|  |  |  | 

kerey.kz TV Көз қарас Руханият

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ҺӘМ ТЕК

31124250_761598714029793_5916073391847929706_n
Aidos Juqanuly

Қазақ біреуге разы болғанда, ісіне тәнті болғанда «Текті азамат екен», «Текті атаның баласы екен», «Қанына тартпай қоймайды, әкесі жақсы адам еді» деп немесе нағашысына тартса, «Қалай дегенмен жатыры мықты ғой, шешесі текті жердің қызы» деп жатады.
Әкесі текті болғанымен, анасы жағының тегі күңгірттеу болып, одан туған бала көңілден шықпай жатса, «Жақсыдан жаман туар, бір аяқ асқа алғысыз» деп апарып тастайды. Ал әкесінің қаны сұйықтау болып, анасы тектіден туған бала ел аузына ілігіп жатса, «Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз» деп көтермелейді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық код туралы айтылады. Өткен хабарымызда ұлттық кодты тәпсірлегенбіз. Яғни рух туралы айтқанбыз. Кодымызды – болмысымызды жаңғыртып, тегімізді сақтап қалу үшін рух керек деп.
Мақалада Президент «Меритократиялық қоғам құрып жатырмыз» дейді. Адамды «Кәсіби біліктілігіне» қарап бағалаймыз деп отыр. Ондай жерде тамыр-таныстыққа, жерлестікке, рушылдыққа жол жоқ. Олай болса, коррупция да азаяды деген сөз.
Қандай да бір мемлекеттік мекеменің басшысы болсаңыз, найманды, адайды, албанды руыңызға қарай жұмысқа алуды доғарасыз. Жерлесім деп тарбағатайлық, жаңаөзендік, нарынқолдықтарды қасыңызға жинамайсыз. Бұл тыйым емес. Бұл тектіліктің белгісі.
Текті адам маңына тектіні жинайды. Яки еңбегіне қарай бағалайды. Тексіздер ғана өзі тектестерді айналасына топырлатады. Жұмыс жүрмейді, бір бірінің көңіліне қарайды. Бюджеттің ақшасы, Сіз бен біздің ай сайын жалақымыздан жиналған салықты, қаражатты «өлгенімде көргенім» деп жейді. Сыбайластық, жемқорлық тексіздерден шығады. Соңы неге апаратынын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Бір бірден сотталып жатыр.
Елбасының сөзін тағы қайталайын: Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Дұрыс айтады. Ұлттық код деп отырғаны – ұлттық тек, тектілік. Тексізде қайдан мәдениет болсын. Тексіз, мәдениетсіз болса, қайдағы жаңғыру?! Жаңғыру деген сөзді түсінбейді де. Жаңғыру туралы айтсаңыз, жаңғырғаны былай тұрсын, қаңғырып, айдалаға лағып кетеді.
Бізде бір жаңсақ түсінік бар. Хан тұқымдарын, яки төрелерді текті дейтін. Бәрінің тегі мықты деп айтуға келмес. Мықты болса, бір бірімен қырылысып, билікке таласып Алтын Орданы ыдыратар ма еді? Олардың арасында да тексіздер болған. Мемлекеттің емес, өз қамын, тақты ойлайтын. Солардың кесірінен алып империя ыдырады. Текті тақты билейді, тексізді тақ билейді.
Қазіргі тілмен айтқанда, текті болса креслоны билеп, ұжымның жұмысын дөңгелетіп әкетеді, қаны да, жатыры да жаман болса, оның үстіне тексізді тектіге айналдырар тәрбиесі жоқ болса, креслосы өзін билейді. Соған жабысып қалады. Креслосын сақтау үшін бәріне баруға дайын.
Әлқисса, тектілер неге азайды, тексіздер қайдан шықты? Тағы да тарихқа үңілеміз. Жиырманшы ғасырдың басы. 30-33-жылдар. Қолдан колхоз ұйымдастырды. Капиталистік жолдағы тектілердің малын тартып алды да, жалшыларына бөліп береміз деді. Тексіз большевиктер кедей-кепшіктерді солай алдады.
Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық деген капиталистік даму жолын бұзды. Малын бергісі келмеген текті азаматтарды «бай, шонжар» деп қудалады. Үрерге иті, сығарға биті жоқ кедей-кепшіктеріміз большевиктердің айтағына ерді. Малдан, бардан айырылдық.
Ақыр соңында не өзіне жоқ, не өзгеге жоқ болып, аштан қырылды. Ашаршылықты Ленин ұйымдастырды. Сталин қолдады. Аралдың балықшылары вагон-вагон балықты Мәскеуге жөнелтті. Қатын-баласы үйде аш отырды. Осылайша қазақтың жартысынан астамы қырылды. Нақты сандары мен сол бір зобалаң жылдар туралы Мұқтар Мағауиннің еңбектерінен оқуға болады.
Тірі қалғандардың ішіндегі ауқаттылары аттылы-жаяулы арғы бетке, Қытай жаққа асты. Біразы ол жақтан қысым көріп Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Сирияға қоныстана отырып, көбі Түркияға жетті. Енді бір бөлігі Францияға дейін барды. Мойны ырғайдай, биті торғайдай болып, мінерге, яки мініп қашуға аты жоқтарымыз қалдық атамекенде.
Елге ие болып қалған тектілер де баршылық еді. Оларды 37-38-жылдары ұстап бердік. Сатқындардан аман қалғандарын большевик – НКВД жендеттері іздеп жүріп тапты, атты, қамады.
«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деді Әлихан Бөкейхан. Текті адамның ғана аузынан шығатын сөз. Сөзіне ісі де сай болды. Қазақ үшін жұмыс істеп, жанын пида етуге дайынтұғын. Коммунистердің атасы большевиктер ол кісінің де түбіне жетті. Аштан қырылып жатқан қазақтарға көмектесу үшін Жүсіпбек Аймауытұлы мен Міржақып Дулатұлы текті меценаттардан мал жинап көмектесті. Оларды ұстап алып, бірін атты, бірін Сібірге айдады. Сөйтіп тектілеріміздің тең жарымынан айырылдық.
Көрер күніміз бар екен. 91-жылы тәуелсіз болдық. Шекара ашылды. Мұндағы тектілер атамекенге шақырды. Ондағы тектілер бірден көшіп келді. Мысалы, Моңғолиядан. Тексіздері «қашып-пысқандардың ұрпағы» деп өзектен тепті. Текті атаның ұрпақтары болған соң 90-жылдардағы қиындықты елмен бірге көрді. Суығына тоңып, ыстығына бірге күйді. Сіңісіп кетті. КАМАЗ жүк көлігін жіберіп, пештің көсеуіне дейін тиеп, өздерін ұшаққа мінгізіп әкелгенде, жұртта қалып қалғандарды түсінбедік. Не үшін қалды? Бұл сұрақ жауапсыз. Алтайдың арғы беті мен бергі бетіндегі текті қазақтар біріккенде Қазақ мемлекеттілігі тезірек нығаяр еді.
Жаңа хабар барысында төренің бәрі текті емес деп айтқан болатынмын. Яғни, тектілік қанмен бірге немесе туа біте келе бермейді. «Жақсыдан жаман туар, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз» деген қазақ. Демек текті қылып тәрбиелеуге болады. Ол қазақтың дәстүрі, ырым-тыйым және кітап. Үйдегі кітаптан және мектептегі мұғалімнен алған теориялық білімді практикаға ұштастыра білсеңіз текті болып шығасыз. Әркім өз ісінің білгір маманы болуы керек. Сонымен қатар мәдениетті болуымыз қажет. Сонда текті болып шығасыз. Ұлттық кодымыз сол. Президент осыны меңзеп отыр.
Ұлттық кодтың, тектіліктің, рухты болудың мың қатпарлы жолдарының бір осы.
Мақалада «Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» дейді. Яки тексіздіктен бас тарту керек. Жаман мінезден, жаман әдеттен арылуымыз керек. Тендерді «жеңдер» деп түсінбей, өзге этнос пен диаспораның алдында таба болмай, өз ұлтыңды жоғары ұстап, өз тіліңде сөйлеп, бұл мемлекет өзгенікі емес, өзімдікі, менің үйім деп, әрқайсымыз өз жұмысызды тыңғылықты һәм адал атқара білсек Президент айтқан «Меритократиялық қоғам» тезірек қалыптаспақ.
Еңбегіне қарай бағалау. Жұмысыңыздан айырылмас үшін бастығыңызға жағымсу – тексіздік. Жұмысшының өтірік мақтауына бастықтың еліруі де тексіздік. Басқа жұмыс табылмайды ғой деп көніп отыру – көнбістік мінез тексіздіктің белгісі. «Тырнадан бастық қойсаң, басыңнан қиқу кетпес» дегендей, жұмысшыларға әкіреңдеп, жалақысын уақытылы бермеу де тексіздік. Олардың қызметін, еңбегін бағалай білу тектілік. Әркім өз ісінің білгірі болса, ешкім ешкімді қудаламайды. Заң бар. Жүрген жерде заңды талап ету керек. Бұл да тектіліктің белгісі.
Өзінің жеке құлқынынан мемлекеттік мүддені жоғары қою тектілік болса керек. Иә, совет одағы кезінде тектілікті құртуға барын салды. Абыздарымыз бен ақсақалдарымыздың біразы күйбең тірліктен аспайтын шалға айналды. Шал-шауқан емес, әдемі қартайып, абызға, ақсақалға айналып, бір ауданды болмаса да, бір ауылды ұйыстыра білетін текті болғанымыз абзал.
Текті болсаң, ауылыңызға меценат болып, мектеп салдырар едіңіз. Кедей-кепшіктің баласын шетелде оқытып әкеліп, осында жұмыс істетер едіңіз. Тексіз болсаңыз ақшаны шетелге тығып, сол жақтан үй ала бересіз. Текті Осман империясы венгр, болгар, гректерді жаулап, қыздарын әйел ғып алды. Көздері көк, жасылға айналғанымен текті болғандықтан тілдер мен діндерін сақтап қалды түріктер. Сөйтіп қандарын асылдандырды.
Адам түгілі мал ұсақталып кетпес үшін ата малды ауыстырып отыратын әдет бізде де бар. Сондықтан діні мен тілі басқа осындағы украйын немесе поляк қызын алып, исламды қабылдатып, қазақша сөйлетуге шамаңыз жететін тектісіз бе? Қиын сұрақ. Өзге ұлтқа қызымызды бермейміз деп байбалам саламыз, өзіміз қыз ала алмай жүріп. Ойланатын мәселе.
Рухани жаңғыру үшін рухты, рухты болу үшін текті болайық, ағайын! Аман болыңыздар!

facebook парақшасынан алынды

http://oskementv.kz/…/pr…/programs_social/ruhti_altai/743620

Related Articles

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • …ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз.

    Әлеуметтік желіде осы отандасымызды қызу талқылап жатыр екен. Көбі сын айтып жатыр. Видео жазбаның толық нұсқасы жоқ, пікір-талас тудырған бөлігі ғана тарап жатыр екен. Соған байланысты өз ойымды айта кетпекшімін: Бірінші, отандасымыздың видеосы, фотосы әлеуметтік желіде желдей есіп тарап жатыр. Ол азаматтың (азаматшаның) жеке құпиясы саналатын фотосы, видео жазбасы кімнің рұқсатымен тарап жатыр екен? Өз басым осы постты жазу үшін ол азаматтың (азаматшаның) видеодағы бейнесін қара бояумен өшіріп тастауды жөн көрдім. Және рұқсатынсыз фото бейнесін жеке парақшама салғаным үшін одан кешірім сұраймын. Діни ұстанымы, ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз. Екінші, отандасымыздың діни ұстанымына байланысты айтқан сөздері қоғамда қатты пікір тудырған екен. Тіпті оны “ұлт дұшпаны”

  • Үш анық

    Үш анық: Бірінші, әлеуметтік желіде пост жазу біреу үшін ермек немесе уақыт өткізу құралы болуы мүмкін. Олардың ортасы, шақыратын қонағы, әңгімесі де бөлек дегендей. Адамдар әлеуметтік желіні мәдени ортаға айналдыруы міндетті емес. Кейбір азаматтар үшін әлеуметтік желі пікір алмасу ортасы, білім ошағы, ақпарат алу алмасу орыны. Әлеуметтік желіде сапалы контент ұсыну, мәдени орта қалыптастыру, әдепті пікір-талас өткізу тұлғалық дамуыңа қосымша әсер етеді. Кейде түрлі ортаның адамдары сапырылысып араласып жатады. Сенің ұлтқа, мемлекетке деген шынайы күйінішіңнен туған дүниеңді ермекке айналдырғысы келеді. Оларға да ешкім қой демейді, сондай еркін. Бір қарасаң жақсы, бір қарасаң шынымен ыңғайсыз. Өз басым көбінің өз ойын айтуына ерік беруге тырысамын, аузын қақпаймын. Өйткені ол да осы елдің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Алматыда зілзала болса, ең алдымен қандай үйлер қирауы мүмкін? Сәулетші Айдар Ерғалимен сұхбат

    Пётр ТРОЦЕНКО Алматының жоғарғы жағындағы көпқабатты ғимараттар. 18 шілде, 2022 жыл Қазақстандық сәулетші Айдар Ерғали егер күшті жер сілкінісі болса, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Алматы қаласы қандай қиындықпен бетпе-бет келетінін, совет кезінде салынған үйлер қазіргі заманғы көпқабатты ғимараттармен салыстырғанда жер сілкінісіне төтеп беруге неліктен әлсіз екенін айтты. 23 қаңтар күні Алматыда жер әдеттегіден қаттырақ сілкініп, елді дүрліктірді. Бұл оқиға кең ауқымдағы табиғи апатқа қала билігі мен тұрғындар қаншалықты дайын деген әңгімені қайта қоздырды. Жұрт әсіресе төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ерте хабарлау жүйесі дұрыс жұмыс істемегенін, СМС-хабарламалар дер кезінде түспегенін де сынға алды. Жер бірінші рет сілкінген сәтте Алматы тұрғындары жапа-тармағай үйден сыртқа қарай жүгірді, кейбірі тіпті сырт киімін де кимеген

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: