Байқоңырдан ұшқан “Протонның” құлағаны хабарланды
Ресейдің “РИА Новости” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 16 мамыр күні Байқоңырдан ұшқан “Протон-М” зымыран тасығышының үшінші сатыдағы қозғалтқышынан ақау шыққан. Агенттік таңертең “зымыран тасығыш орбитаға апаруы тиіс MexSat-1 спутинігі жоғалып кеткен болуы мүмкін” деген ақпарат таратты.
Аталған ақпарат құралы “”Протон-М” зымыран тасығышының “Бриз-М” қозғалтқышынан аққан улы гептил ол құлаған Чита облысының (Ресей) атмосферасына тарауы мүмкін” деп хабарлайды. Басылым Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің “Мексика спутнигі тиелген “Протон” ғарыш аппаратының құлауы адам шығыны немесе басқа да зардаптар әкелген жоқ” дегенақпаратын да таратты.
Ресейдің “Роскосмос” ғарыш агенттігі “Бүгін, 2015 жылы 16 мамыр күні “МекСат-1″ (MexSat-1 – ред.) спутнигін тиеген “Протон-М” зымыран тасығышын ұшыру кезінде штаттан тыс жағдай болды. Себептері анықталып жатыр” деген ақпарат жариялады.
2013 жылы 2 шілде күні Байқоңырдан ұшырылған ресейлік “Протон-М” зымыран-тасығышы бірнеше секундтан кейін жерге құлап, жарылған еді. Бұдан соң Қазақстанда “Антигептил” қозғалысы құрылып, белсенділер бірнеше мәрте Байқоңырдан гептил тұтынатын Ресей зымырандарын ұшырмауды талап етіп, акциялар өткізген.
azattyq.org
Пікір қалдыру