Сингапурде 12 маусым күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 9-да АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының кездесуі басталды. Кездесу басталар алдында Дональд Трамп пен Ким Чен Ын қол алысып амандасты. Кездесу Сингапурдың Сентос аралындағы шипажайда өтіп жатыр.
Дональд Трамп пен Ким Чен Ын екі аудармашымен ғана қалып, жеке кездесті. Әдетте мұндай кездесулерде АҚШ президентінің кем дегенде бір жақын көмекшісі жанында болатын. Екі ел басшыларының алғашқы кездесуі шамамен 45 минутқа созылды. Оңаша кездесуден соң Трамп келіссөз жалғасатынын айтып, Корей түбегін ядролық қарусыз аймақ қылуда “үлкен табысқа” жететінінен үмітті екенін білдірді.
Бұдан соң жұмыс барысындағы асқа оларға екі ел делегациясының өкілдері қосылды. АҚШ делегациясы құрамында мемлекеттік хатшы Майк Помпео, президент әкімшілігінің басшысы Джон Келли, президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі Джон Болтон және АҚШ-тың Филиппиндегі елшісі Сун Ким бар.
CNN-нің мәліметінше, кездесу қорытындысында “Өзара түсіністік жөніндегі мәлімдеме” қабылдануы мүмкін. Мәлімдеме мазмұны АҚШ пен Солтүстік Корея өкілдерінің алдын ала келіссөзі кезінде талқыланған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру