|  | 

Тұлғалар

БАТЫР ЗУҚА ҚАЖЫ СӘБИТҰЛЫ

Безымянный-2

БАТЫР ЗУҚА ҚАЖЫ CӘБИТҰЛЫ (1866-1929) – көрнекті дін және ұлт қайраткері. Ол 1866 жылы Зайсан-Қалба аралығындағы Үлкен Қаратал, Қызылжар өңірінде  дін оқымыстысы отбасында дүниеге келген. Зуқаның ұлы атасы Нұрмұхамед Бұқар мен Уфада білім алған дін ғұламасын жұрт «абыз» деп пір тұтқан. Нұрмұхамед ұрпақтары Қазақстанның шығыс  өңірінен бастап Шыңжан мен Моңғолия қазақтары арасында дін қызметшісі, ел билеуге, төрелік жасауға араласқан  ықпалды әулетке айналған.

Зуқаның әкесі Сәбит (1823 ж. туған) Қазан қаласында  білім алған, шығыс тілдерін меңгерген. Өр Алтай қазақтарының арасына мұсылмандықты дамытуға келген қожалар ұрпағымен бірге келген Сәбит молда дін және ағарту қызметімен шұғылданған. Ол 1848 жылдары Сайқан өңірінде, кейін Қызылтауда және  Жайырда мешіт салдыртқан. 40 жылға жуық имамдық, дін насихатшысы қызметін атқарған Сәбиттен дәріс алғандардың арасынан кейін Алтай мен Еренқабырғаға танымал ел ағалары шыққан. Ел ардақтап, «Да молда» атаған Сәбит 1881 жылы дүние салған. Зираты Зайсанда Қызылжар өңірінде.

Әкесі дүниеден озған соң 1883 жылы оның шаңырағын тұңғышы Зуқа Қалбадан қазіргі Қазақстан аумағына –  Сауырға ұлық Жеңісхан гүң ауылына көшіріп әкеледі. Кемелді білім өнер иесі болып ер жеткен Зуқа екі жыл бала оқытумен шұғылданған соң қайтадан Жеменейдегі өз туыстарының ортасына қоныс аударады. Мұнан кейінгі өмірі дін уағыздаумен бірге  отарлаушы билік пен оның жергілікті өкілдерінің  озбырлыңғына, ата жолы мен адамгершілікке қарсы әрекетпен күресуге арнайды. Зуқаның төңірегіне жәбір-жапа шеккендер жиналып, біртіндеп көбейе береді.  Олар Зуқаның басшылығымен сауат ашып, дін күткен, кәсіп-шаруашылығын да түзеген  қауым үлкен шоғырға айналады. Сөйтіп «Зуқанің елі» деген атқа ие болған қауым Өр Алтайдың күңгейіндегі Бурылтоғай өңірін өздеріне қоныс етеді. Ендігі кезекте сыртқы қатерге қарсы тұру үшін әскери айла-тәсілдерге баулып, түрлі машықтар өткізуді дағдыға айналдады. Дала сарбаздарына тән жауынгерлік айла-әдісті меңгерген Зуқаның бойындағы әккі қолбасылық, әскери өнер де қатар толысып отырады

Ел ішінде беделі асқақтаған Зуқаны діндарлар мен ұлықтар қажылыққа баруға көндіріп,  оған қажетті қаражат (500 қой, 100 жылқы, алтын, күміс) жиып береді. Алайда, бұқараның қамын ойлаған тұлға жиналған мүлікті төңірегіндегілерге үлестіріп жібереді. Бірақ, келер жылында (1906 ж.) бірнеше мергенге бөкен аттырып, оның мүйізін саудалап,  қажылық сапарына  қаржы еткен екен.

ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптасқан саяси-әскери ауыр жағдай қазақты жан-жақты қысымға ала бастаған кез болатын: Столыпин аграрлық реформасы, 1916 жылғы Орта Азиядағы ұлт-азаттық күресі, азамат соғысы, ақ гвардияшылар мен олардың ізімен өкшелей қуған қызылдардың зобалаңы қазақ халқына қырғидай тиді. Бас сауғалағандар қалыптасқан шекарадан арлы-берлі өтуі жиіледі.  Қалыптасқан аса күрделі жағдайларға  байланысты ырыздығы мол, дүниеге жомарт, ең бастысы халыққа қорған бола білген Зуқаны пана тұтушылардың қарасы көбейе түседі. Ел қорғаны бола білген, дана би, әрі батыр, һәм дін қайраткері Зуқаны дәстүрлі ұғым бойынша батыр деп таныды. Расында да, оның қарамағындағы ел отарлаушы саясат пен оның жергілікті атқарушыларының әділетсіз, озбыр іс-шешімдеріне қарсы шығып, діттегенін шариғат жолымен немесе дәстүрлі құқық нормалары бойынша, ал кейде күш қолдана отырып орындататын, аса ықпалды күшке айналады.

Алайда, Зуқаның істеген қылықтары мен саясаты қолайына жақпаған өкімет ебін тауып жала жауып, өлкедегі әкімшілік орталығы Сарысүмбеге  шақыртып, түрмеге қамап та көреді. Мұндай тұзақтан шешендігі мен білімдарлығы арқасында аман оралған соң Зуқаның қолдары ендігі кезекте ашық күреске бет бұрады. Алтайды билеген «төрт орын» аталатын билерге және манж, гоминдан өкіметіне салық төлемеуді, отаршылыққа көнбеуге үгіттейді. Зуқаның жер жарған даңқы мен өңірдегі билеушілердің зәресін алған айбыны қазан төңкерісінен қашып, 1921 ж. Шыңжан жеріне өтіп, халықты тонаған ақ гвардияшылдардың генералы Бакич қолынан Ертістің басындағы жұртты қорғап қалады. Өр Алтайға ойран салған түрлі әскери қосындар батыр қажының қолдарымен бетпе-бет келмей оның ықпалындағы аумақты айналып өткен. Осы оқиғалардан соң  әскери ойранның алаңына айналып, бағасы кетіп, аштыққа іліккен ел Зуқа қажыға үсті-үстіне келіп қосылады. Кектенген қолдар жемеңқор би, әділетсіз байдың малын барымталап, қарамағындағы елді асырайды. Мұнда олар күрестің бұл тәсілін есе қайтару немесе қарақшылық емес, керісінше, шариғат жолымен әділетті түрде, ел мен жердің таныштығы үшін белгілі жоспарлы саясатпен жүргізіп отырады. Ішкі, сыртқы жауларымен қарудың күшімен емес бейбіт мәмілемен тіл табысу жолын ұстанған Зуқаға билеуші өкімет дегеніне көндіре алмайды. Ендігі кезекте Шынжаң билеушілері қазақ билерімен ымыраласып, Зуқаның ізіне түседі, реті келсе оның көзін құртуды жоспарлайды. Бірақ, Зуқа қолдары үкімет әскерімен сан мәрте, қарсы келіп, Үрімжі мен Алтай арасындағы байланысты үзіп тастайды.

1920-жылдардың соңынан қазақтардың жеріне орталықтан қытай шаруаларын қоныстандыруды көздеген саясатына қарсы қарулы көтеріліс өлкедегі саяси ахуалды шиеленестіріп жібереді.        Әсіресе ықпалды топтың көсемі Зуқа қажы үкіметтің ардап-арбауы мен қарулы әрекетіне көнбеген соң айламен алудың жолына көшеді. Оның реті 1927 жылы Алтай аймағына келген жаңа билеуші Цзинь Шурен кезінде жүзеге асады. Зуқа ауылынан пана тапқан басқа ұлттың өкілінің (олардың арасында моңғол, ұйғырлар да болған) көмегімен батырдың өз басына қатысты құпияларды алып тұрады. Ақыры, қапияда қолдарынан алшақта, оңаша қалған кезінде аңдып ұрланып келген үкіметтің жүздеген қарулы қолы Зуқаның шағын ауылын қоршап, ажал құрығына іліндіреді. Қапияда шейіт болған тұлғаға арнаған жоқтауында ақын Рамазан Бұтақбайұлы былай жырлаған екен:

Арғы атам —Сәбит Да  молда,

Бел байлаған хақ жолға.

Тақуа ғазиз атанып,

Ғаламнан асқан сары жорға.

Бергі атам — Зуқа һәм молда,

Барып келген Бәйтолла.

Шариғатпен сөз сөйлеп,

Және жүйрік заң жолға.

Көрсеткен аят, Қадыстан,

Терең сөйлеп жарысқан.

Бәтуа, дәлел беретін,

Ақылға жүйрік данышпан.

Тізгін бермей жауына,

Ғұмырын сөйтіп тауысқан.

Қорған болған  еліне,

Айырылдық сондай жыныстан …

Батырдың басын кесіп алған  билік оны  Сарысүмбе қаласындағы Қыран Ертіс өзені үстіндегі көпірде іліп қойған. Зуқа өзімен бірге оққа ұшқан 28 шәйітпен бірге Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Белқұдықтағы зиратта жерленген.

Зуқадан тараған 12 ұл және 7 қызынан өрбіген ұрпақтары. Әсіресе, оның үлкен ұлы Сұлтаншәріп ХХ ғ.-дағы Шыңжан қазақтарының ұлт азаттығы жолындағы күрестің басшыларының қатарында, атақты Оспан батырмен етене байланыста болған.

 

Зуқа қажының ұрпақтары Атақонысын тастап, Бұланай (Гималай) асып, Анадолыға жеткен қазақ көшінің ортасында. Қияметті көш Тибет (Таңғыт) жеріне барғанда, Зұқаның  бірнеше ұлы – Шерияздан молда, Шәдет, Жәлел, Қайса (барлығының құдай қосқан қосақтары да)  ажал құшады. Сонда Зуқа қажының бәйбішесі қайтыс болады. Зуқа батырдың ауылы Үндістанға бет алған шағында ұлдары – Қалел, Садырағзам, Нұрымхан, Шәһмардан өмірден қайтқан кезі болатын. Түркияға ең соңғылардың бірі болып жеткен (шамасы ауруын сезген болар дейді ұрпақтары) көшелі басшы, қайратты тұлға Зуқа батырдың үлкен ұлы Солтаншәріп 1955 жылы  мамырда дүниеден өтеді. Ыстанбұлдағы зиратта Солтаншәріптің інілері Қари, Шәми, Рамазан, Әлімбай, Зарқұм, Мапаян, Тәтей, Мұса, Қапсемет, Қизат қажылар (кейін олардың көбі ата жолымен дін ұстап, қажылық парызын өтеп қайтқан) дамылдап жатыр.

 

Отарлаушылар тарапынан күшейген қатерге күллі қазақ болып қарсы тұруға мүмкін болмайды. Совет одағындағы ашаршылық пен озбырлық дүмпуі де жетеді. 1930-1933 жылдары мыңдай ауыл Моңғолиядағы қазақтарға қарай барып қосылса, 1500 үй Баркөлге босады. Дегенмен, қазақ, ұйғыр, дүнгендер көтерілісі табанды түрде күресін жалғастырған нәтижесінде 1933 жылы Шығыс Түркістан азат республикасын құру әрекеті сәтсіз аяқталады. Анығында қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығыс пен Кеңес әскерлерінің көмегі бұл құлшынысты тұншықтырады.

Ел ағалары ұйғарымымен жерін тастап, 1933 жылы Баркөлге ауған 18 мың қазақ 1935 жылдың тамызында  (Қойсу деген жерде Зайып тәйжі ауылында) жиын құрып (Әйімбет, Елісхан, Нұрғали, Құсайын, Қасым тәйжілер, Мажан, Сабырбай, Қожаберген, Құдабай, Шақпақбай, Алдубай, Байжиен, Еренхан және т.б) ақыл қосып Шынжан билеушісі Шэнге қазақтардың талабын жолдайды. Онда шығыс түркістандықтар үшін ерекше ереже қабылдауын, қазақ өкілдерімен істі талқылауды ұсыныс етеді. Бірақ, онан ештеңе шықпаған соң 1936 жылы қазақтың игі-жақсыларының кезекті жиыны дүнген генералы Мо фаннан әскери көмек сұрау туралы шешім қабылдайды. Алайда, мұсылман  діндестерден күткен дәмеден ештеңе өнбей, керісінше қақтығысқа келіп, араздасып тынады. Онда да тыныштық таппаған қазақтар Елісхан, Қасым, Солтаншәріп (ол батыр Зуқа қажының тұңғыш ұлы) және Зәйіп, Құсайын тәйжілер (бұл ұлықтық  шен дәрежесі) бастаған  он сегіз мың  қазақ атамекенін тастап, Цинхай мен Ганьсуға қашады. Цинхайда Солтаншәріп елі егін егіп, тұрмысын түземек болған талпынысы нәтижесіз аяқталады. Дүңгендер мен гоминдандар тарапынан жасалған қарулы толассыз шабуыл қазақтардың еңсесін езіп жібереді. Есі шығып, тауаны шағылған елдің бір бөлігі Алтайға қайтса, келесі бір тобы алған бетінен танбай ары  қарай ұзап кетеді.

Ел басына күн туған шақта аман қалудың жолын іздеген, әрі әлемдік саясаттан хабардар қазақтың ел ағалары зобалаң шақта бас сауғалауды шеттен іздеуге мәжбүр болады. Себебі, Қазақстандағы нәубат қырғыны мен коммунизм зобалаңы бүкіл әлемді шарлап кеткен еді, әрі Азия елдеріндегі жағдай да мәз еместігі белгілі болды. 1940-жылы Елісхан, Сабырбай, Зайып бастаған босқан үш топ 500 отбасы тибеттіктермен соғыса отырып, жартысына жуығы қырылса да, Үндістанға өтіп кетеді. Онда өз құқықтары үшін түрлі жол іздеген қазақтар екі бөлініп (орталық Үндістандағы Бхопал және солтүстіктегі Абутабад, Суват қалаларына) орналастырылғанымен бейімделу мен табиғат факторларынан көбі ауру мен қазаға ұшырайды.

Осы кезде Шыңжандағы ұйғыр мен қазақты жаппай қамтыған үріккен елмен бірге Зуқа ұрпақтары мен оның айналасындағылар өз атақонысынан ажырауға  мәжбүр болады. Алтай қазақтарына, әсіресе көтерілістің ұясы саналатын Зуқаның елі қытайлықтар тыным бермей соқтыға берген соң Солтаншәріптің  бастауымен 1932 жылы шілдеде Алтайдан ауа көшіп, оңтүстік шығысқа — Баркөлге, онан 1937 жылы Цинхай өлкесіне ауып, 1948 жылға дейін сонда өмір сүреді.

1934-1944 жылдары Шэн атты губернатор Шыңжанды билеген кезінде кеңестіктердің онан оп-оңай айырылмау дәмесі мен реті келсе  оны өзінің ықпалды аймағына айналдыру жоспары, дәлірек айтсақ өлкеге жасаған ауқымды экономикалық қаржылық көмегі, қысқасы одақтас ету ниеті күшейе түскен,  тіптен әскери гарнизон орналастырады. Алайда, ҚҚ жиїангерлік соғыс салдарынан шыңжан билеушілері Кеңестіктерден іргесін аулық сала бастайды. Бұл ондағы қазақтардың мал шаруашылық өнімін экспорттауын шектейді және қазақтарды оңтүстікке қуғындайды, жайылымдарын тартып ала бастайды. Осыған қарсы  Алтайда 1943 жылы Оспан батыр бастаған қазақтардың қарулы көтерілісі, Қледе мұсылмандар  көтерілісі ұшығады (Бұларға кеңестік жасырын агенттердің қатысы үлкен екендігін батыс зерттеушілері айғақтады). Көтеріліс нәтижесінде 1944-жылдың қарашасында Шығыс Түркістан Республикасы құрылып, өлкеде саяси, экономикалық жылымық бой түзеген кезде шетке қарай аластатылған қазақтар қытайлардан тазартылған бұрыңғы қонысына қайтадан келе  бастайды. Осы кезде (1947-жылы) Үндістанға ауғандардан 40 отбасы қайта кері көшіп, Газкөлде  тұрақтаған Құсайын тәйжінің ауылына қосылады.

Кейін 3 жылдан соң келген екінші лектегі көшке олар жол көрсетеді. Ал, Солтаншәріп тәйжі бастаған 170 отбасы Цинхайдан Шыңжан аумағына бет алғанымен 1948-жылы Баркөл аймағында тоқырайды. Себебі, большевиктерден қашқан ақтар мен оларды өкшелей қуған қызылдардың ойранынан қанық олар кеңестіктердің ықпалының күшеюін жақсылаққа  баламайды, әрі Қазақстан жеріндегі ұлт нәубатынан хабардар қазақтар ендігі кезекте қытайдың ұлт-азаттық армиясына қарсы гоминдандармен тізе қосып күресуді таңдайды.

1949-жылы Қытайда коммунистік төңкерістің жеңіске жетуі Кеңес Одағы тарапынан Шыңжанға қатысты саясатын тәрк етіп, өздері қолдау жасап келген бағытын күрт өзгертуге әкеліп соқты.  Дегенмен, гоминдандармен де астыртын келіссөз жүргізіп, ықпалынан айырылмауға  тырысты. Бейнелеп айтсақ, “бір қолмен арқадан сипап, екінші қолмен кеудеден соққыға алғандай” саясат ұстанды. 90 пайызын мұсылмандар құрайтын Шыңжан 1949 ж қарашасында ҚХР-ның бөлігіне айналуы көтеріліс көсемдерін (ұйғырлар  көсемі  Мухамед Эмин Бура, Аса Алыптекін, дүңген Ма Шиншан және т.б.) шетке (Қашмирге) қарай қашуға мәжбүр етті. Әр жердегі қазақ көтерілісшілері де 1949-дың күзінде Баркөлде тоғысып ары қарай жол іздеуді жоспарлайды. 1950-жылдың мамырында Солтаншәріп тәйжі мен Дәлелхан Жаналтай бастаған ауылдар Баркөлден   шығып Кұмыл, Синсинса, Гансу жерінен өтіп, Мақайға келіп,  атақты Оспан батырдың қосындары мен шоғырымен тоғысады.  Онан кейін екі бағытта  босу жорығын жалғастырғанымен Оспан батыр Қанамбал тауы маңында коммунист қытайлар қолына түседі, Солтаншәріп  тәйжі тобы Кунлун тауының  шығысын айналып, Газкөлдегі қазақтарға  келіп  қосылады. Газкөлден шоғырланып аттанған қазақтардың жан саны 300 отбасы, үш мыңдай қойын айдап Тибетке қарай қозғалады. Жолай коммунистермен атысқан олар тибеттіктердің тонауына ұшырап, жарты адамынан айырылып,  арып-шаршап 1951 жлыдың 10-қарашасында Үндістан шекарасына жеткенімен онда 52 күн бойы күтеді. Бұл жағдай құлағына тиген Шринагр қаласына жетіп алған Шыңжандағы ұйғырлардың көрнекті көсемі Мухамед Эмин Бура Жавахарлал Неруден көмек сұрайды.

Сол тұстан әлемді таңдандырған қазақтардың жанкешті ерлігі мен коммуизмге деген жиіркеніш пен қазақтардың күрестің жаңа жолына таңдайды. Әлемдік саясаттың айтулы тұлғалары Г.Трумэн мен У.Черчиль атына хат жолданады, халықаралық ұйымдардан көмек күтіледі. Қазақтар келген кезде ел екіге бөлінген соң олар Пакістан жағына өткенімен ондағы болашақтың күңгірттігі мен сенімсіздігі ақсақалдар жағына қозғау салды. Ақсақалдар алқасы бұл елде қалудың мәні жоқ екендігін (елдің Қытаймен жақындасуы), ендігі кезекте қолайлы мекен іздеуді мақсат етіп қойды. Оның бірнеше варианты талданады: қазақтар Сауд Аравиясына, АҚШ-қа, Тайванға, Түркияға кету немесе Пакістанда қалу. АҚШ тарапы қазақтарды Қалифорния немесе Техасқа қоныстануды ұсынды, Тайванға өту де мүмкін еді.  Дегенмен олар Түркияға жетуді оңды деп тапты.

Халықаралық  дипломатия қолдауын сүйенген шығыс түркістандық босқындар 1951-1954-жылдар аралығында (Бомбей, Карачи, әрі Басра арқылы) Түркияға жетіп, сонан пана табады.

15 жылға созылған азапты жолда он адамның бірі ғана тірі жеткен қазақтардың бұл ерлігі мен өрлігі  әлем жұртшылығын таң қалдырып ғана қоймай, саясатшылар мен тарихшыларды мазалайтын күрделі тақырып қатарынан орын алып келеді.

Атақонысынан кетуіне мәжбүрлеген факторлар — адам төзгісіз айуандық пен нәубат қырғыны, ашықтар ашық жасаған геноциды  қызыл қасапшы голощекиннің қазақ жерінде ұйымдастырған қырғынымен үндес, сарындас болып келеді.

Шығыс Түркістанда, саяси, экономикалық себептермен туындаған ұлт азаттық күресі тығырыққа тірелген шақта өмір сүрген атажұртын тастауға өз бетінше бел байлап, қауым-қауым болып шоғырлана Гималай тауын бетке алып шет жаққа  қашады. шығып, босқан қазақтардың көші Кіші Азия (Анадолы) жеріне жеткенге дейін  15 жылға жалғасқан,  бірнеше ондаған мың шақырымды жерді, 3 мемлекеттің шекарасын бұзып өткен, он адамның бірі өмірде қалған бұл күрес ХХ ғасырдағы зобалаң тарихтың ең бір қанқұйлы оқиғасының бірі ретінде коммунизм дәуірінің  тарих оқуларының қатарынан орын алуы, оқулықтарға енгізілуі орынды.

Мұндай басына күн туған шақта қазақтар арасында дін қарындас мұсылман жерінен  пана іздеу құбылысы ХҚХ ғасырдың соңынан көрініс берген құбылыс. Олардың қатарында айталық, қажылық сапарға барған соң кері оралмай, мұсылман елдерінде қалып қойғысы келетіндер аз болмаған. Айталық, ХҚХ ғ. соңында қажылыққа барған 20-30 отбасы қазақтар Түрік жерінде қалып қойған және олар қазір Шекер қой, Ахун қой уәлаятында қалып қойған. Немесе, 1895-1906 жылдардағы қытай  басқыншыларының жан-жақты (жер, салық саяси, әскери) қысымына  қарсы күресі нәтижесіз болған ұлт азаттық күресінің  жетекшісі Бөке батыр Арсалаңұлы 1906 жылдары  Үндістанға қарай 5 мың қосынымен бет алып, Такла-Макан шөлі, Кунлун тауын басып Тибет (таңғұт) жеріне жеткенімен онда қазаға ұщырап, дегеніне жете алмайды. Дегенмен оның қосындарының азғана бөлігі Үнді жеріне өтіп кетеді. Алайда, жетекшісі Бөке батырдың басы алынып, мың шақырымдағы Үрімжіге жеткізіліп, бағанаға іліп қойған трагедиясы 25 жылдан соң екінші мәрте Зуқа қажы трагедиясымен қайталанды.

Қазақтар ендігі кезекте Түркия азаматтығын алған соң батыс мемлекеттеріне еңбек, оқу, кәсіп қуып кетеді. Алайда, олар қазір де өздерін Түркиядағы қазақтар өкілі деп есептейді. Бір бөлігі, қиыр шығыс елдеріне (Тайваньда) білім алса, дені Ыстанбұлда (және Қзмірде) бірнеше жерде кент, ауыл болып топтасып  өмір сүруде.  Зуқа қажының кенже ұлы — Қизат қажы 1999 жылы Ыстанбұлда қайтыс болған. Зуқа қажының өз кіндігінен тараған енді көзі тірі, бір ұлы Сауыт қажы Алматы іргесіндегі Райымбек ауылында тұрады.

Зуқа батыр ұрпақтары ел қатарлы өсіп-өніп толысқан, немере шөберелері Еуропа, Америка, Азияның  он екі елінде өмір сүреді. Оның шетелдегі ұрпақтары көпке таныс, халыққа қалаулы. Жүрегінде зұлмат тарихтан қаяу қалған ұрпақтары батыр атаның рухынан күш қуат алатындай. Зуқа ұрпақтарыныңы бірі — Германияда ұзақ уақыт тұрған Арыстан қажы Шәдетұлы бастаған қазақтар 1972 жылдан (Мюнхень олимпиядасы кезінен) дүйім жұртқа насихаттап, Алтай мен Атырау аралығындағы азаттық үшін күрескен ержүрек  қазақтар ұрпақтары коммунизмнің қанды шеңгелінен аман-сау құтылып, өзінше бір ерліктің үлгісін жасағанын паш етумен келеді. Арыстан қажы Атамекенде табан тіреген мекені—Алматы облысы, Қарасай батыр ауданы, Райымбек ауылында 1997 жылдың 13-қыркүйегінде ашқан мешітті  бабасының құрметіне ”Батыр Зуқа қажы мешіті” деп атады. 300 орынды мешіт – медіресе намаз, сауат ашу дәрежесінде дін оқытылады. (Суретте — Батыр Зуқа қажы мешіті)

Зуқа қажы ұрпақтары  қай елде жүрмесін халқының  намысы  мен бірлігі үшінгі өнегелі жолын ұмыт қалдырған емес. Олар әр жыл  сайын туған жерінен босып қашқан “ұлы босуда” жолай шәйіт болған  бабаларының рухына жыл сайын Құран хатим, садақа бағыштап, зираттарына  барып зиярат етеді.  Олар Түркия мен батыс елдеріндегі қазақтар тәрізді дін мен халықтық істерден  (асар, үме, байғазы, қайырмдылық, жылу жию, қолғабыс жасау қатарлы) қашық  қалмайтынды. Реті келгенде айта кетсек, Зуқа әулетінің үрпағы Аустрияда тұратын Қызырхан Шамиұлы 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы құрметінде Дегересте өткен ат бәйгесінде ең соңғы болып көмбеге дейін шапқан атқа қомақты сый  ұсынып, дүйім жұртшылықты таң қалдырған болатын. Мұндай көмбеге дейін жеткен “көк тайынша” деген атаққа ие болатын атты  марапаттайтын байырғы салт ата өнегесімен Еуропада жүрген қазаққа дарығандығы ешкімді толғандымай қалмады …

Зуқа қажының Қытай жерінде қалып қойған тума-жамағайындары қуғын-сүргінге ұшырады, бір бөлігі Моңғолиядағы қазақтарға қарай өтіп кетті.

Кейіндер Зуқа батырды Қытай халқы мен үкіметі ресми ақтап, бір неше рет радио, газет баспадан Зуқа туралы ақпаратты жариялады. Қытайдағы қандасымыз шебер романист Батырхан Кұсбекұлы жазған “Зуқа батыр” романы екі мәрте басылған, тиражы жағынан ең көп кітаптар қатарына орын алуы батырға деген ілтипатты байқатады. Ақын Бақытбек Бәмішұлы осы аттас  поэмасы поэзиясы тілінде батырдың ерлігін асқақтатады. Елдің тағдыр-талайы сынға түскен сын сәттерде халқына қорған бола білген есіл ердің ерліктері, қайырмдылығ мен жомарт мырзалығы, қажыр-қайраты, істері мен үлгілі әрекеттері ұрпақ  жадында сақталып, ел арасында аңыз, тәрбиелік  өнеге болып жалғасып келеді.

2000 жылы 28-шілдеде Моңғолияда батыр Зуқа қажы мен онымен үзеңгілес сардары Қазанбай батырдың аруақтарына бағыштап, үлкен ас өткізілді.  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолиядағы қазақ шоғырының әкімшілік орталығы Өлгейге жақын жердегі Сарыкөл өңірінде өткізілген аста

Зуқа батырдың өмірлік күресі қандай да бір есе қайтару, өш алу емес керісінше, Шынжаңға өңмеңдеп қолын жеткізуге  белсенді түрде кіріскен  қытай билеушілеріне қарсы  табандылықпен қарсы тұрған жергілікті халықтың азаттық күресінің құрамдас бөлігі деп бағалануға тиіс. ХХ ғ.дың 30-40 жылдарындағы күрестің бел ортасында жүрген Алтай тауының қарқасында туып әлемдік саясаттың биігіне көтерілген батыр Зуқа қажы қазақ халқының ұлт азаттық озғалысында алар орны бар, шарапаты үлкен, күрес тарихының маңызы зор нар тұлға. Оқырманға түсініті болу үшін атыр Зуқа қажының ерлік істерін Л.Н.Толстой шығармаларының кейіпкеріне айналған кавказдықтар мақтанышы Қажымұратпен салыстыруға болатындай.

 

1911 жылдың шілдесіне (Цинхай төңкерісіне) дейін Шыңжанға қарай өткен қазақтар қытай бодандығында деп есептеледі де, онан кейін келгендері кері қайтаралады делінген (олар негізінен кері қайтарылады). Осы оқиғалардың барлығы Шыңжандағы қазақтарға салқынын, кесірін тигізбей қалмады, әрі қытайлықтардың қысымы күн санап бір бүйірден қысып, қазақтарды  тығырыққа тіреудің амалын барынша іздеп бақты. Торғай тоз болып бөлініп қалған қазақтар, өз билігі өзінде болмай, саналы түрде жоспарлы кесек қимылға бара алмады. Тек, әр жерде әркім өзінше әрекет жасап, қорғанумен болды.

 

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

  • КЕНЕСАРЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ

    Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды. Кенесары ғана емес. Наурызбай бахадұр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады. Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам, ғаламат ұзақ уақыт

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: