ӘУЕЖАЙДАҒЫ ЖАНКЕШТІЛЕР ЖАРЫЛЫСЫ
Кейінгі деректерде кеше Ыстамбұлда Ататүрік атындағы халықаралық әуежайда жасалған террорлық әрекет салдарынан 32 адам қаза тауып, 70-тей адам жарақаттаныпты. Біз хайуандық әрекеттерге барған топтарды айыптай отырып, түрік халқының қайғы-қасіретіне ортақтасамыз. Марқұмдардың отбасына көңіл айтамыз. Қаншама елдің жазықсыз азаматтары шейіт болды, қаншама отбасы қан жұтып жатыр десеңізші?!
Оқыс оқиға Түркия экономикасы үшін Ресей ұшағын атып түсіргеннен де зор салдарларға соқтыруы ықтимал. Террорлық әрекетке барған бәлкім күрд қозғалысы, бәлкім Ердоған режиміне қарсы топтар. Бірақ әзірше ешкім мойнына алған жоқ.
Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған мұны қасиетті Рамазан айында бейкүнә адамдарды өлтірген қаскөйлердің іс-әрекеті деп бағалады. Түркияның әділет минстрі Бекир Боздагтың сөзіне қарағанда, мұны үш жанкешті жасаған. Шабуылшылар Калашников автоматтарымен оқ жаудырып, кейін өздерін жарған.
Бомба қауіпсіздік жақтауының қасында шоғырланған адамдардың арасында жарылған. Ыстамбұл халықаралық әуежайынан ұшырылады деп жоспарланған барлық рейстер кейінге шегеріліпті. Жолаушылар отелдерге жайғастырылып жатыр дейді. Ей, Алла тағалам, адамдарды қатігездіктен, ақымақтықтан, имансыздықтан, беймезгіл ажалдан сақтай гөр!
Пікір қалдыру