Алматы мешіттерінде Қадыр түнін қарсы алған жұртшылықтың қарасы көп болды (фото)
Шілде айының 13-нен 14-не қараған түні Алматы қаласының жұтшылығы қасиетті Қадыр түнін қарсы алды. Алматы Орталық мешітіне жиналған жұрт мол болды деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап inform.kz. NUR.KZ тілшісі де қаладағы мешіттердің біразын аралап, “мың айдан артық түнді” қарсы алуға келген адамның санында шек болмағынын көріп қайтты.
Қадыр түнін мешітте өткізуге келген жамағат Алладан отбасының амандығы мен туған-туыстың тыныштығын тіледі.
Қадыр кешінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласындағы мешіттерді аралап, жамағатпен жүздесіп, қасиетті Қадыр түнімен құттықтады.
Сондай-ақ, Бас мүфти “Таугүл-3″ мешітінің жамағаты арасында ұйымдастырған “Өзіңнен өзің есеп ал” атты ізгілік бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттады. Жамағатты ізгі істер жасауға ұмтылдыратын бәйгенің жеңімпазы Ғабит Мәуленбаевқа ұмра қажылығының сертификатын табыстады.
“Қадыр түні – ең жақсы түн. Алла Тағала оны берекелі етті, онда Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, ол түнді мың айдан да артық етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: “Алла Тағала Қадыр түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған”, – деп сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген. Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадыр түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Әрбір отбасына бақыт-береке тілеймін”, – деп бата жасады Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Ал мешітке ғибадат тыңдауға келген қауым мешіт қызметкерлері айтқан уағызды тыңдады. Сондай -ақ мешіт қызметкерлері жиналған жамағатқа адамның рухани дүниесін байытатын түрлі діни кітаптар оқу керектігін айтып, діни сауаттылығын арттыруға бағытталған бейнефильмдермен бағдарламалар көрсетті.
Биыл күннің ыстық мезгіліне тап келсе де, оразаны қиналмай-ақ ұстағандарын айтқан жандар Қадыр түнінде мешітте бас қосып, насихат тыңдап, тілек тілеумен таңды қарсы алды.
Nur.kz тілшісі де Қадыр түнін жиналған жамағатпен бірге өткізген еді. Жиналғандарға мешіт қызметкерлері Қадыр түнінің ерекшелігі мен сол күні дұға етудің мәнін, ережесін түсіндіріп жатты.
“Қасиетті түнде қаламыздың халқы мешіттерде емін-еркін көпшілікпен жастардың имандылыққа деген бет бұрысы қуантады. Бұл Жаратқанның елімізге берген үлкен сыйы. Жастар қандай болса, болашағымыз да сондай. Қадыр түнінде ұрпағымыздың ибалы, ізгі болуын, туған-туыстарымыздың, отбасымыздың амандығын тілеп, Алла Тағалаға дұға жасадым”, – деп тілектерімен бөлісті Алматы қаласының тұрғыны Дүйсенбай Молдабай.
Дереккөз: Nur.kz
Пікір қалдыру