Әз Бабалар
Танаш би. Танаш Фархатұлы 1308-1348 жылдары ордабасы боп қол басқарумен, қазы, шора, уәзір боп ел басқарып, Тоқты, Өзбек, Жәнібек хандардың кездерінде мемлекет қайраткері дәрежесіне көтеріліпті. Танаш тарханның інісі Аббас баһадүр де Алтын орда хандығында үлкен әскербасылардың бірі болып, қызмет атқарыпты.
Танаш жайында Қожаберген жырау Толыбай Сыншыұлы былайша толғайды:
Алтын орда жұртына
Қорған болып жасынан.
Сол кездегі хандардың,
Орын алған қасынан.
Танаш тархан бабамыз,
Ел қамқоры болыпты.
Әскерді бастап әр кезде,
Жапан түзде қоныпты.
Сыбызғы, керней тарттырып,
Өткерген бастан жорықты.
Тоқты, Өзбек хандардың
Оған көңілі толыпты.
Кәпірдің туын құлатқан
Басшысын атып сұлатқан.
Бабамыздың істерін,
Мұсылман қауым ұнатқан.
Ал Сегіз сері Шақшақұлы былай деп жырлайды:
Танаш би, Аббас, Манас айтулы ерлер,
Жұрт көсемі Фархадтың баласы екен.
Бағылан ұлы – Фархадты кім десеңіз,
Кезінде Алты Алаштың данасы екен.
Танаш би Фархадұлынан он тоғыз бала: Балға, Балта, Едіге, Емен, Есен, Ақпан, Алпан, Аман, Қырым, Қаңтар, Орақ, Орал, Орман, Сапар, Самархан, Мамырхан, Алтай, Көшебе (Айша анадан), Тарышы (Салиманнан). Танаш бидің бәйбішесі – Айша Барлас түріктерінен шыққан Бақырғани мырзаның қызы екен. Танаш тарханның қара шаңырағы оның Айша бәйбішеден туған кенже баласы Көшебе баһадүрде қалыпты.
Танаш өзінің үлкен баласы Балғаға Сібір татарының бегі Ағайынбектің қарындасы Ғалия сұлуды әпереді. Одан Әзім есімді жалғыз ұл туады. Әзімнің лақап аты – Сыйбала екен. Келе – келе ол Сибан аталып кетіпті. Оны Балғаның жиені екен деген сөз жаңсақ пікір.
Танаш бидің ортаншы баласы әртүрлі мұсылман халықтарының ішінен он бір сұлу қызды атастырып алған екен. Олардан ол қырық жеті ұл көріпті. Осылардан тараған ел Балта Керей атанған. (Ерте уақытта өмір сүрген қазақтың би-батырлары, ірі рубасылары көршілес өзбек, түркмен, тәжік, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, қырғыз, татар сияқты әріден туысатын түрік халықтарынан қыздарын алған).
Танаш бидің де, оның бірнеше ата-бабаларының да құдай жолындағы адамдар екені рас (Ол Дәулен баһадүр шежіресінде айтылған). Енді Танаштың балалары Алланың ақ жолындағы ардагерлер екен. Олар да ата-бабаларының жолын қуған, ислам дінінің үлкен насихатшысы болумен қатар, өз жұртының жер-суын жаудан қорғап, соғыстарда асқан ерліктің үлгісін көрсетіп, халқының алғыс рахметін алып, көпшілік – мұсылман қауымының сүйіспеншілігіне бөленген кемеңгерлер екен.
Танаш бабаға кейін бір құрылтайда Өзбек хан мен оның уәзірлері, әскербасылары, бектер мен билер, батырлар мен шоралар, дінбасылар, яғни муфти, хазірет, имам, ишан, софылар оның ерліктерін бір ауыздан әділ бағалап, тархан деген жоғары дәрежедегі қолбасылық атақ берген екен. Өзбек ханның үлкен баласы Жәнібек ханды Әз Жәнібек хан атансын деп ұсыныс жасаған Танаш пен батыр туыстары екен.
Танаш тарханның кіші інісі Шаһыбаз жас жігіт кезінен ерлігімен көзге түскен екен. Өкінішке орай, бір соғыста қаза табады да, оның артында перзент қалмайды. Оның келіншегі Сәлиман да Танаш тарханның бәйбішесі Айшаның елі – барлас түріктерінің қызы екен. Айша бәйбіше кіші қайнысы Манас мерген қаза тапқан соң, оның жастай жесір қалған келіншегі Сәлиманды өз ақсақалы Танаш баһадүрге некесін қидырып қоспақ болыпты. Алайда Танаш баба: «Мен едәуір жасқа келдім. Жас келіншек алғаным ұят болады. Жас кісілердің біріне Сәлиманды қосарсыңдар!?»-десе, «Қартайғанда келіндерге таба қылмай, өзімізді күтетін кісі керек, өзің Сәлиманды ал!» – деп бәйбішесі қарт қолбасшыны көндіріпті.
Сәлиман үлкен қайнағасы Танашға тигеннен кейін мұнан жүкті болыпты. Айы, күні жеткен Сәлиман ұл тауыпты. Танаш пен оның батыр ұлдары жорыққа, ауыл адамдары көрші ауылға Қарт сардар болыпты. Ауыл жастары, әйелдер, балалар – бәрі көрші ауылға келін түскен тойға кетіп ауылда адам қалмапты. Қатты толғатқан Салиманды қайраты қайта қоймаған Айша ана өзі аман-есен босандырып алыпты. Оған қуанған ел анасы – Айша жаңа туған бөбектің кіндігін өзі кесіпті.
Айша бәйбіше жаңа туған бөбекке арнап той жасапты. Сол қуаныш үстінде Айша әже: «Тары егіп жатқанда туды, есімі Тарышы болсын!» – деп, бөбектің атын өзі қойыпты. Сол тойда балаға ат қоюмен бірге Айша ана жас бөбекке: «Ғұмырың ұзақ болсын, денсаулығың мықты болсын, несібең мол болсын! Басыңнан бақ, алдыңнан ас, қолыңнан дәулет кетпесін! Ұрпағың тарыдай көп болсын! Аллаһу Әкбар!» – деп ақ батасын беріпті. Ақыры дуалы ауыз, көреген, қасиетті Айша әженің оң батасын Алла қабыл етіп, Тарышының ұрпақтары көп тарап, Танаш тарханның өзге ұлдарының ұрпақтарынан әлде қайда көп болыпты.
Танаш би мен Айша ана көп жасапты. Тарышы бір жасқа келгенде, қарт қайынағасы мен қарт абысынын күтіп, оларға жақсы қызмет еткен Сәлиман азғана күн ауырып, дүниеден өтіпті. Анасынан жас қалған Тарышыны Айша әже өз бауырына алып, үлкен немерелерімен бірге өсіріпті. Сәлиманның өлімі жасы ұлғайған Айша бәйбішеге қатты батыпты. Ақыры қартайып ауырып Танаш тархан да дүниеден өтіпті. Оның асы берілген соң, бір жылдан кейін мүлде кәрілік жеңген Айша ана да қайтыс болыпты.Дүниеден өтер алдында Айша әже өзінің ең кенже баласы Көшебе баһадүр мен оның бірінші әйелі – Балумаржанды шақырып алып: «мына Тарышым жас қалып барады. Осы ұлымды сен екеуіңе аманат етіп тапсырамын. Мұны ана дүниеде өз қолдарыңнан аламын! Өз балаларыңнан кем көрмей өсіріп, жақсы тәрбиелеп таңдаған қызын атастырып әперіп, алдына мал салып, отау үй етіп шығарғайсыңдар!»-деп өсиет етіпті.
Балға, Балта, Едіге, Емен, Есен, Аман Танаш ұлдары Өзбек ханның өмірінің соңғы жылдарында Алтан орда хандығында жас Сардарлар болып әскер басқарыпты. Содан олар Алтын орданы Өзбек ханның баласы Әз Жәнібек басқарған кезде Ордабасы тархан деген қолбасылық атақтарға ие болып мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліпті. Олар турасында атақты Қожаберген баба Толыбай Сыншыұлы жырау (1663-1763ж.ж.) былай дейді:
Балға, Балта, Едіге,
Керейден шыққан осылар.
Маңайында жүрмеген,
Елді бұзған масылдар.
Алла, аруақ, әулие,
Бабаларды қорғаған.
Аттанғанда жауына,
Кезі жоқ жолы болмаған.
Өзбек, Жәнібек, Бердібек,
Бұлантемір хандардың.
Ғаскерін бастап әрқашан,
Зәресін алған жаулардың.
Кәпірді қырып күйреткен,
Інісі мен ұлына соғысуды үйреткен.
Ақорданы күшейтіп,
Есіләм дінін өрлеткен.
Мүфтилерді бұлардың,
Болған жоқ ісі налытқан.
Сыбызғымен күй тартса,
Денесін көптің балқытқан.
Ал, жоғарыда есімдері аталған Танаш тархан ұлдары жастарының ұлғайғанына қарамастан, 1362-1380 жылдары Мамай хан басқарған кезде де, 1381-1391 жылдары Тоқтамыс хан билеген кезде де Алтын орда хандығының ғаскерін басқарыпты.1392 жылдан бастап, Танаш орда басының балалары мен үлкен немерелері үш түрлі себеппен қанды жол Әмір Темірге қызмет етуге мәжбүр болыпты. Біріншіден, Танаш тарханның ұлдарының анасы Айша әже барлас түріктерінен шыққандықтан, Әмір Темірге апа болып есептелген. Екіншіден, Танаш балалары Әмір Темір тарапынан болатын үлкен апаттан Алты Алашты аман сақтау мақсатымен оның әскербасылары боп қызмет атқарыпты. Үшіншіден, 1392-1394 жылдары Танаш ордабасының жасы ұлғайған ұлдары мен немерелері болашақ қазақ хандығының негізін қалау үшін Ақ орданы да Әмір Темірдің құрбанға шалуынан сақтап қалуға күш салыпты.
Балға, Балта Танаш тархан ұлдары заманында үлкен қолбасшы – баһадүр болса да, жастары ұлғайған шағында Әмір Темір көрегеннің ғаскерлерін өздерінің батыр балаларына басқартып, екеуі сол Сардар ұлдарына әскери ақылшы боп жүріп, орыс книздіктеріне және Тоқтамыс ханға қарсы жорықтарға аттанып бара жатып, жол-жөнекей өздеріне бұрыннан таныс өңір Ұлытаудағы екі өзеннің бойына қосын қондырыпты. Сол жағаларына шатырларын тігіп, әскерлерін түнеткен екі өзен сол қол бастаған екі ордабасы – баһадүрлердің есімдерімен Балға, Балта өзендері деп күні бүгінге дейін аталады.
Сонымен қатар, жоғарыда есімдері аталған ағайынды екі батырдың сол жерде тау қойнауындағы жердің беткі қабатынан темірді қопарып алып, от жағып балқытып, ұсталарға өздері бастап келе жатқан Әмір Темір ғаскеріне қажетті қару-жарақтар соқтырған, болат қорытқан орындары сақталған. Сондай-ақ, ағайынды Балға, Балта, Едіге баһадүрлердің сол арадағы бір қаратасқа қашап, ескі араб әрпімен (хадимше): «Осы арада өзімізге туыс арғын-қыпшақ елдері тұрады екен!»-деп және өздерінің 1392 жылы жаздың басында Ұлытауға тоқтап, жердің беткі қабатындағы темірді қопарып отқа өртеп, содан болат қорытып алып, ғаскерге керекті қару-жарақтар соғып алып зор әзірлікпен соғысқа аттанғандарын, әскерлерінде қанша сарбаз болғанын жазып қалдырыпты (Дәлен батыр шежіресінде айтылған).
Дәулен баһадүр Таузарұлының шежіресін өз тұсында ұрпақтары қосып жазу арқылы толықтырған. Сегіз сері Баһрамұлы батыр-ақын көзінің тірісінде жоғарыдағы елден-елге таратқан екен. Сегіз сері айтқан сол жазуды Кеңес дәуірінде Ленинградтан келген археологтар тастан қиып әкетіпті.
Жоғарыда аталмыш тастағы хадимше жазуды оқыған қазақтың дүние жүзіне атағы жайылған ұлы ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-1964ж.ж.) жергілікті қазақтарға: «Мына жазуды жазған әскербасы – баһадүрлер өзіміздің орта жүзге жататын қазіргі Керей ағайындардың арғы балалары: Балға, Балта Танаш би ұлдары екен. Ал, Ұлытаудың ең биік шыңында жатқан солардың туған інісі - Ер Едіге!»-депті. Сол сөзді естіген кісілердің бірі Тай Тілегенұлы қария 1920 жылы жазда жиырма жасында (Қ.И.Сәтбаевқа жолықпай тұрғанда) сол Ұлытауда қара тасқа қашап жазған (ескі араб әріпімен) Балға, Балта баһадүрлердің жазуларын қағаз бетіне түсіріп алған екен. Соны жергілікті Жезді аудандық газетіне жариялатпақ болып жүргенін де естідік. Тай Тілегенұлы ақсақал (елі Бағаналы Найман) бертінге дейін өмір сүрді.
Танаш ордабасының үшінші баласы Ер Едіге де Әмір Темірдің әскерінің бір бөлігін басқарып, Русь князьдарына және Тоқтамыс ханға қарсы аттанып, 1394 жылы жаздың басында өзімен аттас әрі бөле Ноғай Едіге бидің әскерімен тізе қосып соғысып, Тоқтамыстың әскерін жеңіп әрі оны тақтан құлатуға үлес қосады. Бірақ қазақ батыры Ер Едіге Танаш тарханұлы жетсе де, өте ауыр жараланыпты. Оны жолдастары туған жері-батыс Сібірге емес, Самарқандқа апарып емдеткен болыпты. Сөйтіп, олар Торғай өлкесіндегі Хан шабылған деген өзеннің бойына жетіп, қосын қондырғанда найзаға салып әкеле жатқан қолбасшы-батыр Едіге Танашұлы қатты әлсірепті. Сонда ол нөкерлеріне: «Мен енді адам қатарына қосыла алмаймын. Мені неде болса, Ұлытауға жеткізіңдер. Одан әрі апаруға жарамаспын. Менде перзент жоқ еді. Тым болмаса ел есінде атым қалсын. Маған жасаған жақсылықтарың Алладан қайтсын! Маған жақсылық жасасаңдар, ақырына дейін жасаңдар! Олай-былай боп кетсем, сүйегімді Ұлытаудың биік шыңына апарып жерлеңдер!?» – деп, өсиет етіпті.
Қалың әскер өз қолбасшысы Ер Едігені найзаға салып алып, Ұлытаудың бөктеріне жетіп тоқтайды. Сол бөктерде дем алып, ат тынықтырыпты. Сол жерде Едіге баһадүр Танашұлы нөкерлерімен арыздасып қоштасып, дүниеден өтіпті. Танашұлы сардарды өз өсиеті бойынша сарбаздары Ұлытаудың биік шыңына жерлейді. Сол күннен бастап, Ұлытаудың ең биігі Едіге шыңы деп аталады. Бірақ бұл қазақтың Ер Едігесін, онымен әрі бөле, әрі замандас, әрі жорықтас жолдас, ноғай халқының Маңғыт тайпасынан шыққан, Тоқтамыс ханды тақтан құлатқан Едіге би Құттыбабаұлымен шатастыруға болмайды. Едіге би Құттыбабаұлының сүйегі Жайық өзені бойындағы Сарайшық шаһары маңындағы мұсылман зиратына жерленгенін естен шығармайық, ағайын!
Қаратай Биғожин
Аббас батыр. Дәстем сал Қарабасұлы (1677-1752 ж.ж.) Аббас тархан атты дастанында Фархад ұлы жайында былайша толғайды:
Өзбек, Жәнібек, Бердібек,
Бұлантемір хандардың
Ғаскерін бастап Ер Аббас,
Елдің қырды жауларын.
Қайтарып алу кәпірден
Жұртының кеткен малдарын.
Аббастан жиырма төрт бала: Алмас, Алмат, Айтөре, Әлисұлтан, Байтөре, Битөре, Бектөре, Ертөре, Аян, Ахмет, Мұхаммед, Ерқара (Нүрила бәйбішеден туған ұлдар); Дәуқара, Жанқара, Төрежан, Төрехан, Төлеухан, Төлеутай, Төлеубай, Жайлаубек (Сұлу бәйбішеден), Жаңабек, Жанатай, Балуан, Бақтыбек (Қаныкей бәйбішеден).
Жайлаубектен он төрт бала: Арғынғазы, Әбілғазы, Әлімғазы, Әмірғазы, Арын, Орынбек, Дастан, Досқан, Ғосман, Асқар, Асан, Үсен, Софы, Сары (Айсұлу бәйбішеден).
Орынбектен бес бала: Айдос, Байдос, Елдос, Жандос, Қайдос.
Айдостан он жеті бала: Асау, Асылхан, Әлбосын, Байбосын, Бекбосын, Есеней, Естек, Жасыбай, Жанбай, Жаңаберген, Есман, Әбухан, Ғали, Қаби, Нәби, Орхон, Бұрхан.
Ғалидан он үш бала: Баған, Науан, Құрал, Құрбан, Нұрхан, Жолан, Жолымбет, Жолдыбай, Жойқын, Дәулет, Мәулет, Садуақас, Ибрагим.
Науаннан он бала: Шайхы, Ақберді, Бекберді, Есенберді, Тоқберді, Тілеуберді, Тілепберген, Тұрыпберді, Өндірбай, Онбай.
Шайхыдан сегіз бала: Әубәкір, Әубек, Әлібек, Әуелбек, Әдібек, Есенбек, Еркөбек, Жаныбек.
Тоқбердіден алты бала: Бошан, Досан, Қосан, Қожан, Ожан, Өмір.
Әуелбектен тоғыз бала: Асым, Басан, Хасан, Құсайын, Ханафия, Жағыпар, Таһир, Мәди, Баубек.
Баубектен он бес бала: Есқұл, Досқұл, Көшқұл, Әужан, Әннас, Әушахыман, Естікөл, Жекекөл, Аман, Иман, Имақ, Жамақ, Жанымхан, Ораз, Шәміл.
Иманнан он бір бала: Әбу, Ғабдол, Мұстафа, Айғожа, Байғожа, Ерғожа, Жанғожа, Ақынжан, Арынжан, Сағымжан, Сауытхан.
Мұстафадан он алты бала: Ағдарбек, Сардарбек, Айбар, Айдар, Жандар, Хайдар, Хайбар, Хажым, Айбын, Айдын, Жарқын, Байсын, Байсал, Жайсаң, Қақсал.
Айқыннан он үш бала: Бостан, Қостан, Берден, Бегалы, Ералы, Жаналы, Шералы, Досалы, Мұхаммедәлі, Есеналы, Еменәлі, Ержан,Өтжан.
Мұхаммедәлиден бес бала: Нәубет, Мәмбет, Үмбет, Оразақ, Оқап.
Нәубеттен сегіз бала: Сәбитбек, Сейітбек, Сәулебек, Сағын, Сайын, Есжан, Досжан, Қосжан.
Үмбеттен төрт бала: Айту, Байту, Жанту, Күнту.
Ер Мәмбеттен бір бала: Қожаберген. Ол – Аббас баһадүрдүң он төртінші ұрпағы екен. Мәмбет пен оның бәйбішесі Жәнипа ырым қып, «бірінші, екінші Қожабергендер сияқты әйгілі батыр болар ма екен»,- деп, алғашқы көрген ұлының есімін Қожаберген деп қойыпты.
Аббастың жоғарыда есімдері аталған жиырма төрт баласының әр қайсысы бірнеше әйел алып, олардан өрбіген көп ұрпақ кейін Аббас керей деген қалың әрі жауынгер ел болыпты. Сол қалың жұрт 1723 жылы жазда зеңбіректі Жоңғар Қалмақ басқыншыларының көп әскерімен табан тіреп соғысып, Көлденең Есіл өзені бойындағы ата қоныстарын жауға бермеуге тырысады. Бірақ Жоңғар Қалмақ әскері зеңбірекпен бірнеше күн бойы үздіксіз атқылап, Аббас керей руын түгелдей қырып салыпты. Иісі Аббас керейден тек бәйбішесі ғана тірі қалыпты.
Аббас керейдің жаралы қариясы Жүсіп пен оның бәйбішесі Айғанша және оларға ілескен он үш жасар ұл – Қожаберген Балта керейдің Қарасары руының көштеріне кез болып, соларға еріп, Орталық Сарыарқадағы Қорғалжыңның көлді, өзенді аймағына келіп жетеді. Жер-суынан айрылған қазақтың басқа ру, тайпалары сияқты Керей-уақтар да, оларға ілесе көшкен Шалабай Естектері (Челябі башқұрттары) де, Сібір татары тайпалары да өзен, көлді Қорғалжың өлкесіне қоныстаныпты. Өз көшіне ілескен Жүсіп ақсақал мен оның бәйбішесі Айғаншаны, жетім бала Қожаберген Мәмбетұлын аяп, Қарасары Балта керейдің басты кісілерінің бірі – Үмбетей батыр оларға қамқоршы болыпты.
Аббас керей Қожаберген өсе келе Үмбетей, Тұрсынбай, Жанатай сияқты Қарасары Балта керейден шыққан ірі әскербасы-батырлардан үлгі-өнеге алып батырлардың қатарына ілініпті. Ол қазақ тарихындағы үшінші Қожаберген батыр. Ол Аббас керейден қалған жалғыз ұрпақ екеніне Толыбай Сыншыұлы жыраудың өзегін жарып шыққан «Елім-ай» атты эпопеялық жырының бесінші бөлімінен ел есінде қалған мына бір шумақ өлең де айғақ бола алады:
Үмбетейдей батырдан үлгі көрген,
Шоқматардан жүз жігіт қасына ерген.
Аббас керей елінен қалған тұяқ
Мәмбеттің жалғыз ұлы – Қожаберген.
Жоғарыда берілген шежіре Аббас керей елінің шежіресінен үзінді. Аббас керей шажіресі 1723 жылға дейін таратылғаны Сегіз сері шежіресінің құрамында біздің кезге келіп жеткенімен, оның толық оқып беретін кісі болмады. Шежіренің бас жағын жазып алғанымызды қанағат еттік.
Шоқматар керей жасағының бір бөлігін бастап, Жоңғар Қалмақ басқыншыларына қарсы соғыста ерлігімен, мергендігімен көзге түсіпті. Ол Балта керей Үмбетей батырға өкіл бала болыпты. Қожаберген Мәмбетұлы он сегіз жасқа келгенде, Шоқматар керей Әбуғожа би қолында бас көтерер азамат баласы болмаған соң, шаруасын басқаруға Үмбетейдей інілерінің бірін көмекке сұрайды. Сонда Әбуғожаға Үмбетей өзінің кіші інісі Қожабекті шаруашылығын басқаруға жіберетін болады. Қожабек Әбуғожаға барарда Қожабергенді ертіп кетеді. Сенімін ақтаған Қожабек пен Қожабергенге Әбуғожа Сібір татарына жататын Барабы руының екі шонжарының екі қызын атастырып әперіпті.
Қаратай Биғожин
Қожаберген жырау 1663 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан обылысының Жамбыл ауданындағы Богдановка ауылының маңында Гүлтөбе деген жерде Толыбай сыншы Дәуленұлының шаңырығында дүниеге келген. Толыбайдың екі әйелінен туған 24 ұлының ең кенжесі – Қожаберген.
Қожаберген бала кезінен бастап, әкесінің нағашысы Кіші жүз Әлімұлының төртқара руынан шыққан атақты Жалаңтөс баһадүр ұрпақтарының қолында болады. Үргеніш, Бұқара, Самарқанд медреселерінде оқиды. Медресені бітіріп, қожа, ишан, молда, софылық қылмай, 13 жасынын өлең шығарып, ақындық жолға бет алады. 17 жасында кемел ақындар қатарына қосылады. Сол уақыттан бастап ол батыр ағаларына еріп жорыққа шығады. Мұны ақын өз өлеңінде айтқан:
Адам деп өз бойына өнер жиған,
Ел-жұртым деп атайды мені имам.
Жорыққа он жетімнен араласып,
Болғам жоқ молда, софы, қожа, ишан.
Қожабергеннің араб, парсы тілін жетік білгендігіне байланысты ол Әз-Тәукенің сенімді елшілерінің бірі болады. Әз-Тәукенің Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді ақылшы билері оны көршілес Қоқан, Хиуа, Бұқар хандықтарына елшілікке жіберіп, дипломатиялық жұмысқа араласқан.
Жас кезінің өзінде-ақ қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып «Ата тек» деген дастанын шығарады.
Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді,
Тартатын күй аспабы қобыз дейді.
Башқұрт пен қазақ,ноғай, қарақалпақ,
Төртеуін шежірешілер оғыз дейді,- деп басталады.
1688 жылдың маусым айында Түркістан шаһары маңында Әз-Тәуке бастаған барлық қазақ жақсылары 25 жастағы Қожабергенді Ордабасы етіп сайлайды.
Қожабергеннің Ордабасы болғанын оның бас шәкірттерінің бірі – Бұқар жыраудың «Ұстазым» атты дастанындағы мына жолдар айқын дәлелдейді:
Ақ жолды сардар Қожекең,
Жауынан айыл жимаған.
Ерлігі көп ұстазды,-
Екі жүз жауды майдан
Бір кісідей көрмеген.
Жолбарыстай шұбармен,-
Дұшпанды қуып өрлеген.
Айбарынан жау қашқан,
Есінен қалмақ адасқан.
Ұрандап жауға тигенде,-
Жарқылдапты қолдаспан.
Қожаберген сабазға
Ордабасы атақ берілген.
Қожаберген баһадүр Толыбайұлының 1688-1710 жылдар аралығында үзіліссіз 22 жыл бойы қазақ, ноғай халықтарының біріккен әскерін басқарып, басқыншы жаулармен соғыста елін қорғап, үлкен ерлік көрсеткенін сол кездегі ақын-жыраулар өлеңінен көруге болады. Жанақ Төлекеұлының «Ордабасы – ұстазым» атты өлеңі осыған дәлел:
Орта жүз Керейдегі Көшебеден,
Ер шыққан Толыбайұлы Қожаберген.
Әрқашан жауды жеңіп жүргеннен соң,-
Жұрт оған Ордабасы атақ берген.
Тұсында Әз-Тәукенің ғаскер бастап,
Ханнан да, халқынан да алғыс алған.
Көз жұмды жүзден асып есіл сабаз,-
Оған да опа болмай дүние жалған.
Қожаберген ұзақ жылдар әскер бастап, сыртқы жаумен соғысып, әрдайым жеңіске жет-се де, ақыры қатты шаршап, өзін қолбасшылық қызметтен босату туралы Тәуке ханға 1710 жылы өтініш жазады. Әз-Тәуке Қожаберген сияқты қолбасшы таппағандықтан Ордабасының бұл өтінішін қабылдамайды. Сонда Қожаберген өз орнына батыр шәкірттерінің бірі жас сардар Қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлын ұсынады.
Қожаберген Ордабасы қызметін атқарумен қатар Әз-Тәукенің бас ақыны болған. Қожаберген елінің өткерген қиямет-қайым оқиғаны суреттейтін «Елім-ай» атты әнін жазады. Кейін осы тақырыпта дастан жазады.
Академик Манаш Қозыбаев «Елім-ай» дастаны туралы: «Қазақ тарихында «Елім-ай» дастанының орны ерекше. Оны тек дастан деу аз сияқты. Ол – бір ғасырдың тарихын саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, мемлекет билеу жүйесін бағалап, жүздеген мемлекет, әскери, саяси қайраткерлерін жеке-жеке даралап, дүбірлеген оқиғалар болған жерлерді аралап жазылған ұлттық эпопеялық туынды. «Елім-ай» ұлттың сергелдеңге душар болғандығы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар да намысшыл қазақтың ұлттық болмысын жаңғыртуға ұмтылысы»,-дейді.
Өз заманының дүлдүлі, асқан дарын иесі Қожаберген жырау екі ғасырдың куәгері, жүз жасаған адам. Табиғат оған ұлылықты да, жасты да аямай берген. Қожаберген жыраудың артына қалдырған әдеби-рухани мұрасы аз емес. Оның ондаған дастандары, толғаулары, әндері, күйлері бәрі де асыл қазына.
Қожаберген – ақын, дарын иесі, бүкіл саналы өмірі жаугершілік, соғыс, қырғын кезінде өтіп, қолына қару алып өзі де соған араласқандықтан дастан-жырларында ерлікті, батырлықты жырлайды. Оның дастандарының өзі кесек – кесек шығарма. Олар: «Елім-ай», «Ер Көкше», «Ер Есім», «Ер Сырым», «Ер Қасым», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Бөгенбай», «Қабанбай», «Орақ батыр», «Ер Едіге», «Қойлыбай көреген», «Қорқыт баба», «Әмір Темір», «Айша-Жанша», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Ата тек» дастандары, «Ақсуат», «Ғасыр жас», «Дүние», «Жігіттік» сияқты толғаулары, «Қарғыс атқан қалмақ-ай», «Шоңғал тас», «Сылаң сыр», «Балқан тау», «Қазақ пен Ноғайдың қоштасуы» атты өлеңдері, өзі шығарған « Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр», «Күлдірмамай», «Сұлама» күйлері.
1763 жылы жүзге қараған шағында Қожаберген жырау туған жері Гүлтөбеде дүниеден өтеді. «Толыбай сыншы қорымында» жерленеді.
Қаратай Биғожин
Сегіз сері қазақ халқының XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген суырып салма әнші – ақын, күйші – сазгер, ел қорғаны болған батырларының бірі.
Сегіз серінің шын аты, яғни, азан шақырып қойған есімі – Мұхамедқанафия. Ол әке – шешеден ерте жетім қалып, атасы Шақшақ би Көшекұлының тәрбиесінде болыпты. Өз кезінің үлкен шежірешісінің бірі болған Шақшақ батырдан оның немересі Сегіз сері қазақтың тарихын, шежіресін жазып алып жаттаған екен. Ол өз атасынан басқа да шежірешілердің өз үйіне мейман болып келіп отырғанда, мәжіліс үстінде айтқандарын да мұқият тыңдап көкейіне тоқып жүріпті.
Сол Сегіз сері заманында әйгілі шежіреші әрі ғұлама адамдардың бірі болыпты. Оған оның «Мұғал биге көңіл айтқаны», «Замана», «Ауыр кезең», «Құлынды даласы», «Имантайға берген батасы» деген тарихи өлеңдері және бір – бірімен аттас тарихи ірі тұлғалар жайында, жер атауларының шығу тарихы туралы кейінгі ұрпаққа қалдырған деректерінің өзі дәлел бола алады. Сонымен қатар, Баһрамұлы ақын өзінің атасы Дәулен ордабасы Таузарұлынан кейінгі ұрпақтарға мұра боп бірден – бірге қолжазбамен жеткен қазақ халқының шежіресін өз тұсындағы ұрпақтарды қосып толықтырып жалғастырушы болыпты.
Сегіз сері жинап құрастырған Үш жүздің жылнама шежіресінің Орта жүз Керей бөлімінің ішіндегі Көшебе тарауы түгелдей болмаса да, соның жұрнағы қолымызда бар еді. Соны оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Шежіре таратпастан бұрын Сегіз сері шежіресін кімдерден жазып алғанымызды айта кетейік. Өйткені, соңғы ширек ғасыр ішінде (XX ғасыр алдында) біреудің еңбегін екінші біреулерге телушілер, қолдан шежіреші, ақын, батыр, сазгер, шешен, би жасаушылар, әңгімешілерді шежіреші деушілер көбейіп кетті. Сондай бір есімі белгісіз жалған шежірешілердің бірі басқаны қойып, тіпті, қазақ халқының қайтадан қалыптаса бастаған кезіндегі көсемдерінің бірі Танаш тарханның туған әкесі Фархадты алып тастап, оның орнына сол Танаштың он екінші ұрпағы Шимойынды жазып, оқырмандарды шатастыруға дейін барғанын не деуге болады? Осы да білімділікке жата ма? Бұл әлгі бояушы – бояушы дегенге сақалын бояйды дегеннің өзі ғой. Сол Шимойынды кейбір дүмшелер Ашамайлының (Ғалидың) орнына жазуға дейін барғанына не дерсің. Шимойын – Керей атаулыда біреу – ақ, ол XVII ғасырда өмір сүрген бек. Шимойын – Сибан зергер Балғаұлының оныншы ұрпағы, әкесінің есімі – Ақын. Шимойынның жиырма төрт баласының ұрпақтары жақсы өсіп – өніп, кейін рулы елге айналған.
Сегіз сері шежіресінің бір данасын оның үшінші баласы Мұсайын ақын өзіне қалдырып, екінші данасын құдасы Мырзай Тұяқұлы деген жас әншіге берген екен. Қағазға көзі жетпейтін боп қартайған Мырзай ақсақал кезінде Мұсайыннан алған діни кітаптарды оның ішінде Қожаберген жырау, Дәстем сал, Жанкісі, Салғара, Баһрам, Жанақ, Сегіз сері ақындардың бірталай өлеңдері, Сегіз сері шежіресі бар хадимше (арабтың ескі әрпімен) жазылған қолжазбаларды Сегіз серінің шөбересі Нұрғожа Нұрмұхаммедұлына Тырқайұлына ) 1948 жылы жазда табыс етіпті. Алайда 1963 жылы 7 қыркүйекте сол Нұрғожаның жазғы сарайы өртеніп, сонда сарайдағы абдыраларда сақталған жоғарыда айтылған діни кітаптар, арабша қолжазбалар, басқа да құнды заттар күйіп кетті. Соның салдарынан Сегіз сері мұраларын ел аралап жүріп, ауыз әдебиеті білгірлерінен, Баһрамұлын зерттеп жүрген азаматтардан жазып алуға тура келді және жазып алғандарды бір – бірімен салыстырдық. Керей шежіресін, соның ішінде Көшебе шежіресін бала кезімізде Хұсайын Өтегенұлы, Мырзай Тұяқұлы, Айтбай Ізтөлеұлы, Нұрмұхаммед Мұсайынұлы, Әбіл Жақаұлы, Дүйсек Нұрпейісұлы, Қожахмет Жолкеұлы ақсақалдардың ара – тұра бастары қосыла қалған кездеріндегі баяндауларынан естіп ұқтық. Бірақ оның бәрін айтып жүрмеген соң, есте тұрмайды. Сондықтан, Керей шежіресінің бас жағын ұмытқан едік.
1965 жылы тамыз айының басында Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар ( Петропавловск) қаласында Мәлік Рамазанұлы деген жақсы қария кездесіп, сол кісіден Сегіз сері жинап құрастырып, қолжазбамен елден – елге таралған Қазақ шежіресінің және соның ішіндегі Керей шежіресінің бас жағын жазып алдық. Мәлік ақсақалдың атасы Бесей қажы (елі Жансары Уақ) жас жігіт кезінде Баһрамұлы батыр – ақынға шәкірт болып, оның шежіресін өзінен жазып алыпты. Ол өз ұстазы Сегіз серінің шығармаларымен қоса шежіресін де жаттап алып, ел ішінде насихаттаған шәкірттердің бірі екен. Ал Бесейдің қолжазбасынан оқып, Баһрамұлының шежіре – жылнамасын, өлең – жырларын жаттап өскен Молдахмет, Мәлік Рамазан ұлдары (Бесей хажының немерелері) болған.
Ауыз әдебиеті білгірлерінің бірі Мәлік Рамазанұлынан Сегіз сері мұраларын біраз адамдар жазып алыпты. Солардың бірі – әдебиетші – ғалым, ескі жазудың шебері Төлеш Әушахыманұлы Сүлейменов екен. Ғалым Төлеш Сегіз сері шежіресін студент кезінен бастап жинапты. Біз оны Әушахыманұлының бәйбішесі – Алтын мен қыз балалары: Айсұлу, Әйгерімдерден естіп білдік. Көшебе шежіресін Төлеш Әушахыманұлы Сегіз серінің шөбересі – Нұрғожадан да жазып алыпты. Оған 1963 жылы жаздың басында Нұрғожа ақсақал араб әрпімен жазылған Сегіз сері мұраларының біразын табыс етіпті. Төлеш Сүлейменовты Нұрғожа Нұрмұхаммедұлына жолықтырған Қызылжар мешітінің сол кездегі имамы Мұхамеджан Меңдіханұлы қария екен.
А.Күзембайұлы.
Қостан батыр (Көшебе) Меңдіқара ауданының Қостан атты ауылында дүниеге келген. Ауыл басшысы, әскер көсемі, жоңғарларға қарсы күрес ұйымдастырған. Шын аты – Қостанбек екен. Оның батырлығымен шыққан есімі Сарықасқа атты Ер Қостан. Қостан Әлменбетұлы қазақ-қалмақ соғысының қаһармандарының бірі. Орта жүзден шыққан әйгілі әскербасы батырлардың бірі. Ол жоңғар басқыншыларымен, Увашы қалмақтарымен, түркмен жендеттерімен, орыс-казак тонаушыларына қарсы бағытталған соғыстарға белсене араласқан. Қостан Абылай сұлтанның сенімді батырларының бірі. ХҮІІІ ғасырдың І жартысында өмір сүрген. Ол Еділ-Жайық өзендері бойы жаудан тазартап болған Кіші жүз әскерлеріне көмекке барғанда ауыр жараланады. Байдәулет есімді ағасы мен нөкерлері оны найзаға салып, жеңістен кейін еліне аттаныпты. Арада бірнеше күн жол жүріп олар Тобыл өзеніне жетеді. Осы күнгі Қостан сайының тұсында (Қостанайдың орталығын Корей поселкесінен бөліп жатқан сай, қазіргі сыра зауытының тұсы), өзеннен сал жасап өткен кезде Қостан қатты әлсіреп ағасы мен жолдастарына: «Мен бүгін-ертеннен қалмаймын. Жанымды қинамаңдар. Мені осы жерге жерлеп кетіңдер» – деп өсиет етіпті.
Қостан бір күннен кейін өмірден өтіп, Байдәулет батыр бастаған бір топ оны арулап жуып, жаназасын шығарып, Тобыл өзенінің шығыс жақ бетіндегі тоғайдың қойнауына жерлейді. Сонан кейін көшебе сарбаздары үш күн бойы аза тұтады, әрі ат тынықтырады. Еліне аттанарда Байдәулет сардар көзіне жас алып: «Әй, Қостан – ай, жер қойнында қалдын-ау» – депті. Қостанай атауы содан шыққан деген сөз бар. Қазақтың белгілі жорналшы-көсемсөзші марқұм Байтұрсын Ілияс осы жөнінде 90-шы жылдары газет беттерінде мақалалар сериясын жариялап еді.
Қостан батыр ұрпақтары осы күнде Ресейге қарасты Қорған облысының Притобольский ауданында, Түмен облысының Есет ауданында мекендеп жатыр. Меңдіқара ауданындағы Қостан ауылы осы күнде жабылудың аз-ақ алдында. Қостан руына қарасты ел бүгінде Қостанай қаласына және маңындағы елдімекенге қоныс аударған.
А.Күзембайұлы.
Майбас Әлмәмбетұлы батыр, әскербасы. Орта жүз әскерінің бір бөлігін басқарып, Кіші жүз әскеріне көмекке барған. Түркмен шапқыншыларынан, Кердері-шағылым, Маңғыстауды және Еділ бойын қалмақ басқыншыларынан тазартуға қатынасқан. Самар даласындағы соғыстарда Майбас басқарған керей әскерлері үлкен ерліктер көрсетіп, жауды талқандауда ерекше көзге түскен. Дұшпандарды қирата жеңген Кіші жүз батырлары жеңіс тойын жасап, жауды күйретуге зор үлес қосқан Майбас батырға алғыс айтып, оған малдай сыйлық береді. Той өткен соң Майбастың елеулі ерліктерін әділ бағалаған Кіші жүз жұрты Әлімұлынан шыққан бір батырдың қарындасын қосыпты. Алғашқы зайыбы қайтыс болған Майбас жасы ұлғайса да, сол бойжеткенмен Әлімұлы елінде қоныстап қалыпты. Шежіре деректеріне қарағанда Майбастың соңғы әйелінен оншақты ер бала тараған. Солардан тараған ұрпақтары Ақтөбе облысының Шалқар ауданында бір кеңшар ел болған деседі.
Қаратай Биғожин
Шақшақ Көшекұлы 1740 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданының Благовещен селосына жақын жердегі қыстауда дүниеге келген. 1837 жылы сол жерде қайтыс болды. Батыр, би. Жоңғар шапқыншылыларына (1757-58 ж) және Еділ қалмақтарына (1759-71 ж) қарсы азаттық соғыстарына қатысқан. Шапқыншыларға қарсы соғыстарда өзін қайтпас батыр ретінде ерліктерімен көрсетіп жүзбасы, кейін мыңбасы болған. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Марал ишан Құрманұлының патшалық отарлауға қарсы жүргізген азаттық үшін күресіне қолдау көрсеткен. 1819 жылға дейін қазіргі Солтүстік Қазақстан аумағында тұратын керей және уақ тайпаларына басшылық еткен. Даулы мәселелерді шешудегі әділдігі үшін би атанған. 1830-37 ж. аға сұлтан Жалбыр Абдуллин мен Шыңғыс Уәлиханов өздері иелік ететін жерлерде тыныштық пен бейбіт өмірді сақтау үшін Шақшақты рулардың біріне старшина етіп сайлаған. Шақшақ Меккеге барып, қажылық сапарын өтеген. Петропавл қаласында өз қаражатына мешіт мен медресе тұрғызған. Шақшақтың «Ақтық пен шақтық» өлеңі біздің заманымызға дейін жеткен. Шақшақ Көшекұлы белгілі ақын, әнші әрі композитор Сегіз сері Шақшақовтың атасы.
Сүгірбаев Таңат
Кешеубай батыр. Аббас батырдың ұрпағы, сардар болған кісі. Сібір татарларына өте жақын болған. Үнемі оларға көмектесіп, елін, жерін орыстардан қорғауға ат салысқан. XIY ғасырдың екінші жартысында Том өзені мен Кемер арасында көшіп қонып жүріпті. Оның сүйегі қазіргі Солтүстік Қазақстан обылысының Жамбыл ауданына қарасты өзінің қорымында жерленген. Кешеубай қасиетті, денелі зор адам болған. Оны орыстар мен қалмақтар Кочубей деп атап кеткен. Өкінішке орай, оның ұрпақтары Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама жылдарында жоңғар басқыншылардың қолынан қаза тапты.
Қаратай Биғожин
Жабай Қарабиұлы 1697 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. 18 ғ-дың 70 жылдары аталған жерде дүниеден өтеді. Батыр. Орта жүздің Керей тайпасының ашамайлы руынан шыққан. Жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыста батылдық көрсеткен. Жабай батыр туралы Дәстем-сал «Қаһармандар» дастанында жырлаған. Жабайдың батырлығы, ерлігі Үмбетей, Жанкісі, Тәттіқара, Көтеш, т.б. ақындар өлеңдері мен поэмаларында көрініс тапқан. Оның ұлдары Тоқсан, Сексен, Мыңжасардың ұрпақтары Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының Түмен облысында тұрады.
Сүгірбаев Таңат
Біржан сал. Тарышы керейден шыққан, Нұралы әулетіне жатады. Осы күнге дейін оның өмірбаяны жөнінде тұшымды деректер жоқ. Есімі алты алашқа жайылған сал-сазгер, әнші, ақын Біржан сал Тұрлыбайұлы 1825 жылы туып 1897 жылы дүниеден озған. Біржан сал барлық әдебиеттерде, оқулықтарда, энциклопедиялық анықтамаларда оны Көкшетау жерінде туған деп көрсеткен. Оның аты да, әкесінің аты да І.Жақановтың «Жұлдыз» журналының 1982 жылғы №4 санында жарияланған «Аспандағы аққуға әнін қосқан» мақаласында Біржанның өмірбаянын әбден шатыстырған. Қазақстан энциклопедиясында былай деп жазылған: «Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) қазіргі Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданына қарасты «Қожағұл құдығы» деген жерде, шаруа семьясында туған. Мырзатай Жолдасбекұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек шығарған «Елтұтқа» атты кітаптың (2001,-Астана.,) 214-бетінде былай деп жазылған: «Қожағұлұлы Біржан (1825-1897) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туған жері Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылы. Топырақ бұйырған жері Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына қарасты «Қожағұл бүркеуі» деген жер. Шыққан тегі – Орта жүз Ақсары Керей, оның ішінде Нұралы. Үлкен әкесі Қожағұл Бертісұлы Ресей отаршылдарының қысымын көріп, 1826 жылы Көкшетау, Ақмола өңіріне қарай қоныс ауыстыруға мәжбүр болды».
Бүкіл әңгіменің нүктесін Қызылжарлық ақсақалдар Социал Жұмабаев пен Кәрім Жалмақанов «Біржанның белгісіз ғұмыры» (Петропавл қаласы, 2009) атты кітапта қойған сияқты.
Егер оның туған, қайтқан уақыты да талас тудырмаса, оның туған жері жөнінде ғылымда жаңсақ пікірлер қалыптасқан. Оның арғы аталары ХҮІІІ ғасырда қазіргі Қорған қаласының батыс жағындағы орманды өлкені мекен еткен. Бұл жер керей елінің түп атасы ХҮІ ғасырда өмір сүрген Бағылан бидің ата қонысы екен. Бидің жерленген жері де осы маң. Қазір бұл Ресейдің Звериноголовск деген селосы.
1745 жылы орыстардың қысымымен Нұралы, Нұрымбет елі осы жерден Аманқарағай ормандарының Қайранкөл, Қандыкөл, Сұлукөл маңына қоныс аударады. Бұл көшті бастаған Біржан салдың атасы Бертіс және Марал ишанның атасы Құрман.
1790 жылы Аманқарағай орманы өртенеді, жаңбыр жаумай қуаңшылық болады. Мұның аяғы жұтқа әкеліп соғады. Нұралы Нұрымбет аталары малдарын қыстайтын жер іздейді. Сөйтіп, күзді күні қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жаңажол ауылына қайта көшіп келеді. Кейін бұл жерде Нұрымбет ауылы, Нұрымбет колхозы, Ақбалық колхозы деп атады. Осы кезде бұл жерді Озерный деп атайды. Кейін келе, Көкшетау өлкесіндегі Ақсары керейлердің Жөкей деген биі қайтыс болып, оның орнына халық Қожағұл қажыны би етіп сайлайды. Сөйтіп, Бертіс әулеті Көкшетау жеріне қоныс аударады. Бұл кезде Қожағұлдың немересі Біржан ат жалын тартып мінген азамат еді.
Біржан жас бала кезінде ауыл молдасы Жақыптан оқып, хадимше (ескі араб әріпінде) хат танып, сауатын ашады. Әрі қарайғы уақытта Қожағұл би жеті жасар немересі Біржанды арнайы түрде апарып, өзінің бұрынғы қонысы Бүркеу жақтағы Болатнай (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданындағы Ново-Рыбинка селосының орнындағы қазақ, татар, орыс халықтарының өкілдері аралас тұрған қалашық. Оның маңында үлкен жәрмеңке болған) медресесіне оқуға береді. Біржан сал онда медресені ашқан иесі, әрі сол медреседе дәріс беретін ұстаз Көшебе керей Иманғабит Ырғызбекұлының үйінде 1831-1835 жылдары тұрып оқып, оны тамам етеді. Біржан Қызылжар медресесін де өте жақсы тәмамдап шығады. Ол Болатнай, Қызылжар медреселерінде оқып жүргенде, араб, парсы, көне түрік тілдерін жап-жақсы үйренген екен.
1841-1842 жылдың қысында белгілі әнші-ақын, атақты батыр Сегіз сері Баһрамұлы өз тобын бастап барып Омбыда іс соғумен, яғни қолөнермен шұғылданумен айналысады. Қожағұл қазы сүйікті немересі Біржанға өзі рұқсат етіп, атбегілік пен құсбегілікті және басқа да өнер түрлерін үйрену үшін оны Сегіз сері тобына қосады.
1842 жылы жазда Біржан ақын атасы Қожағұл биден өнер жолына біржолата түсу үшін рұқсат сұрап, батасын алады.
Біржан он жеті жасында Көкшетау дуанының сол кездегі аға сұлтаны Атығайдың Құдайберді руының Аңдағұл әулетінен шыққан Зілғара Байтоқалұлы мырзаның ортаншы қызы Балқаш сұлуды алады, оған арнап «Ғашығым», «Балқаш» атты әндерін шығарады.
Балқаш сұлуды Қожағұл қазы өз немересі Біржанға бесікте жатқан кезінде атастырып қойса керек. Біржан мен Балқаш екеуі де 1825 жылы туған. Балқаш арудан Ақыл (1843-1889жж.) туған. Ол өсе келе бабасы Қожағұл биге тартқан қолы ашық, жомарт болады да, содан елге «Ақыл мырза» деген атпен танылады.
Балқаш ауырып, 1851 жылы қайтыс болған соң, оның жылын өткізгенше, ақын алысқа ұзап шыға қоймайды. Балқаштың жылын берген Біржан сал 1852 жылдың жазының басында Сарыарқаның солтүстік-шығысында Қараой аймағында (қазіргі Көкшетау облысының Омбы облысымен шектесетін жері) Ашамайлы керейдің Күрсары руының ауылдарымен көршілес отырған Жауар Қарауыл елінің ауылдарына жора-жолдастарымен келіп, мейман болып, ән салып, сауық-сайран құрады. Сонда Ләйла сұлумен танысады. Біржан сал Ләйланың ағаларын ықтырып алу үшін «Шідерім», «Көлбай-Жанбай» атты әндерін шығарады. Артынша, көп кешікпей Біржан Ләйлаға үйленеді. Қожағұл ұлы ақын Ләйлаға арнап: «Ләйлім-шырақ», «Ләйлім» әндерін шығарған.
Біржан Ләйламен (1834-1857 жж.) көп жыл отаспаған. Ләйладан Ахметжан, Ахметбек есімді екі ұл дүниеге келеді. Біржан салмен қосылған соң, бес жылдан кейін Ләйла сырқаттан қайтыс болады. Ләйланың жылын бергеннен кейін ол Атығай елінің Ақкиік атасынан шыққан Салпық деген кісінің жалғыз қызы Айтбай сұлуға үйленеді. Біржан салдың «Айтпай», «Екі жирен» деген әндері дүниеге келеді.
Біржанның үшінші әйелі Айтбай сұлуды (1838-1866 жж.) алар кезде, қыздың әкесі Салпық Қарабұлақ (Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласы орналасқан жердің бұрынғы атауы) деген жерді мекендеп отырған жездесі, Күрсары керей Шайдолла қарияның ауылына жаңадан ғана көшіп келген екен. Біржан салға тұрмысқа шыққан соң, екі жылдан кейін тұңғыш ұлы Ахметқали бір жастан жаңа ғана асқан кезде Айтбай қатты науқастанып, (1860-1861 жылдардағы жұт кезінде) төсек тартып жатып қалды. Осы қиын жағдайға байланысты қатты налыған, алай-дүлей запыранды күй кешкен ұлы әнші-ақын өзінің «Мешін-тауық» деген әнімен айтылатын атақты өлеңің шығарады.
Айтбай сұлуды Біржан сал үш құла жорға ат жегілген күймеге отырғызып ап, Қызылжар аймағын мекендейтін Орта жүз Көшебе керейдің Бәйбіше баласы руының Жоламан атасынан шыққан атақты қазы, әрі мырза Итемір Байсал балуан Қарсақбайұлының (1826-1919 жж.) келіншегі Сарықыз балгерге қаратады. Сарықыз емші Айтбай аруды екі жарым ай емдеп, сырқатынан жазады. Сөйтіп, сауығып шықса да, Айтбай сұлу одан соң бес жыл ғана өмір сүреді.
Біржан сал Қожағұлұлы серілік құра жүріп, той-думандардың бірінде әнші-ақын Әпіш Медеубайқызымен танысып, онымен уәде байласып, ақыры сол қызды алып қашады. Біржан салдың Әпіштен туған алғашқы балалары жастай ауырып қайтыс бола берген. Әпіштен Асыл (1883 ж.), Ақық (1885 ж.), Мәра (1896 ж.) деген үш қыз, 1887 жылы туған Теміртас, 1896 жылы туған Қалкен деген екі ұлы болған. Теміртас (1887-1941 жж.) жауырыны жерге тимеген балуан, айтқанынан қайтпайтын табанды, өжет кісі болыпты, бірақ Теміртас ән салмаған. Ал Қалкен (1896-1936 жж.) әкесі Біржан салдай асқан әнші болмаса да, жап-жақсы ән шырқайтын, тәп-тәуір домбыра тартатын болған. Қалкеннің кескіні әкесі Біржан салға тартыпты. Теміртас та әкесі Қожағұлұлы сері сияқты иығы елден асып тұратын биік бойлы кісі болыпты. 1895 жылы тамыз айында Біржан сал Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, пірге қол тапсырып қайтады.
Біржан сал 1897 жылы жазда үш ай бойы ауырып, 25 тамызда (ескіше 12 тамызда) қайтыс болады. Ел-жұрты Біржан серінің сүйегін атасы Қожағұл бидің бейітінің қасына жерлеген. Атақты салдың өсіп-өнген ортасы – Ақсары Керейдің іші, өмірін өткізген жері – Көкшетау өлкесіндегі Бурабай төңірегі. Ал, оның елі – Нұралы Керей Қызылжар аймағында тұрады. Біржан салдың бейіті Қожағұл бұлағының жағасында (Степняк қалашығындағы Лемов шахтасының сыртында). Біржан салдың басына белгі етіп Көшебе Керейдің Таузар руынан шыққан атақты Сегіз сері композитордың үлкен баласы Мұстафа батыр (1840-1899 жж.) қашап ойып, арабша жазу жазып, құлпытас орнатқан екен. Ол құлпытас осы күнге дейін бар, тек ұзақ жыл тұрғандықтан, кейін аздап мүжіле бастаған.
Қаратай Биғожин
Махамбет Өтемісұлы – белгілі қазақ ақыны (балта). XYIII ғасырдың басында Еділ қалмақтарымен қоса түрікмендер де Орта жүз жеріне, әсіресе, Кіші жүз еліне дүркін-дүркін шабуыл жасап, елін тонап, малдарын айдап әкетіп отарғанын қазақ тарихынан жақсы білеміз.
Орта жүз қазақтарының қоныстануын және Керей-Уақ шежіресін зерттеуші тарих ғылымының докторы, профессор Марат Мұқановтың деректері бойынша (М.С. Мұқанов «Из исторического прошлого» Алматы.1998 ж.) 1700 жылы түрікмендердің бір қолы Орта жүз жеріне Керей руының Балта атасы ауылдарының бірі Қарасары ауылына (қазіргі Түмен облысы, Қазан ауданына қарасты жер) тұтқиылдан шабуыл жасайды. Ауылдың бас көтерер азаматтары қалмақтарға қарсы соғысқа кетіп, елде қарттар мен әйелдер ғана қалған екен. Қарасарының 17-18 жасар баласы Баһрам (кейбір деректерде Байрам) ауылды қорғамақ болып қарсы соғысады. Күші басым түрікмендер Баһрам қолын тасталқан етіп, ауылды тонайды. Ауылдың өрен жастарын құлдыққа алып кетеді. Құлдардың саудасына түскен Баһрамды түрікменнің Ғазан бек деген атақты байы сатып алады. Батыр тұлғалы Баһрамды көп уақыт кісендеулі ұстайды. Ғазан бектің ер баласы болмайды, Фатима және Фарида атты сұлу қыздары бар екен. Көрікті де батыр тұлғалы Баһрамға Фатима сұлу ғашық болып қалады. Ғазан бек амалсыздан құлы болып жүрген Баһрамға Фатиманы қосады. Қартая бастаған Ғазан бек өзінің барлық шаруашылығын басқаруды Баһрамға береді. Сұлу әйелге, байлыққа да қызықпаған Баһрам қалайда еліне қашуды ойластырып жүреді. Бір-екі рет ұсталып та қалады. Ғазан бек ерекше бақылау қояды. Осылай жүргенде Фатима жүкті болып, Нәдір және Бағыр атты егіз бала туады. Жылдар өтіп жатады. Баһрамның екі баласы да батыр тұлғалы, әрі өнерпаз болады. Баһрам екі баласымен бар байлықты тастап қашпақшы болып жүргенде, Ғазан бек аулына Еділ қалмақтары шабуыл жасайды. Баһрам қалмақтармен болған осы соғыста ерлік көрсетеді. Кейін осы соғыста алған ауыр жарақатынан қайтыс болады. Өмірден өтерінде батыр болып өсіп келе жатқан екі баласына туған еліне қашып кетуді аманат етеді. Екі бала қазақ елінен көп адамдарды тұтқынға әкеліп, тұтқындарды түнде күзетуді Нәдір мен Бағырға тапсырады. Қолайлы сәтті пайдаланған Нәдір мен Бағырға тапсырады. Қолайы сәтті пайдаланған Нәдір мен Бағыр түнде тұтқындарды босатып, олармен бірге өздері де қашады.
Кіші жүз еліне келген Нәдір мен Бағыр Кіші жүз жасақтарының құрамында қалмақтарға қарсы соғысқа қатысып, елге танымал батыр атағын алады. Нәдір қалмақтармен болған бір соғыста алған ауыр жарақаттан қайтыс болады. Нәдір қалмақтармен болған бір соғыста алған ауыр жарақаттан қайтыс болып, артында Мәлі атты бір баласы жетім қалады. Жас баланы Беріш руынан Жаубасар батыр бала қылып асырап алған екен.. Мәлі Беріш руына кірме болғандықтан болу керек, кейін «құл» деген сөзді қосып алып Құлмәлі (1721-1784) атанып кетеді. Құлмәліден төрт бала туады, соның бірі Махамбет ақынның әкесі Өтеміс.
Марат Мұқанов Махамбеттің шежіресін былай таратады. (С.Мұқанов «Из исторического прошлого» Алматы. 1998ж. 128-бет). Балтадан: 1. Қарасары. 2. Нашан. 3. Қанапия. Қарасарыдан 2 бала: Баһрам, Тұрсынбай батыр (1713-1819). Баһрамнан (әйелі Фатима) 2 бала: Нәдір, Бағыр (1704-1790); Нәдірден Құлмәлі (1721-1784); Құлмәліден 4 бала: Өтеміс би (1757-1836), Шынтай мырза, Қобыланбай Мерген, Айтбай балуан; Өтеміс биден 10 бала: (Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік. Махамбет, Тоқтамыс, Қожақмет, Ыбырайым, Ғайып, Хасен, Смайыл, Досмайыл, Сүлеймен, Бекмағамбет).
Баһрамның екінші баласы Бағыр Кіші жүз елінде үйленіп, одан Сейдуали атты бала болады. Түрікмендермен болған бір соғыста Бағыр ауыр жараланады, Сейдуалиді Беріш руының батыры Жауғашар тәрбиелейді. Жарасынан тәуір болған Бағыр Сырым Датовтың (1783-1797) көтерілесіне қатысады.
Бағыр кейін Керей еліне, Көшебенің Қарабас еліне көшіп келеді, 1790 жылы 86 жыл өмір сүріп қайтыс болады. Бағырдың Бекет атты баласынан тараған ұрпақтар Солтүстік Қазақстан облысы, Ресейдің Түмен облысында тұрады. Сейдуали атты баласынан тараған ұрпақтар Кіші жүздің Беріш атасы ішінде Жауғашар батыр ұрпағын жалғастырды.
Марат Сәбитұлы Мұкановтың халық аузынан, Шәңгерейден және жазушы Амантай Сатаевтан алып жасаған шежіресі бойынша Махамбет Өтемісұлы Абылай ханның сүйекті батыры Тұрсынбай батырмен (1713-1819) бесінші атадан қосылады екен. Қазақ тарихында, тарихи әдебиеттерде Тұрсынбай батыр туралы аз жазылған жоқ. Дегенмен көптеген батырлар Абылай ханның көлеңкесінде қалып келеді. Тұрсынбай батырдың қазақ мемлекетінің дербестігі туралы өзінің бөлек пікірі болған. Әбілқайыр хан қазақ хандығының қоластында, Сәмеке мен Әбілмәмбет хандар Орта Азия хандықтарының қоластында, Абылай хан Ресей мен Қытай қоластында аралық саясат ұстаса, Тұрсынбай ешкімге бағынбай қазақ хандығының дербестігін сақтап, башқұрт, ноғай, қарақалпақтарды қысып алып тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды ұсынды. Мемлекет басына хан емес, халық сайлаған көсем болу керек. Көсемнің құрамындағы әр халықты басқаратын төрт көмекшісі болу керек деген ұсынысы болды. Бұл пікіріне Орта жүздің Керей-Уақ және Кіші жүздің кейбір рулары келіскенмен Абылай сұлтан басқарған көпшілік келіспейді. Тұрсынбай ренжіп, өзінің қоластындағы руларымен терістікке, Батыс Сібір жеріне қоныс аударады. Сол кезде Тұрсынбай батыр айтты деген мына сөз ел аузында сақталып қалған екен:
«Өз отына қан құйып, кісі отына май құйған сорлы қазағым-ай, қойдай жуас қайран елім-ай! Қашан тұтас, берік ел болар екенсің»!
Керей руының Балта атасының қалың елі осы уақытқа дейін терістікте Қорған, Түмен, Челябі жерлерінде тұрып жатыр.
1959 жылы Алматы қаласындағы қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүргенімде «Махамбет-реалист ақын» деген тақырыпта курстық жұмыс жазуға тапсырма алдым. Махамбет жайлы жазылған әдебиеттерді оқу үстінде Жәңгір хан ордасындағы бір сарай ақынының Махамбетті жамандап: «бүлікшіл, құлдан туған, қаңғырған Балта керей» деп жазған бір өлеңін оқыдым (өлең авторының аты-жөнін ұмытып қалыппын). Өзін Кіші жүздің Беріш руынанмын дейтін Махамбетті бұлай деуі, әрине, мені қатты ойландырды. «Неге бұлай?» деген сұрақты бізге XIX ғасыр әдебиетінен лекция оқитын филология ғылымының кандидаты Төкен Әбдірахмановқа, әдебиет теориясын оқытатын, Махамбет жайлы зерттеу еңбек жазған филология ғылымының докторы, профессор Қажым Жұмалиевке қойдым. «Өшіккен сарай ақындары мұқату айта береді. Өзінің шын руын айтуға Махамбеттің жүрегі жетпей отыр дейсің бе? Әлде сен батыр ата тауып алғың келді ме?» – деп, Қажым Жұмалиев кекесінді жауап бергені әлі есімде (бұл кісінің Махамбетпен рулас екенін еститінмін).
«Парасат» журналының 1996 жылғы екінші санынан жазушы Қалихан Ысқақұлының «Ағадан алған несие» (Ғабит Мүсірепов туралы сыр) атты естелігі басылған. Естелікте Қалихан Ысқақұлы Ғабит Мүсіреповке Шәңгерей шежіресі бойынша Махамбеттің руы Балта Керей екенін айтады. Махамбеттің арғы атасын былай таратады: Ашамайлы керей-Құрсары-Балта-Байрам-Нәдір-Құлмәлі-Шыбынтай-Өтеміс-Махамбет. Балтадан туған Байрам бір соғыста түрікменге тұтқынға түседі де, оның баласы Нәдір Беріш руында қолбалалықта жүреді. Нәдірден туған Мәліні Құлмәлі деп атап кеткен. Қалихан Ысқақұлы бұл шежірені Амантай Сатаевтың картотекасынан алғанын жазады.
Мұхтар Әуезов, «Махамбет» атты зерттеу еңбегінде (15 том. 1984 жыл) Махамбеттің аталары жайлы былай деп жазады: «Туысы Беріш руынан. Атасы Өтеміс. Оның атасы – Құлмәлі. Мәлі деген қазаққа бір соғыста қолға түскен тұтқын екен. Беріш ішінде Тумас дегендер еншілес, туысқан қып әкеткен». Осындай деректерге сүйенсек Махамбеттің Беріш ішіне кірме рудан тарағаны анық деуге болады.
Осының бәрі Махамбет Өтемісұлының Балта Керей нәсілі екенін анықтайды.
Махамбет бір рудың ғана емес, бүкіл бір халықтың – қазақ халқының мақтанышы. Шежіре жазу руға жіктелу емес, бұл бір жағынан тарихтың этнографиялық рөлін атқарса, екіншіден, тарихи шындықты ашып, тарихи дерек-мәліметтер жасайтынын анық деуге болады.
Амантай Сатаев.
Махамбетке
Махамбет Алшын емес, затың басқа,
Жылқының төбеліндей жұлдыз қасқа.
Атақты Беріш Ерназар бала қылып,
Ұлым деп ұран шашқан алты Алашқа.
Қаңғырып Орта жүзден келген кірме,
Алшынға үш атадан жайдың ірге.
Атаңыз Құлманияз, Сүйін екі ер бала,
Арқадан тұтқын болған түрікпендерге.
Махамбет келіп жүрсің хан базарға,
Қаймықпай қарсы шығып тура ажалға.
Іні боп, туысқандығың құтты болсын,
Кесіп Исатайдай сұм тажалға.
Сен жүрсің Байұлыға болып мерей,
Безесің қашқалақтап Жәңгірге ермей.
Беріштің қолтума ұлы бола қапсың,
Болса да Орта жүзде затың керей.
Сен жүрсің Орда маңын бір де көрмей,
Жәңгірге шақырса да қойдың келмей.
Жүресің кер жорға атпен ел аралап,
Керейден мініп келген бәйге кердей.
Жылқы алған түрікмендер Арқа елінен,
Жас бала екі бірдей қолға ілінген,
Беріш Жаубасар қол бастап шыққан
Шапқыншы дұшпандарға кездей келген.
Жаубасар түрікпен қолын барып шапқан,
Оларды қырып салып, олжа тапқан.
Екі ұлды Құлманияз, Сүйін деген,
Айырып жаудан аман алып қайтқан.
Ағасы Жаубасардың қарт Ерназар,
Алладан перзент сұрап қылыпты зар.
Бала етіп Құлманиязды Ерназар алған,
Адасып орта жүзден келген атаң,
Қос жетім панасы жоқ сыбай-салтаң
Атаңның Құлманияз кегі бардай,
Жәңгірге неге болдың сонша қатаң?
Махамбет кетіп пе еді ханда кегің,
Жек көрдің неге мұнша ханның бегін?
Беріштің ұлы едім деп асқақтама,
Керейден ашамайлы сенің тегің.
Ашамайлы ішінде Балта керей,
Болғайсың өз еліңе барып мерей.
Алшында жүрер болсаң жайыңа жүр,
Күнәсін хан, сұлтанның күнде термей.
Қосылған өзің шыққан тектеріңе,
Тіл тигізбей Жәңгірдің бектеріне.
Керейім, саяқ жүрген таяқ жерсің,
Жүрмегей, хан көзіне көп көріне.
Кете алмассың көп ұзап,
Сорлатар Жәңгір қуғындап
Осы өлеңді жолдаған,
Хан ақыны Жанұзақ
Атаңның Құлмәлі деп есімін қойған.
Өзгертіп Құлманияз деген атты,
Тойына Ерназар ат-тайлақ сойған,
Етіне ат- тайлақтың алшын тойған.
Болсын деп үйім менің думан-базар.
Жанұзақ (Жәңгір хан кезіндегі сарай ақын)
Бұл өлең белгілі қарағандылық жазушы Жайық Бектұровтың 1987 жылдың 2 қыркүйегінде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жарияланды ( №203).
Тұрсынбай батыр. Соңғы жылдары қазақ арасында батырлар мен билердің көбейіп кеткендігі жөнінде әңгіме тарауда. Кейбіреулер қазақ қолдан батыр, би жасап жүр деп ел ағаларын, журналистерді, тарихшыларды кінәлайды. Шын мәнінде ғылымда батыр, би ұғымдарының анықтамасы берілген жоқ. Қырғын соғыста қалың қолды бастаған ер жүрек қолбасшы да батыр, азғана жылқысын барымташылардан қайтарған қайсар жігіт те батыр. Алқалы ортада ру аралық айтыстарда қара қылды қақ жарып, әділдігін шешіп берген данышпан да би, немесе ауыл арасындағы көрші-көлемнің талас-тартысын шешкен адамды да қазақ би дейді. Сондықтан да тарихымызда батырдың да, бидің де көп болғандығына таң қалуға болмайды. Оларды іріктеп, топқа бөліп деңгейлерін анықтау ғылымның алдындағы зор міндет екендігін айта кеткен жөн.
Қазақстанның солтүстік өлкелері сонау ықылым заманнан тоғыз жолдың торабы болып, оған әркімдердің қызыққандығын дәлелдейтін деректер тарихта өте мол. Бұл өлке сонау көне заманнан осы күнге дейін әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың, ру-ұлыстардың иелігінде болғандығы белгілі. Бұл жерден де талай батыр, талай ақын, халқына қалтқысыз қызмет еткен билер мен шешендер шыққан. Өкінішке орай, жазу өнерін дүниежүзі халықтарының көбінен ертерек игерсе де, біздің қазақ өз тарихын ұрпағына ауызша жеткізген.
Бүгінгі сөз еткелі отырған батырымыз Керей руының Балта тайпасына жататын Ертісбайұлы Тұрсынбай. Ол 1700 – барыс жылы көрші Ресейге қарасты қазіргі Түмен облысындағы Есіл ауданының жерінде дүниеге келіп, 1801 жылы сол Ресейге қарасты Челябі облысындағы Иткөл ауданындағы өзінің соңғы мекенінде 101 (жүз бір) жасқа келіп, ауырып дүниеден өтіпті. Тұрсынбайдың өзі қазіргі Ресей жерінде туып, Ресей жерінде дүниеден өткенімен Керей елінің мекені Қазақстанның Солтүстік аймағы екендігі белгілі. Қожаберген жырау «Елім-ай» аттты дастанында:
Мекендеп Тобыл, Ертіс екі арасын,
Қазақтың күйге бөлеп ен даласын.
Сауықшыл Орта жүздің Керейі едік,
Үш жүздің жат көрмеген еш баласын. –
дейді. Ал енді ол өзінің «Ата тек» дастанында ол былай дейді:
Атанған бабам Ғали- «Ашамайлы» ,
Өсірген мыңдап тайлақ құлын-тайды.
Сібірге ұрпақтары қоныстанып,
Ел болып, ерте кезден қанат жайды.
Шалқар көл, ну орманды Сібір жері,
Сібірді мекен еткен Керей елі.
Егін сап, күн көрудің қамын ойлап,
Бас қосып, кеңес құрған би мен бегі.
Міне осы шумақтардан қазақ елі сонау көне заманнан қазіргі Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстанның орманды даласын мекен еткендігіне көз жеткіземіз. ХVІІ ғасырдың соңында Сібір хандығы ыдыраған кезде қазақ жерлерінің көпшілігі Ресей меншігіне өтті. Міне содан бері талай жылдар өтсе де, халықтың тарихи санасында Сібірдің орманды даласы қалып қойған. Басына қауіп төнгенде ата-анасын, ата-қонысын, туған жерін іздейтін бала сияқты, кешегі ел басына күн туып, ауыртпашылық көрген ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақтың көпшілігі Ресейде қалған Сібір жерінен пана тапты. Көпшілігі осы күнге дейін сол жерді мекендеп жатыр.
Тұрсынбай батыр жөніндегі алғашқы деректі бізге жеткізген Сегіз сері бабамыз. Сегіз сері (Мұхамед Қанапия) Шақшақұлы тек әнші, күйші, ақын болып қана қоймай, өз елінің тарихын жақсы біліп, шежіресін қағазға түсіріп кеткен адам. Керей шежіресін одан кейін жалғастырған, жинастырған, хаттап, мұрағатқа тапсырған Тәшмұхамед Тәбиұлы Барлыбаев болған. Басқаларына қарағанда Керейдің Көшебе атасының шежіресі толық жазылған. Өйткені оның түпкі авторы Дәулен тархан Тауазарұлы жеті ұлттың тілін білген өте білімді, дана адам болған. Шежірені жалғастырушы Толыбай сыншы және оның баласы Қожеберген жырау да өз заманының озық ойлы адамдары еді. Міне сол шежіре бізге Мәлік Рамазанұлы, Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978 ж.ж.), Балғожа Кенжеғозыұлы (1902-1992 ж.ж.), Сейітқали Ыдырысұлы (1911-1998 ж.ж.), Елеуке Қалданұлы, Сағидолла Құлмағанбетұлы, Төлеш Әушаһыманұлы (1937-1994 ж.ж.), Әскер Балғожаұлы (1929-2002 ж.ж.), Ғазиз Сұрағанұлы арқылы жетіп отыр.
Сонымен қатар, сонау 1950 жылдан бастап Сегіз серінің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректерді, шығармаларын, шежіресін жинап – зерттеген бұл күнде көзі тірі қария, драматург-жазушы – Нәбиден Әбутәлиев. Жоғарыда есімдері аталған шежіреші қариялармен кездесіп, олармен сұхбаттасқан және айтқандарын қағаз бетіне түсірген белгілі ауыз әдебиетін жинаушы ғалым Қаратай Биғожин ақсақал. Қарағанды педагогикалық институтының филология факультетінің түлегі Қаратай аға бүкіл өмірін Қазақстанның түпкір-түпкірін аралап, елдегі құйма құлақ, көкірегі ояу, көзі ашық шежіреші ақсақалдармен кездесіп, қазақтың белгілі қайраткерлері жөнінде өте құнды материалдар жинаған. Кейінде «Қазақ батыры» журналында қызмет етіп жүрген кезінде біршама мақала жазып, елге белгілі болды. Жасының ұлғаюына байланысты ол 2000 жылы Қызылжарға оралып, Сегіз сері, Қожаберген, Дәстем сал, Шал ақын жөнінде кітаптар жазуға және оны баспаға әзірлеуге ат салысты.Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Әйімжан ауылында тұратын шежіреші қарт өз жиған-түйгендерін өңдеп, баспаға дайындау үстінде. Төмендегі Тұрсынбай батыр жөніндегі мағлұмат, сол кісінің қолжазба қорынан алынды.
Өкінішке орай баспасөз бетінде, анықтамалық әдебиетте, тарихи шығармаларда Тұрсынбай жөнінде мәлімет жоқтың қасы. Тұрсынбай батыр кім? Ол қандай дәуірде өмір сүрген адам? Халқының бостандығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында ол қандай ерлік жасады? Одан ұрпақ қалды ма? Қалса олардың тағдыры қалай болды? Батыр қорғаған жер, қаны тамған ел бүгінде қандай халде? Міне, осы сауалдар ғылымда әлі шешімін таппаған. Дегенмен қолда бар аз ғана деректі пайдаланып, ХVІІІ ғасырдағы Тобыл өңірінде болған тарихи процестерге шолу жасап көрелік.
ХІІІ – ХVІІ ғасырдың басына дейін Сібір хандығының құрамында болған Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысының теріскей аудандары кейін келе Қазақ хандығының құрамы-на кірді. Ашамайлы Керейдің Балта, Көшебе, Тарышы, Сибан тайпаларына жататын үлкен ел тарихымызға талай марғасқа ұлдарын бергендігі мәлім. Ал енді Тұрсынбай батыр Балта Керей ішінде Қарасары аймағына жатады.
Ашамайлы-Керей Танаш тархан Фархадұғылының ортаншы баласы Болат баһадүр – Балта керейдің түп атасы. Заманында Балта Танашұлы Алтын Орда хандығының әйгілі әскербасыларының бірі екен. Ол ХІV ғасырда өмір сүрген ордабасы атағын алған әйгілі Балта баһадүрТанаш тарханұлының туған інісі, анасының есімі – Айша. Сегіз сері шежіресі бойынша Балта баһадүрдің он екі әйелінен қырық сегіз ер баласы болыпты.
Балта баһадүрдан өрбіген саны мол ұрпақ Балта керей деген үлкен ру болғанмен, қазақ-жоңғар соғысы жылдарында орасан көп қырылған. Сондықтан Балта тарханның қырық сегіз ұлының көбісінен ұрпақ қалмапты. Осы күнгі Балта керейлер сол Балта сардардың Ноғай, Мұхаммедәли, Мұстафа есімді ұлдарының ұрпақтары.
Тұрсынбайдың әкесі Ертісбайдан 14 баласы болыпты. (Барлыбай, Ерденбай, Жарқынбай, Тұрсынбай, Тынымбай, Туғанбай, Түменбай, Тіней, Өнербай, Наурызбай, Меңдіқара, Дәуқара, Шүйіншәлі, Игілік.) Ертісбайдың он төрт ұлы да жауынгер болғандығы мәлім.Соның ішінде ең батыры Тұрсынбай екен. Батыр деген атақты ол 17 жасында иеле-неді. Ауылдың ер-азаматтары соғысқа кеткенде, бір топ қалмақ келіп, жылқыға тиеді. Олар адамдарды тұтқындамақшы болады. Сонда кәрілерді, жас бала жігіттерді аттарға мінгізіп, қару асындырып, сол топты өзі бастап, 17 жасар Тұрсынбай үстіне сауыт киіп, қару – жарақ асынып, қара айғырға мініп, жауды қуып жетіп, ұран салып, зырылдауық тартып, жылқы-түйені елге қайырыпты. Ол сонда өзіне жабылмақ болған қалмақтарды асқан шапшаңдықпен бір – біріне қоспай, найзалап, аттан түсіріп үлгіріпті. Жекпе-жекте өздерін шыдатпаған соң, қалмақтардың тірі қалғандары зорға қашып құтылыпты. Содан бастап Тұрсынбайдың батыр атағы шығыпты.
1719 жылы жазда Әз Тәуке ханның асында шұбар аты бәйгеден келген жас жігіт Тұрсынбай Қырғыздан, Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарынан келген балуандармен күресіп, бәрін жығады. Сөйтіп, жеті балуанды жыққан Тұрсынбайға үш жүздің игі жақсылары «түйе балуан» атағын береді.
Тұрсынбайдың қандай батыр екенін Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жыр-дастанының бірінші бөліміндегі мына шумақтардан-ақ аңғаруға болады:
Үш биден, менен бата алған,
Түйе балуан атанған.
Балта керей Тұрсынбай,
Асқан батыр қатардан.
Шыққан тегін сұрасаң,
Ертісбай сардар баласы.
Жаста болса, ол шаһыбоз,
Қазақтың үлкен панасы.
Ақылы артық өзгеден,
Үш жүздің озық данасы.
Бағалаған ерлігін,
Орта жүздің баласы.
Дұшпан шошыр айбатты,
Көп батырдан қайратты.
Қалмақ тигенін естісе,
Дей бер жауды жайратты.
Сондай ерлер аттанса,
Жоңғардың құрыр шарасы.
Ішкерілей енуге,
Келе қоймас шамасы.
Тұрсынбайдың ерлігін әділ бағалап, оның көзі тірі кезінде Қожаберген, Дәстем сал, Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей, Жанкісі (Керей), Көтеш, Жанақ (үлкен), Шал, Салғара ақындар өлеңдер, дастандар шығарған екен. Алайда ол шығармалар біздің кезеңге келіп жеткен жоқ.
Тұрсынбайдың 17 баласы болыпты.(Айбек, Байбек, Бердібек, Бетжан, Бекмұхаммед, Ермұхаммед, Жанмұхаммед, Ташмұхаммед, Ахмет, Махмет, Әйкен, Бәйтен, Жайкен, Баймен, Таукен, Кешубай, Келден).
Тұрсынбай батырдың балаларының ішіндегі ең мықтысы Кешубай екен. Ол әрі батыр, әрі жан-жақты, үлкен қолөнерші кісі болыпты. Кешубай Құдайберді Атығай Құлсары Бөріұлы әулие – батырдың Назиха есімді қызына үйленіпті. Ол үш ұлды болыпты (Әлібай, Тәжібай, Сәлімбай).
Кешубайға әкесі Тұрсынбай енші бергенде, Тобыл өзені бойындағы Ұялысай деген жерді беріпті. Кеңес үкіметі жылдары бұл ауыл Киров атындағы колхоздың, кейіннен 60-жылдары Қаратал кеңшарының құрамына енді. Ирелеңдей аққан Тобыл өзені Ұялысай тұсында буырқанып келіп, ауылдан алыстап кетеді. Талының жуандығы білектей, жуасы жанға дауа, шөбі шүйгін, шиесі мен бүлдіргені балаларды мәз еткен қазақтың құтты қонысы талай марғасқаларды дүниеге әкелді. Кешубай ауылын халық «Батыр ауылы» деп, өз ағасы Уәли ханмен ренжісіп, бөлек кетіп, Кешубайға келіп паналаған Бақтыбай төре Абылай ханұлының ауылын «Төре ауылы» деп атаған екен.
Кешубай батыр Тұрсынбайұлы Еменәлі Керейдің Таз атасынан шыққан Киікбай шешен Айтуғанұлымен, Бәйімбет Атығай Шал ақын Құлекеұлымен құрдас, дос кісі болыпты. Бұл үшеуі соңғы кездескенде, бір-бірімен өлең арқылы қоштасқан екен. Тұрсынбайдың Бәйтен есімді ұлы өзінің серілігімен көптің аузына іліккен, ал Әйкен (ұлдары:Бегалы, Ералы, Мералы, Сералы) есімді баласы аңшы, құсбегі, әйгілі мерген болыпты. Оның басқа балаларының тағдыры бізге белгісіз. Қанжығалы Бөгенбай батыр әр жорықтан келген сайын Қаз дауысты Қазыбек биге сәлем беріп, ақыл – кеңес сұрап жүреді екен. Бөгенбай бір жорықтан елге оралған соң, өзіне сәлем бере келгенде, Қазыбек би: «Сенің де жасың жетпіс беске келіп қалды. Орныңа кісі дайындап жүрсің бе?» – депті. Сонда Бөгенбай: «Орныма Шапырашты Наурызбай, Жағалбайлы Төс, Қаракерей Найман Қабанбай – үшеуінің бірін ұсынбақпын!» – деген екен. Ол сөзді естіген Қазыбек би: «Саған ордабасылық мансапты кім берді?» – деп сұрапты. Сонда Бөгенбай қысылыңқырап қап: «Керей Қожаберген жырау берді», – деп жауап қайтарыпты. Бөгеңнің шындықты айтқанына разы болған данышпан Қаз дауысты: «Онда әлгі атаған үшеуінің бірін ұсынамын дегенің дұрыс емес. Ордабасылыққа Керейдің батырлары: Көшек пен Тұрсынбайдың бірін ұсын!» – деген екен. Бөгенбай оған келісетінін білдіріпті.
Алайда 1755 жылы Бөгенбай Шапырашты Наурызбайға хат жолдап, оны өз орнына ұсынбақшы екенін айтыпты. Сонда Шапырашты Наурызбай батыр: «Бөгең атаның маған жол бергеніне рахмет! Мен Жетісу өңірін халқымен қоса қорғауға жарасам болды, Ордабасылыққа жарамаймын. Ол қызметті атқаруға Көшек, Тұрсынбай, Қабанбай үшеуінің бірін ұсынғаныңыз жөн болады», – деп, жауап қайтарыпты Сонан соң Бөгенбай Шапырашты Наурызбайға жасаған ұсынысын әуелі Жағалбайлы Төс батырға, одан кейін Қаракерей Найман Қабанбай батырға ұсыныпты. Бірақ Төс те, Қабанбай да Ордабасылық қызметтен бас тартыпты. Соны Қаз дауысты Қазыбек би естіп, «Ордабасылық қызметті саудаға салғаны несі? Бөгенбай маған берген уәдесін аяқсыз етпесін. Тұрсынбайды үш жүздің әскеріне ордабасы етіп сайлатсын!» – деп, Ақшаұлына сәлем айтыпты. Оның үстіне, Қабанбай да, Төс те, Наурызбай да: «Ордабасылыққа Тұрсынбайды сайлатсын!» деп тілек қойған екен. Көшебе керей Көшек батыр Асқанұлы да Тұрсынбайдың Ордабасы болғанын хош көріпті.
Кей шежіреде 1755 – доңыз жылы жазда Алакөлдің жағасында хан, сұлтан, уәзірлер, шоралар, билер, бектер, батырлар бас қосқан құрылтайда Бөгенбай батырдың ұсынысы бойынша Тұрсынбай батырды боз биенің сүтіне шомылдырып, онан соң үстіне шымқай ақ киім кигізіп, көкірегіне құран ұстатып, ақ киізге отырғызып көтеріп, Ордабасы етіп сайлайды. Енді бір шежіреде Тұрсынбай сардарды 1758 – барыс жылы жазда Шығыс Түркістанды жаудан (жоңғар басқыншыларынан) тазартқан соң, аталмыш аймақтағы Сайранкөлдің жағасында жеңіс тойынан кейін құрылтай ашып, сонда үш жүздің әскерін басқаратын ордабасы етіп сайлапты.
Шығыс Түркістан жерінде Тұрфан асуы үшін болған 1758 жылдың күзіндегі соңғы шайқаста қазақ әскерін Тұрсынбай батыр басқарыпты. Сол үлкен ұрыста Тұрсынбайдың жақсы қолбасшы екенін сол кездегі ақын – жыраулар жырға қосыпты. 1771 жылы жазда Еділ бойынан шығыстағы жұртына қоныс аудару мақсатымен көшкен қалмақ шапқыншыларын талқандау кезінде де қазақ әскерін Тұрсынбай басқарыпты.
Сонымен қатар, Тұрсынбай басқарған қазақ әскері Қырғыз манаптары әскерін талқандауда ерекше ерлігімен көзге түсіпті. Қырғыз әскерінің масқара боп жеңілуі «Жайыл қырғыны» деген атақ алған екен. Ол жайында Бұқар жырау дастан шығарып, онда Тұрсынбайдың батырлығын ерекше жырлапты. Ол дастан қазақ тілінде жарық көрген жоқ. Кеңес дәуірінде орыс орта мектептеріне арналған 9-сыныптың «Қазақ әдебиеті хрестоматиясында» Бұхар жыраудың Тұрсынбай батыр туралы дастанынан орыс тілінде үзінділер берілді.
Ордабасы сайлар кезінде Тұрсынбайға көрсетілген зор құрмет оның алдындағы Бөгенбай батырға да, одан бұрынғы Батыр ақын Қожабергенге де көрсетіліпті. Әйтсе де, қазақтың ескі, яғни, Қазан төңкерісіне дейінгі тарихынан мағлұматы жоқ біреулер жоғарыдағы халық құрметін ханды сайлағанда ғана көрсетіледі деп қате түсінеді екен. Шындығында аталмыш зор құрмет ханды, бас уәзірді, төбе биді, шораны, әскербасыны сайларда көрсетілетінін естен шығармауымыз керек. Ол турасында белгілі драматург-жазушы Нәбиден Әбутәлиев өзінің 1995 жылы «Жеті жарғы» баспасынан жарық көрген «Ордабасы Қожаберген» атты монографиялық еңбегінде тайға таңба басқандай етіп, анық жазды.
Тұрсынбай және оның Оразымбет, Үмбетей, Жанатай батырлар сияқты немере туыстары туралы дастандар мен тарихи толғауларды қарт әншілердің аузынан көп естідік. Біз есейген кезде аталмыш тарихи жырларды, тарихи толғауларды жатқа білетіндер қалмады.
Міне Тұрсынбай батыр жөніндегі азғана дерек осындай. Өкінішке орай, қол бастаған батырларымызды, ел бастаған билерімізді, сөз бастаған шешендерімізді рушылдықтан қашып осы уақытқа дейін мадақтай алмай келеміз. Әлбетте, Тұрсынбай жөнінде әлі де терең тарихи зерттеулер жүргізуіміз қажет. Ауыз әдебиетінің деректерін басқа да деректермен салыстырып, толықтырып, дәлелдер келтірсе нұр үстіне нұр болар еді.
Балта Керей ішінде Қарасары аймағына жататын оның ұрпақтары бүгінде сол Тобыл бойын мекендеп отыр. Тұрсынбай батырдың бүгінгі ұрпақтарының өтініші бойынша 2010 жылдың тамыз айында Меңдіқара аудандық әкімшілігі Боровской селосындағы үлкен бір көшеге Тұрсынбайдың атын берді. Әкімшілік алдындағы алаңға бабамыздың ескеркіші қойылды.
А.Күзембайұлы
Ордабасы Тұрсынбай
Қазақта Тұрсынбай қайда қыран,
Жаулары қорғады екен байрағынан.
Хас батыр Балта керей ішіндегі
Шығыпты Қарасары аймағынан.
Айтарын батыр баба айта алыпты,
Жасынан өжеттігі байқалыпты.
Он жеті жасында ол қалмақтардан
Елінің мал мен мүлкін қайтарыпты.
Төбеге көтеріп ел ақылды ұлын,
Сонда алғаш мойындапты батырлығын.
Үш ғасыр өткеннен соң елі, жұрты,
Көтеріп ескерткішін жатыр бүгін.
Ерлігі бабалардың бағаланып,
Кешегі көрінгендей жолы ағарып.
Ел үшін еткен ісі ерен ердің,
Жастарға үлгі-өнеге болары анық!
Қазақ пен қалмақ кеше қырқысқанда,
Төндіріп солтүстіктен бұлт дұшпанға,
Тұрсынбай қол басқарып жауға шапса,
Жеңіске жеткен Шығыс Түркістанда!
Елуге Тұрсынбайдың толған жасы,
Әскердің айбынды, асқақ болған басы!
Жеңісті тойлағанда ел Сайранкөлде,
Сайлапты Тұрсынбайды ордабасы.
Жеңісті жеңістерге жалғап дарын,
Жастардың қатайтыпты қанаттарын.
Тұрсынбай кейін үлкен шайқастарда
Қырғыздың қойдай қуған манаптарын.
Қазақтың сәуле қосқан нұр таңына,
Батырдың атағы өрлеп тұр тағы да!
Тұрсынбайдың есімі мәңгі жасап,
Сыйласын Алла бақыт ұрпағына!
Серікбай Оспанов.
Айтуғанұлы Киікбай 1748 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Баян ауылында дүниеге келген. Сол жерде 1842 жылы қайтыс болды. Белгілі би әрі шешен. Бала кезінде Қожаберген жыраудың медресесінде оқыған. Самарқанд медресесін бітіріп келген соң, ол өз ауылында медресе ашып, балаларды оқытады. Киікбайдың әкесі Айтуған, атасы Шама жоңғарға қарсы шайқастарда батырлық көрсеткен. Сондай-ақ Айтуған 1770-71 ж.ж. қазақ жерін Еділ қалмақтарынан азат етуге, 18-ғасырдың аяғында Батыс Сібірдегі патша отаршыларына қарсы күреске қатысқан. Оның көптеген тапқыр сөздері, даулы мәселелерді шешудегі әділ шешімдері мысалы: Сексен батырға, Есеней Естемісов батырларға айтқан сөздері, т.б. халық есінде сақталған.
Сүгірбаев Таңат
Алдайұлы Қара би 17-ғ-дың 2 жартысында, қазіргі Жамбыл ауданында дүние есігін ашқан. 18 ғ-дың ортасында сонда қайтыс болады. Халқына танылған белгілі билердің бірі, Қожаберген жыраудың шәкірті. Алдайұлы Қара би қазақ-қалмақ соғысының батыры. Үргеніш медресесінде парсы, араб, шағатай тілдерін үйреніп, рухани білім алған. Еліне оралған соң медресе ашып, бала оқытумен айналысты. Дау-дамайларға араласып, әділдігімен халық арасында беделге ие болған. Бидің балалары Дос батыр, Жабай батыр, Жабайдың баласы атақты Тоқсан би кейіннен атасы туған Қарағайлы к-н иеленді. Алдайұлы Қара би ашамайлы керей руынан. Оның ұрпақтары Солтүстік Қазақстан облысында және Ресейде турады.
Сүгірбаев Таңат
Тоқсан би Жабайұлы (т.-ө.ж.б.) – шешен, би, әкесі Жабай Абылай ханның батырларының бірі болған, керей тайпасының басшысы. Тәтіқара ақын өзінің өлеңдерінде Жабай батырдың ерліктері туралы жырлаған. Тоқсан бидің жеке тұлға ретінде танылуына керей тайпасынан шыққан атасы Қара би көп ықпал еткен. Ол немересін шешендік өнерге баулыған. Тоқсан би бала кезінен атасымен бірге жүріп, атақты шешендермен, билермен кездескен және жиі ауызша сөз жарыстарға, сөз таластарға қатысқан. Жас кезінен өз тайпасының ақылшысы болып қана қоймай, әділ биі болған. 15 жасынан бастап халық оны Төбе би, солтүстік өңір қазақтарының бас биі деп атады. Алғашқыда Тоқсан би Ақмола округінің Еменәлі-Керей болысының биі, сосын Тобыл губ-ның барлық қазақ болыстарына би болды. 2000 ж. тамыз айында Ғ.Мүсірепов ауданы Западный селосының маңындағы Тоқсан бидің қабіріне құлпытас қойылды. Құлпытаста «Тоқсанбай би Жабайұлы. Алдай атасы. Керей руы ХІХ ғасыр» деген жазу бар. Западное селосы қазір Тоқсан би ауылы деп аталады.
Сүгірбаев Таңат
Жабайұлы Сексен 19 ғ., Жамбыл ауданы, Талпын ауылында дүниеге келді. Батыр, ұлт-азаттық көтеріліске қатысушы. Ресей отаршылдарына қарсы қарулы күреске елді бастаған. Жамбыл ауданы жерін әскери экспедициядан сақтап қалуға ат салысады. Жергілікті халық оны батыр, күрескер ретінде естерінде сақтаған. Жабайұлы отаршылдар қолынан қаза тауып, Талпын ауылының маңында жерленген. 1995 ж. Ұрпағы сол жерге ескерткіш тұрғызып, ас берді.
Сүгірбаев Таңат
Барлыбаев Тебей (1783-1863) Барлыбай қажының екінші баласы. Руы Көшебе Керей. Ата қонысы қазіргі Жамбыл ауданы Бақыр ілген (Петровка) аулының оңтүстік жағында. Тәбей зор денелі, көрікті, салтанатпен жүруді ұнатқан кісі.
Тәбей орыс тілін жақсы білген. Қазақ даласында хандық билік жойылып, Орта жүз қазақтарының жері әкімшілік жағынан ауыл, болыс,округ болып бөлінгенде Омбыдағы орыс басшыларымен жақсы тіл табысқан. Соның нәтижесінде ол 1824 жылы патша үкіметінен «Құрметті қазақ» атағын алған. Батыс Сібір генерал губернаторы шекералық комиссиясы-ның мүшесі болып сайланады.1830 жылы қаңтар айында дуанға кіруге тиісті қазақтардың есебін алады. Есепке әр ру бойынша үй санын, адам санын, малының санын кіргізген. Пресногровтағы орыс отрядының командирі подполковник Набоков оның еңбегін бағалап наградаға ұсынады.
Губерния басшылары Керей руының Нұралы атасын ата қонысы Бүркеутал деген жерден қуып, ол жерге жазалаушы отрядын салмақшы болады. Бірақ қазақтар күнде жаңадан салынған үйлерді жандырып отырған. Сол кезден ел аузында мына әңгіме қалған екен.
Қазақтар «Үлкен Өтеп» деген көлдің жанындағы қалың ағаш ішінен қашып жүрген жеті орыс адамын ұстайды. Бұлар балық аулап, саңырауқұлақ, шие теріп күн көріп жүрген екен. Оларды Тәбейге апарады. Олар Тәбейге жалынып: ағаштан қиып үй салатынын, арба, шана, үй жиһаздарын істейтінін айтады. Салтанатты жүруді ұнататын Тәбей ірі қалаларда мініп жүретін арбалар істетеді.Үй салғызады. Қазақтар мен орыстар арасындағы талай даулы істердің бітімін тауып, екі жақты ақылмен келістіріп жүреді.
Тәбей Барлыбаев қоғамдық қызметін қазақтардың мүддесін қорғауға өте шебер пайдаланып, қандастарының арқасында зор беделге ие болады. 1840 жылы қыркүйек айында Есеней Естемесовтың Аманқарағай дуанының кеңесшісі болып сайланады. Осы жылы ауыл екіге бөлініп, бір бөлігі»Арғын дуаны» деп аталып, Орынбор губерниясына қарап кетеді.
Тәбей Барлыбаев Құсмұрын сыртқы округінің приказының кеңесшісі болып тұрған кезде Сібір Қазақтарының шекаралық басқармасының тапсырмаларын орындап, қолын қойып, өзінің жеке мөрін басып отырған.
Тәбей Барлыбаев ел билеумен қатар қазақ фольклорын, шежіресін, шешендік сөздері мен аңыз-жырларын жинаумен айналысқан.Әнші Сегіз сері Баһрамұлымен тілектес, сырлас болған. Сегіз сері қайтыс болғаннан кейін Тәбей ақсақал інісінің мұрасын, шежіресін жоғалтпай ұрпаққа жеткізуді ойластырады. Ақсақ темірдің ақылшысы болған Танаш бидің арғы бабасы Жанай-Бағлан биден басталатын Орта жүз Ашамайлы Керейдің көлемді шежіре – жылнамасын өзі толықтырып, өлең жырларын, қисса-дастандарын Омбының Мемлекеттік архивіне тапсырған.
Тәбей Барлыбаевтың кейінгі ұрпақтарының шежіресі былайша таралады. Тәбейден: Қожахмет, Ермұхамед, Ешмұхамед, Тәшмұхамед (Тәштит).
Қожахмет пен Ермұхамедтен ұрпақ жоқ. Ешмұхамедтен Хасен, Құсайын атты екі бала дүниеге келеді. Құсайыннан – Мәмбет, Қамза туады.
А.Күзембайұлы
Бектас Қырғызұлы 1817 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданының Семиполь ауылдық округіне қарасты Малдыбай қыстауында туған. 1866 жылы дүниеден өтеді. Қоғам қайраткері. Астрахань қаласындағы Қызылжар медресесін бітірген соң, Қазанда жүріп заң, құқықтық білім алады. Көп жылдар бойы Омбы қаласының соты болып жұмыс істеген. Халық арасында қызыл тілді шешен және әділ би соты ретінде танымал. Ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы атақты Исатай Таймановтың кіші қарындасына үйленген. Бектастың әкесі Малдыбай Қырғыз өлкесінің беделді адамдарының бірі болған, қасиетті Меккеге 7 рет қажылық сапарға барған.
Сүгірбаев Таңат
Барлыбаев Итемір Барлыбайдың үшінші баласы. Шежіре бойынша 1804 жылы туып, 1889 жылы қайтыс болған. Денесі Айымжан ауылы маңындағы Сексен зиратына жерленген. Ал Алматы архивінде 1798 жылы туған деп жазылған.
Алдымен ауыл молдасынан сауат ашқан Итемірді Барлыбай қажы үлкен баласы Тәбей оқыған оқу орындары – Преснов одан кейін Пресногорьков орыс мектептерінде оқытады. Мектепті үздік бітіріп, орыс тілін жетік меңгерген Итемір ағасы сияқты ел басқару жұмыстарына араласады. 18 жасында Сибан-Көшебе болысының биі болады. 1868 жылға дейін осы қызметті атқарады. Ел басқару жұмыстарында әділдігімен, турашылдығымен, жомарттылығымен, елге жасаған қайырымды істермен халықтың құрметіне бөленеді.
Әубәкір Кердері Шоқанұлы Итемір туралы была дейді:
Бұрынғы өткен билер сондай еді,
Қақ жарған қара қылды қандай еді!
Қызығып дүниеге жол айтпаған
Ақылы жанып тұрған шамдай еді.
Өкшесі аумайтұғын тамдай еді, – деп жырлайды.
Итемірден Күзембай, Ешқұлық, Көшқұлық атты үш бала дүниеге келген. Күзембайдан – Үмітбай. Үмітбайдан – Шұғайып. Шұғайыптан – жеті бала: Тоқтамыс, Асыл, Ақыл, Мауыт, Шұға, Серікбай, Райхан туады. Ешқұлыдан Молжігіт туады. Молжігіт Әлтидің керуен басы болған.
А.Күзембайұлы
Барлыбаев Қожахмет Би. Қожахмет Тәбеев Алматы орталық архивінің дерегі бойынша 1855 жылы Сибан-Керей болысының кеңесшісі болған. 1855 жылы 18 шілдеде жазылған құжат бойынша Қожахмет Құсмұрын дуанының кеңесшісі болған. Қожахметте ұрпақ жоқ.
А.Күзембайұлы
Барлыбаев Тәшмұхамед. Азан шақырып қойған аты Тәшмұхамед болғанмен, ел ауызында және ресми құжаттарда Тәштит деп аталады. Ауыл молдасынан хат танып, үш жыл ішінде Құранның көптеген сүрелерін жатқа біліп, «Бала молда» атанған Тәштит он алты жасында ел билеу жұмысына араласады. 1850 жылы Құсмұрын дуанының тілмашының қызметіне ауысады. Тілмаштық қызметінің арқасында Тәштит жас кезінде – Санкт-Петербург, Екатеринбург, Тобыл, Омбы қалаларын аралап, көпті көреді. Табиғатында өнерпаз болып туған ол көптеген музыкалық аспаптарда ойнаған. 1855 жылы Тәбей демалысқа шығуына байланысты өзінің орнына Тәштитті Құсмұрын дуанының кеңесшісі қылып сайлайды. 1860 жылы Көкшетау дуанының кеңесшісі болып сайланады.
Тәштит ұйымдастырушылық, адамгершілік, өнерпаздық қабілетімен патша чиновниктерінің де көзіне түсіп, 1860 жылы 7 наурызда 27 жасында «хорунжий» атағымен марапатталған. 1868 жылы дуандық жабылғаннан кейін қай жерде жұмыс істегені белгісіз. Бірақ 1890 жылдары Петропавл уезі, Преснов болысының биі болған.
Тәштит кейбір деректерде «Барлыбаев», кейбір деректерде «Тәбеев» болып, екі фамилияда кездеседі.
Тәштиттің кейінгі ұрпағы туралы Әлти қажының немересі Сермағамбет Сейітахметұлы былай дейді: «Тәштит атамыздың елдің құрметті адамы болғаны туралы ел арасында көп айтылады. Соның бір белгісі елдің үлкен-кішісі «Тәтең» деп атап кеткен екен».
Тәштиттен Қамза атты бала туады. Қамзадан Меден, Нұраш атты екі ер бала, бір қыз бала – Сайран туады.
Меденнен үш бала: Әміржан, Бағытжан, Қажыгелді, төрт қыз бала: Күлзипа, Мәриям, Күлпан, Үмітжан туады.
Нұраштан үш ер бала: Серғали, Серік, Берік, алты қыз бала: Ақлима, Жаңыл, Дәмелі, Сәуле, Шолпан, Жамал туады.
А.Күзембайұлы
Барлыбаев Садуақас. Садуақас 1879 жылы дүниеге келеді. Әлти қажының ұрпағы. Садуақас ұзын бойлы, денелі, көрікті, шоқша сақалды, мінезі ауыр, көп сөйлемейтін адам болған. Әлти қажы 46 жасында шаруадан қалады да, бай шаруашылықты 21 жасар Садуақас басқарып әкетеді. Қазіргі Жамбыл ауданының жеріндегі Преснов болысы Таузар мен Аққұсақ болысы болып екіге бөлінгенде Садуақас Аққұсақ болысына болыс болып сайланады.
1918 жылы шілде айының аяғында Аққұсақ болысында үлкен оқиға болады. Мұнда Алаш Орда басшыларының ұйымдастыруымен үлкен жиналыс болып, оған Ақмола облысының Қызылжар және Көкшетау уездерінің 22 болысының өкілдері қатысады. Жиналыстың күн тәртібінде большевиктердің қаупінен құтылу үшін Алаштың милициясын құру мәселесі қаралып, осы жиынның шығының Садуақас өз мойнына алады.
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде 1928 жылы 10 қыркүйекте жазылған тәркілеу хаттамасында Төңкеріс ауданының екінші ауылынан Садуақас Әлтиев тәркіленгені жазылған. Әлтиев Садуақастан – 78 жылқы, 38 ірі қара мал, 130 қой, 2 бричка, 2 шөп шабатын машина, 1 соқа, 2 жалшы. Сөйтіп, отбасымен бірге Ақтөбе қаласына жер аударады. Садуақастың әйелі Күлжамалдан Сәруар, Мағиша, Қағида атты ұл-қыздары дүниеге келеді.
А.Күзембайұлы
Барлыбаев Сейдахмет. Сейдахмет молдадан оқып, хат таныған. Жас кезінде өлең-жырлар мен қиссаларды оқыған. Байлық жинаудан гөрі той-думан, серілікке көбірек көңіл бөлген. Сейдахмет Абай өлеңдерімен 1916 жылы жақсы таныс болған.
Сәбит Мұқановтың деректері бойынша Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Преснов болысының ревком председателі болған. 1919-1921 жылдары Преснов атындағы облыстық ревкомның предсидателі болып сайланады.1934 жылдар Сейдахметтің мал бағудан басқа үлкен кәсібінің бірі – колхоздың малын сою болады.
Сейдахметтің үлкен баласы Сабыр 1939 жылы 18 жасында 15 жасар Қабдоллақызы Әнузаға үйленеді. Екеуінің отбасында 15 бала дүниеге келеді. Олар: Қайыргелді, Күлзайра, Нұрмағамбет, Аймағамбет, Баймағамбет, Есмағамбет, Амангелді, Нағашыбай, Әнуарбек, Баян, Ақан, Күлбәршін, Күліг, Қадиша, Сәуле.
А.Күзембайұлы
Марал ишан Құрманұлы Керей руының Тарышы тайпасына жататын Ақсары атасының Нұрымбет әулетіне жатады. Бұл елдің атақонысы осы күнгі Ресейдің Қорған облысы, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы.
Біз әңгіме еткелі отырған Марал Құрманұлы жөнінде революцияға дейін де, одан кейін де, біздің заманымызда да біршама кітап, газет-журнал беттерінде мақалалары шықты. Бабамызға байланысты материалдарды энциклопедия беттерінен де табуға болады.
Марал ишан сол қозғалыстың рухани көсемі болған адам. Қазақ қоғамының осы тұста дағдарысқа ұшыраған ұлттық рухын көтеруге діннің ықпалын пайдалануға тырысқан Марал бабаның азаматтық ерлігін ұмытуға болмайды.
Ишанның әкесі Құрман Кенжебайұлы бес уақыт намазын қалдырмаған, әрі батыр, әрі діндар адам болыпты. Оның ерекше бір қасиеті – адам емдейтін тәуіп екен. Абылайдың батырларының бірі, бірі емес бірегейі болып есептеліпті. Жоңғар қонтайшысы Қалден-Цереннің қазақ әйелінен туған екі қызының бірін Абылай, Фатима атты екіншісін Құрман алыпты. Одан Құлжа, Арал, Марал атты ұлдар дүниеге келген. Олай болса, Марал Қалден-Цереннің туған жиені, Кенесары, Наурызбай батырлардың туған бөлесі. Білгендердің айтуына қарағанда Фатима шешей осы күнгі Қызылорда облысының Жосалыдан 18 шақырым жердегі «Қамыр қорымы» деген жерде жерленген дейді.
Марал ишан 1780 жылы Қостанай облысының солтүстігіндегі Обаған өзенінің кейіннен «Марал шілігі» атанған қоныста дүниеге келіпті. Оның ұрпақтары осы күнге дейін Троебратное селосының жанындағы Нұрымбет деген ауылда, Әулиекөл, Құсмұрын, Жүзбай, Бестау елді мекендерінде өмір сүріп жатыр. Осы күнде жүз жылдан аса тарихы бар Қостанайдағы Ақ мешіт, Бестаудағы ұрпақтары тұрғызған мешіт бабаның есімімен аталады.
Кейбір деректерде Маралдың азан шақырып қойған есімі Иса дейді. Әкесінен 9 жасында жетім қалады. 13 жасына келгенде шешесіне еріп Ақ мешіт жағына келген дейді . Негізгі мақсаты – білім алу, әлбетте, ол кездегі білім – діни оқу. Ақ мешіт маңайындағы Құланбай ишанның Меңдібике атты қызына үйленген Марал қазіргі Өзбекстан елінің Жам тауының үңгіріндегі Жалаңаяқ ишанның медресесіне жүз шәкірттің бірі болып оқуға кіреді. Осы медресені жеті жыл оқып, білімін тереңдету үшін тағы да үш жылға қалады. Он жыл оқыған Марал ишан аман-сау еліне қайтыпты. Арқаның Қайранкөл жазығында ол өзінің халқына орасан зор қызмет етеді, ауру-сырқауларды емдейді, тәбиптік кәсібін көріпкел-сәуегейшілікпен ұштастырып отырады. Көп ұзамай Маралдың аты бүкіл қазақ даласына тарайды.
Марал бабамыз тек діншіл ғана адам емес, ол – қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескер, ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көсемі. XIX ғасырдың 30-жылдары Марал ишан қазақ халқын «Ғазауат» соғысына шақырды. Алдымен Құсмұрын атырабында басталған бұл қозғалыс Қазақстанның солтүстігінің біраз жерін қамтыды. Кейбір зерттеушілер «Ғазауат» соғысын қолына қару алып, жауға қарсы тұру деп есептейді. Ал енді ислам дінін берік ұстаған, жан-дүниесі таза адам басқа дінді дәріптейтін басқыншыларға іштей болса да қарсылық көрсетті. Мұсылман діні өктемдік атаулының баршасына қарсы екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Марал бабамыз патша үкіметі чиновниктеріне қайта-қайта адам жіберіп, хат жазып, қазақ жерінде орыс бекіністерінің салынуына қарсылық білдірді. Еш жауап ала алмаған ол әскер жинап, қарулы қарсылық білдіруге дейін барды.
1819 жылдың жазының басында Керей-Уақ, Атығай-Қарауыл елдерінің басты адамдарының бас қосып, Қақ сорының жағасында өткізген құрылтайында Есенейдің боз биенің сүтіне шомылдырып, үстіне шымқай ақ киімдер кигізіп, Марал ишан әулие, дуалы ауыз билер мен бектер, батырлар ақ баталарын беріп, жиналған көп ақ тілек тілеп, ақ кигізге отырғызып көтеріп, бір ауыздан мақұлдап, Сібір қазақтарының шорасы етіп сайлапты. Естемесұлын шора сайлауға Омбы, Қызылжар шаһарларында тұратын қазақ, татар дінбасылары мен мырзалары да белсене қатысыпты.
Шора болып ел басқаруымен қатар, Есеней өз ұстазы Марал ишан Құрманұлы бастаған ғазауатқа бұрынғысынша белсене қатысып, оған әскерге елден ат-азық, киім жинап беруге көмектеседі. Қызылжар жерінде атақты Сартай, Шақшақ батырларымен тізе қосып, шайқасқа шығады. Орыстардың бірнеше бекіністерін талқандап, бұлар халық алғысына бөленеді. 1834 жылы «Қожаберген Шөптікөл» жағасында болған Сартай батыр мен отаршылар арасында болған ұрыс Сегіз Серінің «Туған еліме» деген өлеңіне арқау болған .
Марал бабамыз қолбасшыларды желеп-жебеп, ақ батасын беріп отырғандығы да кездейсоқ емес. Бұл – рух құдіретінің киелі парасаты. Даңқты Кенесары өзінің қарын бөлесі Марал ишанның данышпандығына бас иіп отырған. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал келісім беріп, хан сарайының Кеңес құрамына кіреді. Кенесары көтеріліс бастап, бодандыққа қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Батыс-сібір мұсылмандарының өз бетінше сайлап қойған бас мүфтиі болатын.
Бұдан былай даулы мәселелер шариғат үкімі бойынша шешіліп отырды. Қазақ қосынына рухани демеу көрсетіп, кей жағдайда өз бойындағы керемет қасиеттерімен де көмектеседі. Кезінде Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі болады. Ол білген ақыл-кеңесін айтып отырады. Орыстардың әскери техникасының артықшылығын, артынан келер көп күш бар екенін айтып, осы соғысты одан әрі соза бермеуге Кенесарыға кеңес береді.
Соғыс жағдайындағы халықтың жағдайын жақсартып, игілікке жеткізудің таптырмайтын көзі – оларды егіншілікпен айналыстырып, отырықшылық тұрмысқа үйрету керек екендігін Марал ишан үнемі шегелеп айтып отырған. Маралдың бұл ойынан кейін Кенесары жақтастарын дереу егіншілікпен айналысуға үгіттейді. Осыған байланысты Орынбор шекара комиссиясының есептеріне былай деп жазылған: «Ресей төңірегіне оралуға мүмкіндігі болмағандықтан, ол өзінің жасақтарына Іле мен оның тарауларының жағалауларында егіншілікпен айналысуға ақыл берді».
Кенесары жақтастарының егіншілікпен айналысқанын Кенесары ордасында болып қайтқан Дәулеткелді Беспаев та әңгімелейді. «Қиын жағдайда болғандықтан, өзінің жақтастарына тамақ табудың жалғыз жолы әрі лайықты шара ретінде егіншілікпен айналысуды ұсынды». Сонымен Кенесарының егіншілерді қолдау саясаты қазақтардағы егіншіліктің онан әрі дамуына әсер етті. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында-ақ егіншілікпен қазақ руларының едәуір бөлігі айналысты. «Кенесарының көтеріліске қатысушылардың материалдық жағдайын жақсартудың жалғыз жолы егіншілік деп түсінген деу керек». Бұл Кенесары серігінің бірі Марал Құрмановтың сөзімен расталады, ол өзі «Сендерді егіншілікпен байытамын» деп, қазақтарға уәде беріпті» деп көрсетеді Е.Бекмаханов.
Бабамыздың қыр мен Сырға кең жайылған ата-даңқы, отаршыл орыс үкіметінің үрейін алды. Оның іс-әрекеті орыс ұлықтарын қатты абыржытып, әрбігерге салды. Қазақ-орыс арасындағы саяси мәселелерді Марал бабамыз келіссөз арқылы шешуді көздеді. Осы мақсатпен ол Омбыға Керей болысының ақсақалы Байсал арқылы екі хат жібереді.Біреуі Орынбор әскери губернаторы Эссенге, екіншісі, Сібір жеке корпусының командашысы Капцевичке жолданды. Татар мәнерінде жазылған екі хаттың да мағынасы бірдей.
Сібір әкімшілігі бұл жағдайды, әсіресе Марал Құрманұлының Петербургқа барып-қайтуға тілек білдіріп жүргенін Азият департаментіне хабарлайды. Вице-канцлер граф Несельроде 1821 жылғы 20 қаңтарда Сібір генерал-губернаторы Сперанскийден хат арқылы Марал өтінішінің мән-жайы туралы пікірі қандай екенін сұрайды. 1822 жылғы 24 қаңтарда ол граф Несельродеге хатпен жауап қайтарады.
Граф Несельроденің баянхаты бойынша Марал Құрманұлын Петербургке шақыртып алу туралы 1822 жылғы 12 ақпанда жарлық шығып, оны жолға қамдау жөнінде тиісті нұсқаулар беріліп, қажетті жұмыстар атқарылып жатады. Марал Құрманұлын астанаға алдыру жөніндегі жарлыққа орай генерал Капцевичтің жазған хаты иесінің қолына тимей, Байсалдың қалтасында қала береді. Бабаның патша қабылдануына бармаған себебі де бүгінде анықталғандай. 1821 жылдың маусымында Орынбор генерал губернаторы жүзбасы сұлтан Жантөре Жиһангеровке Маралды тауып алуды тапсырса, ол өз тарапынан сұлтан Жұма Құдаймендиевке Маралды ұстауды бұйырған. Ал орыс әскерінің полковнигі Грамматин Сұлтан Шотайға Маралды ұстауды тапсырған. Осындай жағдайларды біліп отырғандықтан да қабылдауға бармаған сияқты.
Марал бабамыз ұлт-азаттық қозғалыстың өз мақсатына жетпейтіндігін сезгендей болды. Себебі, көріпкелдік және сәуегейлік қасиеті бар ол сол кездегі қазақ халқының мүшкіл халін түсіне білді. Ол осы жылдары башқұрт, татар халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын қолдап, отаршыларға қарсы ортақ майдан ашуды ойлайды. Ол сол елдерге елші жіберді деген де деректер бар. Яғни, оны пантюркизм идеясының негізін қалады деуімізге болады.
Көршілес жатқан мұсылман елдерін біріктіріп, Мұхаммед пайғамбар туы астында мемлекет болу қажеттігін айтқан да Марал баба. Сондықтан оны пантюркизм идеясының негізін қалаушы деп те айтуға болады.
Маралдың қазақ сахарасынан кетуі турасындағы хабарлар түрлі-түрлі болды. Кейбір сыбысқа қарағанда, ол «Алашшылдардың» шақыруы бойынша солармен бірлесіп, хиуалықтармен соғысып жатқан Бұқар әміріне көмек беруге кетті дейді. Ал бұдан гөрі дұрысырақ хабар 1824 жылы алынады.
Оған бақсақ, 1823 жылдың жазында хиуалықтардың Бұқарға бара жатқан керуенге шабуыл жасап, қазақ кірекештерінің мың түйесі мен жүз мың қойын айдап алып, елу адам өлтіріп кеткен хабарын ести сала Марал Құрманұлы ақ адал мал-мүлікті қайтару үшін Хиуаға аттанғалы қол жинайды. Халықты бұл жорыққа көбірек тарту үшін жұртқа жар салып, бұл жолы өзімен бірге жауға қарсы барғандарға оқ өтпейді, қылыш дарымайды деп жариялайды. Дұшпанды жаппай, таланған малды түгел қайтарып олжалы оралатынына сенген қазақтардың көпшілігі Құрманұлының уағдасына қызығып Хиуаға қарсы аттанады. Жүзеге асуы екіталай бұл қатерлі сапардың немен аяқталғаны белгісіз. Марал ишанның бұдан кейінгі тағдыры да беймағлұм.
Марал ишанның өмірден өткендігі жайлы әртүрлі мағлұматтар бар. Белгілі журналист Т.Дайранбай баспасөз беттерінде Марал ишанның 1852 жылы тірі екендігін айғақтайтын құжаттар бар екендігін жариялаған. Сонымен қатар орыс полковнигі И.Ф.Бларамбергтің «Естеліктер» атты кітабында 1852 жылдың бірінші тамыз күні Марал Құрманұлын Ақмешіт маңайында көргенін айтады. Олай болса ишан Сәден Нұртайұлымен көрнекті журналист Сырлыбай Бүркітбайұлының айтқанындай 1841 жылы емес, туған елі Арқаға қыдырып барған кезінде мүшелді жасында шамамен 1853 жылы жаз айларында дүние салған. Қабірі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығы Жосалыдан солтүстік-шығысқа қарай сегіз шақырым қашықтықта бұрын Қамыр қорымы аталған биік жалпақ төбенің басында. Қазір ол қорым «Марал баба қорымы» аталады.
Бабаның 4 әйелінен сегіз ұлы болған. Құланбай ишанның қызы Меңлі бикеден Қалқай, Қалыбай, Елібай туады. Екінші әйелінен – Пірзада мен Текзада. Бұлардан қазір тұқым жоқ. Бір әйелінен – Есмұхаммет пен Жармұхаммет. Олардан есейіп келгенде туған – Есей, шал болғанда туған – Шақай деп атаған. Шақай сәби кезінде өлген. Соңғы әйелінен – Смайыл. Ол да бала кезінде дүние салған. Қалған – Қалқай, Қалыбай, Елібай және Есей ұрпақтары Қызылорда, Қостанай, Торғай, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Өзбекстан жерлерінде тұрады.
Марал бабамыздың ұрпақтары да дін жолына түскен қайраткерлер. Қалқа ишан, Ысқақ ишан, Әмит ишан, Мамырбай ишан, Асан ишан, Қабылай ишан, Елібай ишан, Оспан ишан бүкіл өмірін қазақ ішінде ислам шапағатын уағыздауға арнаған.
Марал ишан қозғалысының сәтсіздікпен аяқталуына бірнеше себептер болды. Біріншіден, қозғалысқа қазақтың көптеген рулары атсалыспады. Бұл кезде қазақ қоғамы екіге бөлініп, олардың бір тобы орыс әкімшілігінің ырқынан шыға алмады. Екіншіден, Марал ишан қазақ үшін қалыптасқан саяси жағдайдың тұрақсыздығын ескермеді. Бүкіл мұсылман халықтарының басын қосып, бірегей ислам мемлекетін құру оның орындалмас арманы боп қала берді. Үшіншіден, қолына қару алған қазақ жігіттерінен не сұлтанда, не батырларда береке болмады.
Сондықтан да, бабамыз қарулы қарсылықтан гөрі, рухани қарсылыққа көңіл аударуды дұрыс деп есептеді. Дегенмен, Марал ишан әскерлері Ресей үкіметінен жеңіліс тапты деген қорытынды жасаудан аулақпыз. Ашамайлы Керейлер қозғалысы Саржан төре мен Жоламан Тіленшіұлының Ресей отаршыларымен қарулы қақтығысына ұласты. Мұның барлығы ақырында 40 жылға созылған Кенесары хан бастаған қазақ-орыс соғысын туғызды.
Қорыта келгенде, Марал ишан қозғалысы діни сипатта болғанымен отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық соғыс екендігін мойындауымыз қажет. Өкінішке орай, діни қозғалыс деген желеумен ғылыми зерттеуден тыс қалған бұл проблеманың біздің білгенімізден білмегеніміз көп екендігі белгілі. Бұл тақырып терең зерттеуді, тың деректерді ашуды, шетелдік мұрағаттардағы құжаттарды елге әкелуді, сөйтіп, діни қозғалыстарды ұлт-азаттық күрестің бір тармағы екендігін дәлелдейтін уақыт жетті.
Тәуелсіздік алған жылдары бабамыз өз ұрпағымен қайта қауышты. 2005 жылы Қызылордада оның 225 жылдық, 2010 жылы 230 жылдық мерейтойы өтті. Жылда туған жерінде оған арнап ас беріліп жатады. Бүкіл жасалып жатқан іс-шараларға шартараптан қазақтың нарқасқа азаматтары жиналады. 2010 жылдың 29-30 қазанында Қызылорда қаласында жергілікті Қорқыт ата атындағы университетте Марал ишан Құрманұлының 230 жылдық мерейтойына арналған «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған еліміздің Астана, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Көкшетау сияқты қалаларынан елге белгілі дінтанушы, әдебиетші, тарихшы ғалымдар қатынасып, азаттық қозғалысындағы дін мен діни қайраткерлердің қосқан үлесі жайында пікір таластырды. Конференция қорытындысында ислам өркениетінің қазақ даласында пайда болып, дамып, терең бойлауы жөніндегі тақырыптарға жыл сайын осындай ғалымдар жиынын өткізіп тұру туралы шешім қабылданды. Келесі күні келген қонақтар Марал бабаның қабіріне зират етті.
А.Күзембайұлы.
Есет батыр Қожабергенұлы 1688 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданының Гүлтөбе қонысында дүниеге келген. 1772 жылы Ресейдің Түмен облысына қарасты Исет ауданында қайтыс болады. Татар (түрік) аймағының көсемі, шора. Атақты «Елім-ай» әнінің авторы Қожаберген жыраудың төртінші ұлы. Самарқан медресесін бітірген. Есет батыр соғыста татар, башқұрт, қазақтардан тұратын үлкен отрядты басқарған. Оған арнап Дәстем сал, Жанкісі, Тәттіқара, Үмбетей, Жанақ, Көтеш, т.б. ақындар өлеңдер мен поэмалар арнаған. Оның батырлығына тәнті болған Сібір татарларының бектері мен билері Есет батырды басшы (шора) етіп сайлау үшін Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтаннан оны өздеріне жіберуін сұраған. 1746-72 ж. Есет батыр татар аймағының көсемі ретінде танылған. Есет батыр көшпелі өмір салтын қалыптастырған, үйлер салып, ауыл ұйымдастырған Есілдің саласы әлі күнге дейін Есет өзені деп аталады. Қазір ол жерде Түмен облысы, Исет ауданының орталығында шағын Исет қонысы бар.
Сүгірбаев Таңат
Жәнібек батыр Төлекұлы 17 ғ-дың басында Солтүстік Қазақстан облысы, Еменалы жалы қонысы (қазіргі Архангелька ауылының орнында туған. 17 ғ-дың 2-жартысында сол жерде қайтыс болады. Белгілі қолбасшы Толыбай сыншы Дәуленұлының сардарларының бірі. Еділ және жоңғар қалмақтарына қарсы соғыста белсенділік көрсеткен. Жәңгір хан оны «Ер Жәнібек» деп атаған. Үргеніш қаласындағы медреседе оқып, Құран хадистерінен басқа араб, парсы, ежелгі түркі тілдерін үйренген. Жәнібек батырдың ұрпақтары қазір Жамбыл ауданы, Архангелька, Үлгі ауылдарында, Петропавл қаласында және т.б. елді мекендерде тұрады. Жәнібек батырдың ұрпақтарының бірі Жолан батыр Сармантайұлы 19 ғ-да өмір сүрген. Сонымен қатар «Қабылдау», «Хасен-Мариям» поэмаларының авторы, ақын және ағартушы Біржан Берденұлы да Жәнібек батырдың ұрпағы.
Сүгірбаев Таңат
Толыбай сыншы Дәуленұлы 1603 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Благовещенка селосы маңындағы Гүлтөбе елді мекенінде дүниеге келген. 1980 жылы қайтыс болады. Батыр, қолбасшы, жоңғар шапқыншыларымен болған ұрыстарға қатысқан. Сонымен қатар әділ би, қызыл тілді шешен, көріпкелдік қасиеті болған. Осы тамаша қасиеттерінің арқасында қазақ халқының арасында ғана емес, сонымен қатар көршілес елдерге де танылды. Толыбайдың ұрпақтары Жамбыл ауданында тұрады.
Сүгірбаев Таңат
Итеке Батыр Жандосұлы 1759 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Коновалов ауылы орнындағы қоныста дүниеге келед. 1831 жылы сонда қайтыс болады. Қазақ-жоңғар соғысының батыры. Ауыл молдасынан, кейіннен Қазақ қаласындағы медреседе оқыған. Мұнда діни біліммен қатар араб, парсы, ежелгі түркі және татар тілдерін үйренген. «Қошмұхамед қонысы» кейіннен Итеке батырдың әкесінің атымен «Жандос қонысы» деп аталған. Итеке батырдың ұлы Аулабай ірі билердің бірі болған. 1830 ж. Аманқарағай округі құрылған кезде Итеке батыр аға сұлтан Жалбыр Абдуллиннің бірінші орынбасары болып сайланған. Меккеге барып, қажылық сапарын өтеп қайтқан. Өз ауылында әкесі ашқан мешіт пен медресені қаржыландырып отырған.
Сүгірбаев Таңат
Нұрқан болыс. Нұрқан – 30 жыл болыс болған адам. Болыстыққа өту үшін сайлауға қатысу керек. Егер сайлаудан өтсе, онда төрт жыл бойы қызметті атқаратын болған. Болыстық қызмет – кеңес уақытындағы аудандық атқару комитетінің басқармасы (райисполком) қазіргі аудан әкімі. Тек қырық бойдақтық (Усть-Уйиский) қазақша жақсы білетін Чиркин деген орысы Нұрқанның хатшысы болса керек. Құжаттар Чиркиннің арқасында екі тілде жүргізілген. Келесі төрт жылға Нұрқан болыс тағы да өзінің кандидатурасын ұсынады. Орынбор генерал-губернаторының бір полковнигі ауылға келіп, сайлауға қандай дайындықтар жүргізіліп жатқанын тексереді. Нұрқан болыс келген қонақты үйіне шақырып, қонақасы бергенде, шайды болыстың бәйбішесі өзі құйып отырады. Шай ішіп отырған полковниктің көзі бәйбішенің саусақтарындағы алтын жүзіктерге түседі. Егер Нұрқан мырза тағы да болыстыққа өтсе, бәйбіше алтын жүзікті қай саусағына салар екен деген сұраққа бәйбіше екі бас бармақтарын көрсетудің орнына аяғының бақайларына нұсқап, «әлі тағуға орын бар ғой»– деген екен. Келген қонақ болыстың ауылдарын аралап, дайындық жұмыстарымен танысып, қайтадан Орынборға келеді. Барғасын генерал-губернаторға көрген-білгендерін баяндап, Нұрқан болыстың тойып-толғанын енді оны болыстыққа сайламаудың, сайлаудан өткізбеудің жағдайын ойластыру қажеттігін жеткізеді. Сонымен сол сайлауда Нұрқан болыстыққа өте алмайды.
Нұрқан болыс болып тұрған уақытында жасырын ұрылар ұстап, әр жерлерден жылқыларды айдатып алдырған. Долбушка поселкісінің жанында үлкен көл бар екен. Сол көлдің ортасында арал бар екен. Сол аралға өтетін өткелді Нұрқан мен ұрылардың басшысы ғана білген екен. Қазіргі кезде сол көлде балықшылар жаздай балық аулайды, солар аралды біледі.
Нұрқан қартайып, төсек тартып жатып қалады. Күннен күнге науқасы күшейе түскен соң балалары Үлгілі ауылындағы Зұлқарнайұлы Мұсақажыға барып, жағдайды айтып, олай-бұлай болған жағдайда садақасына не беретінін сұрайды. Сонда Мұсақажы: «Ұрлық, өкім-сорлықпен жинаған Нұрқанның дүние-малы садақаға жарамайды» – депті. Балалары бұл сапардан оралған соң, көп кешіктірмей Әлітен атайға келіп, Мұсақожаның әңгімесін жеткізді. Әйтен бай көп ойламай-ақ сандықтан бір бума ақшаны алып, Нұрқанның балаларына: «Ағамыздың сүйегін тәрбиелеп шығаруға осы ақша жетеді. Құдай алдында сұраусыз, жұмсаңдар» – деген екен. Сол ақшаның саны екі мың рубль, сол кезде бір сиырдың бағасы 20 (жиырма) рубль тұрады екен.
Матақай аталары орта бойдан кішірек кісі болған. Оның үлкен баласы Үмбетқұлдан төрт ұл туады: Әлібек, Жәнібек, Сейтқұл, Қазыке. Осы төрт атаның ұрпақтарын – қаракемпірлер дейді, болмаса, енең балалары дейді. Оның олай аталуы бұрынғы көшпелі заманда ерсілі-қарсылы жүрген жолаушылар көп болған. Осындай ел қыдырған бір топ жолаушы келіп, Үмбетқұл ауылына түседі. Құдайы қонақпыз деп жалғасады. Даржан анамыз отағасы Үмбетқұл үйде болмаса да, құрметпен күтіп, тай сойғызып, жолаушыларды қонақ қылып аттандырады. Осы қонақтарға қарсы ел қыдырып келе жатқан Үмбетқұл атамыз жөн сұрасады, қайдан келесіңдер, қайдан шықтыңдар деп сұрайды. Сонда әлгі қонақтардың бір үлкені – шыққан ауылдың атын ұмытып қалып – бір қара кемпірдің ауылынан шықтық деп жауап береді. Ол кісі бізді жақсы күтіп, құдайдай сыйлады, ризашылығын айтты. Үмбетқұлдың таныстары, туыстары осы әңгімені елге таратып, енді біздің елді қаракемпір елі деп кеткен.
Матақай балалары Ұлытай жақта тұрған. Қостан батырдың атасы Тайлақ батыр немересіне кіші жүздің бір батырының қызына құда түседі. Қостанның атасы өліп қалған соң, кіші жүздегі құдасы қызын бермейді.Содан кейін ер жеткен Қостан батыр ол қызды алып қашады. Солтүстік жақты жайлап жатқан көшебе туыстарында бір қыстайды. Қайтарды осы Обаған бойымен жүріп, шұрайлы жерді көріп, жолдас-жораларымен кездесіп – Ұлы таудағы Матақай балаларына айтып барады, олар әбден келісіп, Обаған өзенінің оң жағына белгілі бір тәртіппен қоныстанады. Бұл әңгімені Бейсенбаев Нүкеннен, ол кісі Жантілеудің Ерғалиынан естідім деген, ал Ерғали би Қостанның немересі. Бұл мәлімдеме ешқандай күмән балмауға тиіс.
Матақай ұрпақтарының алып жатқан аймақтың ұзындығы ???? км. Ені ????, жердің және көлдердің қазіргі аттары: Матақай ұрпақтары қоныстанғанда өз аталарымен орналасқан.
- Ақмырза , Тілеуімбет – Батсалы көл, Шошқалы, Қарамойыл, Тойсал.
- Ерназар, Жаңабауыр – Қаратал, Қарасу, Баялы.
- Қаракемпір: Сарыобаның солтүстігінде – Әлібек (Ақан, Боқан, Бірміш, Жамантай, Амантай, Тоқсанбай).
- Итсары көлінің шығысында (Сарыөлеңде) – Жанжігіт балалары, Жылқыайдар, Бекайдар (Бек), Тоқсан қоныстанған.
- Қайыңды көлін –Байтыс балалары Қостан, Бекпен қоныстанған.
- Итсары көлінің солтүстігінде – Боранбай, Жәмеңке балалары,
- Итсары мен кіші Қоскөлдің арасын – Қасыке қоныстанған.
- Үлкен Қоскөл, Тазкөл, Жамеңке, Мырзакөлде –Жақау атаның төрт-бес ауылы болған.
- Сайдағы ауыл Асқар сайын бойлаған Бекберген, Бектұрған ұрпақтары;
- Жаркөл , Белбеукескен, Сабыр, Ұялы, Қоянды – Сейтімбет атаның ұрпақтары;
- Жалғыз көл аймағын – Тілес атаның балалары;
- Ұлыкөл, Тайсойған, Кебежесай – Кенжебай атаның ұрпақтарының төрт-бес ауылы
болған.
- Тобыл мен Обаған өзені қиылысында – Құлшықай, Қожас және Қаракемпірдің
Құдайқұлдан туған балалары қоныстанған.
Жалпы патша үкіметі кезінде матақай тайпасы екі болыс, төрт ауылнайға бөлінген. Шамамен 18 ғасырдың төртінші ширегінен 19 ғасырдың бірінші ширегіне дейін әбден қоныстанып көшпелі өмірін сүрген.
Қасымжан Оразбаев
Пікір қалдыру