|  |  | 

Спорт Тұлғалар

Сәбеңнің (Сәбит Мұқановтың) қамшысының қасиеті жұққан

Хоккейге қаншалықты қатысымыз бар немесе ер Саянның ерлігі

Сурет: olympic.kz

Қасірет-қайғы адам жүрегін аяусыз шеңбектеп, «жазмыштан озмыш жоқтығы» тағы бір қылаң бергенде Абай жарықтық секілді аһ ұрып, ақылға жүгінгенде «жақсы өліпсің, япырмай» деп өксікті ішке жұтудың зілмауырлығын сезіну де қаншалықты азап! Саян қырық тоғыз мүшелінде о дүниеге аттанып кете барғанда жанында болмасақ та, тап бүгін Сафуан Шаймерденовтей қарт қаламгердің бүгілген бейнесі елестеп, «көзіңе жас сұрайсың». Жетпісті орталатқан шағында «отыз ұлға татитын жалғыз ұлын» сұм қара жердің қойнына тапсырған қайран әкенің онсыз да шығар-шықпас жаны күйзелмей қайтеді?! Сол Сафекең «Сәбеңнің (Сәбит Мұқановтың) қамшысының қасиеті жұққан» деп үлкен үміт артқан бала Саян қазаққа жат спорт түрі – хоккейден бабы да, бағы да шауып, 1973 жылы көгалдағы хоккейден ересектер арасында КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақ еді.

Зерттеушілер хоккейдің тарихын төрт мың жылға апарып, Ніл дариясы маңындағы Бенин Хасан Перғауын пирамидасында имек басты таяқ ұстап, кішкентай допқа таласып жүрген екі адамның бейнесі қашалғанын қаперге салады. Ежелгі жапон, грек, үндістерде де осы хоккейге ұқсас ойын түрлерінің болғанын айтып, әлемге әйгілі шығарма «Ромео-Джульеттада» «Верон көшелерінде хоккей ойнауға ханзада қатаң тиым салады» деген жолдардың жолығатынын жазған. XIX ғасыр басында тұтас Еуропаны «жаулаған» ойын түрі асық ойнап алысқан қазақ баласының қолында «жуасып», сертке суарған семсердей доптаяқтың аса дәлдікпен сілтенгені – кешегі есесі кеткен елдің қақысының қайтуы емей не, білген кісіге…

Әуел баста мұз үстінде допты хоккей ойнаған Саянды жетпісінші жылдары көгалдағы хоккейге көбірек уақыт бөлуге шақырған бас бапкер Эдуард Аирихтің байқағыш, ұлттық ерекшеліктерге терең мән беретін қырағылығы таң қалдырады. 1977 жылы «Динамо» командасы екіге бөлінгенде Саянның орны көгалдағы хоккей екенін ескерткен шебер жаттықтырушы мұз үстінде арпалысқан жігіттерді иегімен нұсқап: «Көрдің бе, Саян, мына жігіттердің мұз үстінде еркін ойнақтауын. Бұлар Сібірде туып-өскен. Көздерін ашқалы коньки теуіп өскендер. Ал сен бала кезіңде аздап коньки теуіп, хоккей секциясына келгенде ғана оның қыр-сырын меңгере бастадың. Бұл жігіттерден шеберлігің озып тұрғанмен, техникаң кем. Елдің бәрі допты хоккейдің жұлдызы бола бермейді, бірақ ойыншы өз орнын тапса, үздік атанудың ауылы алыс емес. Көгалдағы хоккейде сенің шеберлігің, техникаң бұл жігіттердің бәрінен озық. Келешекте сен КСРО командасында көш бастайсың», – деп ағынан жарылады. Допты хоккейде де жаман өнер көрсетпеген Саян осы ұсынысты қабыл алып, шынымен де сұрмергендігімен КСРО құрамасында көзге түседі. Ең үздік 22 ойыншының қатарына кіріп, «Динамо» көгалдағы хоккей командасының капитаны болады.
«Сәбеңнің қамшысының қасиеті қонады-ау» деп әкесінің ырымдаған кезі Саянның бес-алты жасқа келіп, мұз үстінде асыр салып, коньки тебуге қатты құмарта бастаған шағы болса керек. Сәбит Мұқановтың тойына келген жұрттың бірі қаламгерге күміс сапты қамшы сыйлайды. Той соңында өзіне іздетейін деген інілік базынамен жасырып қойып, кейін ұмытып, үйіне алып кеткен сол қамшы Сафуан Шаймерденовтің төрінде біраз күн ілулі тұрады. Бірде ойынға шығар алдында конькиінің бауы үзілген Саян әрі-бері жіп іздеп, үзілмейтін, берік жіп таппаған соң төрде ілулі тұрған қамшының өрімін тарқатып, қайысқа қарық болады. Әкесі әуелі ренжігенімен, ырымшыл халықпыз ғой, баласының бұл қылығын жақсылыққа жориды. Саян әуелі мұз үстінде, кейін көгалда хоккейден жақсы нәтиже көрсеткенде қайран әке: «Әй, сол Сәбеңнің қамшысының…», – деп тентек Саянның қылығын бір есіне алып, тәубе қылатын көрінеді.

Жастар арасындағы чемпионатты қоса санағанда КСРО-ның он дүркін чемпионы, Еуропа чемпиондар кубогінің, КСРО кубогінің иегері, КСРО-ның VII жазғы спартакиадасының жеңімпазы болған, көгалдағы хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған, әрі «Динамоның» алты жыл, КСРО-ның бес жыл капитаны ер Саянның бойынан қазақтың қай шалының қасиетін іздесек те жарасар-ау…
«Верон көшелерінде хоккей ойнауға ханзада қатаң тиым салған» шақта біздің бұл спорт түріне қаншалықты қатысымыз болғанын бір Құдай білсін. Бірақ дәл бүгін кез келген салада адамзаттың ұтқырлығы сыналып, бәсекеде қабілеті қаралған тұста Саяндай саңлақ, сұрмерген спортшының «сүйенерге жарағанын» ұмытуымыз – ұлттық ұятқа саятын дүние емес пе?!

Ырысбек ДӘБЕЙ

Related Articles

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: