|  | 

Сұхбаттар

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,Тұрсынбек Нұрқалиев: «Бақшасарай бұрқағы» балетін ұлттық болмысқа сай икемдедік

Ертең «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінің тұсаукесері өтпек. Александр Пушкиннің поэмасының желісімен сахналанған, прологы мен эпилогы бар төрт көріністен тұратын «Бақшасарай бұрқағы» хореографиялық поэмасын Николай Волковтың сценарий бойынша 1934 жылы балетмейстер Ростислав Захаров дүниге әкелген болатын. Енді балеттік спектаклдің жаңа редакциясын қазақстандық хореографтар Тұрсынбек Нұрқалиев және Ғалия Бөрібаева жүзеге асырып отыр. Осыған орай бүгін Астана қаласында баспасөз мәслихаты өткен еді. Осы сәтті пайдалана отырып ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» МОБТ балетінің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиевті сөзге тарттық. Автор кеңестік жүйенің саяси ықпалына ұшыраған балеттік қойылымға қазақы танымға, тарихқа жүгіне отырып бірқатар өзгеріс енгізгендігін айтты. Елең еткізер жаңалық – бас балетмейстер Тұрсынбек Нұрқалиев ертеңгі балеттің тұсаукесерінде бас партия Герей ханның рөлінде билемек. Көкейде қорқыныш жоқ, қобалжу бар дейді өзі. Сондай-ақ бас балетмейстер поэмадағы хан Герейді қазақша хан Керей деп айтуды ұсынды.

 

 

1950 жылы 22 шілдеде Алматы облысының Қаскелең қаласында туған. Алматы қаласындағы мемлекеттік хореографиялық училищесін тәмамдаған, ұстазы Марат Мунтин. 2000-2013 жж. аралығында – К. Байсейітова атындағы ҰОБТ балет труппасының бас балетмейстері болған. 2007 жылдан Балет байқаулары халықаралық Федерациясының, Хореографтардың халықаралық одағының мүшесі. Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», П. Чайковскийдің «Щелкунчик» және «Аққу көлі», Л. Минкустың «Баядерка», А. Аданның «Жизель» балеттерінің қоюшы балетмейстері, тағы да опералардағы би номерлерін, бірнеше хореографиялық миниатюраларды сахналаған.

 

 

-Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» хореографиялық поэмасын Николай Волковтың сценарий бойынша 1934 жылы балетмейстер Ростислав Захаров дүниге әкелгені белгілі. Балеттік спектаклдің жаңа редакциясының қоюшы авторының бірі өзіңізсіз. Спектаклде өзгерістер бола ма?

— Бұрынғы Киров атындағы театрда Р. Захаров қойған керемет «Бақшасарай бұрқағы» балеті бүгінге дейін сахнадан түспей келеді. Әрине, қазіргі заманның танымына және ұлттық менталитетке қатысты көп нәрсені өзгертуге тура келді. Салт пен дәстүр, қазақы көзқарасқа екшеп, ықшамдап ұсынып отырмыз. Осылайша біз подноспен биді, Герейдің екінші әйелінің биін, горемдегі таң және күңдер көрінісінде жаңа би қойдық. Әлемдік хореографияның жауһарына айналған кейіпкерлер – Мария, Зарема, Вацлав, Герей және Нұрәли өзгертілген жоқ. Бұған дейін аталған балетпен жұмыс жасағанда кеңестік стильді ұстанатынбыз. Енді сценографиясы мен костюмдері көркем келетін спектаклімізді әлемдік стандартқа сәйкестендіргіміз келеді. Қойылымды дайындау оңайға соққан жоқ, көп ойландық, толғандық. Спектаклдегі кеңестік идея төңірегінде шоғырланған артық-ауысын алып тастап, өзіміздің қазақы болмысқа, тарихқа негіздеп қайта әкелдік. А. Пушкиннің түпнұсқа поэмасының өзін кеңес уақытында саяси жүйеге ыңғайлап қойылған болатын. А. Пушкин өз еңбегінде тарихи кейіпкер хан Керейді қазақ деп жазбаған, моңғол-татар деп келтірген. Сондықтан көрермендер өз бағасын береді, дегенмен аздап қобалжу бар. Ең соңғы нотаға дейін билеп шыққанда ғана демімізді терең шығаруға болады. Бірақ дайындығымыз жоғары деп айта аламын.

-Тұрсынбек аға, бәрімізді елең етікізіп отырғаны, ертеңгі балеттің тұсаукесерінде өзіңіз бас партияда, Герей ханның рөлінде ойнайды екенсіз? Қобалжу, толғану бар ма?

-Бұйырса, иә, ертең бас партияда ойнағалы отырмын. Қобалжу бар. Осындай үлкен сахнада жастардың алдына шығу деген өте үлкен жауапкершілік, сын сағат. Өйткені қазіргі жастардың көзқарасы мүлдем өзгеше. Өте қобалжулымын, әйткенмен дайынмын. Себебі 35 жыл осы партияны сахнаға алып шығып, сомдаған өзіммін, жастарға көрсеткен өзіммін.

-Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бұл қойылымға театрдың үш жетекші солистін дайындап отыр екен. Алайда Зарема партиясы өте қиын деп отыр қай жағынан болсын. Зареманы қалыптастырған биші Татьяна Вечеслова деңгейінде біздің қыздар бас партияны жеткізе ала ма, қаншалықты қауқарлы?

-Біздің бетке ұстар қыздарымыздың екеуінің де дайындығы өте жоғары. Әйгерім Бекетаеваның сұлу да сымбатты бет әлпетінің өзі-ақ тартып тұрады. Ертең спектакльге келсеңіз көресіз. Актерлық дарыны жүрегінен төгіліп тұрады. Харизма әр адамда бола бермейді. Сахнаға шыға келгенде Мәдина мен Әйгерім ерекше сұлуланып, жарқырап кетеді. Сол себепті де биші қыздарды осындай рөлдерге тағайындап отырмыз. Артқан жүгімізді олар көтереді деп ойлаймыз.

-Жалпы бұл қойылымға қанша уақыт дайындалдыңыздар?

-Төрт айдай уақыт кетті. Дайындалып жүріп те аты аңызға айналған хореограф Юрий Григоровичтің «Жаңғақ шаққыш» спектаклін қойдық. Сонымен ертеңгі болатын балетте пантомимаға да ден қойылған. Оқиға Польшада және Бақшасарайда XVIII-XIX ғасырлар аралығында өрбиді. Қойылымға қатысатын 92 адам – барлық солисттер, кордебалет, миманс әртістері. Спектакльге «Астана Опера» балеттік труппасы толығымен қатысады деуге болады.

-Композитор Борис Асафьев жазған музыкасы сол күйінше қала бере ме, әлде өзгерттіңіздер ме?

-Музыкасы өзгеріссіз қала береді. «Бақшасарай бұрқағы» спектаклінің әлемдік сахналарды бағындырғанына 80 жылға жуықтады. Композитор Борис Асафьевтің жазған музыкасы әдейі хореодрамаға шақталған, яғни оның сахналық тілі ерекше, айқын әрі түсінікті. «Бақшасарай бұрқағының» жаңа редакциясының қоюшы дирижері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов. Қойылымды көріп барып қана баға беруге болады.

-Ұлттық менталитет демекші, өткенде «Астана Операның» сахнасында Б. Эйфманның «Роден» балеті болды. Қойылым барысында скульптордың еңбектеріне негізделген көріністер қойылды. Мысалы мүсіншінің «Поцелуй» атты туындысы. Немесе сахнада биші көйлегін сыпырып тастап, жүгіріп жүрген көріністері кей көрермендерге ұнай қоймағаны шындық. Жалпы балеттік биді ұлт мінезі мен танымына икемдеу керек сияқты ма, қалай ойлайсыз?

-Әдепсіздеу болып көрінетін көріністер ертеңгі балетте болмайды. Балетмейстер ретінде бұл Б. Эйфманның «Родені» заманауи модерн екендігін айтайын. Балет ерекше мазмұнды хореографиясымен ерекшеленеді. Қазақи, ауылдан келген қазақтарға кері әсер етуі мүмкін, ал қалалық жердегі жастардың қабылдауына жақын болады. Егер де балеттің аты «Қозы көрпеш – Баян сұлу» болатын болса әдепсіз дүниелер болмайтын еді. Туғаннен бері біз олардың кім екенін біліп өстік. Огюст Роден Францияның атақты мүсіншісі, қойған автор Ресейдікі. Франциядағы мәдениет деген біздің мәдениетімізге қарағанда әлде қайда жатыр, олардан өте арттамыз. Олардың қабылдауы өте жоғары. Біздің театрымыздың ең бірінші мақсаты көрермен талғамын көтеру, олар француз балетін, американ балетін ажырата білсе деймін. Қазір балет әлемінде «қазақ балеті» ұғымы пайда болды. Біздің спектаклдеріміз, қандай да бір номерлер болмасын, ол орындаушының көзқарасы, актерлық шеберлігімен айшықталып тұрады. «Қыпшақтар биін» шетелдік гастрольге апарғанда, сырт елдегі көрермен таңғалды. Отандық балетімізге жанашыр болып жүрген азаматтар қазіргі таңда қазақ балетін қалыптастыра алды. «Карло Феличе» театрына Италияның Генуя қаласына шақырту алдық. Сондағы ел-жұрт біздің әртістеріміздің біліктілігін, деңгейінің жоғарылығын айтып тамсанды. Бұл – қазақ балетінің жеңісі.

-Аға, онда өткенге бір көз тіксек. Бір сұхбатыңызда әкеңіздің сіздің сахнадағы биіңізді бірде-бір рет көрмеді деп еске алыпсыз. Әкеңіз қарсы болған болса, бүгінде айтулы жетістікке жетіп отырған балет өнеріне қалай келдіңіз?

-Әке-шешем 7 жасымда интернатқа беріп, үкімет бағып-қағып жатыр деп сеніп тапсырды. Ал хореографиялық училищеге 11 жасымда бардым. Шара Жиенқұлова апайымыз мені 700 адамның арасынан училищеге іріктеп алды. Алматы училищесіне барлық облыстардан табанын тоздырып жүріп жинап, оқытып шығарған бірінші бөлімі біздің топ еді. «Рекорд» деген кішкентай теледидарды бірде қарап отырып, «Аққу көлі» балетінде билеп жатқан Махмұд Есембаевты көріп, балетке деген ықыласым ауып, жаныма жақын сезілді. Сөйтіп құлшыныспен алға ұмтыла түстім. Училищеден кейін Абай атындағы МАОБТ-да еңбек ете бастадым. Менің балетке деген ынтықтығым алғаш көргендегіден еш кеміген емес қазір де. Тынбай еңбек етіп келе жатқаныма биыл 45 жыл толады. Дегенмен, осы балетке келгенім әке-шешемнің арқасы ғой деп ойлаймын. Сол дәуірде балет қоғамға жат өнер болса да, олар іштей менің қалауымды, талпынысымды жоққа шығармады. Кезінде Астанада Шара Жиенқұлова апамыздың атындағы балет мектебін ашқым келетіндігін айтқан болатынмын. Естуімше жақында би академиясы ашылуы керек. Сол академияға Шара Жиенқұлованың аты берілуі мүмкін, әлі анық емес.

-Әңгімеңізге рахмет, ертеңге бас партияны сәтті алып шығуыңызға тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Ая ӨМІРТАЙ, BAQ.KZ

Related Articles

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • Саясаттанушы: Еуроодақпен әріптестікке Орталық Азия көбірек мүдделі

    Саясаттанушы: Еуроодақпен әріптестікке Орталық Азия көбірек мүдделі

    Нұрбек ТҮСІПХАН Еуроодақ жетекшілері мен Орталық Азия елдерінің басшылары “Орталық Азия – Еуроодақ” саммиті кезінде. Самарқан, Өзбекстан 4 сәуір 2025 жыл 3-4 сәуірде Самарқанда “Орталық Азия – Еуропа одағы” саммиті өтті. Орталық Азияның ресми БАҚ-тары мен мемлекеттік құрылым сайттары Самарқан саммитінің “тарихи маңызын” айтып жатыр. Ал екі аймақ арасында осындай форматтағы алғашқы кездесуді сарапшылар қалай бағалайды? Азаттық тілшісінің сұрақтарына саясаттанушы Жәнібек Арынов жауап береді. – Орталық Азия және Еуроодақ саммиті қаншалықты тең жағдайда өтіп жатыр деп айта аламыз? – Орталық Азия мемлекеттерінің 30 жылдық сыртқы саясатына, тарихына үңілсек, Еуроодақ әрдайым тең дәрежеде жұмыс жасауға тырысатын үлкен әріптестердің бірі. Мысалы, АҚШ немесе Ресей не болмаса Қытаймен салыстырғанда мемлекет тарапынан болсын, қоғам

  • Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Өткен жылы қолыма Токио шет тілдер университетінің профессоры Жин Ноданың «Ресей мен Цин империялары арасындағы Қазақ хандықтары: XVIII-XIX ғасырлардағы Орталық Еуразия халықаралық қатынастары» атты зерттеу еңбегі түсті. Өз тарихымызға қатысты болған соң, бір деммен оқып шықтым. Аталған кітапта қазақ ханы Абылай мен өзге сұлтандардың Цин императорына жазған хаттары туралы баяндалады. Жақында Жин Нодамен хабарласып, көкейімізде жүрген сұрақтарды қойдық. – Ғылыми зерттеу кітабыңыз ерте­дегі Қазақ-Цинь империясы қатына­сын өзгеше тануға арналған академия­лық еңбек екен. Бұндай зерттеуге бет бұруға не түрткі болды? – Мен Орталық Азияны зерттеу барысында Ресей және Цинь империясы туралы көзқарастарда үлкен алшақтық бар екенін байқадым. Осы алшақтықты жою мақсатында мен қазақтардың тарихын ресейлік және қытайлық дереккөздер негізінде зерттеуге кірістім.

  • Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    “Сұхбатты” енді ғана оқып шықтым. Әзірге, сипаты туралы аз сөз: Әлбетте, бұл – журналистика стандарттарына сай, шынайы, нағыз сұхбат емес. Конституциялық құқығы тең, екі саналы азаматтың өзара пікірлескен, еменжарқын әңгімесі емес. Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка. Пәленбай адам түзеп-күзеген, ананы да, мынаны қамтуға тырысқан, аяғында жаны жоқ мәтіндер жиынтығы туған. Тоқаев айналасындағыларға: “осыншалық жасанды кейіппен халық алдында көрінуім ұят болады, қойыңдар, айналайындар, қателессем де өз болмысыммен шығам” деуге түсінігі жетпегені өкінішті. Былтыр “Егеменде” “сұхбаттасқан” Дихан Қамзабек те, биыл “Ана тілінде” “әңгімелескен” Ерлан Жүніс те, кешіріңіздер, ешқандай да интервьюер емес. Иә, біреуі терең ғалым, екіншісі тамаша ақын, бірақ, өмірінде бір

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: