Ғабит ТҰРСЫНБЕК, Ережесіз жекпе-жектен WBK нұсқасы бойынша əлем чемпионы:
Ары қарай жекпе-жекке шығармауы мүмкін
Қазақ ұлтының абыройы мен намысының алдында бұл болмашы ғана іс
Ұлан: Ғабит, жақында ғана Қытайда өткен жекпе-жекте қандас бауырың Айбекпен ақтық айқасқа шықтың. Сол кездесуіңде бапкеріңнің «аямай ойна, жарыстың аты жарыс» деп нұсқау бергеніне қарамастан, бірде-бір соққы дарытпадың…
Ғабит: Шыны керек, Айбек екеуміз бір-бірімізбен қарсылас боламыз деп ойламадық. Алланың қалауымен солай болды. Айбекпен елімізге келген кезде бірге жаттыққанмын. Аз ғана уақыт бірге жаттықсақ та, бір-бірімізге деген бауырмашыл сезіміміз бар. Айбектің ақ ниетті жан, мелжемді спортшы екенін білемін. Шаршы алаңға шыққанда, Айбек бауырыма соққы жұмсаймын деген ой мүлдем болған жоқ. Жəне де бұл ойымды жекпе-жек барысында да өзгертпедім. Абай атамыздың «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бəрі бос» деген дана сөзі бар. Екі қазақ бір белбеу үшін бірін-бірі аямай соққының астына алуы сорақылықтың белгісі емес пе?! Əрине, кейбір адамдар спорттың ережесіне сай емес деп наразылығын білдіруі мүмкін. Десек те, тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, қазақтың батырлары ешқашан бір-бірін соққыға жықпаған. Айбек екеуміздің бауырмашылдығымыз жəне қазақтың қанында бар тектілік қасиеті бір-бірімізге қол көтеруге жол бермеді. Бір жағынан артымыздан еріп келе жатқан жас спортшыларымызға үлгі-өнеге болсын деген мақсат та болды. Құр сөзбен емес, əр нəрсені іспен дəлелдеу керек деп ойлаймын. Қазақтардың бір-біріне деген бауырмашылдығын ешқашан жоймағанын қалаймын.
Ұлан: Дегенмен, жеңімпазға қомақты қаржы, сонымен қатар WBK тұжырымының алтын белбеуі тігілді емес пе?
Ғабит: Бұл додаға əр елдің беткеұстар, ең үздік сайыпқыран спортшылары келді. Бірақ шаршы алаңға шыққанда алтын белбеу не болмаса ұтыскерге берілетін қомақты қаржыны ойламадым. Дүние-мүлік, ақша адамға əсте жолдас болмайды. Өзі аз ғана қазақтардың барлығы бауырмал болса, содан асқан байлық жоқ шығар. Сондықтан қанша ақша тігілсе де, айқаста қандас бауырыма қол жұмсай алмадым. Өзім əр кездесуімде айқас алаңына Бекболат ағамыздың «Алаш ұраны» əнімен шығамын. Айбек жекпе-жекке қазақ əнімен шыққан кезде қатты тебірендім. «Əттеген-ай, екі қазақтың осындай жағдайда кездесіп қалғаны-ай» деген ойлар да болды.
Ұлан: Қызыл карточка көрсетіп, жарысты тоқтатып тастаған кезде, «Қап, бар мүмкіндігімді аямай пайдалану керек еді» деген өкініш болмады ма?
Ғабит: Жоқ, менде ешқандай да өкініш болған жоқ. Айбек екеуміздің жəне күллі қазақ ұлтының абыройы мен намысының алдында бұл болмашы ғана іс. Тіпті, өкінем деп айтудың өзі ұят. Одан бөлек жекпе-жек барысында Айбек бауырымның да көзінен маған деген бауырмашылдығы, мейірімі төгіліп тұрды. Бауырмашылдығымыздың арқасында бір-бірімізге ауыр əрекеттерімізді істей алмадық. Жарыс біткеннен кейін Айбек қандасымыз екеуміз қол алысып, құшақтастық.
Қытайдың ақпараттарында
«ұлтының мүддесін ойлап кетті» деп көп жазды
Ұлан: Бұл жайт сенің əрі қарай жекпе-жекке шығуыңа нұқсан келтірмей ме?
Ғабит: Нұқсан келтірмейді деп те айта алмаймын. Бұл жақтан маған өзімнің еңбегім мен жеткен жетістіктерімнің арқасында барлық жағдайымды жасап берді. Қазақсың, не болмаса басқасың деп мені көкірегімнен итермей, жекпе-жекке шығуыма қолдау көрсетті. Бірақ, Қытайдың ақпарат құралдарында мен жайлы «өзінің жеке басының, ұлтының мүддесін ойлап кетті» деген сияқты нəрселер көп жазылды. Айбек бауырыммен шаршы алаңда болған жайт біраз халықтың наразылығын тудырса керек. Соған байланысты алдымыздағы айда өтетін жекпе-жектерімді тоқтатты. Ары қарай жекпе-жекке шығармауы мүмкін деген сияқты алыпқашпа əңгімелер де бар. Бірақ, бұның бəрі өз уақытымен шешіледі деп ойлаймын. Алла қаласа, осы у-шудың барлығы басылғаннан кейін, жанкүйерлерімді қайтадан өз өнеріммен қуантамын.
Ұлан: Жергілікті ұлты қытай спортшыларымен жекпе-жекке шыққан кезде төрешілер жағынан қысым көрмейсің бе?
Ғабит: Жоқ, төрешілер тарапынан аса бір қатты қысым көрген емеспін, барлығы əділ өтеді. Талай қытайлық спортшылармен де кездестім. Төрешілердің ешқандай да жақтасып, қысым көрсеткені болған жоқ. Шаршы алаңда көрсеткен өнеріңе байланысты шешім қабылдайды. Өзіміздің біраз қазақ бауырларымыз көптеген жарыстарда атой салып жүр.
Елге шақырып жатқандар көп
Ұлан: Енді елге оралу ойыңда бар ма?
Ғабит: Ол жағын əлі ойламадым. Өзім Құлжа қаласына қарасты Мұңғұлкүре ауданында туып өстім. Əке-шешем, бауырларымның барлығы осы жақта тұрады. Сондықтан əзірше ол жайында ойламадым. Бірақ, болашақта еліме оралып, қазағымның абыройын асқақтатсам деген арман-мақсатым бар.
Қазір де сол жақтағы қандас бауырларым шақырып жатыр. «Елге кел, бауырым, қолдаймыз!» деген ізгі тілектерін айтып жүр. Қазақ бауырларымның осылай сыйлап, құрметтегені көңілге шуақ ұялатады.
Ұлан: Спорттың бұл түріне келуіңе не түрткі болды? Қандай жетістіктерге жеттің?
Ғабит: Жалпы, бала күнімнен спортқа қызығып өстім. Қазақтың көк туын желбіретіп жүрген ағаларыма еліктедім. Спорттың осы түрімен кəсіби түрде 16-17 жасымнан бастап шұғылдандым. Алғашқы жекпе-жегімді 20 жасымда өткіздім. Аллаға шүкір, жеткен жетістіктерім аз емес. Осы уақытқа дейін кəсіби алаңда 18 жекпе-жек өткізіп, соның 15-ін өз пайдама шештім. 2015 жылы Құлжа қаласында халықаралық дүбірлі дода өтті. Сол турнирде 70 келі салмақ дəрежесінде WBK тұжырымы бойынша əлем чемпионы атандым. Бұл менің кəсіби тұрғыда жеткен ең үлкен жетістігім болды.
Ұлан: Кезекті бір жекпе-жегіңде Ресей чемпионын сұлатып, шаршы алаңға анаңды шақыртып алғыс айтқан едің. Бұл əрекетің де күллі жұртты сүйсіндірді.
Ғабит: Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерім əуелі Алланың, сосын ата-анамның тəрбиесінің арқасында деп білемін. Сол жарыста əке-шешемді шаршы алаңға шығарып алғыс айтқым келді. Негізі, қарапайым отбасынан шыққан жанмын. Əкем Тұрсынбек мектепте мұғалім болып істейді. Анам Кəтірхан үй шаруасындағы адам. Мен үйдің кенжесімін, алдымда төрт ағам, екі əпкем бар. Барлығы осы Қытай елінде қызмет істейді.
Ұлан: Əңгімеңе көп рахмет, алар асу, шығар биігің көп болсын! Қазақтың өздеріңдей бауырмал, мықты ұл-қыздары көбейсін!
Сұхбаттарды жүргізген
Дəурен ДОСБОЛҰЛЫ
«Ұлан», №12
(29.03.2016)
Пікір қалдыру