Алаш азаматтары
Садуақасұлы Смағұл 1900 жылы, бұрыңғы Көкшетау облысы, Ленин ауданы, Жарқын ауылында туған. 1933, Мәскеуде қайтыс болды. Ғалым,сыншы, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері. 1910 жылы «Ғалия» медресесін , 1915 жылы Павлодардардағы 2 сыныптық орыс-қазақ училищесін ,1932 жылы Мәскеу көлік инженерлері институтын бітірген. 1918-20 ж. «Центро-сибирь» кооперативтер бірлестігінде қызмет істеген. 1920 ж. Орынборда Қазақстандағы алғашқы Жастар ұйымының хатшысы, Қазақ Автономиялы респ. Үкімет басшылығында қызметкер, 1925-26 ж. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан» ) газетінің жауапты шығарушысы, әрі «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат» ) журналының редакторы, 1925-27 ж. Қазақ АССР-інің Халық ағарту комиссары, 1927-28 ж. Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарған. 1932-33 ж. Мәскеу- Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек еткен. Сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі барлық газет, журналдарда саясат, шаруашылық, ел ісі, мәдениет, әдебиет, өнер, тарих мәселелерін сөз еткен мақалалары , әңгімелері жарияланып тұрған. Садуақасұлының 1934 жылы «Салмақбайдың ауылында қалайша кооперация ашылды» көркем туындысы , 1925 жылы «Жастармен әңгіме», 1926 жылы «Ұлы театр туралы» , 1927 жылы «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» атты үлкенді-кішілі кітаптары жарық көрген. Твертин аударған «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырының орысша нұсқасын және Ж.Аймауытов, М.Әуезов,Б.Майлиндердің орыс тіліне аударылған бір топ шығармаларына алғы сөз жазған. «Сәрсенбек» романының авторы. С-тың алғашқы зерттеу еңбегі «Қазақ әдебиеті» атты тарихи сын очеркі орыс тілінде жазылып, 1919, № 1санында ,Омбыда шыққан «Трудовая Сибирь» журналында жарияланды.1923 жылы «Әдебиет әңгімелері» атты зерттеуі, «Салмақбай, Сағындық»,1927 жылы «Күміс қоңырау» повестері жарық көрген.
Күзембайұлы А.
Тоғжанов Ғаббас Садуақасұлы 1900 жылы , қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Қызыл Ту ауданы, Жарқын ауылында туған. 1937 жылы дүниеден өтті. Жазушы, сыншы. 1915-1917 жылдары Омбы гимназиясында оқыды. «Бірлік » , «Жас азамат» атты қазақ жастар ұйымдарының жұмыстарына араласты. 1919 жылы РКЖО-ның Сібір бюросы жанындағы қазақ- татар секциясының хатшысы, «Еңбекшіл жастар» газетінің редакторы қызметін атқарды. 1920-1922 жж. Ақмола губерниясы төтенше комиссиясының хатшысы, бөлім бастығы, алқа мүшесі болды. 1922 жылы Орта Азия университетіне оқуға түсті әрі «Жас қайрат» (куйінгі «Лениншіл жас») газеті жауапты редакторының орынбасары қызметін атқарды. 1923-1924 жж. Мәскеудегі В.Г.Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтында оқып жүріп, Орталық «Күншығыс» баспасы қазақ секциясының хатшысы болды. 1924-1926 жж. РК (б)П ОК баспасөз бөлімінде нұсқаушы болды. 1926 жылы Қазақстанға шақырылып, Өлкелік партия комитетінде баспасөз бөлімінің меңгерушісі (1926-1928), «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы (1926-1932),Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы (1935-1936), ҚазКСР Халкомсовы жанындағы көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығының бірінші орынбасары, кейін бастығы (1936-1937) қызметтерін атқарды.
«Екі жастың әңгімесі» , «Қазақ кедейіне егіндік пен шабындық жерді бөлуден түсер пайда», «Қазақ ауылы туралы» (І.Жансүгіровпен бірге,1932 ), «Абай» (1935),т.б. еңбектердің авторы.
Күзембайұлы А.
Салин Мінайдар (балта) Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Жапалақ ауылының тумасы. 1904 жылы сәуірдің 15-жұлдызында дүниеге келген. 1923-1925 жылдары Орынбордың жұмысшы факультетін, 1954 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумын, 1961 жылы Жоғарғы партия мектебін бітірген. Қостанай округі комсомол ұйымдарының жетекшісі (1925-1928 ж.ж.), кейін аталған округтің партия шаруашылық қызметтерінде істеген (1928-1938ж.ж.). 1938 жылдан бастап Жер өңдеу ісі министрінің орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің үшінші хатшысы (1939-1940ж.ж.), Қазақстан Компартиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің екінші хатшысы (1943-1945 ж.ж.), Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы (1945-1953 ж.ж.), Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеттерінің бірінші хатшысы (1953-1962 ж.ж.), ҚазКСР кеңшарлар министрінің бірінші орынбасары, Кеңшарлар министрі кадрлар жөніндегі бас басқармасының бастығы лауазымды қызметтерін атқарған.
Ахметов А.
Жақыпов Әнуар Қамзаұлы 1928 жылы 15 қыркүйекте Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Құдық-Шілік ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Ақмоладағы теміржол көлігі техникумын, 1957 жылы Ташкенттің Жол көлігі инженерлері институтын «темір жолдарды пайдалану» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын 1944 жылы Ақмола облысы, Есіл стансасындағы вагондарды жөндеу слесарінен бастаған. Техникумды аяқтаған соң «Красивое» стансасында кезекші, одан соң Жақсы, Есіл стансаларының бастығы қызметін атқарады. 1957 жылы Қазақ теміржолының Атбасар, Жамбыл бөлімдерінде жүк бөлімдері бастығының орынбасары, 1965 жылы Қазақстан комитетінің партиясы Орталық Комитетінің Көлік және байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1969-1978 жылдары ҚазССР Автомобиль көлігі министрі болып қызмет атқарады. 1978-1981 жылдары Алматы қалалық атқару комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады.1988 жылы Қазақстанға ерекше еңбек сіңірген зейнеткер белгісімен зейнеткерлікке шыққан. Октябрь революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесі ІІІ шақырылымының және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланды. КСРО-ның құрметті теміржолшысы. 1996 жылы «Алматы қаласының құрметті азаматы» атанды.
Әлібек Т.
Қасымқанов Әубәкір (балта) 1925 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Қаражар ауылында дүниеге келген. 1934-38 жылдар арасында Майлыағаш жетіжылдық мектебінде оқыды. 1940-41 жылдары Тобыл орта мектебінде оқыды, Меңдіқара педагогикалық училищесінің физика-математика мұғалімдер дайындайтын курсын бітірді. 1942-43 жылдары Ұялысай бастауыш мектебінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1943 жылы Таллин жаяу әскерлер училищесін бітіріп, бөлімше командирі дәрежесінде Екінші Дүниежүзілік соғысына қатынасты. 1944 жылы 10 ақпанда сол қолынан жараланып, дивизияның айырбас пунктінде хатшылық жұмысқа ауысты. 1945 жылы әскерден босатылды. 1946 жылдың ақпанында Көктерек жетіжылдық мектебінде мұғалім болып орналасты, 1946-47 жылдары Қызыләскер бастауыш мектебінің меңгерушісі болып істеді. 1946 жылы Комсомол қызметіне ауысып, Меңдіқара аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, екінші хатшысы болып қызмет істеді. 1948 жылы Алматы жоғарғы партия мектебін аяқтады.
1950 жылы Обаған аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, Силантев машина – трактор бекетінде партия жұмысын ұйымдастырушысы, аудандық комитеттің екінші хатшысы қызметін атқарды. 1959 жылы Челябінің педагогикалық институтын, 1969 жылы Алматының зооветеринарлық институтын аяқтады.
1956-59 жылдары Торғай аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1959-61 жылдары Жангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1961-67 жылдары Қостанай облыстық атқару комитетінің екінші хатшысы, 1967-69 жылдары Қазақ ССР Министрлер кеңесінің Еңбек ресурстарын пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1969 жылдан 1985 жылға дейін осы комитеттің төрағасы болып қызмет істеді. 1985 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің алты шақыртуының мүшесі және депутаты болып сайланған.
Әлібек Т.
Жұмасұлтанов Төлебай (Көшебе), 1937 жылы 1-желтоқсанда Меңдіқара ауданы Шиелі ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын, кейін, яғни, 1972 жылы Мәскеудегі КСРО Министрлер Кеңесінің халық шаруашылығы барсқармасының институтын тамамдаған. 1958-1969 жылдары Қостанай облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары, экономист, 1969-1970 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының Қостанай облыстық комитетінде қызмет атқарды. Сонымен қатар,. ҚР статистика Комитетінің төрағасы болып тағайындалып, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Х шақырылымының депутаты болып сайланды. Ал 1995 жылы Қазақстан Республикасы еңбек министрлігінің еңбекпен қамту Департаментінің төрағасы орынбасары. Қазір еңбек демалысында, шығармашылық жұмыспен айналысады.
Әлібек Т.
Нағманов Қажымұрат Ыбырайұлы 1948 жылы 1 шілдеде Омбы облысы, Таврический ауданыда дүниеге келген.
1971 жылы Ленинград темір жол инженерлері институтын бітірген. 1971-1973 жылдары Қазақ темір жолында аға инженер және шебер, 1973-1976 жылдары Павлодар облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Екібастұз қаласының комсомол ұймының екінші хатшысы, Екібастұз қалалық халық бақылау комитетінің инспекторы, 1978-82 жылдары Екібастұз қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, екінші хатшысы, 1982-1987 жылдары Ермак қалалық атқару комитетенің төрағасы, 1988-1991 жылдарыҚазақстан комиунистік партиясы орталық комитенің көлік және байланыс бөлімінің нұсқаушысы, 1990 жылы Қазақстан Республикасы парлементінің депутаты, 1991-1992 жылдары құрылыс және архитектура комитетенің мүшесі, 1992-1994 жылдары Қазақ мемлекеттік атом және энергетика өндірісі корпорациясының вице-президенті, 1994-95 жылдары Жоғарғы кеңестің депутаты, 1994-1996 жылдары Жезқазған облысының әкімі, 1996-1997 жылдары Шығыс Қазақстан облысының әкімі, 1997-1999 жылдары «Казэнергосервис» компаниясының президенті, 1999 жылы Президент әкімшілігінің инспекторы, 1999 жылдан 2002 жылға дейін Солтүстік Қзақстан облысының әкімі. 2002-2005 жылға дейін Қазстан Республикасы көлік және коммуникация министрі,2005 жылы Қазақстан Республика Президентінің кеңесшісі, 2006 бастап «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті
2001 жылы үкіметтің бірнеше «парасат» орденімен марапатталған.
Еришева Т.
Тасболатов Абай Бөлекбайұлы (Тарышы) Қазақстан Республикасы гвардиясының бас қолбасшысы, генерал-лейтенант. Тарих ғылымының докторы, профессор, Ресей Федерациясы әскери ғылым академиясының мүшесі. Елуден аса ғылыми және ғылыми көпшілік еңбектердің авторы. ҚР спортына еңбегі сіңген қайраткер. ҚР Жұдырықтасу Республикалық федерациясының Президенті.
1951 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Николаевка селосында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1983 жылы М.В.Фрунзе атындағы әскери академиясын, 2000 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Бас штабы Әскери академиясының жоғары академиялық курсын бітірді. 2007 жылы Сингапурдегі Ли Куан Ю атындағы Ұлттық университетінде кәсібіи біліктілін арттырды. Сол жылы Қытай Халық Республикасы сауда-саттық министрлігінің қолдауымен ҚХР шағын және орта кәсіпкерлік орталығы ұйымдастырған Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлеріне арналған курсын тәмамдады.
Еңбек жолын 1973 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесінің взвод командирі қызметінен бастап, батальон командирі дәрежесіне дейін өсті. 1983 жылы оқытушылық қызметке ауысып, 1992 жылы сол училищенің бастығы қызметіне тағайындалды. 1997 және 2002 жылдары аралығында ҚР Әскери Академиясының бастығы, 2002-2006 жылдары ҚР Қорғаныс Министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Қазақстан Қарулы Күштеріне кадрлар дайындауда қол жеткізген жетістіктері үшін II дәрежелі «Даңқ» ордені, III дәрежелі «За службу Родине в ВС СССР», I дәрежелі «Ұлы Петр» ордендері мен «За боевые заслуги» медальдарымен марапатталды.
Б. әдебиетке, өнерге, ғылымға зор үлес қосқан тұлғалар
Мұқанов Сәбит 1900 жылы Қостанай облысының бұрынғы Преснегорьков ауданында дүниеге келген. Жазушы, қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі, әдебиет зерттеуші-ғалым, қоғам қайраткері, 1954 жылы ҚазССР Ғылымдар Академиясының академигі. ҚазПИ-дің профессоры. Азамат соғысына, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату мен нығайтуға қатысушы. 1935 жылы Мәскеу қызыл профессура институтын бітірген.
1935-1951 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. 1936-37, 1943-1951 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасының қызметінде болған. 1917 жылы «Адасқандар», 1959 жылы «Мөлдір махаббат», «Жұмбақ жалау», 1935 жылы «Теміртас», 1933 жылы «Ботагөз» романдарында Қазақстан Кеңес өкіметін орнату мен нығайту жолындағы күрестер тарихи бейнеленеді. 1945 жылы жазылған «Балуан Шолақ» повесінде қазақ композиторы, атақты палуан, әнші Балуан Шолақтың образын нақты сомдаған. 1948 жылы жазылған «Сырдария» романында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ісі шынайы көркемдікпен баяндалады. 1949-1964 жылдар жазылған «Өмір мектебі» автобиографиялық триологиясы 1967 жылы Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қазақ халқының ағартушы-ғалым, ойшыл-демократ Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін «Аққан жұлдыз» атты романының екінші кітабы 1967-1970 жылдары басылды. Поэзия саласында 1926 жылы «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы», 1927 жылы «Октябрьдің өкілдері», 1928 жылы «Сұлушаш», 1935 жылы «Ақ аю» поэмалары жазылған. Очерк-публицистикадан 1954 жылы «Саяхаттар», 1955 жылы «Туған жердің тыңында», 1957 жылы «Тыңда тұнған байлық», 1959 жылы «Алып тың адымдары» атты кітаптары жарық көреді. Драматургиядан 1939 жылы «Алтын астық», 1938 жылы «Шоқан Уәлиханов», «Күрес күндерінде», 1967 жылы «Сәкен Сейфуллин» драмаларын, «Жарқын жұлдыздар», «Халық мұрасы» әдеби зерттеру еңбектерін жазды. 1956-66 жылдары Қазақстан Компариясы ОК-нің мүшесі, 2-8 сайлауда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағы басқармасының Бейбітшілікті қорғау жөніндегі кеңестік комитетінің мүшесі болған.
Үш мәрте Ленин ордені, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Сәбит Мұқанов бірнеше рет Қарағандыда болып, шахтер, машина жасаушылармен кездесулер өткізді. 1930 жылы шахтерлер өмірінен «Көмір – коммунизмге» поэмасын жазды. Сәбит Мұқановтың Қарағанды облыстық газетінде «5000» поэмасы жарияланады. 1964 жылы Сәбит Мұқанов Кеншілер сарайында Сәкен Сейфуллиннің туғанына 70 жыл толуына арналған баяндама жасап, 1967 жылы Қарағанды облыстық драма театрында қойған «Сәкен Сейфуллин» пьесасының премьерасына қатысқан. Қарағанды көшелерінің біріне Сәбит Мұқановтың есімі берілген.
Күзембайұлы А.
Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы Қостанай облысының Пресногорьков ауданында 1902 жылы дүниеге келді. Жазушы, қоғам қайраткері. Қазақстан халық жазушысы (1985). Қазақстан Ғылымдар Академиясының академигі (1958). Социалистік Еңбек ері (1974).
1926-1927жылдар аралығында Омбы ауыл шаруашылық институтының жұмысшы факультетінде оқиды. 1925 жылдан «Социалистік Қазақстан» газетінде «Едіге» әңгімесі жариялана бастайды. 1928-1938 жылдары «Қазақстан» баспасының бас редакторы. «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы. ҚАКСР Оқу ағарту халықтық комитеті өнер секторының меңгерушісі. Қазақ өлкелі комитетінің баспасөз меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Компартия ОК-нің саяси оқу бөлімінің меңгерушісі. 1938-1955 жылдарда шығармашылық жұмыста Қазақстан Жазушылыр одағы басқармасы президиумінің мүшесі. 1956-1957 жылдары «Ара» – «Шмель» журналының бас редакторы. 1957-1962 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы. 1974-75 жылдары ҚазКСР Жоғары Кеңесінің төрағасы, 1959 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1927 жылы «Тулаған толқында» атты тұңғыш повесі Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен Азамат соғысы жылдарының оқиғаларына арналған. «Қос шалқар» (1928), «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Тунель» (1930), «Шұғыла» (1934) әңгімелері мен «Алғашқы адамдар» атты повесі қазақ ауылындағы тап күресі мен ұйымдастыру кезеңіне арналған. А.М.Горький дәстүрін одан әрі жалғастыра отырып, 1933-1934 жылдарда ана туралы әңгімелер циклын жазды. Олар «Адамның анасы» (1933), «Өлімді жеңген ана» (1933), «Ананың анасы» (1934). Ұлы Отан соғысы кезінде сан алуан өкілдерден тұратын Кеңес Әскерінің қаһармандық еңбегін көрсететін «Қазақ батыры» (1945 жылы кейін «Қазақ солдаты») романын жазды. 1953 жылы «Оянған өлке» атты бірінші кітабы жазылды. 1984 жылы жарық көрген «Жат қолында» атты екінші кітап романдарында революцияға дейінгі Қарағандыдағы қазақ жұмысшы табының қалыптасуын көркем бейнелейді. 1967 жылы революционер жазушы С.Сейфуллин өмірінен алынған «Кездеспей кеткен бір бейне» атты повесін жариялайды. Осы повесі 1968 жылы Абай атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын алады.
Ғабит Мүсірепов драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Қыз Жібек» (1934) операсының либреттосы, «Амангелді» (1936), «Қозы Көпеш – Баян сұлу» (1939), «Ақан сері – Ақтоты» (1942), «Ақан трагедиясы» (1958) пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды. «Суреткер парызы» (1970), «Заман мен әдебиет» (1982) әдеби-сын еңбектерінің жинағы басылды. КОКП 22-съезінің, Қазақстан партиясы 1-10-15-съездерінің делегаты. 5-сайлауда КСРО Жоғары Кеңесінің, 6-11 сайлауда КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты. Абай атындағы ҚазКСР Мемлекеттік (1970), ҚазКСР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтарының (1976) лауреаты. Үш мәрте Ленин орденімен марапатталған. Ғабит Мүсірепов 1943 жылы Қарағандыда өткен ақындар айтысын ұйымдастырушыларының бірі болды.
1985 жылы Алматы қаласында дүниеден озды.
Күзембайұлы А.
Шаймерденов Сафуан 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орталау мектебінде мұғалім, Армия қатарында болды. 1942-1943 жж.Преснов аудандық комсомол хатшысы, 1942-1945 жж. «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер. 1950 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін үздік бітірді. Содан кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, 1952 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958-1960 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970-1975 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық коллегиясының бастығы болған.
«Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер цикліне тақырыбы , идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанаға бағындырылған алты повесть- «Мезгіл», «Қарлығаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» – кірген. Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған. «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьессалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді.
Үнді жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л.Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Македонскийдің «Трибуналын», француз композиторы Эрве мен драматург А.Миляждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударған. «Жыл құсы» повесі 1974 жылы ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының жұмысшы тақырыбына арналған конкурсында жүлделі орынға ие болды. Ал Р.Тагордың «Күйреу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын , «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы құрметті атағына ие болды. «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Қызылжар (Петропавл) қаласының Құрметті азаматы.
Әбіл.Е
Серкебаев Ермек Бекмұхамедұлы 1926 жылы 4 шілдеде Петропавловск қаласында туған. Әнші, Қазақ КСР-інің (1956) және КСРО-ның халық әртісі (1959), Социалистік Еңбек Ері (1986). 1941 – 43 ж. Алматы музыка учщесінде (скрипка класы бойынша) оқыды. 1951 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірді. 1947 ж. Қазақтын мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Абай партиясын (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің осы аттас операсы) орындады. Сол жылдан осы театрдың әнші-солисі болды. Таңдаулы партиялары: Қожағұл, Амангелді (М.Төлебаев. “Біржан — Сара” мен “Амангелді”, соңғысы Е.Г. Брусиловскиймен бірге), Тарғын, Артем (Брусиловский, “Ер Тарғын” мен “Дударай”), Алпамыс (Е.Рахмадиев, “Алпамыс”), Панфилов (Ғ.Жұбанова, “Жиырма сегіз”), Евгений Онегин, Мазепа (П.И. Чайковскийдің осы аттас опералары), Олег Кошевой, Владимир Ульянов (Ю.С. Мейтус, “Жас гвардия” мен “Ағайынды Ульяновтар”, Қазақ КСР-і Мемл. сыйл.. 1972), Фигаро (Дж.Россини, “Севиль шаштаразы”), Дон Жуан (В.А. Моцарттың осы аттас операсы), Эскамильо (Ж.Бизе, “Кармен”), Жермон (Дж. Верди, “Травиата”), т.б. Ол камералық және эстрадалық әнші ретіңде де кеңінен танылды. Репертуарында қазақтың халық әндері, сондай-ақ қазақ және ТМД елдері, Батыс Еуропа композиторларының ән-романстары бар; фильмдерге (“Біздің сүйікті дәрігер”, “Ән қанатында”, “Тақиялы періште”, т.б.) түскен. 1958 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне, АҚШ-та өткен Қазақстан күндеріне (1981) қатысты. 7-сайл. КСРО Жоғарғы Кеңесі мен 8 — 11-сайланған Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1953 ж. Бухаресте өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты. 1977 ж. концерттік-орындаушылық шеберлігі үшін КСРО Мемл. сыйлығын алған. 1973 жылдан Алматы мемл. өнер институтында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) педагогикалық қызметпен (1983 жылдан профессор) шұғылданады. 2 рет Ленин орденімен, Октябрь Революциясы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.
Әлібек Т.
Наурызбаев Хәкімжан – Қазақ өнерінің шоқ жұлдызы. Қазақтан шыққан алғашқы мүсінші. Алматыдағы Республика сарайы алдындағы Абай ескерткіші, Ғылым Академиясы алдындағы Шоқан ескерткішінің авторы. Руы – Тарышы-керей, Матақай, оның ішінде – Сейтімбет атасы. 1925 жылы 27 тамызда Ұзынкөл ауданындағы Ұлыкөл ауылында дүниеге келді. Бала жасынан мүсін өнеріне әуестеніп, кішігірім мүсіндер жасады. Осындай мүсіндердің бірін 1942 ж. Ұзынкөл ауданына келген сол кездегі Қазақ КСР Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы халқымыздың біртуар ұлы Нұртас Оңдасынов көреді. Осыдан кейін бала жігіт Хәкімжан Алматыдағы көркемөнер училищесіне шақырылады. Оны бітіргеннен кейін Хакімжан Москвада оқуын жалғастырды.
Мүсінші Наурызбаев 300-ге жақын шығарманың авторы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры. 2007 ж. қаңтар айында ол «Тарлан» сыйлығының иегері атанды.
Хакімжан аға Раушан атты қызын, Рақымжан және Нұртас атты ұлдарын тәлбиелеп, өсірді. Бірі суретші болса, екіншісі архитектор. Хакімжан Наурызбаев 2009 жылы дүниеден озды.
Байдалы Р.
Қозыбаев Манаш Қабашұлы (Тарышы) 1931 жылы Меңдіқара ауданы, Тазкөл ауылында дүниеге келген. Ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, тарих ғылымының докторы (1969), профессор (1970), ҚР Ғылым Академиясының академигі (1989). 1953 ж. ҚазМУ-ды бітірген. 1953-1958 ж. Қостанай педагогикалық институтында аға оқытушы, 1958-1974 жылдары СОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтында, 1974-1979 ж. Алматы мал дәрігерлік институтында кафедра меңгерушісі, кейін ҚазМУ жанындағы Қоғамдық ғылымдар оқытушыларынын білімін жетілдіру институтында ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысты. 1979-1986 жылдары Қазақ Кеңес энциклопедиясының Бас редакторы, 1986-1988 жылдары Қазақстан Ғылым Академия-сының Тарих және этнология институтының тарихнама бөлімінің меңгерушісі. 1988 жылдан өмірінің соңына дейін осы институттың директоры болды. Оның 30 монографиясы, 50-ден астам ұжымдық еңбектері бар. Манаш Қабашұлының басшылығымен “Қазақстан тарихы” академиялық басылымы-ның 3 томы, ағылшын тілінде “Қазақстан тарихы” көптеген құжаттар жинақтары жарық көрді. Ол отандық тарихнамада жеке ғылыми мектеп қалыптастырды. 90-ға жуық шәкірт тәрбиеледі. Халықаралық конгрестерде, конференциялар мен симпозиумдарда 200-ге жуық баяндамалар жасады. Еңбектері Ресей, Украина, Қытай. Түркия, Иран, АҚШ, Корея, Армения, Беларусия, т.б. елдерде жарық көрді. Манаш Қозыбаев 1990-1993 ж. сайланған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кеңестің ұлттық саясат, мәдениет және тілдерді дамыту комитетінің мүшесі, 1993 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес мүшесі, 1994 -1998 жылдары Адам құқығы жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі болды. 1970 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық иегері, 1995 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлық иегері, 1997 жылы ҚР Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты болған. 2001 жылы “Парасат” орденімен марапатталды. Манаш Қозыбаев Қостанай обллысы Меңдіқара ауданының, Қостанай қаласының құрметті азаматы. 2003 жылы Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан университетіне Манаш Қозыбаевтың есімі берілді.
Күзембайұлы А.
Тұрсынбек Кәкішев (Тарышы) 1927 жылы 15-шілдеде Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Даниловка ауылында туған. Ғалым, 1972 жылдан бастап филология ғылымдарының докторы, 1973 жылдан бастап профессор. 1979 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атанды. 1950 жылы ҚазМУ-ді бітірген. Студент кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде білім меңгерушісі болып «Мектеп» баспасында аға редактор міндетін атқарған, 1952-58 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің Партия тарихы институтының ғылыми қызметкері, 1960-68 жылдары Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды. 1968 жылдан Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, 1968-78 жылдары доцент, 1978-86 жылдар аралығында филология факультетінің деканы, 1990-2000 жылдары кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.Қазір осы университеттің профессоры. 1967 жылы «Дәуір суреттері», 1971 жылы «Сын сапары», 1982 жылы «Оңаша отау» , 1994 жылы «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», т.б. еңбектерінде қазақ әдебиеті мен сынының тарихы терең зерттелген. Т.Кәкішев 1967 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы»,1970 жылы орыс тілінде жарияланған «Қазақ кеңес әдебиеті тарихы» және «Көп ұлтты кеңес әдебиетінің тарихы» сияқты еңбектерді жазуға қатысты. С.Сейфуллиннің шығармашылығын, өмір жолын баяндайтын «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин Өнегелі өмір» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Мағжан және Сәкен» (2000) атты еңбектерін жазды. «Санадағы жаралар» (1992), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995) т.б. жинақтарында қазақ әдебиетінің өткені, бүгіні жайлы толғаныс-пікірлері топтастырылған. «Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Жасампаз өлке» (1989) атты сапарнамалық кітаптары жарық көрді.
Күзембайұлы А.
Нұртазин Темірғали 1907 жылы 29 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы, Кенже ауылында туған. Жазушы, сыншы, ғалым, филология ғылымының докторы (1963), профессор., Петропавл қаласындағы медресені бітірген. 1927-29 ж. Төңкеріс ауданы, «Жаңатұрмыс» колхозында ұстаз, кейіннен колхоз төрағасы. 1933 жылы Петропавл педагогикалық училищесін бітірген соң облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болған. 1935 жылы Ленинград журналистика институтын бітірген соң Қарағанды облыстық «Қарағанды пролетариаты» газетіне жұмысқа жіберіліп, 1937 жылы қудаланған. 1943 жылы ҚазПИ-де оқытушылық қызмет еткен. Алғашқы өлеңдер жиғаны «»Машинист» 1932 жылы жарық көрген. С.Мұқановтың (1953 ж. орыс тілінде, 1958 ж. қазақ тілінде шыққан), Б.Майлиннің шығармашылықтары туралы монографияның авторы. «Казахская советская литература» (1971) оқулығының авторы. «Сборник рассказов» (1953), «Мұрат» (1958), «Адам бекерге жасамайды» (1965), «Ауыл тынысы» (1973) кітаптары жарық көрген. А.Никольскиймен бірге М.Әуезовтің «Абай» романының 1-томын орыс тіліне, Н.Гогольдің «Тарас Бульба» повесін қазақ тіліне аударған (1951). 1977 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.
Сүгірбаев Таңат
Смағұлов Оразақ Смағұлұлы (Балта) 1930 жылы қазанның бірінші жұлдызында Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Ұялысай ауылында туған. Қазақтың тұңғыш антропологы. Қазақ Ұлттық Академиясының академигі. 1947 ж. Төлеңгіт жетіжылдық мектебін тәмамдап, 1950 жылы Меңдіқара педагогикалық училищесін, 1951-1955 ж.ж. Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіреді. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін алғашқы жылдары Қостанай облысының Белоярск және Белояровка орта мектепте-рінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1957-1961 жылдары Мәскеу-дегі Ресей Ғылым Академиясы этнология және антропология Институтының аспирантурасында оқыған. 1961-1981 жылдар ара-лығында ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы тарих және этнология институтының кіші, аға буын ғылым қызметкері, 1982-1997 жылдары тарих және этноло-гия институтының кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарады. ҚР Ұлттық мұражайы-ның ғылымы қызметкері. 1961 жылы тарих ғылымының кандидаты диссертациясын қорғады. Қазақтың негізгі шығу тегін, басқа халықтармен қан құрамы, бас, тіл құрылыс-тары, алақан таңбалары және көз, шаш, тері түстері арқылы салыстырып зерттейді. 1984 жылы тарих ғылымының докторы, 1994 жылы Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі, профессор, ҚР Жаратылыстану Ғылым Академиясының академигі қызметтерін атқарған.
Зайыбы Мәрия Жұмақанқызы Москваның Д.И.Менделеев атындағы Химия-техноло-гиялық институтын бітірген. Көп жылдар бойы құрылыс заттары Ғылыми зерттеу инсти-тутында қызмет істеген, қазіргі кезде зейнеткер. Үлкен қызы Айнагүл өзінің жолын қуып – антрополог болды. Екінші қызы Зәуре дәрігер, «Медицина әлемі» директоры. Ұлы Айбек жоғарғы білімді маман. Немересі Данагүл шетелде студент.
Тастекова Г.
Кенжегузин Марат Балғожаұлы 1939 жылы 30 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданының Благовещен селосында дүниеге келген. 2006 жылы 24 маусымда Алматыда қайтыс болады. Экономист ғалым. Экономика ғылымдарының докторы (1982), профессор (1989), Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі (1998), Халықаралық информатика академиясының академигі (2000). Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтын (1962), 1965 ж. сол институттың аспирантурасын бітірген. 1965 ж. аға инженер-экономист, 1966-68 ж. Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономика ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, 1968-79 ж. Қазақ экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру УЗИ-ның экономикалық кибернетика бөлімінің меңгерушісі., 1979-85 ж. КСРО ЦСУ-дің Санау механизациясы және есептеу жұмыстары жөніндегі Бүкілодақтық жобалау-технологиясы институтының Қазақ филиалында директор, 1985-88 ж. оқу ісі жөніндегі проректоры, 1988-94 ж. Республикалық АПК-ны басқару жоғары мектебінің ректоры, 1994-95 ж. Қазақ Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. 1995 жылдан ҚР БҒМ Экономика институтының директоры. Оның 300-ден аса ғылыми жұмысы, оның ішінде 22 монографиясы және кітаптары жарық көрген. Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасында ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталған (2002).
Сүгірбаев Таңат
В. Керей елінің көрнекті тұлғалары
Қозыбаев Оразалы Әбілұлы – (Тарышы) Социалистік еңбек ері, ірі шаруашылық басшысы, қоғам қайраткері. 1925 жылы Меңдіқара ауданына қарасты Тазкөл ауылында дүниеге келген. Көктерек жеті жылдық мектебін бітіріп, Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесінде оқыған. Кейін қызмет істей жүре Қостанай мұғалімдер институтының тарих факультетін, Қостанай ауылшаруашылығы техникумын, Алматы жоғарғы партия мектебін тәмамдады.
Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі шаруашылық басшыларының бірі.
Еңбек жолын Қостанай облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы (1947-1950) ретінде бастаған. Кейін сол комитеттің ауылшаруашылық бөлімін(1953-1955) басқарды. Іскер де алғыр жігіт облыс басшыларының көзіне түсіп, ол Қостанай облыстық партия комитетінің нұсқаушылық қызметіне ұсынылды. 1955-1959 жылдары Затобол аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1959-1962 жылдары Амангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1965-1967 жылдары Арқалық территориялық өндірістік басқармасының бастығы, Арқалық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1967-1975 жылдары Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1975-1984 жылдары Ақтөбе облыстық еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Бірнеше рет Қазақ КСР- і Жоғарғы Кеңесінің депутаты, оның президиумының мүшесі болып сайланды. Басқа да қоғамдық ұйымдардың мүшесі болып бірнеше мәрте сайланды.
Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында Торғай даласында бірнеше кеңшар ұйымдастыру ісіне атсалысты. Арқалық қаласының негізін қалаушы. Өмірінің саналы жылдарын Торғай елінің көркеюіне, өркендеуіне арнады.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін өзінің замандастары жөнінде бірнеше кітап жазып, сол серияның Қостанайда қалыптасуына атсалысты. Оның басшылығымен жарық көрген «Жизнь замечательных людей в краю хлеба и металла», «Тыңдағы күндер» («Ардагер жазбалары») атты кітаптары баршамызға белгілі. 1993 жылдан бастап өмірінің соңғы күніне дейін Д.Қонаев қорының Қостанай филиалының президенті болды. Қостанай, Арқалық қалаларында көше, Ұзынағаш ауылындағы мектеп Қозыбаев есімімен аталады. Қостанайдағы ол тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған.
Әлібек Т.
Төлебеков Қасым Қажыбайұлы 1935 жылы 31 қазанда Қызылжар қаласында дүниеге келген.Социалистік Еңбек Ері. Алматы зооветеронар институтын,Алматы жоғарғы партия мектебің бітірген.
Зоотехник, бас зоотехник, облыстық ауылшаруашылық басқармасының орынбасары, Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы сияқты көптеген қызметтер атқарды. Одақтық, Республикалық коммунистік партия съездерінің делегаты, Одақтық және Республикалық жоғарғы кеңестің депутаттары сайланды.
Одақтық және Рсспубликалық ордендерімен марапатталған.
Тастекова Г.
Ахметов Төлебай Нұрғалиұлы (Көшебе) (Бейімбет деген кісі жас кезінде басындағы киген бөркінің түсінде қарап «Қоңыр» атанып, содан Қоңыр руы аталып кеткен) – 1943 жылы 8 маусымда дүниеге келген. Туған жері – Мендіқара ауданындағы Ақсирақ ауылы.
Әкесі Нұрғали Хасенұлы 1906 жылы туып, 1992 жылы 86 жасында қайтыс болды. Қарапайым жұмысшы. Шешесі Ақбала Исабайқызы 1905 жылғы, руы Керей-Балта-Ырсымбет,1969 жылы 64 жасында қайтыс болды.
Төлебай Нұрғалиұлы Қаратал орта мектебін бітірген. 1966 жылы Целиноградтың ауыл шаруашылық институтын тәмамдап, ғалым-агроном мамандығын алып шығады. Кейін 1986 жылы Алматы жоғарғы партия мектебін политолог мамандығы бойынша бітірген.
1959-1961 жылдары Меңдіқара ауданының Каменск-Уральск кеңшарында жұмысшы, 1966-1969 жылдары «Север» ұжымшарында, 1969-1974 жылдары Летунов атындағы ұжымшарда бас агроном болып істеді. 1974-1975 жылдары Краснопресненск ұжымшарында партия Комитетінің хатшысы, 1975-1982 жылдары Боровской аудандық партия Комитетінің хатшысы болды, 1982-1988 жылдары Федоров аудандық Кеңесті атқару комитетінің төрағасы, 1988-1989 ж.ж. Федоров аудандық партия Комитетінің бірінші хатшысы, 1989-1990 ж.ж. Қостанай облыстық партия Комитетінің екінші хатшысы, 1990-1992 ж.ж. Қостанай облыстық кеңесінің атқару комитетінің төрағалығына дейін жоғарылады. 1992-1995 жылдары Әулиекөл ауданының әкімі, 1995-1997 жылдары Қостанай ұн комбинатының Президенті, 1997-2000 ж.ж. Қостанай облысы ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, 2000-2003 жылдары Республикалық ауыл шаруашылығына қаржылай көмек беруші қордың Қостанай облыстық филиалының директоры, 2003-2006 жылдары Ауыл шаруашылық қаржы корпорациясының Қостанай облыстық филиалының директоры қызметтеріне тағайындалды. Ал 2006 жылдан бастап зейнеткер.
Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясы тергеуші комиссиясының мүшесі болған. Еліне сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, Республикадағы «Білім беру ісінің үздігі», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Тыңға -50 жыл», «Қазақстан мемлекетінің егемендігіне 10 жыл» медальдары және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Меңдіқара аудананың құрметті азаматы.
Жұбайы Сара Қабдоллақызы екеуі 4 бала өсіріп тәрбиеледі. Асқар, Айгүл, Тимур, Сәуле. Осы балаларынан Динара, Дарина, Санжар, Камила, Ажар, Данияр, Бахтияр, Адай, Мадияр. 9 немере сүйіп отыр.
Күзембайұлы А.
Абдуллин Ибраш 1921 жылы Меңдіғара ауданы Қаражар аулында дүниеге келген. Тобыл орта мектебін бітірген. 1930 жылдары еңбек жолын Фрунзе атындағы ауылшаруашылығы артегінде бастады. 1942 жылы қаржы саласына жұмысқа келді. Меңдіғара ауданды қаржы бөлімінде салық жинау агенті қызметін атқарды.
1944 жылдан Қарақоға ауылдық кеңестің депутаты, ал 1962 жылдың наурызынан бастап осы кеңестің төрағасы болып сайланды. Осы қызметте ол жол апатынан қайтыс болғанша істеді. Өкінішке орай, ол елу жасқа келгенде, ұл-қыздарының өсіп-есейгенін көре алмай қапысызда 1970 жылы дүниеден озды. Асыл азамат, үлкен жүректі, жомарт, ақ көңіл тұлғаны Меңдіғара тұрғындары осы күнге дейін өкінішпен еске алады.
Әлібек Т.
Абдуллин Батыржан Қажиахметұлы 1939 ж 9 шілдеде туған. 1958 ж Бесағаш орта мектебін, 1961 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесін, 1975 ж. Қостанай педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша бітірген.
Қарабалық ауданындағы Өрнек бастауыш мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастаған. 1963 – 1966 жж. Отан алдындағы әскери міндетін өтеді. Әскерден кейін ұстаздық қызметін Меңдіқара ауданында жалғастырды. Батыржан Қажиахметұлының үш баласының үшеуі де жоғары білім алған.
Ахметов Т.
Абдуллин Руслан Батыржанұлы 1976 жылы 23 мамырда Меңдіқара ауданы Шиелі ауылында дүниеге келген.
1995 жылы Қостанай мәдениет колледжін, 1999 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген
1999 – 2001 ж.ж. Қостанай қазақ-түрік лицейінде, бойынша оқытушылық қызметін атқарған. 2000 жылы әлеуметтік ғылымдар кафедрасында аға оқытушы болып орналасады. 2004 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – Қостанай әлеуметтік – техникалық университетінің қоғам қатынастары және тәрбие жұмысы бойынша проректор болып істейді. 2009 жылдан – З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік – техникалық университетінің Бірінші проректоры.
Ахметов Т.
Ағытаев Жағыпар 1923 жылы Меңдіқара ауданының Ұзынағаш аулында дүниеге келген. 1942 жылы 22 наурызда әскер қатарына шақырылды. Соғысты әскери училищесін бітіріп, взвод командирі дәрежесінде бастады. Калинин, Батыс, Белорусь, Украин майдандарына қатынасты. Бір қолынан жараланып, госпитальде емделіп шыққаннан кейін қайтадан соғысқа аттанды. 1945 жылы 1 қазанда әскер қатарынан босанып туған ауылына оралды. Жастайынан пысық, іскер, білімді жігітті аудан басшылары ұжымшардың төрағасы етіп ұсынды. Ұжымшарлардың орнына кеңшарлар ұйымдастырылған кезде оны Қаратал кеңшарының бөлімше басшысы ретінде тағайындады. Ол осы кеңшарда зейнеткерлік жасқа дейін қызмет істеді. Өзінің туған ауылында 2000 жылы дүниеден озды. Кәкен апай екеуі 7 бала тәрбиелеп, олардан 20 немере, 11 шөбере көрді.
Ахметов Т.
Ағытаев Темірхан Жағыпарұлы 1960 жылы 5 наурызда Меңдіқара ауданының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Қаратал орта мектебін, 1985 жылы Қостанай аулышаруашылық институтының зооинженер факультетін бітірген. 1978-1980 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. 1985-1991 жж. Қарабалық ауданы Михайлов совхозында бас зоотехник, 1991-1996 жж. Меңдіқара ауданының Қаратал кеңшарында бас зоотехник, 1996-2002 жж. «Қарақоға» жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы, 2009 жылы Денисов ет өндіру комбинатының директоры болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта Денисов элеваторының директоры.
Ахметов Т.
Адырбаев Таңатқан Шаймерденұлы (Тарышы) 1938 ж. Қорған облысы Юргамыш ауданы Убиенко селосында туған.
Таңатқан аға көп жылдар бойы Ұзынкөл ауданындағы Киев кеңшарында агроном болып қызмет істеген. Бес бала тәрбиелеп, өсірген: Жанат (1966), Марат (1968), Салтанат (1971), Назгүл (1993), Даурен (1994).
Тастекова Г.
Айғанов Темірбек Баймұхамбетұлы 1950 ж. Ресейде туған. Әкесі Баймұхамбет 1894 ж. туған, 1975 ж. қайтыс болған, Темірбектің 9 жасында Қаражар ауылына келген.
Темірбек Баймұхамбетұлы Қаражар ауылында ұзақ жылдар механизатор ретінде жұмыс істеген. Жұмысында үлкен жетістіктерге жетіп, бірнеше рет үкіметтен алғыс хат алған.
1994 жылдан 2003 жылға дейін сонда қойма меңгерушісі болды. Төрт баланың әкесі. Қызын қияға, ұлын ұяға қондырған, елге сыйлы азаматтардың бірі.
Тастекова Г.
Айганова Гауһар Әлімжанқызы (Бәлтайқызы). 1949 ж. Меңдіқара ауданы, Қаражар ауылында туған. Әкесі Сәркеұлы Бәлтай 1912 ж. туған. Бірінші комсомол болып, байларды қудалап, кәмпескелеген. Шежірені, бүкіл Меңдіқараның тарихын білетін кісі болған. Соғыс кезінде көзі көрмесе де, ауыл жұмыстарын атқарған. 1995 ж. қайтыс болды.
Гауһар Әлімжанқызы Қаратал ауылында 11 жылдық мектеп бітірген. Отыз бір жыл Қаражар ауылында дүкенде істеген. Он бес жыл селолық депутат болған. Жұбайы – Айганов Темірбек, механизатор. Екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген.
Балаларының бәрі жоғары білімді, өнегелі тәрбие алған. Үлкен қызы Сәуле және Сая қыздары қызмет атқарады. Үлкен ұлы Бахытбек «Қазақтелеком» мекемесінде кіші ұлы Аят кеденде жұмыс істейді.
Тастекова Г.
Аймырза Иман 1875 жылы Меңдіқара ауданы,Балықты ауылында дүниеге келген. Волосной қызметін атқарған, кейін көпес идеясының мүшесі болған. 1920-21 жылдары Иркутск еліне жер аударған,1962 жылы ақталған.
Тастекова Г.
Айтқожин Қосыбай 1939 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1957 жылы Баян орта мектебін үздік бітіріп, Петропавл педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті. 1966 жылдан бастап жоғары оқу орындарында математикадан сабақ берді. 1981 жылы Москва қаласында кандидаттық диссертация қорғаған. Қарағанды политехникалық институтының Көкшетаудағы филиалында кафедра меңгерушісі, декан, филиал директоры, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің инженерлік-экономика факультетінің деканы, ректор кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Бірінші Қазақ Совет Энциклопедиясының шығуына ат салысып, оның авторларының бірі болды. Профессор Айтқожин жоғары оқу орындарына арналған жеті оқу құралдарының, қырықтан астам ғылыми-әдістемелік мақалалардың авторы. Қазақ ССР-ның халық ағарту ісінің үздігі, білім және ғылым министрлігінің құрметті қызметкері, 2008 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы. Қазіргі кезде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры. Бірнеше халықаралық ғылыми конференциялар мен конгрестерге қатысқан. 2009 жылы Тольятиде, Алматыда және Францияда өткен «Евроталан Фиджин – 2009» конгресіне қатысып, кредиттік технология бойынша баяндама жасады. Жуырда Алматыда Айтқожиннің жоғары оқу орындарына арналған «Математикалық практикум» кітабы баспадан шықты.
Сүгірбаев Таңат
Айтмұхамбетов Ахметқали – (көшебе) Социалистік Еңбек Ері. 1908 жылы Обаған ауылында дүниеге келіп, 1969 жылы қайтыс болған. 1929-1930 жылдары №5 ауылдық кеңестің төрағасы, Ақсуат бастауыш мектебінің мұғалімі, оқу бөлімінің меңгерушісі, кейінірек Меңдіқара және Қостанай аудандық білім бөлімдерінің меңгерушісі, Қостанай қалалық партия комитеті кадр бөлімінің инструкторы, Пресногорьков аудандық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы (1941-1942 ж.ж.), Меңдіқара аудандық партия комитетінің 2-хатшысы, Введен аудандық партия комитетінің 1-хатшысы, Затобол аудандық атқару комитеті төраға орынбасары, Әулиекөл және Орджоникидзе аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитеті баспа және полиграфия өндірісінің бастығы қызметтерін атқарған.
Әбіл Е.
Айтмұханбетов Абай Ахметқалұлы 1943 жылдың 5 желтоқсанында Меңдіқара ауданы, Боровское селосында дүниеге келген. 1961 жылы Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 қазақ мектеп-интернатын, 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін, 1975 жылы осы университетттің аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушылықтан бастады. Кейін кафедра доценті, физика-математика факультетінің деканы болып істеді. 1987-1992 жылдары Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 1992-2008 жылдары арасында Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқарды.
Физика-математика ғылымдарының докторы (1998 жыл). Ұлттық ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті. 200 жақын ғылыми еңбектердің авторы. Қазір Қостанай мемлекеттік А.Байтұрсынов атындағы университет ректорының кеңесшісі.
Әбіл Е.
Айтуаров Есенгелді Қабдешұлы (Көшебе) 1942 жылы 4-шілдеде Меңдіқара ауданы Қантомар ауылында дүниеге келген. Белгілі дәрігер-хирург. 1968 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітіріп, сол институтта жұмысқа қалдырылды. Сол жерден 2005 жылы зейнеткерлікке шықты. Республика бойынша адамның бас қаңқасына операция жасайтын бірден бір дәрігер. Жұбайы Тасқира екеуі Ардақ (1976 жыл), Салтанат (1981жыл) атты қыздарын тәрбиелеп өсірді. Ардақ әке жолын қуып дәрігер болып қызмет істейді. Ал Салтанат Қарағанды мемлекеттік университетінің экономикалық факультетін бітіріп, 3 жыл Қытайда біліктілігін арттырып, осы күні Ақтауда мұнай компанияларының бірінде қызмет істейді.
Әбіл Е.
Ақсақалов Іргебай Жайленұлы (Тарышы) экономика ғылымдарының кандидаты, 1931 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының Абай атындағы ұжымшарында дүниеге келген.
Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін, ҚазКСР Ғылым Академиясының экономика институтының аспирантурасын бітірген, 1974 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған.
1956-1958ж.ж. Пресногорьков ауданының Жаңа-Жол орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1958-1969ж.ж. Ново-Покров орта мектебінің директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ұзынкөл аудандық комитетінің хатшысы, 1969-1977 ж.ж. Сарыкөл аудандық комитетінің хатшысы болып істеген. 1977-1978 ж.ж. Ұзынкөл ауданының аудандық ауыл шаруашылық бірлестігінің директоры, 1978-1980 ж.ж. Торғай облысы Державин ауданының Гастелло атындағы техникумының директоры, 1980-1984 жылдары Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалып, 1984-1992 жылдар аралығында Жданов атындағы ұжымшардың және Сарыкөл ауданы Чехов ауылының директоры қызметтерін атқарған. Кейін 1992-1993 жылдары «Заречное» ОПХ бас директорының орынбасары болды.
Ол еліміздегі экономиканың және ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан адам. Бұл салада «Ауыл шаруашыығында еңбек күшін рационалды қолдану», «Кадрлар және техника» атты бірнеше еңбек жазған.
Отбасында үш бала тәрбиелеп өсірген. Үлкен қызы Сауле 15.10.1959 ж. туған, екінші қызы Алма 02.04.1962 ж. туған, ұлы Құмар 24.08.1965 ж. туған.
Еркін Әбіл
Ақсақалов Құмар Іргебайұлы (Тарышы), туған жері – Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ұзынкөл ауылы. 1965 жылдың 24-тамызында дүниеге келген, инженер-механик, мемлекеттік қызметкер. 1987 жылы В.П.Горячкин атындағы Мәскеу ауылшаруашылық өндірісі институын бітіріп, алғаш еңбек жолын Сарыкөл ауданы «Крыловсикий» кеңшарында бас инженер болып бастайды. Ал 1989 жылы Қазақстан Лениншіл комунистік жастар одағының Сарыкөл аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. 1991-1992 жылдары сол ауданның «Маяк» кеңшарының бас инженері, 1992-1993 жылдары Қостанай ауданындағы «Новоселовка» шағын кәсіпорынының директоры, 1993-1996 жылдары «Қостанай» ғылыми-өндірістік ұйымы бас директорының орынбасары, 1996-1997 ж.ж. Меңдіқара ауданы «Север» кеңшарының төрағасы, кейін «Север» АООТ президенті болды. 1998 жылы Меңдіқара ауданының әкімі, 2002 жылы Таран ауданының әкімі, ал 2004 жылдан бастап Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметтеріне тағайындалды.
Әбіл Е.
Ақышев Сағындық (Балта) 1930 жылы Меңдіқара ауданы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1947 жылы «Қамыстыкөл» колхозында есепші болып бастады. Көп ұзамай бас инструктор-есепші болып аудандық ауыл шаруашылық аппаратына ауысады.
1952 жылы партияның «отызмыңдықшылар» ұранымен 22 жасында «Жамбыл» атындағы колхозға басқарма болып тағайындалады. 1958 жылы аудандық жоспарлау бөліміне бастық болып ауыстырылады да партия жұмысына шақырылып, «Қаратал» совхозы партия ұйымының хатшысы болып сайланады.
1960 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарыболып, аудандық ауыл шаруашылық инспекциясы төрағасы қызметін қатар жүргізеді. Ал 1961 жылы тың және тыңайған жерді игеруге байланысты жаңадан іріленіп құрылған Летунов атындағы совхозға директор болып тағайындалады.
1969 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін ауданда біраз шаруашылықтарда бас зоотехник болып істеді.
Екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдар және де басқа да құрметті төс белгілерімен марапатталады.
«Меңдіқара ауданының құрметті азаматы» болып танылды. Жанясында алты бала өсіріп, тәрбиелеген.
Әбіл Е.
Ақышев Сағымбай Ақышұлы (Балта) 1937 жылы маусымның 4 жұлдызында Меңдіқара ауданы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын алғаш рет 1956 жылы бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастады. 1959 жылы аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болды. Ал 1961 жылы «Қаратал» совхозы жұмысшы комитетінде төраға болып жұмыс атқарады. 1966 жылы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарды.
1968 жылы «Теңіз» совхозы партия ұйымының хатшысы, 1973 жылы «Қаратал» совхозы партия ұйымының хатшысы, 1977 жылы аудандық атқару комитеті, аудандық партия комитеті бөлім меңгерушісі, 1982 жылы «Краснопреснен», «Боровской» совхоздары жұмысшы комитеті төрағасы, 1987 жылы аудандық партия комитеті, аудандық әкімшіліктің бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
1997 жылы зейнеткерлікке шығады. Өнегелі өмірдегі қызметі жоғары бағаланып, «Құрмет Белгісі» ордені, үш медаль және көптеген үкіметтің құрметті төс белгілерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен марапатталады.
Өмірлік жолдасы Жаңыл Қожахметқызымен елу жыл отасып, алты бала тәрбиелеп өсірді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды.
Г.Әмірхамзина
Алдабергенов Көпжасар Қапанұлы (Көшебе) 1937 жылы 18-наурызда Меңдіқара ауданы ШөптіКөл ауылында дүниеге келген. 1944-1951 жылдары Көктерек ауылында оқыған. 1951 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесіне түсіп, 1955 жылы тәмәмдаған. Ал 1955-1956 жылдары Челябі облысының Магнитогорск қаласындағы № 4 техникалық училищесінің электромонтер мамандығын бітіреді. Оқуын бітіргеннен кейін 1956-1960 жылдары Кронштадт қаласындағы А. С. Попов атындағы «23-ші Қызылжалаулы оқыту отрядында», 1960-1994 жылдары Соколов – Сарыбай Кенбайыту комбинатында электрик, эксковатор машинистерінің бригадирі болып жұмыс істеген. «Тың жерді игергені үшін» медалімен, Қырғыз Республикасының Жоғары Кеңес Президумының грамотасымен, үш рет «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталған. 1976 жылы В. И. Ленин атындағы Соколов – Сарыбай кенбайыту комбинатының ардагері, 1979 жылы «Республикаға Еңбегі сіңген кенші» атақтары беріледі. 1981 жылы ХХYІ съезге делегат,1985-1990 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланады.
Жұбайы екеуі Сәбит, Роза, Нұрлан есімді екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан Данияр, Данара, Мақсат, Мәди, Әмір, Мадияр, Мәдина, Ислам атты немерелер сүйіп отырған ардақты жандар.
Байдалы Р.
Алдабергенов Абай Қапанұлы 1941 жылы 5-қаңтарда Меңдіқара ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қостанай мемлекеттік, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік, Қостанай инженерлік-экономикалық университеттерінің профессоры.
1958 жылы Қостанай қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын күміс медальмен бітіріп, Ленинград инженерлік-құрылыс институтына түседі. 1963 жылы аталған оқу орнын, ал 1975 жылы Днепропетровск инженерлік-құрылыс институтының аспирантурасын тәмамдайды. Бір жылдан кейін кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атанды. Мәскеу, Киев, Днепропетровск, Қарағанды қалаларында біліктілігін арттырды. «Материалдар кедергісі» пәні бойынша Қазақстандағы алғашқы оқулықтың авторы. Ол қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл оқулық бұрынғы Кеңестер республикаларының оқу орындарында пайдаланылды. Абекең 40-тан аса ғылыми еңбектің оның ішінде, 6 оқулықтың және оқу құралдарының авторы. Бірнеше Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндама жасаған. Ғылыми жұмыстарының негізгі нәтижесі бойынша «Жұқа пластиналарды есептеудің жаңа әдісін» ұсынды.
Еңбек жолын 1963 жылы Өскемен құрылыс-жол институтында бастап, Целиноград инженерлік-құрылыс институты, Рудный индустриалды институты, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Петропавл жоғары әскери училищесінде лауазымды қызметтер атқарды. 2004 жылдан бері Қостанай мемлекеттік университетінде жұмыс істеді. Қазіргі уақытта Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде профессор әрі ректор кеңесшісі қызметін атқарады
Т.Әлібек
Алдабергенов Майлыби Қапанұлы (Көшебе) – химия ғылымдарының докторы, профессор. 1947 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Көктерек ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Ленсовет атындағы Ленинград техникалық институтын бітірген. 1970-1977 жылдары ҚазССР Ғылым Академиясының химия ғылымының институтында аспирант, инженері болып істейді. 1977-1981 жылдар аралығында ҚазССР Ғылым Академиясы химия ғылымының институтында аға қызметкер болған. 1982-1992 жылдары Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің неорганикалық кафедрасының меңгерушісі болған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің неорганикалық кафедрасының меңгерушісі. 150-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы.
Т.Әлібек
Аманжолұлы Азат 1977 жылдың 25 сәуірінде Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Қостанай қаласындағы №23 орта мектепті, 1997 жылы Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.
1997-2003 жылдары Петропавл қалалық прокуратурасында прокурор көмекшісі, аға көмекшісі, бөлім басшысы, 2003-2005 жылдары Қостанай облыстық прокуратурасында әртүрлі қызметтерде, 2005 жылдан бері Лисаков қалалық прокурорының орынбасары қызметін атқарады. 2010 жылдан Қарағанды экономика университетінің Қостанай қашықтықтан оқытатын орталығының эдвайзеры. Жұбайы Индира екеуі Әмір және Темір атты ұлдарды тәрбиелеп отыр.
Г.Әмірхамзина
Аманжолов Елубай, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры.
Елубай – әкесі Сибанбайдың 49 жасында, елуге қараған шағында туған жалғыз баласы, сол себепті атын Елубай деп берген. Сибанбай 1898 жылы Майбалық жерінде дүниеге келген. Өзі ірі денелі, қара күштің иесі болған кісі. Соғыс уақыты кезінде төрт жыл бойы Омбының «Трудармиясында» болып, танк зауытын салуға қатысқан. Колхозда да ең қиын, ауыр жұмыстардың бәрін істеген. Өмірден 1952 жылы ерте кетті.
1971 жылы Ленин техникумын агроном мамандығы бойынша бітіреді.. 1984 ж. Министрдің бұйрығы бойынша Новоалексеев кеңшарына директор болып ауысқан. 1996 ж. Министрдің бұйрығымен Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында қызмет атқарып жүр. Алматы ауыл шаруашылық институтын сырттай оқып бітірген. Аспирантураны Ресейде сырттай оқып, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидатын қорғаған. Бірнеше ғылыми еңбектері бар. Жеті кітап, бірнеше ғылыми мақалалар, жаңадан шыққан дәнді дақылдарының бес сортының соавторы. Қостанай облысы маслихатының екі дүркін шақыруының депутаты. 1972 жылы отау құрған. Жолдасы Бахыт Сұлтанқызы. Үлкен ұлдары Әлішер инженер-экономист. Институтты бітірген соң, «Тенгиз Шеврон» компаниясында жұмыс істеді. 10 жылдай бас инженер болды. Қазір өз шағын ісі бар, жұбайымен бірге басқарады. Ортаншы баласы Ербол, ал кенже баласы Ерлан түрік лицейін бітіргеннен соң, институтта агроном мамандығын алды. Жеке шаруашылығымен айналысады.
Байдалы Р.
Арғынбаев Аманкелді Ахметұлы (Балта) 1946 жылы Меңдіқара ауданының Төлеңгіт ауылында туған. Ішкі істер қызметінің демалыстағы полковнигі. 1965 жылы Қаратал орта мектебін бітірген. 1965-1968 ж.ж. Кеңес Әскерінің қатарында қызмет істеген. 1969-1974 ж.ж. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. 1974 ж. бері ішкі істер басқармасында қатардағы инспекторден кадр бөлімнің бастығына дейін көтерілген.
Ахметов Т.
Асанов Оразалы Асанұлы Меңдіқара ауданы, Күзекшоқ ауылында 1921 жылы дүниеге келген. 1941 жылдың желтоқсан айында әскер қатарына шақырылады. Үшінші украин майданының 60-шы «Славян» дивизиясы артиллерия полкінда соғысқа қатынасты. Сержант шенін алып, бөлімше командиріне дейін өсті. Соғыстың басынан соңына дейін бір дивизияның сапында болып, аман қалған 3-4 адамның біреуі. Екі рет контузия алған. Венгрия, Румыния, Болғария, Австрия елдерін азат етуге қатысқан. Жеңіс күнін 1945 жылы 12 мамырда Австрияның Вена қаласында қарсы алған. «Қызыл Жұлдыз», 1-ші және 2-ші дәрежелі «Даңқ», «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін» орден-медальдарымен марапатталған. Шет мемлекеттерді үлкен қалаларды азат етуге қатынасқаны үшін Жоғарғы қолбасшының 14 грамотасымен марапатталған.
Соғыстан кейін жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне белсене араласты, «Қызыл бұрыш», кітапхана, Қаратал орта мектебінде қызмет істеді. Еңбегі Оқу министрінің Құрмет грамотасымен бағаланған.
Жұбайы Зура екеуі екі бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы Төлеген іргелі шаруашылықтардың бірінде бас зоотехник болып қызмет істейді. Қызы Гүлнәр банк қызметкері. Немерелерің Дәурен, Самал, Бақыт Қостанай облысының жоғарғы оқу орындарында білім алуда.
Ахметов А .
Асанов Әлти Қауменұлы 1934 жылы 15 қарашада Меңдіқара ауданы, Күзекшоқ ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесін, 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
1958-60 жылдары Қостанай облыстық комсомол комитетінде қызмет істеген. 1960 -62 жылға дейін Таран ауданы, Қоржынкөл орта мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, 1962-65 жылдары Красносельсий сегізжылдық мектебінің директоры, 1965-66 жылы Төлеңгіт сегізжылдық мектебінің директоры, 1966-67 жылы Қаратал орта мектебі оқу-ісі меңгерушісі, 1971-73 жылы Қарақоға ауылдық кеңесінің төрағасы, 1973-80 жылдары Наурызым ауданындағы Сослов орта мектебінің директоры. 1982 жылдың 11 сәуірінде дүниеден озды.
Ахметов А .
Асанов Мұқтар Қауменұлы 1928 жылы 19 қаңтарда Меңдіқара ауданы, Күзекшоқ ауылында дүниеге келген. Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесін ойдағыдай аяқтап, сырттай Оралдың педагогикалық институтын бітіреді. 1960 жылдан 1989 жылға дейін Меңдіқара ауданындағы Қаражар, Төлеңгіт, Талапкер, Татьяновка сегізжылдық мектептердің директоры қызметін атқарды. Ұлағатты ұстаз көп жылғы ерен еңбегі үшін облыстың бірнеше құрмет грамотасымен марапатталды. Жеті бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы шаруашылықтың әр саласында қызмет істейді.
Ахметов А .
Пікір қалдыру