|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Мәскеу мен Дамаскіге жасалған ескерту


Путин мен Асадтың суреттері бар ыдыстар. Сирия, Дамаск, 7 сәуір 2017 жыл.

Путин мен Асадтың суреттері бар ыдыстар. Сирия, Дамаск, 7 сәуір 2017 жыл.

Азаттық АҚШ-тың Сириядағы Асад үкіметінің Шайрат әуе күштері базасын зымырандармен атқылауына қатысты америкалық сарапшылардың пікірін сұрастырған еді.

Сирия армиясына қарсы АҚШ-тың тұтқиылдан жасаған алғашқы тікелей әскери операциясына түрткі болған себептер мен оның ықтимал салдарларын бағалаған америкалық сарапшылар мен комментаторлардың көбі бұл соққы – елемеуге болмайтын ескерту деп біледі. Енді Сириядағы оқиғалар Дамаскі мен оның одақтастарының АҚШ-тың ескертуіне қатысты реакциясына қарай өрбитін тәрізді.

Санаулы күн бұрын ғана Башар Асадты биліктен шеттетуді талап етпейтінін тұспалдап жеткізген президент Трамптың бұйрығымен жұма күні таңсәріде Сирияның Шайрат әуе базасын америкалық екі әскери кеменің бортынан ұшырылған «Томагавк» зымырандарымен атқылаған күшті соққы америкалық бақылаушылардың қилы болжам жасауына түрткі болды. Бір нәрсе анық: президент Трамптың шешімі Сирия армиясы мен ресейлік күштерге толық еркіндік беріп қойған алдыңғы президент Барак Обаманың алты жылдық стратегиясын бір сәтте теріске шығарып, сызып тастады. Обама Дамаск мен Мәскеумен ашық әскери қақтығысқа баруға тәуекел етпеген болатын. Ал Дональд Трамп мұндай тәуекелге бара алатынын көрсетті. The Washington Post газеті әуе соққысынан кейінгі алғашқы сағаттардағы жағдайға қатысты комментарийлерінде Трамп әкімшілігі Сириядағы әскери операция ауқымын күрт ұлғайтты деп жазды.

Бірақ президенттің мәлімдемесі мен америкалық баспасөзде тараған ақпаратқа қарағанда, Ақ үй өзіне айқын әрі шектеулі міндет қойып отыр. Жұма күні президент Трамп «Әуе соққысының мақсаты – жаппай қырып-жою қаруын пайдалану мен таратуға жол бермеу» деп мәлімдеді. Президент америкалықтарға арналған сөзінде соққы жасау туралы бұйрықты АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мүдделерін көздей отырып бергенін айтты. Ол жаппай қырып-жою қаруын пайдалануға жол бермейтінін Асадқа тікелей ескертті, өйткені Сирия армиясының химиялық қаруды пайдаланғанына қатысты ешқандай күмән жоқ.

Зымыран шабуылы мұқият мөлшерленіп жасалды. Бортында химиялық қару бар сириялық ұшақтар ұшып шыққан деген әуе базасы атқыланды. Ұшақтар, ұшақ тұрақтары, зениттік зымыран кешендері мен радарлар, оқ-дәрі қоймаларына соққы жасалды. Пентагонның түсіндіруінше, бейбіт тұрғындар, тіпті базада жұмыс істейтін қызметкерлер жапа шекпес үшін бүкіл мүмкіндік қарастырылған. Ол жақта әскери қызметшілері бар болғандықтан, шабуылға әзірлік жайлы Ресейге алдын ала ескертілген. Ресейліктер қызмет атқаратын территория соққыдан аман екені айтылады. Өзгеше айтқанда, енді жаппай қырып-жою қаруын қолдану шектен шығу болып саналады деген айқын белгіні Дамаскі мен Мәскеуге барынша ұқыпты етіп ұқтыру үшін барлық амал жасалған.

Шабуылдан кейін әуе базасынан түсірілген сурет.

Шабуылдан кейін әуе базасынан түсірілген сурет.

 

The Chicago Tribune газетінің редакциялық мақаласында «Геосаяси тұрғыдан алғанда, бұл акция Владимир Путинге Сирияда тәуекелге баратын жалғыз президент емес екенін білдіретін белгі болды. Ендігі жағдай қалай өрбиді? Асад емеурінді түсініп, химиялық қаруды қолдануды тоқтата ма? Әлде Путиннің қолдауына сүйеніп, әскери-әуе күштерін бейбіт халықты бомбалауға тағы жібере ме? Трамп мемлекеттік департаменттің сөзбен наразылық білдірумен шектелуіне мүмкіндік беріп, зымырандарды пайдаланудан тартынып қалуына болушы еді. Бірақ ол олай істеген жоқ. Енді қарсыластарымыз бен одақтастарымыз қадамдарын жаңадан есептеуі тиіс» деп жазады.

Америкалық бақылаушылардың көбі бұл акцияны Дамаскіге де, Тегеранға да, Пхеньянға да жасалған ескерту деп біледі. Шабуыл ҚХР төрағасы Си Цзиньпин АҚШ-та ресми сапарда жүрген кезде жасалды. Трамп оны америкалық президенттің өз сөзінше, «сазайын тарттырғысы келетін» Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын бейтараптандыруға көмектесуге көндіргісі келеді.

Америкалық әскери сарапшы әрі Вашингтондағы Гудзон институтының қызметкері Ричард Вайтцтың пікірінше, Сириядағы зымыран соққысы Трамп әкімшілігінің бұл елдегі жағдайға көбірек араласуға әзір дегенді білдіруі екіталай. Ол бұл – көбінесе символдық әрекет деп санайды.

– Қазіргі сәтте бұл акция Сирия армиясы химиялық қаруды қолданғаны үшін символдық жаза, яғни жалғыз-жарым эпизод сияқты болып көрінеді. Бірақ ол Ақ үйге қойылатын талапты күрт арттырады. Егер Асад химиялық қаруға тағы жүгінсе немесе АҚШ-пен қақтығыс деңгейін әлдебір амалмен ушықтырғысы келсе, мұндай акция тағы қайталануы мүмкін. Меніңше, бұған дейін Обаманы әлсіз басшы, ал Трампты Сирияда болып жатқан жағдай толғандырмайтын адам ретінде санап, ойына келгенін істеп келген көптеген тұлғалар енді олай емес екенін түсінуі тиіс. Сондықтан қақтығысты ушықтыру енді олар үшін жайсыз зардаптарға ұласуы мүмкін екенін ұғатын шығар деп ойлаймын. Тым болмағанда, олар енді химиялық қаруға жүгініп, бейбіт халыққа қарсы айуандықтардан тартынғаны жөн.

Шабуылдан кейін әуе базасынан түсірілген сурет.

Шабуылдан кейін әуе базасынан түсірілген сурет.

 

– Яғни сіз Ақ үй Асадпен күресте Сирия оппозициясына көбірек көмектесуге ниетті деп ойламайсыз ғой?

– Қазіргі сәтте – жоқ. Меніңше, Дональд Трамп үшін Сирия назар аударуға тұратын маңызды мәселе емес. Ол Сирияда болып жатқан оқиғаларға қатысты алаңдайтынын ешқашан көрсеткен емес. Сондықтан меніңше, жұма күнгі соққы оның көзқарасы күрт өзгерді дегенді білдірмейді. Оны Сириядан гөрі Иран, Солтүстік Корея, Ресей немесе Қытай әлдеқайда көбірек ойландырады, – дейді Ричард Вайтц.

Пентагонның бұрынғы жоғары лауызымды қызметкері Дэниэл Гурэ Ақ үй шектеулі операцияға белгілі бір мақсатты көздеп барғанына қарамастан, ол АҚШ пен Сирия жанжалына қатысып жатқан негізгі тараптардың қарым-қатынасын өзгертті деп санайды.

– Америка көшбасшылық рөлін қайтарып алды. Бұл – анық. Меніңше, Владимир Путин да бұл эпизодтан өзіне тиісті қорытынды жасауы тиіс. Ресеймен жанжал туу қаупі жайлы комментарийлер баспасөзде онша көп жарияланбауы АҚШ-та ерекше көңіл-күй қалыптасқанын көрсетеді. Өзгеше айтқанда, егер Башар Асад тарапынан әлдебір жаңа арандатуларға жауап қайтаруды ұйғарса, бұл Трамптың әкімшілігі үшін қиын кедергі болмайды деп ойлаймын. Меніңше, қазір Ресейді үлкен проблема күтіп тұр. Егер Асад жаңа арандатуларға шынымен барса ше? Мысалы мен ол химиялық қаруды Мәскеудің келісімімен қолданды, ол Мәскеу оны толық бақылауында ұстап отыр дегенге үлкен күмәнім бар. Ал Асад – Ресей одақтасы, ол Сирияда Ресейдің әскери қызметшілері жүргеніне қарамастан жөнсіз қадамға барды делік. Кремль онда не істейді? – дейді ол.

– Айтпақшы, әуе шабуылдарынан мықты қорғанысты қамтамасыз етуі тиіс болған ресейлік зениттік зымыран кешендері жайлы неге ештеңе айтылмайды? Пентагонның мәлімдемесінде әуе шабуылына қарсы жүйелер мен радарларды көздеп соққы берілді деп анық айтылды ғой? Әлгі жүйелерді істен шығарып, жойып жіберді деуге бола ма?

Ең басты қорытынды – Трамп әкімшілігі ескерту жасады әрі бұл Асадтан өзгелерге де қатысты ескерту болды. Оның ішінде Иран да, Солтүстік Корея да, Путин де бар.

– Меніңше, америкалықтар түрлі тәсілдерді, оның ішінде электрондық тұншықтыру арқылы әлгі жүйелерді оп-оңай істен шығара алады. Олар – шектеулі диапазонда қолданылатын жүйелер. Бұл Еуропаның шығысы мен Ресейдің батысында тұрған біріктірілген жүйелер емес.

– Тұтастай алғанда, Дональд Трамптың Сириядағы әуе базасын зымыранмен атқылау жайлы шешімін қалай бағалар едіңіз?

– Мен мұны дұрыс шешім деп санаймын, өйткені ол жаңа әкімшіліктің сыртқы саясаттағы ұстанымын көрсетеді. Ол кей әрекеттерге төзбейтінін мәлімдеді. Енді ол дереу әрі батыл әрекет ететін болады. Келесі акция бұдан гөрі шапшаң әрі қатал болуы мүмкін. Ең басты қорытынды – Трамп әкімшілігі ескерту жасады әрі бұл Асадтан өзгелерге де қатысты ескерту болды. Оның ішінде Иран да, Солтүстік Корея да, Путин де бар. Путинге өзінің әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауды, енді бұрынғыдай емін-еркін әрекет алмайтынын ұқтырды. Бұл оны көптен бері мазаламаған нәрсе.

Юрий Жигалкиннің мақаласы орыс тілінен аударылды.                                                                                                                                                                      Айжан ОРАЛҒАЗИНА
Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: