|  | 

Әдеби әлем

Сегіз сері және Ғайни

Сегіз сері және Ғайни

Мен қазақ ауылдарын аса көп аралаған адам емеспін. Алайда, Алтайда, Арқада, Атырауда, Қаратауда болдым. Сонда байқағаным: сол арадағы барлық қазақ Құрманғазыны «Құрманғазы бабамыз» деп сөйлейді. Мұны мен тектілік деп түсінем. Сондай тектілікті біз тағы көрсете

Не Құрманғазының, не Тәттімбеттің, Біржан мен Ақанның, тағы басқа өнер­паздардың бірде-бірінің өмірі мен өнері жайында дәл Сегіз серінікіндей сенімді, нанымды деректер мен куәлар жоқ. Алайда, Сегіз серіні өнер тарихына жолатқысы кел­мейтін адам көп. Академик Серік Қирабаев ағамызша айтсам, «Сегіз сері ешкімнің әкесін өлтірген жоқ. Әкелерімізді жаппай өлтірген немістерді де бұл күнде арқасынан қағып дос қылып жүрміз». Ендеше, кінә кімде? Бізде ме, Сегіз серіде ме?
Меніңше, басты кінә – шынайы ғылым­ның нашарлығында. Шынайы ғылым жоқ жерде өсек-аяң, дүмбілездік, шалалық пен алалық, алыпқашпа пікір белең алады. Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығына әділ баға берілмеуіне, тіпті атын атамауға дейін апарған арғы-бергі, ішкі-сыртқы себептер, меніңше мынандай:
1. Сегіз серінің азаматтық, өнерпаздық қалыптасуына ықпал еткен оқиғалар мен тарихи-саяси жағдайлар өткен қазақ жерлері бұл күнде Ресей мемлекетінің құ­рамына кіріп кетті.
2. Ол орыстың отарлау саясатына қару алып, қарсы шықты. Жаласы бар, шындығы бар, орыс әскері мен адамдарының қанын төкті. Сондықтан саяси қырағылық пен сақтық жасауға мәжбүр болған аталарымыз бен ағаларымыздың оны айғақтап зерттеуге батылы бармады.
3. Сегіздің Исатай-Махамбет көтерілі­сіне тілеулес болғаны, ара-тұра шайқасқа ара­ласып та кеткені дәлелдендi.
4. «Гауһартас», «Ғайни», «Мақпал», «Қарагөз», «Сәулем-ай», «Назқоңыр», «Алқоңыр», «Ақбет», «Қарғаш», «Әйкен-ай», «Топ қараған», «Елігай» секілді қазақ әндерінің кілең інжу-маржанын бір-ақ кісіге бере салуға қимадық. Сенбедік. Мүмкін еместей көрінді. Егер оның бәрін Сегіздің әні десек, Біржанның, Ақанның, Мұхиттың, тағы басқалардың беделіне нұқсан келетіндей көрдік.
5. Бұрын Ақандікі, Әсеттікі, тағы басқалардікі деп жүрген кей ән Сегіздікі болып шығатын болды. Ал қалыптасып қалған өтірікті өзгерту ғылыми мәде­ниеттілікпен қабылданатынына ешкімнің көзі жетпеді.
6. Нәбиден Әбуталиев, Төлеш Сүлей­меновтер Сегіз серінің өмірі мен шы­ғармашылығын ашық сөз ете бастағанда, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының басшылығы мен кейбір қызметкері «ондай адам өмірде болған емес» деген пікір ұстанды. Біздің ойы­мызша, оның өзіндік себебі де болды. Институт басшылығы «Қыз Жібек» жырының 1500 жылдығын ЮНЕСКО-ның қолдауымен атап өтуге талпынды. Ал егер оны тұңғыш жырлаушы Сегіз сері 1818 жылы ғана туған болса, институттың әлгі әрекеті әжуә болып қалатын еді. Сондықтан оларға Сегіз серінің барынан жоғы тиімді болды.
Бұл, әрине, ғылыми мекеменің ғылымға қайшы әрекеті болатын. Ғылыми меке­менің өзі зерттеуге тиіс тұлғасын бүйтіп өмірде жоқ деп жариялауы бұрын-соңды ғылымда кездескен емес. Бұл, шын мәнін­де, үлкен қылмыс еді. Ұрпақ олардың нақ­ты әділ бағасын алда береді деп ойлаймын.
Серік Қирабаев ағамыз айтқандай, Сегіз сері дәп біреудің әкесін өлтірген адам секілді…
Пікірді, шындықты жасыру арқылы ешқашан, еш заманда ғылым дамыған емес. Ғылым тек дәлелдеу арқылы дамиды. Құрманғазының ең әйгілі шәкірті Дина Нұрпейісова кезінде: «Адай Құрманғазының күйі емес» деген. Бірақ Ахмет Жұбанов Құрманғазынікі деп дәлелдеді. Сондықтан ғылымды ең әуелі ғалымдардың өзі сыйлауы тиіс.
Сегіз сері жайында аз жазылған жоқ. Оның шығармалары да жарық көріп жатыр. Мемлекеттік тапсырыспен «Жалын бас­пасынан» 2013 жылы «Шығармаларының» І томы, 2014 жылы ІІ томы жарық көрді. Құрастырған – Социал Жұмабаев деген азамат.
Шын аты Мұхаммед-Қанапия бола тұра, неге Сегіз сері аталып кеткені жайын­да екі түрлі пікір айтылады. Біріншісі, сегіз жасында-ақ әдемі киініп, әдемі сөйлеп, ақын болуға ұмтылыс жасап жүрген ба­ланың қылығын байқаған үлкендер оны «Се­гіз жасар сері» деп жүріп, ақыры сол аты шын аты болып кетіпті. Екіншісі, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт болған соң, Сегіз аталып кетіпті-міс.
Ақын, әнші, сазгер, күйші, мерген, ұста, палуан, сардар, найзагер секілді жан-жақты өнерпаз болыпты. Бірақ сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің бәрін қазақ Сегіз сері атай бермеген ғой. Ал сегіз жасынан серіге тән қылық көрсету әркімнің қолынан келе бермесе керек. Бар-жоғы үш-ақ мүшел жасап, 37 жасында 6 ұл, 1 қыз сүйіп, өмір­ден өткен саңлақ талантқа сегіз жасынан серілік жасау сай келеді-ау деп ойлаймын.
Сегіз серінің өмірі мен шығармашылы­ғын ғылыми тұрғыдан талдау үшін өзінің «Қашқын келбеті» мен «Қыз сипаты» (Сегіз сері. Шығармалары, 2-том, 24 және 33-бет­тер, 2014), Жаяу Мұсаның «Ер сегіз» (Сегіз сері. Шығармалары, 2-том, 245-бет, 2014), Нұржан Наушабайұлының «Сегіз сері баһадүр» дастанын (Сегіз сері. Шығар­малары, 2-том, 263-бет, 2014) және жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетінде 1991 жылы 20 қыркүйекте жарияланған «Ерлігін Исатайдың жырға қоссам» (Сегіз сері. Шығармалары, 1-том, 313-бет, 2013) атты мақаласын басшылыққа алу бірден-бір дұрыс жол деп білем. Себебі, бұлар – уақыт жағынан да, сенімділік тұрғысынан да бағалы дүниелер. Өйткені Сегіз сері өз шығармаларын жазба түрде қал­дырған. Сондықтан олар біраз уақыт қолдан-қолға жазба түрде тарағанда, келе-келе қолжазбалар тозып жоғалған соң ғана ауызша сақталған. Сондықтан көркем­дігінен азды-көпті айырылса да, деректік дәлдігін жоғалтпаған.
Ал Жаяу Мұса – Сегіз серіні көзбен көр­ген, үш жыл бойы қасында жүріп, үлгі алған шәкірті. Айрықша бағалағандығынан болар, Сегіз сері оған арнап өлең де шы­ғарған. «Сегіз қайтыс болғанда, елу шәкірті жоқтау шығардық» дейді Жаяу Мұса. Ал оның өлең шығармай, күй шығаратын Дайрабай секілді шәкірттері де болған. Үш жыл қасында болған, өлгенде басында болған Жаяу Мұсаға сенбейтін қазақ қандай қазақ? Елу шәкірті жоқтау шығарған Сегізден өзге қазақта қай өнерпаз бар? Осы­ның өзі-ақ оның ерекше талант бол­ғанын және ерекше құрметтелгенін көр­сетеді. Жоқтау шығара алмай қалған қан­шама шәкірті барын бір құдай білмесе, біз білмейміз. Мұның бәрі, ойлап қарасақ, Се­гіздің қазақ даласында тұңғыш өнер­паздар мектебін, серілік өнердің үлгісін қалыптастырғанын көреміз. Оны Жаяу Мұсаның сөзі дәлелдеп тұр.
Нұржан Наушабаев та – көптің бірі емес, қазақ өнерінің бір қаймағы. Оның үстіне, ол – Сегіздің туған інісі Қуаныштың баласы Сапарғали ақынмен дос болған адам. Кейін Сапарғали Нұржанның Нағима атты апасына үйленіп, оған жезде болады. Осы Сапарғали мен Нұржанның жұмбақ ай­­тысын әдебиет зерттеушілері жақсы бі­леді. Ақырында, Сапарғали Нұржанды Се­гіз­дің ауылына ертіп барып, балала­рымен, әйелі Ырысбикемен жолықтырады. «Бәй­бішесіне батырдың сәлем бердім» дейді Нұржан.
Шежіресін батырдың,
Асықпай жазда көшірдім.
Өлеңі мен жырларын,
Ұқыптап хатқа түсірдім, – дейді анық­тап. Бұған да сенбесек; онда бізге адал деген ат арам болмай ма?
Бұл топқа замандас інім Рахымжан Отар­баевты қосып отырғаным: оның қо­лында басқада жоқ шежіре бар. Казіргі қазақ ғалымдарының біразы орыстың ау­зынан шықпаған деректі тарих санамайды. Ал орыс жазбаларында Исатай-Махамбет көтерілісіне Арқадан келіп Сегіз сері ара­ласты деген сөз жоқ. Сегіз сері деген қазақ болыпты дегенді де жазбаған. Сондықтан олар Сегіз сері деген адам жоқ деп санайды. Ал Рахымжан Өтепқали Жақыяұлының ше­жіресіне сүйене отырып, Сегіз серінің Исатай-Махамбет көтерілісіне азды-көпті араласқанын, Жәңгір ханның көзін құртуға оны Махамбеттің арнайы жұмсағанын, бірақ сәті келмегенін; Исатай өлген соң қуғынға ұшыраған Махамбетті Сегіздің Қызылжар өңіріне паналатпақ болғанын, бірақ бір күн кешігіп қалғанын, Махам­беттің кегін алу үшін, кіші жүз еліне екінші рет оралып, Баймағамбет сұлтанның көзін жоюға Сегіздің тікелей қатысқанын бәрін дәлелді баяндап шығады. Өз тарихымызды өзіміз сыйлау деген – осы. Рахымжанның қолындағы шежіре қараңғы түнекте туған жарық жұлдызға барабар.
Осы деректерге сүйене отырып, менің айтарым мынау.
Сегіз Омбыда алты жыл оқыған, алты жыл медреседе оқыған. Орысшаны оқы­тушы жалдап оқып, тәп-тәуір үйренген.
Бойы ұзын, ірі денелі, ойының аса зеректігінің арқасында ерте есейген, жа­сынан жан-жақты дамыған. Ақыры, өнері оны өз ортасының басшысы еткен. Он бес-он алтыдағы балғын жігіт өз замандастарын бастап келіп, Ертіс жағасында әскери жаттығулар жасап, қылыштасып, найза­ласып, садақ атысып жаттығатын болған. Батыс Сібір генерал-губернаторының орынбасары (наместник) Горчаков деген оның осы әрекетін үнемі көріп жүреді екен. Пәуескеге мініп, Ертіс бойын аралаған оның қызы да Сегізді сырттай біліп жүрген. Бірақ әкесінің не ойлағанын, қызының не ойлағанын бір Құдай білмесе, біз білмейміз.
Күндердің күнінде Ертіс орманының ішінде жиырма шақты орысты біреулер өлтіріп кетеді. «Сөз жоқ, қазақтар өлтірді, – деп ойлайды Горчаков. – Қай қазақ? Әрине, Сегіз сері. Одан басқа соғысуды үйреніп жүрген кім бар? Соны ұстау керек».
Бұл жаладан асығыс қашып шыққан Сегіз атына мініп, бес қаруын асынып, де­реу Ертістің тоғайына тығылады. Сол арада әлдебір әйелдің көмек сұраған дауысын естиді. Барса, бірнеше орыс бір орыс қызын ағашқа байлап тастап, ойына келгендерін істемек болып жатады. Батыр жігіт әлгілерді быт-шыт қуалап, қызды аман алып қалады. Ол Горчаковтың пәуескемен қыдыруға шыққан қызы екен. Қызды Сегіз аман-есен үйіне әкеліп тастайды да, Қызылжарға қашады. Горчаковтың көзімен қарасақ, қашқан адам сөзсіз сезік салады ғой, сон­дықтан Сегізді ұстаңдар деген бұйрық Қызылжарға да жетеді. Жағдайдың қатты шиеленіскенін Сегіз де сезіп, қасына сенім­ді досы Нияз серіні алып, көрші гу­бернияға түп нағашысы Байбақтылар жаққа тартып отырады. Ел-жұрты, туған-туыстары ұлықтарға Сегіздің өзін жа­мандап, айтқанға көнбейтін адам екенін айтып ақталады. Ол ақылды «зияным тимесін» деп, оларға Сегіз серінің өзі үйреткен еді. Оған Горчаков сенді ме, сен­беді ме, әлде қызын қарақшылардан құт­қарып алғанын ескерді ме, әйтеуір, Сегіздің туысқандарына тиіспейді. Бәрін быт-шыт қыламын десе, қолында тұр еді.
Ол кез – қазақтың әлі жаси қоймаған, бықсықтар мен қоқсықтарды жігерін намыс жайлаған тарландар таптап өте шығатын кез. Сегіз нағашысы Байбақ­ты­ларға да көп аялдамай, ақыры бір жарым ай жүріп, Еділдің Кептер деген саласында отырған ауылға жетеді. Бірден көздеріне оқшау тігілген он сегіз қанат ақ боз үй тү­седі. Сегіз бен Нияз ат басын солай бұрады. Өйткені он сегіз қанат үйдің өзі-ақ көп нәрсені меңзеп тұр емес пе? Бұл Ысық руынан шыққан әйгілі батыр, Исатайдың мыңбасы Қалдыбай Қосаяқұлының ауылы болып шығады.
Ғайнидың әкесі Қалдыбайдың Махам­бет қатарлас Исатайдың серігі болғанын тарихи дерек те растайды. «Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках» деген «Ғылым» баспасы шығарған тарихи материалдар жинағында оның аты бірде Ма­хамбет қатарында (284-бет), екіншісін­­­­де (286-бет) әскери рапортта аталады. Сон­дай-ақ тарих ғылымдарының докто­ры, про­фессор Зұлқарнайын Алдамжардың «Тарих: таным мен тағлым» атты кітабында ол туралы және Сегіз серінің өмірі хақында жан-жақты талдау жасалады («Арыс» бас­пасы, Алматы, 2002 ж.)
«Алдымнан бір қыз шықты құлпырып-ай, сұрап ем, Ғайни екен қыздың аты» дейді Сегіз сері. Қонақтарды сұңғақ бойлы сұлу Ғайни әке-шешесінің жоғын білдірмей, қазақтың салт-дәстүрімен аспай-саспай қарсы алады. Қасында бір жеңгесі бар. Ол кез – патша өкіметі қазақтарды (негізінен, ол арада Он екі ата Байұлы отырған) Еділ бойынан қудалап, өзен бойын біржола иеленіп алуға ниет қылып жатқан кезі. Батыр Қалдыбай әйелімен, бала-шаға­сымен бір жаққа кеткен екен, үшінші күні ғана ауылға оралады. Он жеті жастағы Ғайнидың толық аты – Ғайнижамал. Оның он ағасы бар. Анасы – Ажар, ең жақын жеңгесі – Балжан. Ғайни мен Сегіз бір-біріне ғашық болады. Екеуінің қосылмақ ниетін Қалдыбай мен Ажар да құп көреді. Ғашықтықтың жалынынан «Ғайни» атты ғажап ән дүниеге келді. Сегіздің он жеті жасында шығарған бұл әні екі ғасырға жуық өмір сүріп келеді. Өлеңі азды-көпті өзгеріске түссе-дағы, әуені еш өзгермеген секілді. Кеше ғана туған тың дүниедей. Не артық, не кем бір дыбысы жоқ, тек үйлесімнен тұратын іңкәр сезімнің төгілісі:
«Ғайни-ау! Уай, сәулем!
Жүргенім менің бүйтіп сенің әурең».
Бір сәтте ғана туа салған дүниедей. Қос­пасыз, селкеусіз, құдіреттің өзі құя салған сом алтындай. «Ғайни» – бір әннің ғана ғұмыры емес, қазақ әнінің ұзақ ғұмыры. Ұлттың өзегінен, қазақтың мінезінен, халықтың сезімінен жаралған туынды. Шөкімдей үніне дейін қазақы. Сондықтан өміршең. Қаншама атамыз бен әжеміз, ағамыз бен жеңгеміз, батырымыз бен бағланымыз айтып жеткізген ғұмырлы ән. Исатай мен Махамбеттің, Қалдыбай мен Ажардың, Еділ мен Кептердің көзіндей болған қасиетті ән! Тарихи кезеңнен тарихи кезеңге талмай жеткен тарихи ән!
Қалдыбайды «қайынатам», Ажарды «енем» деп сөйлейді Сегіз. «Көтібар асы» деген өлеңінде:
«Асаудан шығып тоқтадым,
Қалдыбай ата дегдарға,
Қуана бізді қарсы алды,
Ысықтан шыққан Сардар да.
Ажар ене сабырлы,
Бәйбіше еді қадірлі,
Бетімнен сүйді құшақтап,
Деді де: «Дертім жазылды» (Сегіз сері. Шығармалары, 1-том, 73-бет, 2013)
«Бұғыбайға айтқаны» деген өлеңінде Сегіз сері: «Ғайни тірі қалғанда, Болар едің қайнаға», – дейді. (1-том, 115-бет).
Соған қарағанда, Ғайни екеуінің ерлі-байлы болуына еш кедергі болмаған. Қалдыбай жүз жігітті бір бөлек, тағы қырық жігітті бір бөлек, тағы алпыс жігітті бір бөлек, барлығы екі жүз жігітті бөліп беріп, Се­гіздің бар жағдайын жасайды. Ақбұлақ­тың басына үй салдырады, мал-жанына қарайтын адам сайлайды. Тек… Тек Еділдің етек-жеңін түгел жаулап алғысы келген орыстар қазақтарға тыным бермейді. Ата қонысынан кеткісі келмеген Қалдыбайдың ауылын орыс пен қазақтың біріккен қолы шапқанда, батыр Ғайни сонда қолына найза алып қарсы шы­ғады. «Ат!» – дейді Баймағамбет сұлтан орыс әписеріне, ол Ғайниды атып түсіреді. Ондай сұлтаннан кек алуға Сегіз сері Қызылжардан арнайы келсе, оның несі айып? Ғасырдан- ғасырға халқы сақтап келе жатқан «Ғайни» атты ғажап әнді туғызған ғажап Ғайнижамал сөйтіп, ата-қонысын қорғап, қайтыс бола­ды. Бір ұрыста оны өлтірген әписерді Сегіз сері найзаға түйреп өлтіреді. Қалдыбай сонда көзіне жас алып, Сегіздің бетінен сүйеді. Ата­ның, әкенің кегі қайта қойды ғой дей­місің, халықтың қорғаушысы бар екеніне тәубә қылғаны шығар.
Ғайни қыз бен «Ғайни» әнінің өмір тарихы осындай.
Ғайниды тек әдемі қыз, Сегіз сері ән арнаған айрықша қыз деп қана бағалау – обал. Ол – өзінің атақонысын, елі мен жерін қолына қару алып қорғаған қаһарман қыз. Азаттық үшін атқа қонған батыр ару. Сондықтан оның өмірін, ерлігін, аруағын сыйлау – бізге парыз.
Біз – қазір бодандықтың бұғауынан құ­тылған тәуелсіз мемлекетпіз.
Алайда, өз ішіміздегі алауыздықтың бұ­ғауынан әлі бір жола құтыла алмай келеміз. Бізді сол, сөз жоқ, әлсіретеді. Алайда, ауыз­ды қу шөппен сүртуге де болмайды. Ға­лымбек Қызырбекұлы құрастырған «Электронды қазақ үйі» деген атпен арғы-бергі қазақ әндері мен күйлерін күйтабаққа түсірген екен, сонда «Ғайни», «Ақбұлақ», «Ақбет», «Алқоңыр», «Мақпал», «Сәулем-ай» (48- бет, Алматы, 2014) әндерін Сегіз серінікі деп көрсетіпті. Қорыққан болу керек, өзге әндерін халықтікі депті. Сең қоз­ғалған екен деп қуандым.
Сегіз серінің еркіндікті аңсаған асау қаны бойымызда аз да болса қалды ма, жоқ па, оны алдағы уақыт көрсетеді. Сегіз сері­нің екі томдық «Шығармаларын» Мем­лекеттік тапсырыспен шығарып отырған Мәдениет және спорт министрлігі,
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инс­титуты, «Қазақстан» ұлттық телеарна­сы, «Қазақ» және «Шалқар» радиосы Сегіз сері бабамыздың әндерін өз атына қайтарар деп сенеміз. Екі ғасыр бойы өлмей, өшпей келген үнді қалайша және қашанғы өз қолымызбен өшіре береміз?!
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері

aikyn.kz

 

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Адамзат кітапқа ғұмыр бойы қарыздар. Кітапсыз келешектің алтын кілтін ешкім қолына мықтап ұстай алмаған. Мардан Рахматулла – кітапқұмар он жеті жасар жігіттің бойында өз қатарластарының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет бар. Ол – кітапқа деген махаббат. Бұл махаббаттың сәт санап артуының да сыры бар. Мардан – Асылы Осман, Дархан Қыдырәлі сынды бүгінгі қазақ руханиятының тірегі саналатын азаматтар туған топырақт туып-өскен. Топырақтың киесін дәл осы кезде еріксіз мойындай түсесің. Қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға тырысқан жастардың да саны басым. Күн санап олардың саны артып, кітаптың құдіретін жер-жерде дәлелдеп бағуда. Кітапқа жаны құмар жан бір күнін кітапсыз елестете алмайды. Ғұмыры кітаппен етене байланған, оқу ғұмырының мәніне айналған жастарды

  • «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    Қазақ халқының даңқты перзенті, ұлы жазушы Мұқтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай) Шұбартауда дүниеге келді. Жондағы Жобалай Керейдің ең үлкен Аруағы Жобалай бидің ұрпағы еді. Байқотан би, Томан би, Бегеш шешен, Уәйіс, Төлеу ақын… Атағы Аталарынан асып кетті… Тірісінде олай деген жоқ… Бұл сөзді дүниеден өткен соң біз айтып отырмыз… Өмірінің соңғы кездері шетте өтті. «Үкіметке, басқаларға да өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы жоқ!» (М.Мағауин) деген еді өзі бертінде. Астары ауыр, еңсеңді езердей салмақты сөз… Данышпан адам неге елден жырақ кетті. Бұл «Оңаша жатқанды ұнатамын, Елімді ел қылмасын ерте сезіп… Елден кеттім жырақ…» (Шәкәрім) дейтін кетіс сияқты. Сонда да «Көк

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: