|  | 

Көз қарас

Ырысты, күрiштi Жапония

  • 30 елге қара, өзiңе қара
Халықтың бақытты, я бақытсыз болуы кейде мемлекет басшысына да байланысты сияқты. Мәселен, 1868 жылы Жапонияның император тағына Муцухито отырды. Осы император басқарған кезеңдi (1868–1910 жылдар) жапон тарихшылары “Мэйдзи кезеңi” дейдi. “Мэйдзи” деген не? “Бiлiктi, бiлiмдi басшы” деген сөз. Жапон тарихшылары Муцухито басқарған кезеңдi “бiлiктi де бiлiмдi басшының кезеңi” деп алабөтен бөлiп айтады (Халықтың зердесi жақсылықты, игiлiктi, iзгi iстердi ешуақытта ұмытпайды ғой, бұл да бiздiң қазақтардың “Әз Жәнiбек ханның тұсында…”, “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есiм ханның ескi жолы” дегенiне келiңкiрейдi).
 
ЖАҚСЫ БАСШЫ – ЖАРЫМ ЫРЫС
Жапонияның шындап өрлеуi де осы мэйдзи ке­зе­ңi­нен басталады. Муцухито өз айналасына бiлiм­дi, бiлiктi, аса зерек, iс­кер самурайларды жинайды да, iске кiрiседi ғой. Iске кiрiскенде де, үлкен-үлкен реформалар жасайды. Бұған дейiн 270 бөлiкке (кiнәздiкке, автономиялы ауданға, автономиялы өлкеге және т.т.) бөлiнген елдi бiртұтас ұлттық мемлекетке айналдырады. Автономияның бәрiн жояды. Сол кездегi iрi капиталистiк елдердiң iс-тәжiрибесiн зерт­тей отырып, Муцухито әуелi ауыл шаруашылығына, сонан кейiн өнеркәсiп пен өндiрiске реформа жасайды. Ол кезде Жапонияда байлар аз. Ендi қайтпек керек? Мемлекет өз ақшасына елге қажеттi зауыт пен фабрикалар салып, бұларға керектi құрал-жабдықтың бәрiн шетелден сатып алады. Темiржолдың, порттардың жұмысын жөнге кел­тiредi. Сонан кейiн мемлекет бұлардың бәрiн Жапонияның жас капита­лис­терiне сатады. Арзан бағаға (Егер жаңылыспасақ, 1941-45 жыл­ғы соғыста әбден күйреген Германия (ГФР) да осы жолды қайталады және осының нәтижесiнде аз-ақ жылдың iшiнде қатарға қосылып кеттi!). Бұл Жапонияда капиталистiк нарықтың, нарықтық экономиканың дамуына орасан зор әсер еттi. “Мицуи”, “Мицубиси”, “Сумитомо” және т.б. iрi қаржылық-өнеркәсiптiк топтар өсiп жетiлiп, қанатын кеңге жая түстi.
Мэйдзи кезеңiндегi кейбiр игiлiктi, пайдалы, пә­туалы iстер әлi күнге дейiн маңызын жойған жоқ. Мұны қазiргi Жапония да үлгi тұтып, барынша өз игiлiгiне жаратып келедi. Ендi соған бiр мысал келтiрейiк.
БIЛIМ – БIРIНШI ОРЫНДА
Мэйдзи кезеңiнде Жа­пония басшылығы бiлiмдi бiрiншi орынға шығарды: “Бiлiм – бiрiншi орында!”, “Бiлiмсiз күнi­мiз жоқ!”, “Бiлiмге қол жеткiзу үшiн бiз ештеңеден аянбаймыз, ештеңе­нi де аяп қалмаймыз!”. Жапонияға қажет, аса зәру мамандарды шетел­дерде оқытты. Бұлардан ақша аяған жоқ. Әсiресе, осы жерде мына мәселеге ерекше назар аударған жөн секiлдi. Жапондар шетелдерде бiлiм алып шығу үшiн кiмдердi жiбердi? Әрине, жапонның жастарын. Оның iшiн­де де аса ұстамды, ел­шiл, патриот, дегдар, бiлiмге де құмар, Жапонияға да жаны ашитын жастарды жiбердi. Бұл жөнiнде арнайы комиссия құрылып, комиссияның iрiктеуiнен өткендер ғана шетелге жi­берiл­дi. Ал бұлар шетелдерде (Англия, Франция, АҚШ, Италия және т.б) оқып келгеннен ке­йiн, тек өз салалары бойынша еңбек етiп қана қойған жоқ, осы саланы мейлiн­ше iлгерi дамытты: шә­кiрт­тер тәрбие­ледi, осы сала бойынша Жапонияда жоғары оқу орындарын ашты, ғылыми орталықтар құрды және т.с.с.
Бұл үрдiс мэйдзи кезеңiнен кейiн де өзiнiң жалғасын тауып отырды. Бiр ғана мысал. Жапония өзiнiң алғашқы кино мамандарын шетелдерде оқытты. Елге оралған бұлар сонан кейiн Жапонияның ұлттық киносын қалай көтердi, қалай iлгерiлеттi, қалай кемел­ден­дiрдi десеңiзшi! Қазiргi күнi “жапон киносы” десе елең етпейтiн адам да, маман да жоқ.
Адам айтам деп айтпайды ғой және салыстырам деп те салыстырмайды. Ерiксiз айтады, ерiксiз салыстырады. 1960-70 жылдары Қазақстан да Ресейге жүздеген талапкер жiберiп, киногерлердiң арнайы оқуын оқытқызды. Өйткенi ол кезде елiмiзде киногерлер даярлайтын жоғары оқу орны жоқ болатын. Осы оқу орындарына бiрен-сараны ғана болмаса, негiзiнен ана тiлiн бiлмейтiн орыстiлдi қазақтар жiберiлдi. Ал не болды аяғы? Iри-тiри болды: орыстiлдi, орыспиғылды, орысдiлдi болғандықтан мұның бiразы орыстан әйел алып, сол Ресейде, Украинада бiржолата қалып қойды. Қазақстанға қайтып келгендерi түрлi фильмдер түсiргенсiдi, бiрақ ұлттық фильм түсiре алмады (ұлттық тамырдан, ұлттық топырақтан, ұлттық тек-болмыстан ажырап қалған адам қалай, қайтiп ұлттық фильм түсiредi?!). Сонымен, не кино жоқ, не ұстаз жоқ, не шәкiрт жоқ. Жым-жылас…
Бiз бұдан сабақ алған жоқпыз. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн қыруар қаржы жұмсап, тағы да шетелдерге ана тiлiн бiлмейтiн жүздеген орыстiлдi қазақтарды оқуға жiбердiк. Жапондар се­кiлдi iрiктеп, екшеп, қазақ тiлiне жетiктерiн ғана жiберуге әбден болатын едi ғой. Жоқ, бiз өйт­педiк. Шындығын айтсақ, орыс­тiлдi қазақтарды шетелде оқыту – Ресейдiң бiр топ орысын шетелде оқытумен бiрдей. Екеуiнен де Қазақстанға келер көк тиын пайда жоқ. Миллиондаған ақшаны босқа шашып, бекерге рәсуа еттiк…
Ал ендi сол шетелде оқып, Қазақстанға қайта оралған орыстiлдiлерiмiз не бiтiрдi, қазiр не бiтiрiп отыр? Бұлардың не бiтiрiп жүргенiнен мүлдем бей­мәлiм, бейхабармын. Бiрақ олардың шетелде оқып жүрiп қазақ зиялыларын екi рет(!) қатты шошындырғанын, мей­лiнше түңiл­дiргенiн жақсы бi­лемiн. Бiрiншiсi, бұлар “егер Қазақстан жаппай мемлекеттiк тiлге көшетiн болса, онда бiз елге қайтпаймыз, шетелде бiржолата қалып қоямыз” деп Қазақстанның премьер-минис­трiне хат жазды. Доқ көрсетiп. Сонда ғой Мұхтар Мағауиннiң күйiп-пiсiп, өлердей күйзелiп: “Қарғыс атсын сендердi! Өз әкелерiңнiң, өз аналарыңның, өз ата-бабаларыңның тiлiне қалайша, қай беттерiңмен қарсы шығасыңдар?..” деп зар илегенi….
Екiншiсi, шетелдiң жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастары жиналып, бас қосып, бұл жолы да Қазақстанның премьер-министрiне ұзын-ырғасы төмендегiге саятын хат жазды: “Майкл Джексон дүниеден өттi. М.Джексон бiзге ғана аса қымбат, аса қадiрлi емес, бүкiл әлемге аты жайылған ұлы әншi. Сондықтан да Қазақстан тарапынан М.Джексонның қазасына байланысты көңiл айтылса өте орынды болар едi…”.
ҒЫЛЫМНЫҢ КҮШI
Жапонияның тұрған жерi өзге елдермен салыстырғанда аса қолайсыз, жапондар түгел аралдарда тұрады. Оның iшiнде төрт арал (Хонсю, Хоккайдо, Кюсю, Сикоку) бүкiл Жапония жерiнiң 90 пайызын алып жатыр. Жапон жерiнiң қалған бөлiгi жыпырлаған майда аралдардан құралады. Бұл аралдардың саны – 6848.
Аралдар – таулы, қыратты, құз-шатқалды. Бұл аралдардың бiразында әлi күнге дейiн жанартау атқылап тұрады. Жерасты байлығы да онша мәз емес. Соған қарамастан, дәл қазiр Жапония – әлемдегi ең бай, аса қуатты, әл-ауқаты өте жоғары елдердiң бiрi. Халқының саны –126 миллион.
“Форбс” журналы тек жеке тұлғаларды ғана емес, сонымен бiрге дүниежүзiндегi аса бай, өте ықпалды, ең iрi компанияларды да тiркеп тұрады. Мәселен, 2000 жылы “Форбс” осындай 1000 компанияның тiзiмiн жарияласа, соның 326-сы Жапонияның компаниялары болды. Жапония күнкөрiс жөнiнен де, байлық пен барлық жөнiнен де, жетiстiк пен табыс жөнiнен де әлемдегi ең iрi, ең бай, ең қуатты жетi елдiң iшiнде жүредi. Бұл көрсеткiштен ешуақытта төмендеген емес. Мәселен, сағатқа шағып есептегендегi ең көп жалақы – Жапонияда. Ең ұзақ жасайтындар да – Жапонияда. Жапонияда әйелдiң орташа жасы –82, еркектiкi – 80. Мұндай көр­сет­­кiшке әлемде әлi бiрде-бiр ел жеткен жоқ. Сәби өлiмi ең аз ел кiм? Жапония. Жұмыссыздары ең аз ел ше? Тағы да Жапония.
Жапония жалпы iшкi өнiм (ЖIӨ) бойынша 2009 жылға дейiн әлем елдерiнiң арасында бiрiншi орынға көтерiлсе, 2010 жылы екiншi орынға(АҚШ-тан кейiн) түсiп қалды. Жапонияның ЖIӨ-i–5 трлн долларға тең. Соңғы 50 жылды алғанда, жапон ақшасының ең төмендеген шегi мынандай: 1 АҚШ доллары – 76,01 иен. Ал дәл қазiр 1 АҚШ доллары –77,90 иен. (50 жыл емес, бар-жоғы 50 күннiң iшiнде 87 пайызға құлдыраған теңгемен салыстырыңыз!).
Бiр сөзбен айтқанда, күллi әлем Жапонияны “ұлы экономикалық держава” деп атайды. Ал ендi Жапония осындай ұлы жетiстiкке қалай жеттi? Әлемдiк экономикалық сарапшылар “Жапония мұндай экономикалық жетiстiкке өз елiнде ғылым мен техниканы ерекше қарқынмен дамыту арқылы жеттi” деп есеп­тейдi. Шынында да, Жапонияда ғылым айрықша дамыған. Мәселен, Жапонияда ғылыммен жүйелi әрi кәсiби түрде айналысатындардың саны Германия, Ұлыбритания, Франция мемлекеттерiн­дегi ғылыммен айналысатындардың санын қоса есептегеннен екi есеге көп. Дәл қазiр Жапония­да тек физика саласы бойынша 17 жапон ғалымы – Нобель сыйлығының лауреаттары. Өзге саланы (химия, медицина және т.б.) қоспағанда, тек қана “физика” делiнетiн ғылымның бiр саласында ғана 17 Нобель сыйлығы лауреатының еңбек етiп жүруi… Мұндай жетiстiк әлемнiң өзге елдерiнiң бiрде-бiрiнде кездес­пейдi.
Жапон ғалымдары ғылым мен өндiрiстi, ғылым мен өнеркәсiптi, ғылым мен ауыл шаруашылығын ұштастыра, үйлестiре дамытуда өзге елдерден оқ бойы алда. Бiр ғана дерек. Әлемде балық аулау­мен айналысатын 150-ден астам ел бар екен. Жапония – балық аулаудан да 1-орында. Дүние­жүзi бойынша ауланған балықтың 20 пайызы – Жапонияның үле­сiнде. Демек, Жапонияның балықшыларының саны көп болды ғой? Жоқ, мүлде олай емес. Жапондар балық аулау шаруашылығына ғылымның соңғы же­тiстiктерiн молынан енгiзген: олардың кемелерi де сыйымды, жүйрiк әрi оңтайлы, мұхит пен теңiзде үйiр-үйiрiмен “жайылып” жүрген балықтарды табуға да ғылыми құрылғылар көмектеседi, балық аулайтын торлары да шатысып, не болмаса жыртылып жатпайды, жiбi өте бекем және т.т.
ҰЛЫ ҰСТАНЫМ
Жапонияның жетiстiктерiн бiраз әңгiмеледiк қой. Бiрақ Жапонияның жетiстiгi жөнiнде бiлгiсi келмейтiн, тiптi “бiлгiм келмейдi” деп азар да безер болған жанның өзi де Жапония туралы бiлмей қалуы, бiлмей өтуi мүмкiн де емес тәрiздi. Өйткенi ең жақсы автокөлiкке мiнгiңiз келсе, Жапонияда шығарылған автокөлiктi сатып алуға ұмтыласыз. Ең жақсы теледидар көр­гiңiз келсе, Жапонияда шығарыл­ғанын… Осылайша тiзе беруге әбден болады. Жапонияны арнайы зерттеген ғалымдар “Жапония экономикасының осыншалықты қарыштап дамуы жапондардың өз ұлттық ерекшелiгiн, өзiнiң ұлттық қадiр-қасиетiн сақтай бiлуiмен де тығыз байланыс­ты” дейдi.
Қалайша? Қайтiп? Жапонияның әдебиетiнiң, өнерiнiң, мә­дениетiнiң өскелеңдiгiн, өмiр­шеңдiгiн, кемелдiгiн олардың өз ұлттық ерекшелiгiн сақтауымен тығыз байланысты қарастыруға толық болады. Ал ендi экономиканы…
Бiлгiр ғалымдардың айтуынша, Жапонияның экономикасын үздiк, озық етiп, алға шығарып отырған да – жапон халқының ұлттық ерекшелiгi. Ұлттық қадiр-қасиетi. Түгел айтар болсақ, бұл – ұзаққа созылатын әңгiме. Бiз ендi соның тек бiрiне, бiр себебiне ғана тоқталамыз.
Жапонияда “Тойота ұстанымы” деген ұғым бар. Кейде мұны өз тiлдерiнде кэйрэцу деп те айтады. Бұл не? Жапондар –өте орнықты халық. Орнықтылық, тұрақтылық, табандылық… Бұл қасиеттердi жапондардың ұлт­тық мiнезi десек те болғандай. Мәселен, бiр жапон “Тойота” компаниясына жұмысқа орналас­ты ма, ол сол жерде ұзақ тұрақтап, орнықты жұмыс iстеуге тырысады. Өзге жаққа өңешiн созбайды. Және әлгi адам өзiнiң жақын-жуықтарын, сенiмдi адамдарын да осы компанияға жұмысқа шақырады, осы компанияға жұмысқа орналастыруға ұмтылады. Жапондарда “Баласы әкесi­нiң артын ашпайды, әкесi баласының абыройын шашпайды” дейтiн ұстаным бар. Бұл – отбасылық тәрбиеден туған ұстаным. Ата-ананы сыйлау, оның айтқанынан шықпау – әрбiр жапон үшiн ұлы парыз. Қазақтар орыстың отарлауына түскеннен кейiн Шортанбай жырау “Ұл сыйламас атасын, Қыз сыйламас анасын!” деп зар илемеп пе едi. Өйткенi ұлды – атаға, қызды – анаға, ағаны – iнiге, баланы – әкеге қарсы қою ұлтты iрiтедi, iштен iрiтедi. Шортанбай мұны бiлген­нен кейiн де зар илеп отыр.
Осыған ұқсас, жапондардың ата-ананы сыйлауы, үлкендердi қадiрлеуi, құрметтеуi – отбасылық тәрбиеден бастау алып, жетi­лiп, ұлттық ұстанымға айнал­ған. Мемлекеттiк ұстаным дәре­же­сiне көтерiлген. “Тойотаға” жұмысқа шақырған жоғарыдағы кiсiнiң абыройын ойлап, оның жақын-жуықтары да, сенген адамдары да жұмысты мейлiнше жақсы iстеуге жанын салады. Өйткенi олар әлгi кiсiнiң атына кiр келтiрмеуге тиiс. “Жұмысқа осы кiсi шақырып едi, әттесi-ай…” дегiзбеуi керек. Мұны бiр деңiз. Екiншiден, “Тойота” өзi өндiрген өнiмдерiн шетелдерге шығарады. “Тойотаның” өнiмiн пайдаланған өзге елдегiлер “Мiне, өнiм шығарсаң, жапондар секiлдi шығар! Қандай әдемi! Қандай берiк! Қандай оңтайлы!” деп риза болуы керек. Риза болуға тиiс. Тұтынушылар налыса, ренжiсе, көңлi толмаса, бұл–компания ретiнде “Тойотаның”, халық ретiнде жапонның, мемлекет ретiнде Жапонияның атына кiр келтiретiн абыройсыз тiрлiк. Сондықтан да ондай абыройсыздыққа жапондар ешқашан жол бермейдi және жол беруге тиiстi де емес.
Әмiрхан МЕҢДЕКЕ
zhasalash.kz

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: