Тарбағатайдың жамбылын салғанда Тарбағатай губернаторы хат жазып, керейден көмек сұрапты. Керей билері Мәми мен Қара Оспан ақылдасып, Тарбағатайдан бөлініп шығуды ойлап, Қара Оспан: «керейден жәрдем бергізбеймін» деп, Мәми «жәрдемдесейік» деп, сонымен керей екіге бөлініп, «әлі бірлікке келе алмай жатырмыз» деп хабар беріп, жұмысты әдейі кейінгесоза беріпті. Осыдан барып Алтай керейлері мен Тарбағатай ұлықтары арасындағы дүлдараздық ұлғая түсіпті. Сонда Жәке: Мәми кетсе керейден ақыл кетеді, Оспан кетсе Керейден айбар кетеді, – деп баға берген екен. Осы кезде губернатор Жәкені шақырыпты. Сол жылы Жәке Шылан деген әскербасының үйінде болғанда сар шегір, сақалды кісі Жәкеге Шылан: Е, Жәке, сені мақтаған ел «Керейдің Жәкесі, меркіттің әкесі» дейді, жамандаған ел «Тауда жүрген тау текенің текесі» дейді ғой, – депті. Е, Шылан сені мақтаған ел «Тарбағатайдың Шыланы» дейді, жамандаған ел «қан сорғыш кара шұбар жыланы» дейді, – депті Жәке. Оның тапқырлығына риза болған, әрі оның шешендігінен ығысып қалған Шылан «бұдан былай дос боп өтейік»деген екен. *** Бір кезде Жәке өзіне қарасты жәнтекей руларын Мәми бейсінің қарауына өткізіп беріп, оның есесіне Бурылтоғайдағы үш зәңгі ел меркітті өз қол астына қаратпақ болып, губернатордан бекіту қағазын түсіріпті. Осыдан соң меркіт руларының бастықтарымен бас қосып ақылдасып, өзіне қарасты зәңгі, залыңдардың алман-ақуларын белгілеп беріпті. Соңынан зәңгі, залыңдар Жәкеден: Сіз өзіңіз қанша қазан алман аласыз? – деп сұрапты. Сонда Жәке: Құдай маған бақытты өзі берген. Өз малым өзіме жетеді. Қазан алман алмаймын, қайғы-уайым салмаймын, – деп жауап беріпті.
Бір кезде бір жерден әкімшілік аудан құру үшін оның егістік жерінің көлеміне қарайтын болған. Алтай аймағында егістік жері 100 хуға (бір ху – жеті гектар мөлшеріндегі Қытайдың аумақтық өлшемі) толсағана бір аудан болып бөліне шығады екен. Сол кезде Жеменей ауданында әрең 60 ху егістік жер болса керек. Осы себептен ол буыршын ауданына қарайды екен. Жәке губернатордантағы да 40 гу жерге қағаз алып, ол жерді меркіт руына бөліп беріп, Ласты өзенін бұрып, тоған салдырыпты. Келер жылы Жеменейге аудан деген ат беріліп, әкім жіберіліпті. Сауыр керейлері: «Қытай келіп алман алатын, өзімізге кесел салатын болды. Осыған мұрындық болған сен,» – деп Жәкеге наразылық білдіріпті. Сонда Жәке: Бес уақыт намазын дұрыс оқысаң, құдайдың сенде несі бар? Алман-салығын толық берсең қытайдың сенде несі бар? – деп жауап берген екен.
Жұмажан дейтін би ауырып жатып, халы азайғанда Жәкені шақырып алып арыздасыпты: – Самырат,меркіт ақылымыз бір, жақсылық-жамандықты тең көріп келе жатқан ел едік. Самырытта сойыл алып жауға шабатын, сөз алып дауға түсетін азаматтар әзірге жоқ. Ер жетіп келе жатқан жас балалар елдің қамын ойлап біріктіре ме, өз басын ғана сақтап бірліктен айрыла ма, белгісіз. Самыратты саған тапсырдым. Сені құдайға тапсырдым. Есесін жіберме, намысын тигізбе, – депті. – Айтқаның жөн. Мен тірі тұрғанда ешкімге есесі кетпес, – депті Жәке. Сонан аттанып былайшыққансоң, Жұмажанның халының нашарлығын ойлап: Басында қара таудың бір бәйтерек, Бұл бәйтерекқұласа біз қайтер ек. Дәм бітіп бұл дүние аударылса, Жиған мал, істеген іс неге керек? – деген екен қасындағыларға.
Жұмажан өзінің үлкен ұлына дөртуылдың бір байының қызына құдаласады екен. Жұмажанның баласы тұйықсыз қайтыс болыпты да, самырат жағы оң жақтағы қызды Жұмажанның інісі Тайкешкенге қаратамыз деп кісі салса, құдасы қамшысының ұшын бермей, барған адамын қуып жіберіпті. Самыраттар: «Жесірімізді алып бер» деп Жәкеге алты қанат ақ үй тігіп, аузын буған кішкене саба апарыпты. Жәкеге сарқасқа қойға бата істетіп, самыраттарға көкқасқа құнажын әкеліп бата қылдырыпты. Тайкешкен ыза болып, сабасын жарып, құнажынның мүйізін қағып алыпты. Сонда Жәке: Дөртуыл, мен сендерді сөкпеймін, Жұмысым бітпей кетпеймін. Жақсы ісңді жарылқаймын, Жаман ісіңді тектеймін. Бізді күтпе, самыратты күт, Олардыңбасы қаралы, Беті жаралы. Құдай дескен құдаң, – депті. Қызды шақырып алыпсұраған екен: Күйеуім өлген тұлмын. Мен самыратқа бармаймын. Керейден басы сау біреу табылар. Тайкешкен де мен сияқты әйел, – депті. Тайкешкен қамшысын білеп: Әкең мен шешеңді шақырып кел, әйел ме екем, ер ме екем, солардың алдында көрсетейін, – депті. Үй ішіндегілер қамшы білесіпәзер тоқтатыпты. Тайкешкен еліне хабарбергізіп, алпыс адам алдырыпты. Дөртуыл да байлығы менмықтылығын көрсетуге қамданыпты. Сонда Жәке: Дөртуыл, күштілігіңді көрсетпе, байлығыңа мақтанба. Асатынталай бел бар,алдыңда қазулы ор бар. Жесір дауын көргеміз, керейдің талай қызын найманға ұстатып бергенбіз. Сенің қызың сонан артық па? Керей-найманның жолын сендер өзгерте алмайсыңдар, –депті. Соңында қыз өзі келіп, Жәкеге мұң-зарын айтып жылапты. Дөртуыл жағы да тарығып, «билікті, Жәке, өзің айт» депті. Жәке былай депті: – Екі түрлі билік бар. Дөртуыл таңдағаныңды ал. Біріншібилік қалыңмалға алған екі жүз қой, екі айғыр үйір жылқы, құдасы мен құдағиына берген ақ бас түйе мен ақ жамбысын, жүйрік атын қайтарасың. Келген қонақты мазақ етіп, керей-найманның қонақасын бұзғаның үшін ат-шапан айып, қыздарың Тайкешкенді қаралағаны үшін бір тоғыз айып тартасың. Бұған көнбесең, екінші билік – жесірін қолына беріп, самыратты жолға саласың. Өзің таңдап біріне көн. Ақыры малмен бітім жасалыпты.
Бір жолғы дау үстінде Жәке бір қажыны «сен» деп қалыпты. Оның үстіне бір өтірігін де ұстатып алыпты. Сөз аңдып отырған қу жігіттер осыдан ұстап Жәкені жеңбек болып: Әй, Жәке, біздің қажыға «сен» деп неге тігіл сөйлейсің? Оның үстіне мына айтқаның тіпті өтірік қой, – депті. Сонда Жәке: Е, қажы болса қайтейін, Лақ бидің шақшасы да қажығабарып келген. «Сіз» деген сөз «сен» деген сөздің келіні емес пе? өтірік сөз шын сөздің желімі емес пе? – деген екен.
Жәкенің қартайған шағында Бұтыбайдың үйінде бір топ адам Жәкені мақтап отырса керек. Сол арада отырған, Жәкенің балдызы іспеттіболып келетін саркідір әйел сөзге қалжың араластырып: Қартайғанда Жәкені мақтап, қаупаштай беріп қайтетін едіңдер? – депті. Сонда Жәке: Иә, осы балдызымдікі жөн-ау. Біздің елде Көтбай дейтін ақын бар. Сол ақын қартайғанда балдыздары ойнап мазасын алып болмағанда: Ішінде көпжемістің алма жақсы, Құрықтан қашағанға шалма жақсы. Жас күнде балдыздарға перідей ем, Бұл күнде менен дағы мал ма жақсы, – деген екен. – Мұныкі де сол ғой баяғы, – деп үйтолы адамды қыран күлкі еткен екен.
Кезінде меркіт руынан шыққан Дәмежанды ұстап беруге қатысы бар делінген Мамырбек төре бір кезде Тарбағатай елінің қысымына ұшырап, Сауырдағы Жеңісхан төреге келіп паналапты. Жеңісхан оның бұрынғы өкпесін тарату үшін Жәке бидің үйіне ертіп барыпты. Қонақтарға қонағасы әкелініп, бата тіленіпті. Батаны өзіңіз істеңіз, – депті қонақтар жасы үлкен Жәке биге жол беріп. Сонда Жәке би: А, құдай, жас бер дедім, жас бердің. Бас бер дедім, бас бердің. Алдыма қызыл, артыма қара көк тас бердің. Көгекемнің аруағына көкқасқа тайымды айттым. Кейіс көрген төреге бейістен шыққан қойды айттым. Аллаһу акбар, –деген екен.
Жәнтекейдің қазыбек руы мен меркіт руы ұзақ жыл қанаттас отырғандықтан жер таласы толассыз болып отырыпты. Сөз жүйесіне келгенде Жәке би дендесе, он бір сәмембеттің көптігіне, одан қалса керейдің төрт биіне сүйенген Лақ би меркіт руын ығыстырып, Ластының шығыс жағынан асырмапты. Ершімді сөзі, елеулі пікірі ақпаған Жәке би найманның Бұтабай биін шақырып, осы жұмысқа ақыл сұрапты. Сонда Бұтабай: «Жәнтекей мен жәдік кісі өлтірсе, қарақас пен молқы құн тартады» дейтін сөз бар. Оның үстіне, айырығы мол бір арнаға құятын өзен секілді тасып та жататын, ордасына сыймай асып та жататын ел ғой. Ағызбаймын дегненге бөгеу бермес, Жайылмадан тосып бұрмасаңболарма? Сіз Лақ биді қалай бағалайсыз? – депті. Жәке бт оған: Ол ұялы теректің бүрінен шыққан сібірткі ғой. Үші тозғанмен бүрі қалады. Бүрі таусылса, көктейтін түбірі қалады емес пе? – деп жауап беріпті. Дұрыс айтасыз, олай болса алдымен өзім барып келейін, – деп Бұтабай Лақтыкіне келіпті. Ықыласпен жақсы қарсы алынған Бұтабай би Лақ биден: Осы Жәкені қалай бағалайсыз? – деп сұрапты. Е, Жәке құбыланың қызыл желі емес пе? Бір ағытылса басылар ма? Өздігінен айықпаса ашылар ма? Сол үшін іргені көміп, сақтықпен отыр емеспіз бе? – депті Лақ. Бұтабай би аттанар алдында Лақ онан қандай бұйымтаймен келгендігін сұрапты. Сонда Бұтабай: Қонынсымыз шалғай болғанымен, туысымыз бір, Орта жүздің кіндіктестеріміз ғой. Бірінші жұмысым- жәнтекей, меркіт абақ керейінен тараған, төскейде малың, төсекте басың қосылған туыссың. Жәке екеуіңніңортаңда шешілмей жүрген кірбіңдіктерің бар екен. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін аталы сөз бар. Басқаны қойғанда, көшсең қонысың бір, мал қайырсаң өрісің бір, ауылараласотырған ағайынсыңдар. Берекеге келіп, ынтымақтассаңдар деген тілекті білдіргелі келдім, – депті. Бұл сөзге жығынды болған Лақ би: Онда бұл даудың өзіңнің бітіруіңе бердім, – деген екен. Сонымен қазыбек пен меркіт рубарының ортасындағы жершекарасын Ластының шығысы Ошарбай деп белгілеп, әр екі жағын бітімге келтіріп, Бұтабай кетерінде Жәке биге: – Ел алдында еселі сөзіңді жіберме. Бірақ көршілес отырған ағайындарға алая бергеннен қолтыққа тартқан жақсырақ болады. Лақтың сене жасы үлкен, қартайып қалған қадірлі қария. Батасын алған жөн,– депті.
Жәке жас кезінде қайындап барып қайтар жолында сәлем беріп Бұтабайдың үйіне түскен екен. Жәкені сүріндірмек болған бір топ жас жігіттер: – Ей, Жәке, әнеугүні қайныңа кетіп бара жатқанда тіпті ажарлы, үскінді едің. Енді қайтарыңда ұнжірғаң түсіп, сүлпиіп қалыпсың ғой, – депті. Сонда Жәке аспай-саспай: – Е, оның рас. Барарда қараша, қожанның жігіттеріндей адыраңдап-ақ барып едім, қайтарымда саты мен сайболаттың жігіттеріндей сүлпиіп қайттым деген екен. Өз руларының аты аталған жігіттер үндей алмай қалыпты. Сонда Бұтабай көзінен жас аққанша күліп: – Іздегендерің осы ғой. Өздеріңе де обал жоқ. Айғыр мен ойнаған ат арқасын алдырады, – деген екен.
Жәке қайыншылап жүріп атының шөбі таусылып қалып, Қыдырбай деген біреуден бір тең шөп алып қайтыпты. Аз күн өтіп ол шөптаусылған соң Қыдырбайға тағы келіпті. Жәкенің келе жатқанын көрген Қыдырбай өтірік ұйықтап, төсегіне жатып алыпты. Сәлем берсе, естімеген болыпты. Қыдырбайдың бәйбішесі де шәйін тез құйып, кетіруге асығыпты. Әрі: – Жәке, шәйіңді іштің, енді не бұйымтайың бар? – депті. Сонда Жәке: Қырынқарап жатады шөпті кісі, Екі сұрап алады епті кісі. Шөп сұрайын деп отырмын, – дегенде Қыдырбай күліп жіберіп, басын көтерген екен.
Пікір қалдыру