|  | 

Көз қарас

Жеңіс деп желпілдетпейікші…

Жеңіс деп желпілдетпейікші…

1941-1945-жылдары біз кім едік?

 

Ресейдің боданында құлдық ұрған, сол саясаттың қамшысы өтіп кеткен, сонымен күн көріп, қалыптасқан жалтақ қазақ болдық. Әліппемізді әдейі үш рет ауыстырып, ұлттық тілімізді жүндей түтті. Бойымыз бен ойымызға құлдық мінез дендеп енді. Тіпті шетімізден жетім лақтай сирағымыздан тартқылап, басқа көгенге көгендеп, жәукемдей бастады. Халқымызды әр тарапқа тартқылап, тілімізді, руханиятымызды, тұрмыс-салтымыз бен әдет-ғұрпымызды күлпаршалап тастады. Сөйте, тұра, Ресей әлгі қылықтарын халықтарға азаттық әперушілік, өнер-білім әкелушілік ретінде сипаттады. Өздерін өркениет дүниесін құтқарушылар ретінде марапаттады. Бұл ретте, әсіресе, сол кездегі князъ Горчаков ерекше көзге түсті. Ол ұлы державалардың бәріне нота жолдап, «Түркістан деп аталатын жабайы елге өркениет сіңіріп», «керуен тонаудан гөрі сауда жасаудың тиімді екенін үйретуге сөз берді» («Прошлое Казахстан», Алматы-Москва, 1936 г. 114-117-беттер).

«9-мамыр ұлы Жеңіске 70-жыл, Ресей тойлап жатыр екен» деп бас салып тойлай беруден гөрі, әлгі мерекенің түпкі идеясына, түп маңызына тереңдеп үңілгеніміз жөн. Айналамызға сын көзбен қарау керек сияқты. Өйткені, кейінгі ұрпақ, желкілдеп өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ көктей солмасы үшін оларға ағарту істері жүргізілгені абзал.

Соғыс жылдары фашистік агрессияға қарсы тойтарыс беруге көтерілген Кеңес одағы Қарулы күштерінің құрамында барлығы 35 млн. адам болса, соның 1 млн. 366,2  мыңы Қазақстаннан аттанғандар

(Қозыбаев. М. Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты; Оқу құралы. Алматы қаласы. 1992 ж.—136 бет). 1930-1950-жылдардағы атақты майдангер-жазушы Б. Л.Горбатов «Непокоренные» повесі үшін 1943-жылы Мемлекеттік сыйлықты иеленген. Осы Борис Горбатов «Жеңіс туы» атты мақаласында: «Егер де менен соғысқа қатысушы ретінде емес, тек бақылаушы ретінде, Рейхстаг төбесіне жеңіс туын кім тікті?—деп сұраса, мен «барлық Кеңес жауынгерлері тікті»-деп жауап берер едім деп сандырақтапты. Жеңіс туын Рақымжан Қошқарбаевтың тіккенін Ресей әлі күні мойындамай отыр.

Ресей көзқарасынан құтылуымыз керек 

Кең қолтық қазақтың ардагерлері телеарнадан құдайдың құтты күні «Мен Мәскеуді, Ленинградты қасық қаным қалғанша қорғадым»-деп көсіліп отырады. Ол сөз «Сен де Санкт-Петерборды мен секілді қорға»-деп маған айтылып тұрғандай естіледі. Соның салдарынан орыспиғылды шенеуніктер жауыннан кейінгі бәйшешектей күннен-күнге көбейіп, өсіп-өршіп келеді. Ресейдің империялық идеологиясын онан әрі насихаттағанымыз қай сасқанымыз? Біз Жеңіс күнін тойлауға қарсы емеспіз. Бірақ оны тап Ресейдің көзқарасынан көшіріп алып тойлауға қарсымыз.

Біздің тәуелсіз ел ретінде өз жоспарымыз болуы керек. 1941-1945-жылдардың шындығы толық ашылған жоқ. «Түркістан» легионының жай-жапсары,  Алматыда «28 гвардияшы панфиловшылар», Ақтөбедегі «312, 101-атқыштар дивизиялары» жасақталды, басқа да өңірлерде әртүрлі рота, батальондар құрылды, сонда ұлы Ресейдің батырлары ай қарап жүргені неліктен? деген сұрақтарға әлі күні жауап жоқ.

Қанды қырғынның арасынан аман келгендерге «Герой Советского союза» деген арзымайтын медаль немесе бір жапырақ «Мақтау қағазын» қимағанын қайтерсің? Оның өзін біздің асылдарымыз Бауыржан Момышұлы, Еркін Сабалақов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Хиуаз Доспановаларға бермегенін қандай ағалыққа жатқызуға болады?

Негізгі соғыс Ресей, Белоруссия мен Украина территориясында болды, бізге еш қатысы жоқ болатын, бірақ КСРО-ның құрамында болғандықтан, біздің ата-әжелерімізден ешкім ештеңе сұраған жоқ. Барлығын қорадағы қой секілді жинап алып, вагондарға артып, екі қазаққа бір мылтық беріп, қарша бораған пулеметтің оғына қарсы «уралатып» қойып жіберді. Артқа қашса өздерінің мерген орыстары қағып тастайды. Сол қырғынды дүрбімен бақылап тұрған немістің «Штандартен Фюрер Краус» «Мен бірінші және екінші дүниежүзілік соғысты көрдім, бірақ Отан үшін пулеметке қарсы жүгірген орыстың әскерлеріндей қайсар жауынгерлерді көрмедім» деп басын шайқаған екен.

 

Ол қайдан білсін, орыстың шинелін киіп алған Орта Азиядан келген орысша бір ауыз білмейтін қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмендер екенін. «Шешінген судан тайынбас» демекші, сол қырғынның ішінде қаршадай қазақтың қыздары Мәншүк Мәмбетова мен Әлия Молдағұлова да бар еді. Сол Әлия Молдағұлованың қабірін біресе анда, біресе мында деп шейіттің сүйегін сырқыратты. Отан үшін деп қаза тауып еді…

1941-1945-жылдар туралы түсірілген фильмдерді қарап отырсаңыз, бірде-бір өзге ұлт өкілдерін көрмейсіз, бәрі дерлік, орыстар, «сонда біздің ата-бабалармыз соғыспаған ба?- деген ой келеді. Бүкіл Кеңестер Одағы тұсында 150-ден астам ұлт пен ұлыстар мекендейтін, бәрі жабылып немістерге қарсы соғысқан жоқ па еді?… Осыдан-ақ, орыстың шовонистік көзқарасының әрдайым басым тұрғанын аңғаруға болады. Сол қырғынды көзімен көрген 91 жасқа келген «Қан мен тер» романының авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов:-«Неміс әскерлері жарақаттанған Кеңес әскерлерін атып тастамайтын. Оларды тұрғызып ауруханасы бар лагерьлерге  жіберетін»,-дейді. Ал, Ресей түсірген киноларда, неміс халқын жауыз қылып көрсетуге тырысады, бүкіл ауылды жинап алып, өртеп жіберіп халықтар арасында өшпенділікті туғызады.

 

 

Айғақтарды жаңаша саралайық

Ресейдің осындай сұрқия сұм саясатынан жиіркенген, Латвия, Литва Эстония, Украина елдерінде КСРО-дан бөлініп кеткісі келіп, талай рет КСРО-ға қарсы ұйымдар жасақталғанын енді біліп жатырмыз. Сталин болса сол ұйымдардың серкелерін өлтіріп отырған, қалғандарын Кунашир мен Итурупке жер аударған. Өйткені, Кеңес одағында «СССР—оплот мира», «Пролетарии всех стран, соединяйтесь», «Не болтай» -деген сияқты сайқымазақ ұрандардан басқа артық сөз айттырмады.

Қазіргі таңда, неше түрлі айғақтар мен деректер табылып жатыр. Батыстың бұқара ақпарат құралдарында 1938-жылы «КСРО мен Германия Еуропаны қақ бөліп аламыз» деп келісім -шартқа қол қойғанын, «бір-бірімізге соғыс жарияламаймыз» дегені, 1941-жылдың 22-маусымында Германияның суық қаруланған армиясы КСРО шекарасына басып кіргенде, Сталиннің тізесі қалтырап, дачасына қашып барып,  бір апта жатып алғаны, Политбюро басшылары келгенде, «мені тұтқындауға келдіңдер ме?»-деп шошып кеткені жайлы деректер табылды.

1943-жылы Германия мен Жапонияға қарсы күресу үшін, тамағы мен киімі таусылған КСРО, АҚШ –пен,  Ұлыбритания-
мен құпия келісім-шарт құрып, азық-түлік, киім-кешекпен уақытша қамтамасыз етіп тұруын сұраған. Өйткені, ол кезде Бүкіл Одақтың бидайы мен күрішін егетін Ресейдің территориясындағы  Украина мен Белоруссияны Германия басып алған еді.

Іздеушісі жоқ, көзге еленбей қалған қаншама боздақтар орыстың орманы мен батпағында жоқтаусыз жоғалып кетті. Солардың бірі-менің атам, Шәмшінің туған інісі, Шәбідин Тоқмұратұлы 1941-жылы 18 жасында өз еркімен соғысқа аттанып, 1943-жылы Сталинград фронтында хабарсыз жоғалған. Қара қағаз да келмеген. КСРО территориясында осы соғыстың  зардабы тимеген бір де бір отбасы жоқ шығар, сірә.

Ендеше, бұл датаны «Жеңіс күні» деп желпілдеткеніміз қаншалықты дұрыс?

 

Жұмамұрат   Шәмші,  тарих ғылымдарының кандидаты

kazakia.kz

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: