|  |  | 

Көз қарас Қазақ шежіресі

ҮКІМЕТ БАСЫН АУЫРТПАЙТЫН ШЕТЕЛДЕГІ ҚАНДАСТАРДЫ ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛАМЫЗ?

Біздің еліміз шеттегі 5 млн қазақты сақтап қалу үшін екі мәселені нақтылап қолға алуы керек секілді. Біріншісі – Тәуелсіздік алған тұста басталып, жалғасын тауып келе жатқан көші-қон мәселесі. Бұл қазір іркілді дегенімізбен, болашақта қайтадан қарқын алуы тиіс игі бастама. Екіншісі – шетелдегі қазақтың жұтылып кетуіне жол бермеу мақсатында қазақ диаспоралары көп қоныстанған елдердегі қандастарымызды бір ортаға шоғырландыру ісі. Жалпы, екінші мәселені, яғни шетелдегі қазақтарды бір мекенге, бір ауданға, бір облысқа топтастыру бізге не береді? Саралап көрейікші…

…қажеттілігі

Жат елдегі Алаш жұртын бір ортаға шоғырландыру мәселесі – шығыстағы Үндістаннан бастап, батысымыздағы Еуропа елдері мен АҚШ аралығындағы ұлан-ғайыр атыраптағы сансыз мемлекетті екінші Отаны еткен қазақтардың бәріне қажетті бастама. Олар өздері тұратын мемлекетте топтаса өмір сүрсе, тілін, ділін, дінін ұмытпаған болар еді. Сол орталықта отандық телеарналардың, баспасөздің жетімділігін де жүзеге асыруға жол ашылар еді. Бұл орайда «шетелдердегі қазақтарды бір ортаға шоғырландыру мәселесі шындығында да олардың қазақтығын сақтап қала ала ма?» деген сауал туындайтыны рас. Біздің пікірімізше, осы арман орындалса, сол елдегі бауырларымыз салт-санадан айырылмайды. Оған мысал ретінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағын алуға болады.

1940 жылы Баян-Өлгей аймағын құруда қазақтың біртуар тұлғасы Жеңісхан Дүзелбайұлы ерен еңбек етті. Сол Жеңісхан Дүзелбайұлының ықпалымен бір кездері Хобда аймағының батыс өңіріндегі моңғол мен қазақтарды басқарған, маршал шенін алған, моңғол елінің әйгілі қолбасшысы Чойбалсын моңғол халқына: «Қазақ халқын «бага ястан» (ұсақ сүйектілер) деуді, «хасаг» деген атауларды тоқтату керек. Қазақ ұлтының моңғол ұлтынан еш айырмашылығы жоқ. Қазақ халқы Моңғолия мемлекетінің өзінің ұлт тілінде мектебі бар, баспасөзі бар дербес бір аймағы бола алады», – деген екен. Сонымен қатар қазақ ұлтының 12 ерекшелігін тізіп, моңғол халқына үлгі етіпті-міс. Енді қараңыз, сол Чойбалсынның шапағаты нәтижесінде Баян-Өлгей аймағының 97 мың қазағы Алтай сум, Толбо сум, Сагсай сум деп «сумдатып» кете баратын 15-ке жуық елді мекенде түтінін түтетіп, қазақи салт-дәстүрін сол қалпында қаймағын бұзбай ұстап қала алды. Тіпті қазір қазақтың ұмыт болған қаншама ұлттық құндылығы сол жақтан бізге келіп жатыр.

Анадолыдағы «Қазақкент»

Сонымен қатар бір орталыққа қоныстанудың қажеттігін шетелдегі қандастарымыз бізден де жақсы түсінеді. Өйткені қазақ болып қалу – олардың басты мақсаты. Мысалы, 1972 жылы Түркиядағы қазақтар Түрік үкіметіне өтініш жасап, құрылыс салу үшін жер беруді сұрайды. Түркия өтінішті қанағаттандырып, соның нәтижесінде Қазақкент ауданы бой көтерген. Қазір ол аудан Гюнешли (Күн сәулелі) деп аталса да, Еуропадағы қазақтардың рухани «астанасына» айналып отыр.

Калифорниядағы Kazakh Land

Әрине, оқырман қауым «шетелдегі қазақтың басын бір орталыққа шоғырландырудың жолдары қайсы?» деп сұрауы мүмкін. Оған АҚШ-тың Калифорния штатының әйгілі Малибу жағажайындағы Kazakh Land атты этникалық қазақ ауылын мысалға келтіруге болады. Бірақ бұл – біз ойлағандай ауыл емес, демалыс орны. Сол Kazakh Land-та тігілген киiз үйлерге туристер мен демалушылар ағылып жататын көрінеді. Себебі еуропалықтарға қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындары, салт-санасы, ұлттық түсінігі таңсық. Осыны орайлы пайдаланған кәсіпкерлер қиялдарына ерік беріп, осы бір миниатюралық этникалық ауылда Наурыз мерекесi, Бауырсақ күнi деген секілді ұлттық мейрамдарды дүркіретіп өткізеді екен. Сонымен қатар салт атқа міну, құсбегiлердiң бүркiт салу өнерін көрсету, асық ойнап, алтыбақан тебу секілді құндылықтар қонақтардың қызығушылығын оятқан. Бәлкім, өзге елдердегі қандастарымызды бір рухани орталыққа топтастыру үшін осы үлгіні де жаңғыртуға болатын шығар. Бір жағынан шетелдіктерге қазақты танытып, екінші жағынан сол елдегі қазағымыздың жайын күйттейміз… Әрине, қолдау тапса, бұл шаруаны отандық кәсіпкерлеріміз ұршықша иіріп әкетер еді.

Қытайдағы қазақ сайты осы мәселені көтерді

2 миллионға жуық қандасымыз іргедегі Қытайға қарасты Іле мен Тарбағатай сағасындағы қазақы тоғыз аудан мен екі қаланың төңірегінде қытай, дүнген, ұйғыр секілді ұлттармен қойы қоралас өмір сүруде. Мұның сыртында дербес Мори, Баркөл, Ақсай секілді шағын автономиялы қазақ аудандары бар. Сонымен қатар Үрімжі, Шыхызы, Қарамайлы қалаларында Алаш баласы тіршілік етуде. Санжы хұйзу (дүнген) автономиялы облысына қарасты Санжы, Құтыби, Манас, Жемсары, Шонжы, Фукаң, Мишуан, аудандарында да қазақтар жетерлік. Демек, Қытайда үш аймақтың қазақтары қарайтын (Тарбағатай, Іле, Алтай) Іле автономиялы қазақ облысы бар дегенімізбен, мұның сыртында қаншама қазақ Қытай елінің әр мекенінде шашылып жатыр. Осы мәселені көтеріп, өткен жылдары Қытайдағы қазақ жастарының senkazakh.com сайты «Қазақ автономиясының халі» атты мақала жариялады. Мақала авторы Алтай, Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қытайланып бара жатқанын сөз ете келіп, осы өлкелерді Іле аймағына қосып, үлкен қазақ автономиялық ауданын құру қажеттігін айтыпты. Әрине, біздің көзқарасымызбен қарасақ, жақсы идея. Бірақ алып империя саналатын Қытай үшін үй ішінен үй тігу болып саналатынын амалсыз мойындауға тура келеді.

Мүмкін жағы

Тарихтан 1952 жылы коммунист генерал Уаң Жиң Шыңжаңдағы қазақ байлары мен зиялыларын қынадай қырған кезде Қытай компартиясының Батыс-Солтүстік бюросының бірінші хатшысы Си Джунсюн мырзаның Қытай басшысы Мао Цзедунға ұсыныс жасап жүріп, қазақтарды аман алып қалуға септігін тигізгенін білеміз. Сол Си Джунсюн – қазіргі Қытай басшысы Си Цзиньпиньнің әкесі. Демек, әкесінің шарапаты баласының бойынан табыла білсе, дамыған Қытай үшін қазақтарды бір мекенге, бір аумаққа шоғырландыру, сол арқылы ұлттығын сақтауға жәрдем ету аса қиын шаруа емес. Оның үстіне, Қытай билігінің қазақ диаспорасына деген көзқарасы әрқашанда дұрыс.

Род-Айленд штатындағы қазақ ауылы…

Айтпақшы АҚШ-тың Род-Айленд штатында да қазақ ауылы бар. Бұл да бір қазақ екенімізді ұмыттырмау үшін жасалған қадам көрінеді. Бірақ атауы «Қазақ ауылы» болғанымен, бұл штатта ешқандай ауыл жоқ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұстазы Қарлыға Мысаева ханымның айтуынша, Қазақстаннан АҚШ-қа қоныс аударған балетмейстер Жанат Байдаралин 2004 жылы қазақты таныстыру мақсатымен «Қазақ ауылы» атты ұйым құрған. Кейінірек америкалық Сьюзан Саксен атты келіншек «Қазақ ауылының» жұмысын дөңгелетіп әкеткен. Оған себеп Сьюзанның қазақ қызы Сараны асырап алуы екен. Ол қызының қазақ екенін білгенін қалайды. Қазір «Қазақ ауылына» Американың жер-жерінде тұратын қазақ балаларын бауырына басқан ата-аналар мүше. Ата-аналар жылына бір мәрте балаларымен бірге «Қазақ ауылына» (негізі лагерь) келіп, қазақтың ұлттық дүниетанымымен, бітім-болмысымен танысады, яғни әрдайым да олардың санасына қазақ екенін сіңіруге тырысады.

Түйін

Бір мемлекеттің екінші мемлекеттің ішкі саяси жағдайына араласуына құқығы жоқ. Десек те, демократия заңдылықтары аз ұлттар мен диаспоралардың жойылып кетпеуіне, денационализацияға ұшырамауына негізделе жасалғанын ескерсек, мұндай алаңдаушылық білдірудің әбестігі жоқ. Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ даласын жайпап өткен 1932-1933 жылдардағы апатты ашаршылық 6 млн қазақтың 2,2 миллионының өмірін жалмап кетті», – деген болатын. 2,2 млн қазақтың қырылуы (кейбір деректерде бұдан да көп) кімнің өзегін өртемеді десеңізші! Ондай өкінішке қалмау үшін тәуелсіз еліміз шетелдегі 5 млн қазақтан тірідей айырылмаудың жолын қарауы қажет. Ол үшін еліміздегі ресми 8172 ауыл мен 86 қаланың жағдайына алаңдағандай, қазақ ұлтының өкілдері мекендейтін шетелдегі елді мекендердің жайына да бас ауыртқанымыз жөн секілді.

Бірақ… Бірақ, біздің бүгінгі үкімет шеттегі қазақты былай қойып, өз еліміздегі қазаққа жылы қабақ танытпай отырғанын ескеріп, бұл істі жекелеген ұлтшыл қалталы азаматтардың мойнына артылған жүк қылып, идея тастауды ғана жөн санап отырмыз… Біздікі “суға кеткен тал қармайдының” кері де…

Қанат БІРЛІКҰЛЫ

Abai.kz

Related Articles

  • Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Zhalgas Yertay Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған. Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды. Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр? Мәселе санға емес, санаға

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: