АҚШ орталық барлау басқармасының (ЦРУ) басшысы Уильям Бернс өткен аптада Киевке жасырын келіп, Украина президенті Владимир Зеленский және украин барлау қызметінің басшыларымен кездескен. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген The Washington Post басылымы жазды.
Басылым дереккөзінің айтуынша, Бернс Зеленскийге Ресейдің Украинада жоспарлап отырған әрекеттері туралы хабар берген.
Америка барлаушылары мен батыс сарапшылары Мәскеу украин армиясының оқ-дәрі таусылып бара жатқанын пайдаланып, алдағы уақытта жаңа шабуыл дайындап отырғанын жоққа шығармайды.
Дерекөздің айтуынша, Зеленский АҚШ Конгресінің өкілдер палатасында бақылау демократтардан республикалықтарға көшкеннен кейін Украина АҚШ пен Батыс елдеріне қаншалықты арқа сүйей алады деген сұрақтың жауабын білгісі келген.
Басылымның жазуынша, Бернс көмек алу сәл қиындай түсетінін растаған.
WP жазуынша, дегенмен Зеленский мен көмекшілері кездесуден Байден әкімшілігінің Киевті қолдау ниетінің азаймайтындығына сенімді күйде шыққан. Ал желтоқсан айында Конгресс қабылдаған 45 млрд доллар көлеміндегі көмек 2023 жылдың маусым-тамызына дейін жетуі тиіс.
Уильям Бернс бұған дейін Киевте қазан және қараша айларында болған.
Қараша айында ЦРУ басшысы Ресей сыртқы барлау қызметінің жетекшісі Сергей Нарышкинмен Анкарада кездескен. АҚШ пен Ресейдің лауазымды тұлғалары соғыс басталғалы бері алғаш рет сол кезде кездескен. Тараптар Ресейдің ядролық қару қолдану қаупі мәселесін талқылаған.
Пікір қалдыру