|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Тұлғалар

ЕУРОПАДА МИНИСТР БОЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Жәмилә Стехликованың өмірі мен қызметі

«ҚАЗАҚ» газетінің ағымдағы жылғы №16-17 санында жарияланған «Әлемдегі ең іскер қазақ қызы» атты мақаламызда есімі Ангела Меркель, Елизавета ІІ, Хиллари Клинтон, Кандолиза Райс сынды әлемнің ең ықпалды әрі беделді әйелдерімен қатар аталатын Гүлжан Молдажанова туралы кеңінен жазғанбыз. Ал бүгінгі «Қандастар тынысының» кейіпкері – Еуропада министр атанған алғашқы қазақ қызы, медицина ғылымдарының докторы, 53 жастағы чехиялық саясаткер Жәмилә Стехликова.
Жәмилә Алмасқызының есімі 2007-жылы Еуропада және Қазақстанда жиі атала бастады. Өйткені, сол жылдың 9-қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектың Жарлығымен қазақ қызы Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалды. Сол кезден бастап «Тұңғыш» дейтін сөз саясаткер ханымға қарата айтылатын болды. Неге десеңіз, бұған дейін Чехияның тарихында өзге ұлтты министр болған емес, Құдай-ау, Чехия дейміз, мұндай жоғары дәрежелі лауазымға бүкіл Орталық Еуропа елдерінде басқа елдің өкілі алғаш рет көтеріліп отыр. Ал Қазақ елінің тарихында Жәмилә ханым алғашқы болып Еуропаның озық елінде министр дәрежесіне дейін көтерілген қазақ ұлтынан шыққан саясаткер атанды.

Министр атанған қазақ қызы кім?

Расында да, бұл сұрақ халықты қатты қызықтырады. Сондықтан да, қолдағы бар мәлімет бойынша, аталған сұраққа жауап беріп көрелік.
Жәмилә Алмасқызы 1962 жылы 6-ақпанда Алматыда дүниеге келген. Әкесі Алмас Ордабаев – сәулетші, мәдениеттанушы, этнограф. Ал анасы – Рауза Сембаева химия саласының ғалымы. Нағашы атасы Әбдіхамит Сембаев кезінде Қазақстанда Білім министрі болған саяси тұлға.
2007-жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Жәмилә ханым Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасында орналасқан Қарақұрым ауылындағы (Жамбыл облысы) атамекені туралы былайша аңсаған: «…Мен үшін Қарақұрым ауылының маңызы өте ерекше. Қарақұрымда менің атам, яғни әкемнің әкесі туып-өскен. Сондықтан, атамекен дегенде менің есіме әрқашан жиі түсетін жер – өзім туып, балалық шағым өткен әсем де сүйікті қала Алматы емес, алдымен сол Қарақұрым ауылы көз алдымда елестейді. Міне, сол ауылда өз құрбы-достарыммен бірге қыр-далаға шығып, өзен-көлге шомылып, атқа мініп, сайрандап жүрген кездерімді жиі аңсаймын. Менің қазіргі тіршілік-өмір жолым сол Қарақұрым қыстағынан бастау алады десем шындық болар».

Қарақұрым. Мәскеу. Хомутов…

Әкесі Алмастың жұмыс жағдайымен Мәскеуге қоныс аударды. 1986-жылы Бірінші медициналық институтының 1-ші емдеу факультетінде білім алып бітірді. 1985-87 жылдары аталған институттың психиатрия кафедрасында ғылыми қызметкері және сабақ беруші міндеттерін атқарды.
«Мәскеу университетіндегі оқу кезінде чех жігітімен дәм-тұзымыз жарасып, Еуропаға қоныс аудардым. Сонымен, чех тілі ортасына түстім. Ал, қай орта, қай қоғамда болсаң сол елдің тілін білуің арқылы өз бет-бейнең, көзқарасың айқындалады екен. Менің көзім жеткені – ағылшын, орыс, неміс секілді әлемдік деңгейдегі тілдермен қатар өз ана тіліңді білмесең, балаңа үйретпесең онда әлемдік жаһандану теңізіне шөгіп кетуің ғажап емес. Ондай біркелкі өмірде ұлттық тегің де, тарихи тамырың да жойылады екен», – деген саясаткер ана тілі – қазақ тілін сақтай алмағанына өкініш білдіріпті.
Болашақ жарымен Кеңес Одағынан Чехияға қоныс аударған Жәмилә 1987 жылы Прага қаласында аспирантурада оқыды. 1989-1992 жылдары Хомутов қаласында белді дәрігер-психиатр, 1992-1997 жылдар аралығында Прага халық денсаулық сақтандыру орталығында және Мемлекеттік денсаулық институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

Қалалық кеңестен Парламентке…

Саяси мансабын Жәмилә Стехликова 1998 жылы Хомутов қаласы Уәкілдігінің (маслихат) мүшесі болып бастады. Соңғы екі сайлауда Хомутов қалалық ратушасының (әкімдік) мүшесі болды, 2006 жылғы жергілікті уәкілдіктер сайлаудан бері Хомутов уәкілдігінің Шағын ұлттар жөніндегі комиссиясын басқарды. Жасылдар партиясының қалалық төрайымы, өлкелік ұйымының төрайымы және партияның бүкілреспубликалық кеңес мүшесі қызметтерін атқарды.
2001 жылы «Relikty» деген қоғамдық ұйымның құрылтайшысы болып «Pameti Krusnohori» деген жоба бастады. Бұл Солтүстік-Батыс Чехия өңіріндегі чех пен неміс ұлттары ішіндегі ескі тұрғындарды картада белгіледі.
2007-жылдың 9-қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектың Жарлығымен Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалған Жәмилә Алмасқызы бұл қызметінен 2009-жылдың қаңтарында өз еркімен кетті. Қазір экс-министр Чехияның денсаулық сақтау министрлігінің жетекші қызметкері, Жасылдар партиясының жетекшілерінің бірі ретінде саясаттағы мансабын абыройлы жалғастырып келеді.

Өз еркімен министр қызметінен неге кетті?

Чехияның тұңғыш өзге ұлтты министрі болған қазақ қызы 2009-жылы министр қызметінен кетуіне және Үкіметке келмей тұрып оның қатты сынына ұшыраған Иржи Чунектің вице-премьерліктен босауына не себеп болғанын бір сұхбатында: «2009-жылғы саяси дағдарыстың әсерінен Үкіметті сақтап қалуға саяси қажеттілік туды. Мұнда Премьер-министр Мирек Тополанек бұрыннан белгілі тәжірибені қолданды. Ондай тәжірибені уақытында Социал-демократиялық партияның Үкіметі де кабинет мүшелерінің бір бөлшегін, яғни әр партиядан бір немесе екі министрді ауыстыру үшін пайдаланған болатын. Мирек Топаланек өз партиясынан екі, христиандық демократтардан бір Үкімет мүшесін ауыстырды. Соңғысы – вице-премьер Иржи Чунек. Олардың өздері оны ауыстырғысы келмеді. Бірақ, біз оны ауыстыруды табанды түрде талап еттік. Өйткені, біздің Үкіметке Иржи Чунектің нәсілшілдігі көп кедергі келтірді. Сол себепті де Жасылдар партиясы Үкімет құрамының жаңаруын талап етті. Біз осы талабымызды айтып, баспасөз мәслихатын өткізген күннің ертеңінде Иржи Чунектің өзі Үкімет құрамынан кететінін мәлімдеді. Біз үшін оның кетуі мен бірнеше министрдің ауысуы саяси тазару іспеттес еді, сол үшін біз құрбандық жасағандай болдық. Бұл өте маңызды еді. Себебі, Иржи Чунек бір өзі бүкіл Үкіметтің аяғына тұсау болып отырды. Денсаулық сақтау және көлік министрлерінің ауысуы да өте маңызды болды. Жасылдар партиясы, соның ішінде мен де бармын, әрине, ол өзгерісті қолдады», – деп ашық айтқан-ды.

Саясаткердің отбасы

1988 жылғы қаңтарында Милослав Стехлик деген чех жігітімен шаңырақ көтеріп, сол кездегі Чехословакияда көмір кені бар Хомутов қаласында тұрды.
1992-жылы Чехословакия азаматтығын қабылдады. 1997 жылы жұбайы Стехликпен белгілі бір себептерге байланысты ажырасты. Кәмилә (1989) және Асан (1995) есімді ұл-қызы бар.
«Министр лауазымындағы адам мәжілістерден, не қызмет бабымен Чехия бойынша ғана емес, әлем елдері бойынша сапар шегуден қолы тимеген кезде шынымен өзінді отбасының алдында кінәлі сезіне бастайды екенсіз. Ал, бүгіндері бос уақытымның көбірек екені рас. Қазір мен неше түрлі отбасылық шараларды ойластыруға көбірек уақыт жұмсаймын. Серігіммен екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас та жақсарып келеді. Шынын айтқанда, министр кезімде отбасым менің елесімде ғана болатын, ешбір уақытым болмайтын. Меніңше бұл – саясаттағы барлық әйелдің ортақ мәселесі. Әйел адамға жас кезінде, бала-шаға жоқ кезде немесе балалары есейген соң саясатпен айналысуға болады дер едім. Өзім осы екінші топқа жатамын, балаларым ересек, әрқайсысы өзімен-өзі», – дейді екі баланың анасы.

Тобықтай түйін

Жоғарыда айтқанымыздай, бұған дейін Чехияның тарихында өзге ұлтты министр болған емес, тіпті, Чехия дейміз-ау, мұндай жоғары дәрежелі лауазымға бүкіл Орталық Еуропа елдерінде басқа елдің өкілі алғаш рет көтерілді. Сондықтан да, Қазақ елінің тарихында алғашқы болып Еуропаның озық елінде министр дәрежесіне дейін көтерілген қазақ қызының есімі Қазақстан, керек десеңіз, Еуропа тарихында алтын әріптермен жазылғаны даусыз. Дәрігер ретінде де «медицинаның атасы» Гиппократ антына адал болған саясаткер ел арасында даңққа бөленіп жүр. Бәрекелді!

Жасұлан Мәуленұлы

qazaq1913.kz

Related Articles

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • Иранның ракетасы азайғанымен нысанаға тию дәлдігі артқан. Себебі неде?

    Иранның ракетасы азайғанымен нысанаға тию дәлдігі артқан. Себебі неде?

    Фруд БЕЖАН Израильге шабуыл жасалған сәт. 29 наурыз 2026 жыл. Соғыстың алғашқы күні Иран Израиль мен АҚШ-тың ракетаға қарсы жүйелерін қирату үшін жүздеген баллистикалық ракета жіберген. Көп ракета құлатылды. Ал қазір Иран ракета атуды азайтып, күніне ондаған ракета жібере бастады. Ашық дереккөздерге сүйенген әскери сарапшылар Иранның ракета атуы азайғанымен дәл тиюі жоғарылған дейді. Мұның себебіне үңіліп көрдік. “АҚШ пен Израильдің соққылары Иранның ракета жіберу қондырғыларына айтарлықтай зиян келтіргені анық. Мұны атылатын ракеталардың азаюынан байқауға болады. Бірақ Иран ракеталарын үнемдеуге үшін кіші, бірақ маңызды деп шешкен нақты нысандарды дәл ата бастады” дейді Вашингтондағы Stimson Center сараптама институтының ғылым қызметкері Келли Грико. Қазір Иран АҚШ-тың Таяу шығыстағы маңызды әскери нысандары мен радиолокация

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: