|  |  |  |  |  |  | 

Суреттер сөйлейді Тарих Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі Әдеби әлем

Байыт Қабанұлы. ОСПАН БАТЫРДЫҢ АҚЫРЫ

OSPAN BATIR(поэма)

 «Батыр болып қару ұстап жауға шапқан екенсің алдыңда сенен де асқан батыр барына күмәнсіз сенуің керек. Әйтпейінше жеңіске жету мүмкін емес» (Оспан батыр)

                                      Әлқисса 

Қол аяғы кісендеулі алып тұлға батыр Оспан арайлы,

Қақпан басқан көкжал қасқыр секілденіп көк аспанға қарайды.

Алпамсадай түкті кеуде, білек, самай бұлшынынан қан ағады

оны ешбір сезбегендей аласұрып жарайды,

Маңайында оқты мылтық, сайман алған сақшыларды

шоқтай жанған жанарымен «сабайды»

 

Еңгезердей есіл бітім ер тұлғасын еңкейтпейді тіктейді,

Тауға қарап түнереді өзін де сол тауға балап тізе белін, бүкпейді.

Жалт қараған қарасымен, оқыс жылдам қимылымен

тобырларға үркек үрей жүктейді,

Енді алдыңғы уақыттан  тек өлімнен басқа ештеме күтпейді.

 

Қалай мейілі қарасаңда темір құрсау тор қаптаған түнек түрме, абақты,

Бұл түнек, тор көкке шапшып аласұрған қанша арыстан азаматты

түкке тұрмас қаншықтарға талатты.

Тау тағысы Оспанның да жан жағынан

жау иттері абалайды жүзді алмас жарақты,

Не қыласың құдіреті күшті тағдыр бұл күнді де алға тартып

хас ерлікті қанатты ғой қанатты…

                                   І

Қытайдың бар армиясын бастаған

Алысты да, жақынды да ақылымен, айласымен жасқаған

Бар еді бір генералы

қулық, сұмдық жан ұясы, және шешен, тас табан

Оспан жайлы көп естіген бұрын соңды басқадан.

 

Алғашында көзге ілмеген:

«Қазақтың аз қарақшысын

қас қағымда жояа салам» – деп шешкен,

Қаншама мың әскер сайлап:

«Құртып кел» – деп жарлық беріп

талай рет уақытқа шек кескен.

Өзі дағы талай барған

Бірақ айла таба алмаған,

ер Оспанның қарасын да көре алмаған. Содан соң:

«Әттең қолға бір түсірсем» – деп тістеніп

көз көрмеген қазақ ермен өлгендейін кектескен.

 

Содан бері көп уақыт өтті жортып

дүниенің дүрлікпесін ескермей,

Бұл генерал шыдамады «ОСПАН» – деген көшке ермей.

«Оспан сөйтті:

Жүз әскерді, мың әскерді, бүкіл бүтін қосынды да

түгін қоймай жайпап кетті…» күнде естілді дес бермей,

Қалатұғын еш шара жоқ өштенбей.

 

Осылайша ол қаншама жыл құрбан шалып құр атын,

Өзін өзі қорға балап, өзін өзі басқа сабап ұратын.

Күні бойы ОСПАН деп ол ауа жұтып,

ал жатқанда ОСПАН деп ол  басын қойып жастыққа,

Таң атқанда ОСПАН деп ол

қара басқан өз түсінен  зәресі ұшып төсегінен тұратын.

 

Енді міне құдай берді тау тағысын кісендеуге

тағы да бір сатқын қазақ жол ашты,

Өйтпегенде батыр Оспан артына ертіп кетер еді

барша Қазақ алашты.

Онда сірә таудың елі өз жағына шешер еді таласты,

Амал қанша Қытайлардың айласы мен бағы асты

Ospan batr Urmzhi

Сол генерал: «ОСПАН ҚОЛҒА ТҮСТІ» – деген

жақсы хабар келгенде,

Қолды аяққа тоқтамады

көп байланған көңілінің бұлты ашылып шерменде.

«Өзім барып көрем  деді, барып «сәлем» берем  деді,

батыр Оспан «жолаушылап» келгенде,

Әгәрәкім көрмей қалсам тыныш өле алмаспын мен өлгенде»

 

– деп хабар сап бес қаруын асынып,

Ер Оспанға кездеспекке өзі келген асығып.

Келе сала: «Алдыма оны ап кел деді, жетектеп,

Ол кешікпей менен шыбын жанын сұрап

жалынғанын көресіңдер бас ұрып…»

 

Жарлық екі етілген жоқ,

кешіккен де жоқ әрине уақытты санатып,

Қаншама мың көпшілікті жинап қойған

алдын ала жариясын таратып.

Үлкен алаң ортасына қарулы әскер қоршап алып келді де,

Құрсауланған ер Оспанды отырғызды

генералдың қарсы алдынан қаратып.

 

Сап-сарала сәнді бастық

бұрқылдатып тарта отырып шылымын,

Саусағымен тарай тұрып маңдайына ентелеген тұлымын.

Тұтқын ерді бастан аяқ тінтіп шықты көзімен,

Анықтап бір алмақ үшін

бұрын елден естіп келген шала-шарпы ұғымын.

 

Ауыздардан ауыздарға жалғастырып аңыз етіп

айтса адамдар айтқандай-ақ:

Аңғал-саңғал алып дене нар мүсін,

Кең пішілген алып тұлға келбет пішін –

паш еткендей көшпенді елдің ата баба арғысын.

Қар боратқан түксиінкі қалың қабақ

адам жетпес бұлт үйрілген қарлы шың.

Отырысы, оқыс шашпаң қозғалысы –

жыртқыш таймас аш қырандай айқастырған шалғысын.

 

Сосын барып көзін тіктеп қарап еді тау ұлының көзіне,

Ол да тура тесе қарап отыр екен өзіне.

Көздеріне көзі түсіп кеткен кезде

селк еткендей шошып қалды генерал,

Қарсыластың жанарынан

ешқашанда қайтпайтұғын өткірлікті сезіне.

 

Бірден қарсы кеп қалған соң

тез тайсақтап кете алмады қытай жігіт сынаптай,

Көп алдында аз мұз ғана телмірісті намыс туын құлатпай.

Бірақ, бірақ

Қарсы алдынан тіке салған

жан шошырлық қанталаған екі көз,

Оның тұла бойын өртеп бара жатты  шыдатпай…

 

Жан шошырлық қанталаған сол екі көз ішіп жейді

хас дыраумен қақ маңдайдан ұрғандай,

Терең, тұнық, көмір қара –

қарсы алдыңнан қарап тұрып қатерлі тор құрғандай.

Неге болса дайын алғыр онысын еш жасырмай,

«Кел екеуміз сайысайық, тайталасқа түсейік» – деп тұрғандай.

 

Бұдан арғы тайталасқа қарсы тұру қолдан келер іс емесін түсінді,

Түсінді де көзін жылдам басқа жаққа ала қашты

қайсарлықтың құсын бойдан ұшырды.

Іштей шексіз тамашалап таңырқады

өрт пен тастан жаратылған таңғажайып мүсінді,

Рәсіми екі үш сұрақ ұсынды:

 

«Кімсің – деді, не қылмыспен келдің» – деді

зілі сөнген айбарменен ақырды,

«Жауап бер» – деп қолындағы тапаншасын

шошаңдатты сұс көрсетіп батылды.

Сосын тағы ескертті оған:

«Егер бізге өз еркіңмен басыңды иіп

қызмет етсең және ерлік көрсетсең,

Үлкен сыйлық беріледі, қолбасшы боп сайланасың.

Бұл әрине саған берген зор мүмкіндік ақырғы.

 

 Кәзір маған жауабыңды айт ой жібермей басқаға,

Сөзің маған ұнар болсын,

онда қыста көк балдырған гүл егесің тасқа да.

Егер сөзің ұнамаса және менің айтқаныма көнбей жатсаң

осы алаңда, осы халық алдында,

Ертең түсте атыласың. Ал кәнеки сөйле» – деді,

мұртын сипап кеуде керіп мастана

 

Сонда ғана батыр Оспан орынынан көтерілді

маңғаздана көз жіберіп алысқа,

Ашу, ызы және мысқыл тебіндеген

өң келбеті бекінгендей ұзақ ұлы жарысқа.

Алаң толы көп қалайық тым тырыс боп ішке тартып демдерін,

Қарап тұрды алып тұлға арысқа.

 

Маңғаз батыр аз тұрды да нажағайдай жалт бұрылды

масаттана сауал қойған дұшпанға,

Өр мінезін тоғыстырып сабыр салмақ ұстамға:

«Өй ақымақ не деп тұрсың сандалып,

Танымасаң Қазақ деген бір халық бар өр халық

Өлсе дағы ол бас имейді сен сықылды тышқанға.

 

Сол биіктен көтерілген мен көкбөрі Оспан деген ерлікпін,

Жүзі деп біл өрттіліктіңөрліктің.

Көп дұшпанға қолым тиді, оғым тиді тар жолында теңдіктің,

Нарқы осындай, парқы осындай боп келеді ертеңі асқақ елдіктің.

 

Қылмысым сол:

Жанынан да, арынан да биік қойып ас қамын,

Әлін білмей жайын елге қол көтерген шапырлардың

қанын судай шашқаным,

Лайламай тазалықтыңұлылықтың бастауын,

Биіктерден асқаным.

Сендей сайқал қайдан ұқсын

ондай асқар асқақтықтың астарын.

 

Жәңе тағы не дедің сен:

«Егер бізге басыңды иіп ерлік етсең сыйлық берем»  дедің бе,

«Ал өйтпесең атыласың тегінде…»

Өй байқұс  ай өлім деген сендер үшін қорқыныш ә,

ал біз үшін ойыншық,

Көк тағысы қыран бүркіт

інге кіріп күн көрмейді, көз жұмады көгінде.

 

ОСПАН деген  ордалы елдің қолға ұстаған

қынабы жоқ қылышы,

Ол иілсе ел сынады, шайқалады ырысы.

Өйтіп мына тұғырлы елді

тұтқын етіп сатқын өмір кешкенше,

Тұлпар кеудем оқты мылтық ауызына

қарсы тұрып тамамдалсын, дұрысы.

 

Ерлік деген дұшпанына бас иіуден басталад деп

қандай әкең нұсқады,

Сен жақсылап ұқ мынаны

біздер сірә жалғамаймыз жамауға әкеп қысқаны.

Таудың елі тауға ғана бас иеді,

тілейді олар құзар биік ұшпаны,

Қатындарға қатын болып жарық көру

сен секілді сүмелектің ұстамы.

 

Өлімменен таусылмайды

батырлардың маңдайдағы бақ кені,

Хас қыранның қанатына тарлық етер

жаймашуақ жат көгі.

Батыр болсаң қолымды шеш қылыш ұстат

жекпе жекте басыңды бер ерлікпен,

Оған дәтің жетпейді екен қымсынбаймын

қарсы алдымнан қарап тұрып ат мені.

 

Әй білмеймін оған дағы дәтің жетпес

сенде жалын көрінбейді ақ алмастай жарқылдар,

Ондай жалын сенде болар жөні де жоқ

әлмисақтан табан жалап тамақ табар салтың бар.

Қол аяғым байлауында

қол, тізеңді қалтыратып атсаң мүмкін көз жұмып,

Менің ерлік еркіндігім күнде сенің түсіңде кеп

тышқан алған мысықтай боп алқымдар.

 

Болды менің сөзім бітті,  не қыласың қыларыңды қыла бер,

Жүз жыл мүмкін өтсе дағы мені ұмыт қып өшірмейді

алтын Алтай қырқасы мен құба бел.

Ел басына оңайлықпен бақ қонбайды

есілдері жанын пида етпесе,

Ел жері үшін жанын қиған қыршындарын

мәңгі бақи құрметтеумен тынады ел»

 

Осылай деп батыр жігіт айтар сөзін айтып әбден болғасын,

Қарсы қарап күлімдеді, басын шайқап мүсіркеді қолбасын.

Сосын сона-ау мұнар тұнған

көк аспанға ұзақ қарап күрсінді де бұрылып,

Шынжыр кісен құрсаулырын сүйретіп ап жүре берді

жау ішіне қалдырғандай жолдасын.

 

Көпті көрген әккі бастық қозғалмады, түк демеді

ашуланып айрылмады нарқынан,

Оспан батыр көз алдында

ұзап бара жатты айнымай батырлықтың шартынан.

Арлан төбет көк бөріге алыс шеттен абалаған

иттеріндей ауылдың,

Жан жағынан

мылтық сайман қаруларын шошаңдатып

бір топ сақшы еріп кетті артынан.

 

Қытай сардар бөлмесіне келген соң да көп отырды сарылып,

Жалтармайтын қайсарлықты жауып қойып жайсаңдыққа, салынып.

Құлағынан өшпей қойды әлгіндегі кекке толы ащы шындық табы нық,

Көз алдынан кетпей қойды

өлімнен де тайсалмайтын тауға тартқан тағылық.

 

Ол ойлады:

«Әй адамзат біздер неге осығұрша жауласамыз тістесіп,

Ақыл ойдың талғамын да ары кеткен арам тамақ күш кесіп.

Ардың туы секілденген әлгі батыр азаматта

алты атамның қанды құны кеткен жоқ,

Не жетпейді ағамдай ғып артына еріп аралассам іштесіп.

 

Ол да ертең атылады,

мен де бір күн оқты мылтық ауызында жан берем,

Осылайша жалғасады

жалған намыс тамақтанып таң атырар қанменен.

Менің де әлгі құрсауланған хас батырдан айырмам не

қуыршақпын күн өткізген жарлықпен,

Амал қанша қолдан келсе еркін беріп:

«Асқар биік тауларыңда

Арқар, Киік секілденіп ойнақ салып қал» дер ем.

 

Не шара бар онда ертең мен тұрамын дар ағаштың астында,

Жан беруге болар еді қолдан келмес бөгеу салу

қыңыр қисық «САЯСАТ» деп аталатын тасқынға.

Енді сенің келбетіңді көруге де менің дәтім жетер емес

құдай жазса о жалғанда дотасармыз армансыз,

Жолың болсын хас тұлға»

– деп күбірлеп тағы біраз отырды да:

«КЕЛІҢДЕР» деп дауыстады,

келді жетіп жарлық күткен жақындар,

«Былай болсын – деді, сардар:

Әлгі қазақ батырында менің бөлек қақым бар.

Тілесе егер майлы тамақ ет беріңдер,

тыныш ұйқтап шықсын бүгін маңайына бармаңдар,

Ертең түсте сауыт сайман киіндіріп,

қару жарақ асындырып жалғыз оқпен атыңдар»

 

(күбірледі: Қолдан келген бар көмегім осы болды

дәтке қуат дәрі болып көңілімде сақталсын,

Дәрменсіздік дәу басыма құлама шың шатқалсың.

Қанды тарих қас қағымның қалтарысын қате қылмай қаттарсың,

Таудың тағы тарлан ұлы тары өмірден батырлықпен аттансын)

– деді бастық жалаңдаған жарлық ары жалғасты да жымдасты,

Өр Алтайдың өр шыңдарын артқа тастап күлімдеген күн қашты.

Айналаны түнектеніп түн басты.

Мұнар тұнған құм төбелер

мың жыл бұрын жер боп кеткен молалармен мұңдасты.

 

ІІ

 Түн ортасы, түрме төрі, шам жарығы Оспан отыр ойланып,

Мына өмірдің соңғы сағат, минуттары өтіп жатыр айланып.

Батыр оған быж-шыж болып қам жемеді көңіліне қайғы алып,

Басқа жағдай қинайды оның жүрегіне тас кесек боп байланып.

 

Өлім деген бас ауыртар жағдай емес

демің бітсе басқа түрге енесің,

Сол мәселе:

Өмір сүрген уақытта

адалдықпен аса алдың ба адамдықтың белесін.

Батыр бүгін соны ойлады

өзіне өзі есеп беріп ар алдына жүгінді,

Көз алдынан көлбеңдетіп

тағдырының тауқыметті кейін қалған елесін.

 

«Қане ойлап көрейінші

осы менің аз өмірім өткен жоқ па бекерге,

Дәуірімде дәрменді іске қол создым ба дәтке қуат етерге.

Жиырмасыншы ғасырменен бірге келдім

өмір деген тыштығы жоқ тайталасты мекенге,

Не бітірдім таласпенен күн өткізіп

тайғанақтап сол мекеннен кетерде.

 

Атаға ұл, ағаларға ізгі іні, інілерге аға болдым ардақты,

Жарға жолдас, ұл қызыма әке болдым салтанатты салмақты.

Ағайынға ағайын да боп шыдадым,

жауларыма жау да болдым жан жақты,

Бірақ, бірақ тағдыр менің тағдырымды қалай қалай аунатты.

 

Елім дедім, жерім дедім, ұрпақ дедім, ұлтым дедім

жүк көтердім арықтап,

Осыларға көз алартып бір жұдырық бергендерге

мың жұдырық артық бердім шарықтап.

Көп замандас жігіттерді артыма ерттім

жақсылықты жамандықты бірге істеттім талқыламай парықтап,

Бірақ менің осы істерім жөн болды ма,

дөң болды ма төрелігін кім айтады анықтап.

 

Жәңегі сол … дегендерім нақ болды ма

немесе жай жалған намыс қоздырдым ба бостан босқа қадалып,

Келемажға қалдырды ма кемістікке жол салдырып шалалық.

Осы, осы, осы менің ой жетпеген дүнием,

Келешегім менің қандай істерімді

рухына жапсырады үлгі, өнеге – пана ғып.

 

Батырым деп бағалай ма,

Қарақшы деп қаралай ма қай тарапқа жетелейді көшімді,

Дұшпанынан сақтануды теңдік дей ме,

Тітіркенбей бас шабуды ерлік дей ме керемет бір кесімді.

Қайтпас менің қайсарлығым есерлікке ереже боп жау таба ма кесірлі,

Сайыпқыран  жайсаңдығым өткірлікке өсиет боп қайтара ма өшімді.

 

Жеңілісім, жеңісім бар ол әрине мақтан да емес,

өкініш те боп қалмайды мен үшін,

Дарынмен де,  арынмен де аз уақыт

жаушылықтан сақтап жүрдім ел ішін.

Ғылым, білім әуелбастан алыс қашақ тартты менен желісін,

Тарлық етіп қинамады,

кеңдік қылып сүйретіліп қалған да жоқ кіреукем мен кебісім.

 

Не түсіндім.

Өмір деген жарыс, күрес, соғыс екен,

басқа ешқандай ғажабы жоқ төр екен,

Бейнет, қайғы, сөгіс, мақтау – солар үшін төгетінің тер екен.

Жұмсақтан да қаттылығы, ақкөңілден алауызы көп екен,

Болды бітті ақыр соңы барар жерің көр екен.

Zuvqa batir men Ospan batir

Жарыс болса озу менен тозу да бар,

күрес болса жығу да бар

тек бір жаққа жазылмайды жығылыс,

Соғыс болса жеңіліс пен жеңіс деген

екі жаққа кезек келіп тұратұғын құбылыс.

Батырмын деп бас көтерсең

сенен асқан батыр шығар алдыңнан,

Нашармын деп жаси қалсаң

сенен төмен сан мың адам

сан себеппен көріп жатыр қырылыс.

 

Тірлік деген – тікенектен тіккен орда

тілектінің жағдайы жоқ тыш табар,

Билік деген – күтімі көп, бітімі жоқ бітеу тұмса бір биік бар,

оған жуық болады екен ақыл есі қысқалар.

Атақ деген – шығуға оңай, төмен түсу сатысы жоқ ұшпа бар,

Адам деген – қуаныштан қайғы жасап шығаратын ұсталар…

 

Не бітірдім?

Ештеме де бітірмедім

дүниеге желіп келіп куәсі боп желігі көп шақтардың,

Аялдамай аттан түсіп аттандым.

Мысалы сол балшық илеп кірпіш соқпай

кептірген жан секілді,

Желік қуған жас баланың ісін ғана атқардым.

Aqbozat

Екі көзім қанталап,

Бүтін елдің ауырлығын нар атандай көтермек ем арқалап.

Сүзгіш бұқа секілденіп

маған қарсы көз алартып тұрып алды шартарап.

Елу бір жас аздық етті босқа қалды зар зар еткен зар талап.

 

Мен жететін меже қайда, өзегімді өртке салып нені арман еттім мен:

Сол арман ғой жүрегіме шемен болып шекеме шер шектірген.

Төрткүл мына дүниенің төрт бұрышын мекен етіп шет жүрген,

Төбел аттың төбеліндей аз қазақты

бір төбеге жинап әкеп бір шаңырақ көтеріп,

Көп қазақтың құлы болып көрге кірсем деген едім көп кірген

Әттең, әттең амал қанша түк бітірмей

панасы жоқ жетім қыздай жылай жылай кеттім мен.

 

Қылқындырып қыл арқанды салса дағы мойныма,

Үзер едім быт-шыт қылып іс бітпеді

құдай мені қолдамай-ақ қойды ма.

Ой дүние-ай!

Қайран Қазақ.., қайран Қазақ…

ақыр түбің қайда барып.., қайда барып…

қалай тамам.., қалай тамам.. болады…» –

– деген кезде қан аралас жалғыз тамшы жетім көзжас

сырғып түсті, сырғып түсті қойнына.

 

(Оспан батыр Оспан болып жаралғаннан  көзінен жас төгіп пе еді

көкірегі қара түнек мұң қонып,

Төккен, төккен ер басына іс түскенде сын болып.

Ойлап тұрсаң өмір қызық естен кетпес үш жылапты

үш рет те әйелден боп жылапты,

Тұңғұйыққа тірелгендей ет жүрегі құм болып.

 

Не десеңіз:

Сонау ерте жиырмаға да ілінбеген албырт бұла кезінде,

Бір сулуға ғашық болған дауыл ойнап бозбалалық сезімде.

Қанша өртеніп жалынса да адам ба деп көзге іліп ескермеген сол ару,

Сонда жігіт шек қоя алмай төзімге:

«Мына сұлу ат болса егер жүген құрық тигізбеген бір адам,

Он аттатпай шалма салып,

аң болса егер жалғыз оққа іліндіріп шыдар едім жырадан.

Аспан көктің ақ еркесі алтын қанат құс болса егер

құрған тоға түсірер ем шаршамай,

Маған деген сезімі жоқ

шын сүймеген жат жүрекке не шара деп» жылаған.

 

Онан кейін

Алладан да артық сыйлап аялаған жан анасы мәңгілікке құлаған

Сонда батыр өзіне өзі шек қоя алмай  ағыл тегіл жасын төгіп шырадан:

«Қандай күшті жау шапса да бір тал самай шашына да дақ түсірмей

анамды мен аман сақатап қалар ем,

Ара түсер еш амал жоқ тура ажалға не шара деп» жылаған.

 

Кейінірек күнде неше кез келетін

кескілестің біреуінде ер шыдамын сынаған,

Жолдастары жалғыз өзін жау ішіне қалдырғаны бар еді бір

қол ұштарын жеткізе алмай кім адам.

Сонда өзінің екі қызы

жан таласып атысумен алып шыққан әкесін,

Сонда есіл ер:

«Ерге бермес менің батыр қыздарымды

атқа мініп, мылтық ұстап көрмеген бір ерсымақтар

қатын етіп алады ау деп» жылаған)

Ospanbatir

Қайран Қазақ.., қайран Қазақ… Елім… деген

қайран есіл түндігі жоқ түрме ішінде кешті жалғыз сарсаңды,

Ащы көзжас шерлі мұңын ішке жұтып

тар кеудені ойран етіп тамсанды.

Содан барып өзін өзі сабасына түсіргендей

көк жалынмен ауыр-ауыр күрсініп,

Көп отырды ,

отырды да  күңіреніп

мынандай бір ән салды:

 

«Қысылмай қызыл тілім сайра менің,

Ер Оспан елге тіккен байрақ едің.

Ұмыт қып күндіз күлкі, түнде ұйқыны,

Қорғаған қаласың – ау қайран елім.

 

Астымда ат, айналамда дос барында,

Дұшпанның шөптей шаптым бастарын да.

Қайтейін қалың елге қамал едім,

Қысқа өмір өте шықты-ау қас қағымда.

 

Қайран ел жылқы баққан шұрқыратып,

Қор болдың қайғы шерге жұлқылатып.

Доңызға айландырмақ ойлары бар,

Доңыздар қыран елді қырқып атып.

 

Адамзат бәс тігесің құтырасың,

Бәрі бір сұм жалғанға ұтыласың.

Сенемін қазақ деген қайсар елім,

Бір күні бұл құрсаудан құтыласың.

 

Өмірде ашық тұрар бес күн есік,

Көп жерде кертартпадан өшті несіп.

Жанымды ар намысқа айырбастап,

Керейге кек әпердім кескілесіп.

 

Өмірдің өртке оранған бұралаңы,

Түбінде ер жігіттен сын алады.

Бұл қазақ Оспансыз да өмір сүрер,

Кім менің жан сырымды ұға алады.

 

Ұрандап «Жәнібектеп» ақырғанда,

Батылдық қашушы еді батырдан да.

Шуылдап қалың Керей жоқтарсыңдар,

Қор болып батыр Оспан атылғанда.

 

Өлім тұр тісін қайрап тосып алдан,

Қымсынып мен аулақпын шошынардан.

Бұл Оспан тірісінде талай өлген,

Бұл кеуде талай оқты тосып алған..

 

Ақырғы сөзімді қас, хан тыңдасын,

Қазақтың намыс оты лапылдасын.

От шашқан оқты мылтық аузында да,

Нарттығым наркескендей жарқылдасын.

 

Осылай аспан көкте бағам қалсын,

Жас ұрпақ жазылмаған жарамды алсын.

Артына мәңгі өшпейтін жалын тастап,

Тағы, мәрт, тарлан өмір тамамдалсын.

 

«Жүгірген тау жебелеп көк бөрілер,

Бір күні ат артына бөктерілер»

Деген сөз риясыз шындық екен,

Кез болды  шектеулі өмір шектелінер.

 

Тоқтат деп қалың жауды жол ортада,

Қалың ел ту ғып тіктің топ ораңа.

Ал енді алтын Алтай құшағыңды аш,

Симадым, сия алмадым жон арқаңа,

 

Қайсар ұл кеңдік болсын кегіңде де,

Қан болсын көзжасың да, теріңде де.

Қан қақсап Қазақ үшін қан төкпесең,

Мен тыныш жата алмаспын көрімде де.

 

Өмірін гүлдендірген азаппенен,

Мәңгілік майдансасқан мазақпенен.

Бір ұлың жарық үшін жанып өтті,

Қалың ел қош есен бол Қазақ деген…»

                                 ІІІ

Дар тақтасы дарабоз жан дара тұрды

анталаған көп халықтың алдында,

Нұр шуағы қап-қара боп сорғалады ақ уыз сүт таңның да.

Өр Алтайдың ақ самалы еспей қойды көк өрім шақ шалғында.

Ешкім тіке қарамады қашқалақтап алып батыр алғырға.

 

Алтын күн де шықпай қойды

қара түнек бұлт астына нұрлы жүзін далдалап,

Қабақтарын олар да ашпай қойды соно-оу

аспан көкті иықтаған құлама құз жарқабақ.

Халық тұрды үн шығармай ағыл-тегіл іштей жылап

көзін жұмып «Алла-лап»

Оқты мылтық кезеніскен отыз шақты әскер тұрды

жарлық күткен қара дінді қанбалақ.

 

Батыр Оспан тік кеудесін қозғалтпастан

алға қарай бір аттады анталап,

Алдындағы отыз әскер абыр-сабыр үрейленді

шүріппеге қолын қойып көз сұқтарын қанталап.

Қара түнек жауын құйып келе жатты қыбыладан қыр жақтан.

Жігерлі де қатал үнмен сөз бастады

есіл берен жай бір тұрып нар тағат:

 –         О жасаған! Пендең едім пенделікпен өмір кешіп

пенделікпен тамамдалып барамын,

Мені адам еткен елдің ұлы болып жаратылып

құлы болып күн өткізіп,

Құрбаны боп арандалдым даланың.

О жасаған саған мәлім дүниеге ашылған жоқ араным,

Жетім тайдай ҚАЗАҚ деген сорлы елімнің зары болды зар – әнім.

 

Мені жоқтан бар болдырған қасиетті қайран далам, паң далам,

Сай саласын мал бітеген, мал жетпеген тау мен тасы аң далам.

Елін қорғап, жерін қорғап, тілін қорғап тамамдалған әр бабам,

Мен дағы сол қайда туып қайда өлмеген

қөп қазақтың біреуімін сар далам.

 

Мені ардақтап аялаған соры қалың сорлы елім,

Үзбек болып тепсем дағы үзе алмадым

сенің тары тағдырыңа лақтырған торды елім.

Көп іздедім таба алмадым сені аман алып шығар жол дедім,

Енді уақыт таусылғанда

өзегімді өртеп тұрған қайғы шерім сол менің.

 

Ер боп туып жаратылып лауладым өрт болып

Кем боп сірә көргемін жоқ сергелдеңде сес көрсеттім серт болып.

Жем боп желке қидырмадым құламасам мерт болып,

Тең боп мыңмен тайталастым дер кезінде делебеме «дерт» қонып.

 

Ешқашанда дұшпандарға әлсіз етіп көрсеткем жоқ

ҚАЗАҚ деген халықты,

Сарбаздарым тайталаста  өжеттікпен өктемдікті сан ұтты.

Таудың халқын тау ішінен, ат үстінен

Кім болса да жеңе алмайтын таудың заңын талғамсызға танытты,

Млиондар ондығымды дегеніне көндіре алмай зарықты.

 

Көп ит бір жақ, көк ит бір жақ болған кезде

Арыстан боп ақырдым,

Қасиетті бабалардың арманы асқақ аруағын

ұран етіп шақырдым.

Атар таңды оқ жастанып атырдым

Тіс батпайтын қара тасқа азуымды батырдым

 

Жауға түссем жалын атып тұрушы еді шабытым,

Атар таңның атушы еді таңы тың,

Мен ұрандап «ЖӘНІБЕКТЕП»

ақбоз атпен жауға қарсы шапқанда,

Жауларымның көздеп атқан оғы шейін өзгертетін бағытын.

 

Оспанның сол Оспандығы елден ерек жаралған соң еңселі,

Басын иіп жапырылды жауларымның өңшеңі.

Қан төгіскен кескілесте оқ өткізбей сақтап жүрді

ет денемді қазақ қойдың сеңсеңі,

Қылышымның дірілдеген өткірлігі

Қазағымның күлімдеген қыз тағдырын аз уақыт өлшеді.

Мені медеу ес санады ел жұртымның шаласы да, данасы,

Сақтап қалдым мен соларды

өртке толып жатса дағы аспан мен жер арасы.

«ОСПАН» десе жауларымның өзі тұрмақ

уанатын ес білмейтін жылып жатқан баласы.

Мен кеткен соң неше ғасыр шулап жатар

Алтайымның даласы.

 

Анашымның ақ уызын өмір бойы көк жалын ғып таусадым,

Содан кейін еске алғам жоқ алдымдағы қара шобыр жау санын.

Кең әлемге сиыспаған көп Қытайды

тартпаменен шөп шапқандай қаусадым,

Деп ойладым «көп болсаңда көп кешікпей таусамын»

 

Амал бар ма таусатын ем таратпасам қосынды,

Ежелгі сол қазағымның алауыздық ауыруы

тағы менің алдыма кеп тосылды.

Оның да бір ем дауасын табар едім

көп ҚЫТАЙҒА МОНҒОЛ, ОРЫС қосындары қосылды,

Содан кейін қаным судай жосылды.

 

Бір басымды үшке бөлдім

от пен судың арасында жан таластым алыстым,

Талай талай Қытайдың да, Монғолдың да,

Орыстың да басын кестім, қан іштім.

Көрдім және көз алдымда аттан түсіп жан бергенін

жанашырым азаматым арыстың,

Ақыры сол маңдайыма

Алла жазған тағдырыммен табыстым.

 

Аздық еттім үш төбетке бір қасқырдың салауаты жетпеді,

Дәрмен күшім дәрілі өрттей арманымды шектеді.

Бұл қайғы емес қол аяғым темір тормен кісендеулі жатса да,

Өр сенімім көкейімде көк ормандай көктеді.

 

Оқасы жоқ бұл дүние шыр айланып өтеді ғой өтеді,

Көк дауылда шұрқыратып

көкалалы көп жылқыға тиген көкжал

қапелімде қақпан басса нетеді.

Мен сенемін елім сенің несібеңді Алла несіп етеді,

Бір Оспанды тапқан елдің

он Оспанды жаратуға дәт дәрмені жетеді.

 

Өкінбеймін тағдыр жазған тағдырыма иілем,

Жауларымнан жеңілгем жоқ

рухымның өрт қалпымен қалғанына сүйінем.

Тек ғана сол мыңға жалғыз төтеп берген

ер басымды қор етіп,

Темір арқан құрсауменен байлап қойып

бір жаманның атарына күйінем…

 

Сәлем деңдер отқа жанбас, суға батпас

ҚАЗАҚ деген қайсар елдің ұрқына,

Барша әлемге тарасаң да ту тігіңдер

ата бабаң аруағын тастап кеткен жұртына.

Бір тамшы су тимесе де таңдайыңа,

бір тілім нан жұқпаса да ұртыңа:

У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!..

У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!!.

У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!!!

– деп тоқтады.

Оның сөзін ел тыңдады,

кәрі мен жас жігерлері топырақ боп тыңдады,

Жер тыңдады,

жаңғырық қып жалғастырды

Атырау мен Арқа жаққа Алтай асқар шыңдары.

Келін-кепшек, қыз тыңдады құрсақтары бүлк етісті,

жас сәбилер құндағында шіреністі

тал бесіктер сықырлады сынғалы,

Мың жылдардың алдындағы молалар мен көр тыңдады,

орынынан аунап түсті қайсар елдің аруақты ұлдары.

 

Оспан батыр алға қарай тағы да бір аттады,

Қарулы анау әскерлерді үрей билеп тағы оқталды атқалы.

Оспан батыр еш тайсалмай әскерлерге көзін қадап

алға қарай тағы да бір аттады,

«АТЫҢДАР!»  деп айғай салды әскер басы

шарт етісті… шарт етісті… отыз мылтық шақпағы.

Оспан батыр жығылмады

еш теңселмей кейін қарай бір-ақ рет аттады,

«АТЫҢДАР!»  деп құтырынды әскер басы

шарт етісті… шарт етісті… отыз мылтық шақпағы.

Оспан батыр жығылмады

еш теңселмей кейін қарай тағы да бір аттады,

«АТСАҢДАРШЫ, АТЫҢДАР!»  деп құтырынды әске басы

шарт етісті… шарт етісті… отыз мылтық шақпағы.

Оспан батыр жығылмады

еш теңселмей кейін қарай тағы да бір аттады,

ТОҚТАДЫ…

Шарт еткен жоқ мылтықтардың шақпағы.

Күлімдеді, батырлығы алдаған жоқ

рауандап келе жатты көкіректің шоқ таңы.

Айналасын жауып бара жатты күрең,

күрең қызыл, қызыл күрең «от табы»

Қарт Алтайдың қарлы басы көшкін атып күңіренді

кеудесінен құлап түскен тас кесегін жоқтады.

Қазақ деген қасиетті қауым ұлттың

сан мыңдаған отауының ошағында жайнап жатты

сексеуілдің шоқтары…

Қазақ деген қасиетті қауым ұлттың сан мыңдаған азаматы

«НАМЫС» атты мылтықтарын оқтады.

Қазақ деген қауым ұлтты қалай қарай жетектейді

хас тағдырдың соқпағы…

 «Айла күшін асырып еңіреген ерді ат үстінен допша  қағып түсіру, оның басын алып олжалаубатырдың ісі. Сондай-ақ өзінің басын қанжығаға байлату да батырлардыңпешенесінен алыс емес. Ол әрине заңдылық» (Оспан батыр)  

2012.09.06  – 2012. 09.09

kerey.kz

Related Articles

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: