|  |  |  | 

Көз қарас Сұхбаттар Әлеумет

Айдос САРЫМ, саясаттанушы: Жұрт шынайы Тәуелсiздiктiң не екенiн ендi түсiнген сияқты

“Жер сатқаның – қай сасқаның?!” тақырыбымен өткен қоғамдық талқылауға шетелде болуына байланысты қатыса алмаған Айдос Сарымға да бiрқатар сауал жолдаған едiк. Белгiлi саясаттанушының тың пiкiрлерi мен тосын топшылау­лары оқырманды бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз.

– Бүгiнгiдей экономика шатқаяқтап тұрғанда, елiмiз Еуразиялық одаққа кiрiп, Ресейдiң айтқанымен жүретiн кезең қайта туғанда, Ақорда Қытайдан қарыз ала-ала бе­решегi белiн қайыстырғанда қазақ жерiн тауар ретiнде бағалап, сатылымға шығарудың астарында не бар деп ойлайсыз?
– Бiздер дәл бүгiн тарихи маңызы бар заманда ғұмыр кешiп жатырмыз. Дәл осы күнi адамзат мұнай дәуiрiмен қоштаса бастады. Баяғыда мұнай тасымалдаушы елдер ұйымының хатшысы шейх Ямани “Тас дәуiрi тас бiтiп қалғандықтан аяқталған жоқ, мұнай дәуiрi де мұнай бiткендiктен аяқталмайды” деген екен. Сол сияқты, мұнай дәуiрi аяқталып келе жатыр. Дамыған бай елдердiң көбiсi мұнайға деген тәуелдiлiктiң қаупiн анық түсiнiп болды. Олар жанталасып, мұнайға балама болатын, басқа да арзан энергия көздерiн iздестiрiп әлек. Дәл бүгiнгi қарқынмен iздене берсе, алдағы 10-15 жылда мұнай бүгiнгi көмiр сияқты мардымсыз энергия көзiне айналмақ. Оның үстiне әлемдi жайлаған экономикалық дағдарыс, Ресей мен Батыс арасындағы қырғиқабақ соғыс нәтижесiнде пайда болған ке­леңсiздiктердi де есте ұстау қажет. Бұның барлығы да ел билiгiн сан-алуан iзденiстерге, ертеңгi күнi бюджеттi немен толтырамыз, өзi­мiздiң нәпақамызды қалай табамыз деген терең ойларға итермелеп отыр. Өткен жылдан берi басталған “100 нақты қадам” реформасы осыдан туындаса керек. Алайда ой мен iстiң арасы – Қызылордадағы Тереңөзек ауылы мен Америкадағы Нью-Йорк қаласының арасындай.
Шынымды айтайын, өз басым жер сатылуы керек, жер жекемен­шiк­те болуы керек деген пайымға қарсы емеспiн. Керiсiнше, мүм­кiндiгiнше жер экономикалық айналымға түсуi қажет, жердiң нақты экономикалық бағасы айқындалуы тиiс. Жердiң иесiнiң болмауы, оның бағасының айқындалмауы экономикалық реформалар мен экономикалық өсiмдi шектейдi. Көптеген дамушы елдердегi жөнi түзу реформалардың көбiсi дәл осы жер реформасынан, ауыл шаруашылығынан басталған. Алайда жетiстiгiнен жемқорлығы, асырғанынан асағаны, жасағанынан жымқырғаны көп елден есi дұрыс, сабырлы, салиқалы реформа күтудiң өзi қиянат. Оның үстiне, жерге қатыс­ты заңнама әлi де жетiлдiрудi, дамытуды талап ететiнi анық. Мысалы, бiр адамға не отбасыға қанша жер беру керек? Бiр адамға не отбасыға берiлген жердiң iске жаратылуын, оған қадағалау жұмыстарын кiм және қалай ұйымдастырады? Жер дұрыс пайдаланбаса, оған залал келiп жатса, оны кiм және қалай мемлекет иелiгiне қайтара алады? Қоғамға, халыққа қажеттi суаттар, жолдар, өзен-көлдер мәселесi де мүлдем шешiмiн таппаған. Осы сияқты жинай берсе, жүздеген маңызды-маңызды сұрақтар бар. Олардың барлығына нақ­ты, мардымды жауап алмай, жер реформасын қолдау мүмкiн емес. Ал шетелдiктерге келетiн болсақ, оларға жер жекеменшiкке берiлмеуi тиiс. Шетелдiктер жердi уақытша арендаға алуы мүмкiн, бiрақ жердiң сапасы мен онда жасалып жатқан жұмыстарға қатаң бақылау орнату мәселесi әлi де шешiмiн таппаған. Мәселен, шетелдiктер жердi жөн-жосықсыз пайдаланса, жерге зиян келсе, зиянды тыңайтқыштар пайдаланылса, олардың жұмысын кiм қадағалайды? Олардан жердi тез арада сот шешiмiмен тартып алу тетiктерi бар ма? Менiңше, жоқ! Оның үстiне жердiң айналасында жүрген құзырлы органдардағы жем­қорлықты, шетелдiктер алдындағы ләббайшылықты ескеретiн болсақ, осындай шешiмi жоқ сұ­рақтар ертең жердi мүлдем пайдасыз, тiптi ғасырлар бойы пайдаға келмейтiндей етiп тастауы ықтимал.
Бiздiң билiк те мұны түсiнiп отыр. Бiрақ билiктiң түсiнiгi мен пайымы – аса таяз, ал осы реформаларды жүргiзуi – қылмыспен пара-пар. Онсыз да ашынған халықты дәл бүгiнгiдей әбiгерге салу, саясатты сайқымазаққа айналдыру, жауапкершiлiктен жалтару, халық алдына шығып, ұзақ мерзiмдi түсiнiк жұмыстарын жүргiзуден қашқалақтау, бұның барлығы да билiктiң өзiне-өзi ор қазуымен пара-пар дүние. Мысалы, премьер Мәсiмов қайда? Шошқа тағалап отыр ма? Неге халықтың алдына шығып жауап бермейдi? Кезiнде Нұрлан Балғымбаев премьер болып тұрғанда халық алдына шығып, жауапкершiлiгiн мойындап, жер туралы заңнан бас тартқан болатын. Премьер Тасмағамбетов осы жер заңнамасын парламенттен өткiземiн деп қызметiнен кеттi. Мәсiмов сонда барлық мәселенi президентке iлiп қойып, аяғын жылы суға салып шалқая бермекшi ме? Президенттiң де кеше берген жауабы ешкiмдi қанағаттандырмады! Басқаша айтқанда, билiк революциялық жағдайды өзi дайындап жатыр. Атырау­дағы, жалпы елдiң батыс өңiр­лерiндегi толқулар мен наразылық акциялары қазақ халқының, қо­ғамының iшкi потенциалының мықты екенiн көрсеттi. Кешегi “жаңа­өзендiк үрей синдромының” әсерi сейiле бастаған қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Халық шындап көтерi­лемiн, ұйымдасамын десе оған сая­си партияның да, ресми оппозиция­ның да қажетi жоқ екенiн көрсеттi. Билiктiң салғырт саясаты, әсiрелеп айтсақ, ашық жатқан жанармай бөшкесiнiң қасында отпен ойнау сияқты болып елестейдi. Ертең бұнысы отқа айналса, адам қырғынына, атыс-шабысқа апарса, одан кейiн халықты тоқтату мүмкiн болмай қалады. Бүйте берсе, Назар­баев дәуiрi ұзаққа бармайды, Назарбаевтың жақсы атпен тарихта қалуы екiталай дүниеге айналады.
– Ата-бабасынан қалған қазақтың жерiн пышақпен тiлгендей етiп, бөлшектеп сату үшiн үкiмет халықтың келiсiмiн алуы керек едi. Билiк неге бұл жолдан аттап өттi? Неге референдум өткiзбедi?
– Бұның себебi бiреу ғана: билiк халыққа, қоғамдық пiкiрге тәуелдi емес! Өзiне-өзi әбден сенiп алған, халықты мал құрлы көр­мейдi, санасқысы келмейдi. Не iстесек те көнбiс халық көне бередi, жұмсақ – жұдырығымызда, ашсақ – алақанымызда деп отыр. Бұл сөзсiз өрескел, тарихи қателiк! Қазақ момын да, көнбiс те емес. Қазақ кең халық, ұзақ ойланады, ұзақ толғанады, бiрақ бiр рет атқа қонса, оны танкi де, армия да, полиция да тоқтата алмайды! Егер қазақ момын болса, қой аузынан шөп алмайтын халық болса, осыншама орасан, кең-байтақ жердi қалай сақтап келдi? Осыны мықтап ойланған жөн.
Дәл бүгiнгi жағдайда, менiң ойымша, билiк заңнамаға қажеттi өзгерiстердi тоқтатып, қалың халықтың арасына барып, жер-жерде кездесулер өткiзуi тиiс. Жер емiп отырған азаматтардың басын қосып, солардың пiкiрiн жинауы қажет. Керек болса, бұған бiр жыл да, екi жыл да көптiк етпейдi. Ертеңгi күнi жерiмiз көрiнгеннiң қолында кетiп, тоз-тозы шықанша заң жобаларын егжей-тегжейлi дұрыстаған жөн. Себебi қазақ әлi де аграрлық саласы басым халық. Қазақ үшiн жер дауы бiрiншi орында тұрған бiтпес-бiтiспес дүние. Және халықтың көбi ауылда мекен етедi. Олардың экономикаға қосып отырған үлесi 3-4 пайыздан аспайды. Себебi бiреу ғана: ауылдың экономикасы әлi де көлеңкелi экономика, әлi де жабулы қазан дәрежесiнде. Ауыл экономикасынде не болып жатқанын бiрде-бiр министрлiк не әкiмдiк, бiрде-бiр есеп органдары, ғылыми институттар бiле бермейдi. Осыны да мықтап зерттеу керек. Осыны бiлiп барып қана, түсiнiп, түйсiнiп қана, жер реформасына көшуге болатын сияқты. Оған дейiн реформалау, асығу, аптығу – ұлт алдындағы кешiрiлмес күнә, қылмыс болмақ. Бұны бүгiнгi қазақ та, болашақ ұрпақ та кешiрмейдi.
– Жалпы, ТМД аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi сатқан ел бар ма? Болса, қай ел? Болмаса, неге қазақ билiгi елден ерек жер сатуға құлшынды?
ТМД дегенiмiз – замана көшi­нен қалып келе жатқан, кеңестiк қалыптан арыла алмай келе жатқан елдердiң клубы, бiрлестiгi. ТМД-ға кiрмейтiн посткеңестiк елдер жер мәселесiн баяғыда шешiп алған, мысалы Балтық елдерi. Жалпы алғанда, жер мәселесi посткеңестiк қалыптан шығудың басты талаптарының бiрi. Жер мәселесiн шешпей, оны заманауи тұрғыда реформаламай, ешбiр мемлекет экономикалық реформаларын аяқтадым, дамушы елдердiң қатарына қосылдым деп айта алмайды. Әрине, әрбiр елдiң өзiне тән салт-дәстүрi, заңнамадағы ерекшелiктерi болуы ықтимал. Бiрақ кешендi түрде бұл мәселенi бiр жағына шығару керек екенi хақ. Бұндай шешiмдi тек билiк қана қабылдай алмайды. Бұған барша халық, барша қауым болып араласып, нақты ұлттық келiсiмге жету керек. Сонда ғана жер реформалары өз нәтижесiн бере алады. Ешқашан да жердi жекеменшiкке берген елде жер реформалары бiр мезетте, еш дау-дамайсыз өтiп көрген емес. Негiзiнен бұндай реформалар сатылы түрде, кезең-кезеңiмен, кезек-кезегiмен iске асып жатады. Бұл мәселенi мәңгi бақи соза беруге де, немесе асығып-аптығып қабылдауға да болмайды. Нағыз арбаны да сындырмай, өгiздi де өлтiрмей қабылдануы тиiс күрделi шешiм осы болмақ. Билiктiң менмендiгi, өзiмбiлемдiгi бұл мәселеде терiс нәтиже берiп, түбi қиянатқа апарып соқтырады. Егер билiк бұл мәселенi асығыс қабылдап жiберсе, түбi дүмпу мен төңкерiске ұласуы мүмкiн.
– Бар шаруа бiр адамның қалауы­мен атқарылатын елде Жер сатуға да кiмнiң пәрмен бергенi белгiлi. Дегенмен бүгiнгi билiктен жердi саудаға салуға қарсылық танытатын бiр адам нелiктен табылмай отыр? Мәселен, билiктегi Ө.Шүкеев, Б.Сағын­таев, Б.Сапарбаев, Қ.Көшербаев секiлдiлер, парламенттегi Қ.Сұлтанов, Н.Сабильянов, Б.Тiлеухан сияқты азаматтар неге “Нұреке, бұлай болмайды” деп айта алмады? Әлде айтса да, президент оларды тыңдамай ма? Болмаса, бұлар “айтқанмен ештеңе өзгермейдi, одан да қара басымыздың қамын күйттегенiмiз дұрыс” деп есептей ме?
– Шынын айтсақ, бүгiнгi билiкте “Нұреке, бұныңыз дұрыс емес!” деп дөп басып айтатын тұлға қалмаған сияқты. Себебi барша билiк органдары, барша шенеунiктер мен шекпендiлер президенттiң айтқанын iстеп жүрген жоқ, оның көңiлiн аулау­мен әлек. Барша тiрлiк “Шефтiң көңiлiн түсiрмейiк! Шефтiң нас­троениесiн көтерейiк!” дегеннен аспай келедi. Бұл – елдiң де, елбасының да трагедиясы! Президент­тiң өзi де өмiрден, қарапайым халықтың мұң-мұқтажынан тым алыстап кеттi. Шынайы халықтың пiкiрi, шынайы көңiл-күйi оған мүлдем жетiп жатқан жоқ. Өзi де “қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған” қоғамды құрдым деп ойлап, сенiп қалған. Бiр кездерi өз басым кезiнде үкiмет басқарған бiрнеше тұлғалармен кездескен едiм. Оларға болып жатқан жайттарды айтып тiзбектегем. Сөйтсем, олар бәрiнен хабардар екен. Айтып отырғандарымның барлығын бiлiп, қостап отыр. Артынан “олай болса, осыларды президентке неге айтпайсыз? Жылына кем дегенде бiр-екi рет бетпе-бет кездесiп, әңгiмеге шақыратыны бар емес пе?” десем, әлгi кiсi­лердiң бiрi: “Айдос-ау, менiң басым екеу деп ойлайсың ба?!” дегенi бар. Мiне, бүгiнгi шынайы жағдай осы! Егер қиын-қыстау заманда үкiметтi басқарған, көптi көрген, жасарын жасап, асарын асаған адамдардың өзi осылай деп жатса, бүгiнгi күнi үкiметте жүрген, билiк органдарын басқарып отырған адамдардан не үмiт күтуге болады? Бұл үшiн саяси және экономикалық жағдай мүлдем басқа болуы тиiс.
– Тәуелсiздiгiн алғалы 25 жыл өтсе де, қазақ тiлiн – мемлекеттiк тiл деңгейiне көтере алмаған елде Жер сату – саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да қате. Ертең осы қателiктi түзейтiн мүмкiндiк бола ма? Әлде мұның арты төң­керiске апарып соға ма?
– Түзейтiн мүмкiндiк болады, әрине. Бiрақ оның салдары орасан, құны тым қымбатқа түседi. Тарихи тұрғыдан бiздiң елiмiздiң басынан өткергенi көптеген Азия мен Африка елдерiнен асып жатқаны шамалы. Бiзден де нашар, тым өрескел, тым қанқұйлы тарихы бар елдер де жоқ емес. Тәуелсiздiктi алу мен шынайы ұлттық мемлекет құру – бiр мезетте орын ала бермеген. Кейбiр елдер Тәуелсiздiгiн бiрнеше сатымен алған, мысалы, Үндiстан. Кейбiр елдер Тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн ғана ұлттық мемлекеттiгiн құра бiлген. Бiздер де осы жолға түскен елмiз, ұлтпыз. Бiрақ қазақ билiгi ұлттық мемлекет құрып жатқан жоқ. Керiсiнше, дәл бүгiнгi күндерi шынайы Тәуелсiздiк, шынайы ұлттық мемлекет құру басталып келе жатыр! Дәл осы күндерi қазақ халқы өзiнiң тәуелсiз мемлекетiн құру жолындағы ұлт-азаттық қозғалысының екiншi кезеңiн бастап кеткендей! Дәл бүгiнгi күндерi ғана қазақ халқы Тәуелсiздiктiң не екенiн түсiнiп келедi! Дәл бүгiнгi күндерi ғана қазақтар Тәуелсiздiк дегенiмiз азаматтық, адами жауапкершiлiк екенiн, ол үшiн қашан да әрекет ету қажеттiлiгiн, белгiлi бiр құн төлеу қажеттiлiгiн ұғынып келедi. Бұл түбi игi үрдiс! Олай болатын болса, бүгiнгi зиялы қауым мен баспа­сөздiң басты мiндетi – халықты түңiлдiру емес, керiсiнше халыққа жiгер беру, дем беру, әрекетке ынталандыру, жауапкершiлiкке шақыру, халықты қарайту емес, халықты ағарту! Осыны iстей бiлсек, болашағымыз мағыналы болмақ. Қиыншылықсыз, қиянатсыз келген тәуелсiздiктiң құны болмайды. Сондықтан еңбегiмiзбен, әрекетi­мiзбен, iсiмiзбен, күресiмiзбен келген шынайы Тәуелсiздiң таңын аттыруға дайын болғанымыз абзал.
Әңгiмеңiзге рақмет!
Жазып алған С.НҰРБАБА.
zhasalash.kz

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: