ИАСАУИ ДӘРІСТЕРІНЕН
Иасауи атамыз “Фақрнама” деген трактатында ең басты құндылықтың адам екендігін Құран рухында түсіндіреді. Нағыз Аллаға мойынсұнушы яғни таслим болған мұсылман адамның сипатын қазақы таныммен қарапайым ғана белгілеп береді. Нағыз мұсылман адам ол “бір дастарқан басында отырған кім болса да ол христиан ба, пұтперес па, отқа табынушы ма, жөйт па соған көңіл бөлмейтін адам” дейді. Бұл Иасауидің “имани гүл” сатысындағы адамға деген құрметі мен махаббатын көрсететін таным. Адамды түсі, түрі, нәсілі, тегі мен дініне қарап емес, оның Жаратушысына, Оның хикметінің құрметіне, махаббатпен қарауға шақырады. Адам былай тұрсын, бүкіл жаратылғандар, яғни мына он сегіз мың әлем Алланың Бар, Бір, Хаким, Рахман, Рахим, Халим, Ғафур екендігін көрсететін айналар. Сол айналардың ішіндегі ең басты хикметпен кеудесі суарылған болмыс, Алланың мына дүниедегі халифасы ол адам. Аллаға ғашық жан алдымен мына жаратылғандарды алаламай тұтас сүйе алмаса, Алласын қалай Бір деп сүйе алады? Сондықтан алдымен адамды сүй, Алланың хикметін сонда сезесің дейді. Ол үшін де хикметті өзіңнен іздеп табу керек. Уажид уажд болып, бір вужуд болсаң ғана мына әлемде халифа боласың дейді. Ал хикметті өз кеудеңнен табу ол қулуб яғни көңіл, жүрек, қалб деген Алланың адамдағы “ұясын” тазалап баптау шарт!
Имани гүл Абай атамыз айтпақшы, ол “үш сүю”, яғни Алланы, адамды, әлемді тұтастандыратын Бір жүрекпен, Бір болмысты тану жолы. Иасауи бұл хәл құбылысты “Уахдат ал вужуд” дейді. Яғни болмыстың бірлігі.
Досай КЕНЖЕТАЙ


Пікір қалдыру