Тарих Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі
БАҺАДҮР БОТАҚАРА (Дастан)
Ақын Талапбек АЗАНБАЙ 1965 жылы Қытай Халық Республикасы , Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы, Алтай аймағы, Алақақ өңірінде дүниеге келген . 2004 жылы ата жұртына көшіп келіп, қазірғы кезде Алматы облысының Ескелдіауданында тұрады.
Бегілі ақын Талапбек Өнерхан ұлы АЗАНБАЙ 1990 жылдан бастап әдеьиетке араласып, «Алтын тау салтанаты», «Қыран меруеті» атты жыр жыйнақтарда ШҰАР көлеміндегі түрлі басылым Газет - Жорналдарында 200 –ден аса өлең,толғау, баллада және поэмалары жарық көріп, оқырман қауымның ыстық ықыласына ие болған. Алтай аймақтық жазушылар қоғамының мүшесі.
Қазақстан Республикасында шығатын «Шалқар», «Жетісу» және «Жас қазақ үні» Газеттерінде бір қатар өлеңдері жарық көрген. Қазырғы күнде жазылған «Баһадүр Ботақара», «Аққаптал», «Қарагер» Дастандары, «Бабалармен сырласу», «Далалықтың дауысы» қатарлы поэамалары бар.
Әлқисса
Сырымды айтам әлқисса тыңда ғалам,
Қаламымды сия емес, жырға малам.
Аса қамқор, пәк, ұлы, мейірімды,
Басқа менің ием жоқ бір Алладан.
Түбім түрік болғанда, тегім адам,
Жүрегіме бер Алла сенім маған.
Алты алашым қорғады қазақ болып,
Бірлік туын көтеріп елін аман.
Тамырда аққан қанымда қазақ менің,
Бір кез үзіп кетседе азап белін.
Айрылмайтын ошақтың үш пұтындай,
Үш жүз болған не деген ғажап тегім!
Орта жүздың алты арыс біреуі біз,
Он екі ата бір болған тілеуіміз.
Абақ керей ішінде Жәнтекейлер,
Шаңырақты көтерген тіреуіміз.
Қыпшақ, Уақ, Қоңырат, Арғын, Найман,
Алты арысым Керейге қалдың қайран.
Ботақара Баһадұр батыр бабам,
Жауға шауып ұрандап салдың ойран.
Көзделіп дәл жебедей жатқа атылған,
Баға жетпес асылма ең баққа тұнған.
Жауға аттанған Қабанбай, Бөгенбайлар,
Дәл өзіңдей бата алып қас батырдан.
Туған жердің қорғаған неше белін,
Ел бастаған көсемде шешен едің.
Жәнібек пен Шақабай, Байтайлақтар,
Соңына ерген ерлер ед кеше сенің.
Асқан руых, о, менің асыл әнім,
Қайтіп сенен сырымды жасырамын?
Ел қорғаған өрелі еңбегіңді,
Алты қырдан ары қарай асырамын.
Жұмысы не, десекте басқа кімнің,
Ұрпағымыз өр даңқы асқақ ұлдың.
Арқауысың Баһадұр абыз баба,
Енді міне жазылар дастанымның.
Сәбидің туылуы
Туған жерін шығармай берік қолдан,
Төр жайлауға ел көшіп келіп қонған.
Жас пен кәрі қыдырып қымыз ішіп,
Бір-біріне күнде той серік болған.
Гүлге оранып жатса да, нұрға ғалам,
Не деген бұл тойымсыз сырға далаң.
Таң шапағы сөгіле ақбоз үйден,
Үні естілді сәбидің іңгәлаған.
Көз тоймайтын қарасаң тұлғасын бай,
Ұл туған соң қуаныш жүр басылмай.
Кеудесінде ала май, арқасында
Қара түк бар ботаның шудасындай.
Айтып елге Қожамжар неше сырын,
Сөйлеп жатыр сөз бермей, есе тыным.
Жегеннен соң Бөрінің бауырын ап,
Жеріктігі басылған шешесінің.
Деп сәбидің өткенін айтты теріп,
Халық мынау таң қалды жайытты көріп.
Сүйіншіге әкесі ат мінгізіп,
Жетектетіп тайларын қайтты беріп.
Жатқан құлға берді Алла сыйын тілеп,
Көңіл – қобыз, шертті қыл, күйін – жүрек.
Алты қанат ақ үйден кетті алысқа,
Ер бала деп самал жел сүйіншілеп.
Осы ауылдың шығарып атын бүгін,
Ұлан-асыр той болып жатыр құрбым.
Атасының бір айтса ақындығын,
Енді бірі көрсетед(і) батырлығын.
Ақсақалдар әңгіме, кеңес құрып,
Терезесін отырған теңестіріп.
Қой сойылып ақ сарбас алдарына,
Төре табақ ет келді егес тынып.
Өз үйінде болсада десі батпан,
Ерлігі жоқ ерлердің несі мақтан?
Батаңды бер, әз халқым, «Аумин» деп,
Түрегелді Қожамжар есік жақтан.
Төрде отырған үлкендер малдас құрып,
Баспен бірге тартылған жамбас жілік.
Дуалы ауыз ақ сақал тоқсандағы,
Бата берды өлеңмен жалғастырып.
«Қормалы бол әрқашан торыққанға,
Қиындықтың жолын кес жолыққанда.
Ел бастаған көсем бол парасатты,
Қас батыр бол қайтпайтын жорықтарда.
Алла беріп адалдан несібіңді,
Періштелер тербесін бесігіңді.
Нысанаңды көріп біз арқаңдағы,
Ботақара деп қойдық есіміңді.
Ау, жамағат, дейсіңдер киелі не?
Қалған жоқпа бұрынғы жүйе мүлде.
Мына тұрған көріңдер қызыл меңді,
Оң жақ асты мұрынның жиегінде.
Нысаналы сәби бұл нарқы басым,
Білмесе егер қадырын халқына сын.
Жанын тігер ел үшін қан майданда,
Бүтін емес болсада жарты басын».
Деп кария тоқтады тына қалып,
Жан – жағынан жатқандай сұрақ алып.
Солай ма деп бас шұлғып қарт сөзіне
Жатты тойдан тарқасып мына халық.
Алғашқы ерлік
Түн ортасы ауған кез айқай – аттан,
Шулаған ит, білмейсің қай тараптан.
Үй сыртынан біреу кеп дабыстады,
Жау келгенде бұғып бұл қалай жатқан.
«Көшпенді елміз өсірген малын қарап,
Алдыға әкеп қоятын барын санап.
Жігіттерін ауылдың қан – жоса ғып,
Жылқыларын әкетті барымталап».
Деді жігіт барлығын түсіндіріп,
Мығым ерен жауының күшін біліп.
Ботақара орыннан түрегелді,
Көріп жатқан ойына түсі кіріп.
Кең иықты, ат жақты, қарыс маңдай,
Ұран шықса кіретін қалыс қалмай.
Орта бойлы, ықшамды, орыннан тез
Қозғалатын атылса арыстандай.
Өңі жылы бота көз күлімдеген,
Жиырмаға жасыда ілінбеген.
Жылқыларды әкелем деді сонда,
Қуып жетіп соңынан түніменен.
Қара тамақ найзасын қолына ұстап,
Мінді атына болсада соңы қыспақ.
Төте тартып шатқалдан алдын тос деп,
Айқай салды Қожамжар жолын нұсқап.
Менде шығам алдыңғы тар қыспақтан,
Тек тәңірге айтарым алғыс – мақтан.
Тұрды әкесі ақ жол деп қолын жайып,
Дұға тілеп ұлына жалғыз Хақтан.
Өз қолына алған соң ырықты енді,
Артқа тастап неше сай сырып белді.
Аққан зулап жұлдыздай көк тұйғынмен,
Жау шебіне ұрандап кіріп келді.
Алғандай бір күш – қуат паң даладан,
Көзінен от ұшқындап қан талаған.
Қызыл көрген бөрідей дұшпандары,
Жан – жағынан қаумалап анталаған.
Жүрегіне қадалған оқтай дарып,
Қас батыры қалмақтың тоқтай қалып.
«Бекер емес бұл бала» – деді айқайлап,
«Көрдіңдер ме, тұрғанын оттай жанып».
«Жекпе – жек» деп ұрандап кірді араға,
Бір хикмет шашылып нұр далаға.
Қара жойпан ұмтылды қара аюдай,
Жетпей ме деп әліміз бір балаға.
Ат үстінде айқасқан сала – бармақ,
Бірін – бірі жыландай барады арбап.
Түйрегенде найзаны шұрқылтайдан,
Ауып түсті ышқынып қара қалмақ.
Айқаспенен атырып тұнық таңды,
Қайырды артқа алдынан бұрып малды.
Тағы екеуін шоқпармен сұлатып ед,
Ұйлығып жау үрпиіп тұрып қалды.
Қашанда ерге ары мен ождан – сынақ,
Кескілескен қан майдан қызған бір шақ.
Барақ, Секел, Қожамжар, Болантайлар,
Шауып келед(і) атпенен құздан құлап.
Қасына ерген жігіттер араны ашты,
Төте кіріп жауменен араласты.
Қосындарын жия алмай бытыраған,
Дұшпандарды бұл күні қара басты.
Кейін тұрар кез емес жатырқалап,
Деп жауларын бөрідей жатыр талап.
Танытқан тек Керейді алты алашқа,
Аты мәлім ер еді батыр Барақ.
Қайта айналып кетті жау қарамастан,
Жазылмаған шежіре далам – дастан.
Тұңғыш шапқан жері осы Ботақара
Жарқылдатып семсерін ақ алмастан.
Көрді айқасын Қожамжар баласының,
«Болмаса екен» деп тілеп дара шығын.
Бір бүйірден жарқ етіп кірді айқайлап,
Жау қолына тастайды баласын кім?
Қылыш сілтеп құйғытып қара кермен,
Шауып түсті ойқастап ана белден.
Қалтарыста тұрған жау атты көздеп,
«Мынау кім?» деп кеудесін дара керген.
Ойлап өткен ағайын, жаттың қамын,
Алла берген ырыздық татты дәмін.
Ілінбеген қырыққа қайран батыр,
Тұрып қалды құшақтап аттың жалын.
Өтіп барад(ы) уақыт бесін қиып,
Тілге келді әрең бір есін жиып.
«Ботақара аманат Барақ саған»,
Деді еңіреп ер едің десің биік.
Өзің баулып бауырым өсір шыңдап,
Ұқсын жетім, сөзіңді жесір тыңдап.
Әрең басын изеді сөзі ұғылмай,
Артық кетсем дегендей «кешір» ымдап.
Осыны айтып үзілді жан асыға,
Тау менен тас қош айтып даласына.
Бір тамшы жас домалап, бүкіл әлем
Сыйып жатты көзінің шарасына!
Есназарды елге әкелуі
Қандай ғажап, кең өлке атырабың,
Күй төгіліп шырқалып жатыр әнің.
Күз кез еді жер беті сарғыш тартып,
Жел ұшырған орманның жапырағын.
Қосылғанда ел – елге, жең – етекке,
Балаша мәз қуанған ересекте.
Деп үлкендер отырды ақылдасып,
Қожамжарға ас берсек келешекте.
Білдірмеген өкініш өткен күнге,
Тұсау қойып қайтеміз шекты өмірге.
Ағамызға келер жыл ас берейік,
Осы нәрсе келіп жұр тек көңілге.
Деді Барақ, Болантай, Секел, Көбек,
Бір болайық шашылмай бекер бөлек.
Төр жайлауда ас беріп сауын айтсақ,
Жантекейлер жиналып берер көмек.
Кеңес құрып барлығы тұрды орнынан,
Демеп іні ағаның бір қолынан.
Суыт жүрген жас жігіт қамшылап ат,
Топқа қарай бұрылды қыр жонынан.
Сүйіндіктің жау шапты ауылын кеп,
Терістіктен соққан жел дауыл үдеп.
Асып түсті атынан «қайран менің,
Опат болған қалды артта бауырым» – деп.
Ағайынға естіртіп жалған зарын,
Көрсетсе егер дүние-ай бар ма амалың.
Қырып тастап ерлерді еңіретіп,
Барымталап әкетті қалған малын.
Жарға ұрылған кемедей теңіздегі,
Ақырзаман жарлымен егіз бе еді.
Алып кетті ойраттар Сүйіндіктің,
Есназарын олжа қып сегіздегі.
Не болғанын білмеді басында тек,
«Жылама ұлым, жат мұнда, жасыма» – деп.
Бір жеңгесі Сарыға желқом жауып,
Тайқазанның жасырды астына акеп.
Деп ұқтырды бір адым қадам басып,
Қалды сонда Ботекең жаман сасып.
Кеткен еді Айтынбет сол ауылға,
Үлкендерге келем деп амандасып.
«Дұшпаның кім?» деседе сақтан танып,
Тыныш еді бейхабар жатқан халық.
Жинап алып ерлерді Ботақара,
Жауға кетті ұрандап аттан салып.
«Қалмаңдар!» – деп, «жігіттер бүгін менен»,
Мінді ашуға қарт Барақ шыныменен.
Қуып жетті шалқар түс мөлшерінде,
Жау соңынан қол бастап түніменен.
Сай – саладан ұрандап құйылды кеп,
Берген Алла адамға сыйы бөлек.
Кірді жауға Барақ пен Ботақара,
Қызыл көрген қыран көз тұйғын – түлек.
Түсті ақырып, құйғытып шауып дөңнен,
Қолда найза жоқ басқа қауып төнген.
Сілтегенде қылышын Ботақара,
Құлап жатыр ойраттар ауып ерден.
Көз жаздырып кетсе де, басқаны алдап,
Қолын қайта жия алмай сасқан зарлап.
Қашты артына қарамай тоз – тоз болып,
Өр қазақтың қақпанын басқан қалмақ.
Қайта ауылға айдады жиып малын,
Өте алмай қой қысаңнан сыйып қалың.
Ар жолында ерлерде шейіт болды,
«Еңіреген елім» – деп қиып жанын.
Ерлері жоқ шулаған қатын – бала,
Жоқтау жырмен сыңсыған ақын дала.
Көңіл айтып ағайын бір – біріне,
Басын сүйеп дем берген жақын ғана.
Сүйегі асыл бабамның текті бірақ,
Алынбаған қайтарам кекті сұрап.
Айтынбеттің мүрдесін көрген кезде,
Ботақара өкіріп кетті жылап.
Қуат берсін бір Алла тау ұлына,
Сан өмірдің шыңдалған дауылында.
Айтынбеттің Шоқан мен Қаражанын,
Басты өзінің бала етіп бауырына.
Қожамжардың қанжарын алақанға
Салып тұрып білсең бұл дара таңба.
«Көзіндей көр атаңның мұрасын» – деп,
Ботақара ұсынды Қаражанға.
Білер мұны қашанда зыйнды адам,
Дастарқаны кең еді жиылмаған.
Қожамжарға айтылған ас берілмей,
Болып кетті осындай қиын заман.
Күй төгіліп, әнменен қауышып жыр,
Өтті зулап уақыт, ауысып жыл.
«Тірі екен» – деп Есназар еңіреген,
Желмен жеткен ағайын дауысын біл.
Ботақара жас қыран епті жігіт,
Барақ батыр ер еді текті – білік.
«Отарда жүр қалмақтың малын бағып»,
Дегенді естіп екеуі кетті жүріп.
Дархан шексіз көңілі кең даладай,
Сұрастырып келеді ел жағалай.
Түсті келіп үстінен екі батыр,
«Амансың ба?» – деп жылап «кел, қарғам-ай».
Есназарды сол жерде көрді танып,
Тұрып қалды дағдарып енді халық.
«Әкеттіңдер олжалап» деп баланы,
Жалпақ жатқан шулатты елді барып.
«Көрдің бе?» – деп батырлар, иа мына,
Алып келді баланы би алдына.
«Не белгің бар, айт, кәне?» – деп сұрады,
Еш адамның келмейтін қиялына.
Жау кеткен соң қылышты тасқа шаппай,
Таразының бір жағын бас салмақтай.
Оң жақ ашып қарашы жауырынын,
Сенбесеңіз қалы бар басбармақтай.
Өткел тауып тар соқпақ тау жолынан,
Өз мәнінде шешілді дау соңынан.
Ер Жәкеңнің атасы Есназарды,
Ботақара әкелген жау қолынан.
Деген аңыз тараған елге бүгін,
Жақсылыққа ырымдап келген күнін.
Осы емес пе таусылмас ырыздығы,
Сүйген құлға Алланың берген бұрын.
Шешенқарамен айқас
Үлкен аңғар екі тау тұр қасында,
Төрт түлік мал жайылған жылғасында.
Жастарменен отырған қариялар,
Кеңес құрып дыр – думан қыр басында.
«Түйең күшті болсада сенген артып,
Мына отырған емес ол елден артық»
Деп сақалын сипады Барақ батыр,
Қалған кезі оныңда егде тартып,
«Барлығымз жиналдық сол үшін біз»,
Деді тұрып: «айтып ой бөлісіңіз.
Мал-жан өсіп жыл сайын келе жатыр,
Жайлау-қыстау тарылып өрісіміз.
Ойраттар тұр ірге жау қасымызда,
Қадамақшы тік қасық асымызға.
Қысық көзден қауып көп, кім біледі?
Не саларын Алланың басымызға».
Деді тұрып орнынан Ботақара,
«Үлкен – кіші көз салып топ ортаға.
Жау боп тиіп білдірмей жар астынан,
Бізді осылар бір күні жоғалта ма?»
Айтқан әркез кетпейтін сыны текке,
Жақындатып тартатын жылы леп пе?
«Жасағыңды дайында» – деп тапсырды,
Тайлақ, Көбек, қол жинап Тыныбекке.
«Түсінікті ел еді сыры маған,
Жау боп шапса қалдырмас біріңді аман.
Жіберіңдер шолғыншы бекер жатпай,
Қарап тұрсам бұлардың түрі жаман».
Өжет, өткір Тыныбек жалындаған,
Жігіт еді сақтаған арын аман.
Жаугершілік тайталас жас болсада,
Шынықтырып өсірді залым заман.
Барып келді Тыныбек үш күн жүріп,
Нағыз ерлік көрсетті іс тындырып.
«Жау шаппақшы ауылды дегенді естіп,
Сұрастырып үстінен түстім біліп».
Енесінен тусада кеше ғана,
Шапқан жалғыз жорықта неше дара.
Хан тұқымы қас сұлу ханшайым,
Өзі батыр аты оның Шешенқара.
Шығады өзі қол бастап деп естідім,
Бұл айтқаным жалған сөз емес бұгін.
Жекпе – жекте менімен қан майданда,
Соғыс салып қан кешіп теңесті кім?
Болғаннан соң ұрпағы белді атаның,
Жалпақ елге жайылып келді атағым.
Ботақара жинады барлық елді,
Сай тасындай сен тұрсаң мен атамын.
Екі жақ боп арнаға жиылды кеп,
Берер құлға Тәңірдің сыйын тілеп.
«Жекпе –жек!» – деп жас батыр шықты алдыға,
Ұшқан жаңа қырандай биыл түлеп.
«Шық майданға тұрмайды батыр жүдеп»,
Деді Барақ кетпесін ақырғы кек.
«Ботақара бармысың?» – деп айғайлап,
Дабыл қағып Ойраттар жатыр үдеп.
Тік көтеріп найзасын қаратамақ,
Шапты жалғыз Ботекең жанасалап.
Сілтеп қолын ұршықтай тура салды,
«Осы ма?» – деп шұрқылтай бара-салақ.
Сасып қалды түсіп ат жаясына,
Кім бар мені алатын саясына.
Екі таудың ерке өскен көкжалдары,
Бірін – бірі мерт қылмай аясын ба?!
Айқасқанда аянбай, сақтық берік,
Қылыш сермеп, тартысып жатты керіп.
Оң жаққа өтіп, тебітіп шоқпарменен
Ботақара тізеден қақты келіп.
Ауып түсті сол жерде аттан құлап,
Ел алдында болмасын мақтан бірақ.
Дұлығасы басынан ұшып кетті,
Қыз бала екен есі ауып жатқан сұлап.
Төндіре кеп қылышын ілді қолға,
Қыз екенін Ботекең білді сонда.
Қасына кеп демеді қолтығынан,
Үш ұмтылып атына мінді зорға.
«Бота батыр сен мені таныдың ба,
Екенсіңғой бұрынғы қалыбыңда.
Еңіреген ер едің амал қанша,
Айтсам ән ғып ұласар зарым мұңға.
Тістеп тұрып жүзікке салып белгі,
Тұрған оны анталап халық көрді.
Татулықтың белгісі болсын мынау»,
Деп саусақтан шығарып алып берді
Екі жақтан ұрандап жатыр бәрі,
«Басын кес» – деп алда тұр бақыр жаны.
Қарсы беттен оқ атты садақпенен,
Ойраттардың қызғанып батырлары.
Құрған тұзақ екен бұл есеп қылып,
Шөлмек түсер бір күні десек сынып.
Ботекеңге атылған сұр жебені,
Тоқтатты қыз кеудесін төсеп тұрып.
Естен танып жығылды жараланып,
Тарихқа жазылып қалар анық.
Дала заңы осындай тоқтап соғыс,
Қыз ерлігі көрінді дараланып.
Жердің тұңғыш шешілді дауы толық,
Жар астында жатпайтын жауы торып.
Шешенқара шығысы, батыс жағы-
Ботақара атанды тауы болып.
Жантекейдің аман боп сәулетті елі,
Жылдан – жылға дамыды дәулеттері.
Батыр – балуан қарасаң ақын-шешен
Ботақара бүгінгі әулеттері.
Айтқан кетпей сөзінің бірі тегін,
Тәңір берді жарылқап жылы лебін.
Бес мың жылқы біткен тек бір өзіне,
Атақты бай атанып Тыныбегім.
Көтеріп тік қондырған қосыңды алға,
Жау алмайды қасыңда досың барда.
Тыныбектың әйелі бір ұл туып,
Ұлан – асыр той болды осы маңда.
Сарарқаның көз салсаң даласына,
Баға жетпес байлық пен бағасына.
Атын қойды «Нұра» – деп Ботақара,
Нұра өзеннің туған соң жағасында.
Ақ боз үйдің кең жайып керегесін,
Бұрынғы өткен тоқтатып ер егесін.
Балуан салып, той жасап, ат шаптырды,
Көрген алғаш құттықтап немересін.
Осы тойда қайсы аттың жанды бағы,
Аңыз айтып шалдар жақ таң қылады.
Сибан керей атақты Ералының,
Жалғыз келді қара үзіп арғымағы.
Бәйгені алып үш тоғыз жылқыны айдап,
Кетті еліне Ералы мұртын майлап.
Тұлпарлардың тұяғы дүбірлеткен,
Қалды артында Сарарқа сылқым аймақ.
Соңғы шайқас
Хабар айтып бар қазақ баласына.
Жау жоқ деме тығылған жар астында.
Басын қосты үш жүздің батырлары,
Балқаш көлдің жиналып жағасында.
Шақабай мен Керейден бар, Байтайлақ,
Бес қаруын белінде алған сайлап.
Тыныбек пен Қаражан, Деріпсалдар,
Мінген атын жаратқан таңнан байлап .
Түгел батыр ер еді түкті жүрек,
Балуан – барыс қарымды мықты білек.
Қорғаймын деп алаштың кең даласын,
Абыроймен жетіліп шықты түлеп.
Егде тартып қалсада жасы келіп,
Ботақара сөйлейтін қасын керіп.
Батырлармен бірлікте бұл шайқасқа,
Келген еді үш ұлы қасына еріп.
Сәлем беріп есіктен кірді зорға,
Ақылымен салатын мыңды жолға.
«Қас батырым келдің бе?» – деп құшақтап,
Бұқар жырау орынан тұрды сонда.
«Жан жоқ болды жол табар сенен батыл,
Жау іргеге таяп бір келе жатыр.
Қарт батырым шақырған себебім сол ,
Бізге қалай қысылған береді ақыл».
Бұқар жырау деп күліп түрегелді,
«Жауға қарсы өзіңмен жүрем енді.
Батырларым қашанда сен аман бол,
Басып келген сары жазық, күрең белді».
Қой сойылып ақсарбас, көк қасқа тай,
Түспей аттан бел буған ер жасқанбай.
Абыз қарттар бата жасап, дұға оқыды,
«Қайтпаймыз» деп дұшпандар жер жастанбай.
Тарихқа ел үшін сүрі жол сап,
Жаумен нағыз шайқаста ірі болсақ.
Өлсек егер қалармыз бір шұңқырда,
Бір төбеге шығармыз тірі болсақ.
Серт байласты деп қолын қанға малып,
Оты лаулап намыстың жанғаны анық.
Жауға шапты «АЛАШТАП!» абыроймен,
Бір кез суып көңілі қалған халық.
Қабанбай мен Бөгенбай асыл ерім,
Солқылдатқан кезінде ғасыр белін.
Түмен қолмен ұрандап жауға шапты,
Ұлағаттап өр даңқын асыр елім.
Құмырсқадай қаптаған қара – қорым,
Көптігінен Жоңғарлар алады орын.
Күн еңкейіп барады қызыл сөніп,
Түн қараңғы жаба сап дала тонын.
Үш күн, үш түн шайқасты сөткесімен,
Төгілген қан кетпесін текке осымен.
Екі жақтан шығын көп қызыл майдан,
Елім үшін еңіреп от кешіп ем.
Бір төбеге жиналған дараланып,
Тықсырған жау, жан-жақтан барады алып.
Жалғыз кірді Ботекең аш бөрідей,
Аяғынан оқ тиді жараланып.
Көрген өткір қырандай қызыл етті,
Жаудың шебін талқан қып бұзып өтті.
Темір ұшты доғал бас садақ оғы,
Оң тізесін санынан үзіп кетті.
Жоңғарлар көп анталап жалақтаған,
Кідіруге сәл тоқтап қаратпаған.
Қанжығасын ерінің суырып ап,
Байлап қойды аяғын салақтаған.
Тоқтамады сонда да шайқас салып,
Жаным пида деп менің айқасты анық.
Қабанбай мен Бөгенбай, Шақабайлар,
Көрді қарттың қайратын қайтпас танып.
Екінтіден күн қия қосқа келіп,
Айтып жатыр Қабанбай жоспар беріп.
Жараланған көргенде Ботекеңді,
Ерлер келді еңіреп, досқа берік.
Қансыраған арландай ұлып беттен,
Оң айағын оқ тиіп жұлып кеткен.
Ботекеңнің қасында тұр батырлар,
Жүректері қарайған тұнып кектен.
Өтер өмір десекте бес күн жалған,
Болып бүгін ортаңда өстім арлан.
Алдымнан бір көрінген үміттерім,
Жарық еттіңде сағымдай өштің алдан.
Деп Ботекең бармысың қайран менің –
Әлемге атын әйгілеп жайған елім.
Бірге болып қандай бір жорықтарда,
Қан сасыған көрген ек майдан шебін.
Жылдаржылжып, Күн батып, Ай құлаған,
Еншіміз бар алатын бай мұрадан.
Жатыр Есіл өзеннің жағасында,
Тұғырылдың ұрпағы Тайбұға Хан.
Аспандағы қондырып айды дүзге,
Той- тойлаушы ек жыйналып майлы күзде.
Сарарқаның Нұра өзен, Мошай көлі,
Ата қоныс болған ет жәйлі бізге.
Сенсің маған құт мекен ,асыл аймақ,
Куә бұған бүгінгі ғасыр айғақ.
Қайтқан қаздай көшіуші ек келгенде күз,
Қысын қыстап, шұрайлы жазын жайлап.
АЛЛА басқа салсада қыйын сынау,
Айтар Бұқар бар шығар сыйың жырау.
Көріп тұрсың Қабанбай, Бөгенбайым,
Қартайғанда жаралы күйім мынау.
Қоштасайын сендермен батырларым,
Тайау маған келіңдер жақын бәрің.
Ажал алда кім білсін күтіп тұрма,
Кезінде елге болсада атым мәлім.
Болды осыма бір оқтық батыр деген,
Алдын тосқам жау келсе адыр белден.
Қосанжарлап қарттықпен екеулеп тұр,
Айырларсың бір күні ақыр менен.
Зарлы дала зарланып исінгенін –
Көрдің бәрің демейсің, қыйсын демін.
Құт мекенім Сарарқа өліп кетсем,
Жамбасым тек сол жерге тисін менің.
Өсиетім осы бір сендерге айтар,
Бұл соғыста күйімді келген байқар.
Бұқар жырау сөзіңе жұрт тоқтайды,
Енді мені тезірек елге қайтар.
Деді Бұқар көп көл бар Көшебеде,
Кеше Бабам сембейміз десе неге?
Жәнтекейдің жері кең деген мәтел,
Болған екен жан- саны өсе келе .
Ең үлкені өзіңсің қас батырым,
Деп ағайын айағын басты ақырын.
Төрт көзіміз тұрғанда түгел ьүгін,
Айтар менің жоқ енді басқа ақылым.
Жарақатын көргенде келіп бәрі,
Кетті босап еріксіз еріп кәрі.
Ботекеңді әкетті Сарыарқаға,
Бірнеше адам бастаған Деріпсалы.
Тыныбекті тапсырып Қабанбайға,
Енді маған бұрынғы заман қайда.
Өзің баулып шынықтыр қас батыр ғып,
Алдыңғы шеп салып тек майданға айда.
Түзеді қарт соны айтып бетті бұрып,
Тұлыбы кең ер еді текті-тұнық.
Абыздармен Баһадұр батырларға,
«Аманат» – деп хош айтып кетті жүріп.
Қыйсық елді дүзейтін тезді алдырып,
Кеткен екен Бабамыз сөз қалтырып.
«Батырым – ай, қайран қарт!» – деп Қабанбай,
Қарап тұрды артынан көз талдырып.
Түйін
Сақтап іште тарих сырын берік,
Ғасыр аунап кетті күн қырын беріп.
Шежірені парақтап мен отырмын,
Жоқтау айтқан бұрынғы жырын көріп.
Бағың қайтқан басыңнан, айың ауып,
Сөйлесе алмай ел мен жұрт жайын тауып.
Ақсүйек жұт,тең келіп малмен басқа,
Өткізген күн әлі есте қайын сауып.
Өткен ауыр ойға сап кие – мұңды,
Тоқтатпайды еңкейтіп жүйе кімді.
Жер қайысқан әскермен Жоңғарлар кеп,
Шашып кеткен отын қып сүйегімді.
Біліп бүгін тегіңді жаз қарағым,
Аңдып басар ойылған таз табанын.
Жер бар ма екен қазақтың даласында,
Төгілмеген қаны тек, әз, бабаның.
Талай дана көз жұмған Ғұламада,
Мұңыңды айтып, зарланып жылама аға.
Батыр елміз Ақтабан шұбырынды,
Аман қалған Алқакөл сұламада.
СОҢЫ
Талапбек АЗАНБАЙ
2019 жыл, мамыр
Алматы обылысы Ескелді ауданы Матай Байсов аулылы Бәйсейтова 19
Пікір қалдыру