|  |  | 

Тұлғалар Әдеби әлем

«Тар жол, тайғақ кешудің» кейіпкері

 CЫРЫМ БАТЫРДЫҢ ШӨБЕРЕСІ 
«Мен 60 жастамын. Екі әйелім бар. Алты баламның алды енді 17-ге толса, кішісі әлі төрт айлық. Қазір менің қолымда бар болғаны: 7 түйе, 30 бас ірі қара, екі киіз үй мен бір қыстақ қана. Малымның саны декретте белгілеген мөлшерден аспайды. Алайда «қазақ халқының азаттығы үшін көтерілісті бастап шыққан Сырым батырдың ұрпағы» деп мені қолда барымнан айырып, отбасыммен айдауға жіберді. Балаларым әлі жас, еңбекке қабілетсіз. Сондықтан қыс мезгілінде Жетісуға жер аудару отбасымды өлімге итермелеу болып саналады. Қалған 10-15 малым отбасымды жолда азықпен қамтамасыз етуге жетпейді. Менің бар малымды ала отырып, жер аударудан және тәркілеу тізімінен алып тастауыңызды Кеңестік Халық Комиссариатынан сұраймын…» (1928 жыл, 20 қыркүйек)
Кеңестік халық комиссариатына жазылған бұл өтініштің иесі – Салық Омаров. Қазақтың атақты би-батыры, қоғам қайраткері Сырым Датұлының шөбересі, ел ішінде шешендігімен аты шығып, «Қанатты Қазы» атанған полковник Қазы Сырымұлының немересі. Әкесі Омар Қазыұлы да сөз ұстаған шешен, ел билеген адамдар екен. Салықтың қайда оқығаны туралы нақты дерек жоқ, алайда көзі ашық азамат болғаны анық. Себебі 1917 жылы сәуірде өткен Орал облысы қазақтарының 1-съезіне арнайы шақырылып, сол съезде Жайық сырты қазақтарының облыстық комитетіне мүше болып сайланған. Жымпиты уездік атқару комитетінің жаңа аумақтық межелеу саясатына қарсы шығып, бұрынғы аумақтық болыстық бөлістерді сақтап қалуды жақтаған. Өйткені жаңа аумақтық бөлім қазақ халқының мүддесіне тиімсіз еді. 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен үшінші Орал облыстық қазақ съезінде Жайық сырты қазақтарының бөлек болыс болу ниетін қолдаған, жаңа болыстықтың құрылуына байланысты елге түсетін салықты жұмыла көтеруді ұсынған. Съездегі Салық Омаровтың ықпал күші Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романында сол кезеңнің идеологиялық талабына орайластыра, шындыққа біршама жақын суреттелген.

АЛАШ ӘСКЕРІНЕ 200 АТ БЕРГЕН
1918 жылы Әлихан Бөкейханның мынадай сүйінші жеделхаты жолданды: «Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды. Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар…. Алашорда бастығы Бөкейханов» («Абай», 1918 ж, 25 қыркүйек, №10).
Іле-шала бұған жаппай дайындық басталып кетті. Қолында малы бар дәулетті байлардың ішінде көмек бергендер болды. Атап айтқанда, жергілікті бай, Алаш партиясының мүшесі Иса Көпжасарұлы Алаш милициясын жасақтауға өз дәулетінен 100 ат берсе, Салық Омарұлы 1918 жылы ақпанда Орал қазақтарының Қаратөбеде өткен 3-съезінде Алаш әскеріне өз табынынан 200 бас мініс жылқы бөліп берген.
Сондай-ақ Салық Омаров қазақ жастарының оқып, білім алуына қаржылай көмек көрсеткен. Мәселен, Алаш арыстарының бірі Жаһанша Досмұхамедовті Орал әскери-реалды училищесінде, сосын Мәскеу университетінің заң факультетінде оқуға жағдай жасаған осы Салық Омаров болатын.

ЖЫРАҚТА ЖҮРІП КӨЗ ЖҰМҒАН
Әйгілі би, шешен Сырым батырдың бетке айтар тік мінезі шөбересі Салықтың да бойында бар еді. Ұлтқа жасалған қиянатқа шыдай алмайтын. Әсіресе, 1916 жылы патша өкіметінің тыл жұмысына қазақ жігіттерін алу туралы жарлығы шыққанда қарсы тұрғандардың бірі осы Салық еді. Сондықтан қызметтен қуылу, түрмеге жабылу, тіпті жер аударылу сияқты жазалардан көз ашпады. Бұл туралы өз қолымен жазған шағым хатында ол: «Мен осы 60-қа келген шағымда екі рет (1893 және 1910 жж.) болыс управителі болып сайландым. Бірінші рет уез басшысының халыққа зиянын тигізетін бұйрықтарын орындамағаным үшін, екінші рет бір жарым жылдан кейін биліктің айтқанымен жүрмегенім үшін Орал вице-губернаторы Мордвинов жұмысымнан шығарып тастады. Мені 1916 жылы жігіттерді тыл жұмысына алуға қарсы үгіт-насихат жүргізіп жүрсің деп айыптап, өзіне шақырып алып, мойнымнан жұлқылап «асып қоямын және түрмеге қамаймын» деп қоқан-лоқы көрсетті. Сонда үш жарым жылдық үзіліспен болыс управителі болған қызметім осындай ауыр жаза – жер аударылуыма негіз бола ала ма?» – дейді.
Бұл Салық Омаровтың қартайып, ауру меңдеп, таяққа сүйеніп жүретін тұсы болатын. Және баяғы көл-көсір байлық та жоқ. Басқан ізі аңдулы. Тіпті бірде емделу үшін сатқан және ауырып өлген қойлары үшін оны түрмеге отырғызып та қойды. Сегіз айдан соң түрмеде ұстап отырудың негізсіз екеніне көзі жеткен үкімет Қазақ АКСР-ның мемлекеттік прокурорының телеграфтық бұйрығымен оны түрмеден босатады. Бірақ көп ұзамай 1920 жылы 18 сәуірде оны қайтадан бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығады. Бұл жолы да Ә.Әйтиев, С.Арғыншиевтердің араласуымен үкімнің күші жойылады. Осыдан кейін ол еш нәрсеге араласпай, өз бетінше шаруашылықпен айналысып кетеді. Осылайша 10 жыл зулап өте шығады. 1928 жылы Орал округіндегі ірі байларды тәркілеп, жер аудару науқаны басталар қарсаңында Салық Омаров Орал округі бойынша Қазақ өлкелік партия комитетінің уәкілетті өкілі Қ.Сармолдаевқа өзін тәркілеуге іліктірмеу туралы Жаһанша Досмұхамедовтің жазған хатын тапсырады. Жоғарыдағы хат осы болатын. Алайда бұл өтінішіне мойын бұрмаған үкімет оны Алаш қозғалысына белсенді қатысушы ретінде мал-мүлкін тартып алып, Орал округі бойынша тәркіге түскен 113 адамның қатарында үй ішімен Жетісу округіне жер аударып жібереді. Тағы тоғыз жылдан соң, 1937 жылы Жетісудан Челябіге 10 жылға жер аударады. Салық Омаров 1941 жылы жат жерде көз жұмады.

Мәриям ӘБСАТТАР                                                                                                                                                                                                                zhasalash.kz

Related Articles

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: