Энергетика министрлігінде атом саласының қызметкерлерін құттықтады
2017 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде атом саласының қызметкерлерін құттықтады. «Атом саласы қызметкерлерінің күніне» арналған салтанатты жиынға ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатысты.
Министр атом саласының қызметкерлерін, Қазақстан атом өнеркәсібінің ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, саланың және жалпы экономиканың дамуына қосқан үлестерін атап өтті.
- «Қазақстан-2050» стратегиясында Мемлекет басшысы Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі жауапты саясатының нәтижесінде осы салада көшбасшы және басқа мемлекеттерге үлгі болып табылатындығын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды белсенді дамытып келеді, – деді құттықтау сөзінде
Қ. Бозымбаев.
Сондай-ақ Министрлік басшысы Қазақстанның атом саласының даму тарихына тоқталып, осы жылы 1942 жылғы 28 қыркүйектегі «Уран бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы» КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті өкімінің шыққанына 75 жыл толғандығын атап көрсетті.
Қ. Бозымбаев Қазақстан табиғи уранды өндіру бойынша әлемде алдыңғы тұғырда тұрғандығын айтты. Алайда, Министрдің айтуынша, Қазақстан табиғи уранды өндіру мен жеткізуге ғана емес, жоғары қайта өңделген, қосылған құны жоғары уран өнімін шығаруға және өткізуге мүдделі. Меншікті ресурстық базасын максималды түрде пайдаланатын ядролық отынды шығарудың толық циклін құру атом өнеркәсібіндегі басым бағыт болып табылады.
Қ. Бозымбаев ЭКСПО-2017 көрмесінің шеңберінде ITER Эксперименталдық термоядролық реакторының жобасы жөніндегі халықаралық ұйым мен «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» РМК арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғандығын хабарлады. ITER жобасы адамзатты басқарылатын термоядролық синтез негізінде өнеркәсіптік масштабта энергияны алуға жақындатады.
Ресми бөлімнен соң атом саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан ҚР ЭМ Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың үздік қызметкерлерін «Еңбек Ардагері» медалімен, «Атом саласының үздігі» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапаттау рәсімі өтті. Осы жылы ведомство басшысы 59 адамға жоғары атақ беріп, ілтипат білдірді.
ҚР ЭМ Баспасөз қызметі
Пікір қалдыру