|  | 

Көз қарас

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. ТЕЛЕЭФИРДЕ ҚАЛАЙ СҰХБАТТАСЫП ЖҮРМІЗ?

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист,

ф.ғ.к.доцент

Баспасөз құралдарының өзге түрлерінде жарияланатын сұхбаттарымен салыстырғанда телевизия интервьюінің өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Телесұхбатта журналист пен респондент басты рөл атқаратыны белгілі. Оның сыртында эфирден тыс олардың әңгімелерін даярлап жарыққа шығаратын шығармашылық топ, техникалық қызметкерлер тұрады.

Телесұхбат тікелей және жазылымдық (запись) деген екі түрлі формада эфирге шығарылады. Оның өзін ішінара ток-шоу және ақпараттық сұхбат деген екі негізгі топқа бөлуге болады. Ток-шоу белгілі бір мәселені арнайы тақырып бойынша көтеріп, оны негізгі көздер арқылы анықтайды және ішкі сырларын ашып, халыққа түсіндіруді мақсат етеді. Ал, ақпараттық сұхбаттың мақсаты – оқиға, көріністер жайында ресми ақпарат көздерінен мәселенің мәнін нақтылайды, тақырыпты жан-жақты айшықтайтын сұрақтар арқылы көрерменге кең мағлұмат беруді мақсат етеді (Юровский А.Я. Основы телевизионной журналистики. с.68-88).

Алайда, тақырып түрлерінің қандай екендігіне қарамастан телесұхбат жасаушы журналист өз командасымен яғни, оператор, режиссерлерімен қоян-қолтық жұмыс істеуге тиіс. Себебі, сұхбат жүргізу тізгіні журналистің қолында болғанымен команданың өзге мүшелеріне телехабардың мазмұнын, маңыздылығын түсіндіріп алдын ала пысықтап қоймаса жазылым барысында түсінбестіктің туындауы ықтимал. Оның өзі телесұхбаттың сәтті шығуына көлеңкесін түсіруі мүмкін. Сондықтан, телесұхбат басталмай тұрып, журналист, оператор, режиссер үшеуінде де тақырыптың мазмұны жайында нақты әрі біртұтас ұғым қалыптасқан болуға тиіс.

Телевизия сұхбаттары ақпараттық немесе проблемалық ток-шоудың қай түрінде өтсе де, мейлі, тікелей эфир ме жазылымдық па дегеніне қарамастан қойылатын талаптар ортақ. Олай болса, сұхбат тақырыбы, мазмұны мен маңыздылығына қарай журналист пен респонденттің интервьюге қатысты бейне сюжеттерін қалай түсіруді, оларды сұхбаттасу кезінде қандай сәтте эфирге қалай шығаруды телережиссер шешеді. Сюжетке лайықты музыка, дауыс, дыбыс жағын дыбыс режиссері мен операторлары продюсермен, режиссермен ақылдаса отырып реттейді. Осындай шығармашылық топтың  идеялары ортақ мүддеге тоғысып, бір жерден шыққанда ғана телеөнім толыққанды түрде көрермен қауымның сұранысын өтей алады.

Журналистің кәсіби шеберлігі сұхбат барысында елеулі рөл атқарады. Тележурналист сұхбаттасушы тұлғаның эмоциясын, қойылған сұрақтарға реакциясын толық сезінумен қатар жауаптарын да мұқият қадағалап, негізгі тақырыптан ауытқыған жағдайда сыпайы түрде басты арнаға салып отыруы қажет. Себебі, эфир уақытын үнемдеу және көрермен қауымның арнайы бөліп отырған уақыт зая кетірмеу, маңызы төмен бос әңгімеге жол бермеген абзал (Рендалл Д. Универсальный журналист. – Алматы. – 1996. – с. 77, 81).

Журналистің жүргізген сұхбаты тартымды болуы үшін ол сөз болып отырған тақырыпты респонденттен де артық білген, алған мағлұматы мол болуға тиіс. Жалпы сұхбат берушілер де талқыланатын тақырыпты терең білетін журналистермен қатынасқанды артық көреді. Себебі, олардың арасындағы сұрақ пен жауап тергеу ісі емес, нағыз іскер, білімдар адамдар арасындағы терең талдау, түсінікті сараптама сипатында болуға тиіс. Сонда ғана ол жанды әңгіме-дүкенге айналады. Ал, ондай сұхбатты көрермен де тұщынып көреді.

Егер сіз шынайы әрі барлық жағынан тепе-тең түсетін репортаждар мен жаңалық сюжеттерін үнемі жасап жүрген журналист болсаңыз сұхбат жүргізуде аса қатты қинала қоймайсыз. Егер журналист этикасын жиі бұзатын, енжар, тұрлаусыз қайдағы бір жазарман болса онда камера алдына респондент әкеліп әуіреленбегені абзал.

Қазіргі заман журналистері үшін негізгі талаптардың бірі белгілі бір мәлімдеменің, ақпараттың нақтылығын растайтын тетік бар ма, жоқ па дегенді алдын ала болжай алуы. Халық бәрін білуге құқылы және құпияланған дүниенің сырын ашуға тіпті құмар болып келеді.

Сондықтан, телевизия жаңалықтарын, репортаждарын, сұхбаттарын дайындайтын туындыгерлер кәсіби этика мен жауапкершілікті терең сезінуге тиіс. Алайда, практикада қайшылықтар туындап жатады. Қандай бір тосын оқиғалар, апат, қайғылы жағдайларға ұшыраған адамдар мен оны көзбен көрген жандардан сұхбат немесе синхрон алу қажеттілік туады. Осындай қиын кезде нені қалай көрсетуді, ақпарат көзін сұхбат барысында мәселеге қай жағынан қалай келуді журналист лайықты шешуі керек болады. Репортерлік топтың ортақ ойлары мен мақсаттары әрине, бұл жерде айтарлықтай маңызды. Соның ішінде топты басқарып жүрген журналистің кәсіби шеберлігі, дарын-қабілеті, қоғам мен көрермен қауымның мүддесін сезіне білетін түйсігі көрініс табады.

«Қызықты жаңалықтың соңында жүрген журналист кейде өзгенің бақыты мен қайғысын, жеке бас құпиясын түсінуден қалуы да ғажап емес. Сондықтан әрдайым оқиғаны телевизия көрерменінің көзқарасы тұрғысынан екшеп, мәселені кең арнада, тепе-теңдік жағдайында көрсеткен абзал. Журналистің миссиясы мен мақсаты шынайы жағдайды жеке көзқарасына сүйенбей бейтарап түрде хабарлау екендігін ұмытуға болмайды. Себебі, журналист заңдылықты орындаушы немесе шындықты, дұрыс пен бұрысты тағайындаушы емес» (Менчер М. Сэтгүүл зүйн бичлэгийн үндэс. УБ.2002. х.25-37).

Ал, біздің «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» ұлттық арнасы секілді шығармашылық ұжымдар бейтараптылыққа әлі бейімделе алмай келеді. Оған мысал ретінде таяуда өткен сайлауалды науқан және Жаңаөзен қасіреті тұсындағы олардың әрекеттерін еске түсіруге болады.

Жалпы сұхбат беруші белгілі бір қайғы-қасірет шеккен жандар болса, апатты еске түсіргісі келмеуі, ешкіммен тілдеспей оңаша қалғылары келуі мүмкін. Ондай жағдайға да журналист құрметпен қарауға тиіс. Сонымен қатар қайғысын өзгелермен бөліссе жеңілдеп, шерін тарқатып алатын адамдар да кездеседі. Осындай жайлардың бәріне журналистер асқан сезімталдықпен қарап, біліп бажайлап отырулары қажет. Көрермен де өз кезегінде осындай қасіреттерді тікелей болмаса да олармен жанама түрде бөлісетіндігін естен шығармауға тиіспіз.

Күн, түн демей ашып-арып жүріп түсірген бейне сюжет туындыгер, әсіресе оператор үшін аса құнды дүние. Сонда да оның себеп, салдары айқындалмаған шикі күйінде болса ол бейне сюжет түкке тұрмайтын бірдеме болып қала береді. Ал, мәселенің мәнін аша түсетінғ маңызын арттыратын сол сәттегі көрініс бейне камераға түсірілмей қалған болса тағы өкінішті. Сондықтан, тележурналист пен оператор бір адам іспетті қоян-қолтық жұмыс істеуге тиіс.

Ақпарат көзінен алынып отырған сұхбаттың тақырыбы  неше жерден қызықты болса да журналист пен респондентті ғана эфирде алма-кезек  көрсетумен ғана шектелу телесұхбаттың сапалық талабын қанағаттандыра алмайды. Оны телевизияның өзге техника, технологияларын пайдаланып қызықты формамен байытып отырған дұрыс болады. Алайда, байытудың жөні осы екен деп тым шұбарлап, эффектілеп, дауыс, дыбыстармен орынсыз әшекейлеу тағы орынсыз.

Телекөрермендер әңгіме тақырыбының мазмұнын, оқиғаларын өз көздерімен көріп, ішкі сырларына терең бойлауды қалайды және оны тележурналистен үнемі талап етеді. Оларға толыққанды мағлұмат беру үшін тәжірибелі әрі білікті журналистер тақырыпқа қатысты оқиғаларды, респондентке қатысты бейне сюжеттерді алдын ала түсіріп дайындап қояды.

Оқиға өтіп  жатқан өңірден сұхбат жүргізіліп жатқан болса, тақырыпқа қатысты мәселенің бейне түсірілімдері алдын ала дайындалған болғаны тиімді. Мұндай материалдар сұхбатты қызықты ете түсумен қатар кейбір маңызды тұстарын ешбір түсініктемесіз-ақ аудиторияға өзі жеткізеді.

    Проблема көтерген сұхбат барысында журналист респондентінің айтқан сөзін, жасаған мәлімдемесін шындықтың шыңырау шегі деп қабылдаудан сақтануы қажет. Тіпті ол ресми тұлға болған күннің өзінде ол ақиқаттың жалғыз жаршысы емес. Журналист аудиторияның яғни, халықтың өкілі екендігін ұмытпауға тиіс. Сол себептен алдын ала жасалған зерттеулерге сүйене отырып, көрерменнің білгісі келген барлық сауалдарын дөп басып сұхбат беруге қоя білгені дұрыс.

Негізі респондеттің сөзі ғана көрерменге қызықты әрі маңызды. Ал, журналистің жеке көзқарасы, түрлі түсіндірмелері, бос сөздері керісінше, телекөрерменнің төзімін таусатынын ұмытпауға тиіспіз. Бұл әрине, сұхбат тізгінін респондентке беріп қойып, соның ығына жығылу, жетегінде кету деген сөз емес.

Телесұхбатты жүргізгенде журналистен кәсіби шеберлік, терең білім мен біліктілік,  эфир мәдениеті талап етіледі. Жазылымдық (запись) сұхбат кезінде кеткен қателіктерді монтаждауға, жөнге келтіруге болады. Ал, тікелей эфир кезінде журналист үшін ондай мүмкіндік жоқ. Сонысымен де зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, көрермен қауым эфирдегі бағдарламаның тізгінін ұстап отырған тележурналистің кәсіби шеберлігіне, білімі мен пайымына, жеке мәдениетіне қарап тек тұлғаның өзіне ғана емес, күллі телевизия ұжымына баға береді және қазіргі заманның қоғамдық талабын түсінеді, үлгі өнеге алады.

Саяси науқан, сайлауалды насихат, қоғамды елең еткізген өткір әрі даулы мәселелер бойынша ток-шоу өткізгенде бір біріне қарама қайшы позиция ұстанатын топтардың екі немесе одан да көп ақпарат көздерін қамтуға, олардың өзара диалог құруларына, пікірлерін ортаға салуларына жағдай жасайтын телевизияның мол мүмкіндігі бар. Мұндай ток-шоу бағдарламаларын тікелей эфирге шығару ғана шынайы әрі тиімді болмақ.

Сондай-aқ, телевизияның өзге ақпарат құралдарындағы сұхбаттардан өзгешелігі қазіргі заманғы озық техника, технологияның көмегі арқылы әлемнің әр тарабынан ақпарат көздерін бір сәтте эфирге жинақтап, бәрімен тікелей байланыс жасау арқылы ой, пікірлерін халықпен бөлісуіне жағдай жасай алады. Осының өзінен оның ақпарат құралдарының ең негізгі миссиясы болып табылатын ақпаратты жедел жеткізу талабын толықтай қанағаттандыра алатындығын аңғаруға болады.

Тікелей сұхбат барысында кездесетін бір қиындық – респонденттің жауабынан туындатып сұрақ қою қабілеттілікті барлық журналистердің бәрі меңгере бермейтіндігі. Бұл әсіресе, жас журналистер үшін тіпті оңайға соқпасы анық. Тележурналист оқиғаға қатысып отырса да, кез келген жағдайда ақпарат көзімен қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік, заңдық-құқтық  тақырыптардың бәрімен де еркін пікірлесетін, көрерменнің көкейіндегі сауалды тастай алатын, мәселені салмақтап, таразылай білетін болуға тиіс.

Сонымен қатар телевизияның тікелей эфир сұхбаттары әрдайым уақыттың тарлығына кіріптарлықпен өтетіндіктен тележурналист минутпен жарысып, онымен санасып режиссердің ескерпелерін үнемі қаперде ұстап жедел қимылдауы қажет болады. Бұл да тележурналистің игеруге тиіс көптеген қабілеттіліктерінің бірі.

Телесұхбат әзірлеп өткізгенде жоғарыда айтылған ерекшеліктер мен талаптардың болатындығына қарамастан жалпы журналистикаға ортақ өзге ұстанымдар мен нормалардың тележурналиске де міндетті түрде қойылатындығыны атап өткен жөн.

minber.kz

Related Articles

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: