздеріне штатқа барынша тиімді жаттықтырушыларды шақырады, ең жақсы жаттығуға (жаттығу алымдары, сапалы тамақтану, мамандандырылған медициналық және психологиялық қызмет, инвентарь, спорттық құрал-жабдықтар) жағдай жасайды. Әрине, бұл спорт клубтарының қызметіне тек мемлекет тарапынан емес, бизнес жағынан да қолдау көрсетіледі. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа жолдауында елімізде  қоғам, мемлекет және бизнес қызығушылығын біріктіруге мүмкіндік беретін, мемлекеттік-жеке серіктестікті енгізу керектігін атап айтты. Бұл басқару моделі елімізде спорт клубтарының дамуына және конькимен жүгіру спортының дамуына барынша тиімді болады. Нидерландтық конькимен жүгірушілердің мысалы нақты көрсеткендей, спортта жоғары жетістіктерге жетудің негізі бір құрама мен бір бапкер монополиясында емес, бәсекелестік ортада спорттық командалар мен әртүрлі әдісімен дайындайтын жаттықтырушылар санының артуында.

Қазақстанда конькимен жүгіру спорты барынша танылса екен деймін, бұл спорт түрінің жылдамдығы, әдемілігі барлық қазақстандықтарға қуаныш әкеле берсін деймін. Мен, спортшы ретінде, бұл дамуға өз үлесімді қосуға тырысамын. Қазір біз «Универсиада -2017» ойындарына дайындық процесінде келесі старттарға дайындалып жатырмыз, менің жаттықтырушым А.Сон менің алдыма белгілі бір міндеттерді қояды, ал мен оларды орындаймын.

Болашақтағы мақсатың не? Негізгі мамандығың туралы жоспарларыңмен бөліссең.

- Қазіргі таңда біздің жаттықтырушымен бірге қойған мақсатымыз -Универсиадада лайықты өнер көрсету. Жалпы болашақта, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі оқуымды магистратурада жалғастыруды жоспарлаймын.

- Отбасың туралы кеңірек айта кетсең?

- Менің отбасымда анам, апам және інім Патрик бар. Мен үш жасқа толғанда, Конгода соғыс басталып, анамды Қазақстанның азаматы болғандықтан ТЖМ менімен бірге Алматыға көшірген. Генетика және селекция саласында ғалым болған әкеммен Конгода болған азаматтық соғыс кезінде байланыс үзілген. Менің дамуыма үлкен үлес қосқан – менің нағашы атам, оның дүниеден өтіп, біздің арамыздан кеткеніне 3 жыл болды. Бала кезімізде ол бізбен саябақта бірнеше сағаттап қыдыратын, түрлі ойындар ойнататын, бізді алғаш рет велосипед айдауға үйретті, кейіннен Патрик екеумізді теннистік кортқа алып баратын. Атам менің оқудағы және спорттағы жетістіктеріммен мақтанатын. Ол тіпті әлемдегі мен жаттыққан және жарыстарда өнер көрсеткен қалаларды жалаулармен белгілеген карта жасаған. Інім де спортпен айналысқан, бірақ қазір ол толығымен университеттегі оқуына ден қойған. Анам ҚазҰУ-де доцент болып жұмыс істейді.

- Қазақстан атынан қара баланың әлемдік додаларда өнер көрсетуі көп сұрақ туғызатыны жасырын емес, басыңнан өткен қиындықтар туралы айтып берсең?

- Қазір Қазақстан халқы, әсіресе жастар, жұмыс бабымен немесе оқумен жиі шетелдерге барады, халықаралық компанияларда жұмыс істейді, ағылшын тілін жақсы меңгеріп жатыр, және шетел азаматтарына, басқа мәдениет, ұлт және нәсіл, дін азаматтарына деген қатынасы ашық және достық болып келеді. Мен адамдармен танысқан кезде, олар менің қазақ екенімді естіп, өте таң қалады. Бірақ олардың таң қалулары тез маған және менің спорттық қызметіме деген  достық пен шынайы қызығушылыққа ауысады.

- Дарсил, басыңнан өткен есте қаларлық қызық оқиғаны айтсаң, сосын сөз соңында «ҚазАқпараттың» оқырмандарына тілек білдірсең.

- Егер қызықты оқиғаларды еске түсірер болсақ, олардың бірін айтып бере аламын: бір рет біз Алматы қаласында кафеде досымның туған күнін атап өттік. Мен келгенде, көрші үстелде отырған қыздарды байқадым. Мені көрген соң, олар шетелдік азаматпен, яғни менімен, кім ағылшынша сөйлесетінін қазақ тілінде талқылай бастады. Олардың сөздерінен мен олардың шет тілдер университетінде оқитынын түсіндім. Олардың бір келісімге келуі қиын болғанын көрген соң, мен досыммен олардың жанына барып қазақ тілінде таныса бастадым. Олардың сол уақытта ұялғаны мен таң қалғанын көрсеңіз ғой! Әңгімелесу барысында олардың да құрбысының туған күнін атап өтіп жатқаны мәлім болды. Нәтижесінде, біз бір үстелге бірігіп, туған күн иелерінің мерекесін тойладық. Қызық болды!

Мен барша «ҚазАқпарат» оқырмандарына осы сұхбат үшін, спортқа және біздің спортшыларымызға деген қызығушылық үшін алғыс білдіремін және баршаңызға денсаулық, жақсылық және көп қызықты сұхбаттар тілегім келеді!  null

null null

null

 

Сұхбаттасқан: Алмас Мұқашұлы

ҚазАқпарат

Related Articles

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • “Жеңіліс ауыр тиді”. Қазақстан Еуро-2024 додасына тікелей жолдама ала алмады. Бірақ әлі бір мүмкіндігі бар

    Словения-Қазақстан матчы. Любляна, 20 қараша, 2023 жыл Футболдан Қазақстан құрамасы Люблянада Словения құрамасынан 1:2 есебімен жеңіліп, 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына тікелей жолдама ала алмады. Бірақ Қазақстан келесі жылы наурызда Еуро-2024 додасына лицензия алуға тағы бір рет талпынып көрмек. Словениядағы ойын қалай өтті? Қазақстан құрамасының бас бапкері жеңіліс жайлы не деді? Люблянадағы матчқа барған Азаттық тілшісінің репортажы. МАТЧ ҚАЛАЙ ӨТТІ? Ойын бастала сала Словения құрамасы шабуылға көшіп, матчтағы басымдықты өз қолына алуға тырысты. Матчтың 26-минутына дейін Словения ойыншылары Қазақстан қақпасына төрт рет қауіпті соққы жасап үлгерді. Ойынның 40-минутында қазақстандық қорғаушы Ян Вороговский Петар Стояновичті қақпа маңында шалып шығып, польшалық төреші Шимон Марчиняк Қазақстан қақпасына пенальти белгіледі. Бұл 11-метрлік пенальтиден

  • “Саясаткерлер пафоспен сөйлегенді жақсы көреді”. Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының болашағы бар ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мәртебесіне ие елдердің басшыларының Самарқанда (Өзбекстан) бірігіп түскен суреті. 11 қараша, 2022 жыл Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Бұл кездесу не береді? Түркия Ресейдің Украинамен соғыстан бас көтере алмай жатқанын пайдаланып, аймаққа ықпалын күшейтуге тырыса ма? Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының, әсіресе әскери салада болашағы бар ма? Азаттық осы жөнінде Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлумен әңгімелесті. ТҮРКИЯНЫҢ МҮДДЕСІ МЕН ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ? – Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Ұйым азаматтық қорғаныстың бірлескен механизмін нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ күн тәртібінде аймақтағы және сырттағы саяси-экономикалық оқиғаларды талқылау мәселесі тұр. Саммиттің уақыты мен геосаяси контексі жөнінде

  • АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты өзгерді ме? Елші Дэниел Розенблюммен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК  АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмнің Азаттық радиосына берген сұхбаты АҚШ дипломаты Дэниел Розенблюм Қазақстанға елші болып келгеніне бір жылға жуықтады. Оған дейін ол Өзбекстандағы елші қызметін үш жыл атқарған. Орталық Азияға маманданған дипломат аймақ басшыларының Нью-Йоркте президент Джо Байденмен оңаша кездескені саяси жетістік дейді. Азаттық елшіден сұхбат алып, C5+1 саммитінде адам құқығы тақырыбы қаншалық қозғалғанын, Қазақстанға төнген санкция қаупін және АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты қалай өзгергенін сұрады. НЬЮ-ЙОРКТЕГІ КЕЗДЕСУ ҚАЛАЙ ӨТТІ? – АҚШ президенті Джо Байден жақында Орталық Азия басшыларымен C5+1 форматында кездесті. Саммит алдында құқық қорғау ұйымдары осы жиында адам құқығы басты назарда болса екен деп үміт білдірді. Бұл үміт ақталды ма? – Нью-Йоркте өткен C5+1 саммиті

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: