|  |  | 

Жаңалықтар Саясат

“Мектептегі төбелестен шықты”. Пенжімде не болды?

Алматы облысында қазақтар мен ұйғырлар тұратын Пенжім ауылында мектеп оқушыларының жанжалы ересектердің қатысуымен тәртіпсіздікке ұласқан деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Мектептегі төбелесте басына зақым келген жасөспірімнің жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. Ал түнгі тәртіпсіздік барысында зардап шеккен тағы бір адам ауруханаға түскен. Полиция екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Билік “Пенжімде ұлтаралық қақтығыс болған жоқ” деп сендіргісі келеді.

“ТҮНГІ ТӘРТІПСІЗДІК”

Алматы облысы Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев сәрсенбі күні Пенжім ауылында болған оқиға “ұлтаралық қақтығыс емес, өзара келіспей қалған екі оқушының төбелесінен шыққан түсініспеушілік” дейді. Бұл туралы аудан әкімі 28 қазанда Пенжім ауылына барған Азаттық тілшісіне айтты.

Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев. Алматы облысы, Пенжім ауылы, 28 қазан 2021 ж.

Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев. Алматы облысы, Пенжім ауылы, 28 қазан 2021 ж.

– Ол (жанжал) неден шықты? Розыбакиев атындағы мектепте балалар төбелесіп қалып, бір бала ауруханаға түскен. Жарақат алған, бала аман-есен. Бүгін кіріп шықтым. Бас дәрігерді көрдік. Аяқ-қолы сау, сөзі дұрыс, түнде операция жасады. Басынан жарақаттанған. Гематоманы алып тастады. Баланың өзімен сөйлескен кезде “жағдайым жақсы, бәрі дұрыс” деді. Сол үшін түнде жастар ұлттық мәселені көтеріп жиналған. Бұл жерде ұлттық мәселенің еш қатысы жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен штаб құрылды, – деді Талғат Өмірәлиев.

Әкім өткен түні Пенжім ауылында полицияның көшеге топ болып жиналған жастарды тарқатқанын айтты.

Өмірәлиевтің сөзінше, Пенжімдегі тәртіпсіздіктер кезінде 53 жастағы тағы бір адам зардап шеккен. “Жастардың лақтырған тасы басына тиіп, жарақат алған. Қазір ауруханада жатыр, жағдайы қалыпты, дәрігерлер көмектескен” деген әкімнің сөзін берген Tengrinews сайты.

Қытаймен шекарадан 15 шақырымдай жердегі Пенжім (ұйғырша “бас ауыл” деген мағынада) ауылдық округінде 12 мыңнан астам адам, соның ішінде 7 мыңнан аса қазақ, 5 мыңға жуық ұйғыр тұрады.

Пенжім ауылында 5 мыңнан астам адам тұрып жатыр, жергілікті халық негізінен егіншілікпен айналысады, жүгері өсіреді деді бейсенбі күні ауыл тұрғындарының бірі Азаттық тілшісіне.

Облыстық полиция департаменті сәрсенбінің кешінде 30 шақты адам жиналып, Пенжімдегі бірнеше үй мен көліктің терезесін сындырғанын хабарлады.

“27 қазанда сағат 20:00-да 102 қызметіне Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысқандардың бірі тұратын үйдің жанына 30 шақты адам жиналғаны туралы ақпарат түсті. Топ адам бірнеше жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік құралының терезесін сындырған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі (“Топтасып жасалған бұзақылық”) бойынша іс қозғалды” деп жазылған бейсенбіде полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұға қоса полиция сәрсенбінің кешінде Пенжім ауылындағы жеке меншік үй өртенгені туралы хабар түскенін, ол жерге полиция өкілдері мен төтенше жағдай қызметкерлері барғанын хабарлады.

“Үй иесі әйелдің айтуынша, өртке пештегі ақау себеп болған. Сағат 23:30 кезінде өрт сөндірілді. Ешкім зардап шекпеген. Бұл өрттің болған оқиғаға қатысы жоқ” деген облыстық полиция департаменті жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік артылатынын ескерткен.

Бейсенбіге қараған түні әлеуметтік желіде тараған, “Пенжім ауылындағы жағдай” деп сипатталған бірнеше видеода түн мезгілінде көшеде топтасып айқайлап, әлдебір нысанаға кесек лақтырып жүрген адамдар, өртеніп жатқан ғимараттар, дабыл қосып, асығыс кетіп бара жатқан полиция көлігі көрсетілген.

МЕКТЕПТЕГІ ТӨБЕЛЕС, ЗАРДАП ШЕККЕН ОҚУШЫ

Сәрсенбі күні Пенжім мектебінде оқушылар арасында болған төбелес кезінде зардап шеккен 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы ауыр. Бұл туралы 28 қазанда Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлаған. Ол қазір Панфилов аудандық көпсалалы ауруханада жатыр.

“Басынан жарақат алған науқастың жалпы жағдайы ауыр. Бас сүйегі жарылған, миына қатты зақым келген, оң жақ самайында жарақат бар, 2-3-дәрежелі травматикалық шок алған. Есін біледі” деп хабарлады басқарма.

28 қазанға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенжерде “Пенжім ауылындағы мектеп оқушылары арасындағы жанжал” деп сипатталған видео тараған еді.

Күндіз көпқабатты мектептің ішінен түсірілгенге ұқсайтын видеода ғимарат ауласында бір топ жасөспірімнің төбелесіп жатқаны, бір сәтте әлгілердің бірі сұлқ түсіп жерде жатып қалғаны, оған өзге оқушылар мен ересек адамдардың жәрдем көрсетуге тырысып жатқаны көрінеді.

Бейсенбі күні Алматы облыстық полициясы Пенжім мектебіндегі төбелеске байланысты іс қозғалғанын хабарлады.

“Тексеру барысында 9-шы және 10-сыныптың екі шәкірті тәжікелесіп, оның аяғы топты оқушының төбелесіне ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі (“Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру”) бойынша қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды” деп жазылған полиция таратқан ақпаратта.

Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылының кіреберісі. 28 қазан 2021 жыл.

Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылының кіреберісі. 28 қазан 2021 жыл.

Баспасөз қызметі облыстық полиция департаменті басшысы, Панфилов ауданы әкімі мен ауыл ақсақалдарының “Пенжімде жергілікті халықпен кездесіп, түсінік жұмысы жүргізілгенін” айтады.

Полиция Пенжім ауылы мен көрші елдімекендерге күзет қойған.

Билікті қолдайтын Қазақстан халқы ассамблеясының ресми өкілі Майя Бекбаева бейсенбі күні Пенжім ауылындағы оқиғаға байланысты пікір білдірді. “Ауыл тұрғындары арасында, этносаралық қандай да бір жанжал, әсіресе қақтығыс жоқ екендігін және оған жол берілмейтіндігін ерекше атап өткім келеді. Жергілікті тұрғындар – қазақтар да, ұйғырлар да көп жыл бірге тұрады, бір-бірімен дос әрі көрші, барлығы шын жүректен бейбітшілік пен тыныштықты қалайды” деп жазды ол Facebook парақшасына.

Парламент депутаттары Пенжімдегі жанжал жайлы не дейді?

"Шетелде, елде іріткі салып отырғандар бар". Депутаттар Пенжімдегі жанжал жайлы не дейді?
00

ПЕНЖІМДЕГІ ЖИЫН, КІЛТ ҮЗІЛГЕН ТІКЕЛЕЙ ЭФИР

Бейсенбі күні Азаттық тілшілері оқиға болған Пенжім ауылына барды. Сағат 12:00-де ауылдағы мәдениет үйінде Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Жандос Қалиев және Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жергілікті халықпен кездесті.

Залда отырғандардың бірі Азаттық тілшісіне кеше болған жайт осы ауылдағы “бірінші оқиға емес” екенін айтып келе жатыр еді, дәл сол сәтте жиналыс басталып кетіп, әлгі адам көкейіндегісін толық айтып үлгермеді.

Пенжім ауылында болған төтенше оқиға талқыланған жиында сөз алғандар ондаған жылдан бері қазақ пен ұйғыр бірге тұрып келе жатқан ауылда татулықты сақтау, өзара сыйластық пен құрмет танытуға шақырып сөйледі.

Ауыл тұрғындары мұндай жайттың “бұрын да болғанын”, қазіргі “жастар басқадай тәрбие алып, бөлектенуді” шығарғанын айтып, билікті ішкі саясатта осы мәселелерге жіті назар аударға үндеді.

Сонымен бірге “шаңыраққа қарау”, “тұрып жатқан елді сыйлау” деген сияқты сөздер де айтылды. Бәзбіреулер ондай сөзді қолпаштап қол соқты, алайда келіспегендер де болды. Өз пікірін көптің алдында айтпақ болған кейбіреуге сөз тимей қалды. Ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке шақыруды мақсат тұтқан жиында айтылған әңгіменің ауанынан Пенжімде аса күрделі ахуал қалыптасқаны байқалды.

Азаттық тілшілері көкейкесті мәселеге байланысты түрлі пікірдегі ауыл адамдарының барлығына микрофон ұсынып, ой-тілегін білмек болған. Бірақ мәдениет үйінде өтіп жатқан жиыннан Азаттықтың тікелей трансляциясы кенет сағат 13:30 кезінде интернеттегі бұғаттау салдарынан үзіліп қалды.

Related Articles

  • “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    Нұрбек ТҮСІПХАН Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

    Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

    Қазір әлеуметтік желіде кейбір қазақ зиялыларының қазақ тілін сынаған пікірі тарап жүр. Есіме бір кездері Қытай интеллигенциясының қытай иероглифін сынағаны түсіп кетті. 20- ғасырдың алғашқы ширегінде қытайдың дәстүрлі иероглифтерін сынамаған зиялы кемде кем. *** *** *** “Иероглифтерде заманауи идеялар мен теорияларды жеткізетін сөздік қор жоқ, әрі олар зиянды ойлардың ұясына айналады. Оларды жоюда ұят жоқ” деп жазды 1918 жылы Қытай Коммунистік партиясының негізін қалаушылардың бірі әрі Жаңа мәдениет қозғалысының жетекші қайраткері Чэнь Дусю (陈独秀). Қытай иероглифін қатты сынаушылардың қатарында тағы да Қытай коммунистік қозғалыстың жетекшілерінің бірі Цюй Цюбай (瞿秋白) де болған. Ол тіпті 1931 жылы “Қытай иероглифтері шын мәнінде әлемдегі ең лас, ең жексұрын әрі ең жиренішті нәрсе. Тіпті ортағасырлық

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: