5 ЖАСЫНДА АТҚА – 75 ЖАСЫНДА ТАҚҚА МІНДІ!
Қазақ қауымы дүр сілкінді!
Қызыл коммунистердің үміткері Тұрғын СЫЗДЫҚОВ қазақстандықтардың небәрі 1,6 пайыз дауысына қол жеткізсе, өзін-өзі ұсынған еліміздің Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Құсайын ӘБІЛҒАЗИН 0,7 пайызды місе тұтты. Сөйтіп, меніңше, Қазақ елінде коммунизм идеясының жаназасы мәңгілікке шығарылып, еңбеккерлердің құқығын қорғауға тиіс кәсіподақтар ұйымы да «қанағаттанарлықсыз» деген қалың екілік алды…
Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының алдын-ала нәтижесін жариялап, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 97,7 пайызы өздерінің дауысын Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа бергенін хабарлады. Сөйтіп, 5 жасында атқа мінген Елбасымыз – 75 жасында қайтадан таққа қонды! Соңғы 24 жылда Қазақ мемлекетінің тізгінін үздіксіз ұстаған Ұлт көшбасшысына ұлты тағы да сенім арқалатты!..
Иә, алмақтың да – салмағы бар. Қазақ қауымы бейбітшілік пен бірлікке, тәуелсіздік пен тәуір өмірге таңдау жасады. Әйткенмен, саяси тәуелсіздіктің өзі – экономикалық тәуелсіздіктің мықты бұрандаларымен бекітілуге тиіс. Адамның әл-ауқаты – қоғамның айнасы іспетті: не ол түзу де таза, немесе қисық та лас…
Әр қазақтың тамағы тоқ, көйлегі көк болуы үшін:
1. Шикізат секторының түсімдеріне мемлекеттік аппаратты, әскерді және әлеуметтік ауыртпалықтарды арту керек. Өйткені, мемлекеттік бюджеттің 90 пайыз түсімі 100 ірі салық төлеушілерден түзіледі.
2. Тиісінше, егер біз шағын және орта кәсіпкерлікті салықтан таза босатсақ, мемлекеттік бюджет мұны сезбей де қалады. Әлемде шағын бизнес – кезкелген елдің экономикасының қозғаушы күші болып табылады. Бізде шағын бизнес мемлекеттік бюджеттің небәрі 0,1 пайызын ғана; ал, орташа бизнес 4,5 пайызын ғана құрайды. Кешегі қазақтың данышпандық дала заңына арқа сүйесек, бәрі мейлінше қарапайым әрі түсінікті: шағын және орта кәсіпкерлікті салықтан таза босатып, тексеруді мүлдем доғару керек; тек шығыннан жоғарғы кіріске ғана жан басына шаққанда 2 пайыздық салық жетеді (бай-шонжарлар үшін кірістен 15 пайыздық салық). Осылай болса, адамдар қолынан келген шаруасымен (салықтан және басқадан қорықпай) белсенді айналысып, жұмыс орындары көптеп пайда болады. Жұмыс табылса, ақша келеді, яғни халық өзін-өзі асырауға көшеді.
3. Мұның өзі әлеуметтік қысымды жойып қана қоймай, әділетті бәсекелестік орнатып, елдегі етек алған жемқорлықтың «аяғына» тұсау салады.
4. Үй ішінен үй тіккен (екінші Үкімет аппараты секілді) «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы мен оның барлық нақты өнім бермейтін құрылымдарын тарату керек. Осындай бір ғана батыл қадаммен мемлекеттік қазынаның аса басым бөлігін үнемдеуге болады.
5. Жастар болашақта елшіл әрі білімді болуы үшін – тәрбие мен білім беру саласына байсалды саясат әзірлеу керек. Онда әлемдік өркениеттің озық үлгілерін еркін ендіріп, ұлтымыздың салт-санасы ман дәстүр-болмысын діңгек етіп алуымыз керек.
…Әрине, досы көп – дұшпансыз да қалмайды. Кейбіреулер сайлаудағы 97,5 пайыздық көрсеткішке күмәнмен қарап, көкезулікке де ұрына бастады. Бірақ, маған facebook желісінде ұлтшыл азамат Mukhtar TAYZHAN-ның орыс тілінде жеткізген сөзі шындыққа жақын көрінді. Мұқаң былай депті: «Мое мнение, процентов на 80 по стране – это объек-тивный на сегодня показатель. 80 процентов точно Его (Н.Назарбаевты айтады. Қ.Ғ.) любят и боятся перемен к худшему. Остальные 17,5% это уже прихоть…»
Қазақ елі тәуелсіздік пен тұрақтылыққа, ырыс пен ынтымаққа апаратын даңғыл дамуға тарихи таңдау жасады, деп үміттінемін. Ал, Mukhamedzhan TAZABEK бауырымыз: «Кімнің дауысында береке бар екенін қайдан білейік? Алла бейтарап болғаннан сақтасын» деп жа-зыпты…
…Иә, Алла сақтасын…
Қажымұқан ҒАБДОЛЛАнің facebook парақшасынан алынды


Пікір қалдыру