Қазақстанның экс-президенті Назарбаевқа да коронавирус жұқты
Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирус жұқты. Бұл туралы Назарбаевтың ресми сайты хабарлады.
“Қазіргі кезде Қазақстанның бірінші президенті оқшауланған. Өкінішке қарай, Елбасының коронавирусқа тапсырған соңғы тесті оң нәтиже көрсетті. Алаңдауға негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеп жатыр” делінген хабарламада.
Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр президенттік өкілетін тоқтатып, орнын Қасым-Жомартқа Тоқаевқа тапсырып кеткенімен қазір Қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Ол басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің құрамына президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кіреді. Осыған кейін “Назарбаев билікті ресми түрде бергенімен, шын мәнінде уысынан шығарған жоқ” деген болжамдар айтылған.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли және өзге шенеуніктерден коронавирус табылған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру