Ирак әскері Киркук қаласына кірді
Ирак әскері күрдтер басқаратын даулы Киркук қаласына кіріп, қалалық кеңестің бас кеңсесін бақылауына алды. Қала тұрғындарының Reuters агенттігіне айтуына қарағанда, Ирак әскери күштері қалалық кеңес ғимаратының үстінен күрдтер туын алып тастаған, қазір онда Ирак туы ғана тұр. Күрдтер туы бұл жерге биыл сәуірде тігілген болатын.
Қаладан мыңдаған тұрғын кетіп қалғаны хабарланып жатыр. Күрдтердің пешмерга жасақтары Киркук провинциясының көп бөлігін 2014 жылы “Ислам мемлекеті” (ИМ) экстремистік ұйымының содырлары Ирактың солтүстік бөлігін басып алған соң бақылауға алған.
Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади Күрдістан автономиясы мен оған жақын аймақтарда, оның ішінде Киркукте 25 қыркүйекте тәуелсіздік алу жөнінде референдум өткен соң “елдің тұтастығын қорғау үшін” операция жүргізу қажетін мәлімдеген.
Күрдістан билігі аймақ тұрғындарының басым көпшілігі тәуелсіздік алуды қолдап дауыс бергенін мәлімдеген. Бағдад референдумды заңсыз деп таныған.
15 қазанда Күрдістан дағдарысын тақылайтын келіссөз күрдтердің басшылары ресми Бағдадтың референдум нәтижелерін жою туралы талабын орындаудан бас тартқан соң өтпей қалған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру