|  | 

Көз қарас

КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ КЕМІСТІКТЕР

10269504_705435579492422_2495211001481071043_n

Ертең, 30-тамызда еліміз Ата заң күнін атап өтеді. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының қолданыста жүргеніне 21 жыл болыпты. Негізгі заң еліміздің кеңестік кезеңнен кейінгі өтпелі уақытында өз міндетін орындады. Ең бастысы – тұрақтылық пен тыныштықтың орнығуына, жаңа жас мемлекеттің қалыптасуына, ішкі саясатта құқық тәртібін нығайтуға, сыртқы саясатта – Қазақстанның әлемдік қауымдастың толық мүшесіне айналуына мүмкінік берді. Ата заңымызды мақтан көріп, кәдімгідей арақаланып жүрдік.

ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов 25-тамыз күні журналистерге берген сұқбатында Президенттің мемлекеттік органдардың арасында кейбір өкілеттіліктерді қайта бөлуге байланысты өзгерістер енгізу қажеттігі туралы пікіріне сәйкес кейбір нәрселер жасалып жатқанын айтыпты. Шынында да меніңше Ата заңға енгізілетін, міндетті түрде енгізетін өзгерістер бар. Өйткені бүгінгі 21 жылдық биіктен қарасақ, оның толып жатқан кемшіліктері көзімізге ұрып тұрады.

Ең алдымен Ата заңымыздың аңдатпасынан (преамбуласынан) бастайын. Онда Қазақстандағы мемлекет құраушы Қазақ халқының құқықтық орны мен Қазақстан халқы алдындағы шоғырландырушы, ұйыстырушы, жауапкершілік рөлі ұмыт қалған. Ғасырлар бойы ел мен жердің тәуелсіздігі, ұлттың азаттығы жолында қазақтан басқа ешкім күрескен емес. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – жоңғар басқыншылығына қарсы үш ғасырлық шайқастардың, үш ғасырлық патшалық Ресей отаршылдығына қарсы 400-ден астам көтерілістің, кешегі Желтоқсан қаһармандықтарының нәтижесі. Ол преамбулада атап тұрып көрсетілуге тиіс болатын. Осы кемістіктің салдарынан Қазақ халқының құқықтық мәртебесі бүгінде онда тұратын диаспоралардан да төмен қалып отыр.

Кеңестік кезеңде еліміз Қазақ АССР-і, одан кейін «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деп аталатын. Яғни атынан-ақ ұлттық мемлекеттіліктің белгісі көрініп тұратын. Сол кезде-ақ ол ҚАЗАҚ ҰЛТЫ үшін құрылды. Тәуелсіздік жылдарында бұл дәстүр жетіле түсуі керек еді. Мәселен, «Қазақ Республикасы» болып. Бірақ біз тәуелсіздіктен кейін кері кетіп барамыз. Алысқа бармай-ақ қоялық, 1993 жылғы конституциямыздың аңдатпасында «..қазақ мемлекеттілігінің мызғымастығы негізінде…» (осындағы және ары қарайғы аудармалар ресми емес –М.Т.) деген тіркес болса, ары қарай: «Қазақстан Республикасы өзін өзі билеген қазақ ұлтының мемлекеттік формасы ретінде өз азаматтарын теңдей құқықпен қамтамасыз етеді» деп тұжырымдайды.

Ақиқаты да әділдігі де осы емес пе! Тамаша формулировка! Ал қолданыстағы 1995 жылғы Негізгі заңымызда қазақ халқының конституциялық, демократиялық құқықтықтары жетілдірілу орнына тіпті мүлде ескерілмей қалған. Аңдатпада «біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып…» деп сипай қамшылап кете береді. Құдды бір жер бетінен жойылған әлде бір «байырғы қазақ» халқы туралы хабарлап тұрған тәрізді. Сондықтан Конституциямызға қазақ халқының мемлекет құрылтайшысы екендігі туралы тұжырымды қайтару қажет!

Жақын көршіміз Өзбекстан Конституциясы: «…ӨЗБЕК мемлекеттілігін дамыту тәжірибесіне сүйене отырып» деп басталса, Испания Конституциясы «Испан ұлты» деген тіркеспен басталған. Германия Конституциясында: «Жаратушы Иеміз бен адамдар алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, бүкіл әлемдегі бейбітшілік ісіне қызмет етуге құлшыныспен бірлескен Еуропаның тең құқылы мүшесі ретінде НЕМІС ХАЛҚЫ өзінің құрылтайшылық құқығы арқылы өзіне осы Негізгі заңды белгілейді» деп көрсеткен. Сонда өзге мемлекеттер конституциясында мемлекет құрушы ұлттың орнын көрсетуге болады да Қазақ халқының өз Конституциясында өзінің мемлекет құраушы ұлт екендігін, тарихы орны мен рөлі туралы көрсетуге болмай ма?!.

Қазақстанның қазіргі (2016 ж) қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы жалпы халықтық референдумда қабылданған Негізгі заңнан жер мен көктей мүлде алшақ. 21 жылда Ата заңымызға 59 (елу тоғыз!) өзгеріс пен толықтыру енгізілген. Ерінбей санап шықтым. Бұдан өзге баптарға жасалған Конституциялық Кеңестің отызшақты түсіндірмесі тағы бар. Демократиялық қағидалар мүлтіксіз сақталатын елдерде (АҚШ, Германия, Франция, Испания, Дания, т.б.) конституциялары өзгермейді. Ата заңға Президентінен (монархынан) бастап бәрі бағынады. Біздегі өзгерістер мен түзетулердің көптігіне қайран қалмасқа шараң жоқ.

Әлемдік тәжірибеде референдумда қабылданған құжаттарға Парламент түбегейлі өзгеріс енгізе алмайды. Маңызды өзгеріс пен толықтырулар көбіне тек референдумда ғана жасалады. Біздің Конституциямызда Ата заңға Парламент арқылы өзгерістер жасау құқығы бәрін бүлдіріп тұр. Соның салдарынан электорат Конституцияға жасалар өзгерістер мен толықтырулар туралы ол қабылданып кеткен соң ғана хабардар болып жүр. Парламент енгізген 59 (!!!) түзету мен толықтырудан кейін қолданыстағы Ата заңымызды бүкілхалықтық деуге де, демократиялық деуге де ауыз бармайды.

Сондай-ақ қарапайым сайлаушылардың Парламент депутаттығына сайлау мен сайлану құқығы қолданыстағы Конституциямызға іс жүзінде қайта енгізілуі тиіс деп ойлаймын. Депутаттарды Мәжіліске мажоритарлық жүйемен партиялар арқылы сайлау азаматтардың сайлауға тікелей және төтелей, жасырын түрде дауыс беру құқығын шектеп жүр. Кешегі кеңестік кезеңде сайлау тұсында «коммунистер мен партияда жоқтардың блогы» дейтіні есімізде. Бізде партияда жоқтар құқығы мүлде ескерусіз қалған. Үстіміздегі жылғы қаңтар айының соңында өткен құрылтайында «Нұр Отан» партиясына 849 мың 647 адам мүше екендігі айтылған. Басқа 5-6 партияның әрқайсысын максимум жарты миллионнан деп есептегенде еліміздегі тіркелген партиялардың мүшелерінің саны 4 миллионға жетпейді. 18 миллион халықтың дауыс беруге қабілетті 9 миллионының тең жартысы әлдебір партияға мүше болмағандықтан конституциялық құқығын жүзеге асыра алмай қағыс қалып жатыр. Бұл да конституциялық қиғаштық.

Екі палаталы Парламент те Қазақстанға көптік қылатынын өмір көрсетіп жүр. Әділет министрлігінің заң қабылдайтын қос департаментіне айналып бара жатқан Сенат пен Мәжіліс ел үшін тағдыршешті тұстарда кесімді сөзін айта алған емес. Таяуда шиеленіскен шетелдіктерге Жер сатуға байланысты дау Парламенттің халықтық сипаттан айырылып қалғанын көрсетті. Сенат жанама сайлау тәсілімен, Мәжіліс партиялық мажоритарлық тәсілмен сайланып жүргендіктен екеуі де іс жүзінде бірін бірі қайталайды. Президент әкімшілігінің қақпақылынан шыға алмайды. Сондықтан «Халық қалаулысы» болу үшін парламент сайлауының әлдеқайда демократиялық тікелей және төтелей, жасырын дауыс беру жолы қайтарылуға тиіс. Әрі Парламенттің екі палатасынан гөрі өзін өзі депутаттыққа ұсыну құқығы сақталған шынайы демократиялық жалқы палата әлдеқайда тиімді болары анық.

Ата заңымыздың 51-бабының 1-тармағында «Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылса, ал Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңның Сайлау жүйелерi туралы 9-бабының 1-1 тармағында «Саяси партиялардан Парламент Мәжілісінің депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдермен сайланады» дейді. Мұндай конституциялық қайшылық қайдан пайда болған? Қызық болғанда осы заңның 37-бабында «Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары енгiзiледi» деп түйінделген. Сайлау бюллетеніне партиялардың аты жазылса онда депутаттарды тең және төте сайлау қалай жүзеге аспақ? «Партиялық тізімдермен сайлану» қай партия көп дауыс алса сол партияның тізіміндегі партия мүшелері депутаттыққа өтетіндігін білдіреді. Конституция мен конституциялық заңдарда (қалған күллі заңдарда да) қайшылықтар болмауға тиіс.

Ата заңымыздың мемлекеттік тілге қатысты тұсы да солқылдақтықтан шаршатты. Конституциядағы 7-баптың екінші тармағындағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген норма алынып тасталуы тиіс. Қазақстандағы қазақ халқының саны қазір 67 пайыздан асты. Республиканың 25 жасқа дейінгі тұрғындары арасында қазақтар 80 пайыздан астам үлесті құрайды. Сондықтан орыс тіліне жалтақтықты қою керек! Қазақстанда орыс диаспорасы 3,5 миллиондай ғана. Германиядағы орыс диаспорасы 4 миллионнан астам. Олар Германия Конституциясына орыс тілін ресми етіп енгіз деп жатқан жоқ қой.

Өзінің ұлттық мемлекеттілігін нығайтып жатқан Өзбек елі конституциясының 4-бабында «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тілі өзбек тілі болып табылады. Өзбекстан Республикасы оның аумағында тұратын ұлттар мен ұлыстардың тіліне, әдет-ғұрпы мен дәстүріне құрметпен қарауды, олардың дамуына жағдай жасауды қамтамасыз етеді» деп шаруаны оп-оңай тындыра салған. Бізге де тап осы формулировка жарап тұр.

Сот билігі саласы да конституциялық реформаға өте мұқтаж. Сот судьялары корпусын сайлау да бүкілхалықтық тікелей және төтелей жасырын дауыс беру жолымен жүзеге асырылғаны жөн. Сайлаушылар алдында жауап бермейтін сот судьясы халық пікірін құлағына да ілмейді. Сондықтан өз қатарындағы коррупцияны да тыя алмай отыр. Сотқа халық сенімі өте төмен. Болмашы нәрсе үшін сот шешімдері барлық сатылардан өтіп Жоғарғы Сотқа дейін шағымдалып жатады. Соттың әділдігіне сенім орнаған кезде азаматтар төменгі сот сатысының билігіне тоқтайды. Біз соған жетуіміз керек!

Сондай-ақ, қолданыстағы Конституция БҰҰ 1948 жылы қабылданған «Жалпыға ортақ адам құқықтарының Деклрациясына», 1990 жылы қабылданған «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына» сәйкес болуға тиіс. Өйткені, сол құжаттың соңғы бабында Декларация елдің алдағы Конституциясына негіз болу керектігі шегеленген. Екі құжатты үңіліп салыстырып қараған адамға Декларацияның кейбір тұжырымдары Ата заңға ілінбей қалғанын байқауға болады.

Мен заңгер емеспін. Бірақ Ата заңымыз туралы Отанымыздың қарапайым азаматы ретінде өз пікірімді білдірдім. Қоғам жетілу үшін оның заңдық, құқықтық негіздері де жетілуге тиіс деп есептеймін. Егер осы күнге дейін 59 түзету мен толықтыру енгізілген болса мен жоғарыда айтқан мәселелерді де Парламенттің қолданыстағы Негізгі заңға енгізе салуына еш кедергі жоқ!

Марат Токашбаевтың facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: