ҚАЛИХАНДЫ ЖАБЫЛЫП ҰРЫП, ҚАБЫРҒАСЫН СЫНДЫРҒАН ОРЫСТАРДЫ ОЛЖАС ИТШЕ ТЕПКІЛЕГЕН ЕКЕН…
Олжас Сүлейменовтің найзағай намысты азамат екенін көпшілік біледі. Ол шығармашылығы мен ғылыми зерттеушілік жолында түркі нәсілінің орны әмәнда төрде екенін дәлелдей білді. Замандастарына, бауырларына жасаған қамқорлығы, жомарттығы мен намысын жыртуы да талай әңгіменің жүгі. Сондай оқиғаның бірін қазына тілді қаламгер, әйгілі драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақ “Келмес күндер елесі” роман-эссесінде былай суреттейді. Ол кезде жазушы Мәскеуде әдебиет институтында бір топ қазақ қаламгерлерімен қатар оқып жатса керек.
“Бір күні кешқұрым бөлмеме суретші Ыдырыс Қарсақбаев кіріп келді. Бір көзі шодырайып ісіп кеткен. Келіншегі Сара лағман созып, мені шақырып кел деп жұмсап жіберсе керек. Литинститутта оқитын ақынсүрей Предреев, Иванов бастаған бес жігіт баспалдақта кездесіпті де темекі сұрапты. Ыдырыс шылым шекпейтін. Жөнін айтса, әй-шәй жоқ құлақ-шекеден салып жіберіпті. Күнде көріп жүретін салбөксе бәдік жігіттер еді, оқығандарынан өтірік оқырануы көп, бірде келіп темекі сұрап, тағы келіп нан сұрап әкететін. Таныс болған соң, жігіттер, бұларың не деп реніш айтуға бармаймын ба, бір ауыз сөзге келместен есікті тарс жауып жабылып берсін…
Екі қабырғам сынып корсетпен жатсам… … Бұралып төсекте жатыр едім Олжас келе қалғаны. Америка сапарынан оралған беті екен. Хал-жағдайымды сұрады. Отырып шай ішкен соң сақал-мұртын қырды да сөмкесін ашып, әлі кір шалмаған қара шалбарды маған қарай атып ұрды. Америка сапарына әдейі арнап тіктірген екен. Төбелесемін деп жүргенде жалғыз кәстөмнің шалбары қапталынан қақырап түскен, тысқа шықпағаныма да біраз күн болған еді, Олжас келмегенде жалаңбұт қалғандай екенмін. Жымиып күлді де кетерінде:
-Старик, мынау дастарханыңды сүртіп, реттеп қоймайсың ба,- деп ескерту жасады.
Дастарханның алып-жұлып бара жатқан ештеңесі жоқ сияқты еді, дегенмен тәртіпке келтірейін деп асжаулықты көтеріп қалып едім, астынан қызыл құлақ кіл онсомдықтар еденге шашылып түсті. Тура жүз сом екен. Курсанттың бір айлық стипендиясы. Әрі шалбарлы, әрі ақшалы болып қарқ боп қалғаным. Кейін жігіттерден білдім, Олжас сол күні Предреев бастаған төрт-бес бұзақыны қонақ үйге шақырып, араққа тойғызыпты да Мәскеу каналының көк мұзына шығарып алып итше тепкілепті…
Айбек Оралханның facebook парақшасынан алынды
Пікір қалдыру