|  | 

Тұлғалар

Аты аңызға айналған бабалар

Ytike batir

 

Ашамайлы бабаның шын аты – Ғали екен. Оны әкесі мен немере ағалары атқа не атанның екі өркешінің арасына ашамай ер салып, соған мінгізіп үйреткен екен. Соған байланысты жас бала Ғалиды жеңгелері қалжыңдап Ашамайлы қайным деп атап, содан ол Ашамайлы атанып кетеді.Сондықтан да Ғалидан тараған ұрпақтар Ашамайлы Керей деп аталады. Ол турасында өзінің «Ата тек» дастанында Қожаберген жырау былай дейді:

Атанған бабам Ғали Ашамайлы,

Өсірген мыңдап тайлақ, құнан-тайды.

Сібірге ерте кезден қоныстанып,

Ел болып ұрпақтары қанат жайды.

Ғалидан (Ашамайлыдан) – бір бала: Бағдат батыр. Бағдаттан – екі бала: Төбей, Көбей.

Керейдің басым көпшілігі Ашамайлыдан тарайды, ал азшылығы Меркіттен тарайды. Әлимұхаммед батырдан – үш бала: Уызбек, Уызбай, Уызхан. Уызбектен – екі бала: Қанай, Жанай. Жанай тарханнан – бір бала: Бағылан би.

Қаратай Биғожин.

 

Бағылан би. Алтын Орда хандығындағы мемлекет қайраткерлерінің бірі. Ол Тобыл өзені бойын мекендепті. Обаған өзенінің Тобылға құяр жерінде Бағылан тоғайы, Бағылан талы, Бағылан қара суы, Бағылан көлі, Бағылан томары, Бағылан қыстауы, Бағылан шоғы, Бағылан өзегі деген жер – су аттары болған. Бағылан баһадүр қартайып, өз есімімен аталатын тоғайды мекендейтін өз аулында ауырып қайтыс болыпты. Оның сүйегі Тобыл өзенінің жарқабағына жерленген.

Бағылан бидің Бопай есімді әйелінен Архат, Фархат, Сарымұрат атты ұлдары дүниеге келеді. Фархат батырдың Гүландам есімді әйелінен Танаш, Аббас, Манас туады. Осы күнгі Қостанай облысының Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарын, Солтүстік Қазақстан облысының және Қазақстанның басқа да жерлерін мекендейтін Ашамайлы Керейлер осы Танаштың ұрпақтары. Танаш Алтын Орда хандығының көрнекті адамдарының бірі, әділқазы би атаныпты. Танаш бидің Балға, Балта, Едіге атты балалары батыр, би, әскер басы болған. Бағылан бидің бейіті орналасқан қонысқа 1734 жылы жазда  Звериноголовскі атты сауда пункті салынды. Ол кейін казак-орыс мекеніне айналған. Осы күні бұл мекен Ресей Федерациясына қарайтын Қорған облысының Притобол ауданының  орталығы.

1723 жылы жазда жоңғар басқыншылары Бағылан бидің қонысын тартып алып, 1734 жылы жазда Ресейге қару – жараққа айырбастапты. Елінен, жерінен айырылған қазақ қосындары тек он жылдан кейін қайта оралып Дәстем Сал Қарабасұлы басқарған қол Зверинканы қоршауға алады. Қамал комендаты және осы жердегі шіркеудің дінбасы көпестерді ұйымдастырып, қазақ әскерінің алдынан дәстүр бойынша нан мен тұз алып шығыпты.  «Звериноголовка бүгіннен бастап бекініс те емес, казак-орыс станицасы да емес, қазақ пен орыс сауда жасайтын базар, жәрмеңке орталығы орны болсын! Соған келісім – шарт жасайық, дос болайық. Жер-су сіздердікі екенін мойындаймыз!»- деп тілек қойыпты. Бұған келіскен қазақ рубасылары әскерін кейін қайтарыпты. Шарт жасасып, келісім-шартқа екі жағы да қол қойыпты. Дәстем салдың талабы бойынша базар қазақ кенті мен орыс кентінің аралығында болатын боп көрсетіледі. Звериноголовкада тәртіп орнату Амандос Ерменұлы (Көшебе керей) бастаған мұсылман жасағына міндеттеліпті. Осының бәрі  шартта көрсетілген.

Қаратай Биғожин

 

 

 

 

Танаш би. Танаш Фархатұлы 1308-1348 жылдары ордабасы боп қол басқарумен, қазы, шора, уәзір боп ел басқарып, Тоқты, Өзбек, Жәнібек хандардың кездерінде мемлекет қайраткері дәрежесіне көтеріліпті. Танаш тарханның інісі Аббас баһадүр де Алтын орда хандығында үлкен әскербасылардың бірі болып, қызмет атқарыпты.

Танаш жайында Қожаберген жырау былайша толғайды:

Алтын Орда жұртына

Қорған болып жасынан.

Сол кездегі хандардың,

Орын алған қасынан.

Танаш тархан бабамыз,

Ел қамқоры болыпты.

Әскерді бастап әр кезде,

Жапан түзде қоныпты.

Сыбызғы, керней тарттырып,

Өткерген бастан жорықты.

Тоқты, Өзбек хандардың

Оған көңілі толыпты.

Кәпірдің туын құлатқан

Басшысын атып сұлатқан.

Бабамыздың істерін,

Мұсылман қауым ұнатқан.

Ал Сегіз сері Шақшақұлы былай деп жырлайды:

Танаш би, Аббас, Манас айтулы ерлер,

Жұрт көсемі Фархадтың баласы екен.

Бағылан ұлы – Фархадты кім десеңіз,

Кезінде Алты Алаштың данасы екен.

Танаш би Фархадұлынан он тоғыз баласы болған еке.Олар мыналар: Балға, Балта, Едіге, Емен, Есен, Ақпан, Алпан, Аман, Қырым, Қаңтар, Орақ, Орал, Орман, Сапар, Самархан, Мамырхан, Алтай, Көшебе (Айша анадан), Тарышы (Салиманнан).   Танаш бидің бәйбішесі – Айша Барлас түріктерінен шыққан Бақырғани мырзаның қызы екен. Танаш тарханның қара шаңырағы оның Айша бәйбішеден туған кенже баласы Көшебе баһадүрде қалыпты.

Танаш өзінің үлкен баласы Балғаға Сібір татарының бегі Ағайынбектің қарындасы Ғалия сұлуды әпереді. Одан Әзім есімді жалғыз ұл туады. Әзімнің лақап аты – Сыйбала екен. Келе – келе ол Сибан аталып кетіпті. Оны Балғаның  жиені екен деген сөз жаңсақ пікір.

Танаш бидің ортаншы баласы әртүрлі мұсылман халықтарының ішінен он бір сұлу қызды атастырып алған екен. Олардан ол қырық жеті ұл көріпті. Осылардан тараған ел Балта Керей атанған.  (Ерте уақытта өмір сүрген қазақтың би-батырлары, ірі рубасылары көршілес өзбек, түркмен, тәжік, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, қырғыз, татар сияқты әріден туысатын түрік халықтарынан қыздарын алған).

Танаш бидің де, оның бірнеше ата-бабаларының да құдай жолындағы адамдар екені рас (Ол Дәулен баһадүр шежіресінде айтылған). Енді Танаштың балалары  Алланың ақ жолындағы ардагерлер екен. Олар да ата-бабаларының жолын қуған, ислам дінінің үлкен насихатшысы болумен қатар, өз жұртының жер-суын жаудан қорғап, соғыстарда асқан ерліктің үлгісін көрсетіп, халқының алғыс рахметін алып, көпшілік – мұсылман қауымының сүйіспеншілігіне бөленген кемеңгерлер екен.

Танаш бабаға кейін бір құрылтайда Өзбек хан мен оның уәзірлері, әскербасылары, бектер мен билер, батырлар мен шоралар, дінбасылар, яғни муфти, хазірет, имам, ишан, софылар оның ерліктерін бір ауыздан әділ бағалап, тархан деген жоғары дәрежедегі қолбасылық атақ берген екен. Өзбек ханның үлкен баласы Жәнібек ханды Әз Жәнібек хан атансын деп ұсыныс жасаған Танаш пен батыр туыстары екен.

Танаш тарханның кіші інісі Манас жас жігіт кезінен ерлігімен көзге түскен екен. Өкінішке орай, бір соғыста қаза табады да, оның артында перзент қалмайды. Оның келіншегі Сәлиман да Танаш тарханның бәйбішесі Айшаның елі – барлас түріктерінің қызы екен. Айша бәйбіше кіші қайнысы Манас мерген қаза тапқан соң, оның жастай жесір қалған келіншегі Сәлиманды өз ақсақалы Танаш баһадүрге некесін қидырып қоспақ болыпты. Алайда Танаш баба: «Мен едәуір жасқа келдім. Жас келіншек алғаным ұят болады. Жас кісілердің біріне Сәлиманды қосарсыңдар!?»-десе, «Қартайғанда келіндерге таба қылмай, өзімізді күтетін кісі керек, өзің Сәлиманды ал!» – деп бәйбішесі қарт қолбасшыны көндіріпті.

Сәлиман үлкен қайнағасы Танашға тигеннен кейін мұнан жүкті болыпты. Айы, күні жеткен Сәлиман ұл тауыпты. Танаш пен оның батыр ұлдары жорыққа, ауыл адамдары көрші ауылға Қарт сардар болыпты. Ауыл жастары, әйелдер, балалар – бәрі көрші ауылға келін түскен тойға кетіп ауылда адам қалмапты. Қатты толғатқан Салиманды қайраты қайта қоймаған Айша ана өзі аман-есен босандырып алыпты. Оған қуанған ел анасы – Айша жаңа туған бөбектің кіндігін өзі кесіпті.

Айша бәйбіше жаңа туған бөбекке арнап той жасапты. Сол қуаныш үстінде Айша әже: «Тары егіп жатқанда туды, есімі Тарышы болсын!» – деп, бөбектің атын өзі қойыпты. Сол тойда балаға ат қоюмен бірге Айша ана жас бөбекке: «Ғұмырың ұзақ болсын, денсаулығың мықты болсын, несібең мол болсын! Басыңнан бақ, алдыңнан ас, қолыңнан дәулет кетпесін! Ұрпағың тарыдай көп болсын! Аллаһу Әкбар!» – деп ақ батасын беріпті. Ақыры дуалы ауыз, көреген, қасиетті Айша әженің оң батасын Алла қабыл етіп, Тарышының ұрпақтары көп тарап,  Танаш тарханның өзге ұлдарының ұрпақтарынан әлде қайда көп болыпты.

Танаш би мен Айша ана көп жасапты. Тарышы бір жасқа келгенде, қарт қайынағасы мен қарт абысынын күтіп, оларға жақсы қызмет еткен Сәлиман азғана күн ауырып, дүниеден өтіпті. Анасынан  жас қалған Тарышыны Айша әже өз бауырына алып, үлкен немерелерімен бірге өсіріпті. Сәлиманның өлімі жасы ұлғайған Айша бәйбішеге қатты батыпты. Ақыры қартайып ауырып Танаш тархан да дүниеден өтіпті. Оның асы берілген соң, бір жылдан кейін мүлде кәрілік жеңген Айша ана да қайтыс болыпты.Дүниеден өтер алдында Айша әже өзінің ең кенже баласы Көшебе баһадүр мен оның бірінші әйелі – Балумаржанды шақырып алып: «мына Тарышым жас қалып барады. Осы ұлымды сен екеуіңе аманат етіп тапсырамын. Мұны ана дүниеде өз қолдарыңнан аламын! Өз балаларыңнан кем көрмей өсіріп, жақсы тәрбиелеп таңдаған қызын атастырып әперіп, алдына мал салып, отау үй етіп шығарғайсыңдар!»-деп өсиет етіпті.

Балға, Балта, Едіге, Емен, Есен, Аман Танаш ұлдары Өзбек ханның өмірінің соңғы жылдарында Алтан орда хандығында жас Сардарлар болып әскер басқарыпты. Содан олар Алтын орданы Өзбек ханның баласы Әз Жәнібек басқарған кезде Ордабасы тархан деген қолбасылық атақтарға ие болып мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліпті. Олар турасында атақты Қожаберген жырау былай дейді:

Балға, Балта, Едіге,

Керейден шыққан осылар.

Маңайында жүрмеген,

Елді бұзған масылдар.

Алла, аруақ, әулие,

Бабаларды қорғаған.

Аттанғанда жауына,

Кезі жоқ жолы болмаған.

Өзбек, Жәнібек, Бердібек,

Бұлантемір хандардың.

Ғаскерін бастап әрқашан,

Зәресін алған жаулардың.

Кәпірді қырып күйреткен,

Інісі мен ұлына соғысуды үйреткен.

Ақорданы күшейтіп,

Есіләм дінін өрлеткен.

Мүфтилерді бұлардың,

Болған жоқ ісі налытқан.

Сыбызғымен күй тартса,

Денесін көптің балқытқан.

Ал, жоғарыда есімдері аталған Танаш тархан ұлдары жастарының ұлғайғанына қарамастан, 1362-1380 жылдары Мамай хан басқарған кезде де, 1381-1391 жылдары Тоқтамыс хан билеген кезде де Алтын Орда хандығының әскерін басқарыпты.1392 жылдан бастап, Танаш ордабасының балалары мен үлкен немерелері үш түрлі себеппен қанды жол Әмір Темірге қызмет етуге мәжбүр болыпты. Біріншіден, Танаш тарханның ұлдарының анасы Айша әже барлас түріктерінен шыққандықтан, Әмір Темірге апа болып есептелген. Екіншіден, Танаш балалары Әмір Темір тарапынан болатын үлкен апаттан Алты Алашты аман сақтау мақсатымен оның әскербасылары боп қызмет атқарыпты. Үшіншіден, 1392-1394 жылдары Танаш ордабасының жасы ұлғайған ұлдары мен немерелері болашақ қазақ хандығының негізін қалау үшін Ақ орданы да Әмір Темірдің құрбанға шалуынан сақтап қалуға күш салыпты.

Балға мен Балта заманында үлкен қолбасшы – баһадүр болса да, жастары ұлғайған шағында Әмір Темір көрегеннің ғаскерлерін өздерінің батыр балаларына басқартып, екеуі сол Сардар ұлдарына әскери ақылшы боп жүріп, орыс книздіктеріне және Тоқтамыс ханға қарсы жорықтарға аттанып бара жатып, жол-жөнекей өздеріне бұрыннан таныс өңір Ұлытаудағы екі өзеннің бойына қосын қондырыпты. Сол жағаларына шатырларын тігіп, әскерлерін түнеткен екі өзен сол қол бастаған екі ордабасы – баһадүрлердің есімдерімен Балға, Балта өзендері деп күні бүгінге дейін аталады.

Сонымен қатар, жоғарыда есімдері аталған ағайынды екі батырдың сол жерде тау қойнауындағы жердің беткі қабатынан темірді қопарып алып, от жағып балқытып, ұсталарға өздері бастап келе жатқан Әмір Темір әскеріне қажетті қару-жарақтар соқтырған, болат қорытқан орындары сақталған. Сондай-ақ, ағайынды Балға, Балта, Едіге баһадүрлердің сол арадағы бір қаратасқа қашап, ескі араб әрпімен  (хадимше): «Осы арада өзімізге туыс арғын-қыпшақ елдері тұрады екен!»-деп және өздерінің 1392 жылы жаздың басында Ұлытауға тоқтап, жердің беткі қабатындағы темірді қопарып отқа өртеп, содан болат қорытып алып, қару-жарақтар соғып алып зор әзірлікпен соғысқа аттанғандарын, әскерлерінде қанша сарбаз болғанын жазып қалдырыпты (Дәулен батыр шежіресінде айтылған).

Дәулен баһадүр Таузарұлының  шежіресін өз тұсында ұрпақтары қосып жазу арқылы толықтырған. Сегіз сері Баһрамұлы батыр-ақын көзінің тірісінде жоғарыдағы елден-елге таратқан екен. Сегіз сері айтқан сол жазуды Кеңес дәуірінде Ленинградтан келген археологтар тастан қиып әкетіпті.

Жоғарыда аталмыш тастағы хадимше жазуды оқыған қазақтың дүние жүзіне атағы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-1964ж.ж.) жергілікті қазақтарға: «Мына жазуды жазған әскербасы – баһадүрлер өзіміздің орта жүзге жататын қазіргі Керей ағайындардың арғы балалары: Балға, Балта Танаш би ұлдары екен. Ал, Ұлытаудың ең биік шыңында жатқан солардың туған інісі -  Ер Едіге!»-депті. Сол сөзді естіген кісілердің бірі Тай Тілегенұлы қария 1920 жылы жазда жиырма жасында (Қ.И.Сәтбаевқа жолықпай тұрғанда) сол Ұлытауда қара тасқа қашап жазған (ескі араб әріпімен) Балға, Балта баһадүрлердің жазуларын қағаз бетіне түсіріп алған екен. Соны жергілікті Жезді аудандық газетіне жариялатпақ болып жүргенін де естідік. Тай Тілегенұлы ақсақал (елі Бағаналы Найман) бертінге дейін өмір сүрді.

Танаш ордабасының үшінші баласы Ер Едіге де Әмір Темірдің әскерінің бір бөлігін басқарып, орыс князьдарына және Тоқтамыс ханға қарсы аттанып, 1394 жылы жаздың басында өзімен аттас әрі бөле Ноғай Едіге бидің әскерімен тізе қосып соғысып, Тоқтамыстың әскерін жеңіп әрі оны тақтан құлатуға үлес қосады. Бірақ қазақ батыры Ер Едіге Танаш тарханұлы жетсе де, өте ауыр жараланыпты. Оны жолдастары туған жері-батыс Сібірге емес, Самарқандқа апарып емдеткен болыпты. Сөйтіп, олар Торғай өлкесіндегі Хан шабылған деген өзеннің бойына жетіп, қосын қондырғанда найзаға салып әкеле жатқан қолбасшы-батыр Едіге Танашұлы қатты әлсірепті. Сонда ол нөкерлеріне: «Мен енді адам қатарына қосыла алмаймын. Мені неде болса, Ұлытауға жеткізіңдер. Одан әрі апаруға жарамаспын. Менде перзент жоқ еді. Тым болмаса ел есінде атым қалсын. Маған жасаған жақсылықтарың Алладан қайтсын! Маған жақсылық жасасаңдар, ақырына дейін жасаңдар! Олай-бұлай боп кетсем, сүйегімді Ұлытаудың биік шыңына апарып жерлеңдер!?» – деп, өсиет етіпті.

Қалың әскер өз қолбасшысы Ер Едігені найзаға салып алып, Ұлытаудың бөктеріне жетіп тоқтайды. Сол бөктерде дем алып, ат тынықтырыпты. Сол жерде Едіге баһадүр Танашұлы нөкерлерімен арыздасып қоштасып, дүниеден өтіпті. Танашұлы сардарды өз өсиеті бойынша сарбаздары Ұлытаудың биік шыңына жерлейді. Сол күннен бастап, Ұлытаудың ең биігі Едіге шыңы деп аталады. Бірақ бұл қазақтың Ер Едігесін, онымен әрі бөле, әрі замандас, әрі жорықтас жолдас, ноғай халқының Маңғыт тайпасынан шыққан, Тоқтамыс ханды тақтан құлатқан Едіге би Құттыбабаұлымен шатастыруға болмайды. Едіге би Құттыбабаұлының сүйегі Жайық өзені бойындағы Сарайшық шаһары маңындағы мұсылман зиратына жерленгенін естен шығармайық, ағайын!

Қаратай Биғожин

 

 

Әлмәмбет би Көшебенің Жауғашты атты баласынан тараған ұрпақ. Жауғаштыдан Әлмәмбет би Ұйпалақсофыұлына дейін бір-бір атадан ғана боп Жауғашты ұрпағы өспей келсе де, Әлмәмбет бидің жоғарыда есімдері аталған төрт әйелінен туған он үш баласынан едәуір ұрпақ тарап, олар бірте-бірте өсіп-өніп, көп ауыл боп, ХХ ғасырдың бас кезінде рулы елге айналыпты. Көшебенің бірнеше баласынан тараған ұрпақтар кейін Құрама Көшебе деп аталған, соның ішіндегі белді атаның бірі Әлмәмбет Керей екен.

Үй өзенінің Тобыл өзеніне құяр жерінде 1675 – қоян жылы дүниеге келіп, сол туған жерінде тоқсан төртке қараған жасында қайтыс болыпты. Ол Қожаберген жырау Толыбай Сыншыұлына (1663-1763 ж.ж.) шәкірт болып, одан үлгі-өнеге алған екен.

Әлмәмбет бидің Айбике бәйбішеден Айбас, Майбас, Таймас, Ақдәулет  Қолаң бәйбішеден Байдәулет, Жандәулет, Бұзаубай, Өтебай, Сусар бәйбішеден Бостанбек, Қостанбек, Үсенбай, Сұлу шешейден Толыбай, Қарабатыр атты балалар туған.

Қаратай Биғожин

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

  • КЕНЕСАРЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ

    Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды. Кенесары ғана емес. Наурызбай бахадұр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады. Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам, ғаламат ұзақ уақыт

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: