|  |  |  | 

Тарих Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

Қазақтардың Моңғолияға қоныс аудару кезеңдері

Шетелдегі қазақтар десе, кейбір адамдардың ол жайлы түсінігі көбінде басқаша келеді. Кезінде ұланбайтақ терриортияны иелеген көшпенділер мұрагері – қазақтардың әр тарапқа не үшін шашырап кеткені жайлы мақалалар тізбегін жариялап келеміз.

Төменде Моңғолияны мекендеген қазақтардың тарихы жайлы зерттеуші Асылбек Байтанұлының материалын ұсынып отырмыз.

 

Қазақ тарихындағы әлі де болса айқындай түсуді қажет ететін мәселенің бірі – Моңғолия қазақтарының аталған мемлекет аумағына қай кезеңде түпкілікті қоныстанғандығы болып табылады. Бұл жөнінде өткен ғасырдың екінші жартысынан қазіргі күнге дейін отандық, шетелдік тарихшылардың еңбектерінде біршама қарастырылып келеді. Моңғолия қазақтарынан шыққан тарихшы ғалымдар Мініс Әбілтайұлы, Сарай Асқанбайұлы, Ислам Қабышұлы, Зардыхан Қинаятұлы, Құрметхан Мұхамәдиұлының, әдебиеттанушы-зерттеуші ғалымдар мен жазушылар Қабидаш Қалиасқарұлы, Сұлтан Тәукейұлы, Шынай Рахметұлы, Сұраған Рахметұлы, Жүкей Шәңгішбайұлы және т.б. өздерінің ғылыми еңбектерінде тұжырымдауы, әдеби шығармаларына арқау етуі нәтижесінде Моңғолия қазақтары тарихы турасындағыОтандық тарихшылар мен көзі қарақты оқырманның бүгінгі күнгі жалпы түсінігі қалыптасқан деуге болады.

Өз кезегінде «жоғарыда аталған және басқа да зерттеушілер мен ізденушілер Моңғолияға қазақтардың қоныс аударуы жөнінде қандай дереккөздерге сүйенді және ол дереккөздер қай кезеңдерден хабар береді?» деген сұрақ туындайды.

Ең әуелі дереккөздер туралы қарастыралық. Ең біріншісі – әңгіме аңыз, жыр аңыз, күй аңыз, ата-тек шежіресі, ерлік жырлары т.б. түрде халықпен бірге жасасып келе жатқан қазақ фольклоры мен кейінгі ғасырларда қалыптасқан жазба әдебиеті. Мұнда айтылатын оқиғалар мен деректерді тұтастай шындық ретінде қабылдамасақ та,ақиқатқа апарар жолдың сорабы ретінде қабылдай отырып, ізденіс жасау, ол үшін әлем және қазақ тарихына қоса қазақ фольклорын, ауызша шежіресіне қоса, орыс моңғол, қытай тілдеріндегі сол кезең жөніндегі материалдармен танысқан, сол тілдерді мүмкіндігінше меңгерген жағдайда ғана шынайы ақиқатқа барынша таяй түсуге мүмкіндік туары анық. Мұндай болмаған жағдайда алдыңғы жаңсақ мағлұматтардықайталаушылық, өзге жұрттың идеологиялық танымына таңылушылық, әсіре жайдақтық, біржақтылық орын алуы сөзсіз. Мұны ерекшелеп отырғанымыз – біздің мақаламызға арқау болған тақырыпты қарастыру барысында да осындай кемшіліктерге жол беріліп, олар бірте-бірте мызғымас тұжырымға айналып адастырушылыққа апаратын жағдайлар бар. Сондықтан да фольклорлық дереккөздердің мүмкіндігін толықтай сарқа пайдаланып, оны Отандық, шетелдік жазба құжаттармен сәйкестендіру қажет деп білеміз.

Екінші дереккөз –Батыс Моңғолияны зерттеу үшін арнайы жіберген ресейлік ғылыми экспедиция жетекшілерінің, елші консулдарымен саудагерлерініңжазба материалдары негізіндегі архив деректері. Г.Н.Потанин, А.М.Позднеев, Г.Е.Грумм-Гржимайло, И.Н.Майский, П.К.Козлов, В.Д.Сапожников, А.В.Бурдуковт.б. жазбаларында Алтайды мекендейтін халықтар, соның ішінде қазақтар туралы ауқымды құнды материалдар қамтылған.

Үшінші дереккөз – Патшалық Ресей мен Шың империясы арасында жасасқан түрлі шекаралық келісімдер, пактілер. Мұнда Моңғолияға қазақтардың қоныс аударғандығы туралы тікелей айтылмаса да, осы үрдіс қалыптасуына себеп, түрткі болатын шешімдерді ескеру маңызды.

Төртінші дереккөз – Ц.Жамсаранов, Д.Гонгор т.б. моңғол ғалымдарының еңбектері мен Моңғолия мұрағаттарындағы қазақтарға қатысты ХІХ ғасырдан бергі түрлі құжаттар.

Ендігі мәселе – аталған дереккөздерде қазақтардың Моңғолия жеріне қоныс аударуықашаннанбасталғандығынайқындау және бұған «Моңғолия мемлекеті», «Батыс Моңғолия», «Ұраңқай жеті қошуны», «Қобда шебі» сияқты саяси-әкімшіліктік құрылымдардың пайда болып қалыптасуы мен өмір сүруініңбіршама қатыстылығы.

Моңғолия мемлекеті. 1206 жылы Шыңғыс хан құрған Моңғол империясы бірте-бірте ыдырап, шүршіттік Шың империясы Ішкі Моңғолияны 1636 жылы, Сыртқы Моңғолияны (қазіргі Моңғолия) 1692 жылы иеленсе, Батыс Моңғолиядағы Жоңғар (моңғолша – зүүнгар – сол қанат) хандығын 1758 жылы толық күйретіп бодандыққа ұшыратты. 1911 жылы ғана тәуелсіз Моңғолия мемлекеті қайта жарияланды.

Батыс Моңғолия. Батыс Моңғолия деген тарихи географиялық аумақтың өзі негізінен Жоңғар хандығының байырғы иелігін қамтиды. Оған қазіргі Моңғолияның батыс үш аймағы мен ШҰАР-дыңАлтай аймағы кіреді. Қазақтардың шығысқа қарай жылжуының басты себебі де бір замандарда ата-бабаларын батысқа ығыстырған ойрат тайпаларының қазіргі әлсіздігін пайдаланып, шұрайлы жайылымдарға ие болу еді. Бұл миссияны толығымен орындаған қазақтар енді Алтайдың теріскей бетін игеруді ХІХ ғасырдың 60-жылдары бастады. Мұның да өзіндік тарихи, саяси, әлеуметтік, табиғи себептері болды. Шың империясы үшін көшпенді халықтардың өзіне қарасты аумақтың қай жеріне көшкені емес, салықты қалай төлеп тұрғандығы маңызды болса керек.

Ұраңқай жеті қошуны.Қошуын – Шың билігі тұсындағы әкімшілік бөлінісі болатын. Батыс Моңғолияны ежелден мекендеген ұраңқай тайпасының жеті руы Алтай тауының теріскейі мен күңгейін, яғни қазіргі Моңғолияның Қобда, Баян-Өлгий аймағы мен ШҰАР-дың Алтай аймағын мекендеді.

Қобда шебі. Шың империясының Батыс Моңғолияны басқару үшін құрған саяси-әкімшілікпровинциясы. Бұған жоғарыда аталған Ұраңқай жеті, дөрбеттің 16, захчинның 3, торғауыттың 3, баят, өлет, мыңғыт т.б. қошуындарымен бірге қазақ қошуындары да қарады[1, 68-б].

Қазақтардың Моңғолияға қоныс аударуы деген ұғымның өзі 1911 жылға дейін дербес мемлекеттің шекарасынан өткендігін емес, Шың империясының бір өлкесінен келесі өлкесіне орын ауыстыру дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда жеті қошуын ұраңқаймен қазақтардыңараласа қоныстануыХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталады. ХХ ғасырда жазылған кейбір әдеби шығармалардағыдай,қазақтардың Қобда бетке өткен соң ғана «моңғол руларымен достаса бастауы» солтүстікке қарай қанат жаюы тұрғысында болмаса, басқа жағдайда шындыққа жанаспайды.

Қазақтардың қазіргі Моңғолия жеріне жаппай қоныстануы жөніндегі тарихи мәліметтің ең бастылары Г.Н.Потаниннің 1876-жылы: «Олар (керейлер) біздің Қобдаға келуімізден 6-7 жыл бұрын Алтай жотасының күңгей бетінде еді, бұрын біз сонда кездестірген Көбеш ауылы қазір осында (Қобда бетіне) көшіп келген екен»[2,-32-б.] деген дерегі мен 1924 жылы шақырылған Моңғолияның мемлекеттік бірінші Ұлы Құрылтайына қатысқан Дәуітбай Тауданбекұлының сөйлеген сөзі: «Біздің қазақтар мұңғұл жеріне аяқ басқалы міне, 60 жыл. Ал мұңғұлдың қарамағына енгелі 14 жыл болды»[1,95-б.]. Демек қазақтар бұл өлкеге 1864-1870 жылдары жаппай қоныстанған. Бұдан өзге Мәсәли Салданбайұлы, Мыса Рахымбайұлы және т.б. шежіреші қарттардан ауызша, жазбаша жеткен деректер де осы межеге саяды. Өзіне қарасты елді бастап алғаш Жылқышы Ақтайұлы бастаған шеруші, Көбеш Айтбайұлы бастаған жәнтекей рулары қоныс аударған еді және біз мақаламыздың басында атап өткен бірінші дереккөз бойынша бұл меже әлдеқайда ерте кезеңдерге жетелейтінін көреміз және осы тұрғыда қазақтардың Моңғолияға қоныс аударуын еріксіз (зорлықпен) қоныс аудару, жеке мақсатпен қоныс аудару, саналы түрде жаппай қоныс аудару деп үш түрлі аспектіде қарастырған жөн деп білеміз.

Бірінші топқа – 1830 жылы дөрбеттің Сайн ноянының шапқыншылығына ұшырап Алтайдың күңгей бетінен қазіргі Увс аймағының Тариалан сұмыны жеріне, хотондар арасына әкелінген қазақтар жатады. Бұлардың саны 200 шамалы ғана болғандықтан, ұлттық бет-бейнесі сақталмай, хотындарға сіңіп кетсе керек. Еріксіз қоныс аударушылар қатарына 1916-1963 жылдар арасында Қазақстан, Ресей, Қытайдағы түрлі зұлматтар мен саяси науқандардан бас сауғалап келген қазақтарды да жатқызуға болады. Бұлардың сан-мөлшері тым көп емес.

Екінші топқа – 1864 жылдан көп бұрын-ақ Қобда бетіне тұрмыс тауқыметімен жеке басы, бірлі-екілі отбасымен қоныс аударып, өлет, торғауыт байларына жалданыпегін салып, мал бағып күн көрген қазақтар жатады. Мұндай қазақтар тым көп емес және олар жайында ауызекі аңыз әңгімеде айтылып келгенімен, ресми деректер арқылы дәйектелмеген. Ежелден Қобда қаласы маңына келіп орналасып бау-бақша өсірумен, сауда-саттықпен шұғылданған қазақтанған сарттарды (жергілікті халық тілінде – чантуу) да осы топқа жатқызуымызға болады.

Үшінші топқа – ұраңқай-қазақ рубасылары арасындағы келісім арқылы тұтастай ауыл-аймақ, руымен келіп қоныстанған қазақтар. Бұл көшті бастаушылар арасында жоғарыдағы екі тұлғамен қатар Әбілмәмбет ханның немересі Қожамжар төре Сәменұлының есімі ерекше аталады.

Біздіңше, 1840 жылдардың өзінде Алтайдың Қобда бетіне қазақтарқыстай бастаған. Бұған дейін де көп жылдар бойы күңгей беттің қазақтары Қобда бетте мал отарлатып, жайлап жүрсе керек. «Сақсай сұмынының Дайын өлкесінде Бошекең (Бозтай) сайы, Ағай (Ақтай) сайы, Кәріатаң жайлауы (Ырысбай)… бар»[3,17-б.]. Мұндағы Ақтай, Бозтай, Ырысбайлар шеруші руының батыры Көбегеннің балалары, тарихи тұлғалар.«Би, батыр, балуан Ақтай Көбегенұлы 1793 жылы Алтайдың Көксу деген жерінде туған. 1856-жылы Буыршын ауданының Шұңқыр деген жерінде 63 жасында қайтыс болған»[4, 262-б.]. Сонымен қатар Ақтай Көбегенұлы мен жәнтекей байы Шәку Есілбайұлының Ойғыр басына дейін (Ресей-Моңғолия шекарасы) жер жағдайын шалғаны аңыз болып айтылады.

Ал 1867 жылы қоян жылы Қобдадағы жергілікті әкімшілікпен келісім жасауға Жылқышы, Көбеш, Қожамжарлардың баруын – біржолата қоныстану үшін жасалған шешуші қадам деп бағалаймыз.

Өзге де бірнеше дереккөздерге саятын болсақ, 2014 жылы қазақтардың Қобда бетінежаппай қоныс аударғанына 150 жыл толды. Ал Қобдадағы ресми билікке жоғарыдағы үш тұлғаның баруынан есептегенде 2017 жылы осы межеге толады. Қылаң Қанжығалыұлы бастаған ел ағаларының Да-күреге (қазіргі Ұланбатыр) барып өздеріне қарасты жердіБоғда ханға ресми түрде бекіттіріп Моңғолия азаматтығына өткеніне биыл 102 жыл толып отыр, 2017 жылы 105 жыл болады.Бұл – бұдан ары қарай қалай айтса да қазақтардың осы өлкенің автохтонды тұрғыны ретінде мойындалатынын білдіретін сан. Түркінің түп бесігі, ежелгі Найман хандығының күл төккен жері Алтайдың теріскейіне ойрат тайпаларымен, шүршіт-қытаймен бірде малын бере бітісіп, бірде жанын бере шекісе жүріп орнықан бүгінгі Қобда беті мен Шүй қазақтарының әрекетін атажұрттан жарыла көше жырақтау емес, қала берді қазақтың, асса күллі түркінің ұпайын түгендеген рухани ерліктің сипаты ретінде қарастыру дұрыс болмақ. Себебі, қазіргі Моңғолия БАҚ-тарында қазақтарды ХХ ғасырда қаңғырып келген босқындар ретінде көрсетуге тырысу байқалумен қатар, қайсыбір Отандық ақпарат көздерінде патша немесе кеңес үкіметінен зорлық көргендіктен ауып кеткен қашқындар ретінде жалпылама сипаттайтындығы қылаң беріп жатады. Қылаң берген емес-ау, қарапайым қазақ не моңғол солай түсінеді де. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» дейтін Н.Ә.Назарбаевтың сөзі бар. Ендеше, біртұтас қазақ тарихының заңды бөлшегі Моңғолия қазақтары тарихында да өз ұлтының ар-намысына дақ түсіретіндей ешбір оқиғаның болмағандығы және бұдан былай да болмайтыны ақиқат. Өйткені ұлт руханиятының үштағаны – тілі мен салт-дәстүрін, дінін сақтап, сыйлаған халықтың тарихи жадысы қалғымақ емес.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қинаятұлы З. Жылаған жылдар шежіресі. – Алматы: «Мерей», 1995. – 298 бет.

2. Қабышұлы И. Монголия қазақтарының тарихы. – Өлгий: «Баспа өндірісі», 1980. -242 бет

3. Шәңгішбайұлы Ж. ХХ ғасырдағы Моңғолия қазақтары. – Улаанбатар. «Сорхон Цагаан», 2008. – 320 бет

4. Бақат руының шежіресі (жинақ). – Үрімжі: «Ұлттар баспасы», 2014. – 403 бет

5. Сұлтанов Қ. Толғақты ой, толымды тұжырым. // «Егемен Қазақстан» 2003 жылғы 25 ақпан.

baq.kz

Related Articles

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Бүгін Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Панфилов көшесі бойындағы сахнада Наурыз мерекесіне арналған «Ән қанатындағы Наурыз» атты жас орындаушылардың дәстүрлі ән кеші жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Соңғы уақыттары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген жас өнерпаздардың арнайы ән кеші өтпеп еді.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: