Мәдениет Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі
Мифологиядағы «Ит-құс» пен «Ителі» атанған ру аттары
«Ғылым инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмаған. Өйткені, шүйліккен тақырыбыңның түп негізін анықтау үшін үн, әуен, дыбыс, із, әріптермен сөз-сөйлемдердің ауыспалығын, құбылмалығын оның түбірі мен түркілік негізін, тіпті бейнелердің бейімділігіне дейін анықтау арқылы қорытынды жасауға тура келеді. Мұндай жіңішкелікке қарағанда өзі «мен мұндалап» айғалап тұрған анықтамалықтан жалтақтау ғылым – білім, тарихқа деген жауапсыздық екенін ескеріп, ежелден тарих бетіне қатпарлы түскен «Ителі» атауы мен бүгінгі Абақ керейдің бір табы болған «Ителі» руы атының қалайша ұқсастығын өз әлімізше дәлелдей кетуді жөн көрдім.
Әрине, қазақ ұлты рудан құралғандығы шындық. Ендеше, руды зерттеу арқылы ұлтты, тіпті дүние тарихына үңілуге болатын сияқты.
Алдымен оқырманның есіне саларым, халқымыздың ежелден бүгінге дейін «Ит», «Бөрі», «Қасқыр», «Көкбөрі», «Құртқа», «Ит – Құс», «Көкжал» дегендердің барлығы ежелден халқымыз тарихында наным –-сенім, таныммен біртұтас ұғым ретінде қарағаны белгілі.
«Ителі» атындағы тарихи тұлғалар мен мемлекет аттары
Византия елшісі, тарихшы, жазушы Приск Иник: «Бір малшы өрістен қайтқан сиырларының біреуінің ақсап келгенін көріп, себебін таба алмай анықтау үшін сиырдың қаны тамған ізін қуа отырып, бір семсерге жолығады. Малшы тауып алған семсерді Ителі патшасына әкеледі. Сөйтсе, бұл семсер Марс құдайының семсері екен. Әл-қуат беретін, үстемділікке қол жеткіздіретін қару қолына түскен Ителі патшасы әскерін Еуроға бұрады».
Еділ патша таққа отырған соң оның есімі Еділ, Аттылы, Ителі атымен аталған. Біздің дәуірімізден мың жыл бұрын Жу патшалығы заманында Шұн рұң Ителі 771 жылы Жу патшалығына басып кіреді. Түркештер дәуірінде Белгі қаған дүние салған соң, Рухилдың ұлы Ителі империяның тізгінін өз қолына алып нығайта түседі. Ирандықтар итті сақ (SAG) дейді. Өздерімен көп жауласқан ғұндардың көшпенді тайпаларын олар кемсітіп сақ (ит) деген.
Қытай деректерінде – ит мемлекеті, сақ мемлекеті» сақ – ит мағынасында айқындалған. Ал Ғұн мемлекеті яғни (империясы), мұнда ежелгі ескі қытай тілінде ит мағанасында көрсетілген. Бұл анықтамалардан біз ежелден ит «Ителі» атының қалай, кімдерге пайдаланып келгенін байқаймыз.
«Ит – Құстың» қамқорлығымен өркендеу
Қытай деректерінде «Үйсіннің көсемі (Күнби) Кунчуды анасы бала күнінде далаға тастап кеткенінен қарғалар жем (азық) тасып беріп, көкбөрі емізіп өсіреді (1954 Вон чуні).
Бұл күнде Римде қасқыр емізіп тұрған екі баланың ескерткіші бар. Бұл бірде ежелгі миф ретінде баяндалса, кейде ол бізге шындық болып жетеді. Әңгіме былай өрбиді: «Рим тарихында Римнің бірінші патшасы Мотивтың ескерткіші негізінде орнаған. Мұнда Ромул мен Рим егіз бала болып, көп өтпей ата-анасынан айырылған соң, немере ағалары Амхлий тибр оларды өзенге тастап жіберген, кейін оларды қасқыр құтқарып, емізіп өсірген екен. Міне, осыдан соң, Римдіктер итке ескерткіш орнатып, оны тарихқа айналдырған.
Түрки тас жазуларында Бумын деген есім белгілі. Оның тұқымы Тумынды көпшілік біледі. Анығырақ айтқанда, Шатың – Нодулу кіші әйелі Шад дашмна дүние салған соң шақалақ күйінде қалған баласы аспан иті көкбөрінің қамқорлығымен ержетеді. Ұзамай байлықпен билікті иелеп Асянь-шад дәрежесіне көтерілуімен өз құдыретімен таныла бастайды. Бір қызығы өзінің тұқымын құдыретті ету үшін қыздарын бөріге атастырады.
Осы аңыздың енді келесі бір түрі бар: «Ертеде шығыстағы екі ел жауласып, жеңілген елдің жұртында қол-аяғы шабылған он жасар бала қалады. Оны Тәңір тауының шығысын мекендейтін қаншық қасқыр асырап, олардан он ұл дүниеге келеді. Олар жергілікті халықтың қыздарымен үйленіп үлкен жұрт болады. Сол он ұлдың бірі Ашина (arna) ел көсемі атанады. Ашина – (чино) көне моңғұл тілінде бөрі мағынасында). Ғұн тәңір құтының көк тәңірге қосуға арналған Перизат қызы бөріге қосылады. Түріктер киелі бөріден пайда болған деген де түсінік бар. Оғыз ханына нұр болып түскен бөрі жол бастайды. Шыңғысқанның киесіде – түнде шаңырақтан нұр болып еніп, қасқыр болып шығып кетеді деген де ұғым бар.
Ғұндар өздерін бөріден жаратылдық дейді. Міне, бұлардан кие ұстаған «ит – құсты» халық қалай қадірлегенін ғана емес, жалпы наным-сенімге айналдырғанын байқаймыз.
Ит. Көкбөрінің бейнелеу өнерінен орын алуы
1968 жылы моңғұляның Бұғыты деген жерінен жазу түскен сынтас табылып, оның жоғарғы басына аяқ-қолы жоқ адамды құшақтаған бөрінің суреті түсірілген.
«Алтайдың моңғұл аймағына қарайтын Бөгеті сынтасында қасқырды еміп тұрған баланың бедері бар. Геродот жазығында сақ қабырларында алтын бұйымдар мол кезігеді. Есік, Берел, Ыстықкөл, Алакөл жерлеріндегі археологиялық қазбалардан шыққан алтын әшекей бұйымдар арасынан қанатты барыс, қанатты бөрі бейнелері молынан кездеседі. Бұларды кей зерттеушілер» алтын қорған грифон иті (қанатты бөрі ит) деп зерттеген.
Ит яғни аспан итінің иелерімен бірге жерленуі
Бөрі, ит, яғни аспан иті (қанатты ит) тірісінде (өмірде) адамдар үшін қалай қастерленсе, о дүниеде де «иесінің қамқоры, қормалы болады» делініп, иелерімен бірге жерленетін кездері болған. Бұл жөнінде біз археологиялық қазбалардан дәлел табамыз.
Итпен көкбөрінің қасиеті мен қамқорын ең болмағанда зергерлік бұйымдармен тұрмыстағы түрлі тұтыну бұйымдарына бейнелеу өнері арқылы түсіріп, оларды адамдар өздерімен бірге жерлеуі, жоғарыдағы жерлеудің өзгерген түрі болған. Ол кездегі адамдар неге нанып нені көсем тұтса, соны шыққан тегіміз, қорғаушымыз, жарылқаушымыз деп білген дегендей, наным-сенімдік сананың жаңғырығының көрінісі болған.
Оғызнамада айтылатын көктәңірімен тілдесе алатын қанатты бөрінің бірде мұзарт тауының мұнарлы басынан көрініп, ала-шолаң бұлттың арасынан елес беретін бейнелер әрине, тірлікпен өлінің арман-тілектерімен жетер мақсаттары әйгіленбек.
«Ит – Құстың» атойлы батырлардың қолындағы байрақтардан көрінуі
Қорқыт ХІ ғасырда өмір сүрген тұлға, 1168 жылы Бесенелер (Печенегтер) жөніндегі деректерде Қорқыт бой көрсетеді. Мұнда «ата – мекенін тәңір жолында қорғауға жанын аямай қырғынға қатынасқанда итбасты туын қолына алып, Орманбет бидің бастауында көзге түседі. Ал фольклорымызға үңілер болсақ, былайша «Ит басты», «Бөрлі ту» көтеріп жауға аттану деректері молынан кезігеді. Тіпті, кеше өткен Сүйінбай Аронұлының отты жырларында:
Бөрлі байрақ астында,
Бөгеліп қалған жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Болынып қалған жан емен.
Бөрлі менің байрағым,
Бөрлі байрақ көргенде,
Қозып кетер қайдағым…- деп толғаса, «Жоңғар соғысы кезінде, Абылайханның 25 батырының бірі болған Бұқарбай Елтоқұлының «Бөрінің бас суреті түскен ту алып жауға шапқан» делінеді. Үшінші рет ханның уәзірлерінен Алаш пен Майқы ақылшы, Ақүйсін Ұлы жүз, Бекежан Орта жүз, Тәйті Кіші жүз болып, үш жүздің туы бөрі басты қарақоңыр түсті жібек ту, ұраны Алаш, басшы Ахмет болып Орманбетке қарсы жорыққа аттанады. Бөрібасты ту көтерген елді көрген Орманбет бөрі басты ту көтергендер кімдер екеніне таңғалады. Бұл жалпы ежелгілердің бөрібасты ту көтеріп, атойлап жауға аттанғанын білдіреді.
Мифологиялық «Ит – Құстың» халық сенімінен орын алуы
Кеңесті «ит – құс» сөзінен бастадық. «Итке ұқсайтын – құс» яғни «Құсқа ұқсайтын ит» деу арқылы мифология арқылы бізге жеткен италақазды меңзейді. Яғни, Сарала қаздың екі жұмыртқасының бірі (кейде төрт жұмыртқасының соңғысы) балапан етіп шығармай кеткенін көрген көкбөрі ( оны аспан иті, кей деректе ителгі құс деп те айтады) жұмыртқаны қызықтап, ары-бері домалатып жүргенде кенеттен жұмыртқа тасқа соғылып жарылады да, ішінен ғажайып, құбыжық айуан шығады.
Жұмыртқадан енді шыққан құбыжық алдындағы тасты аяғымен қағып қалып үгітеді де, қанатын сілкіп кеңге жайғанда атырап алай-дүлей боранға айланады. Сұмдық дауыс шығарып, бұл дүниені зілзала еткенін көрген көкбөрі (аспан иті) оның мұндай құдіретіне сүйсіне қарайды. Міне, бұл көкбөріге тәңірдің сыйлаған сыйы болып, осыдан бастап «италақаздың» жәрдемімен өз ерекшелігін көкбөрі одан әрі сәулелендіреді.
Италақаздан дарыған осы құдірет көкбөрі арқылы адамдарға кие, қасиет болып дариды деген сенім қалыптасады. Бұл – өз кезегінде «ит – құсты», көкбөріні тіптен құдіреттендіре түседі. Сондықтан италақазды жолбарыс басты, қалқан құлақ, екі көзі шоқтай, төбесі саралақазға ұқсайтын, тұмсығы жыртқыш алып қарақұстың тұмсығына ұқсатады. Қуса жетіп, қашса құтылатын, ылғи да жеңістің, басында тұрады. Космологиялық баяндау бойынша «Адам жаны иненің көзінде, ине жұмыртқаның ішінде, жұмыртқа саралақаздың ішінде, саралақаз аспан киігінің ішінде» – делінген сенім аясында өрбиді.
Я, италақаз (аспан иті) тек бір халықтың мифологиясында ғана айтылмайды. Қанатты айдаһар, Паныгуа (бес реңді аспан иті), қанатты жолбарыс, қанатты көкбөрі, қанатты дұлдыл, қанатты адам, бітімі адамға ұқсайтын құбыжықтар т. б. түсініксіз құбыжық бейнелерінде қабылданып отырған. Міне, бұларды біз ежелгі Сақ, Ғұн, Алан, Үйсін аталатын ежелгі халықтардың іздері болған археологиялық қазбалардан шыққан бұйымдардан, өзімізге жеткен фольклормен мифологиялық аңыздардан көре аламыз. Мысалы, Алматыдан табылған «Қарқаралы тасындағы бақсы мінген құмайдың басы – боры, денесі – барыс, қанаты – қаз, аяқ -құйрығы маймыл болып, бес тік циклі бойынша бейнеленгенін байқаймыз. Осылайша халқымыз мифология арқылы қасқыр, ит, италақаз, бөрі, аң-құс жөнінде бір ғажайып тылсыммен «Көкбөрілік» ұғым, сана, сенім-наным қалыптастырған.
Тарихта «Сақ» деген тегімізді құраған тайпа болды. Олар бөріні Саха бурят (борит) атауы, ал сақалардың Ганәнрин нохой (тәңір иті), моңғұлдардың Хәәрнин нохой деп атауы қазақтардың бүгінге дейін иттерді «Сақ – Құлақ» деп атауы бір мағынада яғни «сақтан қалған ит», «сақ – ит» мағынасы болмақ. Осы сияқты халқымыз итке «құтпан» (қораға, отбасына құт әкелетін). Немесе «ғұн – тазысы» мағынасын анықтаса төбет (иттің еркегі) итті «Жеті қазынаның бірі» санайтын халқымыз иттің ол дүниеге барған сонда иесін пәле жаладан қорғайтынына сеніммен қарап, өлуші иттерін өзімен бірге жерленген кездері болған. Ол кездерде өлген адамның сүйегін көк тәңіріне таяу дейтін биік төбелерге қоятындықтан мұндай орындарды «Көр төбе» атаса, тіріде өзіне құт сыйлаған төбет «ол дүниеде де бақыт сыйлайды» дейтін сенімге ие адамдар (көртөбеде иесімен бірге жататын төбе ит) төбет атаған. Осы сияқты қасқырды да тіке атын атау «мал мен жанға келетін құттан айырады деп білген. «Көкбөрі», «Ит – Құс» деп тергеп атаса, көкбөрінің (аспан итінің) жоғарыдағы ерекшеліктері мен қасиеттері қастерлі, қасиетті деген адамдарға да дариды деген түсінік қалыптасқан. «Көкбөрі қолдасын» деп бата беріп, тілек айтып, қасиетті, ержүрек батырларды «Бойында көкбөрісі бар», «Көкбөрісі сақтады, қорғады» деп отыратын болған. Бұл пікірімізге бір дәлел –даудамайды жеңу үшін, даугер, жанына бөрінің тісін салып барса, қанмайданда жауды жеңу үшін қасына қасқырдың асығын салып баратын сенім қалыптастырған. Мұның барлығы жоғарыда айтылған «Италақаздың» мифология арқылы адамдар санасына жасаған әсері болмақ.
Ителі жайында
Ителі – хандықтың, мемлекеттің, айуанның, ит-құстың (ителгі деген құс – италақаздың әсілгі тегі делінеді), адамның (рудың) есімі болып келгенін жоғарыда атап өттік. Орта жүздің Абақ керей табы өз ішінен он екі атадан құралып, сол он екінің бір табы «Ителі» руы аталған. Жалпы, Абақ керей осы Ителі руын ежелден бері ноқтағасы (ел, сөз, көшбастар аға) санайды. Сөзімізге дәлел; «Қойлау аға баласы болғандықтан, өз заманында билік иелеп шоргол (шорманап) лауазымына ие болған. Ал «Қойлау шорколдегі алты арыстың әйгілі биі болған. Кейін шорманап атанған, парасатылығымен, елді әділдікпен билеген.
Керейдің бір шаңырағы саналатын Қойлаудың бір немересі Ақыметәлі той жасайды. (Қазақстан Республиканың Ұлттық академиясының академигі Тілеуберді Сайдоллаұлы)
Тоқтағасы Қойлаудан Ителі тарайды. Қойлау шоркөлөгі әзіргі Ителі руы, Сүй тайпасы кезінде Керейлер тоғыз тайпаға бөлінген. Осы тоғыздың бірі – Күйгі (қойлау). 630 жылы Қойлау үлкен хандық орынға шығады. Таң патшалығы түріктің негізгі халқын Дулаттармен, Өсебилерге еңгізіп, оң-сол екі қанатқа айырып, Дулаттың ұзын Түркеш, Қойлау, Шимойын, Ысты, Жанас етіп бес тайпаға бөлген.
Ал Қойлаудың бір баласы Күйік өз заманында шаңырақ иесі, елордасының билік иесі болған деседі. Күйік туралы кеңес тым ұзақ. «Күйік хан болған, ол Шыңғысхан, Жошының тұқымы еді…» дейтін хикаяға бұл жолы барысбай-ақ, халқымыз арасында Күйік жайындағы кей мәліметтерге тоқтала кетейін.
Күйік атаның нақтылы есімі «Күйдік» еді» дейтін деректерге де назар салғандай боламыз. Себебі, Ителі руының келіндері ежелден бүгінге дейін «Ителіні» тергеп «Күйдік», «Күйтік» деп атаған. Міне, осы Күйдік (күйік) атаның ордасы «кезінде Ордың қарағашында отырғанда жау шауып ойрандап кеткен екен. Орда өртке оранғанын көрген жамағат ежелден халқымызда сақталып келе жатқан дәстір бойынша қолдан шығып бара жатқан мал-мүліктің болмағанда «Көзін жібермеу, сілекейін алып қалу» дейтін дағдыны есіне алса керек, өрт ішінен орданың маңдайшасын аман алып қалған.
Осы маңдайша қаншама ғасырларды артта қалдырып, талай үркін-қырқын, жаугершілік заманда ұрпақтарының қарашығындай санғасырлар бойы сақтап келген екен. 1951 жылдары Гималай асып шетелге кеткелі жатқан Сұлтаншәріп Зухаұлы маңдайшаны сақтап отырған Қатпаша деген ақсақалды арнайы іздеп барып, «соңынан ерген бір шоғыр халықтың аман – сау күзеулі жерге жетіп, онда да ежелгі ата-баба ордасын тігіп, түтінін тік ұшыруға жәрдемі болар деген арман-мақсатпен маңдайшадан жаңқа сындырып әкеткен екен. Осылайша маңдайшаның барлығы ел-жұртқа мәлім болып, 1968 жылдары Қатпаша мен інісі Зәкен мынау атышулы «Мәдениет төңкерісінен» аман алып қалу үшін бірде үйге, бірде дүзге тығып жүріп маңдайшадан көз жазып қалыпты.
Күйік туралы басқа Тарбағатайдың Жайыр тауының іргесіндегі Дербіт өзенінің бойындағы тарихи бейітті мұндағы халық «Ақ бейітін» атап, мұны «Күйіктің қабыры» дейді екен. Өзі ұлық, өзі асқан жомарт, бардам болған Күйіктің «Шарапаты қонар» деп ырымдаған жолаушылар «Жетсек күйікке, жетпесек биікке қонамыз» – деп қабырдың басына арнайы келіп түнеп қайтады деседі.
«Ителі» жайында ел аузындағы аңызда «Ақты суға төгіп ителі атанған екен» деген ойдырмаға сенейік десек, сонау тарихтағы ителі ханын, ителі мемлекетінің барлығын осы ойырмаға қалай қауыштыруға болады?
Қараңыз, заманында Абылайханның 25 батырының ішінде «Ерке батыр», «Аға батыр» атанған Бұқарбай батырды, жиын тойларда Абылайхан елден ерек құрметтеп, «Аға батыр не айтар екен» деп сыйлап, оны ренжітпеу жағын қарайлап отырады екен. Ал Абылайханның әскербасының бірі Ержанбек те, Абылайхан сыйлаған Бұқарбайды ылғида төрге шығарып, «Аға баласы, айтарыңыз бар ма?» -деп құрметтеп отырады екен. Заманында аға сұлтан Құнанбай Орта жүздың басқосқан талай мәжілісінде Керейдің би-бектері жиынға келе алмай қалса, оларды жоқтамасынан Керейдің ноқтағасынан бірер адам жиынға қатынасуын қадағалап отырады екен. Бұл туралы бір жолғы құрылтайға ноқтағасының ұрқы болып қатынасқан Екей деген қойшыны құрылтай аяқталған соң қызғанышы қозған адамдар тобы өлтірген екен.
Заманында керейлер төренің билігіне қарсы келіп пікір алауыздығы, ұрыс-жанжалдар үдей бастаса керек. Мұндай бассыздықты тежеу үшін, сол кездегі Көгедейдің тұқымы Ажы төре тұқымы жол еткен «Қарадан қыз алып қараға қыз бермеу» дейтін жосынын қайырып тастап, «Мынау он екі Керейдің ноқтағасы болып, сөзіне ел тұрған Ителіге құда түсіп, ноқтағасының аузымен Керейдің бассыздықтарын тежеуге боларын ескеріп, Айпара апайымызды ұлы Жеңісханға айттырыпты. Айпараны ұзатарда ауылдың ұлы кәрілері; «Балам сен ер деп бара жатқан жоқсың артта қалған елдің қамы үшін ұзатылып бара жатқаныңды ұмытпа» – деп аттандырған екен. Айтып-айтпай Айпара апайымыз адуын, жұмысқа ұтымды болғандықтан төре ордасының орда басқарушыларынан бастап, асшы-құсшылар Ителі руынан молырақ болған екен. Міне, оқырман мұндай дәлелдерді айта берсек, өте көп, тек бұл дәлелдерден ежелгі аңыздармен бертінгі шындықтардың Ителі жөніндегі бір қауышулардың жатқанын байқаймыз. Әсіресе, ежелгі Ителі атанған адамдар мен мемлекет аттарының бүгінгі Ителі атымен қалайда бір сәйкесімділіктер жатқандай сезіледі. Мұнда бір анықтап алар жәйт, біз әсте руды көтермелеу дегеннен аулақпыз. Керісінше «Ителі» атының тегі – текті анықтау, бүгінгі «Ителі» аты мен тарихтағы «Ителі» атының жақындығын нақтылау деп түсінгеніміз жөн.
Түйіндеп айтқанда, ол халық санасында мифологиялық фольклор арқылы құдыретке ие болған «ит – құс», «аспан иті», «италақаз», «көкбөрі», «қанатты бөрілердің» барлығы халықтық наным-сенімінен туған құндылықтар екеніне көз жеткізу еді. Сол арқылы рухани әлемімізді көтеріп, қастерленіп, құдыретке табынып, ұрпақ тәнті болатын құбылыстарға жету және «Ителі» мемлекет, «Ителі» есім, «Ителі» ру атына айланғанына көз жеткізу болатын.
Әдебиеттер:
[1][2][3][4][16][20][23][26][28] «Тауариық – Тасбиқ». Алматы. «Арна» 2014 ж. Е. Көкейов
[18][5] «Алмисақтан» 26 – 27. Б. Әбілез Қамыза.
[6][11][12][13][14] «KEREУ. Кз «көкбөрі. құс боры» таңыр ұғымдары мен атаулары төңірегінде. И. Құмар
[7][8][9][17][27][29] «Ер тірегі көк аспан». Е. Ануарұлы Көкейов.
[10]. . . .”史记素隐” 可马卡
[15] «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері». 480 Б. «Дайк – Арес» 2006 Ж. Алматы.
[19] «Көктүріктер» 688 Б. Алматы. «Басра су мерге жшес» 2014 Ж.
[21] «Сұйынбай шығармаларынан» (интернет көзінен)
[22] 1985. Әділ Татанайұлының айтуында
[23] 1870 ж жазылған «Мәулікей шежіресі».
[24] 1880 ж. Нұрмұқамет абыз қолжазбасынан
[42] [30] «Қойлау шоргүлі» Зиятай Можайұлы (Ителі шежіресі)
[31][34][33][34] «Қазақтың қысқаша тарихы» 176 Б. Шинжаң халық баспасы Н. Мыңжан.
[32] «Самұраттар», 24 Б. Тілеуберді Сайдоллаұлы. 2009. (Алматы)
[35][36][38] «Көне түрки құлптастар жазбалары». Ғалым Жұмашұлы. 2000 ж. Шинжяң халық баспасы.
[40] «Ителі шежіресі» 2016 ж. Әділ Татанайұлл. 1985 ж.
[43] Нұрпатша Нәбійұлы, 1993 ж. (жеңісқан ордасының орда басқарушылаарының бірі болған) .
2020 жыл, наурыздың 13 – күнге. « жеті жұрт» казетінде жарияланған мақала.
Байахмет ЖҰМАБАЙҰЛЫ,
Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі,
фольклорист, этнограф
Пікір қалдыру