|  |  |  | 

Тарих Тұлғалар Қазақ шежіресі

ТОҒҰРЫЛ ХАННЫҢ «ТОНЫМЕН ТУҒАН ҰЛЫ» ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕР

Жанымхан ОшанTugirilhan

 

Тарихи әдебиеттерде, мұнда Рашид ад-диннің әйгілі еңбегінде,
«Моңғолдың құпия шежіресінде», «Юан ши» (юань патшалығы тарихы)
кітабында керейдің Тоғұрыл Оң ханы мен Темүжіннің қарым-қатынасына
тоқталған кезде, аттөбеліндей азғана моңғолдың Есугей есімді баһадүрінің
жетімі – Темүжіннің өз ағайындары Тайшығұттардан жәбір көріп, «көлеңкені
жаршы қып, қылқұйрықты қамшы қып» тағдырдың тәлкегіне ұшырап,
Тоғұрыл ханы «әкеміздің андасы болғандықтан, әкеміз сияқты ғой» деп, әке
орнына әке тұтып, қайын жұрты – қоңыраттар берген қара бұлғын ішігін
алып, оған сәлем бере баруынан бастайды.
«Әкең өлсе өлсін, әкеңді көре қалған өлмесін» демекші, Темүжіннің
сапары сәтті болып шығады. Пана тұта барған әкесінің көне «Андасы»
Тоғұрыл хан ағынан жарылып:
Мынау бұлғын ішіктің,
Қолқасына жарамын.
Бытыраған еліңнің,
Басын қоса алармын.
Қара бұлғын ішіктің,
Қарымжысын қайтарам.
Тозып жүрген еліңді,
Тұтастырам қайтадан. – деп уәде береді.47687687_762820200752192_2246067776101810176_n
Тарихи деректер болған уақиғаның көбін сондай қарапайым, табиғи түрде
баяндап отырған. Бірақ, болған жағдай «Құпия шежіреде» сияқты еңбектер
баяндалғандай қарабайыр және біздің сол қарабайыр уақиғалардан
түйсінгеніміздей қарапайым да емес елі.
Бұл тоғыз жасында әкесінен жетім қалған Темүжіннің ат жалын тартып
мінгеннен кейін әке жолын қуу жолында алғаш жасаған ізгі бастамасы
есептелді. Оны мұндай бекімге келуге итермелеген, жоғарыда айтып
өткендей, оның аса мүшкіл жағдайы еді. Бала Темүжін үшін бұл кезде әке
жолын қуып, бытыраған елінің басын бір жерге қосуды армандағанды қойып,
өзінің мынау қауіп-қатерге толы баянсыз тірілігін қалыпқа түсірудің өзі
үлкен мәселе еді. Сол үшін Темүжінге ұлы даладағы белді тұлғалардың
біреуін пана тұтып, соған сүйеніп тіршілік етудің қажеттілігі туған еді.
Мұндай сүйенішті ол қайдан табу керек. Онбір жаста анда болған туысқаны –
Жамуқадан пәлендей шарапат тиеді деп ойламайды. Тайшығұттарды атасы
бір демесең, өзінің белдеу жауы. Қайын жұрты Қоңырат Дей Сечен ше? Жоқ,
Қоңыраттар бұл тұста біреуге сүйеніш болғанды қойып, көрші татарлардың
шабуылынан көз ашпай, есі шығып, есеңгіреп отыр еді. Меркіттер болса ата
жауы. Ал, наймандардың қонысы тым шалғай. Қысқасы бұл маңда ол
паналайтын керейдің Тоғұрыл ханынан оңтайлы ешкім де жоқ болатын.
Сондықтан, ол Тоғұрыл ханды өзіне пана тұтып «әке» десе, еліне пана санап

«хан» деп таныды. Міне, сөйтіп, келешек жаһанды жаулап алушының ұзақ
болашақтық стратегиясының алғашқы қадамы осылай сәтті басталды.
Ал Тоғұрыл хан үшін Темүжіннің қаншалық қажеті бар еді? Оның кешегі
өз Андасының ұлы болғаны үшін бе, болмаса, қара бұлғын ішіктің
қарымжысы үшін бе? Әрине, бұған жауапты басқа жақтан іздестіруге, яғни
Керей ханлығының саяси қажеттілігінен қарастыруға тура келеді.
Тоғұрыл хан шын иәнісінде ежелгі көршісі – Моңғолдарды өз ұлысының
ықпалында ұстап отыруға мүдделі болды. Бұл тұста керейлер Ұлы даланың
осы бөлігіндегі іргелі ұлыстардың бірі әрі бірегейі еді. Орхон мен Тола
өзенінің жоғары бойындағы байырғы Түркі қағанаттары орда тіккен
астаналық аймақта ірге тепкен ол елдің халық санының көптігін, әскерінің
молдығын айтпағанда, өздерінің осынау Түркі-моңғол даласының киелі
мекеніне орда тіккені үшін өздерін осы аймақтың бірден-бір иесі және
қожасы деп санайтын. Сонымен қатар, өз билігін бүкіл далаға жүргізу
жолында түрлі қарекеттер жасап отырған-ды. Керейлердің мұндай
құлшынысы бір ғана Тоғұрыл хан дәуірінде ғана емес, оған дейінгі бірнеше
ұрпақ керей хандарының қолға алып келе жатқан міндеттері мен мақсаты
саналған. Біз Тоғұрыл ханның атасы әйгілі Марғұз-Бұйрық ханның өз
заманында дәл осындай мақсатта Шүршіттердің Цзинь(алтын) патшалығы
қолдап-қуаттап отырған татарлармен ұзақ жыл соғысқанын білеміз. Ол тұста
Керейлер бұл жорықтары Орхоннан шалғай шығыс жақта жатқан Керулен
өзенінің бойына бағытталып отырған. Сонымен, моңғолдарды өз билігінде
ұстау Тоғұрыл ханға дейінгі керей хандары ұстанған саясаты болатын.
Керей хандығының кезекті ханы Тоғұрыл хан үшін моңғолларды өз
ықпалында ұстаудың жолдары әртүрлі болды. Сондай жолдарының бірі –
бастары бір жерге қосылмай, әркімнің қолында телім болып тозып жүрген
моңғолдарды сәл де болса біріктіріп, өз андасының ұлы Темүжіннің билеуіне
беріп, оны өз пайдасына жұмсап отыру еді. Бұл Тоғұрыл хан үшін өте
маңызды еді. Міне енді, Темүжін бала өзін «хан-әкелеп» алдына келіп, оған
бағыныштылық білдіріп, өзінің хандық құзырына құлдық ұрып отыр.
Тоғұрыл хан болған адам мұны өз ұлысының пайдасына шешпей қойсын ба?!
Балаңыз болайын деп бауырына кірген бір елдің ықпалды әулетінің ұрпағын
«балам» деп бауырына басып, қамқорлық таныту көрер көзге оның хандық
дарқандығынан басқа нені түсіндірер дейсің?!Zhauqa.Shingishan
Бұл тұста Моңғолдардың бір бөлегі бассыз, баусыз, бір-бірімен алтыбақан
алауыз боп тозып жүрсе, енді бір бөлімі Жамұқаның төңірегіне топтасып
бірталай қомақты күшке айналған-ды. Олардың бұлайша біріге бастауы,
әсіресе, Жамұқа сияқты адамның билігіне көшуі Тоғұрыл хан үшін түптің-
түбінде онша пайдалы болмаса керек. Моңғол жұртын өз билеуіне ұстауды
ойлаған Тоғұрыл хан әрине моңғолдардың бір шаңыраққа топтасуын еш
уақытта қаламайтын. Тоғұрыл хан міне осы мақсатта астамсыған Жамұқаны
Темүжін арқылы тежеп отыруды жөн санады. Сөйтті де Темүжінді өз
бауырына басуға, баулуға, оның телім-телім болған елін құрап беруге уәдесін
берді.

Тоғұлыл хан мен Темүжіннің әрқайсысының өз ішкі есебімен жасалған
мұндай ымыраластық екі жаққа да пайдалы жемісін бере бастады. Келесі
жылы Тоғұрыл хан, Жамұқа, Темүжін үшеуі әскер қосып меркіттерді қырып-
жойып қайтты. Бұл соғыс үшеуіне де зиян болған жоқ. Жамұқа ең кемінде
өзінің меркіттерге кеткен ескі кегін қайтарды. Тоғұрыл хан үшін де пайдасыз
жорық болмағаны анық. Ең әуелі ол да өзінің меркіттерге кеткен ескі кегін
алды. Сонымен бірге меркіттерден аса мол олжамен оралды. Бұл уақиға
керейлердің меркіттер қоныстанған аймақтарға қарай өз үстемдігін жүргізуге
ынтасын аударды. Бәрінен де маңыздысы – Тоғұрыл хан өзінің моңғолдар
туралы ұстанған саясатының ең алғашқы нәтижесін көргендей болды. Себебі,
осы соғыстан кейін оспадар, екі беткей Жамұқаның моңғол жұртына өз
билігін орнату әрекеті кедергіге ұшырай бастады. Бұл жолда Жамұқаға
бәсекелес тағы бір ханзада – Темүжін күшейе бастады.
Меркіттерге жасалған соғыс Темүжін өміріне үлкен бұрылыс туғызды. Бұл
соғыстан кейін оның моңғол ақсүйектері арасындағы беделі арта бастады.
Моңғол ақсүйектері оның айналасына жиналды, әуелі, Жамұқамен бірге
жүрген бір бөлім ел түп қотарыла көшіп келіп Темүжінге қосылды. Бұл жайт
Жамұқаның қызғанышын қозғады, көп ұзамай «андалар» арасына іріткі түсті,
ақыры бір-бірінен іргесін мүлдем бөліп, тыныш тапты.
Сонымен, Моңғол жұртының ендігі жерде бұрынғы жеке-дара Жамұқа
маңына топтасу үрдісі тоқырап, қарама-қарсы екі бағыттағы, екі топқа қарай
жіктелу үрдісі басталды. Бұл барыста, әрине, Темүжіннің жеткен жетістігі
көп болды. Сөйтіп, 1189 жылы Моңғолдың Хыян әулетінің атқа мінерлері
Темүжінді «хан» көтерді. Тарихи деректерде жазылғанындай Темүжін өзінің
хан болғандығы туралы хабарды жеткізу мақсатында екі адамға елші
жіберген. Әуелі Тоғұрыл ханға елші жіберіп «Темүжіннің хан болғандығын»
хабарлаған. Бұл хабарды естіген Тоғұрыл хан: «Темүжін баламды хан
көтергендерің абзал болыпты, моңғолдар сендерде хан болмаса қалай
болмақ» деп батасын берген. Темүжін келесі елшіні моңғолдың хан
тұқымынан шыққан ақсүйек нояны Жамұқаға жібереді.
Жамұқа моңғолдардың бір бөлімін басқарып отырған, Моңғолдың хан
тағынан үміткер ақсүйек нояндардың бірі болғандықтан арнайы елші жіберу
заңды еді. Ендеше, Оң ханға елші жіберудің мәне неде? Тарихшылар бұл
оның Керей ханына, яғни өзінің «хан әкесіне» болған тәуелділік пен басы
байлылықтың қажетінен болған деп сипатталады. Шын мәнісінде бұл
Темүжіннің хан әкесі Тоғұрыл ханнан моңғолдарға болған өзінің
«автономиялық» билігін сұрауы ғана еді. Тоғұрыл ханның Темүжінді
көтермелеп, ел санатына қосқандағы түпкі мақсатының өзі оны өз мүддесінің
қажетіне пайдалану, соның ішінде Жамұқаны шаужайдау болатын, ендеше
баласы Темүжін өз бақталасы Жамұқадан бұрын хан болса, оған батасын
бермегенде қайтпек!Shingishan7
Соған сәйкес Темүжіннің моңғолдарға хан болуы Тоғұрыл хан мен
Темүжін ортасындағы байланысқа ешқандай өзгеріс әкелмеген еді. Өздерін
бұл аймақтың бірден-бір заңды иесі деп санайтын Керей хандығы жөнінен
айтқанда Темүжіннің басқаруындағы моңғолдар хандыққа қарасты шағын ру,

ал Темүжін болса, сол хандықтың тегеуірінді билеушісі Тоғұрыл ханның
тонымен туған «баласы», вассалы, жорықтарда алдыңғы шепке аттанатын
аламаны, мықты қолқанаты саналатын.
Керісінше, Темүжіннің хан болуы Жамұқаның қызғанышын қозғамай
қойған жоқ. Ол әу баста ауызша тілектестік білдіргенімен, іштей
қызғанышын жасыра алмады. Арада аз уақыт өтпей жатып Темүжінге қарсы
үш түмен әскер аттандырып, андасын «Жерене Чапчағайға қуып тықты».
Дегенмен Тоғұрыл ханның өз қолын Темүжін моңғолдарымен толықтыра
отырып жасаған бірқатар жорықтары нәтижесінде аталмыш аймаққа болған
билігі онан әрі күшейе түскен еді. Темүжін де өз елінің қосындарының басын
біріктіріп бұрынғы андасы, қазіргі қас жауы Жамұқа бастаған моңғолдардың
келесі тобын өзіне бағындыру жолында күш салып жүрген болатын. Бірақ,
дәл осы кезде Оң ханның ордасында күтпеген уақиғаның туындауы Керей
хандығына елеулі өзгерістер әкелді.
Бұл жолы Тоғұрыл ханның татарларға жасаған жорығы жеңіспен аяқталса
да, соғыстың қызығына әбден құныққан Тоғұрыл хан татарларды біржолата
жою үшін ордаға кешігіп қайтуына тура келген еді. Осы тұста Тоғұрыл
ханның шешесі бөлек інісі Еркеқара, өзінің хан ағасы Тоғұрылдың қолынан
мерт болған басқа аға-інілері сияқты мерт болмай тұрғанда, бір қарманып
қалудың қамын ойластырған еді. Ол бұған дейін Тоғұрыл ханмен жауласып
Найманның Инаныч-білге ханына қашып барған болатын. Тоғұрыл ханның
жорыққа жүргенін, орданың қорғанысы әлсіз екенін ұғысқан Инаныч-білге
хан әскер аттандырып, Тоғұрыл ханның ордасын басып хан тағына
Еркеқараны отырғызады. Орданы күзетіп тұрған Тоғұрыл ханның тағы бір
інісі Жақамбұ соғыста жеңіліп, Цзинь патшалығына таяу маңға босып кетеді.
Шығыс шептегі татарларға жасаған жорықтан жеңіспен оралып, қамсыз келе
жатқан Тоғұрыл хан інісі Еркеқараның тұтқиыл соққысынан жеңіліске тап
болып, азғантай адамын ертіп, жан сауғалап, Жетсуға нақтап айтқанда «Шу
өзенінің Сартауыл деген жеріндегі Қарақытайдың Гүр ханын паналайды».
Бір жыл болмай жатып, Гүр ханмен шығыспай ұйғыр, таңғұт жерін кезіп, бес
ешкіні сауып ішіп, түйенің қанын аужал етіп, соқыр сары құла атына бұт
артып, көрмеген қорлықты көріп өз жеріне қайтып келеді.Shingisan baba
Тарихи деректерге негізделсек Тоғұрыл хан бұл жолы өз інісі Жақамбұдың
және «тонымен туған ұлы» Темүжіннің көмегімен ғана ұлысын өз қолына
қайта алғаны анықталады. Әйткенмен, дәл осы уақиғадан кейін Тоғұрыл хан
мен Темүжіннің арасындағы бұрынғы қатынаста сәл де болса өзгерістер бола
бастағаны да байқалады. Әрине, мұндағы өзгерістің туындауына пенде
ретіндегі Тоғұрыл ханның тағдыр тәлкегіне ұшырап, тағынан тайып,
басқаның баласынан пана тілеп, ата жұртынан алысқа безіп сергелдеңге
түскен ащы тауқыметті өмірі оның хан көңілін қамықтырған шығар.
Тағдырдың оны жетімді жебеуші, қамқор қаған, хан әке деген салауаттан
айырып, біреудің қамқорлығына зәру пақыр леңгейіне күрт түсіруі оған ауыр
тиген болар. Міне, бұларды Тоғұрыл хан мен Темүжін арасында туындады
деп әдебиеттерде айтылған өзгерістерге себепкер болатын жәйттер ретінде

қарастыруға болады. Ең бастысы бұл кезде Темүжін оны бұрынғысынша
«хан әке» ретінде қабылдады.
Ерекше ескере кетерлігі Тоғұлыл ханның Қара қытайдан қайтып келіп, өз
тағына қайта отырғаннан кейінгі жетістігі ерекше ауқымды болып шықты. Ең
қызығы тарихи деректердің Тоғұлыл ханның Еркеқараны тақтан қалай
тайдырғаны туралы нақты дерек бермеуі болды. Соған сәйкес тарихтың бұл
парағы ақ беті қала береді. Темүжінді мадақтауға арналған тарихи еңбектер
сөзімен айтқанда бұл жолы Темүжін өзінің хан әкесінің «аштығын түске,
қиыншылығын айға жеткізбей шешкен» екен.
Деректерге жүгінер болсақ, осы уақиған кейін Тоғұрыл хан далада өз
ықпалын кеңейтуді жеделдете түскен. Сөйтіп, 1197 жылы Тоғұрыл хан
Темүжінмен бірге меркіттердің тоқтаға бегіне қарсы жорыққа аттанып,
Хадаңлік жотасының Маруша сугул деген жерінде Тоқтабекті оңдырмай
жеңіп, оны Барғужин-тоғымға қуып, меркіт елін бағындырып, жылқылырын,
ордасын, егістерін түгелімен Тоғұрыл хан өзі алады. Осы соғыстан кейін
Тоғұрыл хан өзінің бұрынғы кемел шағына жеткен еді. Көп ұзамай ол
Темүжінге еш хабар берместен меркіттерге өзі жорық жасап жеңеді әрі
қыруар олжа алады. Сонымен бірге, маркіттердің бір бөлім ел-жұртын өзіне
қосып алады.
Дәл осы мезгілде Керей хандығының далалық аймақтағы үстемдігін
Солтүстік Қытайда билік етіп отырған шүршітердің Цзинь патшалығы да
мойындағаны белгілі болды. Бұл жолы Цзинь патшалығының Тоғұрылға Ваң
(қаған, хан) атағын беруі далалық аймақтағы билігін тіптен бекемдей түсті.
Белгілі болғанындай, бұл жолы Тоғұрыл хан мен Темүжін әскер бастап
барып Цзинь патшалығына қарсы бас көтерген татар билеушісі Мегұлжин
Сегутының көзін жойған. Сол еңбегі үшін Тоғұрылға бүкіл бір елдің
билеушісі дегенді білдіретін «Ван/Оң» деген атақ береді. Содан бастап
Тоғұрыл хан титулына «Оң» деген титул тіркеліп ол: «Тоғұрыл Оң хан» деп
атала бастады.800px-Gengis_Khan_empire-en
Ең қызығы марапаттау кезінде Темүжінге бар болғаны шекаралық
аймақтағы қолбасы дегенді білдіретін «Жағұт-хори» деген мәнсап беріледі.
Темүжін Цзинь патшалығының мынау мардымсыз атақ, басқадан аз си алып
қорланғанын, басқалардың өзін сол бір «Жағұт-хори» деген болымсыз
атақпен атап келеке ететінін көп заманнан кейін де қинала еске алып жүрді.
Шын мәнінде Цзинь патшалығы кезекті марапттау кезінде Тоғұрыл ханның
қол астындағы әскер басылардың бірі ғана болған Темүжінге мұндай атақ
беруі әділетті болатын.
Цзин патшалығынан кезекті мәрте атақ пен шен алушылар қатарында
Тоғұрыл ханның мұрагер ханзадасы Ілқа да болды. Белгілі болғанындай оған
«сенгүм» атағы берілген. Бұл әрине үлкен шен қазіргі сөзбен генерал деген
сөз, бұл енді Темүжінге берілген әлгі «жағұт-құри»мен салыстырғанда әлде
қайда жоғары тұрды. Соған сөйкес Ілқа алдағы жерде «Ілқа Сенгүм» деген
даңқты атақпен көбірек мәлім бола бастады. Темүжінді қапаландыратын да
осы «сенгүм» болатын.

Тоғұрыл ханның бүкіл даланы бірлікке келтіру мақсатындағы келесі
қадамдары Моңғолиядағы басқа ұлыстардың ғана емес, өз қол астындағы
моңғолдардың мүдесіне қайшы келе бастады. Атап айтар болсақ, Койтон
соғысынан кейін Жамұқа Тоғұрыл ханға тізе бүкті. Тоғұрыл хан бұл жолы
ешқандай екіленбестен оны өзіне қосып алады әрі оның моңғолдардан
бөлініп, керейлерге қашып барған барлық халқын өзіне тәуелді етті.
Тоғұрылдың бұл әрекеті, әрине, осы аймақтың елі мен жері тек өзінің Керей
хандығына ғана тән болу керек дейтін әріден келе жатқан ойынан туындаған.
Бұл мақсатта ол моңғол жұртының ханы Темүжіннің Моңғолдардың басын
қосып жеке ел қылу сынды мүддесін де, Темүжінге берген «тозып жүрген
еліңді, тұтастырам қайтадан» деген ескі уәдесін де ұмытып кеткендей болды.
Темүжіннің ойынша Тоғұрыл Жамұқаны бағындырғаннан кейін оған қарасты
моңғолдарды өзіне беруге тиіс дейтін еді, бірақ, Тоғұрыл олай істеген жоқ.
Керісінше, бағындырған моңғолдардың бәрін өзі қосып алды. Ол ол ма,
Темүжін бірден-бір бақталасы Жамұқаны өз қасына алып, ықпалында ұстап
отырды. Тоғұрыл хан мұны қандай мақсатта жасап отырғанын, әуелі оның
өзіне қандай пайда-зиян келтіретінін Темүжін де мүлде ескерусіз қалдырмаса
керек. Сондықтан, ол Тоғұрыл ханның әрбір қимылын сақтықпен қадағалап
отырды. Ол бір жағынан өзінің әскери күшін бекемдеуге назар аударса, енді
бір жағынан сырттан өзіне жақтас одақтас іздестіре бастаған тәрізді. Осы
мақсатта наймандармен ортада әлде қандай бір ымыраластық болғаны кәдік.
Меркіттерді шауып, одан әрі күшейген Тоғұрыл хан алда наймандарға
жорық жасап, кешегі кеткен кегін қайтаруды жоспарлады. Бұл жолы Тоғұрыл
хан керей және моңғол тайпаларынан құралған қосындарын бастап барды.
Жорыққа қатысқандар қатарында моңғолдың екі билеушісі Темүжін мен
Жамұқаның екеуі де болды. Олар Алтай тауын көктей өтіп Бұйрық ханның
әскерін Қызылбаш көлі (қазіргі ҚХР дағы Үліңгір көлі) маңында жеңіп,
қыруар олжа алды, соғыста жеңілген Бұйрюқ хан болса Кем-Кемчитке қарай
қашып кетті. Міне солай жорық өте сәтті жасалып әрі сәтімен аяқталып келе
жатты.
Алайда олар қайтар жолында Байдарақ деген жерге келгенде найманның
әйгілі қолбасшысы Көксау Сабарақтың әскеріне кез болады. Бұл күні күн
кешкіріп кеткендіктен, келесі күні соғысуға уағдаласады да, бөлек-бөлек
дамылдап қалады. Дәл осы түні Тоғұрыл хан тосын шешімге келеді. Ол
орнына жағалата от жақтырып, Темүжінге айтпай өзі кетіп қалады. Темүжін
Тоғұрыл ханның өзін бықсыған жұртына тастап кеткенін ертеңінде ай
жайылып, күн шыққанда барып бір-ақ біледі. «Құпия шежіреде» Тоғұрыл
ханның бұлай істеуі Жамұқаның араға от жағуынан болды деп жазған.
Мүмкін Жамұқаның «Темүжін анда бұрыннан наймандармен барыс-келіс
жасап, елші жіберіп тұрушы еді» деген ескертуі мүлдем негізсіз айтылмаған
шығар, бұл жағдайдан ол бұрын да еш хабарсыз емес шығар, сол себепті
Тоғұрыл хан Жамұқаның сөзін терістемеген болар, т.б. болжал көп, нақты
жауап жоқ. Соның ішінде бір нәрсенің басы ашық еді, яғни Тоғұрыл хан
Темүжіннің онан әрі күшеюін қаламайтын еді. Темүжіннің өзімен бірге
жүріп, қоңданып қалғанын көріп жүрген Тоғұрыл оны әлсіретіп алу керек.7142d0bb76cd206db29ba1c2252dc437_resize_w_520_h_

Ендеше наймандардың қолымен біраз әлсіретіп алудың сәті түскен тәрізді.
Мұндай болғанда моңғолдың Жамұқасы өзіне тәуелді, сөйтіп, Темүжіннің
артындағы ел-жұрты өзікі болмақ? Қалай десек те Тоғұрыл хан сол түні
кеште Темүжін ұлына осындай қаталдық жасауға дәті шыдады.
Бірақ, нәтиже Тоғұрыл хан күткендей болмай шықты. Темүжіннің анау
айтқандай наймандармен ортада әлде қандай келісімі болды ма, болмаса
басқадай жол тапты ма, әйтеуір ешқандай бодау берместен наймандардың
шеңгелінен аман-есен құтылды. Есесіне Тоғұрыл ханның жолы болмай
шықты. Бұл жолы найманнның Көксау сабарақ батыры Тоғұрыл ханның
соңына түсті. Ұзамай оны қуып жетіп, Сеңгүмнің қатын-баласын, елін
олжалап алды. Оны да місе тұтпай, Тоғұрыл ханның Телегету ауызындағы
елі мен малын олжалады. Осы орайда меркіт Тоқтоғабектің балалары Құту
мен Чылағұн Тоғұрыл ханнан сытылып шығып, әкесі Тоқтағаға қосылу үшін,
ел-жұртын ертіп, Селенге өзені жаққа беттейді. Сөйтіп, Тоғұрыл ханның
басына тағы күн туды. Амалы таусылған ол Темүжінге елші аттандырды.
Одан «Төрт күлігін» жіберіп, наймандар олжалап кеткен қатын-баласын
қайтарып әперуін өтінді. Темүжін еш ойланбастан Боғұрчы, Мұхали,
Борохұл, Чылағұн қатарлы «төрт күлігін» жіберіп, Тоғұрыл ханның қатын-
баласын түгелдей құтқарып әкеп берді.
Осы уақиғалардан кейін Темүжінмен шындап есептесуге тура келгенін
Тоғұрыл ханның да көзі жеткен тәрізді. Нәтижеде оның Темүжінге деген
ұстанымы тағы бір мәрте өзгеріске түсті. Осы орайда өзінің Моңғолдарға
қаратқан ұстанымында да өзгерістер көріне бастады. Көп өтпей Тоғұрыл хан
Темүжінді ордаға шақырып алып «әкелі-балалы болу салтын» жоғары
деңгейде атап өтті.
Тоғұрыл ханның бұлай етпеске амалы қалмаған болатын. Себебі, бұл тұста
жат жұрттан азып-тозып келіп, елінің билігін енді-енді қайта алып, оң-солын
түгендей бастағанда наймандардың сұрапыл соққысынан қайтадан есеңгіреп
қалған болатын. Есесіне Темүжіннің едәуір күшейіп алуы оған тағы бір
уайым әкелген еді. Тоғұрыл хан бұған дейін Темүжінге білгенін істеп жүрсе
енді онымен ресми түрде санасуға тура келген. Оның үстіне моңғолдың
Жамұқасы, осы реткі наймандармен соғыстан кейін, бөлініп қашып, тағы өз
жөніне кеткен еді. Темүжінмен дұрыс мәмілеге келуге итермелеген тағы бір
себебі – осы болатын. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», Жамұқаның «Темүжін
анда сытылып, тоз-тоз болып суық тоғайша найманға барып қосылмақ» деген
өсегі шындыққа айналатын болса ше? Онсыз да күні кеше Темүжіннің «төрт
күлігін» жіберіп құтқарып алуы, расында ерлік. Қара басты хан ретінде
мұндай қарызды бұрынғыдай мойындамай қоюдың дәл қазір реті жоқ. Оның
бер жағында кәрілік болса келе жатыр. Ұлы Сенгүмге, інісі Жакамбуға да
Тоғұрыл ханның көңілі толмайды. Күні ертең өзі ана-мына бола қалса, ұлысы
не болмақ. Басқаны былай қойғанда, өзінің ет-бауыр қолқа жүрегі «тонсыз»
туған ұлы Сенгүм мен «тонымен» туған ұлы Темүжін арасында қандай
сұмдық жағдай боларына ешкімнің де көзі жетпейді. Осындай күрделі
жағдайларды ескергенде Тоғұрыл ханның Темүжінді шақырып алып әке-

балалық салт өткізуі тура шешім болатын. Ұрпақ үшін отқа да, суға да
түсетін әкенің өз ұрпағының болашағы үшін жасаған бір игі шарасы еді бұл.
Біз енді бір сәт, бұл тұстағы Темүжіннің жағдайына талқы жүргізіп
көрейік. Шынын айтсақ, Темүжіннің мұңы да өз басынан асып тұрған еді.
Бүкіл моңғолдың басын құрауды армандаса да бұл мақсаты әлі күнге дейін
орындалмай келеді. Хан тағынан үміткер Жамұқа да әлі жер басып жүр.
Оның өзі үшін енді қандай қастандық сайлап жүргенін кім білсін. Өзі пана
тұтып жүрген керейлер де, батыстағы наймандар да өзінен әлдеқайда қуатты.
Олардың қай-қайсысымен де белдесуге күші жетпейді. Оған әрине мәмілеге
келуден оңды жол жоқ. Мұндай мәмілегк басқа кіммен келу керек. Осы
орайда ол өзінің керейлермен ортадағы байланысын онан әрі бекемдеуге
кірісті. Темүжін өзінің тұңғыш ұлы Жошыға, Сенгүмнің қарындасы Чағұр
бегімге құда болып, Сенғұнның ұлы Тұсаққа өзінің Қожын бегімін айттырып,
орайласқан құда болуды өтінеді.Ashna agan
Бұл құдалықты Тоғұрыл хан құптады ма, жоқ па, ол жағы беймәлім. Бірақ
Сенгүм естіген жерден қарсы шықты. Ол өзін өр санап: «Біздің қызымыз ол
ауылға баратын болса, есігінен төрге озбас, олардың қызы біздің ауылға
түсер болса, төрден есікке қарап отырар» деді. Мұны естіген Шыңғыс
ханның Тоғұрыл Оң хан мен Семгүннен көңілі қалды.
1202 жылы Темүжін татарларға жорық жасады. Нәтижесінде Темүжін
татарларды түбегейлі жеңді. Сөйтіп, бүкіл сахараның билігі Тоғұрыл хан,
Таян хан, Темүжін сияқты үш үлкен топқа жіктеле бастады. Әсіресе,
Темүжіннің татарларды біржолата бағындыруы, Тоғұрыл ханның көңілін
тіптен алаңдатты. Темүжіннің татарларды бағындыруы, хан тағынан күдердін
әлі үзбеген Жамұқаға да ауыр тиді. Ол өзі кеше ғана тастап кеткен Тоғұрылға
қайта барды. Осы кезде татарларға қарсы соғыста Темүжінмен олжаға
таласып арыздасқан Темүжіннің туысқандары Дарылтай, Отчигин, Алтан,
Хучар қатарлылар да Тоғұрылды келіп паналады.
Міне, бұл Тоғұрыл мен Темүжін ортасында бұрынғы байланыстың мүлдем
суына бастағанының нышаны болды. Осыдан бастап Тоғұрыл хан мен
Темүжіннің қатынасы бұрынғы қызғаныш, күдіктену сатысынан тағы бір
саты өрлеп, ашық жаугершілік сатысына қарай қадам басты.
Темүжінге қарсы соғыстың ұйымдастыру барысын негізінен моңғол
билеушісін мадақтауды мақсат еткен тарихи деректердің барлығы
Темүжіннің дұспандары Жамұқа, Сенгүм, Алтан сияқты адамдардың қарт
Тоғұрыл ханды тұс-тұстан азғыруынан болды деген тұжырым шығарады.
Бірақ, бұдан басқа себеп іздеуге көмегін тигізетін басқа деректер жоқ. Сол
себепті уақиғаны сол деректер негізінде ғана баяндауға тура келеді. Бізге
мәлім болуынша, Керей билеушілері 1203 жылы көктемде Темүжінді
құдалыққа шақырып, қонағасында өлтіруге келіскен. Алайда, бұл жоспар
сәттіз аяқталады. Сонымен, әскер аттандырып моңғолдарды бір жолата
жоюға бел буады. Нәтижеде араларынан тағы сатқын шығып, бұл істі
Темүжінге жеткізіп қояды. Темүжін асығыс дайындық жасайды да соғысқа
кіріседі. Соғыс Хархалжит-элэт деген жерде болады. Екі жақ табан бір күн
соғысады, Темүжін әскері негізінен күйрей жеңіледі. Темүжін аман қалған

2600 шерігін бастап, Моңғол жерінің шалғай шетіне қарай шегінуге мәжбүр
болады.
Бұл жеңіс Керей ханлығының билеушілерін бұрынғыдан бетер астамсытып
жібереді. Олар Темүжінді жау ретінде елемейді, астам-астам сөйледі.
«Моңғолдың көбі Жамұқа, Алтай, Хучарлармен бірге жүр. Темүжінмен бірге
жүрген Моңғолдар ұзап қайда барар дейсің, олар ат үстінде, ағаш астында
қалып таусылады, бітті. Егер олар өздері келіп бағынбаса, біз барып,
етегімізге тезек тергендей, теріп әкелеміз» десті. Міне, мұндай астамдық
кейін Керей хандығының тарих бетінен мүлдем жоғалуының бір себебі
болды. Сонымен қатар, ұлыстың ішкі жағындағы алауыздықтар да өрши
түскен болатын. Мысалы, Даритай Отчигін, Жамұқа, Хучар, Алтан және
басқа ру басылардың қатысуымен олар бірігіп Тоғұрыл ханды өлтіріп өз
биліктерін орнатпақшы болып, «Оң ханды шауып өзіміз хан болайық. Оң
ханға да, Шыңғыс ханға да бағынбайық» деседі. Ойда жоқта олардың бұл
жоспарын Тоғұрыл хан сезіп қойып, әскер бастап келіп, оларды деркезінде
тыныштандырды. Олардың бір бөлімі Таян ханға енді, бір бөлімі Темүжінге
барып қосылды.
Керей хандығының ішкі жағында алауыздық туып жатқан осындай әлсіз
тұсында орайды жібермей, бір белдесіп көруді мақсат еткен Темүжін бір
жағынан өз күшін бекемдеп, алдағы соғысқа тыным таппай дайындық көрсе,
енді бір жағынан Тоғұрыл ханға елші жіберіп, қайта татуласуға ұсыныс
жасап, қарсы жақты бейқам күйге түсірді. Жансыздар жіберіп, керейлердің
не істеп, не қойып жатқанынан ақпарат алып отырды. Ақыры олардың Алтын
керегелі үй тігіп, той жасап жатқан кезінде, хан ордасын қоршап алды.
Соғысқа еш дайындықсыз, бейқам отырған ел үш күн, үш түн соғысып,
ақыры тізе бүкті.dsc01455
Тоғұрыл хан мен Сенгүм қашып наймандар жеріне барғанда, Тоғұрыл Оң
ханды наймандардың шолғыншылары өлтірді. Сенгүм Таңғұттарға қашты,
одан шығып, Қашқар, Қотан уалаятына барғанда сол жердің әкімі Қылыш-
Қара деген өлтірді.
Біз сөз етіп отырған Керей хандығының Тоғұрыл Оң ханы мен болашақ
жаһанды жаулап алушы Шыңғыс ханның арасындағы өткен-кеткен
оқиғалардың ұзын-ырғасы осылай. Шыңғыс хан мен Моңғол ақсүйектерінің
ерлігі мен ақыл-парасаттылығын жырлау мақсатында жазылған ескі
жәдігерлерде, барлық ізгілікті, батырлықы, ерлікті, адалдықты әрқашан да
Шыңғыс хан мен олардың туыс-туған, ағайын-достарының, адал
нояндарының басына үйіп-төгеді де, оған қарсы болғандарды надан, топас,
қараниет, екібеткей, сайқал етіп көрсетеді. Өз заманында тарихи тұлғаны
мадақтау мен марапаттау мақсатында жазылған жәдігерлердің мұндай
ерекшелігіне түсіністікпен қарауға болады. Өкінішті жері сол дәуірдің
қажетінен туындаған сыңаржақты көзқарастың күні бүгінде жалғасын тауып
келе жатқаны. Осы орайда сәл де болса шындықтың бетін ашу ниетінде,
керей Тоғұрыл Оң хан мен Темүжіннің арасындағы кей байланыстар туралы
мыналарды ескере кетуді жөн көрдік.

Темүжін Керей ханлығын түбегейлі жойғанға дейін, бұрынғы түркі
қағанаттары орда тіккен көшпенділердің алтын бесігі саналатын аймақтың өз
иесі болды десек, ол керей хандығының Тоғұрыл Оң ханы болды. Оның бүкіл
саналы ғұмыры осы өңірде өз ұлысының билігін сақтау және оны бекемдеу
жолындағы күрестермен өтті. Оның қасында Темүжінді ертіп алып
наймандарға жорық жасауы, меркіттерді неше мәрте шабуы, татарлармен
күресуі, міне, осылардың барлығы қазіргі тарихшылар айтып жүргендей, ұлы
Шыңғы ханның моңғол ұлтының басын құраудағы жасаған жорықтары емес,
қайта Тоғұрыл ханның Керей ханлығының осы аймақта көп заманнан бері
қалыптасқан үстемдігін нығайту, жалғастыру жолындағы қимылдары
болатын. Дәл солай болғандықтан басқалардың аталған өңірге жасаған
әскери жорықтары Темүжінге емес көбінесе Тоғұрыл ханға бағытталып
отырған. Айталық, осы аймақтың батыс жағын алып жатқан наймандардың
аталған аймаққа неше мәрте жүргізген соғысы тек Тоғұрыл ханның Керей
ханлығын құлату мақсатында жасалды. Татар, меркіт, найман, ойрат,
тайшығұт т.б. бірлесіп, неше дүркін жасалған жорықта Тоғұрыл ханның қол
астындағы Темүжіннің азғана моңғолдарына емес, Тоғұрыл ханның Керей
хандығын жою мақсатында ұйымдастырылды. Тоғұрыл хан мен Темүжіннің
Алтайдан көктей өтіп, наймандарға жасаған жорығын, Тоғұрыл ханның
наймандарға жасаған жаза жорығы демегенде, Темүжіннің қай мақсаттағы
қимылы демексің? Бұл кезде Темүжін де ауызын айға білеген Найман
хандығына жорыққа шығатын қауқар да, ниетті жоқ болатын. Моңғол мен
наймандар ортасында жорыққа аттанатын мүдде қақтығысы да болған емес,
керек десеңіз, Тоғұрыл хан Темүжінге қарсы соғысты да деректерде
айтылғандай қайсы біреулердің араға от жағуынан емес, дәл осы мақсатта
ұйымдастырды. Сонымен, Тоғұрыл ханның көзінің тірісінде Темүжін тек
оның, вассалы, аларманы, қолқанаты, сенімді серігі, Темүжіннің өз сөзімен
айтқанда «тонымен туған баласы» ғана есептелетін. Тоғұрыл Оң хан оны
осылай деп қарады, әрі ол өзінің бұл көзқарасын өзімен бірге о дүниеге ала
кетті. Біз енді Тоғұрыл мен Темүжіннің, керейлер мен моңғолдардың
даладағы тарихи орны мен келбеті туралы басқалардың пікірін қузап көрейік.
Шын мәнінде бұл сауалға Тоғұрыл хан өлгеннен кейін Найманның Таян ханы
айтқан: «Күн шығыста жасайтын азғана моңғолдар, түрлі қитұрқы амалдарды
қолданып қарт Оң ханды қуып жіберді. Міне енді Оң хан өлді. Ол[Темүжін –
Ошан. Ж.] оның [Оң ханның – Ошан. Ж.] халқын иемденіп алып, енді қаған
болғысы келіп жүрген шығар? Көк аспанды жарық қылып тұру үшін, аспанда
бір күн, бір ай ғана болады. Жер бетінде екі қаған қалай болсын? Біз енді
аттанып барып сол аз моңғолды жаулап алайық» деген сөздері толық
сипаттай отырып жауап бере алған.
Керісінше Темүжін үшін Тоғұрыл хан оның мықты сүйеніші болды.
Келешек жаһанды жаулап алушы Керей ханлығы мен оның билеушілерінің
беделін өз пайдасына шебер пайдалана білді. Дәл солардың арқасында өзі
қарапайым батырдың ұлы, қатардағы рубасы дәрежесінен айтулы ханға, елі
осы аймақтағы беделді ұлысқа айналды, ақыры, айласын «әкесінен» асырып,

қатыгездік танытты. Нәтижесінде, шешуші кезеңде Тоғұрыл ханды тағынан
тайдырды, ұлысын ойрандады. Мұндай қадамға Темүжін ғана бара алды.
Тоғұрыл хан болса өзінің бүкіл өмірінде Темүжінді тек өз пайдасына
пайдалануді, уысынан шығармауды ғана ойлады. Оның бұл ойын әу бастан
сезген Темүжін қашан оның мойнына қыл шылбыр салғанша хан әкелеп, оны
ымыраға келуге шақырудан жазған жоқ. Тоғұрыл хан өзі де, оның
төңірегіндегілер де моңғолдарды аса қатерлі дұспан санаған жоқ. Тоғұрыл
хан қаһарына мініп, Темүжінді құртып жіберуге бел буған кезде оның қол
астындағы билеушілерінің астамдығынан, оның бұл ойы жалғасын таппай
қалды. Ал, Темүжін болса Тоғұрыл ханды алдындағы ең үлкен бөгет, Керей
ханлығын келешек моңғол ұлысының іргелі жауы деп санады. Сөйтіп, ол
Тоғұрыл ханның әр басқан қадамын қадағалап, одан келген қауіптің дәйім
алдын орап отырды.Edil  qagan
Тоғұрыл хан мен Темүжін ортасындағы байланыстың ақыр соңы немен
тынңанын бәріміз білеміз. Қаған өлді, ұлыс ыдырады. Мүмкін атадан балаға
жалғасып, бүгінге жеткен «елемеген жау жаман, ескермеген дау жаман»,
«жау аяған жаралы», деген аталы сөздер ата-баба тарихының осындай
тұстарынан қортындыланып, ұрпаққа мұра болған шығар.

Kerey.kz

Related Articles

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: