|  | 

Жаһан жаңалықтары

Ердоған егер жеңілсе. Батыс пен Путин Түркиядағы сайлауға не себепті алаңдайды?


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Астанада. 13 қазан 2022 жыл.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Астанада. 13 қазан 2022 жыл.

Түркияны 20 жылға жуық басқарған президент Режеп Тайып Ердоған алдағы сайлауда Батыс елдерімен қарым-қатынасты нығайтуды қолдайтын қарсыласынан жеңілуі мүмкін. Сарапшылар Владимир Путин Ердоғанның жеңілгенін қаламайды дейді.

Өткен айда Ресей президенті Владимир Путин Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, НАТО-ға мүше әріптесін бейбіт мақсаттағы алғашқы ядролық жобасының басталуымен құттықтады.

“Росатом” корпорациясының жетекшілігімен салынған “Аккую” атом станциясының құрылысына 20 миллиард доллар кеткен. Бұл Ердоған мен Путин арасында жылдар бойы қалыптасқан энергетика және экономика салаларындағы байланыстардың беріктігін дәлелдейді.

Атом станциясының ашылу салтанатына Путиннің қашықтан қатысуы Мәскеудің шетелдегі ықпалын көрсету үшін ғана емес, қиын жағдайда қалған авторитар әріптесін қолдау үшін де маңызды болды.

27 сәуірдегі атом электр станциясының ашылу салтанаты 14 мамырға жоспарланған Түркиядағы президент сайлауына үш аптадан аз уақыт қалғанда өтіп отыр. Биылғы сайлау Ердоған үшін ауыр сынақ болғалы тұр. Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалар елдегі экономикалық мәселелерге байланысты Ердоғанның қарсыласы, солшыл көзқарастағы Республикалық халық партиясының басшысы Кемаль Қылышдароғлы басымдыққа ие екенін көрсетеді.

Путин Мәскеу, Киев, Вашингтон мен Брюссельге әсер ететін сайлаудан қандай нәтиже күтетінін астарлап жеткізді.

“Түркияда алғашқы атом электр станциясын салу… нөлден бастап жаңа, алдыңғы қатарлы өндірістік технология орнату – президент Ердоғанның еліне, түрік халқына, экономиканы көтеруге көп еңбегі сіңгенін дәлелдейді. Алдыңызға үлкен мақсат қойып, оны жүзеге асыра алатын қабілетіңізді ерекше атап өткім келеді” деді Путин Түркиядағы жалпыхалықтық трансляция кезінде.

Путиннің жағымпаздануы – 69 жастағы авторитар басшы Ердоғанды қолдаудың амалы. Түркия басшысының Батысқа қарсы риторикасы Мәскеудің мүддесіне жұмыс істеп, НАТО-ға іріткі салып, Ресейге қарсы салынған санкцияларды бұзды.

Былтыр жазда Ресей “Росатомның” Түркиядағы филиалына құрылыс жұмыстары үшін мерзімінен бұрын миллиардтаған доллар жіберді. Сарапшылардың сөзінше, бұл түрік лирасын қолдау үшін жасалған.

Сайлауда бұрын ұлттық әлеуметтік қамсыздандыру агенттігін басқарған бюрократ, 74 жастағы Қылышдароғлы жеңіске жетсе, Путиннің Ердоғанға құйған инвестициясы ақталмауы да мүмкін.

Қылышдароғлы елдің Еуропамен және АҚШ-пен қарым-қатынасын қалпына келтіруге уәде берді. Ердоған саяси қуғын-сүргін жүргізіп, Сирия мен Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға араласып, Батыспен байланысын нашарлатып алған еді. Түркияда билік ауысса, Швецияның НАТО-ға кіруі жеделдеуі мүмкін. Қазір бұған Ресей қарсы болып отыр.

Кемаль Қылышдароғлы

Кемаль Қылышдароғлы

– Ердоған сайлауда жеңілсе, Путиннің берекесі қашады. Оның Қылышдароғлын айналшықтап, соның астына көпшік қоюдан басқа амалы қалмайды. Путин жаңа президент Батыс елдерімен жақын болатынын біледі. Бірақ оны Ресейден қатты алшақтамауға көндіруге тырысады, – деді Джордж Мейсон университетінің саясаттану профессоры, Ресейдің Таяу Шығыспен қарым-қатынасын зерттейтін Марк Кац.

Вашингтон мен Брюссель Ердоған мен Путин сияқты тұлғалардың билікке келуінен о бастан қауіптенген. Өйткені олар билікке келгелі Орталық және Шығыс Еуропада коммунизм құлағалы қол жеткен бірқатар плюралистік прогреске нүкте қойылды.

– Ердоғанның жеңілісі әлемдегі демократиялық күштер мықты екенін көрсетеді. Бұл Путин бастаған ғаламдық популистік авторитаризмге соққы болар еді, – дейді Нью-Йорктегі халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің Таяу Шығыс пен Африканы зерттеумен айналысатын аға ғылыми қызметкері Стивен Кук.

Сарапшы Ердоған тұсында демократиялық институттар әлсірегенімен, Түркиядағы жағдай толық бақылаудан шыға қойған жоқ деп есептейді.

Путин Совет Одағынан тыс мемлекет басшыларының арасынан Ердоғанмен көп кездесті. 2003 жылы Путиннің алғашқы президенттік мерзімі кезінде Ердоған Түркияның премьер-министрі болды. Содан бері екеуі жақсы тіл табысып, “бауырластық ілтипат” (броманс) деп аталатын қарым-қатынасқа көшті.

Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Кейде Путин мен Ердоғанның арасында келіспеушіліктер болып тұратын. 2015 жылы Түркия мен Сирияның шекарасында түріктің жойғыш ұшақтары Ресейдің әскери ұшағын атып түсіргенде, Путин мұны “ту сыртымыздан пышақ ұрды” деп қабылдады. Одан кейін де біраз саяси мәселеде, әсіресе Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты қайшылықтар болған. Анкара Киевке ұшқышсыз басқарылатын дрондар жіберіп отыр. Бірақ Ресей мен Түркияға ортақ бір нәрсе – екеуі де Батыс елдерінің басымдығына негізделген ғаламдық тәртіп пен ондағы кей құндылықтарға қарсы.

– Екеуі де әлемге өкпелі, басқалар өзін жеткілікті құрметтемейді деп ойлайтын, Батыс елдеріне шағымы көп держава көшбасшылары. Ердоған мен Путин осы жерде тіл табысып отыр. Екеуінің арасында қандай алауыздық болса да, Ердоған да, Путин де Батысқа қарсы болып тұрғанда, олардың ортақ әңгімесі таусылмайды, – дейді Марк Кац.

Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, алты партиядан тұратын альянстың қолдауына ие болып отырған Қылышдароғлы Ердоғаннан алда келе жатыр. Сайлауға түсіп жатқан төрт кандидаттың бірде-бірі 50 пайыздан астам дауыс жинамаса, 28 мамырда дауыс берудің екінші кезеңі өтеді.

Автократтар апаттан да ұпай жинауға үйір

2000-жылдары премьер-министр қызметін атқарған кезінде Ердоған елдегі экономикалық өрлеуге байланысты ең беделді тұлғалардың бірі болды. Бірақ кейінгі жылдары қыспаққа алған қымбатшылық пен өмір сүру деңгейінің төмендеуінен Ердоғанның жұлдызы сөне бастады.

КҮРДЕЛІ ҚАТЫНАСТАР 

Ол баспасөз еркіндігін шектеп, сот сияқты мемлекеттік институттарды әлсіретіп, сарапшылар “агрессиялы” деп атайтын тәуелсіз сыртқы саясат жүргізіп, Путинге жақындау арқылы Вашингтонмен және Брюссельмен қарым-қатынасын қиындатып жіберді.

Ердоған 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс жасауды көздеген әрекетке АҚШ-та тұратын діни қайраткерді айыптап, Путинмен С-400 зенит зымыраны кешенін сатып алу туралы келісімге қол қойды. Осыдан кейін АҚШ Түркияның қорғаныс өнеркәсібіне санкция салды.

Ердоғанның «гүленшілерге қарсы соғысы» Қазақстанға жете ме?

АҚШ Ресей мен Түркия арасындағы құны 2,5 миллиард доллар болатын келісімге қарсы шықты. Вашингтон Ресейдің қару-жарағы Мәскеуге F-35 жойғыш ұшағы туралы барлау деректерін жинауға көмектеседі дейді.

Сарапшылардың сөзінше, Ердоған АҚШ санкция салады деп күтпеген. Бірақ беделіне нұсқан келсе де, С-400 кешенін сатып алудан бас тарта алмаған.

Кейінгі жылдары Ердоғанның Еуроодақпен қарым-қатынасы да қиындап барады. Анкара Түркияның Ливияға интервенциясына байланысты Франциямен, Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі энергетикалық ресурстар мен теңіз шекарасы үшін Грекиямен және Кипрмен келіспей қалған.

Жақында Ердоған Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуына қарсы шығып, Скандинавия елдерін күрд “террористік ұйымдарын” паналатып отыр деп айыптады. Түркия наурыздың аяғында Финляндияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін қолдады, бірақ Швецияның одаққа қосылуына қарсылық білдіріп келеді.

Қылышдароғлы Түркиядағы заң үстемдігін қалпына келтіріп, елді парламенттік басқару жүйесіне қайтаруға, АҚШ-пен С-400 мәселесін шешуге уәде берді. Сарапшылар Түркияда билік ауысса, Швецияның НАТО-ға қосылуына кедергі қалмайды дейді.

РЕСЕЙДІҢ БАСҚЫНШЫЛЫҒЫ

Батыс елдерінің көңілін қалдырса да, Ердоған Мәскеу мен Киевті Украинаның Қара теңіз арқылы бидай тасымалдауына мүмкіндік беретін келісім жасауға көндірді. Ресей Украина экономикасын қиын жағдайда қалдыру үшін оның теңіз порттарын бұғаттап, әлемдік бидай бағасын көтеріп жіберді.

Куктың сөзінше, Ердоғанның жеңілісі осы келісім бұзылмай ма деген қауіпті күшейтеді. Келісімшарт мерзімі сайлаудан бірнеше күннен кейін аяқталады.

– Бидай келісімін сақтап қалу қиындау болады, өйткені бұл – Путин мен Ердоғанның арасындағы сенімге негізделген келісім. Ықпалды тұлғалар туралы айтқанда олардың жақындығын дұрыс бағаламаймыз, – дейді Кук.

Қылышдароғлы “дауысы бәсең, Ердоғанның тартымдылығы жетпейтін технократ” деп сипатталады.

Ресей Украинаға басып кіргелі Ердоған қылкөпірдің үстінде жүр. Ол Мәскеудің әрекетін “дұрыс емес” деп бағалап, Украинаға ұшқышсыз басқарылатын аппарат жіберіп отырғанымен, Мәскеумен байланысын үзген жоқ. Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесіп, қажет тауарларды жеткізіп отырған елдер қатарында Түркия да бар.

Сарапшылар Қылышдароғлы жеңіске жетсе де, Түркия Ресей мен Украина арасында тепе-теңдік сақтауға тырысады, Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесе береді дейді.

Өйткені Түркия экономикасы Ресейдің инвестициясы мен энергетикалық ресурстарына тәуелді. Қазір Түркия экономикасы қиын кезеңнен өтіп жатыр. Сондықтан инфляция, энергетикалық өнімдердің қымбаттауы сияқты сыртқы факторлар елге қатты әсер етеді.

Түркия өзіне қажет табиғи газдың 45 пайызын, мұнай мен көмірдің едәуір бөлігін Ресейден алады. Жаңадан қалыптасып келе жатқан атом өнеркәсібі де Ресейдің отынына қарап отыр.

Путин былтыр Ресейге қарсы санкция салынған соң, Еуропаға баратын энергетика ресурстары ағынын азайтуға тырысты.

Батыс санкциялары Түркияны Ресей туристері мен кәсіпорындары үшін тартымды мекенге айналдырды. Олар елге қаржы мен инвестиция әкеліп жатыр. Былтырдан бастап қос мемлекет арасындағы сауда көлемі ұлғайды.

ЕРТЕГІДЕГІДЕЙ БОЛМАЙДЫ

Вашингтондағы Брукингс институтының ғылыми қызметкері Аслы Айдынтасбастың айтуынша, Қылышдароғлы сайлаудағы жеңісінен кейін Еуропаға көңіл бөлгенімен, Путинді де жайына қалдырмайды.

– Ерте ме, кеш пе Путинге Ресей мен Түркияның мүддесіне қауіп төндіре алмайтынын айтады. Мәселе Путин бұған қалай қарайтынында, – деді ол.

Сарапшы Түркияның Ресеймен байланысы берік болып қалса да, АҚШ-пен қазіргі қарым-қатынасты түзетуге заң үстемдігін қалпына келтіру сияқты қарапайым прогрестердің өзі оң әсер етеді деп сенеді.

– Бұл екіжақты қарым-қатынастардағы кей келіспеушіліктерді алып тастауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Бірақ кей кедергілер қалады. Бұл жаңа басшы тұсында Ресей мен Түркия қарым-қатынасын жақсартуға мүмкіндік бермейді.

Бұл пікірге Кук та қосылады.

– Сайлау қалай аяқталса да, АҚШ пен Түркия арасында ертегідегідей ғажайып болады деп күтудің қажеті жоқ, – дейді сарапшы.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Әзербайжан Қарабаққа шабуыл бастады. Қазірге дейін не белгілі?

    Азаттық радиосы Әзербайжан қорғаныс министрлігінің Таулы Қарабақта “армениялық әскерилердің позициясын жойдық” деп таратқан фотосы. 19 қыркүйек 2019 жыл.  19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта “антитеррористік операция” бастағанын мәлімдеді. Бакудың бұл мәлімдемесінен соң Қарабақта тұратын армяндар артиллериядан шабуыл басталғанын айтады. “Степанакертте жарылыс естіліп жатыр. Балалар мен ата-аналар жертөлелерге түсті. Балконымнан әр жақтан жарылыс дауысы естіліп жатыр, тоқтар емес. Артиллерия қатты атқылап жатыр, атыс дауысы да толастар емес” деді Таулы Қарабақтағы тәуелсіз журналист Марут Ванян. Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, 19 қыркүйек 11:10-да Әзербайжан күштері Қарабақтағы Аскеран ауданын атқылаған. “Эхо Кавказ” сайты Степанакерт қаласында әуе дабылы қағылғаны хабарланды. Степанакерт қаласында қашып бара жатқан адамдар. 19 қыркүйек 2023 жыл. Таулы Қарабақтағы армяндардың бақылауындағы аймақтың омбудсмені

  • АҚШ украин сарбаздарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге рұқсат берді

    F-16 жойғыш ұшағы.         АҚШ президенті Джо Байден украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшағын басқарып үйретуге рұқсат берді. Бұл жөнінде Пентагонның баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх хабарлады. Оның айтуынша, Нидерланд және Дания оқыту жағына жауап беруі мүмкін. Пентагон өкілі бұдан өзге ақпарат бермеді. Шілде айында Politico журналы Дания мен Нидерланд бастаған 11 елден құралған коалиция украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге дайын екенін, алайда ол үшін ұшақты шығарушы ел АҚШ-тың ресми рұқсаты қажет екенін хабарлаған. Басылымның жазуынша, дегенмен 11 елдің ешқайсысы әзірге ол бағдарлама үшін ұшақ бөлмеген. Шілде айында Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби оқыту мерзімі, орны мен ұзақтығы әлі қарастырылып жатқанын айтқан. Өткен аптада Politico

  • Дереккөз: Владимир Зеленский G7 саммитіне қатысу үшін Жапонияға барады

    Владимир Зеленский.  Украина президенті Владимир Зеленский “Үлкен жетілік” елдері саммитіне қатысу үшін Хиросима қаласына барады. Бұл туралы Kyodo агенттігі, сонымен бірге The New York Times, The Washington Post және CNN Жапония үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады. Reuters агенттігі болса мұндай мәліметті Еуроодақтағы дереккөзге сүйене отырып таратты. Киев әзірге мәліметті ресми түрде растаған жоқ. Зеленский кеңсесі президенттің сапарлауы мүмкін екенін жоққа шығармады, бірақ “бәрі ұрыс алаңындағы жағдайға байланысты” болатынын ескертті. Bloomberg мәліметінше, Зеленский Араб елдері лигасының Сауд Арабиясында өтетін саммитіне қатысқан соң, АҚШ әуе күштерінің әскери ұшағымен Жапонияға жетеді. Жақында Украина президенті Италия, Германия, Франция және Ұлыбритания елдерін аралап, Киевке қару-жарақтың жаңа партиясын жеткізуге келіскен. Зеленскийді Хиросимадағы саммитке Жапония премьер-министрі

  • Түрік бақыты – Кемалдың қолында

    Түркия бақытқа жете алады. Ол үшін Кемал Қылыштароғлының экономикадағы қасқа жолын таңдаса болғаны. Екінші тур – 28 мамыр. Сайлауға қатысқан Қазақстандағы Түркия азаматтарының басым бөлігі (48,86%) Қылыштароғлыға дауыс берді. Ердоған Қазақстаннан 44,38% дауыс алды. Қазақстанда жүрген Түрік азаматтарының іскерлік топқа жататынын ескерсек, Түркиядағы бизнес, кәсіпкерлік санаттың Қылыштароғлы жағында екенін көреміз. 1. Инфляция Қылыштароғлы алғашқы қадамын инфляциямен күреске жұмсамақ. Түркиядағы бизнестің басты жауы – инфляция және соның кесірінен орын алған девальвация болды. Қылыштароғлы Орталық Банкке толық тәуелсіздік сыйлауға бекініп отыр. Демек, тура біздегідей Орталық Банк базалық ставканы өсіреді, кредиттер қымбаттайды. Артынша инфляция сабасына түсуі тиіс. 2. Еуроодақпен визасыз режим Қылыштароғлы Еуропаға Түркияда парламенттік жүйе орнатамын деп уәде беріп отыр. Есесіне Еуроодақ

  • Пентагон басшысы Ллойд Остин Украина премьер-министрі Денис Шмыгальмен кездесті

    Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль (сол жақта) мен АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Пентагон ғимаратының алдында тұр. Вашингтон, 12 сәуір, 2023 жыл АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин 12 сәуірде Пентагонда Украина премьер-министрі Денис Шмыгальмен кездескен. Остин украин үкіметінің жетекшісіне АҚШ-тың Украина қорғаушыларына қауіпсіздік саласында көмек беруіне Киевтің айрықша ашықтық танытқаны үшін ризашылық білдірген. “Америка дауысының” хабарлауынша, Пентагон басшысы “Біз қауіпсіздік саласында көмекке ондаған миллиард доллар бөлдік. Одақтастарымызбен және серіктестерімізбен бірлесіп, HIMARS пен гаубицалар, NASAMS мен IRIS-T, Stryker мен Leopard және басқа көптеген жүйе бердік. Оның нәтижесі майданда айқын көрінді” деген. Шмыгаль Украина қарқынды әскери көмекке әлі мұқтаж болып отырғанын, әуе шабуылынан қорғану жүйелері, ауыр артиллерия, минометтер мен оларға оқ-дәрі қажет екенін айтқан.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: