ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗДЫ ЖАРЫСҚАНДА
Рухани жаңғыру
Атамекенге ақ шашу…
ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗДЫ ЖАРЫСҚАНДА
Бағзы заманнан бері бабаларымыздың жеңісі де жетістігіде жылқымен өлшенген ғой, сондықтан болар «Атты ер сақтайды, ерді ел сақтайды» деп данышпан халқымыз бекер айтпаған. Ер жігіттің бес қаруыныңда бірі де осы ат, кезінде Ақан серінің Құлагері, Қабанбайдың Қубас аты, Жәнібектің Көк дөнені, Марғабылдың Қара қасқасы да осыған дәлел. Былай айтқанда қазақты аттан бөліп қараудың өзі күнә секілді.
Кезінде ат құлағында ойнап, бірде көкпар тартса, бірде бәйгеге аттарын қосып, төрт маусым бойы желдің өтінде, малдың шетінде, аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүрген көшпенділердің ұрпағымыз дейтініміз де содан. Қазақ қай жерде болса да қазақтығын істейді демекші, шет елден атамекенін аңсап келген, әсіресе қытай елінен отанына оралған қандастарымыздың көбі ат құлағымен ойнап өскен жандар.
Міне, егеменді ел болып, есімізді жйнағалы атамекенге қаншама қандастарымыз қоныс аударды десеңізші, солардың ішінде талай ақын, жазушы, өнерпаздар, білікті мамандар, саудагер, мал шаруашылығы болсын үлесін қосып жатқандары да жетіп артылады.
Өз еліне келіп, өзегіндегі жүрген өкініш-қайғылары сейіліп шат-шадыман тірлік кешкен қандастарымыздың қатарында атқа мінер, ұлтжанды азаматтар аз емес. Солардың арасындағы Сетерхан, Бейсен, Мұратжан, Ердібек, Қадырнұр Қабылет, тағыда аты аталмаған белсенді азаматтар Алматы обыстық бәйге федерациясымен бірлесіп Ел басының рухани жаңғыру мақаласы аясында және Бірінші мамыр бірлік мерекесіне орай Талдықорғанның атшабарында «Атамекенге ақ шашу» атты ат бәйгесін ұйымдастырды.
Әнұранымыз орындалып, ақсақалды аталарымыздың ақбатасы беріліп, ақ жаулықты аналарымыздың ақ шашуы шашылып басталған дүбірлі думан әуелеген әнге ұласты.
Ең қызығы 125 кг көк қошқарды көтеру болды. Білектілер мен жүректілердің бұл сынында Көксу ауданынан келген Мирас есімді атанжілікті азамат осы қошқарды 30 мәрте көтеріп, халықтың таңдайын қақтырды.
Бұл ұлы дала төсін дүбірлеткен бәйгеге қатысуға арысы Өскеменнен берісі Алакөлден талай тойларда топжарган сәйгүліктер жиналды. Жарыс тай , құнан, топ бәйге және ұлы аламан бәйге болып төрт кезеңмен өткізілді.
Бірінші кезеңде 5 шақырымға жарысқа түскен 37 тайдың арасынан озып келген Жамбыл аудандық Қабылет Нәсірханұлының Ақаукері жүлдеге тігілген тайды жетеледі. Ал 11 шақырымдық құнан бәйгеге 40 құнан бақтарын сынады. Мұнда «Байсерке агродан» келген Темірхан Досмұхаметовтың «Олжа» атты торысы қара үзіп келіп, жүлдеге тігілген қос құнанды жетектеп қайтты. Ал топ бәйгеде шашасына шаң жуытпаған Жамбыл ауданнынан келген Бағыдаттың Бақторысы тігілген 5 жылқыны алдына салды. Ал ұлы аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген 7 жылқыны Қаратал ауданнан келген Мейрхан Бұлғыновтың «Көбит» атты жиренінің иесіне бұйырды. Бәйгенің бұл түрі бойынша жеті орынға ақшалай сыйлықтар берілді. Ал қалған үш түрі бойынша бес орынға жүлде тағайындалып, оларғада 500 мың теңге мен 30 тңге аралығындағы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Елге ел қосылса құт, елден ел кетсе жұт» демекші келешекте бірлігіміз нығайып, халқымыздың саны көбейіп, осылайша еліміздің еңсесін көтеруге барынша ат салыса түссек нұр үстіне нұр болар еді. Осы өткізілген дүбірлі дода да осындай мақсатты көздеп, ұлтымыздың қасиетті салт дәстүрлерін жаңғыртуға бағытталғаны даусыз. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дейді ғой халық тәмсілі. Міне, осы байрақты бәйгеде нағыз жүйріктер өздерінің мықтылығын дәлелдеп, жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Салтанат Құмархан
Салқұмар
kerey.kz
Пікір қалдыру