|  | 

Сұхбаттар

«АТАЖҰРТЫМА АСЫЛ ҚАЗЫНАЛАРДЫ ЖЕТКІЗДІМ»

Dolda

 

Долда Кенешұлы – ШҰАР-ның Алтай аймағында туып өскен. Көп жыл ауыз әдебиет үлгілерін және домбыра, сыбызғы күйлерін жинаумен айналысқан. Нәтижесінде ұлттық музыкамыз жаңадан 128 сыбызғы, 300-ге тарта домбыра күйлерімен толықты. Ұлт руханиятының жанашыры Иманғали Тасмағамбетов мырзаның қолдауымен жоғарыдағы мәдени мұралар 7 кітап болып жеке-жеке жарыққа шықты.

Долда мырза, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қытай елінде «Төрт көнеге қарсы» дейтін саяси науқан басталып, халықтық мұраларға қырғидай тиген жоқ па еді?
– 1960 жылдардан бастап Қытай елінде «солшылдық» дейтін саяси ауру пайда болды. 1930 жылдары Кеңес елінде жүргізілген коллективтендіру секілді Қытай елінде де 1958 жылдан бастап ортақтастыру науқаны басталды. Ол зорлықпен іске асырылды. Халықты бір қазаннан ас ішуге үйретті. Тамақты нормамен таратты. Айтқанға көніп, айдағанға жүріп үйренбеген халық қатты күйзелді. Ашаршылық басталды. Адам шығыны болды.
Халық мұралары «ескінің қалдығы» ретінде қудалауға ұшырады. Айтқан адам қылмысқа тартылды. Сақтағандар сотталып жатты. Жағдай қатты ушықты. Дүрбелеңнің арты 1966 жылдан бастап «Мәдениет төңкеріс» дейтін науқанға ұласты. «Жығылғанға жұдырық» халық тіпті күйзеліп кетті. Басқасы басқа «ескінің қалдығы» деп домбыра біткенді сындырып, көзін жойды. Көнеден келе жатқан келі мен келісапты, қылаяғы кемпір мен шалдардың аяғына киіп жүрген кебіс-мәсісіне дейін жиып алып өртеді.
Біз алғаш мектепке барғанда Қазақстанның білім беру бағдарламасына сәйкес оқулықтармен оқығанбыз. Оқулықтар араб графикасымен Қазақстандағы «Жаңа өмір» баспасынан басылып шығатын. Кітапханаларда кеңестік қазақ қаламгерлері Ғабиден Мұстафинның «Шығанағы», Сәбит Мұқановтың «Ботакөз», Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ батыры» секілді туындылар толып тұратын. Осының бәрін өртеп жіберді.
– Осыны істеп жүрген кімдер?
– Өзіміздің қазақ азаматтар. Оқымаған надан адамдар ғой…
– Алғаш 1949 жылы Қытайда жаңа үкімет орнаған тұста жағдай өзгеше еді ғой?
– 1949 жылы қазіргі Қытай үкіметі орнаған кезде жағдай жақсы болған. Ол тұста біз баламыз. Артынан білдік, осы жылымық жылдары халық мұраларын үкімет жинаттырған екен. Арнайы адамдар тағайындаған. Асқар Татанайұлы дейтін ғаламат шежіре, көкірегі даңғыл ғұлама ағамыз бар еді, осы кісі бас болып жинаған көрінеді. Бертінде ағамен көрші отырдық. Асқар марқұм ел арасынан жинаған кітаптарын қуған басталған жылдары өлген әйелінің зиратына бірге көміп әрең сақтап қалыпты. Ал, ие болмағандар айырылып қалды.
– Моа-зе-дун өлгеннен кейін халықтық мұраны қамқорлыққа алу жұмысы қайта жалғасты емес пе?
– 1976 жылы мемлекет басшысы Моа-зе-дун өліп, саясат қайта жұмсарды. Кеткен қателіктерді түзеу науқаны жүрді. Ұлттық мәдениетке жан бітіп, халық домбырасын қайта шерте бастады.
– Сізді білетіндер бала жастан халықтың ауыз әдебиетімен сусындап өскен, ата-анасы көзі ашық адамдар болған дейді. Әрі Зайсан жақтың тумасы көрінесіздер…
– Әкем Кенеш 16 жасында қазан төңкерісі тұсында Зайсан жақтан Қытайға өтіп кеткен. Шешем екеуін Зайсанда тұрғанда атастырған көрінеді. Тағдырдың жазуымен арғы бетке барып үйленіпті. Әкей сауаты адам болды. Кешке май шамның жарығымен небір қисса-дастандарды оқып беретін. «Әли батыр», «Мұхамед-Құнапия», «Кербала соғысы», «Қобыланды батыр» т.б. Дастандарды тыңдап отырып-ақ жаттап алам. Өзім хат танымаймын. Үйге қонақ келсе қисса жазылған кітаптарды ашып қойып, оқып отырған адам сияқты зулатамын. Білмейтін кісілер мені шын оқып отыр екен, деп қалады. «Құбылып бурыл гуледі, табаны жерге тимеді…» деп кетемін-ау.
Тағы бір өнерім 5 жасымнан бастап домбыра шертіп үйрендім. Долдай деген өзі ақын, домбырашы жамағайынымыз болды. Бізге құдандалы адам еді. Жарықтық бертінде өлді. Осы кісі маған қу тақтайдан үш бұрыш «бала домбыра» жасап берді. Әкем риза болып, бір қойын өңгертіп жіберді.
Біздің үйге қонақ көп келуші еді. Кімі келсе де тыңқылдатып күй шертіп беремін. Қаншалықты жақсы шертіп жатқанымды кім білсін, әйтеу қонақтардың көңілі хош. Кейбір көңілі түскендер өздері білетін күйлерін шертіп көрсетеді. Бір демде қағып аламын.
Ол кезде ауылда той көп, «қыз ұзату», «шілдехана» деген сияқты. Ел таң атқанша өлең айтады. Артынан халықтық мұраларды жинағанда құлағыма сіңіп қалған осы дүниелер көп септігін тигізді.
– Қытай елінде өмір сүрген атақты ақын Смағұл Қалиұлы сіздің атаңыз ба?
– Атақты ақын Смағұл Қалиұлы әкемнің немере інісі. Алтай аймағына аты шыққан үлкен ақын. 1979 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Дутың (аймақ әкімі) Шәріпхан Көгедаев Алтайды билеп тұрғанда өзіне қарасты 7 ауданның игі жақсыларын жинап алып Смакеңе өлең айттырады екен. Қытайдың жаңа үкіметі орнағанда сіздердегі Жамбыл Жабаев сияқты Смағұл атамызды қатты дәріптеді.
– Алтайдың арғы бетінде Арғынбек Апашбайұлы деген үлкен ақын өткенін білеміз. Өзі Зайсан-Тарбағатай өңірінің тумасы екен. Осы кісінің бізге белгісіз қандай туындылары бар?
– Қытай елінде Құрманбек Зейтінқажыұлы дейтін айтыс ақыны бар. Өзі Арғынбек Апашбайұлының баласы сипатындағы адам. Арғынбек ақын барлық жазған дүниелерін осы кісіге тапсырған екен. Соның бәрін алдым. Өте көп дүние бар. Қазір ұмытыңқырап отырғаным. Бертінде Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесінің бастығы қызметін атқарып тұрғанымда Арғынбек Апашбайұлының бір кітабын шығардым.
– Алтай қазақтарында тұрмыс-салт жырларының түрлері көп сақталған ба?
– Жарапазанның бірнеше түрі бар, әсіресе Қазақстанда көп кездесе бермейтін төрт түлік туралы жырлар жақсы сақталған. Көріс пен жоқтаудың түрлері, сыңсу мен сарын, қылаяғы бақсының жын шақыру сарыны, одан кейін тіс қақсап ауырған адамды емдейтін «қанқұрт шақыру» жыры дейтін де болады екен. Ештеме қалдырғам жоқ. Қолыма ілікккенін ала бердім, папкаға сала бердім.
– Жаңа сіз Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесінде бастық болдым дегенді айтып қалдыңыз. Ол не нәрсе?
– Мұндай мекеме екі-ақ жерде болды. Іле қазақ автономиялы район орталығында, одан кейін Алтай аймағында. Міндеті – парсы, араб, шағатай тілінде жазылған көне қолжазбалар мен кітаптарды жинайды. Осы жұмысқа келуім жақсы орай туғызды. Бұрын театрда жүріп бастаған ісімді жалғастырып әкетім.
– Бұрын театрда әртіс болып па едіңіз?
– Менің незігі мамандығым театрдың әртісі. 1963 жылдың қазан айында Алтай аймағында филормания ашылды. Кадрдың тапшы кезі. Осыған орта мектепте оқып жүрген өнерлі оқушыларды қабылдап, тәрбиелеп-оқыту мәселесі қаралды. Мен емтихан тапсырып ілініп кеттім. Сабағым жақсы болатын сынып жетекшісі «жібермеймін, жалғыз жақсы оқушымды алып кететін болдыңдар» деп қасарысып бақты. Оған қараған жоқ алып кетті. Жиырма бала бардық, бәріміз бір сыныпта оқимыз, тамақты ортақ қазаннан ішеміз, тәртіп қатты болды.
Кейін сақа әртіс атанып жұмыс істеп жүрген кезде «төменге түсіп халықтан тұрмыс үйрену» дейтін болды. Халық шөпті қалай шабады, малды қалай бағады, аттың жүрісі қандай болады, осының бәрін біліп шығармаға арқау етесіңдер, дейді. Өнер адамдары үнемі төменге түсіп ел ішінен бірдемелер үйреніп келетін болдық. Осыны пайдалынып халық арасынан ескі күйлер мен жырларды жинай бастадым.
– Күйлерден басқа не жинадыңыз?
– Ою-өрнектің түрлерін жинадым. Суретті жақсы саламын. Көзіме түскен ескі оюларды көшіріп аламын. Бірақ осыны жалғастыра алмадым, үзіліп қалды.
– Қанша жыр-дастан қолыңызға түсті?
– Көп ғой. Алғашқы кезде жинаған дүниелерімді көшіріп, бір есесін өзіме қалдыратын мүмкіндік болмады. Көшіріп алайын десеңде бүгінгідей ксеркс жоқ. Артынан осы үлкен өкініш болды.
– Ең көп қазына қай өңірде басым сақталған екен?
– Қытайдың Шыңжан өлкесінде үш қазақ аймағы бар. Менің туған елім – Алтай аймағы. Сол себепті мен тек Алтай өңірін ғана жинадым. Тарбағатай, Құлжа жағына көп бара алмадым. Жалпы Қытай қазақтарында байырғы қазына Алтай аймағында көп сақталған. Соның ішінде Көктоғай, Шіңгіл халқында өте мол. Адамдары да талғампаз, ішкі қазынасын қажетсіз сыртқа шаша бермейтін секемшіл келеді. Қолындағы дүниесін оңай-оспақ бере қоймайды.
– Халық қолындағысын бермейтін болса сіз қалай алып жүрсіз?
– Менің Смағұл ақынның баласы болғаным, әрі қайын атам Тайыр Белгібайұлының күйеу баласы болғаным халықтың маған сенім артуына септігін тигізді. Ел арасында Тайыр атамызға деген құрмет ерекше бөлек. Барған жерімде «Тайырдың күйеу баласы» деп таныстырып қойса жетіп жатыр. Халық: «Ойбай, Тәкеңнің баласынан несін аяймыз» деп, жыртылып айырылады.
Тайыр Белгібайұлы үш аймақ төңкерісіне еңбек сіңірген адам. Келіскен келбеті бар, әнші, домбырашы, сал-серілігімен атаққа шыққан. Кейін 1950 жылдары аймақтық ойын сауық отауында жұмыс істепті. 1954 жылы Шыңжан қазақтары өмірінен «Қасен – Жамила» дейтін көркем фильм түсірді. Сценарин жазған Уаң-и-ху дейтін қытай мен Бұқара Тышқанбаев екеуі. Кинода Жақанның рөлінде Тәкең ойнайды. Фильмнің музыкасын жазған шанхайлық Ши-ху-сай мырза жергілікті қазақтарға фильмдегі оқиғаға қатысты күй табыңдар дейді. Тәкең қазіргі халық күйі аталып жүрген «Сал күреңді» жасап алып барады. Күйді естіген қытай қуанып кетіп: «міне менің іздеп жүрген музыкам осы» депті. Кинода Қасен мен Жамилә қашып тау арасына кіріп кететін сюжет бар. Сондағы орындалатын күй осы. Жарықтық домбыраны ала салып, өзім шертіп бердім деп отыратын.
– Халық арасынан көне мұраларды жинау ісіне үкімет тарапынан қолдау болды ма?
– Әрине, Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесінің бастығы болып тұрғанымда бізбен қанаттас Ұлт істері басқармасы және Дін істері басқармасы дейтін болды. Дін істері басқармасы бір жылдары мешіттерге санақ жүргізді. Молдалардан емтихан алып, сыннан өткендерін имамдыққа тағайындады. Осы іске мен әдейі араластым. Қалай араласты дейсіз ғой, халық арасында сақталған кітаптарды, ауызша айтылып жүрген жырларды түгелдей жинап тапсыру жөнінен молдаларға үкімет атынан тапсырма бергіздім. Кейбіреулеріне тізім жасап ұстатып қойдым. Молданы халық сыйлайды «ойбай, молдакең сұрап жатыр!» деп қазақтар қолындағысын әкеліп береді.
– Сол тұста Алтай аймағында қанша мешіт болды?
– Тек Алтай аймағында 100-ден астам мешіт болды.
– Бұл қай жылдары?
– 1986-шы жылдар шамасы.
– Алтай аймағында осы шамада қанша қазақ болды?
– 250 мыңның шамасында. Сол кездегі статистикалық мәліметтердің бәрі бар менде.
– Содан имамдарға тапсырма беріп қойдыңыз…
– Молдалар мешітті ұстап тұру үшін үкіметтің тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Жұма намазға жиналған жамағатқа айтып, міндеттейді. «Қолдарыңда не бар әкеліп беріңдер! Немесе естіп білгендерің болса жазып әкеліңдер!» дейді. Осылай менің қолыма ғайыптан көне кітаптар жиналып қалды. Әрбір мұраны архивке өткізіп католог жасап отырдым. Бұдан басқа таудағы малшы-қосшыларға барып үгіт-насихат айтатын топ болды. Соларға қосылып алып, ел кезіп кетемін. Адам бармайтын сонау Бәйтік, Қаптыққа дейін араладым. Отардағы малшыларға шейін барып мұра жинадым.
– Көне домбыра күйлерін қалай жинадыңыз?
– Күйді алғаш аймақтық филормонияға күйші болып келген күннен бастап жинадым. Арада біраз жыл үзіліп қалды. Оның себебін басында айттым. 1970 жылдары Алтай аймағында ақындар айтысын өткізу қолға алынды. Шыңжан тарихында тұңғыш рет ұйымдасқан түрде кең көлемді ақындар айтысы 1974 жылы Алтайда өтті. Оны өткізу туралы аймақ басшысының қаулысы шықты. Айтысты басқарып өткізу газетхананың бастығы Шабдан деген ағамызға жүктелді. Мені көмекшілікке тағайындады.
– Бұл тек Алтай аймақтық ақындар айтысы ма?
– Алғашқы айтысқа тек Алтай аймақтың ақындары ғана қатысты.
– Алтай аймағында неше аудан бар?
– Аймақта 7 аудан болды. Айтыс аймақ орталығында Алтай қаласында өтті. Осыған бір топ әнші-күйшілер жиналды. Олардың міндеті – айтыс арасында ән айтып, күй шерту. Ішінен Мақсат Кәдірханұлы деген азаматтың өнеріне сүйсініп театрға қабылдадық Қазір атақты режиссер болды. «Көрікті мекен» дейтін фильм түсірді. Оны өздеріңіз білесіздер. Биғазы дейтін жігіт келіп халық әндерін орындады. Менен екі-үш жас үлкен екен. Биекеңнен аса көп халық әндерін жазып алдым.
Жыл өткен сайын аймақтық ақындар айтысы тұрақтанды, деңгейі де көтерілді. Қазір бірнеше жүз киіз үй тігіп өткізетін дәрежеге жетті. Мұнда ұлттық киімдер бәйгесі, киіз үйлердің жарысы қатар өтетін дәстүр қалыптасты. Үш аймақ ақындары түгелдей қатысатын болды. Оған қосып сыбызғышылар, көмекей жыршылар, қисса-дастан жаттап айтатын жыршылар тұтас келіп қатысады. Айтыстың осындай жоғары дәрежеге көтерілуіне аймақ бастығы Қадыс Жәнәбілұлы, аймақтық мәденит бастығы Зақан дейтін азаматар көп еңбек сіңірді.
– Өтейбойдақтың «Шипагерлік баянын» тауып ғылыми айналымға енгізген Қадыс Жәнәбілұлы осы кісі ме?
– Өтейбойдақтың «Шипагерлік баянын» алғаш тапқан адам мына менмін.
– Қалай?
– Алақақ Буыршын жақта Егізтөбе дейтін ауылда, бір үйде ескі кітап бар дегенді естіп, іздеп бардым. Үй иесінің аты Нұртай екен. Ауылда дәрігер көрінеді. Өмірімде мұндай қырыс адамды көрсемші, үйіндегі ескі кітапты көрсеткенімен бермей қойды. Күн-түні жалынып шамам жетпеді. Содан аймақтық үкімет кеңсесіне барып баяндадым. Осындай баға жетпес қазына бар екен, алу керек дедім. Кім барса да бермеді. Ақыры сіз айтып отырған Қадыс ағай барып алған көрінеді.
– Жаңағы Нұртай деген кісіде «Шипагерлік баяннан» басқа көне кітаптар жоқ па екен?
– «Текті ел» дейтін көне кітап бар екен. Қазақтың рулық – шежіре баяны секілді көрінді. Көрсетті, бірақ бермеді. Оны ешкім әлі алған жоқ.
– Сыбызғы күйлеріне келейік. Қазақ топырағында нотаға түскен сыбызғы күйлері 30-дың маңайында екен. Ал, сіз жинақтап бастырған кітапта 121 сыбызғы күйі бар. Үлкен жетістік емес пе?
– Мен Қазақстанда бар-жоғы 30 шақты сыбызғы күйі бар екенін білген жоқ едім. Менің жинаған сыбызғы күйлерім өте көп. Содан қайталанғанын алып тастап, ұқсастарын біріктіріп жариялағанда 121 болып тұр ғой. Алтайда әйгілі сыбызғышылар болды. Қаба бойында Іркітбай, Қисабек, Жетімек деген сыбызғышылардың күйі көп сақталған. Шіңгілде Сүндетхан деген атақты сыбызғышы болды. Оны көзім көрді. Бір көзіне ноқала түскен ақкөз адам екен, өте көп күй жазып алдым. Қабадан Жұмақан деген сыбызғышыны көрдім. Тартысы сұмдық. Іркілдеген семіз адам, сыбызғы тартқанда бас терісінің құйқасы бірге ойнап тұрады. Керемет. Жұкеңнен бірталай күй жазып алдым.
– Бұл күйлерді қалай жазып аласыз, қытайша нотаға түсіріп аласыз ба, әлде..
– Ол кезде нотаға түсіргем жоқ. Магнитафон алып барып таспаға жазам да алам. Қайран дүниенің көбін архивке өткізіп жібердім ғой. Бертінде барып екі есе жазып, бірін өзіме сақтағаным болмаса. Мына әкелгендерім бұрынғы жинағанымның жұрнағы ғана. Жүздеген кассетадан қолымда қалғаны жиырма шақты болар-болмас.
– Қазақстанға алғаш рет қашан келдіңіз?
– 1991 жылы Моңғолиядан Қазақстанға қарай ел көшкенде Қобда бетіндегі туыстарымыз осы жаққа өтіпті. 1997 жылы солар шақыру жіберіп алғаш рет Қазақстанның босағасын атадым. Келсем М.Әуезовтың 150 жылдық тойы болып жатыр екен соған құрметті қонақ ретінде қатыстым.
Одан кейін 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайына делегат болып келдім. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты: «Сіздер Қазақстанға келгенде өздеріңіз тұрған елдің білімін, технологиясын ала келіңіздер, қазақ руханиятына үлес қосыңыздар!» деді. Осы сөз көкейімнен кетпей қойды. Елге қайтайын деген ой келді. 2005 жылы біржола көшіп келдім.
– Келген соң жоғардағы жиған-терген дүниелеріңізді біреуге көрсету керек болды. Солай ғой?
– Кімге не айтарымды білмеймін. Күнде отырып алып теледидардан ақпарат тыңдаймын. Қарап отырып Иманғали Тасмағамбетов дейтін халық мұраларына жаны ашитын азамат бар дегенді естіп қалдым. Сол үгіттің әсері ме, Имекеңге біртүрлі ішім жылитын болды. Ол кезде Иманғали Нұрғалиұлы Алматы қаласының әкімі. Ойланып отырдым да өзіме жамағайын азамат ақын Ұлықбек Есдәулетке бардым. Ақылдастым. Қолымдағы заттарды Иманғали Нұрғалиұлына көрсетсем қайтеді, дедім. Ұлықбек інім құп көріп: «Ойбай, ол кісіні мен жақсы танимын, одан артық адам таппайсыз» деп, санын шапалақтап қуанды.
Осылай Имекеңнің атына хат жазып қолымдағы кассеталардың бәрін беріп қояа бердім.
– Не деп хат жаздыңыз?
– Оқып берейін бе?
– Құлағым сізде!
–«Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы мырза! Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Шыңжан өлкесінің батыс бөлігі бос қалды. 1760 жылдан бастап осы өлкеге қазақтар қоныстанды. Қазір 200 жылдан асып барады. Олар әдет-ғұрыпын, ұлттық құндылықтарын жойған жоқ. Тілін таза сақтаған. Дәстүрлі музыка өнері мен ауыз әдебиет үлгілері мұрты бұзылмай тұр… Өз басым халық мұраларын жинаумен көп жыл шұғылдандым. 100-ге жуық қисса – дастан, 50-дің үстінде араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған қолжазба, көне басылым кітаптар, ондаған мың шумақ өлең-жырлар, халық ән-күйлері, мақал-мәтел, аңыз-әңгімелер жинадым. …2005 жылы атамекенге біржола көшіп келдім. Осы жинаған дүниелерімді сіздің қолға табыс етуге бекіндім. Қалай болса да қазақтың мұралары емес пе, ұлттық қорымызға қосылып кейінгі ұрпақтар кәдесіне жарар деген ниетпен сәлем жолдаған Долда Кенешұлы, 2007 жылы, сәуір» деп, хатымды аяқтадым.
– Содан хат кетті, жауап күтіп жатырсыз?
– Содан 2007 жылдың мамыр айында Иманғали Тасмағамбетов мырза шақырып жатыр деген хабар жетті. Қасыма Ұлықбек Есдәулет бауырымды ертіп алып келдім. Имекең қатты риза болып отыр екен. Дереу кітап етіп шығарайық, деді. Маған көп рахмет айтып шығарып салды. Содан 2007 жылы 10-мамырда жазушы Ұлықбек Есдәулет, сазгер Айтқали Жайымов, домбырашы Біләл Ысқақ, сыбызғышы Еділ Құсайыновтардан құралған жұмыс тобы жасақталды.
Менің күй жазған ленталарым өте ескі болатын. Алды 20 жылдан асып кеткен. Имекең ақша бөлем лентаны бүлдірмейтін жаңа құрал алыңдар, деді. Осылай жұмыс басталды. Ақыры Имекеңнің арқасында «Атамұра» баспасынан жеті кітап болып шықты.
– Сізді ән жазып, күй шығаратын сазгер деп естідік…
– «Туған жер» деген бір әнім бар. Бес-алты жыл ойланып жүріп жаздым. Естіген жұрт керемет екен, дейді. Өзім шығарған күйлерім бар. Алғаш күйді 1976 жылы жазғам. Іші тар біреулер «бұл күйде Қазақстан күйінің сарыны бар» деп, пәле жауып, жаным әрең қалғаны. Екі ел қатты өштесіп тұрған заман еді ғой. Тағы бір күй құрастырып жүрмін. Оның атын «Астана» қояатын шығармын.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
*Куміс жамбы* кітабынан алдым

 

Related Articles

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • “Саясаткерлер пафоспен сөйлегенді жақсы көреді”. Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының болашағы бар ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мәртебесіне ие елдердің басшыларының Самарқанда (Өзбекстан) бірігіп түскен суреті. 11 қараша, 2022 жыл Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Бұл кездесу не береді? Түркия Ресейдің Украинамен соғыстан бас көтере алмай жатқанын пайдаланып, аймаққа ықпалын күшейтуге тырыса ма? Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының, әсіресе әскери салада болашағы бар ма? Азаттық осы жөнінде Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлумен әңгімелесті. ТҮРКИЯНЫҢ МҮДДЕСІ МЕН ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ? – Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Ұйым азаматтық қорғаныстың бірлескен механизмін нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ күн тәртібінде аймақтағы және сырттағы саяси-экономикалық оқиғаларды талқылау мәселесі тұр. Саммиттің уақыты мен геосаяси контексі жөнінде

  • АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты өзгерді ме? Елші Дэниел Розенблюммен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК  АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмнің Азаттық радиосына берген сұхбаты АҚШ дипломаты Дэниел Розенблюм Қазақстанға елші болып келгеніне бір жылға жуықтады. Оған дейін ол Өзбекстандағы елші қызметін үш жыл атқарған. Орталық Азияға маманданған дипломат аймақ басшыларының Нью-Йоркте президент Джо Байденмен оңаша кездескені саяси жетістік дейді. Азаттық елшіден сұхбат алып, C5+1 саммитінде адам құқығы тақырыбы қаншалық қозғалғанын, Қазақстанға төнген санкция қаупін және АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты қалай өзгергенін сұрады. НЬЮ-ЙОРКТЕГІ КЕЗДЕСУ ҚАЛАЙ ӨТТІ? – АҚШ президенті Джо Байден жақында Орталық Азия басшыларымен C5+1 форматында кездесті. Саммит алдында құқық қорғау ұйымдары осы жиында адам құқығы басты назарда болса екен деп үміт білдірді. Бұл үміт ақталды ма? – Нью-Йоркте өткен C5+1 саммиті

  • “Украинадағы соғыс ондаған жылға созылуы мүмкін”. Британ генералымен сұхбат

    Важа ТАВБЕРИДЗЕ Украин сарбаздары зенитті қарумен атқылауда. Архив суреті. Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы, қорғаныс және қауіпсіздік тақырыбында кеңес беріп, дәріс оқитын генерал сэр Ричард Бэрронс майдандағы айла-тәсіл, өндірістік мобилизация және Украина мен Батыс елдері таңдауы соғыстың ондаған жылға жалғасуына қалай әсер ететінін айтып берді.  Генерал сэр Ричард Бэрронс Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы. Қазір Universal Defense & Security Solutions қорғаныс және күзет компаниясын басқарады. Ол Азаттықтың Грузин қызметімен сөйлесіп, Украинадағы соғыс неге ұзаққа созылатынын талдап берді. Азаттық: Украинада соғыс басталғалы бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде қандай сабақ алдық? Ричард Бэрронс: Еуропа үшін жоғары деңгейде сабақ алатын дүниелер болды. Біріншісі, 90-жылдары Қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін көбі “енді соғыспайтындай болдық” деп ойлағанымен,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: