|  | 

Саясат

Жоғары қолбасшылықтың президенттік резерві кім үшін құрылмақ?


Отарда өткен әскери парад. Жамбыл облысы, 7 мамыр 2018 жыл.

Отарда өткен әскери парад. Жамбыл облысы, 7 мамыр 2018 жыл.

Үкімет қарулы күштер жоғары қолбасшылығының президенттік резервін құру туралы жарлық жобасын әзірледі. Оған сәйкес әскери қызметкерлер арасынан арнайы топ жасақталып, кейін оның мүшелерін жоғары қолбасшылықтағы қызметтерге ұсыну жоспарланған. Сарапшылар бастаманың қағаз жүзіндегі нұсқасын құптағанмен идеяның сәтті жүзеге асырылатынына күмәнданады.

Наурыз айының соңында «Ашық үкімет» сайтында құжаттар тізімі жарияланып, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Онда үкіметтің қарулы күштер президенттік резервін құру ұсынысы жайлы айтылған.

Жоба бойынша, бұл топқа «ерекше сұрыптаудан» өткен әскери қызметкерлерді енгізу көзделген, кейін оларды жоғары қолбасшылық лауазымына ұсынбақ (қорғаныс министрі қызметі оған кірмейді). Бастаманы қазір Нұрлан Ермекбаев басқарып отырған қорғаныс министрлігі көтерген.

ЖАРЛЫҚ ЖОБАСЫ

Аталған жарлық жобасы қарулы күштерге әскери қызметті өтеу ережесіне тиісті өзгерістер енгізуді ұсынады. Президенттік резерв құру бойынша жұмыс қорғаныс министрлігіне жүктеледі.

Құжатқа сәйкес, іріктеу кезінде үміткерлердің жеке және іскерлік қасиеттері, қызметтегі жетістіктері есепке алынады, әскерилер арасындағы «арнайы тексеру» және Жоғары аттестациялық комиссия шешімі негізінде таңдалады.

Келесі кезеңде олар Қауіпсіздік кеңесінде іріктеуден өтеді. 2019 жылдан бері оның хатшысы – бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Кеңесті өмір бойы басқару құқығы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Қараша айы, 2018 жыл.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Қараша айы, 2018 жыл.

«Жыл сайын қазанның 1-іне дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөліміне президенттік резервке өткізуге ұсынылған қарулы күштер әскери қызметкерлерінің тізімін жібереді» делінген жарлық жобасында.

Бұдан соң президенттік резерв үміткерлерінің тізімі президент әкімшілігі жетекшісіне табысталады, ол президенттік резервке қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім шығарады. Тізім жыл сайын жасалады, ал әскерилердің онда болу мерзімі «үш жылдан аспауы керек».

Президент жарлығы жобасына үкіметтің берген түсіндірме хабарламасында «Жарлық жобасын жүзеге асырудың теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары болмайды, республикалық бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді» деп көрсетілген.

Премьер-министрге бағытталған түсіндірме жазбасында қорғаныс министрлігі жарлықтың «жоғары қолбасшылық лауазымын атқару үшін әскери қызметкерлерді сапалы іріктеуге» мүмкіндік беретінін айтыпты. Қорғаныс министрлігі жарлық қабылданған жағдайда халықаралық шарт болып есептелмейтінін, сондықтан ратификация жасаудың керегі жоғын айтады.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал-майор Айтқали Есенғұлов үкіметтің президенттік резерв құру туралы бастамасын құптайды.

— Жақсы идея, енді жоғары лауазымға кадрларды әділ таңдайтын болар. Мұндай бастаманы қолдаймын, – деді генерал Есенғұлов.

Қорғаныс министрінің тағы бір бұрынғы орынбасары, генерал Әмірбек Тоғысов жобаны нақты жүзеге асыру перспективасына күмән келтіреді. Тоғысовтың айтуынша, «жақсы идеяның» тиісінше жүзеге асуы екіталай және ол резерв құрамына кіретін кандидаттарды талқылауға қоғам мүшелерінің қатысатынына сенбейді.

— Тізімге кіретін кандидаттарды ашық түрде талқыламаса, түрлі аттестациялау комиссиялары жабық өтіп, протекционизмге жол береді, – дейді генерал.

Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев қазақстандық биліктің бұған дейін де мемлекеттік қызметкерлер арасынан басқарушы элита дайындауға тырысқанын, оларды «А» және «Б» корпусқа бөлгенін еске салады.

2015 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды, оған сәйкес мемлекеттік қызметкерлер үш корпусқа бөлінді: саяси мемлекеттік қызметкерлер (министрлер, облыс әкімдері); «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметкерлері және «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметкерлері.

Сол кезде президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған Бауыржан Байбек «элитаның элитасы» деп атаған «А» корпусына министрлердің жауапты хатшылары, аудан әкімдері мен өзге де мемлекеттік қызметкерлер кірді. «Б» корпусына – атқарушы мемлекеттік қызметкерлер кірді. Заңда «А» корпусына кадрлық резерв жасақтау мен оған іріктеудің ерекше тәртібі қарастырылған.

Саясаттанушы Сәтпаевтың айтуынша, корпустарды жасақтау кезінде шетелдік ЖОО-да оқыған және шет тілдерін білетін жас мамандарды табуға ерекше мән берілді.

Шетелден келген жас әрі талантты жетекшілер жемқорлыққа батқан жүйені өзгертудің орнына өздері соған бейімделеді.
Досым Сәтпаев.

Алайда шетелден Қазақстанға оралып, жоғары лауазымды қызметке орналасқан жас мамандар (тіпті арасында министр де болды) «біліксіздік танытты» деген Сәтпаев «потому что, потому что» сөзін қайталай берген жас министрлердің бірін еске алды (саясаттанушы сол кезде еңбек министрі болған Серік Әбденовты айтады. «Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын неге көтеріп жатыр?» деген сауалға ол «Көп жұмыс істеу керек. <…> 50 жаста зейнет туралы ойлаудың керегі не?» деп жауап берген болатын).

Сәтпаев ақпан айында астанада жер үйде шыққан өрттен көз жұмған бес әпкелі-сіңлілі кішкентай қыздардың қазасына қатысты кейбір билік өкілдерінің сөзі қоғамда теріс реакция тудырғанын да атап өтті. Олардың ата-анасы отбасын асырау үшін түнгі ауысымға жұмысқа кеткен.

Осы оқиғадан соң бірнеше қалада көп балалы аналар наразылық танытып, жағдайларын жақсартуды талап етті. Сол кезде АҚШ-тың Колумбия және Гарвард университеттерінің түлегі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымова «көп балалы аналар мемлекеттен миллиондап ақша алады, басқа елдерде ондай жоқ» деп мәлімдеді.

Сәтпаевтың айтуынша, өте білімді әрі адамгершілік тұрғысынан мінсіз саналған өзге талантты әрі жас шенеуніктер түрмеге қамалды. Мысалы, АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінің түлегі, бұрынғы ұлттық экономика министрі, 38 жастағы Қуандық Бишімбаев 2017 жылы “жемқорлық жасады” деп айыпталып, 10 жылға сотталды. Досым Сәтпаевтың пікірінше, «ескіні өзгертпей, жаңа дүние жасау мүмкін еместігін» осыдан көрсе болады.

– Шетелден келген жас әрі талантты жетекшілер жемқорлыққа батқан жүйені өзгертудің орнына өздері соған бейімделеді, – дейді Сәтпаев.

Саясаттанушының пікірінше, жоғары қолбасшылықтың президенттік тізіміне кіретін әскерилер де жемқорлық пен парақорлықтан азат емес әскери жүйеге бейімделуге мәжбүр. Сәтпаев бір кездері жыл сайын әскери мекемені дүр сілкіндірген жемқорлық дауларын еске салады.

– Қандай резервке түссе де, бұл жағдайда әскерилерге былайғы жұрттан да ауыр тиеді, себебі оларда «бұйрық талқыланбайды, орындалады» деген ереже бар. Халық арасында оны былай түсіндіреді: «Бірінші тармақ «Басшының айтқаны әркез жөн». Екінші тармақ «Басшының сөзі теріс болса, бірінші тармаққа қара», – дейді ол.

Жоғары әскери кадрлар құрамын Назарбаев бақыламақ, яғни, өз билігін күшейтпек. Ал қазіргі президент Тоқаев Назарбаев мақұлдаған тізімге қол қойып қана отырады.
Сергей Дуванов.

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның ақпараттық-бақылау орталығының жетекшісі, журналист және құқық қорғаушы Сергей Дувановтың айтуынша, президенттік резерв құру туралы бастаманы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың көтергені анық (Президенттік өкілетін тапсырардан бір тәулік бұрын Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов пен Ермекбаевқа генерал пагонын тақты).

– Бұрын әскери шені жоқ қорғаныс министрін өзіне жақын тарту үшін солай істеді. Жарлық жобасында қорғаныс министрі жыл сайын президенттік резерв кандидаттарының тізімін Қауіпсіздік кеңесіне ұсынады деп көрсетілген, оны Нұрсұлтан Назарбаев басқарады. Демек, жоғары әскери кадрлар құрамын Назарбаев бақыламақ, яғни, өз билігін күшейтпек. Ал қазіргі президент Тоқаев Назарбаев мақұлдаған тізімге қол қойып қана отырады, – дейді Дуванов.

Құқық қорғаушының айтуынша, енді қорғаныс министрлігі жаңа генерал Ермекбаевтың басшылығымен президент Тоқаевқа ресми түрде ғана бағынатын тәрізді, ал шын мәнінде Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдығын дәлелдеуге тырысады.

– Нұрсұлтан Назарбаевқа адал екенін қорғаныс министрлігі (министр Ермекбаев) ресми сайты да арқылы көрсетіп жатыр, оның бірінші бетінде Қазақстан Республикасының бірінші президенті – елбасының цитатасы келтірілген (оған еш қарсылығым жоқ), соған қоса Назарбаевтың бас қолбасшы формасындағы суреті тұр. Назарбаев жарты айдан бері бас қолбасшы емес. Ал қазіргі президент және конституция бойынша бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы қорғаныс министрлігі сайтының бастапқы бетінен түк мәлімет көрмейсіз, – дейді Дуванов.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінің сайты. Скриншот 4 сәуір күні жасалған.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінің сайты. Скриншот 4 сәуір күні жасалған.

2019 жылы сәуірдің 4-і күнгі дерек бойынша, қорғаныс министрлігі сайтының жоғарғы бөлігінде расымен Назарбаевтың әскери формадағы суреті тұр. Қазір ол бұрынғы президенттің әдеттегі киімімен ауыстырылды.

Сәуірдің 4-і күні бастапқы бетке Тоқаевтың суреті қойылмады. Конституцияның 44-бабы бойынша Қазақстан президенті – қарулы күштердің бас қолбасшысы саналады, ол қарулы күштер жоғарғы қолбасшылығын қызметке тағайындап, босатады.

2018 жылдың шілдесінде өзі қол қойған заң бойынша Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаруға құқылы. Сол заңға сәйкес бұл мекеме кеңес берушіден конституциялық мекемеге айналды. Құжатта көрсетілгендей, мекеменің миссиясы халықаралық аренада мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, конституциялық құрылымды сақтау.

Үкімет қаулысының жобасы, президент жарлығының жобасы, Қазақстан қарулы күштерінің жоғарғы қолбасшылығы президенттік резервін қалыптастыру туралы негіздеме сәуірдің 12-сіне дейін қоғамдық талқылауда болады.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: