БӨРІЛЕР ЖОРТУЫЛҒА ШЫҚТЫ
… Арада бір қыс өтсе де Түркі жұртының олқу-толқуы тоқтамады. Таң ордасы Батыс Түріктегі он оқ халқын құзырына қаратуға қанша тырысқанымен, тау жайлаған тибеттер оларға ырық бере қоймады. Баяғы Дапей бұлағындағы шайқастан соң табғаштар да тибеттермен бетпе-бет келуге жүректері шайлығып қалды. Бір иықтарын жалаңаштап, аң терісінен жұрындап ішік киген тибеттер ұзын түлкі немесе қарсақ бөріктерін алшита киіп, қоңыр жорға аттарымен Аталайдан Тәңіртауға дейінгі сары даланы еркін шарлап, ту батыстағы Сарымсақты асуына дейін ат басын тірейтін. Барсакелмес атанған Такла-макан шөліне құятын Күнше, Зерапшан, Жоңқаш, Тарым өзендерінің бойын жайлаған егінші жұрттармен қоса Тәңіртаудың күнгейі мен теріскейіндегі көшпелі түріктер әлі де Тибет отарында еді. Табғаш ордасы бұл кезде олардан сарайға қуғын көріп келгендерді
