|  |  | 

Қазақ шежіресі Әдеби әлем

«ДӘСТЕМНАМА» (тарихи дастан)

Дәстем сал Қарабасұлы – қазақ халқының XVII ғасырдың соңғы ширегі мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген суырып салма әнші-ақын, күйші, композиторлары мен халық батырларының бірі.

Қазақ халқының XVII ғасырдың соңғы ширегі мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген суырып салма әнші-ақын, күйші, композиторлары мен халық батырларының бірі – Дәстем сал Қарабасұлы.

Дәстем сал 1677 жылы – жылан жылы, наурыз айының басында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы «Благовещенка» (Жекекөл) совхозына қарасты орманды, көлді, көк шалғынды өте әсем қоныстардың бірі Гүлтөбеде Қарабас батыр Толыбай сыншы ұлының семьясында дүниеге келіп, әкесінен еншіге алған мекені – қазіргі Қорған облысының Петухово ауданындағы Өзентал деген қалың ағашты қыстауында 1752 жылы – мешін жылы сәуір айында ауырып қайтыс болған (Керей шежіресі бойынша).

Дәстем бала кезінде ауыл молдасы Кәрімнен оқып, хадимше хат таниды. Одан кейін оны әкесі Қарабас би Самарқандтағы медресеге оқуға береді. Себебі, онда Қарабастың әкесі атақты қолбасшы батыр Толыбай сыншының туған нағашысы Кіші Жүз Алшын ішінде Әлім ұлынан шыққан Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының (өз тұсында Самарқанд уәлаятын қоса билеген адам) немерелері ұстаз екен. Дәстем Самарқанд медресесін жақсы оқып бітіріп, діни білім алып шығады. Бірақ медресе бітірген Қарабас батырдың өлеңші баласының молда, не ишан, не иман болуына сол кездегі Еділ өзенінің батыс жағын мекендейтін қалмақ шапқыншылары мен шығыстан Жоңғар қалмақ басқыншыларының қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарына ешбір себепсіз жасаған жиі-жиі шабуылдары мүмкіндік бермейді.

Дәстем ақын жігіт кезінде аталас туысы Тәшім батыр Сатыбалдыұлымен бірге сол уақыттағы Үш жүздің ханы әз Тәукеге елшілік қызмет атқарады. Сонан соң ол әз Тәуке хан Салқам Жәңгүрұлының ең даңқты әскербасыларының бірі болып қол басқарып, дұшпардардың шабуылдарынан қорғауға белсене араласып, ірі-ірі ерліктермен зор беделге ие болады.

Дәстемді ақындыққа, әншілікке, күйшілікке, балуандыққа, қолөнершілікке және басқа да өнердің көптеген түрлерін меңгеруге  баулыған оның ағасы Қожаберген жырау екен. Бұл Дәстемнің ерлігі әйгілі қолбасшы-баһадүр Қожаберген жыраудың (1663-1763ж.ж.) 1723 жылдың күзінде қазақ, ноғай, қарақалпақ, Сібір татарлары халықтарына келген өте ауыр апатты өз көзімен көріп, жұртпен бірге зор қиыншылықты өз басынан кешіргендігін шынайы түрде суреттеп шығарған «Елім-ай!» жырында кең орын алған.

Д.Қарабасұлының «Дәстемнама» хиссасын біз 1956 жылы 24-25-26 шілде күндері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданындағы Петровка  (Баян) селосының тұрғыны, пенсионер-қарт, белгілі шежіреші Қожахмет Дәрібайұлынан жазып алдық. Қожахмет ақсақал «Дәстемнама» жырын өз әкесі Дәрібай Малшыбайұлы әншіден жазып алыпты.

Көлемі 200 шумақ, «Дәстемнама» жырының 156 аузы Қазақ ССР көне мәдени ескерткіштер қорғау қоғамының орталық советінде сақтаулы. Сондықтан есімі ел есінен ұмыт болуға айналған Қарабасұлының «Дәстемнама» атты тарихи төл туындысынан төмендегі бірталай шумақтарды баспасөз бетінде тұңғыш рет «Орталық Қазақстан» газеті арқылы оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

«ДӘСТЕМНАМА»

(тарихи дастан)

 

 

 

Жаңа шыққан қыран ем,

Қияға шырқар талпына.

Сәлем бердім әуелі,

Жиналған тойға халқыма.

Ақтарайын ел-жұртым,

Буулы теңді қоймада.

«Дәстемнама» дегенге,

Мақтаншақ деп ойлама!?

Қазақтағы Орта жүз,

Керейден шыққан серімін.

Өлеңге де, соғысқа,

Бірдей боп жүрген бөрімін.

Толыбай сыншы баласы,

Қарабас ердің ұлымын,

Халқын жаудан қорғаған,

Жас сардардың бірімін.

Ұстаз болған өзіме,

Қожаберген ағамыз.

Ақындық пен ерлікке,

Баулыған сол данамыз.

Ағам аты – Ер Асқап,

Өз есімім – Дәстем сал.

Қызылжар* деген өңірде,

Мекенім менің Өзентал.

Әріден жайды қозғайын,

Мұсылманға паш қылып,

Жәрдем еткей жалғыз хақ,

Көңілді қойма аш қылып.

Зейінге мықтап тоқыдым,

Молданың берген білімін.

Бойыма тағы сіңірдім,

Жақсылардың ілімін.

Шежіреден көргенді,

Оқып жақсы білгенді,

Жария етсек жарасар,

Құлаққа және ілгенді.

Мұны бізге қалдырған,

Тарих етіп ескі көз.

Керейдің көне жырауы –

Шаншарбектен жеткен сөз.

Шаншарбай жазған шежіре.

Әркімдердің қолында,

Қызмет қылған ер екен,

Дін исламның жолында.

Он сегізге келген соң,

Ел қорғауға сайланып,

Тұлпар мініп, жер шолдық,

Әр өңірді айналып.

Сері болдым, топ бастап,

Домбыра, қобыз қолға алып.

Сібірлік түрік ахуалын,

Жыр етпекке толғанып.

Өтіндіңдер шығар деп,

Тыңдауға хисса лайық.

Олай болса, жарандар,

Сіздерге қызмет қылайық.

Ерен шабыт шақырып,

Шырқап әнге салайық.

Ата-баба шежіресін,

Әрдайым еске алайық.

Жыраулық пен ерлікті,

Көрдім бойға лайық.

Тіршілікте әлеумет,

Ел қорғаны болайық.

Қолға қобыз алған соң,

Жұрт көңіліне толайық.

Шыңғыс ханнан бастауды,

Мақұл көрдім халайық.

Татар, Қырғыз хандығын,

Билей алмай жалғанда,

Өткен екен Есуқай,

Шерлі болып арманда.

Кім десеңіз Есуқай,

Шыңғыс ханның әкесі.

Татардың, маңғұл жұртының,

Тұсында болған серкесі.

Татар, қырғыз хандығын,

Біріктірген шығыста.

Әскер бастап батысқа,

Аттанған жылжып Шыңғыс та

Жол-жөнекей көп елге,

Көрсеткен татар зорлықты,

Бағыныпты талай жұрт,

Көрмеу үшін қорлықты.

Басшысына әр елдің,

Шыңғыс бұйрық жолдаған.

Қирату үшін көп жұртты,

Ислам дііін қолдаған.

Кей көсемді Шыңғыс хан

Алдап-сулап көндірген.

Елемесе бұйрықты,

Қауіп-қатер төндірген.

Мейірімсіз Шыңғыс хан,

Өз мизамын ендірген.

Тыңдамаған халықтың,

Шырағын бірден сөндірген.

Қын жоса қып Шыңғыс хан,

Қырылып нелер ел қалған.

Өз жұрты ере көшкен соң,

Құлазып жері бос қалған.

Алған екен татарлар,

Шыңғыс ханның кезінде,

Том мен Еділ арасын,

Жалған жоқ осы сөзімде.

Болып өткен Еділде,

Шыңғыс ханның шайқасы.

Мекендеген Қазанды,

Татардың маңғұл тайпасы.

Хандығына Шыңғыстың,

Татардың бәрі болған мас.

Қызыл-сары жүздері,

Көздері көк, жирен шаш,

Осылай болған маңғұлдың,

Ұқсас халқым өңдері.

Алтай таудан әрі екен,

Ежелгі татар жерлері.

Маңғұл, мешер, қырғыз бен

бұлғар да татар тайпасы.

Оң қолы болған Шыңғыстың,

Қызғанда жаумен шайқасы

Құмар боп жұртты жаулауға

Дегендей бізді сен байқа.

Шыңғысты қатты қолдапты,

Бұл аталған төрт тайпа.

Тоқтаған жері Шыңғыстың,

Еділдің Қалқа саласы,

Қайтыс болған сол жерде,

Есуқай бектің баласы,

Жерленген жері Шыңғыстың,

Қалқа өзені жағасы.

Өлгенде оны көмгендер,

Табылмай кеткен моласы,

Ханы қайтыс болған соң,

Татардың көңілі торықты.

Сүбітайдай сардары,

Тоқтатқан созбай жорықты.

Маңғұл, бұлғар, мешерлер,

Мекендеп шаһар Қазанды,

Салдырып сонда мешіті,

Молдасы айтқан азанды.

Ер жеткеше Батихан,

Бастамай татар соғысты.

Иемденді берік ұстап,

Өздері алған қонысты.

Айлалы сардар Сүбітай,

Алдын болжап шолыпты.

Еділдің екі жағына,

Сол шақта татар толыпты.

Көп жұртқа зиян шектірген,

Шыңғыс ханның ханның соғысы.

Әлі күнге бос жатыр,

Ежелгі маңғұл қонысы.

Бос қалған татар жерлері,

Аңдардың қазір мекені.

Мәшһүр болды баршаға,

Иесіз аймақ екені.

Ескер, барын, барабы,

Құрлаш, сұңқар қарабаш,

Бұлар да татар тайпасы,

Сібірде тұрған аралас.

Осы алты елі татардың,

Астана еткен Түменді.

Мекендеген жерлері,

Есіл, Ертіс, Тобылдың,

Тұтасар жері төменгі.

Қазақ, естек, өстектер,

Кәми, манса, қанттар да,

Қоныс қылып Сібірді.

Көрші қылып Сібірді,

Көрші тұрған татарға,

Осы елдерге хан болды,

Шыңғыс ханның ұрпағы,

Бақыты асқан ұл болды,

Жәдігер деген сұңқары,

Татар сұлтан Жәдігер,

Салмаса да тас қамал,

Ор қаздырып әр жерден,

Қорқануға етті амал.

Сібірлік түрік жұртына,

Жәдігер жайлы хан болды.

Дақ түсірмей ғұрпына,

Айтқаны оның  заң болды.

Жәдігер ханның сардары,

Орта жүз Керей Еламан,

Жәдігер билеп тұрғанда,

Ел-жұрттың болды басы аман.

Жәдігер өліп орнына,

Көшім сұлтан хан болды.

Ол да Шыңғыс ұрпағы,

Ақылға күші сай болды.

Жәдігер де, Көшім де,

Татардың белді сұлтаны.

Шыңғыс ханның тұсынан,

Татарлар болды ел ұлтанды.

Хан болған соң Көшім ер,

Түменнен әрі Тобылда,

Өз ордасын қондырды,

Тоғайлы, сулы орманға.

Жасыл ала ту тігіп,

Ауылын хан жайнатты.

Еламан ұлы Сейдекті

Бас уәзір сайлатты.

Қымыз бен шұбат ішпек боп,

Бие мен інген байлатты.

Қолына қобыз ұстатып,

Жырауларын сайратты.

Сейдекті көшіріп әкеліп,

Ауылымен маңға қондырды.

Бие мен бегін көбейтіп,

Өз дегенін болдырды.

Жәдігер де, Көшім де,

Қазақтармен дос болды.

Тату көрші молайып,

Көңілдері хош болды.

Тобыл өзен бойынан,

Көшім хан үйлер салдырды.

Балта, ұста, зергерді,

Көшіріп сонда алдырды.

Өзі қонған мекенде,

Көшім хан базар ашады.

Жүз үйлік үлкен ауылды

Хан қыстағы деп атады.

Хан базары сонда орнап,

Мал мен астық сатады.

Тобыл өзен бойында,

Айбынды ауыл орнады.

Ғаскерін қойып жанжаққа,

Жұртын Көшім қорғады.

Жерге тоймас қалмақтар,

Көшім ханмен өш болды.

Дұшпаннан кек қайтарған

Елеманұлы Төс болды.

Татар ханы Көшімнің,

Қонысы болып базарлы.

Тұрғанына еріксіз,

Аударды іске назарды.

Жазығы жоқ Көшімге,

Батыстан бір жау тап болды.

Бейғам жұртты бас салып,

Ес жидырмас шақ болды.

Татардың ханы Көшім де,

Келешегін ерте ойлаған,

Еламанұлы Төс ерді,

Ордабасы етіп сайлаған.

Төс Сейдектің ағасы,

Қазақтың еді данасы,

Сейдек еді бас уәзір,

Артықша жігіт бағасы.

Том жағынан жау тиіп,

Көшім хан соған аттанған.

Қанішер қалмақ дұшпаннан

Алдын ала сақтанған,

Ар жағынан Қазанның,

Ыстыраған деген жау шығып,

Қара епанды қолдаушы,

Байлығы мол дәу шығып,

Қара Епан мен Ыстыраған,

Мұсылманға қас болған.

Татар менен Қайсаққа*

Көңілдері тас болған.

Татарларды жаулауда

Жауыздарға бас болған.

Дұшпандар шауып Қазанды,

Көзіне жұрттың жас толған.

Қазан мен жаулап Үпіні*,

Шығысқа қарай жылжыған.

Ыстыраған, Епан жалмауыз,

Байлығын жұрттың қылғыған

Жармақ деген дүлейді,

Ыстыраған, епан жалдаған.

Жиып беріп көп жендет,

Соғысты әрі жалғаған.

Темепей күшігі – Жармақты,

Татар мен қайсақ қараған.

Неге десең жауыздың,

Қырмаған ауылы қалмаған.

Орал таудан бері асып,

Ыстыраған сұмырай жасағы.

Аңғал түрік жұртына,

Тағы да соғыс ашады.

Қандыбалақ Жармақтың,

Қан төксе көңілі тасады.

Өстекті* шауып жазықсыз,

Үлкен обал жасады.

Он алты мың ауыр қол ертіп,

Желгіш атпен заулаған.

Жендеттері бес жүзден,

Бөлініп жұртты жаулаған.

Кәми мен қант, мансаға,

Жан-жақтан дұшпан саулаған.

Бейбіт жатқан жуас ел,

Емес жауды аңлаған.

Жармақ деген жалмауыз,

Батыстан солай ұрынған.

Шығыста Көшім жүргенде,

Момын жұрт манса қырылған.

Ыстырағандар жендеті,

Ел тонағыш Жармақ сұм,

Бетпе-бет келмей майданда,

Жігерін көптің қылған құм.

Сабыла жүріп ел шауып,

Сібірдің жерін қандатқан.

Дамылсыз жортып құзғындар,

Көк шалғынды шаңдатқан.

Өлмеген екен аждаһа,

Алса да халық қарғысын,

Қырғызған Жармақ  қанішер

Манса жұрты жартысын.

Кәми, манса, өстекті,

Абайсызда олар шапты да.

Дүние қоңыз дүлейлер,

Сау қоймады қантты да.

Атаңа нәлет жармақ сұм,

Қантты да қырып шулатты.

Бейғам жатқан ауылға

Қорғасын оқты зулатты.

Батыстан жау болар деп,

Ойламаған Көшім хан.

Есітіп дұшпан тигенін,

Шошынды суық хабардан.

Жармақ есірік шапқыншы,

Соғыс ашып басынған.

Адамын босқа қырған соң,

Кәми, қант, манса ашынған.

Қайырымсыз қабандай,

Сібірді кезіп шарлаған,

Мәжнүндерден шошынып,

Естек* пен татар зарлаған.

Татар мен көрші қазаққа.

Торын Жармақ қамдаған.

Көшімнің уәзірі ер Сейдек,

Болар деп қауіп аңлаған.

Бастаған Төс көп қолды,

Қалмақ жаққа қалдырды.

Астанаға қайтпақ боп,

Боз атты хан алдырды.

Ішіне ханның шоқ түсіп,

Өзегін өртеп жандырды.

«Жарты жасақ қайтады»,

Ғаскерге хабар салдырды.

Жартысын қолдың бөліп ап,

Өз соңынан ергізді.

Ер Сейдекке ым қағып,

Ораздың күйін шерткізді.

Қырылғанын естіп халқының,

Хан келеді қайғы артып,

Көңілін аулап Сейдек ер,

Сыбызғыдан күй тартып.

Түменге келді Көшім хан,

Соңынан қолын қаптатып.

Қоймаймын деді жауызға ,

Ел-жұртымды таптатып.

Бұйрық берді халқына,

Отырсын деп орманда.

Жарлық шашты жалпыға,

Бекінсін деп қорғанға.

Қандыбалақ Жармаққа,

Бастаса да қарсы жорықты,

Қырылған соң шеткі елі,

Ханның да көңілі торықты.

Сібірлік түрік жұртының,

Жарлысы да шонжары,

Қару асып жиналып,

Халқын жаудан қорғады.

Жармақ сұмға ер Сейдек,

Шық десе де жекпе-жек,

Алыстан барып  оқ атып,

Келмей қойған қашып шет.

Ұрысқа қамдап қауымын,

Батыр мен би, бегі де

Кетті деп жауға күйінді,

Мұсылманның кегі де.

Бермеу үшін қонысты,

Татарға қазақ  болысыт.

Көрген түсін сардарлар,

Жақсылыққа жорысты.

Қазақтың ордабасы*,

Дәулен батыр дер екен.

Керей-Уақ көсемі,

Дәулен асқан ер екне.

Өз тұсінда сол Дәулен,

Мұсылманға бел екен.

Жармаққа қарсы соғыста,

Ерлігі оның көп екен.

Орта жүз Керей-Уақтар,

Жармақпен қарсы соғысқа.

Естекке де, татарға,

Олар шындап болысқан.

Естектің биі Шалабай,*

Қазақтың бегі – ер Дәулен,

Жармақты бөгеп соғысып,

Қарсы тұрды көлденең.

Соғысам деп Көшіммен,

Жармақтың қолы азайды.

Бермек болды ер Сейдек,

Жалмауызға сазайды.

Қалмақтармен соғыста,

Жеңіске жетіп Сейдек ер,

Қалмақтың қолын көп қырып,

Бедел алған кемеңгер.

Татар, қазақ, естектің.

Қарсылығы қажытты.

Бес жылғы бой,ы қанды ұрыс,

Жармақ сұмды алжытты.

Алғашқы жылдар жеңсе де.

Көшімнен кейін жеңілген.

Жендеттер саны көп кеміп,

Жеңістен Жармақ түңілген.

Сібірлік түрік елдерін,

Бес жыл бойы тонаған.

Қанішер, жауыз Жармаққа,

Қайғылы жағдай орнаған.

Құтылмақ боп азаптан,

Татарлар ұрыс салыпты.

Он алты мың жыртқыштан,

Бес жүз бұзық қалыпты.

Көшім хан ісі оңдалды,

Халқы ылғи қолдаған.

Аштық жайлап ақыры,

Бес жүз ұры сорлаған.

Бекінген жерін Жармақтың

Көшім мен Сейдек барлаған.

Аңдыған ерге тап болды,

Бес жүз құзғын сандалған.

Жармаққа пана болмады,

Ертістің Бағай саласы.

Қоршауға алды ел жауын,

Мұсылманның баласы.

Таң алаң-елең атқанда,

Шырт ұйқыда жатқанда,

Бағай өзен бойында,

Түсірді жауды қақпанға.

Шашын жұлды Жармақ сұм,

Татарлар дабыл қаққанда.

Тұс-тұсынан андыздап,

Мұсылман қолы шапқанда.

Бұйрық беріп Көшім хан,

Соғысқан күндіз жөн деді.

Бірде-бірін құтқармай,

Жан-жағынан төн деді.

Тірі ұста деп Жармақты,

Көшім хан айтты жарлығын.

Көрсетем деп жауызға,

Кең дүниенің тарлығын.

Аңдыңдар деді залымды,

Түсірмей суға барлығын.

Орындалмақ болды жұрт,

Ханның еткен жарлығын.

Атқармақшы қалың қол,

Көшімнің берген бұйырығын.

Тірі ұстап әкеп Жармақты,

Алмақ боп ханның сыйлығын.

Татар, қазақ, естектер,

Жармақтың қолын қырады,

Құтлытпай тірі ешбірін,

Қылышпен бәрін турады.

Кетпесін деп тіріліп,

Қанжармен ішін жарады.

Жармақтың бес жүз жендеті,

Түгел қаза табады.

Ыстыраған жыртқыш ғаскері,

Қынаша қырған кәмиді.

Солары еске түскенде,

Түріктер қалай жібиді.

Көрінсе де майданда,

Ұстайын десе Жармақ жоқ.

Құтылмас деп қашқанмен,

Көшім ханның көңілі тоқ.

Өліктің қарап арасын,

Жармақты ғаскер таппады.

Сүзіңдер деп сай-айды,

Хан сабырлық сақтады.

Шоқпар тиіп, әлсіреп,

Жармақтың басы даң болды.

Соғысам деп татармен,

Денесі жара, қан болды.

Жылатқан жұртты жауыздың

Іші өртеніп шоқ болды.

Есалаңсыған Жармақ сұм,

Тоғайға кіріп жоқ болды.

Арасына еніп талдардың,

Халі азайып құлад,

Ісіне қылған өкініп,

Сақалын жұлып жылады.

Еске алмады сол сәтте,

Сауыт-сайман,құралды.

Ішіп-жеуге тамақ жоқ,

Аш тышқандай бұралды.

Күшін жинап ақырғы,

Шықпақ боп сыртқа бет алды.

Тоғайдан шетке шығарда,

Тұрып-жығылып қиналды.

Ханнан Сейдек қалаған,

Бағай өзен тоғайын.

Қыстап сонда шықпақшы,

Шаруаның ойлап оңайын.

Көшіп кеп қонған күздікке,

Бағай өзен бойына,

Бас уәзір Ер Сейдек,

Қолайлы жер деп қойма.

Ілесе келіп Седеккке,

Қазақтар да үй тіккен.

Бес ауыл ғана қазақ бар,

Хан тобымен біріккен.

Ол бесеуі шынында,

Сейдектің ерткен ауылы.

Білмек болсаөң басқасын,

Татардың таза қауымы.

Ұстаған жерде Жармақты,

Талатып итке өлтір деп,

Өз қылғанын жауыздың,

Алдына бүгін келтір деп.

Сол арада Көшім хан,

Өзгертіп бірден бұйрығын.

Өлігін әкеп көрсетсең,

Дайын деп алар сыйлығың.

Жауыздығы Жармақтың,

Халық аузында сөз болды.

Алғашқыда татарлар,

Көп шабылып зарлапты,

Сол себепті Жармақты,

Мұсылман жұрты қарғапты.

Керейдің бегі Сейдек те,

Жармаққа бұғау арнаған.

Ізіне түсіп, жауыздың,

Соңынан сәрі, қалмаған.

Көшімді Сейдек қостаған,

Бұғалық жауға тастаған.

Жармақты мықты десе де,

Сейдектен күші аспаған.

Адал еді Сейдек ер,

Арам жолға бастаған.

Күн-түн жорып ел үшін,

Басына ерін жастаған.

Соғыспаса жауымен,

Ұрпаққа кейір атасы.

Халық пен хан-билердің,

Қабыл болып батасы.

Орта жүз Керей Сейдек те,

Ер еді асқан санаттан.

Сүйреп әкеп Жармақты,

Қабаған итке талатқан.

Қандыбалақ қарақшы,

Қолға түсіп қазаққа,

Қазақ, татар, естектер,

Салды оны әбден азапқа.

Жұрттың алған мазасын,

Тартты жауыз жазасын.

Тәңірім әркез қолдайды,

Пенденің адал, тазасын.

Қаза тапқан соғыста,

Қазақтың небір данасы.

Оқиға болған осыдан,

Жүз он бес жыл бұрын шамасы.

Хан мен батыр, бектердің,

Ел-жұртқа болған опасы,

Жоқ шығар  деп ойлаймын,

Бұл сөзімнің қатасы.

Әрқашанда жарандар,

Жақсы елдің аманы.

Жармақпен соғыс болған кез,

Шығай ханның заманы.

Жәдіктің ұлы Шығай да

Сол тұста қазақ ханы екен.

Таққа отырды демесе,

Әйтеуір жүрген жан екен.

Татар, қазақ, естектің,

Бәрі айтады осылай.

Шежірені негізге ап,

Жыр жырладым тосылмай.

Хисса еттім қысқаша,

Уақиғаның төтісін.

Орыстан келген елшіден,

Жармақтың білдік әкесін.

* Қайсақ – башқұрт халқын құрайтын екі үлкен тайпалық одақтың бірі

*Үпі – Уфа қаласы.

* Өстек – остяк.

* Естек – башқұрт халқын құрайтын екі үлкен тайпалық одақтың бірі.

* Ордабасы – көне түрік тілінде бас  қолбасшы деген мағынаны білдіреді.

* Шалабай – қазіргі Челябі қаласы орналасқан қоныстың бұрынғы иесі.

Қ аратай Биғожин,

Амантай Барлықбаев

фольклоршылар

(«Орталық Қазақстан» газеті, 6-желтоқсан, 1990 жыл)

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: