|  |  | 

Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл

ЖӘНІБЕКТІҢ ТОҒЫЗ ҰЛЫ ІШІНДЕ ТАРИХТА АТЫ ЕРЕКШЕ – ҚАСЫМ ХАН

Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры:
ЖӘНІБЕКТІҢ ТОҒЫЗ ҰЛЫ ІШІНДЕ ТАРИХТА АТЫ ЕРЕКШЕ – ҚАСЫМ ХАН

qasim han

– Қасым ханның ата-тегі жайында айта кетсеңіз.
– Қасым – Шыңғыс хан ұрпағы, үлкен ұлы Жошыдан тарайды. Жошының 14 ұлының бесеуі және олардан тараған ұрпақтар ХІІІ-ХV ғасырларда Еуразияның шығыс бөлігіндегі саяси тарихта үлкен рөл атқарады. XVІ-XVІІІ ғасырлар аралығында Орда Ежен, Бату, Шибан, Тұқай Темір ұрпақтары Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Қазан, Қырым, Қажытархан, Сібір, Хорезм хандықтарының және Мәуреннахрдың хандары болған. Ортағасырлық кейбір мәліметтер мен соларға негіздеп жазылған қазіргі тарихи зерттеулерде Қасым ханның Жошының қай ұлынан тарайтындығы жөнінде екі түрлі көзқарас бар екенін айта кету керек. Соның біріншісі бо­йынша қазақ хандары Орда Еженнен, яғни Жошының үлкен ұлынан тарайды делінсе, екінші нұсқа Жошының ең кенже ұлы – Тұқай Темірден өрбитінін көрсетеді.
– Осы жайды нақтылап кетсеңіз, бұл пікірлер қандай тарихи деректер негізінде айтылған?
– «Тұқайтемірлік», яғни екінші нұсқаны қостаушылар өз пікірлерін XVI және XVII ғасырларда жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат наме» мен Әбілғазының «Түрік шежіресіндегі» мәліметтерге сүйеніп дәлелдеп отыр. Ал «Ордаежендік» пікірді ұстанушылар, негізінен, XIV және XV ғасырдың басында жазылған Рашид-ад Диннің «Жамиғ ат-тауарихы» мен атышулы «Ескендірдің анонимі» атты деректерге сүйенеді. Біз де осы пікірді қостай отырып, Қасым ханның шежіресін Шыңғыс хан – Жошы – Орда Ежен – Сартақтай –­ Қоныша – Сасы Бұқа – Шымтай – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан және Жәнібек хан деп таратамыз. Демек, Қасым хан – жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, ежелден бері келе жатқан хандық әулеттің тікелей жалғасы, заңды өкілі. Орда Еженнен Орыс ханға дейін Қасым ханның аталары Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігінде билік құрған. Алғашында Орда Ежен ұлысы деп аталған бұл бөлік XIV ғасырдың басынан бастап Ақ Орда деп аталады. Саяси-әкімшілік орталық Сыр өңіріне көшіріліп, астана алғашында – Сауран, кейіннен Сығанақ қаласында болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерек мәліметтеріне жүгініп көрелік. Онда Орда Ежен туралы: «Жошының мұрагері және екінші ұлы Бату билікке келгенімен, Орда Ежен әкесінің тірі кезінде және одан кейінгі кездерде үлкен сый мен құрметте болды. Мөңке ханның оларға жіберген жарлықтарында оның есімі бірінші жазылып отырған. Жошы әскерлерінің жартысын – Орда Ежен, ал қалған жартысын Бату басқарды. Орда Ежен мен Бату ұлыстары бір-бірінен өте қашықта орналасты және әркім өз ұлысында дербес билік жүргізді» деп жазады Рашид ад-дин. Одан әрі ол «Орда Еженнің немересі Қоныша ұзақ уақыт бойы Орда ұлысының билеушісі болды» дейді. Қонышаның үлкен ұлы Баян әкесінің мұрагері және Рашид ад-диннің замандасы болған. Рашид ад-дин «Қазіргі уақытта Баян әкесі Қонышаның орнында отыр, бұрынғыдай оның ұлысын басқаруда» деп жазады. Қасым ханның бұл бабаларының билік құрған кезі 1225-1290 жылдар аралығы болатын.
Қасым ханның XIV ғасырдағы билікте болған бабалары туралы Натанзи көп дерек береді. Ол «Баянның ұлы Сасы Бұқа Ақ Орданың билеушісі болып, 30 жыл басқарды. Ол хижраның 720 жылы, яғни біздің жыл санауымызша, 1320-21 жылдары қайтыс болды. Қабірі Сауран қаласында» деп жазады. Сасы Бұқаның ұлы Ерзен Алтын Орда ханы Өзбектің жарлығымен әкесінің орнына отырады. Өзінің үлкен қабілеттілігі мен көрегендігі арқасында аз уақытта Өзбек ханның беделіндей дәрежеге жетті» делінеді деректе. Ерзен Ақ Ордада 25 жыл билік құрып, 1344-45 жылы қайтыс болады. Ерзен хан тұсында Сыр өңіріндегі Отырар, Сауран, Жент және Баршынкент қалаларында көптеген ғимараттар хан жарлығымен салынады.
Дешті Қыпшақтағы Мүбәрәк қожа ханның бүлігінен кейін Ақ Орда тағына Алтын Орда ханы Жәнібек ханның арнайы жарлығымен Қасым ханның бесінші атасы Шымтай отырады және оның билігі 17 жылға созылады. Одан кейін хандық билік төртінші ата Орыс ханға (Мұхаммед ханға) көшеді. Ол тіпті 1370 жылдар ортасында Алтын Орда тағын да билейді. Орыс хан туралы мәліметтер ортағасырлық деректерде мол кездеседі.
Орыс ханның төртінші ұлы және Қасым ханның үшінші атасы Қойыршақ 1395-96 жылдарда Жошы ұлысын билейді. Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы күресінде Қойыршақ алғашқысын қолдап, жәрдем береді. Ол туралы Хайдар Рази: «Қойыршақ оғлан – Орыс ханның ұлы. Ол да Темірдің көмегімен (Ақсақ Темірдің) ұлысы мен елін биледі. Біршама уақыттан кейін қайтыс болды» деп баяндайды. Гафари де Қойыршақ оғланның Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы жасаған екінші жорығына қатынасқанын, Тоқтамыс хан жеңілгеннен кейін, Ақсақ Темір оған Жошы ұлысының билігін тапсырып, Еділ бойынан Дештіге жібергенін айтады. Қадырғали Жалайыр болса, Қойыршақты «хан» атағымен қосып жазады.
Ал Қасым ханның атасы Барақ хан Ақ Орданың соңғы билеушісі болған. Ол 1425 жылы Алтын Орда тағын тарихта белгілі Ұлық Мұхаммед ханнан тартып алып, сонда 1428 жылға дейін хандық құрады. Замандастары Барақ ханды «Алтын Орда тағына үміткерлер ішіндегі «күшті бураға» теңеп, «батыр әрі алып болған» деп суреттейді.
Қасымның әкесі Жәнібек ханның кім болғандығы көпке мәлім. Қазақ хандығының негізін қалаушы және Керей ханнан кейін қазақта хан болған. Ол билік құрған жылдар шамамен 1460 жылдардың соңы мен 1470 жылдардың бас кезіне сәйкес келеді. Осы қысқаша шолудан байқағанымыздай, атақты Қасым хан жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында үздіксіз билікте болған текті әулеттің өкілі болып саналады. Ата-бабасынан қалған дәстүр, тектілік оның бойынан да табылады. Қасым хан жайында үзік-үзік мәліметтер Қадырғали Жалайыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұд ибн Уәли, Бабыр, Камал ад-дин Бинай, Хайдар Рази, Шади, Рузбехан Исфахани, Гафари, Абдаллах Балхи, Әбілғазы және тағы басқа авторлардың еңбектерінде, сондай-ақ орыс деректерінде кездеседі. Ал жеке өмірбаянына қатысты ортағасырлық дерек, өкінішке қарай, қолымызда жоқ. Дегенмен бізге жеткен деректерден Қасым ханның тек қана хандық әулеттің жолын жалғастырушы емес, сонымен бірге, қалыптасқан жаңа саяси, этникалық жағдайларға сай хандық билікті, мемлекеттілікті дамытушы қайраткер ретінде тарихта өз орнын алған тұлға болғанына көз жеткіземіз. Қасым ханның өміріне байланысты деректер 1470 жылдарға дейін ешбір еңбекте кездеспейді. Оның себебін былай түсіндіре кетейін. Қазақ хандығы құрылғаннан 1470 жылдар басына дейін мемлекеттегі ірі саяси тұлғалар Керей мен Жәнібек хандар болды. Ал Бұрындық, Қасым, Махмұт, Әдік және т.б. сұлтандар хандардың жанында жүріп, сол кездегі оқиғаларға араласқанымен, жазба деректер мәліметтерінде негізгі хандардың есімдері аталып отырған. Сондықтан да алғаш рет жазба деректе Бұрындық ханның есімі әкесі – Керей қайтыс болған оқиғаға байланысты кездессе, сол сияқты Қасым жайлы да алғаш рет жазба дерек мәліметтерінде Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін, яғни 1470 жылдар басынан бастап айтыла бастайды.
XV ғасырдың 70-жылдарынан бастап Қазақ хандығының тарихында жаңа кезең басталады. Саяси тарих тұрғысынан алып қарасақ, бұл кезең – Қазақ хандығының күшеюімен, нығаюымен, этникалық тарих тұрғысынан – қазақ халқының этникалық, ұлттық аумағының біріктіріле басталуымен сипатталады. Мұндағы ең басты оқиғаға Қазақ хандығының Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалар мен далаларды қайтару үшін Мәуреннахр билеушілерімен жүргізген күресі жатады. Бұл күрес 1470 жылдардың ортасынан 1598 жылға дейін созылады. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған күрестің бірнеше кезеңі бар. Алғашқы кезең 1470-1520 жылдар аралығында өтті. Міне, осы алғашқы кезеңде Қасым хан өзін ірі қолбасшы әрі ірі мемлекет басшысы ретінде көрсетіп, замандастарының жазбаларында ұлы тұлға түрінде көрініс табады.
1470 жылдардың бас кезінде Жәнібек ханнан кейін хандық билік Бұрындық ханның қолына өтеді. Бұрындық хан тұсында Қасым сұлтандық дәрежеде болып, бүкіл қазақ әскерінің қолбасшысы міндетін атқарады. XVI ғасыр басында жазылған «Шайбани-наме» еңбегінің авторы Камал ад-дин Бинай Қасым хан туралы «Ол Бұрындық ханның әскерлері ішіндегі атақты баһадүрі және мықты сұлтанның бірі болды» деп жазады.
Қасым хан – Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі. Оның ішінде Қасым мен Қамбар бір анадан, Жаған бикеден туылған. Дулатидың «Тарихи-Рашиди» атты еңбегінде Қасым ханның қай жылы дүниеге келгенін анықтайтын жанама мәлімет бар. Онда автор 1513 жылы шағатайлық Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан Ордасына келгені жөнінде жаза келіп, «…бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын» деп баяндайды. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68-дерде десек, онда ол 1445-46 жылдарда дүниеге келген болып шығады. Ал орта­ ғасырлардағы Қазақстан тарихының белгілі зерттеушісі Т.И.Сұлтанов Қасым ханды 1445 жыл шамасында дүниеге келген деп есептейді.

qazaq qanigi kartasi
– Қасым хандық билікке қалай келді?
– Жалпы үш жарым ғасырлық тарихы бар Қазақ хандығы деп аталатын қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті өз ішінен бірнеше кезеңге бөлінеді. Егер де Қазақ хандығының алғашқы кезеңі – хандықтың құрылу жылдары болса, одан кейінгі жылдар хандықтың күшею кезеңдеріне жатады. Ол кезең шамамен алғанда 50 жылдай уақытқа созылған. Хандықтың құрылған жылдары тізгінді Керей, Жәнібек хандар ұстаса, күшею кезеңінде тарих сахнасында олардың ізбасарлары Керейдің ұлы – Бұрындық, Жәнібектің тоғыз ұлы, оның ішінде тарихта аты ерекше қалған, хандықтың күшеюіне үлкен үлес қосқан, он жылдай хан тағын иеленген Қасым хан болды.
Біріншіден, Бұрындық хан тұсында Қасым бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған, Сыр бойындағы қалалар мен жайылымдық жерлер үшін алғашында Темір әулетімен, одан кейін Шайбан әулетімен күрес жүргізеді. Сыр бойы үшін күрестің басталуына Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның 1470 жылдардың ортасында осы аймаққа келіп бекінуі түрткі болады. Қазақ хандығы бұған наразылық білдіріп, қыс мезгіліне қарамастан, Сығанақ пен Сауран төңірегіндегі шайбанилықтарға соққы береді. Қасым сұлтан басшылық еткен қазақ әскерлері осы қалалар маңында шайбанилықтарды талқандап, оларды қашуға мәжбүр етеді. Бұл шайқаста Қасым ханның бауырлары: Махмұт, Жиренше, Қамбар сұлтандар бастаған жасақтар ерлігімен көзге түседі. Мұхаммед Шайбани хан болса, өзінің атақты сұлтаны мен баһадүрінен айырылады. Алғашқы кезеңнің ұрыстары Қазақ хандығы үшін үлкен жеңіспен аяқталады. Сыр өңірінен қарсылас жау қуылады және аймақтың солтүстік және солтүстік-батысындағы Созақ, Сауран және Сығанақ аймақтары Қазақ хандығының құрамына өтеді. Кезінде Ақсақ Темірге арқа сүйеп, Ақ Ордаға қарсы күрескен Тоқтамыс хан секілді Мұхаммед Шайбани хан да Мәуреннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарынан әскери жәрдем алып, Қазақ хандығына XV ғасырдың соңғы ширегінде бірнеше рет соғыс ашады. Алғашқы жорығы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, аздаған уақыттан соң екінші жорыққа дайындалады. Шайбани ханның екінші peт Сыр өңіріне келуі ­– 1480 жылдары. Бұл жолы да Қазақ хандығы оған тойтарыс береді және Сыр өңірінің қалған бөліктеріне ықпалын күшейте түседі. Бұл жолғы күресте Қасым мен оның туған інілері қазақ әскерін бастап, қарсыласын тағы да талқандайды. Күрестің үшінші кезеңі XV ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысында өтті. Бұл Қазақ хандығы үшін ауыр болады. Күреске Мәуреннахр билеушілерімен қатар, Моғолстан ханы Сұлтан Махмұт хан да араласып, Мұхаммед Шайбани ханға әскери көмек береді. Екіншіден, Қазақ хандығының Сыр өңірін толығымен қайтарудың соңғы кезеңінде билеуші топтар арасында қайшылық туып, екі топ пайда болады. Біріне – Бұрындық хан, ал екіншісіне Қасым және Жәнібек ханның өзге ұлдары басшылық етеді. Жәнібек хан ұлдарының Сыр өңірінде жаңа ұлыстарды иеленуіне, сол себепті олардың күшейе бастауына байланысты қайшылық туындады. Болашақта өз билігіне қауіп төнетінін сезген Бұрындық енді Жәнібек хан ұлдарын әлсірету мақсатымен кешегі жауы Мұхаммед Шайбани ханмен жақындаса бастайды. Шайбанилық сұлтанның Сыр өңірінде бекінуіне, бірнеше қаланы иеленуіне рұқсат етіледі. Бұрындықтың бұл әрекеті Қасым хан тобының Сыр бойын толық иеленуіне мүмкіндік бергізбеу үшін, кешегі жаумен Жәнібек хан ұлдарына қарсы одақтасуға жасаған бағыты болды. Қасым сұлтан тұйықтан шығудың жолын табады. Ол енді Бұрындық пен Шайбани хан одағына қарсы моғол ханымен одақ құрып, қарсы шабуылға әзірленеді. Сөйтіп, 1496 жылы Сыр өңірі үшін күрестің алғашқы дәуірі аяқталып, Сыр өңірінің өзі үш бөлікке бөлініп, Қазақ хандығы Қасым және оның жақтаушылары арқасында Сыр өңірінің солтүстік бөлігін иемденеді. Ол – Сығанақ, Сауран, Созақ өңірлері. Ал Ясы мен Отырар өңірін Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан иеленіп қалса, оңтүстік бөлігі Моғолстанның билігінде болды. Осылайша, 1496-1498 жылдардағы келісім бойынша соғыстар тоқтатылып, келісім орнайды. Соғысушы тараптар бейбіт келісімге келіп, «одан әрі соғыспаймыз» деп, арадағы қарым-қатынасты тіпті қыз алысып, қыз берісіп, туыстық байланыс­тармен нығайтуға тырысады. Бірақ 1496 жылы Бұрындық ханмен одақтасу арқылы Сыр өңірінің бір шетіне табан тіреген Шайбани хан Мәуреннахрдағы саяси бытыраңқылықты ұтымды пайдалана отырып, 1500 жылы Самарқан тағын бір-бірімен үздіксіз күресіп жатқан Темір әулетінің өкілдерінен тартып алады. Ол 1500-1504 жылдары Орта Азияның бірталай аймақтарын бағындырып, қуатты мемлекет құрады. Ол тарихта Шайбан әулетінің негізі деп саналады.
– Күш жинап алған Мұхаммед Шайбани хан қазақтарға тағы шабуыл ұйымдастырды емес пе?
– Иә, Орта Азия билеушісі XVI ғасыр басында алдымен қазақтарды экономикалық тәуелділікте ұстау үшін 1505 жылы арнайы жарлық шығарады. Жарлықта қазақтармен толық сауда-айырбасты тоқтату жөнінде айтылады және Орта Азияда жүрген қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық беріледі. Бірақ бұл шара оң нәтиже бермейді, керісінше, Қазақ хандығы тарапынан қарсы әрекеттер туғызады. Шайбани хан өз әрекетін оң көрсету үшін мәуреннахрлық дінбасыларға қазақтарды «дінсіздер» деп айтқызып, күреске Орта Азияның бүкіл мұсылмандарын жұмылдыруға күш жұмсайды. Сөйтіп, ол 1505-1509 жылдар аралығында Қазақ хандығына қарсы үш рет жорық ұйымдастырды. Бұл үш жорық Шайбани хан үшін біршама нәтижелі аяқталды. Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандарының ұлыстары талқандалып, мыңдаған мал мен жан олжаға түсіріледі. Ондай ұлыстардың бәрі Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары болатын. 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде Бұрындық хан жау шабуылын біле тұра, Жәнібек хан ұлдарына ешқандай көмек бермей, керісінше, өз басын аман сақтап, ұлысымен шегініп кеткен еді. Ханның бұл әрекеті бүкіл қазақ қоғамында оның беделін төмендетіп жібереді. Осы кезден бастап барлық күштер Қасым ханның төңірегінде топтаса бастайды. Өйткені Шайбани хан алғашқы үш жорықта қазақ елін бағындыруды мақсат еткенімен, оған жете қоймаған еді. Сондықтан да болашақта түпкі мақсатқа жету үшін әлі де болса жорықтар болу қаупі зор болатын. Міне, осы тұста сыртқы жауға тойтарыс бере алатын және бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған шайқастарда жинақталған тәжірибе мен атақ-абырой, қолбасшылық пен ұлыс билеушілік дәреже, хан әулетінің өкілі болуы Қасым ханды қиын-қыстау жағдайда қазақ елінің ең ірі мемлекет қайраткеріне айналдырады. Осы жорықтардың үшеуі Шайбанилер үшін сәтті болғанымен, төртіншісінде Қасым хан Мұхаммед ханның әскерлерін Ұлытау маңында тас-талқан етіп жеңеді. Бұл кезде хан тағында Бұрындық хан отырғанымен, билік Қасымның қолында болатын. Осыдан кейін Шайбани ханның билігі құлдырай бастайды да, керісінше, Қасымның беделі арта түседі. Қазақ жұрты алдында беделінен жұрдай болғанын сезген Бұрындық 1511 жылы Мәуреннахрға кетеді. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қасым ханның күшінің өскендігі соншалықты, Бұрындық хан туралы ешкім де ойламады, ол хандықты басқару мен ондағы бүкіл билікті қолына алды» деп жазады. Айта кету керек, ХV ғасырдың 70-80 жылдары Қасым үнемі Бұрындық ханның жанында жүріп, оған бағынып, бұйрықтарын орындап жүрсе, сол ғасырдың 90-жылдарынан бастап, одан іргесін аулақ сала бастайды. Қалыптасқан саяси жағдай Бұрындық пен Қасым арасын күннен-күнге салқындата түскен еді. Ешбір деректе жазылмаса да, осы 1511 жылдан бастап Қасым ханның ресми хандық дәуірі бас­талады.
– Қасым хан тұсында Қазақ хандығының жай-күйі қандай болды?
– Қасым ханның билік құрған жылдары ғылымда белгілі. Ол 1511-1521 жылдар аралығы. Өкінішке қарай, кейбір деректерде және сол деректерге сүйене жазылған оқулықтар мен басылымдарда Қасым ханның дүниеден озған жылы – 1518 жыл деп көрсетіледі. Бірақ соңғы зерттеулер көрсетіп отырғандай, Қасым ханның қайтыс болған уақыты, тіпті айына дейін белгілі. 1520-21 жылдың қыс айларында Астраханда Занко Зудов деген рязаньдық 3-4 ай тұтқында болады. Қазақ хандығында орын алып жатқан оқиғалардың бірталайын ол тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның Мәскеудің ұлы князі ІІІ Василийге жіберген хабарламасында «Осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды» деп жазады.
Қасым хан Қазақ хандығын ­он жыл басқарады. Қазақ халқы үшін осы он жыл ішінде бірнеше хан ұрпағы атқаратын іс атқарып кетті. Қасым хан әскерінен 1510 жылдың қысы мен көктемінде тас-талқан болып жеңілген Шайбани хан өшін айналасындағы өз сұлтандарынан алды. Өз кезегінде сұлтандар бұған наразы болып, іштей қарсылық білдіреді, бірақ бірден сыртқа шығара алмайды. Сол жылы оның Бадахшанның таулы тайпаларына жасаған жорығы сәтсіз аяқталады. Күзде Мерв қаласында Иран шахы Исмайыл шах әскерінің қоршауында қалғанда қарамағындағы бірде-бір сұлтаннан көмек келмейді. Сөйтіп, 1510 жылы күз айында ол қоршауда қаза табады. Қасым ханнан жеңілген Мұхаммед Шайбани ханның тағдыры және ол құрған мемлекеттің тағдыры осылай аяқталады. Шайбани ханды жеңуі Қасым ханның беделін одан әрі өсіріп, атағы шартарапқа тарайды, ол билеген Қазақ хандығының да халықаралық беделі арта түседі. Шайбани ханға қарсы күресі, оны талқандауы – Қасым ханның қазақ халқына сіңірген үлкен еңбегінің бірі.
1510-1513 жылдары Шайбани хан өлгеннен кейін Орта Азияда саяси бытыраңқылық белең алады, Жетісу мен Шығыс Түркістанда бір жарым ғасырдан астам өмір сүрген Моғолстан мемлекеті де осы тұста ыдырап кетеді. Осындай Қазақ хандығы үшін қалыптасқан қолайлы сәттерді шебер пайдалана білген Қасым хан Жетісуда, толығымен Сыр өңірінде Қазақ хандығының билігін орнатады. Бұл аталған аймақтар ешбір ұрыссыз қазақ халқының этникалық аумағына енеді. Себебі мұндағы тайпалар қазақ халқының этникалық құрамының бірі болатын. 1513 жылы Шайбан әулеті құлап, оның орнына қашып кеткен Темірдің алтыншы ұрпағы келіп, алты айдай уақытша билейді. Міне, осы кезде олар шайбанилық қалаларды бағындыра бастайды. Сол кезде Сайрам басшысы Қаттабек деген кісі Қасым ханға «Шайбанилерге бағынғанша, сіздің билігіңізді аламын» деп хат жіберіп, қаланың кілтін өзі береді. Осыдан кейін Қасым хан Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен елді мекендердің бейбіт өмірін сақтау, хандықтың оңтүстік шекарасын қауіпсіздендіру және бір саяси кеңістіктегі Дешті Қыпшақ пен оңтүстігінде, 1513 жылдың басынан қайта күшейе бастаған шайбанилық сұлтандардың күшін, олардың Ташкент аймағындағы ықпалын әлсірету мақсатымен Ташкентке жорық жасады. Бірақ ол сәтсіз аяқталып, кейін шегінген қазақ әскері Ташкенттің солтүстігіндегі қала – Сайрамға келіп тоқтайды.
Осы кезде Батыста Ноғай Ордасында Нұраддиннің баласы Мұса би қайтыс болғаннан кейін оның ұрпақтары билік үшін таласып жатады. Бұл он жылға созылған талас болады. Қасым хан ноғайлар арасындағы қайшылықты пайдаланып, Еділге дейінгі қазақ шекарасын кеңейтеді, ноғайдың ру-тайпалары қазақ құрамына өте бастайды. Қыз алысып, қыз берісіп, ноғай мырзалары Қазақ хандығының құрамына қосылады. Бұл, шамамен, 1517-18 жылдар. Осылайша, солтүстіктегі шекара Тобылдың бойымен, шығыста Ертіс өзеніне дейін барады. Қасым ханның билігі тұсында қазақ халқының этникалық территориясы өзінің табиғи бастауына жетеді. Мұны бәрі мойындайды. Захир ад-дин Бабыр «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мың адам болған» десе, Мұхаммед Хайдар Дулати «Ол Дешті Қыпшаққа толық билігін таратты, оның халқы миллионнан асты. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл мұндай күшті хан болған жоқ» деп жазады. Ал Қадырғали Жалайыр болса, «Жәнібек хан ұлдары ішінде аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысына патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты» дейді. «Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды» деп Махмуд ибн Уәли баяндаса, Хайдар Рази: «1515-16 жылдары Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның халқының саны миллионға дейін жетті», – деп хабар береді. Ал Гафари деген тарихшы «Қасым хан Дештінің ханы болды. Шайбани хан екеуінің арасында кикілжіңдер болып, 1509-10 жылы Шайбани хан оған қарсы аттанды, бірақ жеңіліс тапты» деп айтады.
Өкінішке қарай, Қасым хан қайтыс болғаннан кейін одан кейінгі мұрагерлер Қазақ хандығындағы осынау қуатты жағдайды ұстап тұра алмады. Қасым ханнан кейін ұлы Мамаш билікке келді. Ал оған Қасым ханның ағасының ұлдары Тахир, Бұйдаш секілді сұлтандар қарсы шығып, ақыры бір-екі жылдан кейін Мамаш түнгі қақтығыстардың бірінде қаза тапқан. Одан кейін билік Тахирге көшті. Осылайша Қазақ хандығында ішкі бытыраңқылық 20 жылға дейін созылып, Қасым хан тұсындағы жеткен жетістіктердің бәрі күл-талқан болады. Осы жайында Мұхаммед Хайдар Дулати «Қазақ хандығы жер бетінен жоғалып кетті» деген дерек қалдырады. Әрине, бұл – тарихшының Қасым хан тұсындағы кезең мен одан кейінгі кезеңді салыстыра айтқаны.
– Қасым ханның жүргізген саясаты, өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынастары жайында айтсаңыз.
– Тарихшы А.Исиннің зерттеулерінде кейбір ноғай мырзаларының 1519 жылы Еділдің оң жағалауына ығыстырылғандығы жөнінде айтылады. Ал сол жағалауда Қазақ хандығының билігі жүре бастайды да, ол енді Астрахан хандығымен шектеседі. Өз кезінде бұл жағдай Қазақ хандығына Алтын Орда ыдырағаннан кейін, оның батыс бөлігіндегі саяси қарым-қатынастарға белсене араласуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазан, Қажытархан, Қырым хандықтары және Мәскеу княздықтарымен Қасым хан кезінде дипломатиялық қатынастар орнатылады. Алтын Орданың мұрагері болуға ұмтылған Қазан, Қырым және Қажытархан хандықтары бір-бірімен күресте өздеріне мықты одақтас іздестіреді. Мәскеу княздығы бұл кезде әлі қуатты емес еді. Сондықтан да күшті одақтас Қасым хан деп таныды. Орыс деректерінде 1520 жылы Қырым хандығына қазақтардан елші келгендігі айтылады. Жазба деректер бұл жөнінде мардымды ештеңе айтпаса да, осы жылдардағы үздіксіз болған байланыстар халық ауыз әдебиетінде жақсы сақталған. Тарихи батырлық жырларда Қырым, Казан хандықтарына байланысты, жекелеген батырларға байланысты көптеген оқиғалар баяндалады. Бұрынғы Жошы ұлысы, одан кейінгі Алтын Орда жерінде XVI ғасырдың басындағы ең қуатты мемлекет Қазақ хандығы болды. Дәл осы кезде – Қасым хан билігі тұсында Мәскеу княздығы Қазақ хандығымен байланыс орнатуға ұмтылады. Бұл байланыс арқылы Мәскеу қазақтар, Қазақ хандығы және Қасым хан туралы көп мәлімет алуға тырысты. Өйткені енді-енді Алтын Орда езгісінен құтылған Мәскеу княздары Алтын Орда аумағында жаңа қуатты мемлекеттің пайда болуынан қатты сескенді. Мұрагерлікке таласқан үш хандықтың өзара күресі Мәскеуге өте тиімді болатын. 1519 жылдан бастап Қазақ хандығының бұл іске араласуы Мәскеуге қауіп туғыза бастайды. Сондықтан ол қазақтармен байланыс орнату арқылы олар туралы көп білмек болды. XVI ғасырдың 70-жылдарында құрастырылған патша архиві тізімінде «38-жәшік. Қасым хан тұсындағы қазақтар туралы қағаздар бар» деп жазылған. Өкінішке қарай, бұл қағаздар бізге дейін жетпей, өртеніп кетті. Мәскеудің Қасым ханға көңіл аударуы, біріншіден, Қазақ хандығының қуаттылығына байланысты болса, екіншіден, оның мемлекет қайраткері ретіндегі рөліне байланысты туындаған деп санаймыз.
– «Қасым хан тұсында қазақ елі жайында сонау Еуропа хабардар болған» дейді. Бұл дерек рас па?
– Қасым билік құрған жылдары қазақтар туралы деректер жан-жаққа тарап, Еуропа елдеріне де жетеді. 1525 жылы Мәскеу княздығы туралы кітап жазған итальяндық әдебиетші Иовий Московияның шығысындағы көршілерді жалпы атаумен «татарлар» деп атайтынын, «олардың территориясы Қытайға дейін созылып жатыр» деп түсіндіреді. Ал 1516 және 1526 жылдары Мәскеуде екі рет болған австриялық елші Сигизмунд Герберштейн «Волга бойындағы бұл патшалық (Қазан хандығын айтып отыр – Б.К.) оңтүстікте және шығыста далалық аймақпен шектеседі. Шығыста олар шайбанилер және қазақтар деп аталатын татарлармен араласып тұрады» деп баяндайды. Бұл тұңғыш рет қазақ халқының Еуропа халықтарына таныстырылуы, белгілі болуы еді.
Қасым ханның билігі тұсында бұрыннан қолданылып келе жатқан «Дешті Қыпшақ», «көшпелі өзбектер», «өзбек-қазақ» деген әртүрлі мәні бар атаулардың орнына бір ортақ этноним – «қазақ» деген сөз қолданыла бас­тайды.
– Қасым ханның әскери-қолбасшылық өнері жайында айтып берсеңіз.
– Қасым ханның көп қырлы қасиеттерінің бірі – ел қорғау ісіндегі әскери-қолбасшылық өнері жайында ерекше тоқталып айта кету керек. Қасым ханның 1510 жылғы жеңісіне тереңірек тоқтап, оның әскери-қолбасшылық өнерінің қырларын осы шайқастағы оқиғалар мен ханның іс-әрекеттері арқылы талдап көрсетуге болады. Шайбанилық әулет тарихшысы Абдаллах Балхи Шайбани ханның ұлы Темір сұлтан мен немере інісі Ұбайдоллах сұлтан бастаған әскерлердің Қасым ханның Ордасы мен ұлысына тұтқиылдан шабуыл жасап, басып алғанын, сөйтіп, мол олжаға кенелгенін мадақтап баяндайды. Дерек мәліметін одан әрі тыңдасақ, жау әскерінің Қасым ханның Ордасында еш алаңсыз болғандығын, Қасым ханның бұл жағдайды барлаушылары арқылы білгенін, Мойынсыз Хасан атты қазақ батырының аз қолмен жау әскерін үрейлендіріп, қарсыластар әскері арасында дүрлігушілік тудырғанын, Қасым хан әскерінің тосқауылда болып, мәуреннахрлық әскерлерді тас-талқан етіп жеңгенін, қарсыластардың көп шығынға ұшырағанын және Шайбани ханның ең сенімді әмірлерінің ұрыстарда қаза тапқанын баяндайды. Қашқан жау әскерінің Шайбани ханға келіп қосылғанын, шешуші шайқаста олардың тағы да жеңіліске ұшырағанын, Шайбани ханның осы төртінші жорығын «Бір сөзбен айтқанда, Шахбахт-хан өте ірі жеңіліске ұшырады, осыдан кейін оның аспандаған билігінде құлдырау басталды» деп қорытындылайды.

Сұхбаттасқан Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
(Толық нұсқасын “АҢЫЗ АДАМ” журналының №21 санынан оқи аласыздар)

Related Articles

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

  • КЕНЕСАРЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ

    Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды. Кенесары ғана емес. Наурызбай бахадұр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады. Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам, ғаламат ұзақ уақыт

  • НКВД атқан ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ

    Сталиндік репрессия жылдарында Алаш қайраткерлерімен бірге атылған қазақтың қайсар қызы Шахзада Шонанова атылған қазақтың үш қызының бірі. НКВД жендеттерін Шахзаданың шыққан тегі шошытты, сондықтан айуандықпен әбден азаптап болғасын атып тастады. Сонымен Шахзада Шонанова кім ? Шахзада Аронқызы Шонанова-Қаратаева 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым (Жымпиты) ауданында дүниеге келді. Әкесі Арон Қаратаев, алаш қайраткері, Ресей Думасына депутат болып сайланған Бақытжан Қаратаевтың інісі. Шахзаданың өзі Шыңғысханныі тікелей ұрпағы еді. Шахзаданың тегі былай: Шыңғысхан-Жошыхан-Тоқай Темір-Өз Темір-Өз Темір хожа Бадақұл ұғылан-Орысхан-Құйыршық хан-Барақ хан-Жәнібек хан-Өсік сұлтан-Қаратай сұлтан-Бисәлі-Дәулетжан-Арон-Шахзада. Шахзаданың анасының да тегі мықты, Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің немересі Хұсни-Жамал Нұралыханова. Қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді мұғалима 1894 жылы Бөкей ордасында қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашты,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: