|  |  |  | 

Саясат Суреттер сөйлейді Әлеумет

Қастандықпен өлтірілген белсенді Ғалы Бақтыбаевтың ауылы


Ғалы Бақтыбаевтың туыстары белсенді атып өлтірілген үйдің алдында отыр. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

Ғалы Бақтыбаевтың туыстары белсенді атып өлтірілген үйдің алдында отыр. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

Атасу ауылы тұрғындарын қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың қатыгездікпен өлтірілуі шошытты. Жергілікті жұрт марқұмды “батыл, шыншыл” әрі “ауыл тұрғындарының мәселесі жайлы жиі шағым жазатын адам еді” деп еске алады. Азаттық тілшісі Атасуда болып, белсендінің туыстары және ауылдастарымен сөйлесіп қайтты.

АТАСУ ТҰРҒЫНДАРЫН ДҮРЛІКТІРГЕН ОҚИҒА

Қарағандыдан екі жүз шақырым жерде орналасқан Атасу ауылында 14 мыңнан астам адам тұрады. Азаттық тілшісіне мамырдың 28-іне қараған түні осы ауылда атып өлтірілген жергілікті белсенді Ғалы Бақтыбаев тұрған үйді бірден табу мүмкін болмады. Көшеде кездескен адамдар белсендінің үйіне қалай баруға болатынын түсіндіре алмағанымен, Ғалы Бақтыбаевты жақсы білетінін, оның ауылдастарына заң мәселелері бойынша көмектескенін айтып, тезірек кетуге асықты.

- Полиция жұртты тергеп жатыр: бөлімшеде кезек көп, полиция қызметкерлері үй-үйді аралап жүр. Ғалыны көршім әрі өте көп жазатын адам ретінде жақсы білетінмін. Оған көмек сұрап келушілер көп еді. Ғалының қажет орындарға жазған өтініштері жауапсыз қалмайтын, сот болатын, тағысын тағы… Осылай жүріп, біреудің жолын кескен сияқты, сонысы үшін жапа шекті, – деді Азаттық тілшісіне көшеде кездескен, өзін таныстырудан бас тартқан қарт адам.

Атасу ауылындағы үйлер. Қарағанды облысы, 1 маусым 2019 жыл.

Атасу ауылындағы үйлер. Қарағанды облысы, 1 маусым 2019 жыл.

Ғалы Бақтыбаевтың қазасына байланысты полицияның бірнеше күннен бері ауыл тұрғындарынан жауап алып жатқаны, алайда қылмысқа күдіктілердің әлі табылмағаны Азаттық тілшісіне кейінірек мәлім болды. Бақтыбаевтың үйін көрсетуге келіскен бір тұрғын белсендінің “өте қатыгездікпен өлтірілуі бүкіл ауылды дүр сілкіндіргенін” айтты. Өз аты-жөнін атағысы келмеген бұл тұрғын журналистке іздеген үйді көрсеткеннен кейін кеткенше асық болды.

ҮЙІНІҢ АЛДЫНДА АТЫП ӨЛТІРГЕН

Бақтыбаевтар отбасы 1956 жылы салынған өте қарапайым ескі үйде тұрады екен. Бұл үй Ғалыға әкесінен қалған. Отбасының қарапайым тұрмыс кешетіні көрініп тұр. Ғалы Бақтыбаев екінші топтағы мүгедек болғаны үшін жәрдемақы алып келген. Енді анасына тіреу болатын белсендінің 19 жастағы ұлы жүк тасушы боп жұмысқа тұрған. Ол Азаттық тілшісіне соңғы уақытта әкесіне қоқан-лоқы көрсету жиілегенде, одан бұл жұмысын тоқтатуын сұрағанын айтады.

- Әкем бастаған ісін соңына дейін жеткізетінін айтты. Ол өте батыл әрі жігерлі кісі еді, ешкімнен, ештеңеден қорықпайтын, енді оны өлтіріп кетті. Оларға әкем ғана керек болған, соның жанын алуға ғана келген, – дейді Елдар.

Ғалы Бақтыбаев (сол жақта) ұлымен бірге.

Ғалы Бақтыбаев (сол жақта) ұлымен бірге.

Ғалы Бақтыбаевтың жақындары белсендіге қоқан-лоқы көрсету 2017 жылдың соңынан басталғанын жеткізді. Бұл кезде Ғалы аудандағы салдыр-салақтық, жемқорлық және алаяқтыққа байланысты бірқатар іске қоғамдық зерттеу жүргізумен айналысып жүрген.

- Ол өте әділ, адал, жұмысын жан-тәнімен беріліп істейтін адам еді. Біреудің жемқорлық жасағанын білсе, бірден күреске ұмтылатын. Бірнеше адамның жұмыстан босатылуына қол жеткізді: олардың арасында полиция, аудандық білім бөлімі мен жергілікті колледж қызметкерлері де бар, – дейді жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін көрсетпеуді сұраған Ғалы Бақтыбаевтың досы.

Ғалы Бақтыбаевтың жас кезіндегі суреті. Белсенділердің туыстары берген фото.

Ғалы Бақтыбаевтың жас кезіндегі суреті. Белсенділердің туыстары берген фото.

Алғаш рет Ғалыға ескерту жасағандар белсенді үйінің екі терезесін пневматикалық мылтықтан атып сындырған. Біраз уақыттан кейін белгісіз біреу Ғалы орнатқан көшеге жарық беретін прожекторды сындырып кеткен. 2019 жылдың ақпанында Ғалыға шабуыл жасалған: кешқұрым бетперде киген екі адам Ғалының бетіне сұйық газ шашып, оны темір таяқпен ұрып-соққан. Осының бәрі Ғалының үйінің алдында болған. Ол кезде жарық сөніп тұрған. Ғалының туыстары әлгі қылмыскерлердің сол күйі табылмағанын айтады. Бұл екінші ескерту болатын.

Ал мамырдың 28-іне қараған түні ымыраға көнбеген белсендіні ақыры өлтіріп тынған. Алдын ала мәлімет бойынша, белсендіні қосауыз мылтықтан атқан.

Ғалы Бақтыбаевтың үйінің ауласы. Белсендіні осы жерде атып өлтірген. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

Ғалы Бақтыбаевтың үйінің ауласы. Белсендіні осы жерде атып өлтірген. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

- Қылмыскер қоршаудан секіріп өтіп, үй бұрышында тым жақын жерде тығылып отырған сияқты. Байлаудағы итіміз сол жаққа қарап үре берді. Мен үйде едім. Ғалыға қақпаны аштым. Ол аулаға кіріп, қақпаны ішінен құлыптап, үйге енді кіре бергенінде ту сыртынан бытырай ұшқан оқ тиді. Үйдің ішінде, дәлізде, ас үйдегі пештің қабырғасында, есік жақтауында бытыра іздері бар. Әйнектер сынды. Ол жерге етпеттей құлады, мен айғайлап, оны үйге кіргізіп алдым. Есікті жауып, полиция шақырдым, – дейді үйдегі бытыра оқ іздерін көрсеткен Ғалы Бақтыбаевтың жесірі Рабиға.

Оқ іздері шынымен көп екен: қақпада, қоршауда, терезе мен үйдің ішкі және сыртқы қабырғаларында, үй алдындағы ауланы жапқан шатырда қалған. Туыстары Ғалыны өлтіруге кімнің қатысы барын білмейді, олар полиция үйден алып кеткен құжаттарды: шағымдар, хаттар, сот шешімдері мен басқаларын мұқият зерттейді деп үміттенеді.

Ғалы Бақтыбаевтың үйінде қарудан атылған бытыра ізі көп кездеседі. Атасу ауылы, Қарағанды облысы, 1 маусым 2019 жыл.

Ғалы Бақтыбаевтың үйінде қарудан атылған бытыра ізі көп кездеседі. Атасу ауылы, Қарағанды облысы, 1 маусым 2019 жыл.

ҒАЛЫ БАҚТЫБАЕВТЫҢ ІСІ

Жақындарының сөзінше, Ғалы Бақтыбаев жиырма жылға жуық қоғамдық іспен айналысып, ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді көтеріп келген.

- Қарағандыдан келген полиция қызметкерлері барлық қағаз-құжаттарды алып кетті. Онда Ғалының кімдерге көмектескені, қандай шағымдармен жұмыс істегені анық көрініп тұр. Ол бәрін халық үшін жасады, жемқорлыққа қарсы күресті, – дейді белсендінің әпкесі Раушан.

Полиция әкеткен құжаттар ішінде бір компаниядан “сот шешімімен өндірілген 300 миллион теңге арнаулы ашық шотқа аударылсын” деп қол қойған ауыл тұрғындарының өтініші де болған. Ғалының туыстары мен достарының айтуынша, бұл ақшаны ауылға электр желісін жүргізуге жұмсау жоспарланған. Жобасы да жасалған. Енді белсенді өлімінен кейін Ғалының туыстары мен ауыл тұрғындары “бұл іспен енді кім айналысып, бастаманы соңына дейін жеткізеді?” деп алаңдайды.

Белсендінің жесірі Рәбиға Бақтыбаева жұбайына қарудан атылған бытыра іздерін көрсетіп тұр. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

Белсендінің жесірі Рәбиға Бақтыбаева жұбайына қарудан атылған бытыра іздерін көрсетіп тұр. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

Жақындары Ғалының соңғы үш күнде маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Әміржан Қосановтың сайлау штабында ерікті болып жұмыс істегенін айтады.

Белсенді соңғы кезде өз туысына Жезқазғандағы пәтерге байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі қайта қозғауға көмектесіп жүрген. Бұл іске бірнеше кісінің араласы бар. Соттың созылып кеткеніне, сот актілерінің түсініксіз жасалғаны жайлы шағым түсірген. Ғалы осы іске қатысы бар адамдарды жауапқа тартпақшы болған.

- Ғалы әртүрлі адамдарға өте көп шағым жазып жүріп, биыл ақпанда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі қайта бастауға қол жеткізген еді. Бірақ содан бері хабар жоқ. Менің пәтерім басқа адамға тіркелген боп шықты. Ғалының көзі кеткен соң, қылмыстық істі қайта тоқтатып тастай ма деп қорқамын. Бұл іске құзырлы органдардың назар аударғанын қалаймын, – дейді Ғалының туысы Зәуре.

Бақтыбаевтар үйінің бытыра тесіп өткен терезесі. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

Бақтыбаевтар үйінің бытыра тесіп өткен терезесі. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

БЕЛСЕНДІ ҚАЗАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТЕРГЕУ

Жаңаарқа аудандық әкімдігінде Ғалы Бақтыбаевты өтініш-шағымды көп жазатын, ауданның әлеуметтік мәселеріне бей-жай қарамайтын аса белсенді азамат болған еді деп еске алды.

Ғалы Бақтыбаевтың ұлы мен жесірі белсендіге Жаңаарқа ауданы әкімі берген алғыс хаттарды көрсетіп отыр. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

Ғалы Бақтыбаевтың ұлы мен жесірі белсендіге Жаңаарқа ауданы әкімі берген алғыс хаттарды көрсетіп отыр. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл.

Жаңаарқа аудандық полиция бөлімшесінде Ғалы Бақтыбаевтың қазасы туралы Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартып, Қарағанды облыстық полиция департаментіне сілтеді. Бірнеше күн бұрын облыстық департамент “мамырдың 28-і күні оқ тиіп қаза болған Атасу ауылының 59 жастағы тұрғыны табылды” деп хабарлаған. Қылмыстық кодекстің 99-бабы (“Кісі өлтіру”) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

“Тергеу барысын облыс прокуратурасы мен полиция басшылығы өз бақылауына алды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына (“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу” – ред.) сәйкес өзге ақпарат жариялауға болмайды” деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тұрғындардың айтуынша, Атасу ауылында белсендінің қазасына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиға орнынан табылған заттай айғақтарға сараптама тағайындалған. Туыстары тергеуге көмектесетін ақпарат берген адамға сыйақы тағайындалғанын естігендерін айтады. Бірақ әзірге оны растайтын ресми ақпарат жоқ. Тергеу барысы туралы осыған дейін ресми орындар жариялаған мәліметтен өзге ақпарат айтылмайды.

Атасу ауылында 14 мыңнан аса адам тұрады. Қарағанды облысы, 1 маусым 2019 жыл.

Атасу ауылында 14 мыңнан аса адам тұрады. Қарағанды облысы, 1 маусым 2019 жыл.

Атасу ауылынан шыға берісте Азаттық тілшісі мінген көлікті жол шетінде тұрған патрульдік полиция тоқтатты. Амандасып, жүргізуші куәлігі мен техника құжатын мұқият қарап шыққан соң жіберді.

Ғалы Бақтыбаевты мамырдың 30-ы күні Атасу ауылына жерледі. Сол күні Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры Қазақстан билігін қылмысты ашық, сапалы, әділ тергеуге шақырды. Қоғамдық ұйым белсендінің қазасын “Қазақстанның азаматтық қоғамына соққы” деп атап, “мұндай оқиғалардан кейін адамдар қоғамдағы заңсыздықтар мен мәселелер жайлы ашық айтуға қорқады” деп мәлімеді.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: