«БІРТЕКТІЛІК» КӨКЕЙГЕ ҚОНБАЙ ТҰР
Кейінгі кезде бірқатар ресми құжаттарда қазақстандықтардың біртектілігі жөнінде жиі айтылатын болып жүр. Осы әрекет маған қиылыспайтын нәрселерді қиылыстырғысы келген алдамшы теория сияқты көрінеді. Өйткені біртектілікті қалыптастыратын негізінен – ТІЛ. АҚШ жұрты біртекті болса ол ағылшын тілінің төңірегіне топтасып біртекті болып тұр. Ресейде жұрт орыс тілінің төңірегіне топтасқан. Біздегі билік айтатын біртектілік сонда қай тілдің төңірегіне топтасады?
Қазақстандағы халықтың 70 пайызына жақындап қалған Қазақ халқы енді өліп кетсе де басқа тілдің төңірегіне топтаспайды! Қазақтарды орыстандырып біртекті ету тіпті Кремльдің де қолынан келмейді!
Еліміздегі 130 этностың ешқайсысы өз этносының не қазаққа, не орысқа сіңісіп ассимляцияналып кетуін қаламайды. Сондықтан көкейге қонбайтын «біртектілік» идеясы іштей өлі туған «бала ма» деп ойлаймын!
Ең дұрысы билік Қазақстан халқын ҚАЗАҚ халқының төңірегіне топтасуға, Қазақ мемлекеттілігін бірлесіп нығайтуға шақырғаны жарасады. Кейбіреулер қаншама кедергі жасағысы келгенімен Алла қаласа, түптің түбінде Қазақтың Ұлттық Мемлекеттілігі үлкен серпінмен дамитыны күмәнсіз. Қазақ тілі басым тілге айналатыны да айдай ақиқат. Мұны түсінгісі келмегендердің күндердің күнінде тарих қоқысына лақтырылатынын да білгені жақсы.
Пікір қалдыру