|  |  | 

Көз қарас Саясат

Түрмедегi төңкерiсшiлдiң «сыбайластары» туралы бiз не бiлемiз?

Ойды ой қозғайды. Осыдан төрт жыл бұрын Алматы облысындағы Арқанкерген шекара бекетiнде болған оқиға ерiксiз еске түседi. Аузынан әлi ана сүтi кетпеген сарбаз Владислав Челах түсiнiксiз жағдайда өзiнiң 14 қарулас серiгiн бiр түнде жер жастандырды. Бiр солдат 14 серiгiн қырып салды дегенге сенетiндерден гөрi сенбейтiндер көп. Мынау да дәл сол сияқты. Бұзықтық жасады, тентектiкке барды дегенде, ары кетсе “разборкалардың” iшi-сыртында жүруi мүмкiн шымкенттiк кәсiпкер Тоқтар Төлешов мемлекеттiк төңкерiс жасап, билiктi басып алмақ болды деп айыпталып отыр. Мұндай мәлiмдеменi ресми органдардың өздерi таратты. Билiк халықты ресми ақпараттан бас­қа ештеңеге сенбеуге шақырып отырса да, бәрiбiр арғы жағың “әй, қайдам” дейдi. 

Бiздiң бiлетiнiмiз, “Сы­ра ханзадасы” атанып кеткен Төлешов көп тiр­лiк­термен айналысты. Оның меншiгiнде бiр кез­дерi “Юмакс”, қазiр “Лаф­радио” деп аталатын радиосы жұмыс iс­тейдi. “Шымкентпикчерс” деп аталатын киностудиясының бары және оған Голливудтың танымал актер­лерiн де шақырғаны айтылатын. Төлешов сән-салтанат қуғыш, ұл-қыздарының туған күндерiне шетелден әншi шақырғыш, елде жоқ қымбат көлiк мiнгiш, қайда жүрсе де айналасына топырлатып оққағарларын алып жүр­гiш… Бiрақ билiктi басып алғыш, төңкерiс жасағыш дегенi Төле­шов­тiң ұсқынына оншалықты келiңкiр­мейтiн сияқты. Ұсталған кезде оның үйiн тiнту барысында қару-жарақ, есiрт­кiден бөлек дiни әде­биеттердiң тәркiлен­ге­нi айтылған болатын. Алайда Төлешов тақуалығымен немесе терiс ағымдардың жетегiнде кет­кен­дi­гiмен аты шықпаған адам. Сонда Төлешев кiм?
Жалпы, Тоқтар Төлешов билiктi басып алатындай қаншалықты би­лiкқұмар адам? Осыған тоқтала кетейiк. Оңтүс­тiкте бүгiнде қалталылар арасында депутаттың мандатын иелену “модаға” айналған. Ал Төлешов осы уақытқа дейiн бiрде-бiр рет депутаттыққа ұмтылып көрмеген екен. 2004 жылы Мәжiлiс сайлауында Сарыағаш ауданындағы округтен белгiлi оппозиционер әрi руласы Жармахан Тұяқбайдың серiгi бақ сынады. Сайлаудың соңы үл­кен у-шуға айналды. Осы дау-дамайда Төлешов оппозицинердiң серiгiн қолдағаны, билiктiң адамына қарсы болғаны осы кездерi есiмiзге түсiп жүр. Жұрт оның бұдан басқа саясатқа аралас­қан жерiн бiлмейдi.
Тоқтар Төлешовтiң дiнмен де тығыз байланысы туралы дерек жоқ. Тек осыдан екi-үш жыл бұрын Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында мешiт ашты. Алайда құ­ры­лысы бiрнеше жылға созылған Алла үйiн Тоқтар Төлешов жеке бастамасымен емес, кезiнде өзi­нiң фирмасында қауiпсiз­дiк жағын қамтамасыз еткен, кейiнгi жылдары жұмыстан босап кеткен бұрынғы әрiптесiнiң,   қазiр дiн жолына берiлген қасқасулық азаматтың және сонымен бiрге Меккеге бiрнеше рет барған анасының өтiнiшi бойынша салдыртқанынан дәл сол ауылдың тумасы ретiнде хабардармыз.
Бас прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық қаупсiздiк комитетi баспасөз қыз­метiнiң өкiлi Р.Карасевтiң айтуынша, Тоқтар Төлешов билiктi күшпен басып алуға дайындық жұмыстарын өткен жылдан бастап белсендi түрде жүргiзе бастаған. Елдегi тыныштықты шай­қау үшiн наразылық акция­ларын және жаппай тәртiпсiздiктердi ұйымдастыруды мақсат еткен. Осындай тұрақсыздықтың аясында балама үкi­мет құруды, билiк құры­лымын өзгертудi көксеген. Ең таңданарлығы мынау болып тұр.
“Атырау, Астана, Алматы, Орал, Қызылорда қалаларындағы “Жер реформасы” деп аталатын қарсылық, наразылық акцияларына Төлешов мырза өткен жылдың желтоқсанында дайындалып, оны қаржыландырғандығы туралы дәлелдер алынды. Аталған наразылық акцияларының бұдан да ертерек өткiзiлуiне ұмтылғанына қатысты нақ­ты фактiлер анықтал­ған. Бiрақ Төлешовтiң тұт­қын­далуына байланысты акцияны өткiзу уақыттарын тiкелей ұйымдастырушылар өзгерткен. Қа­зiргi таңда олардың кейбiрi құрықталған”, – дедi Р. Карасев.
Ұлттық қауiпсiздiк коми­тетiнiң тергеу абақтысында отырып Төлешов 2016 жылдың мамырында Оңтүстiк Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыруға әрекеттенiптi. Сонда “үш әрiптiң” тұжырымына сенсек, сәуiр, мамыр айларында Қазақстанның әр облыс­тарында бұрқ ете қалған жер сатуға қарсы наразылықтарды ұйымдастырушылар, «елiм», «жерiм» деп еңiрегендер Тоқтар Төлешовтiң ақшасына сатылған опасыздар сияқты. Алғашқыда билiктегiлер мұндай митингiлердi шетелде қашып жүрген оппозиция өкiлдерi, қашқын банкир ұйымдастырды деген.Ендi мiне… Басты ұйымдастырушының шетелде емес, елде, Ұлттық қауiпсiздiк ко­митетiнiң абақтасында отыр­ғанын дәлелдеу үшiн мейлiнше нанымдырақ айғақ қажет-ау. Карасев осы эпизод бойынша нақты кiмдердiң ұсталғанын ашып айтпады. Есесiне, Төле­шовтiң ұйымдастырмақ болған төңкерiсiне сыбайлас болған бiрнеше азаматтың тұтқындал­ғанын жария еттi.
– Ұсталғандардың iшiнде Бас прокурордың бұрынғы орынбасары, Конституциялық кеңестiң бұрынғы мүшесi Ильяс Бақтыбаев, Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi iстер департаментiнiң бұрынғы бастығы Хибратулла Досқалиев, Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi iстер департаментi бастығының бұрынғы бiрiншi орынбасары Сәкен Айтбеков, 35 848 және 55 652 әскери бөлiмдерiнiң командирлерi, Қорғаныс министрлiгiне қарасты “Оңтүстiк” әскери қолбасшылығының полковниктерi Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев бар. Қазiр ұсталғандар уақытша ұстау абақтысында отыр, – дедi Р.Карасев.
“Сыбайластарды” оңтүс­тiк­тiң жұртшылығы жақсы таниды. Ендi екi жылдан кейiн жетпiске толатын Ильяс Бақтыбаев Алматы облысы, Талғар ауданының тумасы. Прокуратура саласындағы қызметiн 1977 жылы Алматы қаласында прокурордың көмекшiсi болып бас­таған. Кеңес заманында судья да болған. 1991-94 жылдары Алматы қаласының прокуроры, кейiнiрек Қостанай облысының прокуроры лауазымын иеленген. Оңтүстiк Қазақстан облысының прокуроры қыз­метiн ол 2000-2003 жылдар аралығында атқарды. Ильяс Бақтыбаев бас прокурордың орынбасары да болған, бас прокурордың бiрiншi орынбасарының креслосына екi мәрте отырған. Алпысқа толған соң Конституциялық кеңестiң мү­шесi атанып, осы қызметте бақандай сегiз жыл iстедi. Оң­түстiк Қазақстан облысының прокуроры қызметiн Иляс Бақтыбаев заңдылық әлi толық қалыптасып бiтпеген жылдары атқарды. Ел аузында осы жылдары прокурор Бақтыбаевтың кәсiпкерлiк пен қалалық, облыс­тық әкiмдiктегi басшылық қызметтiң тасын қатар өрге домалатып жүрген шымкенттiк танымал азаматты қудалап, ақыр аяғында ауызбастырыққа оның тойханасын сыйға алғаны туралы ақпарат айтылады. Бiрақ екiнiң бiрi айта беретiн бұл мәлiметтiң анық-қанығы белгiсiз.
2006 жылдың мамырында Шымкенттегi Байғұт баба мешiтiнен шығып келе жатқан үш азаматты әлдебiреулер атып кеттi. Осы қанды оқиға­дан кейiн Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi iстер депар­таментiнiң бастығы, полиция полковнигi Құрманбек Артықбаев қызметiнен кеттi. Оның орнына Қызылорда облыстық iшкi iстер департаментiнiң бас­тығы қызметiнен милиция генерал-майоры Хибратулла Досқалиев келдi. Генерал Ресейде туып өскен. Қызылорда облысының полициясын басқар­ған жылдары үнемi мақтау еститiн Досқалиев шымкенттiк менталитетке көндiге алмады. Әйтеуiр, жұмысын шырқ үйiрiп кете қоймады. Ұзамай депар­таменттiң өз iшiнде ырың-жырың басталды. Аудандық iшкi iстер басқармасын бас­қаратын бiр топ полковник генералға қарсы шықты, оған ауыр айыптаулар тақты. Майлы орындарды ашық саудаға қояды дедi. Айтқандай, Дос­қалиевтiң тұсында 2007 жылдың қазанында Төле би ауданында атышулы Маятас оқи­ғасы орын алған. Осы оқиға кезiнде күрдiлердiң үйiн өртеудi облыстық iшкi iстер департаментiндегi лауазымды шендiнiң ұйымдастырғаны туралы алып-қашты сөз тараған едi. Кейiнiрек Маятас оқиғасы бойынша Төле би аудандық iшкi iстер бөлiмi бастығының бiрiншi орынбасары сотталды. Ол өзiне тағылған айыптарды генерал Досқалиевтiң қолдан ұйымдастырғанын, мұның алдында оған 25 мың доллар пара бергенiн сот залында ашық айт­ты. Бiрақ Досқалиев бұл мәлiмдемеге қатысты ешқандай түсiнiктеме берген жоқ. 2008 жылы ол жылы орнын суы­тып, Iшкi iстер министрлiгiне ауысып кеттi.
Оқиға демекшi, былтыр ақпанда Сарығаш ауданында тәжiк ұлтының өкiлi жергiлiктi қазақ жiгiтiн пышақтап өлтiрiп, мұның соңы жаппай тәртiп­сiздiкке ұласты. Сол кездерi “Ватцап” жүйесi арқылы мойнының бiрнеше жерiнен пышақталып, қан-жоса болып жатқан марқұм жiгiттiң суретi тарады. Тәжiктердiң марқұмның өлi денесiн мола басына апарып қорлағаны туралы негiзсiз әңгiмелер тарады. Осыған ашынған жергiлiктi қазақтар көтерiлiп, тәжiктердiң үйiн өртедi. Бiр таңданарлығы, дұрыстап қараған адамға әлгi суреттердiң тергеу амалдары кезiнде түсiрiлгенi анық бай­қалады. Сонда суреттi тергеу­шiлердiң өздерi таратқан ба деген күдiк сол кезде-ақ қылаң берген… Сарыағаш ауданы Тоқтар Төлешовтiң туған жерi.   Ұсталған үшiншi күдiктi Сәкен Айтбеков кезiнде осы Сары­ағаш аудандық iшкi iстер басқармасын басқарған. Облыстық iшкi iстер департаментiн­де құрығы да, құзыры ұзын Өзiндiк қауiпсiздiк, Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармаларына бастық болған. 2013 жылдан бастап департамент бастығының орынбасары, ал былтыр желтоқсанда бiрiншi орынбасар лауазымына кө­терiлген. Полковник бұл қызметте алты айдай ғана отырды. Мамырда ол Төлешовтiң iсi бойынша қызметiнен босатылған. Сәкен Айтбеков Төлешев тұтқындалатынын алдын ала бiлiп, сол күнi оның ұялы телефонына тынымсыз қоңырау шалған деген алып-қашты әңгiмелер айтылған едi. Сол әңгiменiң жаны бар сияқты ма қалай өзi?.
Ал 35 848 және 55 652 әскери бөлiмдерiнiң коман­дирлерi, Қорғаныс министр­лiгiне қарасты “Оңтүстiк” әскери қолбасшылығының пол­ковниктерi Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев туралы мәлiмет жоқтың қасы. Бiр белгiлiсi, аталған екi әскери бөлiм Шымкент қаласында орналасқан. Қайрат Пернебаев әуе күштерiне басшылық жасаған. Ал Бекзат Жумин бас­қаратын бөлiмше былтыр қазанда Қорғаныс министрлiгi жаяу әскер күштерiнiң дайындығын тексеру барысында үздiк деп танылғандығы туралы ақпаратты көзiмiз шалды. Екi полков­никтiң кiм екендiгiн жергiлiктi әскери қызметшi­лерден де сұрастырып көр­генбiз. Алайда айтарлықтай мәлiмет жоқ. Бар бiлгенiмiз, Б.Жумин ұсталардан бұрын бiраз уақыт бой тасалап жүр­ген­ге ұқсайды. Тағы бiр мәлi­мет, тұтқындаулар болардан 2-3 күн бұрын прези­денттiң жарлығымен “Оңтүстiк” және “Шығыс” әскери қолбасшылығының басшылары қыз­меттерiнен кеттi.
Тоқтар Төлешовтi танитындар оның жергiлiктi атақты, беделдi азаматтардың қуа­ныш-қайғысында да төбе көрсетпейтiнiн, көбiне ресей­лiктермен араласқанын айтады. Қазiргi ресейлiк кейбiр ақпарат құралдарында Төле­шовтi ақтап алатын мақалалар жарияланып жатыр. Ал украиналық басылымдар “Қазақстанда проресейлiк басқарған бүлiктiң алдын алу әрекетi жүзеге асты” деп жарыса жазуда. Әйтеуiр, қарама-қайшылығы көп дүние. Тоқтар Төлешов кiмнiң тапсырысын орындаған? Бұған жауап беру тергеу мен соттың төрелегiнде. Әрине, егер олар ақиқатын айта алса… Бүтiндей мемле­кет­тi төңкерiп, билiктi күшпен басып алмақ болды, мұның артында есiрткi саудасымен айналысты, адам ұрлады, рей­дерлiкпен шұғылданды деген айыптаулары бар Тоқтар Төле­шовтiң iсi сотқа жетсе және ол сот ашық өтсе, ақиқатқа сол кезде көз жеткiзермiз.
Ғалымжан Елшiбай,
Оңтүстiк Қазақстан облысы
zhasalash.kz

Related Articles

  • Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Zhalgas Yertay Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған. Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды. Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр? Мәселе санға емес, санаға

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: